КӘсіпорындардағы басқару есебінің Қазіргі жағдайы және оны жетілдірудің кейбір теориялық аспектілері



жүктеу 63.17 Kb.
Дата09.09.2017
өлшемі63.17 Kb.
КӘСІПОРЫНДАРДАҒЫ БАСҚАРУ ЕСЕБІНІҢ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ ЖӘНЕ ОНЫ ЖЕТІЛДІРУДІҢ КЕЙБІР ТЕОРИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
Жунусова Р.Б.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ.,

Қазақстан Республикасы

E-mail: Zhunusova.r@bk.ru

Экономистер арасында басқару есебінің мәні, ролі мен мақсаты, және оның кәсіпорынды басқару жүйесінде алатын орны туралы бірыңғай пікір жоқ. Бұл кәсіпорынның шаруашылық тәжірибесінде басқару есебін жетілдіру үрдісін қиындата түседі.

Бүгінгі таңда шығындар мен кәсіпорын қызметінің қаржылық нәтижелерін басқару саласында екі негізгі мәселе бар. Алғашқысы – нарықтық жағдайда отандық есеп жүйесінің теориясы мен практикасын кәсіпорынды басқару мәселесі алдында тұрған жаңа міндеттерді орындауға қайта бағыттау. Екіншісі - шығындар туралы ақпарат алудың бейімді жүйесін құру, өзіндік құнды калькуляциялаудың, қаржылық нәтижелерді есептеп шығарудың жаңа амалын, сонымен қатар талдау мен бақылаудың әдістерін қолдану және осының негізінде тиімді басқару шешімдерін қабылдау. Осыған байланысты, кәсіпорындар үшін басқару есебі жүйесін жете зерттеу аса мәнге ие болып отыр. Басқару есебінің қабылданатын басқару шешімдерінің оперативтілігі мен сапасын арттырып, күтілетін нәтижені максимизациялау және шаруашылық қызмет тәуекелділігін тиімді бақылап отыруға мүмкіндік беретін, ұйымды басқарудың қажетті құралы екендігі жалпымен қабылданған ұйғарым.

Қазақстандық бухгалтерлік прессада басқару есебі тақырыбының қызу талқыланғанына 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Алайда, басқару мақсатындағы есепті тәжірибе жүзінде аздаған кәсіпорындар ғана енгізген. Қалғандары қаржылық бухгалтерияның мәліметтерін талдаумен қанағаттанады. Сонымен бірге отандық нарықта бәсекелестікпен қайнап бітісіп жатқан да кейбір озық кәсіпорындар бар. Олардың озық басшылары үшін кәсіпорында басқару есебі жүйесін енгізу мәселесі шешілген мәселе деуге болады. Оның орнына маңызы кем түспейтін өзекті сұрақтар туындап отыр. Ол кәсіпорында қалыптасқан басқару есебі жүйесі тиімді ме және осы жүйенің тиімділігіне сараптама жасай отырып кәсіпорын қызметінің тиімділігін арттырудың қандай ішкі резервтері бар деген сұрақтар.

Негізінен бұл жағдай отандық экономиканың жекелеген салаларында басқару есебін ұйымдастырудың бірыңғай әдістемелік негізі мен әдістемелік нұсқаулықтарының болмауына байланысты орын алып отыр. Сонымен бірге, қазіргі кезде Қазақстан Республикасының кәсіпорындары бәсекелестік пен өміршеңдік үшін күрес жағдайында қызмет ете отырып, басқару есебінің әрекетті жүйесін ұйымдастыруға зәру болып отыр. Профессор Тажибаев С Д. өз еңбегінде экономиканың дамуының қазіргі кезеңіндегі басты мәселе өндірісті басқару жүйесін жоспарлаудың, есепке алудың, бағалау мен калькуляциялаудың, талдау мен бақылаудың бірыңғай қағидалары негізінде жетілдіру екендігіне назар аударады. Осы жағдайда кәсіпорынның өндірістік-шаруашылық қызметінің тиімділігін арттырудың барлық қолда бар резервтерін жұмылдырудағы қажетті құрал болып табылатын басқару есебінің ролі өлшеусіз арта түседі.

Бұл қазіргі кезде кәсіпорындарды басқарудың барлық деңгейінде дерлік басқару есебі мен есептілігі дұрыс жолға қойылмай кәсіпорынның тиімді әрекет етуі мүмкін еместігін білдіреді. Осыған орай, басқару есебінің экономикалық табиғатына, мәні мен мазмұнына, оның іргелі теориялық негіздеріне терең зерттеулер жүргізу қажеттілігі туындайды.

Ғылыми әдебиетте басқару есебіне көптеген анықтамалар берілген. Алайда, осы уақытқа дейін басқару есебінің анықтамасы экономикалық әдебиетте азды-көпті дәл және мағыналы тұжырымға ие бола қойған жоқ.

Басқару есебі әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде әрдайым дамып отырады, яғни оның функциялары кеңейіп, ол шешетін міндеттер жиынтығы ұлғаяды, қолданатын әдістері де әр қилы бола түседі.

Ұйымда басқару есебі жүйесін құрудың мәні - барлық деңгейдегі менеджерлердің өз біліктілігі шеңберінде уақтылы және тиімді шешімдер қабылдауы үшін, оларды ішкі және сыртқы да көздерден алынатын ақпаратпен қамтамасыз ететін формальды процедуралар жиынтығын қалыптастыру болып табылады.

Көптеген менеджерлер басқару есебін бухгалтерлік есептің жүйелік бөлігі және ол қаржы саласымен ғана шектеледі деп санайды. Осыған орай, бухгалтерлік есеп ережелеріне ұқсас ортақ ішкі есеп әдістемесінің болуы туралы жалған ұғым қалыптасады. Бірақ, басқару есебі – бұл қандай да бір әмбебап әдістемеден гөрі, кәсіпорынның пайдаланушыға бағытталған ақпараттық жүйесін ұйымдастыру тұжырымдамасы болып табылады. Басқару есебі жүйесі бухгалтериямен жанаспауы және қаржылық көрсеткіштерді қолданбауы да мүмкін. Басқару есебі жүйесін конфигурациялау туралы шешімді ұйым басшысы ішкі ақпараттық жүйені құруға пайдалануға болатын қолда бар ресурстары мен басқаруға қажетті ақпаратқа деген сұраныстарға байланысты қабылдауы тиіс.

Осылайша, басқару есебінің кәсіпорынның қаржылық жүйесіндегі орны тіптен ерекше, және оны кәсіпорында тиімді жүргізу өзгеше тұжырымдамалар мен бухгалтерлік және салық секторларына қызмет көрсететін мамандардан басқа мамандарды талап етеді.

С.Д. Тажибаевтың, М.А. Вахрушинаның, Т.П. Карпованың, Ч.Т. Хорнгерннің және Дж.Фостердің, А.Д. Шереметтің публикацияларында бекітілген басқару есебінің мақсаты мен міндеттері мәні жағынан сәйкес келеді. Мәселен, басқару есебінің мақсатын Тажибаев С.Д. кең тұрғыдан қарастырып: «Басқару есебінің мақсаттары: басқарушыларға ақпараттық көмек көрсету; кәсіпорын мен оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметін бақылау, жоспарлау және экономикалық тиімділігін болжау; баға қалыптастыруға арнлған базаны қамтамасыз ету, кәсіпорын дамуының ең тиімді жолдарын таңдау» деп көрсетеді [1].

Тайгашинова К.Т. басқару есебінің басты мақсаты ретінде кәсіпорын экономикасын басқару шешімдерін қабылдау үшін ақпараттандыру мен қабылданған шешімдердің тиімді орындалуына баға беру деп көрсетеді [2], ал С.Д. Тажибаевтың пікірінше, басқару есебі – бұл ең алдымен, басқару шешімдерін қабылдауға бағытталған тұтас жүйе болып табылады [1]. Осыған байланысты, басқару есебінің басты мақсаты-бұл ұйым басқармасына экономикалық жағынан салмақтандырылған басқару шешімдерін қабылдау мүмкіндіктерін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорынның экономикалық, сондай-ақ, өндірістік бірлік ретінде қызмет етуі туралы жоспарлы, болжамды және нақты мәліметтердің толық кешенін (мәліметтерді тұтас кәсіпорын бойынша, сонымен бірге, құрылымдық және өндірістік бөлімшелерінің, шығындар мен пайда орталықтарының шегінде ұсынуды қоса алғанда) ұсыну болып табылады.

Профессор Шеремет А.Д. басқару есебінің келесі негізгі міндеттерін айқындап береді:

- кәсіпорын жұмысын қызмет орталықтарына (пайда, рентабельділік, өзіндік құн, күрделі салымдар және басқаларына) бөлу арқылы талдау;

- өндірістің ұйымдастырылу деңгейіне байланысты қысқа және ұзақ кезеңдерге жоспар құру, болжам жасау;

- өнімнің өзіндік құнының дұрыс калькуляцияануы;

Көптеген авторлардың басқару есебінің функциялары туралы пікірлері бір жерден шығады. Зерттей келе басқару есебінің функцияларын келесі бағыттары бойынша топтастыруға болады:


  • басқарудың барлық деңгейіндегі басшыларды ағымдық жоспарлау, бақылау және жедел басқару шешімдерін қабылдауға қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету;

  • басқару деңгейлері мен бір деңгейдің құрылымдық бөлімшелерінің арасында ішкі коммуникациялық байланыс құралы қызметін атқаратын ақпарат қалыптастыру;

  • кәсіпорынның ішкі бөлімшелерінің қызметін оперативті бақылау және мақсатына жетудегі нәтижелерін бағалау;

  • кәсіпорын қызметінің нақты нәтижелерін талдау мен бағалау негізінде оның болашақтағы дамуын перспективті жоспарлау және координациялау.

Қазіргі кезде басқару есебі өзінің функциялары арқылы кәсіпорынның ішкі қызметін басқарудың негізгі ақпараттық іргетасы, оның стратегиясы мен тактикасы болып табылады. Оның негізігі бағыты – жедел және болжамды басқару шешімдерін қабылдауға арналған ақпаратты әзірлеу.

Басқару есебін жүргізетіндігін не жүргізбейтіндігін әрбір ұйым өз бетінше шешуі тиіс. Басқару есебін тек ірі және орта компанияларда енгізу тиімді болады және экономикалық тұрғыдан ақталады. Шағын кәсіпорындар үшін көптеген жағдайларда басқару ақпаратының құндылығы оларды алуға кеткен шығындардан төмен болатындықтан, олар жедел есеп мәліметтерін қолдана алады.



Басқару есебі жүйесінің қалыптасуы көп уақытты талап етеін ұзақ үрдіс. Ол ірі кәсіпорындарда ол бірнеше жылдарға созылады. Басқару есебі жүйесі ауқымды ақша қаражатын және білікті еңбек ресурстарын қажет етеді. Оны қалыптастыру барысында кәсіпорын қаржылық қызметті қайта ұйымдастыру, шығындар есебі жүйесін құру, бағдарламалық пакет орнықтыру тәрізді бірқатар мәселелерді шешіп алуы тиіс.
Әдебиет:

  1. Тажибаев С.Д. Учет затрат на производство.-Алматы: Экономика, 2004.-172 с.

  2. Тайгашинова К.Т. Өнімдердің, қызметтер мен жұмыстардың өзіндік құнын калькуляциялау. –Алматы : «Издательство LEM» ЖШС, 2012 – 276 б.

  3. Шеремет А.Д. и др. Бухгалтерский учет.-М.:Финансы и статистика,2007.-258 с.

  4. Ержанов А.К. және басқ.Басқару есебі.-Алматы: Экономика,2009.-304 б.


Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет