Коммуникациялық кезеңдегі тіл мәселесі



жүктеу 72.76 Kb.
Дата19.03.2017
өлшемі72.76 Kb.
Қабылғазина К., Шакирова М., Орашшаева А.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Қазақстан Республикасы, Алматы қ.

E-mail:Kabylgazina.klara@mail.ru



Коммуникациялық кезеңдегі тіл мәселесі

Электронды журналистикада сөйлеу мәдениетін сақтау аса маңызды. Дұрыс айтылмаған бір ауыз сөз радионың немесе телевизияның беделіне нұқсан келтіріп, өз аудиториясын бір сәтте жоғалтып алу қаупі әрдайым басым. Сөйлеу мәдениеті, тіл анықтылығана қатысты айтылған Ахмет Байтұрсынұлының мына сөзін назарға алуға болады: «Айтылған лебіз, ашық мағыналы, түсінуге жеңіл, көңілді күдіктендірмейтін болса, тіл анықтығы деген сол болады. Лебіз ашық мағыналы болу үшін айтушы айтар ойын анық танитын болуы керек. Адам анық танитын нәрсесін анық айтады да, көмескі танитын нәрсесін күңгірт айтады». Ахмет Байтұрсынұлы сөздің дұрыс қолданылуы үшін бірнеше шарт қояды:сөз дұрыстығы – әр сөздің, әр сөйлемдердің дұрыс күйінде жұмсалуы; тіл тазалығы – ана тілдің сөзін басқа тілдердің сөзімен шұбарламау;тіл анықтылығы – айтылған, лебіз ашық мағыналы, түсінуге жеңіл болады. Ол үшін айтушы айтатын нәрсені анық тануы тиіс; тіл дәлдігі – ойлаған ұғымға сөз мағынасының сәйкес келуі; тіл көрнектілігі – дерексіз нәрсе, деректі нәрседей, жансыз нәрсе жанды нәрседей суреттелуі тиіс.

Тіл маманы, ғалым Р.Сыздықова «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс қолдану. Сөйлеу үстінде оларды бір-бірімен қиюластырып, үндестіріп дұрыс айту, емле мен тыныс белгілері ережелерін сақтап айту тілдің ғасырлар бойы сұрыпталып келген ақын-жазушы сияқты сөз зергерлері оюлап берген көркемдігі мен әдеби өрнектерін орнымен қолдану сияқты амал-деректерді қамтиды» деген пікірге сүйенсе, М.Балақаев: «Тіл мәдениеті дегеніміз – сөйлеудегі сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар ойлылық», - деген анықтама келтіреді.

Кез келген журналист тіл мәдениетін сақтауға міндетті. Тілдің тазалығы, оның құнарлылығы, мәдениеті ,алдымен талғамдылық хабарлардан көрінеді. « Әдеби тіл сөйлеу тілінен нәрленсе, баспасөз тілі сөйлеу тіліне әсер етеді. Баспсөз тілінің мәдениетінің дәрежесі әдеби тілдің де, сөйлеу тілінің де сапасы қандай екендігіне өлшем бола алады. Сондықтан телерадиожурналистер тілдік қорды байыту үшін басылымдарды көбірек оқып, тіл тазалығы мен ой дәлдігі, тіл өткірлігі үшін күрес - мәдениет құралы», - деген пікір өз маңызын жоймайды. Сөйлеу мәдениеті мен эстетиканы жетік меңгерген нағыз журналистке тән бірнеше ерекшеліктерді атап өтуге болады: нәзік, сезімталдық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялар іздеп, айрықша әсер алу, табиғат құбылыстарды ерекше сезіну, түйсіну, сезінген-түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тебірену, көкірегінде сыр ұялату; Жіті бақылағыштық. Нәзік сезім көрген, дәл бақылаумен ұштасып жатады. Мұның өзі журналист табиғатына тән сезімталдық ақиқат шындықты, өмірдің өзіне негізделген мазмұнын танытпақ;Шығармашылық қиял. Бақылап білген, сезген шындықты кең өріске шығаратын қанатты шығармашылық қиял - журналистің серігі. Мұның өзі ойдан шығара білушілік. Ал ойдан шығару жоқ жерде жалпы шебер сөйлеу мүмкін емес. Ойдан қиюластыру үшін адамның көкірегінде ұялаған қоры болуға тиіс, ол қор көп білімнен, зерделіктен, үнемі оқудан, ізденістен қалыптасады; Интуиция. Мәселен, тікелей эфирден сөйлеу есеп шығару емес. Есеп шығарудан белгілі ереже, амал, тәсіл болса, сөз салмағын сақтай сөйлеу табиғи тербелістің, тебіреністің нәтижесі. Бұл арада журналисті салқын ақыл емес, ыстық сезім билемек; Тәжірибе молдығы. Тіршілікте көрген, білгені, ұққан, түйгені көп адамның таланты да күшті, мықты;Парасат пайымы. Сананың саралығы. Құр соқыр сезіммен, бір ғана интуициямен ұзаққа, биікке шырқау, сөз мәйегін қолданып, оны аудиторияның сезімін оята қою мүмкін емес. Шын талантты журналист – жүргізушіге шындықтың парқын білетін сарабдал сана, мол парасат керек; Шеберлік қажет. Нағыз кәсіби журналистке тән шеберлік болмаған жерде өз құдіретін түсінетін де, оны өзгеге түсіндіретін де даналық жоқ. Даналық –

еңбек сүйгіштік;Шабыттылық. Шалқыған шабыт болмайынша, шеберліктен де ештеңе шықпайды. Шабытсыздық – қабілетсіздік, қабілетсіздік – дарынсыздық, дарынсыздық – талантсыздық. Журналист шабыты кең көлемдегі халық мүддесіне негізделуге, ақиқат өмірге тамыр тартуы тиіс. Сонда сөз өз биігін, мағынасын табады.

Журналистің әдебі мен сөз мәдениеті – қатар жүретін ұғым. Ал журналист әдебі дегеніміз – журналистің абырой-атағын жоғары ұстауы, оған кір келтірмеуі, кәсіби парызы және этикалық нормасы. Сөз мәдениеті қоғам өмірінде адамдармен өзара пікірлесу, түсіну қызметін атқарады. Сондықтан да, тілді оймен байланысты өткір құрал ретінде жұмсай білу үшін оның даму заңдылығын, қазіргі жағдайын, байлығын, незізгі қағидаларына қанық болу керек. Сөз сөйлеушінің ойын, сезімін білдіріп, қана қоймай, оның мінездемесі де болып табылатындықтан, журналистің тәрбиелік деңгейін сөзінің сипатынан байқауға болады. Сөйлеудің қасиеті – әдептілігі және әдемілігімен қоса, сайып келгенде, жалған айту, өтірік сөйлеу де сөз қадірін кетіреді. Сөйлеуге қатысты тағы бір әдептіліктің түрі – орынды, әділ сөзге тоқтау. Сөз қасиетін танып, мойындау дегеніміз ірілікті, кісілікті білдіреді. Өз заманында Ахмед Иүгінеки «Ақиқат сыйы» атты еңбегінде: «Әдептіліктің басы – аузын бағу». «Ойланып сөйлеген кісінің сөзі – сөздің асылы». Адамгершілік кімде болса, соны ер деп есепте» - деп аталы сөз айтқан. Осындай дана ойлардын кейін бүгінгі журналистер үшін ең бастысы, сөз әдебін сақтап, мәдениеттің биік сатысынан көрінген абзал. Өйткені, ана тілінде сөйлеу, оған деген көзқарас ең зор адамшылық, мәдениеттің, тәрбиеліктің, әдептіліктің өлшемі болып табылады.

Кезінде әдебиет зерттеушісі Мәулен Балақаев өзінің «Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері» атты еңбегінде: «Адам тәлім-тәрбиесіз, өнер-білімсіз, іс-әрекетсіз өмір сүрмек емес. Кісі білімді, тәлім-тәрбиені тіл арқылы алады, мәдениетті, өнерді, ғылымды тіл арқылы үйренеді. Қазақ халқы да ежелден шешендікке әуес, тіл өнеріне жетік халық, тіл өнерін басқа өнерден кем санамайды. Осыған орай қазақ халқы тіл өнерінің небір әсем кестелерін, орасан көп тіл байлықтарын тудырды. Соларды игеру, халықтың тіл байлығына мұрагер болу – ана тілін ардақтайтын азаматтың ісі», - деп орынды атап өткен. Сөз мәдениеті үшін күрес – тіл мәдениеті, сайып келгенде, тіл тазалығы, ой дәлдігі үшін күрес. Осы кезекте орыс жазушысы А.М.Горький: «Тіл тазалығы үшін күрес», - десе, жазушы Ғ.Мүсірепов: «Мәдениеттілік пен әдептің белгісі жақсы сөйлеуден басталады», - деген пікірге тоқталады.

Президент Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» еңбегінде мемлекеттік қазақ тілінің рөлі туралы былай дейді: «Идеялық бірігудің сындарлы жұмысы арасында қоғамда жоғары тіл мәдениетінің орнығу мәселесі де болуға тиіс. Мемлекеттік тілдің оқшаулау, оны басқаларға қарсы қою тұрғысынан емес, қайта керісінше, оның біріктірушілік рөлі тұрғысынан қарау керек. Ол барлық ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын, тыныс-тіршілігін танып-білудің негізгі және мемлекеттік тілмен қатар қазір Еуропа, шығыс тілдерін де үйрену үшін қажетті жағдай жасауға міндетті». (Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде. Қазақстан – ХХ ғасыр. – Алматы. 25-26)

Сөйлеу мәдениеті, жалпы БАҚ мәдениеті онша жиі көтерілмей жүргені белгілі. Тіліміздің қоғамдық қызметінің арта түсуіне байланысты ол күн тәртібінен түспеуі керек. Себебі, немқұрайлылық пен жауапсыздықтан өзге де себептерден тіл нормасының сақталмауы байқалып қалуда. Оның бірі – ауызша сөйлеу мәдениетіне қатысты кемшіліктер. Қарапайым сөйлеуші де, телерадио журналистері мен хабар жүргізушілер де тіліміздің өз табиғатына сай айтылуына мән беріу тиіс. Яғни, тілдің өзіне тән дыбыс құрылысы мен буын жігіне, екпін сақталуына, сөз ырғағына баса мән берілуі керек. Қазақ сөзінің құлаққа естілер әуен-ырғағы табиғи таза болуы, өзіндік үні бұзылмаған жөн. Өйткені қазақ тілінің де өзіне тән сөйлеу заңдылықтары бар. Сөйлеу мәдениеті бүгінгі күн тәртібіне ерекше қойылуы керек, себебі, сөздің дұрыс жазылуы, сөздің орнымен қолдану қандай сауаттылықты қажет етсе, дұрыс айту, сөйлеу мәдениеті де сондай сауаттылықты талап етеді.Қазақ тілінің үндестік заңы сақтала бермейді. «Ағылшын тілінің жазылуын, айтылуын, дыбысталуын мойындайсыңдар, неге қазақ тілінің сондай заңдылықтарын сақтамайсыңдар?» легенді студенттерден жиі талап етемін.

Кезінде ғұлама әл-Фарабидің өзі: «Жазуға шеберлік жазуға жетілген адамда ғана болады, ал жазуға жетілу адам оны тамаша етіп орындауға әдеттенгенде болады. Шебер жазу мүмкіншілігі адамда жазу шеберлігін үйренуден бұрын болады, ал жазуға жетіліп үйренгеннен кейін, бұл шеберлік өнерпаздықтың арқасында болады. Шешен сөйлей білу үшін, ең алдымен, ойды дұрыстап, жүйелеп сөйлей білу қажет. Бұлай болмай, ойдың таза, сол қалпында жету неғайбыл», - деп жазады (13 б. Әл-Фараби, 1975).

Қазіргі жаһандық дәуірде халықтың ұлттық мәдениетін сақтап қалушы негізгі күштің бірі – бұл БАҚ. Бүгінде Қазақстан БАҚ-ы өзіндік бет-бейнесін сақтап, дамып, қалыптасу үстінде. «Ақпарат нарығында еркіндіктің кең өріс алуы – БАҚ-тың сан жағынан өсуін айқындайды. Оның жағымды жағы – БАҚ-тың жаңа түрлерінің көбеюінде. Соның арқасында ақпараттың жеделдігі артты, туындылардың мазмұны, шеберліктері жетілдірілді. Ал оның кері әсері де бар. Ақпарат айдынында бейберекеттілік орын алды. Сапасыз газеттер көбейіп, арзанқол материалдармен кәсіби журналистиканың беделін түсіре бастады». (« Журналист этикасы»). Енді радиоарналарда кездесетін кемшін тұстарына тоқталып өтсек. Қазіргі кезеңдегі радиоарналардың тіл мәдениеті мәселелері:

* қазақ тілі деңгейінің төмендігі;

* елімізде қазақ тілінде хабар тарататын телерадио санының аздығы;

* БАҚ саласында өзге де маман иелерінің қызмет істеуі;

* телерадиоарналарда сапасыз хабарлардың берілуі;

* жүргізуші ойын анық жеткізе алмауы;

* сөздерді орын тәртібі арқылы қолдана алмауы;

* сөйлеу барысында ойдың жүйесіздігі;

* хабар барысында жүргізушінің көп кідіріс жасап, айтқан сөзін қайта қайта қайталауы;

* жүргізушінің «және», «дегенмен», «сонымен қатар» деген сияқты сөздерді көп айтуы;

* жарнама мәтіндерінің қате жазылып, қате берілуі;

* сөйлеу барысында кідіріс жасамау, сөздерге екпінді дұрыс қоймау;

* радиожүргізушілердің эфир алдында өздерін еркін ұстай алмауы.

Ақпараттық-коммуникациялық жаһандану — қазіргі заманғы интеграциялық үрдістердің ішінде аса ықпалдысы. Оған: коммуникациялық мүмкіндіктерді дамыту және ғарыштық кеңістікті ақпарат беру үшін пайдалану; жаhандық ақпарат желілерінің пайда болуы және тез дамуы; адамзат тұрмысындағы көптеген үрдістердің компьютрлендірілуі жатады. Жаһандық өзгерістерге байланысты радионың да форматы біршама өзгерістерге ұшырады.Дегенмен де қоғамдық формациялар қандай өзгеріске түскенімен ұлттық тұтастық, ерекшеліктер, тіл,дін, әдебиет,мәдениет т.б. сақталуы қажет.

Әдебиеттер

1.Әл-Фараби, шығармалар жинағы,Алматы, 1975

2.Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде. Қазақстан – ХХ ғасыр. – Алматы. 25-26

3.Мәулен Балақаев ,«Қазақ тілі мәдениетінің мәселелері», -Almaty.

References

1.AlFarabi,shygarmalar ginagy,Almaty,1975



2.Nazarbaev N.A. Kazakhstannynbolashagy –kogamyynideialykbirliginde, Kazakhstan,- XX gasyr.-Almaty.25-26

3.M.Balakaev, Kazak tilimaseleleri, -Almaty,1970

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет