К. сыздықов әуезовтің сыншылдық Өнерін зертеуші ғалым



жүктеу 96.36 Kb.
Дата07.04.2017
өлшемі96.36 Kb.
ӘОЖ 82.09(574)


К.СЫЗДЫҚОВ - ӘУЕЗОВТІҢ СЫНШЫЛДЫҚ ӨНЕРІН ЗЕРТЕУШІ ҒАЛЫМ



НҰРПЕЙІСОВ Н.Ж.
Бұл зерттеу мақаласында белгілі ғалым Керімбек Сыздықовтың мұхтартану ғылымына қосқан айырықша үлесі жан-жақты талданады. Профессор Сыздықовтың ерекше зерттеген салаларының бірі – Әуезовтің сыншылдық өнері. Ол академик М.Әуезовтің қазақ сын өнеріне қосқан үлесін алғашқылардың бірі болып зерттеді, жазушы М.Әуезовтің осы саладағы зерттеулерін ғылыми айналымға түсірді.

Кілт сөздер: әдебиеттану, ғылым, сын өнері, мұхтартану, жазушы-сыншы, көркем әдебиет, зерттеу.


Заманымыздың ұлы суреткері, сөз өнерінің талантты зерттеушісі болған Мұхтар Әуезов мұралары әр кез-ақ зерттеліп, әр алуан қырынан айтылып келеді. «Әуезовтану – қазақ әдебиеттану ғылымының дербес бір саласы, Мұхтар Әуезовтің өмірі мен творчествосына арналған әр алуан зерттеу еңбектерді қамтиды» [1, 94 б.]. Қазақ әдебиеттану ғылымындағы әуезовтануға ерекше үлес қосып келе жатқан тұлғалар аз емес. Әуезов шығармашылығы жайлы әлемдік деңгейдегі қайраткерлер, жазушылар, әсіресе орыс әдебиетінің белгілі тұлғалары көп жазды. Қазақ халқының тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтан бастап, әдебиетшілер М.Қаратаев, Е.Ысмайылов, Ы.Дүйсенбаевтар да аз үлес қоспады. Ал кейінгі толқын әдебиетшілерден А.Нұрқатов, З.Кедрина, Е.Лизунова, З.Ахметов, З.Қабдолов, М.Мырзахметов, т.б. ерекше атауға болады. Осы қатарда филология ғылымдарының докторы, профессор, «Мұхтартанудың беймәлім беттері» деп аталатын кітаптың авторы Керімбек Сыздықовты да ерекше бір құрметпен атауға болады. К.Сыздықов кітабының аты айтып тұрғандай, «М.Әуезов шығармашылығы түбегейлі зерттеліп болды» деп айта айта алмаймыз. Осы ретте академик С.Қирабаев былай деп атап көрсетеді: «...Сонымен бірге Мұхтардың біздің ұлттық әдебиетіміздің тарихына, кеңес тұсындағы әдебиет дамуының өзекті мәселелеріне арналған еңбектері де бірсыпыра. Бұл, бірақ, Мұхтар шығармашылығының ең зерттелмеген саласы. Әдебиет тарихына қатысты Мұхтар зерттеулері мен оның Абай мұрасын игеру саласындағы еңбектері (М.Мырзахметов) мен ауыз әдебиеті жайлы зерттеулері (Ә.Молдаханов, Қ.Сыдықов) ғана арнаулы түрде қарастырылған». [2, 110 б.] Иә, Мұхтар Әуезов шығармашылығын зерттеудің жаңа қырларын меңгере беруіміз қажет.

Бүгінгі зерттеу объектісі – профессор К.Сыздықовтың академик М.Әуезовтің қазақ әдеби сынына қосқан үлесін айқындаудағы рөлі, зерттеу еңбектері жайында болмақ. Керімбек Сыздықовтың бұл салада елеулі рөл атқаратын екі еңбегі бар, біріншісі – «Мұхтар Әуезов – әдебиет сыншысы» (1973), екіншісі – «Мұхтартанудың беймәлім беттері» (1997). Ендігі кезекте ғалымның осы еңбектеріне аз-кем тоқталып талдау жасауды жүзеге асырғанды жөн көрдік. Бірінші жарық көрген кітаптағы «Жазушы-сыншы» (кіріспе орнына) деп аталатын алғы сөз іспетті еңбегінде зерттеуші былай деп ой тастайды: «Мұхтар Әуезов өзінің творчестволық өмірінің алғашқы кезеңінен бастап ақырғы сәттеріне дейін көркем шығармалармен қатар үнемі әдеби-сын мақалалар, ғылыми-зерттеу еңбектер жазып, жариялап келгені белгілі. Оның кейінірек топталып жарық көрген: «Әр жылдар ойлары» (1959), «Мысли разных лет» (1961), «Уақыт және әдебиет» (1962), «Абай Құнанбаев» (1967) атты жеке жинақтары мен он екі томдық шығармалар жинағының


11-12 томдарына енбей қалған сын мақала, зерттеулерінің өзі қаншама?! Ал бұлар айрықша көңіл аударарлық дүниелер». [3, 6 б.] К.Сыздықов атап көрсеткендей, М.Әуезов қаламынан туған сыншыл дүниелер аз емес, олардың әрқайсысына айрықша көңіл аударуға болады. Егер әдебиет тарихына зер салып қарасақ, Әуезов салған бұл дәстүрді жалғастырушылар көп, көптеген көркем сөз шеберлері, қалам қайраткерлері әдеби-сын еңбектер жазып, әдебиет пен сын өнеріне елеулі үлес қосып келе жатқаны қуанарлық құбылыс.

Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұрпейісов т.б. жазушылардың алуан-алуан сыни еңбектері әдеби процесті қозғаушы күш ретінде үлкен рөл атқарды және қазіргі уақытта да бұл үдеріс жалғасын тауып келе жатыр. Үлкен зерттеуге барар жолда автор: «Суреткердің сынға, ғылымға қатынасын, оның әдеби сынға келу себептерін қысқаша қарастырып өтуді жөн көрдік. Өйткені мұның біз сөз еткелі отырған М.Әуезовтің де әдеби сынға келу жолын, негізгі себептерін, сол арқылы оның әдеби-сын мұрасының сыр-сипаттарын, басты қасиеттерін ашып тануымызға септігін тигізері сөзсіз», – деп атап көрсетеді.

М.Әуезовтің үлкен әдебиетке келу сапары дауылды, дүрбелеңді жылдармен тұспа-тұс келді. Семейдегі оқытушылар семинариясының студенті болып жүрген жас Әуезов киіз үй сахнасына «Еңлік-Кебекті» ғана шығарып қоймай, әр алуан тақырыптағы әлеуметтік мәселелерді қозғайтын еңбектер жазды және бұл еңбектердің көпшілігі сыни сипаттағы еңбектер еді.

Бұл жайында автор: «1918 жылы «Абай» журналында жарияланған «Абайдың өнері һәм қызметі» (№2) және «Абайдан соңғы ақындар» (№5) атты мақалаларға «Екеу» деп қол қойған. Дәл осы атпен «Еңбекші қазақ» газетінің 1927 жылғы, 8-9 августағы 179-180 сандарында «Көркем әдебиет туралы» деген айтыс мақала да жарияланған» [3, 44 б.] – деп атап көрсетеді. Бұдан аңғаратынымыз өткен ғасырдың 20-жылдарының өзінде-ақ жазушы Әуезов ұлы ақын Абай жайында зерттеу-сыни еңбектер жаза бастағанын қапысыз аңғаруға болады. Сол сыни-зерттеу еңбектер жалғасы эпопея деңгейіне дейін көтерілді. К.Сыздықов осы кезеңдегі Әуезовтің сыни еңбектеріндегі ерекше орны бар, ғалымның өзі «тарихи-әдеби сын» деп қосымша анықтама берген «Қазақ әдебиетінің бүгінгі дәуірі» деп аталатын еңбегіне көбірек назар аударады. Алаш ұранды аяулы азаматтардың қолдауымен жарық көрген «Шолпан» журналының 1922-1923 жылдардағы


2-3 және 4-5 сандарында жарық көрген бұл мақаланы Әуезов «Қоңыр» деген бүркеншік (псевдоним) атпен жариялаған екен. Кеңес дәуірінің енді-енді қалыптасып келе жатқан кезеңінде, адамзат өмірі ғана емес рухани өмірде де қым-қуат қайшылықтар, тартыстар (әсіресе тап тартысы) қалыптасып келе жатқан кезеңде, дәлірек айтқанда өткенді мансұқтаудың алғы шарттары қалыптасып келе жатқан кезеңде Әуезов былай деп ой сабақтайды: «Рас, өткен күннің әдебиеті біздің сүюімізді тілемейді. Сүюімізбен семірмейді де, түрленбейді. Жек көруімізбен жоғалып та кетпейді. Ескі әдебиеттің түрлерін білу, бетін ұғу, ағымына түсіну біздің өзіміз үшін керек. Сонда ғана әрбір жазушы хақиқатқа жақын сөйлеуі де мүмкін». [4, 348 б.] Өкінішке орай ғалым Әуезовтің бұл хақиқатын ұққымыз келмей біраз әуреге түстік, кеш түсіндік. Осы бір тарихи-әдеби сын еңбегі жайында зерттеуші Сыздықов пікірі төмендегідей: «М.Әуезов бұл мақаласында қазақ ауыз әдебиетін жоғары бағалай келіп, онда қазақ өмірінің «әрбір дәуірі, әрбір мезгілі және әрбір жеке-жеке суреттері де» қамтылғанын, сондай-ақ мұнда «жазба әдебиетте кездесетін үлгілі мінездер, типтер, ел ішіндегі айрықша таптардың өзгеше психологиясы да дәл айтылғанын» нақты мысалдар келтіре отырып, дәл әрі нанымды етіп тұжырымдайды. Дәлел-мысалдар ретінде автор «Қозы – Көрпеш Баян сұлу» жырындағы Қарабай, Қодар бейнелерін және «Қобыланды», «Ер Тарғын» жырларын алып қарастырады». [3, 47 б.] Жазба әдебиет бір күнде ғана қалыптасып үлгермейді, оған жылдар, ғасырлар керек. Біздің қазақ әдебиетінің тарихында да жазба әдебиеті Абайдан, Бұқар жыраудан бастау керек деген айтыс-тартыстар болғаны тарихтан мәлім. Сонымен қатар осы мақалаға қарсы да, артық-кем пікір айтқандар болған екен. Соның бірі Ғаббас Тоғжановтың 1929 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Әдебиет пен сын мәселелері» атты кітабында кездеседі. Ол: «Мұхтардың «қазақ әдебиеті сары уайымға түсу керек, қазақ жұртшылығы жұмысынан безген көңілі жарым, жаны жарым, хиялшыларға еліктеп, соларды үлгі қылу керек дегендері» осы күні дұрыстығы былай тұрсын, айтуға да ерсі… Жаңылмасам, 1923 жылы болса керек, Ташкентте шыққан «Шолпан» журналына Мұхтар «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» деп үлкен мақала жазған еді. Сонда қазақ әдебиеті күйректік-сыршылдық сарынына түссін, қазақтың елдегі жастары Біржан сықылды сал, Ақан сықылды сері болсын, қазақтың қыздары Сара сықылды салдық құрсын, қазақтың кәрісі Асан қайғының қайғысына түссін деп еді», – деп баға береді. Әрине, осы бір ағат айтылған пікірге К.Сыздықов келісе кетпейді, сол себепті: «сыншылар бұл мақаладағы автордың пікірін дәл келтіріп отырған жоқ. Айталық, Әуезовтің бұл мақаласында сыншылар көрсеткендей, «қазақ жастары анаған-мынаған еліктесін, үлгі қылсын» деген, «қазақ әдебиеті күйректікке, сентиментализмге салынсын» деген, «бүгінгі қазақ өмірі қазақ ақын-жазушыларына әсер бермейді, сондықтан реализмге негіз жоқ» деген сияқты пікірлердің бірде бірі, кездеспейді», – [3, 54 б.] деп жауап береді, өз ойын «М.Әуезовтің бұл мақаласы қазақ совет әдебиетіндегі, жалпы қазақ әдебиетіндегі шын мәніндегі әдеби сын мақалалардың алғашқыларының бірі болып табылады», – деп атап көрсетеді.

М.Әуезовтің сыншылық өнерін зерттеген Сыздықовтың келесі бір талдау нысаны еткен еңбегі – «Қызыл сұңқарлар» (сын) атты мақаласы. Бұл сын да 1922 жылы «Шолпан» (№ 2,3) журналында жарияланған екен. Әрине, «Қызыл сұңқар» жайында айтылған, жазылған пікір аз емес, кейде-кейде асыра мақтап, немесе сол 20-жылдары керісінше асыра даттап жіберген кездеріміз де аз болған жоқ. Ал, енді М.Әуезов сынының құндылығы әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Енді сол сыннан қысқаша болса да үзінді келтірейік: «Орынборда биылғы басылған кітаптардың ішінде «Қызыл сұңқарлар» деген Сейфуллиннің бір кітабы шықты. Бұл өзі пьеса. Бірақ бұл күнге шейін пьеса жазған жазушылар кітабына орынды, орынсыз болса да не комедия (күлкі), не драма (қайғылы хал), не трагедия (қанды оқиға) дегендей аттарды қоюшы еді. Сонымен бұл кітаптан айырылушы еді. Біздің жазушы кітабын жоғарғының қайсысына қосарын білмей дағдарған ба, болмаса ананың бәрі де өзінің бір-ақ кітабынан табылған ба (дұрысы соңғысы болса керек), әйтеуір пьеса деген жалпақ атты бір-ақ отырғызыпты», – деп жазады Әуезов. [5, 41 б.] Иә, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ қоғамындағы ұлы тұлғалар бірін-бірі толық түсінбей жатты. Әдебиеттің өзін әр алуан ағымға салып, реалистік жолдан ауытқып жатқандар көп болды. Үлкен әдебиеттің сын жанрына өзіндік үлесімен келген Әуезовтің бұл сыны, яғни «Қызыл сұңқарлар» (сын) жайында К.Сыздықов пікірі былайша өрбиді: «М.Әуезов пьесаға бірнеше орынды талаптар қойып, қатал сын айтқан. Алдымен, ол: «Бұл күнге шейін дүние жүзінде жазылған пьесалардың мақсаты, бағыты неше түрлі болғанымен, бәрінің де әдебиет жолындағы амалсыздан бағынатын бір заңы бар. Ол – пьесаның ішінде сөзімен, мінезімен, ісімен кім екендігі анық көрінетін белгілі типтер шығару», – деген дұрыс теориялық тұжырым тұрғысынан келіп, пьесаның осы негізгі талаптың үдесінен шыға алмағандығын атап көрсетеді». [3, 58 б.] Демек, сыншы Әуезовтің ең басты қасиеті ақиқаттан аттамай, пьесаға қойылатын теориялық талап үдесінен шығуын қалайды, ал енді пьеса авторы жіберген бұл кемшілікті көрсету – сыншы міндеті. Қазақ әдебиеті сынының тарихын жасаушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев өзінің еңбектерінде «Қызыл сұңқарларға» жазылған сындардың ішінде М.Әуезовтің жоғарыда аталған сыны эстетикалық талап-талғамы жағынан болсын, пьесаға қойылар драматургиялық шарттары жағынан болсын, басқалардікінен әлдеқайда мәдениетті болғандығын» ерекше атап өтеді. Бұл – Т.Кәкішев пен К.Сыздықов пікірлерінің бір арнаға сайып жатқандығының дәлелі.

Профессор Керімбек Сыздықовтың «Мұхтар Әуезов – әдебиет сыншысы» деп аталатын көлемді еңбегіне (144 бет) түгелдей талдап шығуды мақсат еткен жоқпыз және ол бір мақала көлемінде айтып шығуға мүмкіндік те бермейді. Енді зерттеушінің М.Әуезовтің сыншылық дарынына қатысты кейбір түйінді ойларын келтіре кеткеніміз артық болмас деп ойлаймыз. «М.Әуезов, көркем шығармаларындағы сияқты, ғылыми-сын талдауларында да дәл танып, тап басатын қырағы да көреген» деп бір түйсе, одан әрі: «М.Әуезовтің сыншылық ерекшелігі ретінде оның турашыл әділдігі мен қатал шыншылдығын атау керек. Бұдан басқа мысалдарды былай қойып, 1936 жылғы «Әдебиеттегі формализм мен натурализм» туралы айтысты өзінің кей шығармалары туралы айтқан қатал сынын атаудың өзі жеткілікті», – деп атап көрсетеді. Бұл айтқан тұжырымдардың бәрі – ұлы Әуезовтің сыншылық өнерін зерттеудегі, танудағы тың қағидалар.

Біз жоғарыда К.Сыздықовтың Мұхтар Омарханұлы Әуезов жайындағы жазылған монографиялық еңбегі жайында айтып өттік. Кемеңгер тұлғаның 100 жасқа толуына орай жарық көрген «Мұхтартанудың беймәлім беттері» атты кітапта да М.Әуезовтің сыншылық өнерін танытатын дерек көздері өте мол. Соның дәлеліндей ойды «Сын шын болсын, шын сын болсын» деп аталатын тараушадан көптеп кездестіреміз. «М.Әуезов әдебиет сыны туралы арнайы теориялық мақала жазбағанымен, түрлі мәжіліс кеңестердегі сөйлеген сөздерінде, әдебиет пен өнердің жеке өкілдері, жеке шығармалары жайлы жазған мақалаларында сынның міндеті, ерекшеліктері туралы өз ой-пікірлерін ортаға салып отырады» [6, 190 б.], – деп түйіндеген К.Сыздықовтың келесі бір пікірлері де көпшілікке ой салғандай: «Жоғарыда тоқталып өткен 1927 жылы «Көркем әдебиет туралы» атты айтыс ретінде жазылған мақалада М.Әуезов біздің кейбір сыншыларымыздың «әпербақандыққа» үйірсек келіп, авторларға саяси айып тағу сияқты сынау мәдениетінің төмендігін айта келіп, оларға орыс әдебиетіндегі Г.Плеханов, Л.Троцкий, А.Веронский т.с.с. сыншылардың сауатты, салауатты пікірлерін келтіріп, үлгі-өнеге ретінде ұсынады: «Міне, көргенді ел жазушыларына, ақындарына осылай қарайды екен, сыпайы келеді екен. Қаламынан пайда күтіп бағалайды екен, сонда барып әдебиет көркейеді деп шамалайды екен. Үйірге жаңа түскен сәурікше бірін-бірі сауырламайды, мүйіздемейді екен, сынаса өзін емес, сөздің сынайды екен», – деп жазады. М.Әуезовтің атап көрсеткеніндей, «әпербақандыққа» аз салынғанымыз жоқ, саяси айып тағудың нәтижесінде қаншама аяулыларымыз, атап айтқанда, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин т.б. мерт болып кетті, енді ғана өзін емес, сөзін сынайтын дәрежеге бір табан жақын келдік. Әуезов бойындағы сондай дара қасиеттердің денін тап басып көрсеткен К.Сыздықов зерттеулері де құнды, бағалы.

Түйіндей келгенде, К.Сыздықовтың ХХ ғасырдың ұлы жазушысы, кемеңгер ойшылы М.Әуезовтің сыншылық өнері жайлы айтқан пікірлері тағылымды, бүгінгі және келер ұрпақ үшін ғибратты.
ӘДЕБИЕТТЕР

1. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі / Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 384 б.

2. Қирабаев С. М.Әуезов қазақ әдебиетінің тарихы туралы // Мұхтар мұрасы. / Құрастырушылар: Ш.Ыбыраев, С.Қирабаев. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 352 б.

3. Сыздықов К. Мұхтар Әуезов – әдебиет сыншысы. – Алматы: Ғылым, 1973. – 144 б.

4. Әуезов М. Таңдамалы. А. Қазақ энциклопедиясы. Бас редакциясы. 1997. –512 б.

5. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2-том. – Алматы: Ғылым, 1998. – 432 б.

6. Сыздықов К. Мұхтартанудың беймәлім беттері. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 224 б.
НУРПЕИСОВ Н.Ж. К.СЫЗДЫКОВ – УЧЕНЫЙ, ИССЛЕДОВАВШИЙ ИСКУССТВО КРИТИКИ М.АУЕЗОВА

В данной статье рассматривается вклад учёного Керимбека Сыздыкова в мухтароведение. Следует отметить, что литературовед раскрывает одну из многогранных деятельностей М.О.Ауезова – мастера искусства критики. В статье подчёркивается, что К.Сыздыков показал академика М.Ауезова как одного из первых, кто разрабатывал вопросы казахской литературной критики. К.Сыздыков впервые ввёл в литературоведение творчество М.Ауезова как исследователя казахской литературы.



Ключевые слова: литературоведение, идея, сюжет, композиция, искусство критики, мухтароведение, писатель-критик, художественная литература, исследование.
NURPEISOV N.Zh. K.SYZDYKOV – SCIENTISTS WHO HAVE STUDIED ART CRITICS M.AUEZOV

In the article the Scholar’s Kerimbek Syzdikov’s contribution in Mukhtar-study is examined.

It should be noted that the literary scholar reveals the multifaceted activities of M. Auezov, the master of art criticism. The article emphasizes that K. Syzdykov’s shows the academician M.Auezov as one of the first who developed the questions of Kazakh literary criticism. K. Syzdykov first who introduced M.Auezov as a researcher of Kazakh literature.

Keywords: literary criticism, idea, story, composition, art critics, writer, critic, fiction, research.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет