Жаһандану үрдісінің Қазақстандағы этносаралық қатынастарға ықпалы А. У. Абдразакова Қорқыт Ата атындағы ҚМУ



жүктеу 57.14 Kb.
Дата18.02.2017
өлшемі57.14 Kb.
Жаһандану үрдісінің Қазақстандағы этносаралық қатынастарға ықпалы

А.У. Абдразакова

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

Қызылорда қаласы
Соңғы 30 жылдай мерзімде басталған жаһандану үдерісімен этносаралық және ұлттық мәселелерде айтулы өзгерістер орын алды. Патшалық Ресейде өзге ұлттарға қатысты жүргізілген әділетсіз ұлттық саясат Кеңестер Одағында ерекше қатыгездікпен жалғасын тапқан еді: депортация, репрессия, геноцид. Сонымен қатар айта кету керек орыстан басқа халықтардың этникалық ерекшеліктерін жойып, кеңестік халық деген бір қалыпқа салуды көздеген кеңестік билік тұсында КСРО территориясында бірқатар ұсақ халықтар өздерінің мәдениетін, тілін, ділін жоғалтып, бойына өзге ірі ұлттардың нышандарын сіңіре бастады[1,101]. Бұл ұлы державаның ұлттарға деген «қамқорлығының» нәтижесі деп айтуға келмес. Ал, ресейлік ғалымдардың пікірі осы мәселеге қатысты өзгеше болып тұр. Ресейлік этнолог, антрополог, тарихшы ғалым В.А. Тишковтың пікірі бойынша: Кеңес Одағы елдің көпұлтты құрамын сақтауға тырысты. ХХ ғасырда КСРО картасынан бірде бір этникалық топ жойылмапты[2,156]. Өркениетті дамыған мемлекеттерде аз санды халықтар қоғамның талаптарына сәйкес немесе күштеу аппаратымен көп санды басым ұлттың мәдениетін, тілін, дәстүрлерін еріксіз қабылдауға мәжбүр болып отырғаны тарихтан белгілі.Алып территорияны иемденгенімен қартайып бара жатқан ұлт ретінде қауіп төніп тұрғандықтан, өздерінің позициясынан айрылмау үшін Ресей үкіметі де, ғалымдары да қазіргі күні орыс тілінің посткеңестік кеңістікте сақталып қалуын ғана емес, ресми статусының болуын жіті қадағалауда. Бұл жерде өздерінің де діттеген мақсаттары бары айқын, оны ішіміз сезеді... Қош, интернационалдық ұлт саясатыменорыстандыру жамылғысын бүркемелеген КСРО ыдыраған соң тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасының алдында да КСРО құрамындағы бөтен республикалар сияқты «ұлт», «титулды ұлт», «ана тіл мәртебесі», «этносардың бірлігі», «этностардың татулығы» мәселесі күн тәртібіндегі мәселенің бірі болды. Бұл мәселені келесіммен шеше алмай, тығырыққа тіреліп жатқандарды да көріп отырмыз. Біздің жағдайымыз шүкір.

Қазақстан тәуелсіздігін жарияласымен осы мемлекетті құрушы негізгі ұлт болып табылатын қазақтардың тілін, мәдениетін қайта жаңғырту және Қазақстанның әрбір этносының мәдени, тілдік құндылықтарын қамтамасыз етуді мақсат еті. Алғашқы бес жылда мемлекет құрушы негізгі ұлт ретінде қазақ этносына біраз артықшылықтар берілген еді.Мемлекет құрушы ұлт сол мемлекеттің территориясында тарихи қалыптасқан және құрамы басқа ұлттарға қарағанда сан жағынан анағұрлым басым болуға тиіс. Мемлекет құрушы ұлт белгілі бір мемлекеттің халқының негізгі бөлігін құрайтын, мемлекеттің ресми атауы мен мәнін, бағыт бағдарын айқындаушы ұлт болып табылады.

1990 ж. 25 қазанда жарияланған «Қазақ КСР нің мемлекеттік егемендігі» туралы мәлімдемесінде қазақ халқы мемлекет құрушы ұлт деп танылды. 1993 ж. 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында да Қазақстан өзін өзі таныған, өз болмысын өзі анықтайтын қазақ ұлтының мемлекеті деп танылды. Ал, 1995 жылғы қабылданған жаңа Конституцияда Қазақстан халқын титулды немесе титулсыз деп бөлу жойылғандығы баяндалды. Алдағы күтілетін нәтиже - түрі, тілі, діні, мәдениеті әртүрлі болғанымен «мен қазақстандықпын» деген сананы қалыптастыру. Қазақстандық ұлт қазақ тілді ұлт болады деп сенеміз. Орыс тілі посткеңестік кеңістікте этносаралық тіл рөлін атқарғанымен, қазақстандық ұлтты құратын болсақ, мемлекет құрушы ұлттың тілі мемлекеттің халықаралық аренадағы беделі үшін ана тілінің мәртебесін қорғап қалу керек. Тілі жоқ халықтың өзі жоқ деп алаш ардақтылары айтқандай, халқының саны басымдыққа ие болып отырып, тілінің қолданыс аясынан шығып қалуына жол бермеуіміз керек. Бұл елдігімізге сын. Қазақстан бүгінгі күні саны 130 – дан астам әртүрлі этнос өкілдерінің өмір сүретін ортақ Отаны. Қазақстан этностардың тең құқылы саяси қоғамы. Қазақстан Республикасының Конституциясы этностық, нәсілдік, діни немесе өзге – де ерекшеліктеріне қарамастан, барлық азаматтардың мүдделерінің қорғалуына кепілдік береді.

ХУІІІ ғасырдағы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада», ХХ ғасырдағы кеңестік саясаттың салқынынан үштен екісінен айырылса да, тарих көшінен түсіп қалмай ХХІ ғасырға жеткен қазақ этносы жаһандану заманында жұтылып кетпеу қарекетін қамдануы қажет. Жаһандану жағдайында ғасырлар бойына сақталып, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылықтардың табиғи дамуына қауіп төнуде. Осы тарапында тарихшы ғалым Әбжанов Хангелді ағамыз: ХХ ғасырдың феномені тоталитарлық жүйе қазақ сияқты тәуелді халықтарды жалған идеологиямен уландырып, демографиялық азшылық қыспағына алу арқылы жат этностың өркениетіне мидай араластырып жіберу жолын ұстанса, ХХІ ғасырдағы өктемдік өзіңнен арзанға сатып алған байлығыңды қымбатқа қайта сатып, ішкізе жегізе отырып тұншықтырады екен. Бұлар мемлекеттің тәуелсіздігіне ашық түрде қол сұқпайды, қайта оны құрметтейтінін, тіпті қорғауға даяр екенін жапанға жариялайды, өзіңмен тең құқылы жандай келіссөздер де жүргізеді. Бірақ түпкі нәтиже біреу технологиялық кіріптарлығыңды пайдаланып, өзінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, моральдық, тағы басқа құндылықтарын таңу, соларды өмір салтына, ділге, дүниетанымыңа сіңіру»[3, 35-36] дей келіп ойын былай түйіндейді: Бүгінгі таңда шұғыл қолға алатын іс көлдей жайылып келе жатқан ғаламдануға кешенді бағдарламамен араласу. Ғаламдану жеке адамның ойлап тапқан жаңалығы емес. Ол объективті әлемдік құбылыс. Азаттық аясында енді ғана қанаттанып, қуатын жия бастаған ұлттық мәдениетіміз ғаламданудан қашпауға тиіс, қолдан келгенше табанында жаншылмай, пәрменді әрекетке кірісуіміз керек». [3, 40].

Ал енді, «Жаһандану деген не? Қазақстанға жаһандану не әкеледі» деген сұрақтарға көпшілігіміз нақты жауап бере алмаймыз. Сондықтан ең алдымен жаһанданудың мағынасын ашып алуымыз керек.Ұлттық энциклопедияның беретін анықтамасы: Жаһандану– ғаламдану, әлемдік ауқымдану, глобализация - жаңа жалпыәлемдік саяси, экономикалық, мәдени және ақпараттық тұтастық құрылуының үрдісі [4, 610].Белгілі ғалым Амангелді Айталы: «Жаһандану, мемлекетаралық байланыстарды тереңдетіп, тауар, білім, ақпарат, наным сенім, адамгершілік құндылықтар, табиғат қорғаумен қатар қарудың таралуы мен қылмыстың қарқынды даму мәселелерін көкейтесті етіп, мемлекеттер мүддесін жақындастырып отыр. Осыдан келіп жас мемлекеттер алдында қиын да күрделі таңдау тұр: күштілермен есептесу, сонымен бірге өз ұлттық болмысын, ар - намысын қорғау міндеті. Жаһандану процесі өз ілегіне көптеген ұлттарды еріксіз ертіп, жұтып алып, ұлттық тұғыры, тілі мен дінінен айырып, бірте - бірте экономикасы, тілі құдіретті ұлттарға сіңіп кету қаупін туғызды», - деп бағалайды. [5].

Әлемдік жаһандану үрдістері көптеген халықтардың этнос ретінде өздерінің ұлттық ерекшеліктерін дінін, тілін, ділін сақтауына мүмкіндік бермейді. Сондықтанқазір Қазақстан үшін ең жауапты кезең болып отыр. Жаһандану еркін ақпарат көздері арқылы қазақ халқының мәдениетіне, көпғасырлық дәстүрге, халық даналығына еш кедергісіз еркін әсер етуде.Батыс дүниетанымына еліктеп жастардың санасын улайтын түнгі клубтар, жезөкшелік, нашақолық көріністерінің кең етек жаюын тоқтатуымыз керек. Мұндай қасіреттен қорғайтын да, құтқаратын да ұлттық құндылықтарымыз,мәдениетіміз, салт –дәстүріміз. Басты мақсат - жаһандануға ұлт ретінде жұтылмас үшін жан - жақты білім алып, көп тілді меңгеру керек. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен»,- деген қанатты сөздер бүгінгі күні айрықша өзекті. Жаһанданудың жақсы жағын пайдаланып, жаман жағынан алыс болғанымыз жөн. Өз дінімізге, өз ұлтымызға, өз тілімізге, өз салтымызға берік болайық. Өркениетке ұлттық мәдениетімізді сақтай отырып барайық.

«Жаһанданудың да құбылыс ретінде, толып жатқан жетістігі мен толып жатқан кемшіліктері бар дей келіп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: Біздің мызғымайтын және дау дамайы жоқ өзекті ойымыз: ұлттың қауіпсіздігі мен мемлекеттігіміздің сақталуы.

Бұл ретте біз ақиқат халді мойындауға тиіспіз және негізінен өзімізге ғана, өзіміздің бай мәдениетімізге, адамгершілік және ресурстық мүмкіндіктерімізге табан тірегеніміз абзал. Біз әлемдік жалпақшешейлікке үміт артпауымыз керек. Қандай болғанда да, бүгінгі таңда барша ел атаулы үшін жалпы адамзаттық мүдде жолында өзінің ұлттық ішкі мүддесін шеттетудің әзірше ауылы алыстау».[6, 235-236].


Пайдаланған әдебиеттер:

1.Қазақстан. Ұлттық энциклопедия /Бас ред. Б.Аяған.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2007. – 704 бет. 10 т.

2.Тишков, В.А. Единство в многообразии: публикации из журнала «Этнопанорама» 1999-2008 гг. – Оренбург: Издательский центр ОГАУ, 2008.-184с.

3.Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан: тарих пен тағдыр. Мақалалар. - Алматы: «Кітап баспасы»ЖШС.- 2003-296 бет.

4. Қазақстан. Ұлттық энциклопедия /Бас ред. Ә. Нысанбаев.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2001. – 704 бет. 3 т.

5. Амангелді Айталы. Егемен Қазақстан. 2012. 14 қазан.



6. Назарбаев Н.Ә. Сындарлы он жыл. - Алматы: Атамұра, 240 бет.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет