Көптілеуова Д. Т., Амантай Ж. Б

Loading...


жүктеу 181.4 Kb.
Дата25.02.2017
өлшемі181.4 Kb.
УДК 81-13


Көптілеуова Д.Т., Амантай Ж.Б.
«ОТБАСЫ» КОНЦЕПТІСІ ЛИНГВОМӘДЕНИЕТТАНУ МЕН КОГНИТИВТІК ЛИНГВИСТИКАНЫҢ БІРЛІГІ РЕТІНДЕ
«Отбасы» феномені көпаспектілігі мен көпмағыналығымен сипатталады, бұл жайт оны зерттейтін ғылыми пәндердің диапазонының кеңдігімен-ақ дәлелденеді: әлеуметтану, әлеуметтік психология, психология, әлеуметтік антропология, лингвистика – сөзсіз бұл тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады.

«Отбасы» құбылысы гуманитарлық ғылымдардың объектісі бола тұрып, бинарлы феномен болып табылады, ол оны қарастырудың екі тәсілінің барлығынан көруге болады. Кең мағынада түсінетін болсақ, отбасы – күрделі ішкі құрылымы бар әлеуметтік институт болып келетін макроорганизм ретінде зерттеледі. Кең емес мағанада түсінетін болсақ, отбасы – туыстық, некелік немесе ата-аналық қарым-қатынастардың негізінде құрылатын кіші топ ретінде зерттеледі. Екі жағдайда да отбасының өзіндік өзгеше атқарымдары бар. Солай бола тұра микроаспектілер мен макроаспектілердің бір-біріне деген әсерін атап өтсек болады. Отбасы қоғамның құрылуындағы ең бірінші әлеуметтік институт болып табылады.

Әртүлі аталатын социумдарда қалыптасқан отбасы үлгісінің өзгеше идиоэтникалық (гректің идио – «өзіндік», «ерекше» және этнос – «тайпа», «халық» сөздерінің бірігуінен жасалған, «ұлттық ерекшелік» дегенді айқындайды) сипаттамалары барын атап өткен жөн, біржағынан тарихы және экономикалық өзгерістер әсеріне тускіш (В.И. Добреньков, А.И. Кравченко), бір шетінен жанама болса да өзі мемлекет саясатына ықпал ете алады (Е. Todd) [1, 10 ].

Жоғарыда айтылып кеткендей отбасын зерттейтін ғылымдардың кеңдігіне қарай отбасының кешегісі мен бүгінгісі туралы жан-жақты әр түрлі аспекттен зерттеліп жазылған еңбектер орасан зор.

«Қазақ отбасы» дегенде ең алдымен ойымызға тарихшы ғалым Арғынбаев Х. тарихи этнографиялық бағыттағы 1973, 1996 жылдары заман талабына қарай екі мәрте бысылып шыққан «Қазақ халқындағы семья мен неке», «Қазақ отбасы: қазақ отбасының кешегісі мен бүгінгісі жайында» атты еңбектері келеді. Бұл еңбектерден жалпы қазақ отбасының даму тарихы мен отбасылық өмір циклдеріне байланысты салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың ескіргені мен әлікүнге дейінгі өзекті түрлерімен танысуға болады. Сонымен қатар автордың басқа да авторлармен қосылып 2000 жылы шығарған «Қазақ шежіресі хақында» атты еңбегі де бар.

Қазақ халқының мәдениеті мен этнографиясы жөніндегі тағы бір маңызды еңбек ретінде Кенжеахметұлы С. 2000 жылғы «Жеті қазына» атты кітабын атасақ болады. Бұл еңбекте қазақ халқының тәрбиелік дәстүрлері, ырымдары мен тыйым сөздері, ұлағатты ұлттық ұғымдар және т.б. туралы мәліметтер бар. Тура осы тақырыптар жайында жазылған 1994 жылғы «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты кітаптың да алар орны ерекше.

Қазақ халқының некелесу дәстүрлері, той тойлау дәстүрлері және т.б. туралы «Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер» (А.1991), «Қазақы неке» (А.1994) атты еңбектер де бар.

Қазақ отбасы жөнінде лингвистикалық зерттеулер қатарындағы Ісләмжанұлы К. «Қазақтың отбасы фольклоры» (А.2007) атты монографиясында қазақтың отбасылық ғұрып фольклоры ауқымды да терең түрде зерттеліп жазылған.

Отбасы жайлы 2007-2010 жылдар аралығында қорғалған бізге жолыққан диссертациялық жұмыстар мынандай тақырыптарда болды: Төлеубаева К. М. «Қазақ және Орталық Азия халықтарының отбасы, отбасылық әдет-ғұрып, салт-саналары (салыстырмалы-этнографиялық зерттеу)»; Айтмұқашева А. А. «Ғұрыптық фольклор лексикасы: идиоэтникалық семантика»; Байғұтова А. М. «"Қазақ әйелі" концептісінің этномәдени сипаты»; Диуанова Р.К. «Қазақ тіліндегі туыстық атаулардың мағыналық құрылымы мен лексикографиялану ерекшеліктері».

Қазіргі лингвистикада концептуалды зерттеулер негізгі екі бағыттың – когнитивтік лингвистика мен лингвомәдениеттанудың шеңберінде белсенді түрде жүргізілуде. Көптеген концептуалды зерттеулер нәтижесі мен анықтамаларын саралап, когнитивтік лингвистика да лингвомәдениеттану да тіл білімінің антропоцентристік бағытқа сүйенген салалар екендігін түсінеміз.

Антропоцентристік парадигма – зерттеуші қызығушылығының таным объектісінен субъектіге ауысуын, яғни тілдегі адам мен адамды тілде талдап жіктейеді [2, 6]. Яғни қазіргі лингвистикада когнитивтік лингвистика мен лингвомәдениеттану антропоцентристік парадигма бағытында жұмыс істеуде.

Лингвистикалық тарихнамада формалды түрде когнитивтік лингвистиканың дара лингвистикалық бағыт ретінде пайда болуын, 1989 жылы Дуйсбургтегі (ГФР) ғылыми конференцияда когнитивтік лингвистиканың ассоциациясының құрылатыны жарияланған кезді атайды. Когнитивтік лингвистиканың қалыптасуына Дж.Лакофф, Рональд Лангакер, Рэй Джакендофф, В.Гумбольдт, Э.Кассирер, Л.Витгенштейн, Дж. Миллер, Ф.де Соссюр, Бодуэн де Куртенэ, Э.Сепир, Б.Уорфтың және т.б. ғалымдардың еңбектерінің ықпалы күшті болды. Когнитивтік лингвистиканың мәселелерінің дамуы мен осы авторлардың еңбектері егжей-тегжейлі толық түрде Е.С. Кубрякованың (Кубрякова, 1994, 1997, 1999, 2004) еңбектерінде сипатталған. Е.С. Кубрякованың еңбектері орнықты болып, ресейдегі когнитивтік лингвистиканың негізі болып қаланды [3, 10]. Орыс тіл білімінде когнитология мәселелерімен Л.Вайсгербер, Ю.Степанов, В.Телия, Е.Кубрякова, Ю.Апресян, Ю.Караулов, Д.Лихачев, В.Демьянков, М.Минский, Н.Жинкин, И.Гальперин, В.Маслова т.б. ғалымдар шұғылданған.

Қазақ тіл біліміне келетін болсақ когнитивтік лингвистика бағытындағы ізденістерді А.Байтұрсынов, Ж.Манкеева, Б.Қасым, А.Ислам, Э.Оразалиева, С.Жапақов, Г.Зайсанбаева, Н.Аитова, Ж.Саткенова, Ж.Жанпейсова, Ж.Исаева, С.Жиренов, Ш.Мажитаева, С.Кенжеғалиев, Ә.Шадыкенов т.б. еңбектерінен көруге болады.

Когнитивтік лингвистика тілдік бейнедегі когнициямен айналысады, ол ең әуелі когнициямен (ағылшын тілінен cognition – білім, таным, танымдық үрдіс) айналысатын когнитивтік ғылымнан бөлінген. Е.С.Кубрякованың анықтамалығында когнитивтік (лат. когнито білім, түсінік) лингвистика деп: «Лингвистическое направление, в центре внимания которого находится язык как общий когнитивный механизм, как когнитивный инструмент – система знаков, играющих роль в репрезентации (кодировании) трансформировании информации» [4, 53] деп көрсетеді. Бұл когнитивтік лингвистика табиғи тілдің игерілу, қолданылу механизмін түсіндіруді және ақпараттық білім алудың негізі болып табылатын тілдік модельді жасауды мақсат етеді деген сөз.

В.Гумбольдттің айтуы бойынша, тіл – адам баласының болмысы мен танымының барлық саласына араласа алатын адамзат рухының ең басты әрекеті болып келеді. Тілді зерттеушілер когнитивтік лингвистика арқылы танымның шарттары мен құралы ретіндегі тілдің рөлін айқындауға мүмкіндік ала алады. Когнитивтік лингвистика қазіргі антропоцентристік талдаулар деңгейінде қалыптасқан когнитивизм негізінде пайда болып, тілдік зерттеулердің көкжиегін кеңейте түседі. Когнитивизм, когниция ұғымы тек адам рухына (сана, ақыл, ой, түсінік, білім, шығармашылық, ойлау, логикалық түйін, мәселені шешу, қиялдау, армандау т.б.) қатысты жайттарды ғана емес, сонымен бірге қабылдау, еске сақтау, зейін, танып білу сияқты үдерістерді де қамтиды. Когнитивтік лигвистикада тіл тек ақпарат берумен ғана шектеліп қоймайды, бейнелі образдар арқылы әлемнің тілдік бейнесін сипаттауда айрықша қызмет атқарып отырады.

Когницияның тілде нақты қалай көрінетіні туралы проф. Б.Қасым былай дейді: «Когнитивистика шеңберінде ескі мәселелер жаңа бағытта қайта өңделіп, қарастырыла бастайды. Мәселен, реалийлердің (заттардың, құбылыстардың, оқиғалардың) табиғаты санада түрліше көрініс табуына себепші болады: біреулері – көрнекі нақты образдар арқылы берілсе, келесілері – қарапайым ұғымдармен, үшіншілері – символдар кейпінде келеді». Әлем жайында белгілі бір түсініктердің қалыптасуы психикалық бейнелеудің үш деңгейі өзара қарым-қатынас жасауы нәтижесінде пайда болады. Олар: сезімдік қабылдау (ұғыну) деңгейі, түсініктердің (қарапайым қорытындылар, абстракциялар) қалыптасу деңгейі, сөйлеу-ойлау процестерінің деңгейі. Осы айтылғандар ақпараттар жиынтығы концептілер жүйесінің мәнін айқындайды [5, 6].

Когнитивтік лингвистиканың негізінде тілді – адам дүниетанымының кілті, адам санасында ғалам туралы түсінікті құраушы, таным модельдері арқылы ашылатын білімнің коды, шындық пен шындықты игеруші сана арасындағы дәнекер, сондай-ақ сана қызметінің нәтижесі деп қарайтын когнитивтік көзқарас жатыр.

Когнитивтік лингвистика тіл мен сол тілдің иесі адам санасын тұтастықта қарастырып, тілдік білімді адам миының жемісі, күрделі ассоциативті-вербальды құрылым, болмысты рух пен ой бірлестігінде танытушы жүйе ретінде кешенді сипаттауға негізделген. Когнитивтік үрдістің негізгі айырықша белгісі тілді жаңаша зерттеуде жаңа тәсілдер еңгізуде ғана емес, таза танымдық бағыттың жаңалығында, тілді танымдық тұрғысы жағынан қарауында деп айтсақ та болдады.

Когнитивтік лингвистиканың негізгі мәселелерінің бірі – когнитивтік мағына. Тілдік бірліктердің мағынасы адамның ойлау жүйесімен қатарласа зерттеледі. Бұл бағытта баса назар аударатын негізгі ұғымдары: «әлем бейнесі», «әлемнің тілдік бейнесі», «әлем моделі» немесе «когнитивтік модель» болып табылады. Когнитивтік мағына тіл арқылы құрылып берілетін танымдық ақпарат ретінде қарастырылады. Когнитивтік семантика – сол тіл арқылы құрылып берілетін адам санасындағы концептуалды білімді таным моделі арқылы зерттейтін ғылым.

Лингвомәдениеттану – лингвистика мен мәдениеттану түйісуінен пайда болған тілде бейнеленген және бекіген халық мәдениетінің көріністерін зерттейтін ғылым [2, 28]. Лингвомәдениеттану ұлттық сипаты бар деп ұғынылатын әлеуметтік, танымдық, этикалық, эстетикалық, саяси, адамгершілік, рухани, тұрмыстық қағидалар мен заңдылықтарды тілдік құралдар арқылы жеткізеді. Лингвомәдениеттану өз алдына ұлттық болмыстың тілдегі көрінісін, тіл фактілері мен халықтың танымдық, этика-эстетикалық категориялары арқылы рухани мәдениетін танып, олардың қызыметі мен орнын анықтауды мақсат етеді [6, 19].

Лингвомәдениеттану, бірқатар іргелес ғылымдардың (лингвоелтану, этнолингвистика, мәдени антропология, мәдениетаралық коммуникация, әлуеметтік лингвистика, психолингвистика, прагмалингвистика, мәдениеттану, этнография, когнитивтік лингвистика, философия, ареальді лингвистика және т.б.) «қиылысуынан» пайда болып және олармен өзара тығыз әрекеттесе отырып, олармен салыстырғанда оның өзіндік өзгешелігі бар және «тіл мен мәдениет» мәселесіне қатысты өзіндік ерекше «ықпалдастық» зерттеу аспектісіне ие.

Когнитивтік лингвистика – тіл мен ойлау үдерісінің арақатынасын зерттейді, яғни адамның танымдық қызметінің нәтижелері мен үдерістері тіл мен сөйлеуде қалай көрінетінін, әмбебаптық ойлау категориялары тілдің идиоэтникалық категорияларымен қалай арақатыстықта болатыны: ұғымның әртүрлі түрлері, концепт (схема, сурет, фрейм, сценарий түрінде) деп аталатын, және жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы; ой-пікірлер мен ұсынымдар [4, 52].

Когнитивтік лингвистика тілді ой кеңістігі мен «рух үйі» (Хайдеггер М.) ретінде қарастырады, яғни тіл адамның күрделі когнитивтік қызметінің нәтижесі деп қарастырады. Сәйкесінше, тіл, біріншіден – халық қызметінің нәтижесі; екіншіден – шығармашыл тұлғаның қызметінің нәтижесі және тілді тұрақтандырушылардың (ережелер мен қағидларды шығаратын мемлекет, институттардың) қызметінің нәтижесі.

Лингвомәдениеттану мен когнитивтік лингвистиканың методологияларының ұқсастығын атап өткен жөн. Лингвомәдениеттануда материалдарды экспериментті-когнитивтік лингвистиканың әдістермен зерттеуге мүмкіндік бар, және де материалдың маңызды көзі болып тілді тасымалдаушы (информант) болып табылады. Беріліп отырған әдістер талдау амалдары мен әртүрлі танымдық принциптердің ерекше тоқайласуымен өзара толықтырушы болып келіп, лингвомәдениеттану ғылымына өзінің күрделі нысаны – тіл мен мәдениеттің өзара әрекеттестігін зерттеуге мүмкіндік береді.

Лингвомәдениеттану үшін де, және когнитивтік лингвистика үшін де концептуальді зерттеулер тән. Когнитивтік лингвистиканың зерттеу пәні – когнитивтік концепт те, лингвомәдениеттанудың зерттеу пәні – лингвомәдени немесе мәдени концепт.

Концепт ұғымы тіл біліміне философиядан келген, латынша концептус (ұғым) сөзінің калькасы болып табылады. Бірақ «концепт», «ұғым» терминдерінің негізі бір болғанмен, мәні, маңызы бірдей емес. Ұғым – объектінің танылған маңызды белгілерінің жиынтық бейнесі болса, концепт – этностық ерекшеліктермен байланысты менталдық құрылым, ол мазмұны жағынан белгілі объект жайындағы білімнің жиынтығы, ал көрінімі (білдірілуі) жағынан барлық тілдік құралдардың (лексикалық, фразеологиялық, паремиологиялық т.б.) жиынтығы [5, 7].

Когнитивтік лингвистика мен лингвомәдениеттану ғылымдарының негізгі зерттеу категориясы концепт болып келетініне қарамастан, оны ұғыну мен түсіну тәсілдері ерекшеленеді.

Лингвокогнитология айқындамасы бойынша концепт бұл «біршама реттелген ішкі құрылымы бар, дискреттік ментальді құрылым, қоғам мен тұлғаның танымдық (когнитивтік) қызметінің нәтижесін көрсететін және бейнеленетін зат пен құбылыс жөніндегі коплексттік ақпаратты тасушы, сол берілген ақпараттың қоғамдық зердеден өтуі мен қоғамдық зерденің сол құбылыс пен затқа деген қатынасы» [6, 34].

Лингвомәдениеттанудағы концепт ұғынысы – концепт мәдениеттің базалық бірлігі концентраты болып келеді. Концепт тілді, сана мен мәдениетті комплексті зерттеуге бағытталған шартты ментальді бірлігі. Лингвомәдени концепт басқа ментальді бірліктерден құнды элементті акценттеумен ерекшеленеді, яғни, егер де белгілі бір феномен жөнінде мәдениетті тасымалдаушылар «мынау жақсы (жаман, қызық, жалықтыратын және т.б.)» деп айта алатын болса, олай болса бұл феномен сол мәдениетте концептті қалыптастырады. Лингвомәдени концепт индивидуалдық немесе ұжымдық санада болатын, жоғарыда айтылып кеткен бағалық элементтен басқа ұғымдық (концепттің тілдік фиксациясы, оның белгісі, сипаты, дефинициясы) және бейнелік (біздің есімізде бейнеленген заттардың, құбылыстардың, оқиғалардың сипаттамаларын, көру, есту, түйсіну, иіс сезу арқылы қабылдау) элементтермен сипатталатын үшкомпонентті құрылым [7, 13].

Алайда, Воркачев С.Г. анықтама бергендей «концепт» термині біршама ғылыми пәндерді қамтитын болғандықтан «қолшатырлы» деп есептеуге болады, ол ғылымдарға когнитивтік лингвистика да лингвомәдениеттану да кіреді [8, 6]. Концепт категориясы пәнаралық статустқа ие болғандықтан болар оны түсіну біраз қиындықтарды тудырады, сондықтан беріліп отырған зерттеу жұмысына тікелей қатыстылығына қарай бар тәсілдерді айырып және анықтамаларды іріктеу керек. Баян етуді қиындататын тағы бір жайт – концепт ол тікелей бақылау мен тікелей зерттеуге берілмейтін ментальді құрылым.

Лингвомәдениеттану мен когнигтологияның негізгі ұғымдарының – тіл, сана мен мәдениет – арасындағы өзара байланысты Карасик В.И. концепт түсіндірмесін орнатады. Ол жерде концепт тілдік формада заттандырылған, ұжымдық санада көпөлшемді мәдени маңыздалған әлеуметтік-психикалық құрылым ретінде қарастырылады [7, 30].

Когнитивтік және лингвомәдени концепттің бір-бірімен қиылысуы жөнінде Гаврилова Н.В. өз еңбегінде былай деген: тілдік құралдар арқылы вербалдануы, ментальді құрылым болуы сияқты лингвомәдени концепттің бірнеше белгілері когнитивтік концептпен қиылысады, сол сепептен когнитивтік лингвистиканың біраз деректері лингвомәдени зерттеулерде де қолданыла алады. Концепттің тілге шығысы барлығын және әртүрлі тілдік құралдардың – лексемалар, фразиологизмдер, сөйлемдер – көмегімен зерттеле алатындығы туралы лингвомәдениеттанушылардың да когнитологтардың да пікірлері бір. Лингвомәдениеттануда концепттің бұл қасиеті «полиапеллируемость» деген атқа ие болған [9, 63-64].

Концепттің «полиапеллируемость» қасиеті туралы біз Слышкин Г.Г. еңбегінен таптық: «Концепттілер, яғни стимул  реакция (SR) схемасы бойынша, өзінің тасымалдаушыларының санасында ассоциация арқылы жандандырылады. Коммуникация кезіндегі жандандырылатын концепт пен стимул арасындағы байланысты орналастырушы факторлары болып коммуниканттардың жеке тәжірбиесі, олардың мәдени тиістілігі (яғни, ұжымдық тәжірбие), ситуациялық мәнмәтін тілдесуі бола алады. Лингвомәдени концепт негізінде белгілі бір тілдік бірліктің мағынасына ғана келіп тірелмейді. Кез-келген лингвомәдени концептке («концептке кірістер») көптеген тілдік апелляция жасау жолдары бар» [10, 35-36].

Түсіндірмелердің көптігіне қарамастан, оларды тереңірек қарастыратын болсақ, когнитологтар да лингвомәдениеттанушылар ды концепттің ментальді құрылым екендігін, оның көптекшелі құрылым екендігін және тілдің құралдары арқылы нысандану мүмкіндігін мойындайды. Ал екі ғылымның көзқарастарының ерекшеленетін жерлері ол зерттеу міндеттерімен, концепттілерді талдау қағидаттары мен концепттің қандай бөлігінің қарастырылатындығымен айқындалады. Зерттеу нәтижесінде алынған мәліметтерді мәдени және когнитивтік лингвистика әрқайсысы өзінше түсіндіргенмен, ортақ әдістер мен талдау тәсілдерін қолданады. Когнитивтік тұрғыдан зерттеу тілдік бірліктерді саралау сананың когнитивтік құрылымдарында маңызды белгілерді табуға бағытталған, ал лингвомәдени тұрғыдан зерттеу әлеуметтің құндылықты қалауларының иерархиясын табуға бағытталған.

Лингвомәдени тұрғыдан зерттеу принциптерін негізге ала отырып, концепттермині лингвомәдениеттанудың шартты, көпқұрылымды, полиапелляцияланатын, вербалданатын, дискурста қызмет атқаратын және мәдени ортаға сіңген тілдегі ментальді құрылым деп түсіндіріледі. Лингвомәдени концепт құрылымы үш құрылымдарды – ұғымдық, бейнелік, құндылықтық – сипаттау арқылы көрсетуге болады [11, 63].

Әлемнің тілдік бейнесі біртекті құрылым емес, ол әртүрлі мәндік сипаттамасы бар концептілерден құрылады. Бұл бір концептті бірнеше тұрпаттама шеңберінде қарастыруға мүмкіндік береді және концепттің әртүрлі типтерінің барлығын детерминдейді. Зерттеліп отырған «отбасы» концепттісін әртүрлі классификациялар шеңберінде қарастыру мүмкіндігін анықтау үшін концепттің кейбір типтеріне талдау жасап көрейік, сонымен қатар отбасы концептісі қандай концепт екендігін анықтауға тырысамыз.

Лингвомәдени концепттілер әр алуан негіздерге сүйене отырып жіктеледі. Тақырыптама тұрғысынан концепттілер эмоционалдық, мәтіндік, біліми және т.б. болады; тасымалдаушылар тұрғысынан концепттілер жеке, микротоптық, макротоптық, ұлттық, өркениетті, жалпы адамдық [11, 80]; белгілі бір дискурста қызмет атқару тұрғысынан жіктелетін концепттілер, анығырақ айтқанда институционалдық типтегі дискурстар: саяси, іскерлік, бұқаралық-ақпараттық, жарнамалық, ғылыми, педагогикалық, діни, спорттық, медициналық бар [7, 189]. Институционалдық типтегі дискурста қызмет атқаратын және пайда болатын концепттілер қолданыс саласындағы белгілеріне қарай кәсіби және күнделікті пайдаланатын деп бөлінеді. Ал, егер де дискурстағы қолданысы кәсіби де күнделікті болатын болса, оларды метакәсиби деп атайды [9, 64].

Сонымен біздің «отбасы» концептісін осы классификацияларға салып қарастырып көрейік. Біріншіден, тақырыптамалық тұрғысынан отбасы концептісі эмоционалдық десек болады, ол махаббат, бақыт, бақытсыздық деген сияқты басқа да эмоциональдық концептілерді тудырады. Отбасылық әдебиет дегеніміз мәтіндік концепт болып табылады. Студент концептісін білуге көмектесетін біліми концепт деп те айта аламыз. Екіншіден, тасымалдаушылар тұрғысынан отбасы концептісі микротоптық, жалпы адамдық десек болады. Үшіншіден, әлеуметтік лингвистикалық типтегі дискурстардың (саяси, іскерлік, бұқаралық-ақпараттық, жарнамалық, ғылыми, педагогикалық, діни, спорттық, медициналық) барлығында дерлік қызмет атқарады. Қолданыс саласындағы белгілеріне қарай метакәсиби болып келеді.

Адамдық санасындағы ұғымдық аппараттың арқаулы элементі бола тұрып, концепт күрделі әмбебаптық құбылыс болып табылады. Бір-бірімен өте тығыз байланысқан, ұғымдық аялары өзара қиылысып, бірін-бірі анықтап және толықтырып отыратын концепттілердің бар болуы ешқандай күмән тудырмайды. Туыстық компоненттер мен тығыз ассоциативтік және дифференциалдық арақатынастарының себептерінен, осындай күрделі құбылыстарды гиперконцепттер деп атаған жөн. Осы тәріздес құбылыстар зерттеушінің қызығушылығын тудырады, себебі ұғымдық аппараттың терең әмбебаптығын ашуға мол келешек береді.

Адамдық сананы зерттейтін сала есебінде туыстық компоненттер тобының бірі болып отбасы / үй көрсетіледі. Отбасы / үй концепттері адам мәдениеті мен санасында ең маңызды да өмірлік концепттер қатарына жатады. Бұл концепттілердің жақындықтарында күмән жоқ, ал оларды репрезенттейтін лексемаларының ұқсастығы мен синонимдігі, сөздіктерде, ауызекі тілде, көркем мәтіндерде жазылған [12, 51].

«Отбасы» феномені көпаспектілігі және көпмағыналығымен сипатталатындығын, оның бинарлы феномен екендігін, ал оны қарастырудың екі тәсілі (күрделі ішкі құрылымы бар әлеуметтік институт болып келетін макроорганизм ретінде; туыстық, некелік немесе ата-аналық қарым-қатынастардың негізінде құрылатын кіші топ ретінде) барлығы аталды.

Лингвомәдени және когнитивтік зерттеулердің ұштасу нәтижесіндегі «отбасы» концептісін ашудағы рөлі қарастырылып, тіл мен мәдениеттің өзара байланысы лингвомәдениеттану атты жаңа ғылымның қалыптасуына, ал тіл мен ойлау үдерісінің өзара байланысын зерттеу когнитивтік лингвистика ғылымының қалыптасуына әкелді.

Лингвомәдениеттану мен когнитивтік лингвистиканың методологияларының ұқсастығын аталып, екі ғылыми саланың негізгі бірлігі концепт (лингвомәдени немесе мәдени концепт; когнитивтік концепт) екендігі айқындалды. Лингвомәдени концепт – дискурста қызмет атқаратын және мәдени ортаға сіңген, көпқұрылымды, полиаппеллияциялы, тілде вербалданатын ментальді құрылым, ал когнитивтік концепт біршама реттелген ішкі құрылымы бар, дискреттік ментальді құрылым болып табылатындығына талдау жасадық. Концепттің тілдік құралдар арқылы вербалдануы, ментальді құрылым болуы тәрізді белгілері лигвомәдени концепт пен когнитивтік концептті өзара қиылыстыратыны анықталып, сол сепебтен когнитивтік лингвистиканың біраз деректері лингвомәдени зерттеулерде де қолданыла алатындығы нақтыланды. Әлемнің тілдік бейнесі біртекті құрылым емес, ол әртүрлі мәндік сипаттамасы бар концептілерден құрылу нәтижесінде белгілі бір концепті бірнеше тұрпаттама шеңберінде қарастыруға мүмкіндік беретіндігі және концепттің әртүрлі типтерінің барлығын детерминдейтінгі дәйектелді. Жиі кездесетін классификациялар бойынша талдау нәтижесінде «отбасы» концепттісі әлеуметтік лингвистикалық типтегі дискурстардың барлығында дерлік қызмет атқаратын, эмоционалдық, мәтіндік, біліми, метакәсиби концепттілердің қасиетіне ие екендігі айқындалды.

Адам мәдениеті мен санасында ең маңызды да өмірлік концепттер, туыстық компоненттер болып келетін отбасы/ үй концептері гиперконцепттер екендігін айқындадық.

***


  1. Железнова Ю.В. Лингвокогнитивное и лингвокультурное исследование концепта «семья». Автореферат дис. канд. филол. наук. Ижевск, 2009.

  2. Маслова В. А. Лингвокультурология: Учеб. пособие для студ. высш. учеб. заведений. -М., 2001. -208с.

  3. Попова З.Д.,Стернин И.А.Когнитивная лингвистика. -М., 2007. - 314 с.

  4. Кубрякова Е.С., Демьянков В.З., Панкрац Ю.Г., Лузина Л.Г. Краткий словарь когнитивных терминов / Под редакцией Е.С.Кубряковой. – Москва, 1996. – 245 с.

  5. Қошанова Ж.Т. Қазақ тіліндегі «Байлық - кедейлік» концептісі: танымдық сипаты мен қызметі. Филол.ғ.к. дис. автореферат. -Алматы, 2009. – 34 б.

  6. Айтқазы Сажида Түр-түс концептісінің лингвомәдени табиғаты (қазақ, ағылшын, қытай тілдеріндегі материалдар негізінде). Фил. ғ. Ph.D. док. дис. -Алматы, 2011.

  7. Алимжанова Г.М. Сопоставительнаялингвокультурология: взаимодействие языка, культуры и человека: Монография.Алматы, 2010. – 319 с.

  8. Карасик В.И. Базовые характеристики лингвокультурных концептов/ В. И. Карасик, Г.Г Слышкин// Антология концептов. – Волгоград: Парадигма, 2005. – Т. 1. – С. 13-15

  9. Карасик В.И. Языковой круг: личность, концепты, дискурс. -Волгоград, 2002. – 299с.

  10. Гаврилова Н.В. Кноцепт «критика» как единица лингвокультурологии и когнитивной лингвистики./ Сб. статей.

  11. Слышкин Г.Г. Лингвокультурные концепты и метаконцепты. Дис. д.ф.н., -Волгоград, 2004. – 323с.

  12. Воркачев С.Г. Концепт как «зонтиковый» термин./ Язык. Сознание. Коммуникация. Сб. статей./ Отв. ред. В.В. Красных, А.И. Изотов. – М. 2003, Вып. 24. – 144 с.

  13. Кострубина Е.А. Типы концептов: гиперконцептсемья – дом/ Вестник Пермского университета, Выпуск 6(12). –Пермь, 2010.

***


Көптілеуова Д.Т., Амантай Ж.Б.

«ОТБАСЫ» КОНЦЕПТІСІ ЛИНГВОМӘДЕНИЕТТАНУ МЕН КОГНИТИВТІК ЛИНГВИСТИКАНЫҢ БІРЛІГІ РЕТІНДЕ


Беріліп отырған мақалада антропоцентристік бағыттағы ғылымдар лингвомәдениеттану мен когнитивтік лингвистиканың бірлігі концепттің мәнін, құрылымын, қасиетін ұғынудың зерттеу тәсілдерін сараладық. Сонымен қатар, зерттеліп отырған «отбасы» концепттісін әртүрлі классификациялар шеңберінде қарастыру мүмкіндігі мен ол жерде осы концепттің алатын орнын анықтауға тырыстық.

Түйін сөздер: лингвомәдеиеттану, концепт, когнитивті лингвистика.
***

Коптилеуова Дина Тургалиевна, Амантай Жанар Болаткызы

КОНЦЕПТ «СЕМЬЯ» КАК ЕДИНИЦА ЛИНГВОКУЛЬТУРОЛГИИ И КОГНИТИВНОЙ ЛИНГВИСТИКИ

В данной статье анализируется некоторые исследовательские подходы к пониманию сущности, структуры, и свойств концепта как единицы когнитивной лингвистики и лингвокультурологии. А также, постарались определить возможности рассматривания исследуемого концепта «семья» в рамках различных классификаций и его место в них.



Ключевые слова: лингвокультурология, концепт, когнитивная лингвистика

***


Koptyleuova Dina Turgalievna, Amantay Zhanar Bolatkizy

THE CONCEPT OF "FAMILY" AS A UNIT in COGNITIVE LINGUISTICS and 
LINGVOCULTURE


In this article, we analyze some of the research approaches to understand the nature, structure and properties of the concept as a unit of cognitive linguistics and linguistics. Besides, we have tried to determine its place and the possibility of examining the test of the "family" concept in various classifications.

Keywords: Lingvokulturologiya, concept, cognitive linguistics


Көптілеуова Д.Т.(әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арабтану және ирантану кафедрасы шығыстану факультетінің доценті, филол.ғ.к.)

Амантай Ж.Б.(әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті корейтану және жапонтану кафедрасы шығыстану факультетінің оқытушы-магистранты)


: Content -> Files -> SciPublications -> Annotations
Annotations -> Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012
Annotations -> Абай институтының хабаршысы. №6
Annotations -> Ақшалова Б. Н. ф.ғ. к., доцент
Annotations -> Жер кадастры
Annotations -> Оқулықнама Аңдатпа
Annotations -> Оқулық Алматы 2011 Пікір жазғандар: Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С. Тебегенов
Annotations -> Менеджер сөздігі русско-английский и
Annotations -> Мамандықты өзін-өзі аттестациялау нәтижелері бойынша анықтама 6М090500 (6N0907) – "Әлеуметтік жұмыс", Ғылыми және педагогикалық даярлау бағыты
Annotations -> Кіріспе «Өмірдің өзегі – адамның өзі. Өмірді, өнерді жасайтын тағы да адам. Әрине, бұл соншалықты тың тұжырым да емес, уақыт көрігінде қорытылып, тіршілік толқынында суарылған қағида. Талант иесін өмірдің
Annotations -> Қадыр Мырза Әли поэзиясындағы ұлттық нақыштар


Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...