Жұманбава Нонна Алдабергенқызы



Дата10.09.2017
өлшемі62 Kb.
Жұманбава Нонна Алдабергенқызы

Тұран университеті

Заңтану және халықаралық құқық кафедрасының

меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты
Үкімнің заңдылығы мен негізділігі - судья жұмысының сапалылығының көрінісі
Судьялардың жұмыс сапасын арттыру бірнеше бағытта жүргізіледі, солардың ең бастысы сот төрелігін дұрыс жүргізуді қамтамасыз ету болып табылады. Сот қызметін жақсартудың шешуші көрсеткіші әрбір істің тек қана заңды және негізді шешілуі. Қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүргізу кезіндегі соттардың қызметін жетілдіру ең алдымен сот төрелігінің ең басты актісі – сот үкімінің заңдылығын қамтамасыз етіуді білдіреді.

Заңды және негізді үкім азаматтардың заңмен кепілдік берілген құқықтары мен мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік құрылысты, шаруашылық және меншік жүйелерін кез келген қол сұғушылықтардан қорғау үшін қызмет етеді. Сот төрелігінің демократиялық негіздерін толық жүзеге асыру жағдайында мемлекет атынан шығарылған үкімнің құқық тәртібі мен заңдылықты нығайту үшін тәрбиелік және қоғамдық-саяси мәні бар. Осыған орай қазіргі кезде сот қызметіне тәрбиелік ықпал ету, құқық бұзушылықтың алдын алуға, сот үкіміне қоғамдық-тәрбиелік әсер етуді арттыру талаптары да көтеріліп келеді. Сот үкімі сотталушы адамның кінәлілігі немесе кінәсіздігі, оған жазалау шарасын қолдану немесе қолданбау туралы мәселелерді шеше отырып, өзінің мәні мен маңызы бойынша нақты бір істің шегінен шыға алады. Үкімнің тәрбиелік ықпалы өмірдің елеулі мәселелерін қамтитын болғандықтан тиімді болуы тиіс.

Құқықтық нормаларды дұрыс қолдану, сот істерін қарау кезінде заңдылықты қатаң сақтау, сот қызметінің кең жариялылығы мен сот істерін жүргізудің жоғары мәдениеті, әділеттілік және сот шешімдеріне сеніммен қарау азаматтарды құқықтық тәрбиелеудің әсерлі нысандары болып табылады.

Сотталушының іс-әрекетіне дұрыс баға беру, оны қылмыстық заң бойынша дұрыс саралау – үкімнің заңдылығының және құқықтық тәрбиенің бір нысаны ретіндегі тиімділігінің басты шарты.

Заңды және негізді үкім сондай-ақ, соттың барлық қызметінің тиімділігіне, қылмыстық істерді талқылау мен оны шешудің заңмен белгіленген тәртібін, қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтау кезінде ғана қол жеткізуге болады.

Судьялардың қылмыстық істерді талқылау мен оларды шешу тәртібін қатаң сақтауы елеулі дәрежеде үкімдегі қарауға жататын мәселелер бойынша білімді қалыптастыру объективтілігіне жағдай жасайды.

Үкімде шешуге жататын мәселелер судьялармен қарастырылатын қылмыстық істің мән-жайлардың толық объективті, жан-жақты зерттелуі негізінде олардың саяси, құқықтық, этикалық білімдері жүйесімен игеріледі.

Судьялардың тиісті құқықтық білім деңгейі - процессуалдық шешім қабылдаудың субъективтік негізі ретінде қарастырылатын заңды және негізді шешім шығарудың қажетті шарты.

Судьялардың құқықтық сана-сезімі – қылмыстық іс бойынша дәлелдеу пәніне енетін фактілер туралы ақиқатты және дұрыс негізделген білімге қол жеткізудің ең маңызды компоненті.

Судьялардың құқықтық білімі және оның кәсіби тәжірибесі іс бойынша зерттелетін фактілерді бірдей көрсетуге және олардың құқықтық мәні сотталушыға тағылған кінәға қатысты қылмыс құрамының белгілерімен, элементтерімен сәйкес келетіндігін, сондай-ақ танылған қылмыстық іс мән-жайларының негізінде осы қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі мен сотталушы тұлғаға әділ жазалау шарасы қолданылатынын анықтауға көмектеседі. Кәсіби құқықтық сана-сезім іс бойынша төрағалық етушінің танымдық және ұйымдастырушылық қызметін заң талаптарына сай, дәлме-дәл жүргізуге бағыттайды.

Судьялардың процессуалдық шешім қабылдау механизміндегі кәсіби білімі мен кәсіби тәжірибесі оның нақты бір қылмыстық іс бойынша ойлау қызметінің өлшемі.

Қылмыстық істің нәтижесінде процессуалдық қорытындылармен жанасқан судьялардың құқықтық сана-сезімі оның соттық талқылау мен процессуалдық шешім қабылдау кезіндегі заң талаптарын қатаң қолдануды бағдарға ала отырып, оның ішкі құнды-нормативті жүйелерінің маңызын арттыра түседі.

Психологиялық аспектідегі процессуалдық шешім қабылдау механизмінің бірінші буыны судьялардың танымдық қызметі болып табылса, екіншісі – басты сот талқылауының нәтижесіне қарай қылмыстық іс жүргізу заңымен белгілі бір процессуалдық шешім қабылдаумен байланысқан, үкіммен шешуге жататын мәселелер мен дәлелдеу пәнін игерудің қажетті деңгейіне қол жеткізу жөніндегі сенімі, үшінші буыны – оларды процессуалдық өткізу актісі, яғни белгілі бір процессуалдық шешім қабылдау (үкімдер, істерді қосымша тергеуге қайтару немесе іс бойынша өндірісті тоқтату туралы қаулылары).

Үкімнің заңдылық және негізділік талаптары – бұл сот төрелігі міндеттеріне негізделген сот төрелігі актісінің қасиеті ғана емес, басты сот талқылауына қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сот төрелігін жүргізу кезінде ар-намысы мен адамгершілігін қорғаудың елеулі кепілі болып табылады. Тұлғаның адамгершілігін құрметтеу – қылмыстық іс жүргізудің маңызды қағидасы.

Істерді тергеу, қарау және шешу және үкім қабылдау кезіндегі қылмыстық іс жүргізу заңдарын сақтау, сондай-ақ қылмыстық саралау, қылмыскерді жазалау мен қылмыспен келтірілген шығынның орнын толтыру, сондай-ақ қылмыстық іс бойынша пайда болған өзге де мәселелерді шешу кезіндегі қылмыстық және басқа да заңдарды дұрыс қолдана білу - үкімнің заңдылығын сипаттайды.

Үкімнің негізділігі ұғымы қылмыстық іс бойынша анықтауға жататын мәселелердің дұрыс шешімімен байланысты.

Үкімде шешуге жататын мәселелерді сол сот шешімінің негіздері деп қарастыруға болады.

Қылмыс оқиғасы туралы, қылмыстық жауапқа тартылған адамның кінәлілігі туралы, оны жазалау туралы, сондай-ақ өзге де мәселелердің шешімі үкімнің мазмұнын құрайды. Оның бәрі де сот тергеуі барысында анықталған мән-жайларға дұрыс сай келуі тиіс. Ол үшін мыналар қажет: үкім істің жан-жақты әрі толық зерттелгенін және заңды жолмен жиналған дәлелдемелерді зерттеуге негізделген болуы керек; үкімдегі соттың қорытындысы істегі барлық дәлелдемелердің жиынтығы мен өзара байланыстарына негізделген болуы керек; іздеген фактілер дұрыстығының, қисынға қайшы келуінің болуы немесе болмауы туралы соттың қорытындысы болуы керек.

Үкімнің негізділігі оқиғаның дұрыстығы арқылы айыпталушының кінәлілігін анықтауды ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесіне сәйкес, оны жасаған адамға әділетті жаза тағайындауды қамтиды.

Үкімнің заңдылығы мен негізділігінің арасында өзара байланыстар болады. Ол - әрбір заңды күшіне енетін сот төрелігі актілерінің ие болатын сот әділдігінің екі жағы. Осыған орай үкім объективті шындыққа ие болатындай әділетті (яғни заңды және негізді) болуы мүмкін. М.С. Строгович, «заңдылық пен негізділік – бұл сот үкімінің өте қажетті, іс жүзінде байланысқан екі қасиеті, және оларды әрине бір-бірінен айыруға болмайды», деп дұрыс көрсеткен. Мәселен, қылмыстық заңды дұрыс қолданбаған жағдайда (мысалы, қылмысты дұрыс сараламаған жағдайда) қылмысты теріс саралау сот талқылауы барысында анықталған мән-жайларына сәйкес келмейді де, үкім заңсыз, сонымен бірге негізсіз болып саналады. Қылмыстық іс жүргізу заңдарын өрескел бұзу кезінде де үкім заңсыз әрі негізсіз болып есептеледі. Қылмыстық іс жүргізу құқығы істің толық және жан-жақты зерттелуіне және дұрыс шешілуіне кепілдік бере отырып, қылмыстық істердің тергелуі мен қаралуы тәртібін қамтамасыз етеді. Заңмен қарастырылған тәртіпті бұзу істің толық зерттелмеуіне әкеп соғады және осындай жағдайдағы шығарылған үкімді әділетті деп санауға болмайды. Егер сот заңның тиісті талаптарын бұза отырып, өздерінің үкімін сот талқылауында қаралмаған және тексерілмеген, алдын ала тергеу материалдарына негізідейтін болса, үкім заңсыз және негізсіз деп табылады.

Үкімде шешуге жататын барлық мәселелердің заңды және негізді шешілуі судьялардың басты сот талқылауында зерттелген дәлелдемелердің жиынтығын бағалап, осы мәселелер жөнінде дұрыс білімі бар екендігін көрсетеді.

Үкімнің әділеттілігі жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесін және кінәлі тұлғаның әлеуметтік мәнінің анықталғанын білдіреді.

Үкімнің әлеуметтік әділеттілік талаптарына сай келуі, сондай-ақ оны шығарар кезінде судьялардың осы іс бойынша пайда болған болжамдарды бағалауы мен тексергенін, іске қатысты сотталушы мен оның қорғаушысының өтініштерін қанағаттандыратындығын, сот талқылауына қатысушылардың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтірмегенін, қаралған іс бойынша өзінің қорытындыларын негізді және толық келтіріп отырғанын, сот талқылауы мен үкімнің құқықтық мәдениетке сай екендігін білдіреді. Бұл тұрғыда, айыптау ғана емес, ақтау үкімі де әлеуметтік әділеттіліктің жоғары талаптарына сай болуы керек.

Заңдылық пен негізділік – бұл үкімнің бір-бірінен ажыратылған қасиеті емес, сот төрелігі ретіндегі ішкі жағынан тығыз байланысқан, диалектикалық толықтырушы қасиет. Тек қана заңды әрі негізделген үкім сот әділдігі мәселелерін шеше алады.



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ


  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы, 2006.

  2. Строгович М.С. Проверка законности и обоснованнсти судебных приговоров. – М., 1956. – 189 с.

  3. Халиков К.Х. Проблемы судебной власти в Республике Казахстан (теоретические и уголовно-процессуальные исследование): дис…д-ра юрид. наук. – Алматы, 1998.

  4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі. – Алматы, 2006.

  5. Мами К.А. Конституционная законность и судебная власть в Республике Казахстан: Основные тенденции и приоритеты. – М.: Наука, 2004. – 310с.








Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет