Жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің банкроттығы туралы

Loading...


бет1/6
Дата18.02.2017
өлшемі153.08 Kb.
  1   2   3   4   5   6
Жоба

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ


Жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің банкроттығы туралы
Осы Заң кредиторлар талаптарын жеке тұлға мен дара кәсіпкер толық көлемде қанағаттандыруға дәрменсіз болған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, борыштарды қайта құрылымдау және жеке тұлға мен дара кәсіпкерді банкрот деп тану рәсімін қолдану және оларды банкрот деп тану негіздерін белгілейді, сондай-ақ борыштарды қайта құрылымдау және банкроттық рәсімдерін жүргізудің тәртібі мен шарттарын айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      


1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
1) дәрменсiздiк – кредиторлардың ақшалай мiндеттемелер бойынша талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбекақы төлеу бойынша есеп айырысуды жүргiзуге, салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеудi қамтамасыз етуге борышкер- жеке тұлғаның немесе дара кәсіпкердің сот белгiлеген қабiлетсiздiгi;

2) банкрот – дәрменсiздiгi заңды күшіне енген сот шешімімен белгiленген борышкер- жеке тұлғаның немесе дара кәсіпкер;

3) банкроттық – борышкер-жеке тұлғаның немесе дара кәсіпкердің сот шешiмiмен танылған, оның мүлкін өткізуге негiз болып табылатын дәрменсiздiгi;

4) банкроттық рәсімі – кредиторлардың талаптарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен банкроттың мүліктік массасы есебінен қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын рәсім;

5) әдейi банкроттық – борышкердің жеке мүдделері үшін немесе өзге де тұлғалардың мүдделерi үшін төлем қабiлетсiздiгiн қасақана жасау немесе ұлғайту;

6) борышкер – төлем қабiлетсiздiгi оларға осы Заңда көзделген рәсiмдердi қолдануға негiз болып табылатын жеке тұлғаның немесе дара кәсіпкер;

7) қаржы әкімшісі – банкроттық рәсімін жүзеге асыру үшін сот тағайындаған адам;

8) мүліктік масса – банкроттық рәсімінде өндіріп алу қолданынуы мүмкін борышкердiң мүлкі;

9) әкімшілік шығыстар – банкроттық рәсіміне бастамашылық жасауға және оларды жүргізуге байланысты шығыстар;

10) жалған банкроттық – кредиторларға тиесілі төлемдердің мерзімін кейінге қалдыру немесе ұзарту немесе борыштардан жеңілдіктер алу үшін, сол сияқты борыштарды төлемеу үшін кредиторларды жаңылыстыру мақсатымен жеке тұлға мен дара кәсіпкердің өзiнiң төлем қабілетсіздігі туралы көрінеу жалған хабарлауы;

11) кепiлдi кредитор – талаптары борышкердiң мүлкiн кепiлге салумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер бойынша кредитор;

12) кредитор – салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша мiндеттемелердi қоса алғанда, борышкерге азаматтық-құқықтық және өзiнiң өзге де мiндеттемелерiнен туындайтын мүлiктiк талаптары бар тұлға;

13) кредиторлар талаптарының тізілімі – осы Заңда белгіленген тәртіппен борыштарды қайта құрылымдау немесе банкроттық рәсімдерінде қалыптасатын, мөлшері, негіздері мен туындау күні көрсетіле отырып, кредиторлардың борышкерге қоятын талаптарының тізбесі;

14) уәкілетті орган – банкроттық саласында (банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын және жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда) мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

15) борыштарды қайта құрылымдау – борышкердің төлеу қабілеттілігін қалпына келтурі және борыштарды қайта құрылымдау жоспарына сәйкес кредиторлар алдындағы берешекті өтеу мақсатында банкроттық туралы істе қолданылатын рәсім.

2-бап. Қазақстан Республикасының жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің банкроттығы туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің банкроттығы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгендегіден өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

         

3-бап. Осы Заңның қолданылу ерекшелiктерi
1. Осы Заң қазыналық жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің банкроттығы туралы iстерге қолданылады.

2. Борыштарды қайта құрылымдау және жеке тұлға мен дара кәсіпкердің банкроттығы туралы iстердi мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар осы Заңда белгiленген ерекшелiктерімен азаматтық сот iсiн жүргiзудiң жалпы қағидалары бойынша қарайды.


4-бап. Банкроттықты тану
1. Жеке тұлға мен дара кәсіпкердің банкроттығы оның сотқа берген өтiнiшi негiзiнде ерікті түрде белгiленедi.

2. Жеке тұлға мен дара кәсіпкердің тың банкроттығы оның кредиторының (кредиторларының) немесе осы Заңмен уәкілеттік берiлген өзге де тұлғалардың сотқа берген өтiнiшi негiзiнде мәжбүрлі түрде белгiленедi.

3. Жеке тұлға мен дара кәсіпкерлердің дәрменсiздiгi оны сот тәртiбiмен банкрот деп жариялау үшін негiз болып табылады.

Дәрменсiздiк фактiсiн анықтау кезiнде борышкер жеке тұлға мен дара кәсіпкердің орындау мерзiмi басталған, сондай-ақ орындауға қабылданған және (немесе) орындалып жатқан мiндеттемелерi ескерiлуге тиiс.


5-бап. Жеке тұлға мен дара кәсіпкердің банкроттығы туралы істе қолданылатын рәсімдер


  1. Жеке тұлға мен дара кәсіпкердің банкроттығы туралы істі қарау кезінде азаматтың борыштарын қайта құрылымдау және мүлкін өткізу қолданылады.

2. Бітімгершілік келісім жасасу жеке тұлға мен дара кәсіпкердің банкроттығы туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға негіз болып табылады.
6-бап. Әдейi және жалған банкроттық үшін жауаптылық
1. Егер жеке тұлғаның немесе дара кәсіпкердің сотқа банкрот деп тану туралы өтініші жалған банкроттық мақсатында берілсе, онда кредиторлар борышкерден келтiрiлген залалды өтеудi талап етуге құқылы.

2. Қаржы әкімшісі банкроттық рәсімдері барысында жеке тұлғаның немесе дара кәсіпкердің әдейі банкроттығы фактілері анықталған жағдайда, бір ай мерзімде банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша банкрот мүлкінің жеткіліксіз болуына қарай қанағаттандырылмай қалған кредиторлар талаптарын өндіріп алу туралы осындай азаматқа қатысты қуыныммен сотқа жүгінуге міндетті, ал кредиторлар осылай етуге құқылы.

3. Қаржы әкімшісі әдейi немесе жалған банкроттық белгiлерi анықталған кезден бастап бір ай мерзімде банкрот борышкерді Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа тарту үшiн құқық қорғау органдарына жүгiнуге мiндеттi.
7-бап. Борышкердiң мәмiлелерiн жарамсыз деп тану және мүлiктi қайтару
1. Егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мәмілелер, егер оларды борышкер азамат немесе ол уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және осы Заңда көзделген негiздер болған кезде банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде жасасқан болса, жарамсыз деп танылады.

2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделгендерден өзге мәмілелердің жарамсыздығына мыналар негіз болып табылады:

1) егер мәміле салдары қаршы шығындарына әкеп соқса, жасалған мәміленің бағасы және (немесе) борышкердің жағдайын айтарлықтай нашарлататын өзге де жағдайлар;

2) мүліктің өтеусіз (оның ішінде уақытша пайдалануға) не борышкердің жағдайын айтарлықтай нашарлататын баға бойынша не кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып негізсіз берілген;

3) егер банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін алты ай ішінде жасалған мәміле бір кредитордың талаптарын басқаларына қарағанда артықшылықпен қанағаттандыруға әкеп соқтырса;

4) егер осындай мәміленің оңалту немесе банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін бір жыл бұрын жасалған мәмілелерден айтарлықтай айырмашылығы болса, борышкердің мүлкін сыйға тарту шарттары.

3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген мән-жайлар кезінде жасалған мәмілелер анықталған жағдайда, қаржы әкімшісі мұндай мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінуге, оның ішінде мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша жүгінуге міндетті.

4. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және осы бапта көзделген негіздер бойынша жұбайының (зайыбының) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген отбасы заңнамасына сәйкес ерлі-зайыптының ортақ мүлкі болып табылатын жұбайы (зайыбы) жасаған мәмілелер дауласуға жатады.

5. Ескіру мерзімі қаржы әкімшісі осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген негіздердің барлығы туралы білген немесе білуге тиіс болған кезден бастап есептеледі.

6. Мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішті қаржы әкімшісі кредиторлар жиналысы белгілеген мерзімде беріледі.


8-бап.  Шарттардың құқықтық режимі
1. Банкроттық туралы iс қозғау банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін борышкер контрагентінің бастамасы бойынша борышкер жасасқан шартты орындаудан біржақты бас тарту үшін негіз болып табылмайды және осы шарттың қолданысын тоқтатуға әкеп соқтырмайды. Тараптардың банкроттық туралы іс қозғалғанға дейін жасасқан, шартты орындаудан бас тарту және банкроттық туралы іс қозғау себебі бойынша осы шарттың қолданысын тоқтату туралы келісімі жарамсыз болады.

2. Қаржы әкімшісі мынадай мән-жайлардың бiреуi болған кезде:

1) шарт жақын туыстармен, жұбайымен (зайыбымен), жұбайының (зайыбының) жақын туыстарымен жасалса;

2) бұрын жасалған ұқсас шарттармен салыстырғанда шартта борышкерге ауыртпалық салатын жағдайлар болса;

3) шарт ұзақ (бір жылдан астам) мерзiмді болса не борышкердiң нәтижеге жетуi тек ұзақ мерзiмдi перспективаға есептелсе;

4) борышкердiң шартты орындауы қалған кредиторлар үшiн жағымсыз салдарларға әкеп соқтырады деп пайымдауға өзге де негiздер болса, банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiн борышкер жасасқан, екi тарап толық немесе iшiнара орындамаған шарттарды орындаудан бас тартуға құқылы.

3. Банкроттық туралы іс қозғалған кезден бастап және банкроттық туралы істі тоқтату туралы сот ұйғарымы не борышкерге борыштарды қайта құрылымдау рәсімін қолдану немесе борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін борышкер мен оның кредиторлары арасындағы өзара талаптарды есепке алуға жол берілмейді.

Қаржы әкімшісі, егер талаптарды есепке алу кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезектілігін бұзбаса, басқа тұлғалар тартылмай, тікелей, өзара негізде болып табылса, талаптарды есепке алу туралы кредиторға мәлімдеуге міндетті. Ақшаны төлеу туралы талаптар бойынша ғана есепке алуға жол беріледі.


     4. Электр және жылу энергиясын, су шаруашылығы және кәріз жүйелері, байланыс жөніндегі, сондай-ақ борышкердің мүлкін қорғау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді беруші банкроттық туралы істі қозғау деп тану себебі бойынша борышкермен жасалған шарттан бас тартуға құқылы емес. Банкроттық туралы іс қозғалғаннан кейін осы шарттарды орындауға байланысты шығыстар әімшілік шығыстар үшін көзделген тәртіппен өтеледі.

  


      9-бап. Қаржы әкімшісі


  1. Жеке тұлға мен дара кәсіпкердің банкроттығы туралы іске қаржы әкімшісінің қатысуы міндетті блып табылады.

  2. Жеке тұлға мен дара кәсіпкердің банкроттығы туралы іске сот таағайындаған қаржы әкімшісі «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарға, борышкердің банкроттығы туралы іске оның бекітілуі мақсатында төрелік басқарушыға қойылатын талаптарға сәйкес келуге тиіс.

  3. Қаржы әкімшісіне сыйақы осы Заңның 10-бабында белгіленген тіркелген сома және пайыздар сомасы мөлшерінде төленеді.

  4. Қаржы әкімшісі:

1) сотқа беруге, оның ішінде борышкер атынан беруге, осы Заңда көзделген негіздер бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы өтінішті беруге;

2) кредиторлардың талаптарына қатысты наразылық мәлімдеуге;

3) дау нысанасына қатысты дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлға ретінде мүлікке қатысты даулар (оның ішінде борышкердің немесе борышкердің пайдасына ақша өндіріп алу туралы, борышкерге не борышкердің пайдасына мүлікті талап ету немесе беру туралы) бойынша барлық соттарда борышкердің жағын жақтап қатысуға;

4) мемлекеттік билік органдарынан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан борышкердің мүлкі туралы ақпаратты алуға;

5) борышкерден борышкердің борышын қайта құрылымдау жоспарын орындау бойынша өз қызметі туралы ақпаратты талап етуге;

6) осы Заңда көзделген жағдайларда, борышкердің мәмілелері мен шешімдерін алдын ала келісу туралы мәселені шешу үшін кредиторлар жиналысын шақыруға;

7) сотқа борышкердің мүлкін сақтауды қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдау туралы, сондай-ақ осындай шаралардың күшін жою туралы қолдаухатпен жүгінуге;

8) осы Заңда белгіленген тәртіппен борышкердің мәмілелерді орындауынан бас тартуын мәлімдеуге;

9) заңнамада белгіленген тәртіппен кредиттік ұйымдардан ақпарат алуға;

10) осы Заңда белгіленген өзіне жүктелген міндеттерді орындауға байланысты өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

5. Қаржы әкімшісі:

1) борышкердің мүлкін анықтау және сол мүліктің сақталуын қамтамасыз ету бойынша шараларды қабылдауға;

2) борышкердің қаржылық жай-күйіне талдау жүргізуге;

3) әдейі және жалған банкроттықтың белгілерін анықтауға;

4) кредиторлар талаптарының тізілімін жүргізуге;

5) осы Заңға сәйкес кредиторлар жиналысының өткізілуі туралы кредиторларды хабардар етуге;

6) осы Заңға сәйкес кредиторлардың жиналысы құзыретіне жатқызылған мәселелерді қарау үшін кредиторлардың жиналысын шақыруға және (немесе) өткізуге;

7) кредиторларды борышкердің борышын қайта құрылымдау немесе борышкердің мүлкін өткізуді енгізу туралы хабардар етуге;

8) жеке тұлға немесе сәйкесінше дара кәсіпкер ұсынған борышкердің борышын қайта құрылымдау жоспарын орындау барысы туралы есептерді қарауға және кредиторлар жиналысына борышкердің борышын қайта құрылымдау жоспарының орындалу барысы туралы қорытынды беруге;

9) борышкердің борышын қайта құрылымдау жоспарының орындалу барысын бақылауды жүзеге асыруға;

10) борышкердің кредиторлардың ағымдағы талаптарын уақытылы орындауын, кредиторлардың талаптарын өтеуге ақша қаражатын уақытылы және толық көлемде аударуын бақылауды жүзеге асыруға;

11) кредиторларға, егер кредиторлар жиналысында өзгеше белгіленбесе, айына кемінде бір рет есеп жіберуге;

12) осы Заңның 7-бабына сәйкес мәмілелердің жарамсыздығын анықтау бойынша шаралар қабылдауға;

13) осы Заңда көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

6. Борышкер қаржы әкімшісіне оның талабы бойынша өз мүлкінің құрамы, сол мүліктің орналасқан жері, өз міндеттемелерінің құрамы, кредиторлары туралы және борышкердің банкроттығы туралы іске қатысы бар өзге де мәліметтерді бұл туралы талапты алған күннен бастап он күн ішінде беруге міндетті.

Борышкер көрсетілген міндетті орындамаған жағдайда, қаржы әкімшісі сотқа дәлелдемелерді талап ету туралы қолдаухат жібереді, соның негізінде процестік заңнамада белгіленген тәртіппен сот қаржы әкімшісіне жауаптарды алу құқығымен сұрау салу жібереді.

Мүлікті, мүліктік құқықтарды немесе мүліктік міндеттерді, мүлкінің мөлшері туралы мәліметтерді, оның орналасқан жерін немесе мүлкі, мүліктік құқықтары немесе мүліктік міндеттері туралы өзге де мәліметтерді жасыру, мүлікті иеленуге басқа адамдарға беру, мүлікті иеліктен шығару немесе жою, сондай-ақ қаржы әкімшісінің қызметіне заңсыз кедергі келтіру, оның ішінде қаржы әкімшісіне осы Заңда көзделген жағдайларда мәліметтерді беруден, қаржы әкімшісіне өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті құжаттарды беруден жалтару немесе бас тарту ҚР заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.

7. Қазақстан Республикасының заңдарыда белгіленген жағдайларды қоспағанда, жеке, коммерциялық, қызметтік, банктік, өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын және қаржы әкімшісі өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алған мәліметтер жариялануға жатпайды.

Қаржы әкімшісі жеке, коммерциялық, қызметтік, банктік, өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жариялағаны нәтижесінде келтірілген зиянды өтеуге міндетті.

Сот борышкердің борышын қайта құрылымдауды аяқтау немесе борышкердің мүлкін өткізу туралы ұйғарымды шығарған күннен бастап қаржы әкімшісінің өкілеттіктері тоқтатылады.


     10-бап. Қаржы әкімшісінің сыйақысы
1. Қаржы әкімшісінің негізгі сыйақысы борышкердің мүлкінен төленеді және мерзімінің ұзақтығына қарамастан, рәсімді өткізудің бүкіл кезеңіне тіркелген болып табылады.

Қаржы әкімшісінің негізгі сыйақысының мөлшерін және оны төлеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

2. Қаржы әкімшісіне қосымша сыйақы борышкердің мүлкінен кредиторлар жиналысының шешімі негізінде осы тармақта белгіленген шектерде заңсыз шығарылған мүлік қайтарылған және осындай мүлікті немесе мәмілелерді анықтау бойынша қаржы әкімшісі жүргізген жұмыс нәтижелері бойынша мәмілелер жарамсыз деп танылған жағдайларда және дебиторлық берешек өндіріп алынған жағдайда тиісінше қайтарылған мүліктің және берешектің өндіріп алынған сомасының үш пайызы мөлшерінде төленеді.


11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жеке тұлға мен дара кәсіпкердің  банкроттығы саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңда көзделген функцияларды және өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясымензаңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
12-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi
Уәкiлеттi орган:

1) борыштарды қайта құрылымдау және борышкердің банкроттығы рәсiмiнің жүргiзiлуiн мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;

2) қаржы әкімшісінің – борышкердің банкроттығы рәсiмiнің жүзеге асырылу барысы туралы, банкроттық рәсімінің жүргiзілу барысы туралы ағымдағы ақпаратын қарайды;

3) қаржы әкімшісінің қорытынды есебiнiң нысандарын бекiтедi;

4) борышкердiң мүлкiн (активтерiн) сату бойынша электрондық аукционды өткізу тәртiбiнiң сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

5) жалған және әдейi банкроттық белгiлерiн анықтайды;

6) қаржы әкiмшiсінiң iс-әрекеттерiне жасалған шағымдарды қарайды;

7) осы Заңның 7-бабына сәйкес көзделген мәмiлелердiң жарамсыздығын анықтау бойынша шаралар қабылдайды;

8) әкімшілерді есепке алу, оларды тағайындау және шеттету тәртібін, сондай-ақ әкімшінің біліктілігін арттыру тәртібін айқындайды;

9) борыштарды қайта құрылымдау жоспарының тиімділігі (тиімсіздігі) туралы қаржы әкімшісі қорытындысының үлгі нысандарын бекітеді;

10) мемлекеттiк органдардан, заңды тұлғалардан және олардың лауазымды адамдарынан төлемге қабiлетсіз және дәрменсiз борышкерлер туралы ақпаратты сұратады және алады;

11) қаржы әкімшісіне банкрот деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар тұлғаның банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы ақпаратты ұсынады;

12) осы Заңды бұзушылықтар анықталған жағдайда қаржы әкімшісінің шешiмдерi мен әрекеттерiн (әрекетсiздiгiн) сотта даулайды;

13) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелердi қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсетедi;

14) заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасайды және олар туралы iстердi қарайды, өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк жазалар қолданады;

15) өз құзыреті шегінде жеке тұлғаның, оның ішінде дара кәсіпкердің банкроттығы рәсімдерін енгізу, жүргізу және тоқтату жөнінде түсініктеме беру мен түсіндіруді жүзеге асырады және береді;

16) борышкердің қаржылық жағдайы туралы қаржы әкімшісі қорытындысының үлгі нысандарын бекітеді;

17) уәкілетті органның интернет-ресурсында оларды банкрот деп тану туралы сот шешімдері заңды күшіне енген банкроттардың тізімін уақытылы жариялайды.

       

2-тарау. Бітімгершілік келісім
13-бап. Бітімгершілік келісім жасасуға байланысты жеке тұлға мен дара кәсіпкердің  банкроттығы туралы істі тоқтату
1. Жеке тұлға мен дара кәсіпкердің банкроттығы туралы іс бойынша іс жүргізу барысында жасалған бітімгершілік келісім кредиторлардың және уәкілетті органның бітімгершілік келісім жасасу туралы шешім қабылдаған кредиторлар жиналысын өткізу күнінде кредиторлардың талаптары тізіліміне енгізілген талаптарға қолданылады.

2. Қаржы әкімшісі, борышкер және кредитор арасындағы бітімгершілік келісімді келісу мәселесі бойынша келіспеушілікті сот қарайды.

3.Бітімгершілік келісімді сот бекітеді.

4. Бітімгершілік келісім жасасқан жағдайда борышкердің борыштарын қайта құрылымдау жоспарын орындау, сондай-ақ кредиторлар талаптарын қанағаттандыруға мораторий қолданысы тоқтатылады.

5. Бітімгершілік келісім жасасуға байланысты борышкердің банкроттығы туралы іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған күннен бастап:

1) қаржы әкімшісінің өкілеттіктері тоқтатылады;

2) борышкер немесе бітімгершілік келісімге қатысатын үшінші тұлға кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге кіріседі.

6. Бітімгершілік келісім талаптарының бұзылуына байланысты борышкердің банкроттығы туралы іс бойынша іс жүргізу жаңартылған жағдайда борышкер банкрот деп танылады және борышкерге қатысты оның мүлкін өткізу енгізіледі.


3-тарау. Кредиторлар

14-бап. Жеке тұлға мен дара кәсіпкердің  банкроттығы рәсімдеріне кредиторлардың қатысуы
      1. Борышкердің банкроттығы рәсімдері барысында барлық кредиторлардың мүдделерін осы Заңға сәйкес құрылатын кредиторлар жиналысы білдіреді.

      2. Борышкердің банкроттығы туралы іс қозғалған кезден бастап кредиторлар осы Заңда белгіленген тәртіппен ғана өздерінің талаптарын қанағаттандыру мақсатында борышкерге және (немесе) қаржы әкімшісіне жүгінуге құқылы.

      3. Кредитор борыштарды қайта құрылымдау және банкроттық рәсімдерін жүргізу барысында соттың шешіміне, қаржы әкімшісінің әрекетіне егер аталған шешімдер немесе әрекеттер оның заңды мүдделеріне нұқсан келтірсе шағымдануға құқылы.

       


15-бап.  Кредиторлар жиналысы
Борыштарды қайта құрылымдау және банкроттық рәсімі кезінде кредиторлар жиналысына қатысу құқығы кредиторлар жиналысын өткізу күні талаптары кредиторлар тізіліміне енгізілген кредиторларға тиесілі.


16-бап. Кредиторлар жиналысын шақыру тәртібі
1. Кредиторлар жиналысын ұйымдастыруды және өткізуді осы Заңда көзделген жағдайларда борышкер немесе қаржы әкімшісі жүзеге асырады.

2. Кредиторлар жиналысы:

1) борышкердің;

2) қаржы әкімшісінің;

3) кредиторлар комитетінің;

4) талаптары тізілімге енгізілген кредиторлар талаптарының жалпы сомасының кемінде он пайызын не кредиторлардың жалпы санының кемінде он пайызын құрайтын кредиторлардың бастамашылығы бойынша шақырылуы мүмкін.


17-бап. Кредиторлар жиналысын өткізу туралы ақпараттық хабар
      1. Осы Заңның мақсаттары үшін кредиторларға, сондай-ақ кредиторлар жиналысына қатысуға құқығы бар өзге де тұлғаларға кредиторлар жиналысы өткізілетіні туралы хабардың кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмей пошта арқылы тапсырыс хатпен жіберілуі тиісінше хабардар ету болып танылады. Егер кредиторлар саны елуден астам болған жағдайда, кредиторлар жиналысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік жиырма күннен кешіктірілмей, кредиторлар жиналысы өткізілетіні туралы хабарландырудың уәкілетті органның интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялануы тиісінше хабардар ету болып танылады.

Тұрақты немесе көбіне тұратын немесе орналасқан жері бойынша жеке хабардар ету үшін қажет мәліметтерді анықтау мүмкін болмаған кезде не мұндай хабардар ету мүмкін болмайтын өзге де мән-жайлар болған кезде кредиторлар жиналысының өткізілетіні туралы мәліметтерді осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен жариялау мұндай адамдарды тиісінше хабардар ету деп танылады.

Осы тармақтың күші банкроттық рәсімі кезінде кредиторлардың алғашқы жиналысын өткізу туралы кредиторларды хабардар етуге қолданылмайды.

Кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарлама кредиторларға жіберілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қаржы әкімшісі уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыру үшін кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарламаны қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті органға жібереді.


      Уәкілетті орган хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оны өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.

2. Кредиторлар жиналысын өткізу туралы хабарда мынадай мәліметтер:

1) борышкердің атауы, заңды мекенжайы;

2) кредиторлар жиналысының өткізілетін күні, уақыты мен орны;

3) кредиторлар жиналысының күн тәртібі;

4) кредиторлар жиналысының қарауына жататын материалдармен танысу тәртібі қамтылуға тиіс.

3. Кредиторлардың алғашқы жиналысын қоспағанда, жиналысқа тікелей қатысу мүмкін болмаған жағдайда, кредитор сырттай, оның ішінде пошта арқылы тапсырыс хатпен немесе электрондық тәсілмен дауыс беруге құқылы.

Егер кредитор сырттай дауыс беретін болса, ол бұл туралы борышкерге, қаржы әкімшісіне жиналыс өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауға тиіс.

Қаржы әкімшісі жиналыс өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей күн тәртібіне қатысты материалдарды осындай кредиторға танысу үшін жіберуге немесе ұсынуға міндетті.
18-бап. Кредиторлар жиналысының шешімдер қабылдауы
1. Борышкер немесе қаржы әкімшісі кредиторлар жиналысы ашылғанға дейін жиналысқа қатысушыларды тіркеуді жүргізеді.

2. Кредиторлар жиналысы оған сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген және кредиторлар жиналысын өткізу күніне қанағаттандырылмаған кредиторлар талаптары жалпы сомасының елуден астам пайызын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда заңды болып табылады. Қайта шақырылған кредиторлар жиналысы кредиторлар жиналысының өткізілетін уақыты мен орны туралы кредиторлар тиісті түрде хабардар етілген жағдайда, оған кредиторлар талаптарының жалпы сомасының кемінде жиырма бес пайызын құрайтын дауыс санына ие кредиторлар қатысқан жағдайда заңды болып табылады.

3. Кредиторлар жиналысының шешімдері хаттамамен ресімделеді.

4. Кредиторлар жиналысының отырысын қатысып отырған кредиторлар арасынан сайланған төрағалық етуші жүргізеді. Хаттаманы қатысып отырған кредиторлар арасынан сайланатын хатшы жүргізеді. Төраға мен хатшы қарапайым көпшілік дауыспен сайланады. Хаттамаға төрағалық етуші, әкімші, хатшы жиналыс өткізілген күні қол қояды және ол борышкердің мөрімен (ол болған кезде) куәландырылады.

  5. Кредиторлар жиналысының шешімдері сырттай дауыс беретіндерді қоса алғанда, кредиторлар жиналысына қатысушы кредиторлардың дауыс санының көпшілік дауысымен қабылданады.

Қаржы әкімшісі кредиторлардың шешімдерді қабылдауы үшін әрбір кредитордың дауыс санын «талаптардың бір теңгесі – бір дауыс» қағидаты бойынша айқындайды.

Тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсімпұл), жіберіп алған пайда түріндегі шығындар, сондай-ақ өзге де мүліктік және (немесе) қаржылық санкциялар кредиторлар жиналысында дауыс санын айқындау мақсаттары үшін есепке алынбайды.

Кредитор талаптарының қанағаттандырылуына қарай оның дауыс саны қанағаттандырылған талаптар сомасына азаяды.

Борыштарды қайта құрылымдау жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралған кезде дауыс беруге осындай кредиторлармен бір кезек құрамында және (немесе) кейінгі кезектер құрамында талаптары қанағаттандырылуға жататын кредиторларды қоса алғанда, осындай өзгерістермен және (немесе) толықтырулармен мүдделері қозғалған кредиторлар қатысады.

Кредиторлар жиналысының борыштарды қайта құрылымдау жоспарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы шешімі, талаптары осындай кредиторлармен бір кезек құрамында және (немесе) кейінгі кезектер құрамында қанағаттандырылуға жататын кредиторларды қоса алғанда, осы өзгерістермен және (немесе) толықтырулармен мүдделері қозғалған кредиторлар дауыстары санының көпшілік дауысымен қабылданады.

6. Кредиторлар жиналысының хаттамасы үш данада жасалады, олардың біреуі оған қол қойылғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, екіншісі кредиторлар комитетіне беріледі, үшіншісі әкімшіде қалады.

Кредиторлар жиналысының хаттамасына:



  1. жиналысқа қатысушыларды тіркеу ведомосының;

2) жиналысқа қатысушыларға танысу және (немесе) бекіту үшін ұсынылған материалдардың;

3) кредиторлардың кредиторлар жиналысының өткізілетін күні мен уақыты туралы тиісінше хабардар етілгені туралы куәландыратын құжаттардың;

4) борышкердің немесе қаржы әкімшісінің қалауы бойынша өзге де құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2015
2015 -> Алгоритмнің анықтамасы Алгоритмнің қасиеттері
2015 -> Атты II халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысуға шақырады. Конференцияның мақсаты
2015 -> Қазақстандағы экологиялық зерттеулер
2015 -> Г нысаны. Жаңа әдісті енгізуге тапсырыс. ЖаңА Әдісті енгізуге арналған қҰжаттардың нысандары мен тізімі «Ғылыми-медициналық экспертизаны өткізу ережелеріне»
2015 -> Мектептегі әдістемелік жұмыстың мазмұны мен оны жоспарлау
2015 -> 3. «Мынадай әлеуметтік тәуекелдер жағдайларына әлеуметтік төлемдер тағайындау: еңбекке қабілеттілігін жоғалту, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүкті болу мен босануға байланысты табысынан айырылу,
2015 -> Директордың бейіндік оқыту жұмыс жөніндегі орынбасары
2015 -> Технологиялық коммерцияландыру стратегиясы
2015 -> 1. Инженерлі (кәсіптік) педагогика дегеніміз
2015 -> «Облыстық және аудандық маңызы бар, сондай-ақ елді мекендердегі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде сыртқы (көрнекі) жарнама объектісін орналастыруға рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...