Ж. С. Таласпаева



жүктеу 166.55 Kb.
Дата18.06.2017
өлшемі166.55 Kb.
УДК 811.512.122

М. ОРАЗБЕК

филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры

(Астана қ., Қазақстан)

Ж.С.ТАЛАСПАЕВА

филология ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

(Петропавл қ., Қазақстан)

Ж.Т.ҚАДЫРОВ

филология ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

(Петропавл қ., Қазақстан)

ЖЫРАУ ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
Мақалада Солтүстік-Қазақстан өңірінің тумасы, қазақ халқының ХҮІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ақын-жырау, халық батырларының бірі – Қожаберген Толыбайсыншыұлының дара тұлғасы, суреткерлік шеберлігі зерттеледі. Көркем әдебиеттегі теңеу мен қайталамалар туралы кейбір ой-пікірлер пайымдалып, жырау щығармаларындағы көркемдік-стильдік қызметіне талдау жасалады.

Кілт сөздер: көркемдеу тәсілдері, ұлттық құндылықтар, эстетикалық талғам, авторлық идея, образдық-бейнелі сөздер, тарихм оқиға.


Қазақ халқының ХҮІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХҮІІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ақын-жырау, әскери қолбасшы Қожаберген Толыбайсыншыұлы өз шығармаларында халықтық мұраны, дәстүрлі мәдениет, ұлттық тіл мүмкіндіктерін кең түрде қолданған. Өлең сөздің өрнектері өмір шындықтарын, әсіресе тарихи сипатта қалам тербеген жырау үшін сол замандағы ащы да болса шындықты, қиын да болса уақытты көрсетуге кеңінен зор мүмкіндік болды.

Қожаберген шығармаларының сипаты оның өзіне тән өлең өрнегін, мазмұн терендігін, тіл құнарын еркін танытатын сөз әлемінен құралады. Ақын шығармалары – бір ғана кезеңнің, өзі өмір сүрген ортаның, айнасы емес, олар заманалық мәселелерді жалпыадамзаттық қүндылықтар биігінен қозғаған қазыналы ойдың көркем өнер деңгейіне көтерілген сөз үлгілері. Көркем шығарма мазмұны мен пішінін ажарлап, оның эстетикалық әсерін күшейтуге қызмет ететін суретті сөздер үлгісінің ең бір айшықтысы - теңеу. «Қазақ теңеулері» атты еңбек жазып, теңеулерді арнайы зерттеген ғалым Т.Қоңыров: «Теңеу категориясы бүкіл бейнелеу, көркемдеу тәсілдерінің ішіндегі ең бастысы, ең пәрмендісі. Бейнелеу тәсілдерінің барлығы да өз бастауын осы теңеуден алды. Сондықтан болса керек белгілі бір ұлттық әдебиеттің бейнелеу, көркемдеу жүйесі, оның көркемдік ойлауының ұлттық ерекшелігі бүкіл бедерімен, күллі бояуымен теңеу категориясынан айқын көрініп тұрады» [1, 36 б.],- дейді. Ал З.Қабдоловтың «Сөз өнерінде»: «Мұнда суреткер заттың, құбылыстың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа затпен, құбылыспен салыстыра суреттейді»,-дейді [2, 224 б.].



Әрбір теңеу мейлінше айқын, суретті және орнымен қолданылғанда ғана құнды, көркем болмақ. Теңеу мағынасы жағынан да, ой-сезімге әсері жағынан да суреттеліп отырған құбылысқа, жағдайға жанасымды болуға тиіс. Теңеу сөздерді суреткер өзінің танымына, эстетикалық талғамына, авторлық идеясына сәйкес таңдап қолданады.

Жауынгер жырау жаудың сұсты, сұм келбетін көрсету үшін теңеуді орынды пайдалана білді. Қожаберген жырларының жаһұты саналатын «Елім-ай» жыры. Мұнда дауға түскен ата қоныс, туған жер үшін дал болған адал перзенттің жан айқайы ерекше теңеулермен беріледі. Соның барлығын шымыр шумақтар арқылы өзгеше, бөлек, үлгі жасап шеберлікпен ширықтыра бейнелейді.

Мылтықтың аузы жаман қара үңгірдей,

Шегінді ел еріксіз шама келмей.

Батыс, шығыс көршіден қару алып,

Қалмақ сұм болды өзінше әулиедей,- дей келе қазақтардың бір сәтке артқа шегініс жасағанын, жаудың да қалыспастай мықты екенін аңғартады.

Тасаттық беруге де мұршасы болмай,

Шұбырды ел бет-бетіне үріккен қойдай.

Қолданар жауға құрал аз боп,



Есіл жұрт ығып кетті-ау, тозып бордай [3,8 б.],- дей келе тыныш жатқан елді бүйректен алған жауға төтеп бере алмай, үріккен қойдай шошынып, жұрттың есі кетіп, тозып бара жатқанын айтады. Шұбырып, сан-саққа шашылған қазақ жұртын үріккен қойға теңейді. Қасіреттің нақты бейнесін жасайды. Қазақ халқының сол сәттегі арман, тілегі суреттеледі:

Басында Сұлу төбе мәжіліс құрған

Таба алмай ақыл-айла көп қиналған,

Бәрі де бір Алладан тілек етті,

Қалса деп аман болып шыбындай жан [3, 71 б.].

Жырау халқының көз алдында құлдырап, шарасызданған күйін шебер көрсетеді. Өзі туып өскен жер жәннатының жыл өткен сайын көз алдында талан-таражға түсіп, басқаның билігіне көшкелі, одан қала берді, келімсектердің табанында тапталуы жыраудың жанына жай таптырмайды. Ақтабан шұбырынды оқиғасы тұсындағы қазақ халқының нендей тірлікте күй кешкенін Қожабергеннен артық ешкім бізге жеткізе алған жоқ десек қате айтқандық емес. Себебі, жырдың өн бойында оның себептерін әрі қарай терендетіп ашқан сайын ақын образы да күрделене, толыға түседі.

Жалпы, Қожаберген шығармаларында теңеулік сипатта қолданылып тұрған сөздерді шартты түрде бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Ойды дәл, нақты, әсерлі жеткізу мақсатында алуан түрлі затқа тән қасиеттерді дөп басып, образды бейнеге айналдырады. Оның өзі оралымы орынды тіркес құрап тұрады [4, 89 б.]. Мәселен, адам характерін дәл сомдау үшін билік еткен хандардың бірі Әбілмәмбет сұлтанды:

Әбілмәмбет солқылдақ,

Ақ балықша борпылдақ.

Келіспейді ерлермен,

Қабандарша қорсылдап, - деп сұлтанның ұнамсыз бейнесін жасауда борпылдақ балыққа, қорсылдақ қабандарға теңеп, оны адам мінезімен шендестіреді.

Келімсектердің табанында тапталуы жыраудың жанына жай таптырмайды. Заманына қарап:

Байқап тұрсам заманға -

Көрші елдер ұқсайды қабанға,

Татулық жоқ, мейірім жоқ,

Жау болды адам адамға.

Мінетін тым болмаса өгіз болмай,

Азамат жаяу қалды ортаң қолдай.

Шабуылдады сұм қалмақ,

Қасқырша шапшып құтырған.. - дейді.

Негізінен, Қожаберген тілінде аң-құсқа теңеу жиі кездесіп жатады. Оның да себебі анық секілді, себебі сол замандағы жағдай даланың тағыларындай жүйткіген, асау, құрау салдырмастай еді. Аң патшасы – арыстаннан бастап, қорқақ қоянға дейін, оның арасында қасқыр, қабан да жырау шығармаларында жарасымды ой желісін құрайды. Қасқыр, қабан бейнесі арқылы заман келбетін танытса, қанша дегенмен нар түйе мен арыстан тегеурінді, алып, қайратты жануар болса да кей сәтте дәрменсіз дейді.

Майданда нар түйедей бақырғанмен,

Айбарлы арыстандай ақырғанмен.

Қорғасын оқты мылтықсыз күнің қараң,

Ұрандап жұртты ұрысқа шақырғанмен [3, 161 б.].

Теңеу сипатындағы енді бірқатар сөздер төрт түліктің
мінез-қылығымен жымдасып тұр. Мейлінше таныс, мейлінше жақын ұғымдар Қожабергеннің таңғажайып зергерлігін жаңа бір қырынан қамтиды. Төрт түлікке тән белгілерге қарай өлең өру бұрынғы да, кейінгі де сөз сүлейлерінде мол. Онда нар түйе де, ойнақшыған бота да, үріккен қой да бар. Оның әрқайсысы талауға түскен жерден опа таба алмай сенделген қалың тобырдың алуан түрлі жай-күйін бедерлі тілмен жеткізуде маңызды рөл атқарып тұр. Тарихпен байланыстырған да дұрыс. Яғни қолында қару-жарағы жоқ қазақтың дәрменсіздігін көрсеткен. Қазақтың жаумен соғысудағы әлсіздігін жырлаған. Тарихи себебі, салдары, күйініші беріледі. Әйтсе де Қожаберген оларды өзінше дәйектілікпен дәл қолданады.


Жырау жау бойындағы ерекше серпілісті, соғыстың қаншалықты ауыр түрде өтіп жатқанын, халыққа қаншалықты ауыр тиіп жатқанын су, жаңбыр, бұршақ, боран т.б. секілді аяусыз жауып, күннің ашық-жабығына қарамай тосыннан құяр жаңбырға, соғар бұршаққа теңеп, табиғат құбылыстарына қатысты теңеу сөздерді іріктеп, талғампаздықпен пайдаланған.

Айналды зор шайқасқа ұрыс соңы,

Жаңбырша жауып кетті қалмақ оғы...

Бұршақша қорғасын оқ жаудырды олар,

Қоярдай қалған елді бірден жалмап.

Сұм қалмақ Үш жүз қанын судай шашты,

Мылтығы көп болған соң күші асты [3, 54 б.].

Енді бірде, қамыққан көңілге медет табу үшін өткен жақсы да жайсаң, бейбіт күнді еске алады, еш уақытта үміттің үзілмеуін тілейді. Қайранда өткен кездерді: жайнаған гүлге, бәйшешекке, балғын сазанға, жарқылдаған алмасқа, жаңа өскен жас шөпке теңейді. Мұның астарында жап-жасыл болып жаңа бүршік жарып, жайқалып, өсіп-өніп келе жатқан елін қорғар нағыз ер азаматқа артылған сенім жатыр. Теңеулердің кең түрде қолданылуы да заңды. Себебі теңеулер халық шығармаларында ең көп жұмсалатын көріктеу құралдарының бірі. Жырдағы теңеулердің дені грамматикалық құрылымы жағынан қарағанда, -дай, -тай, - тей, - дей, - дайын, - дейін жұрнақтары арқылы жасалған.

Жайнаған гүлдей тұрмыс ғайып болып,

Дариға-ай, ойда жоқта болдық пақыр

Сазандай балғын өскен балалары,

Дүние-жиһаз толы қоралары.

Қолды боп жиған мүлкі ата жауға,

Үш жүздің көп қамықты шоралары.

Желкілдеп бәйшешектей қатар өскен,

Майданда қайрат қылып көзге түскен.

Асынған қару-жарақ көген көздер,

Қоршауды бұзып шыққай ерен күшпен.

Аман бол, ел қамқоры жақындарым,

Алмастай қан майданда жарқылдағын.

Жұрт қамын естеріңе ап, ескере жүр,

Бақ қонып, басылмасын қарқындарың! [3, 116 б.].

Өртеңге шыққан жас шөптей,

Еркелеп өскен ұлдарым,

Дұшпандарға бас име,

Құламасын тіккен туларың.

Ел қамқоры болар жақындарын жарқылдаған алмасқа теңеп, азаттық жолында тер төгуге шақырады. Қожаберген өлеңдеріндегі сындарлы ойға сымбаттылық дарытатын теңеу сөздер тобы табиғилығымен, тартымдылығымен ғана емес, тосындылығымен де өзгеше.

Адамның жас кезеңдері жөнінде толғаған философиялық мағынасы терең сап толғауында теңеу сөздер әрі ұйқасым жағынан, әрі мәнді мазмұн тұрғысынан түйдектеле әсерлі қолданысқа енген. Көкте қыран құстай самғаған, суға айдаған тозаңдай, от басардай болып ботадай ойнақтаған жырау ғұмыры, енді бұлдыраған сағымға, көрген түске теңеледі. Мысалы:

Сыпырған томағасын қыран құстай,

Самғаушы ем әр қияға кешкі тұрым

Жасымда жігіт болдым бойдақсыған,

Ботадай от басатын ойнақшыған

Жылқының суға айдаған тозаңындай,

Ол дәурен табылмай тұр біздің маңнан [5, 219 б.].

Сағымдай кездейсоқта бұлдыр қағып,

Дариға-ай, кете бардың бізден жеріп

Секілді қоламтадай бықсып жанбай,

Жастық шақ қызығыңа қалдық қанбай...

Өттің бе, есіл жастық көрген түстей,

Әркімнің шабытында бір тоят бар,

Жігіттік алғыр қыран құс секілді [3, 228 б.].

Жастықтың қадірін қартаң тартқанда сезініп, жігіттік шақ жүйрік те болса түлкі аларға жайы, қайраты болған алғыр қыран құс секілді дегенді айтады.

Әр халықтың өзін-өзі тануының бірден-бір құралы – тіл десек, ол халық тарихындағы дарынды тұлғалардың, әсіресе, өмірін сөзбен егіз деп қараған біртуар өнер иелерінің тапқыр да тағылымды, өрнекті орамдары арқылы байып, толығып, жетіліп отыратыны белгілі. Міне, осындай ойы терең қазына, ақылы дария сөз көсемі – Қожаберген жырау шығармашылығын зерделегенде, бұл түйіннің растығына тағы да бір көз жеткізуге әбден болады.

Лексикалық анафора мен эпифора – қайталама түрлерінің ішіндегі ең толымдысы, қызмет ауқымы орасан кең болып келетіні және әдеби тілдің стиль түрлерінің барлығына дерлік қолданылатыны.

Ғылым Қ.Жұмалиев лексикалық анафора мен эпифора жайында: «Анафора – сөйлем басында бір сөздің немесе сөз тіркесінің қайталанып келуі. Өлең шығармаларда сөйлемнің әсерлілігін күшейту үшін белгілі бір сөз, сөз тіркесі, жол, тармақ аяғында қайталанады да, эпифора деген атау алады»,- деп жазған [6,135б.].

Анафоралық және эпифоралық қайталамаларды сөз қолданудың оңтайлы тәсілі ретінде қарастырған академик М. Серғалиев болды. “Сөйлем басында бір сөздің немесе сөз тіркесінің қайталанып келуі кездейсоқ құбылыс емес. Олар неше рет қайталанып келсе де, тиісті стилистикалық қызмет атқарады. Осындай анафоралық қайталамадағы сөздердің әрқайсысының стилистикалық «жүгінің» салмағы біркелкі болып келе бермейді; әрқайсысының өзіндік қолданылу ерекшеліктері танылып отырады» [7,138 б.].



Жырау қолданысындағы қайталамалар жырдың мазмұны мен мәнін ашып, айтпақ болған ойын сан жаққа жіктеп, сонымен қатар композициялық құрылымын айқындауда да ерекше орын алады. Өзі өмір сүріп жатқан кезеңнің өзгергендігін, бұзылғандығын көрсету барысында эпифора тәсілін жиі қолданып отырған. Мысалы,

Бұл заман,қай-қай заман, бағзы заман,

Болар ма баяғыдай тағы заман.

Немесе:

Бұл заман қай-қай заман - қасқыр заман,



Көрші ел жоқ қазақтарға қас қылмаған.

Қайталау асқақ арман, бірде жауға шапқан қасқырдай, дала тағысындай болып өрістейді. Жырау қайталамаларды қолданғанда тыңдаушы назарын ерекше өзіне аударып алады да, кейін барып бірден заманын жырлай бастайды. Ол бұрыннан аты аңызға айналған Асан Қайғы, Бұқар жырау, Ақтамберді секілді от ауызды, орақ тілді бабаларымыздың өлең өрнегімен ұқсас болып келеді. Мысалы: Бұқар жыраудың «Ей-заман-ай, заман-ай», Асан Қайғының «Ұсар ма билер, ұсар ма?», Ақтамберді жыраудың «Бұлан да бұлан, бұлан сан» т.б. өлеңдері.



Жалпы, қара өлең фольклорда ерекше өнер түрі ретінде танылған. Қазақтың халық өлеңдерін белгілі бір ғылыми жүйеге түсіріп, оның функционалдық, тақырыптық ерекшеліктерін саралап, басқа елдердің өлең үлгілерімен салыстыра зерттеген ғалым Б.Уахатов қара өлеңнің сегіз түрлі ерекшеліктерін атайды. Оның ішінде: «... алтыншы – қара өлең ойын-сауық үстінде айтылатын болғандықтан, мұнда үлкен, күрделі мәселелер қозғалмайды; жетінші - қара өлеңнің қосалқы жолдары негізінен халықтың тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрып, жора-жосығынан туған түсініктерді арқау етіп, табиғат дүниесін суреттейді; сегізінші – қара өлең көпке мәлім ән әуенімен орындалады», - дейді

[ 8,108 б].

Талап жесе әлсізді

«Жауыз» демей не дейміз?

Аулақ жүрсе жұртынан

«Бөлек» демей не дейміз

Езілгенді жусандай,

«Былжыр» демей не дейміз?!

Өзі ұқпаса кемдігін

«Нашар» демей не дейміз? - дегенде, «не дейміз» деген сұрау мәнде қайталанып келген көмекші етістік ұйқастың үйлесімді болуына, тыңдаушының назарын аударуына, әрі өлеңнің терең мағына жасауына да қызмет етіп тұр. Яғни, сөз соңындағы қайталаулар ақын айтатын ойдың салмағын, сазын үстеп тұр.

Ән демекші, Қожабергеннің «Елім - ай» дастаны әнмен орындалатын жыр. Сондықтан да:

Қаратаудың басынан көш келеді,

Жорғалар әр көш сайын бос келеді

Атсызды аты барлар ілестірсе,

Құдайым ондай істі хош көреді,- деп жырлауының өзі белгілі бір ырғаққа, ұйқасқа құрылып, жырау айтпақ болған ойды дәл, анық жеткізуге көмектеседі.

Академик Зәки Ахметов: «...өлеңде сөздің, дыбыстың қайталануы туралы айта келе, «олар сонымен бірге жазба поэзияда да кездеседі. Бірақ ондай поэтикалық бейнелерде жасалатын өлең-өлшемдері одан әрі дыбыстық айшықтау немесе ырғақтық құрал ретінде қызмет етеді» [ 9, 138 6], - дейді.

Ақын өлеңдеріндегі анафоралық, эпифоралық қайталаулар өз кезегінде шығарманың идеялық мазмұнына, интонациясына әсер етеді. Мәселен, еліне қорған болған батырларын, сарбаздарын елін, жерін аянбай қорғауға шақырған жырау «Елім-айдың» бастауынан-ақ эпифораны қолданған.

Ассалаумағалейкүм, сардарларым,

Жұрт үшін ерлік еткен дегдарларым.

Кеңесіп дұшпандардан ел қорғаңдар,

Кетпесін жау қолында мал-жандарың.

Немесе:

Асссалаумағалейкүм, сардарларым,



Болашақ көпке тұтқан маңғаздарым.

Бабаңнан Қожаберген уағыз тыңдап,

Жырымнан жағдайды ұқ, сарбаздарым,-деп, сарбаздарға күш-қуат беріп, рухтандырады. Халқын бірлікке, ізгілікке, қазақ деген халықты құрметтеуге үндейді. Осы шумақта ақын айтатын ойын бекітіп, тұрақтандыра түседі. Өлеңнің соңғы тармақтарындағы «сардарларым», «маңғаздарым» ақынның ойына ырғақ үстеп тұр. Жыраудың «Білерсің» атты өлеңінде:

Көсемдердің қадірін,

Ел тозғанда білерсің.

Шешендердің қадірін,

Дау алғанда білерсің.

Сардарлықтың қадірін,

Қол басқарсаң білерсің.

Тұлпардың қадірін,

Қамалға шапсаң білерсің...

«Қадірін, білерсің» сөзін эпифора түрінде алған автор барлық түйінді себепті осы сөздерге «байлап» қойған, әрі жырау өз әсерін күшейту мақсатында негізгі ойын тыңдаушы назарына салу үшін қолданған.

Негізінде, жырау дастандарында анафора ретінде жеке әріпті (дыбыс) да еркін пайдаланған. «Елім-ай» жырында қ әріпі ерекше қолданысқа ие болса, «Үш би» атты өлеңде ж әріпі ерекше сипатқа ие. Бұл аллитерацияның да мысалы болатынын білсек те, қайталаудың да бір ұтымды түрі екендігі даусыз. Мысалы:

Жеңіс жоқ соғыстарда шабандарға,

Жағдай жоқ тағат қылып амалдарға,

Жеңіске жету үшін қайрат қылып...деген өлең жолдарындағы ж дыбысы белгілі бір мақсатта, қоғамдағы құбылысты айрықша көрсету үшін пайдаланылған.

Қара жер боздақтарды жұтып жатты,

Қыз алып, қыз берісіп, құда болып,

Қалмаққа төре, қожа жұртты сатты [3, 66 б.],- дей отыра сұм соғыстың қазаққа жаман батқандығын, қалмақ пен қазақ арасындағы алауыздықты көрсетеді.

Немесе:


Құдаға Қазақ, Ноғай жарамай ма,

Қыздары төреге жар бола алмай ма?

Қыздарын Қожа, Төре ала алмай ма? - деген өлең жолдары арқылы қайталау жасаса, келесі бір жағынан жарамай ма? алмай ма? сұрақ мәнде риторикалық сұрауды өте шебер пайдалана білген. Қазақ елінің сол бір қиын-қыстау сәтте ішерге асы болмай, азапты өткен күндерін төмендегідей өлең жолдары арқылы суреттейді:

Заманды құлдырар деп ойда бар ма?

Семірткен серке менен қой да бар ма?

Аштыққа ұрынбауға сақтық қылып,

Жасырған азық-түлік, қойма бар ма?

Жасалған лайықты қора да бар ма?

Қыс-көже, жазда-қымыз,

Байғұстар күн көрерлік орда бар ма?

Сонымен қатар, «қайда?» сұрау есімдігін жиі пайдалана отырып, автор халқының көңіл-күйін, хал-ахуалын көрсетеді:

Уа, жұртым, сол бір жақсы күйің қайда?

Жаз болды тіккен, қане, үйің қайда?

Ақ үйлі ауылдардың көркі қайда?

Жинаған асыл жиһаз, мүлкі қайда? - дейді.

Қожаберген жырау поэзиясының көркемдік ерекшелігін талдай келе, ақынның тілдегі көркемдегіш құралдарды шебер пайдалана білуі, метафора, теңеу, эпитет, анафора, эпифора секілді образдық-бейнелі сөздердің өзара үндесіп, дүниетанымдық негіздерге орайласа келуінің нәтижесінде ақын өлеңдерінің көркемдік сипатының арта түсетіндігі тұжырымдалды. Осынау образдылық, бейнелілік жүйесінде сөз құбылту, қайталау, сөз мағынасын ашу секілді амал-тәсілдердің сөздердің сымбат-көркін ашудағы алатын орны белгіленген.



Жыраудың тілдік тұлғасы, көркемдігі жағынан болсын, әрқайсысы өзінше өрнекті, өзінше дара. Етістік болсын, зат есім болсын, қос сөздерді, тұрақты тіркестер, дисфемизм, қару-жарақ атаулары, антоним, синоним сөздерді молынан қолданған. Олардың өзін орайластырып, қиюластырып, өзінің нақты ойын дәл, анық, айқын жеткізу үшін ұтымды қолданған. Елді-мекенді, не адамдарды, олардың іс-әрекет, қимылға қатысты сыр-сипатын, халқының қуанышы мен мұңын, барлық «қасиетін» етістіктің түрлі формалары арқылы шебер өрнектеді. Көнерген сөздер, ономастикалық атаулар, араб-прасы тілдерінен енген сөздер, топонимикалық атаулар өз алдына. Ерекше лексикамен жасалған өлең үлгілері де ерекше зерттеу нысаны боларлық тақырып. Түрлі салыстырулар, эпитет, метафора, қайталау түрлері, арнау сияқты тілдік-көркемдік құралдар шеберлікпен қиюласып жатыр. Қожаберген – қазақ әдебиетінде өзіне дейінгі жыраулық дәстүрді ақындық өнермен ұштастырған, көркем сөздегі асбтрактылық пен жалпылықты нақтылыққа бейімдеген, жаңа жол тапқан суреткер. Ол – өмір шындығын көркем шындыққа айналдыруда жаңа жол тапқан қазақ сөзінің қүдіретін қисынды орамдармен байытқан туындыгер. Халқының қасиеті мен қүдіретін, мерейі мен мұңын, асылы мен жасығын жарыстыра, жалғастыра, салыстыра, салғастыра отырып өткеннің өнегесін өлшем етіп ұстанған, өз бүгінінің баянсыз бейнесінен ой түйіп, келешегінің көмескі боларын алыстан андаған дауылпаз баба сезімінің ақиқатқа айналуы - кемеңгер көрегенділігінің куәсі.


ӘДЕБИЕТТЕР:


  1. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері.Алматы: Жазушы, 1975. 330 б.

  2. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Санат,2007. – 360 б.

  3. Күмісбаев Ө. Терең тармырлар. – Алматы: Ғылым, 1994. – 320 б.

  4. Раев Қ.М. Дулат Бабатайұлы шығармаларының поэтикасы. Ф.ғ.к. дәрежесін алу үшін. – Алматы, 2002. – 131 б.

  5. Қожаберген жырау. Елім-ай. – Петропавл: Полиграфия,2000. – 140 б.

  6. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері жөне Абай поэзиясының тілі. Алматы:1960.250 б.

  7. Серғалиев М. Стилистика негіздері: Оқулық. Астана:Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2006. – 273 б.

  8. Сыздықова Р. Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы. – Алматы: Ғылым, 1970. – 320 б.

  9. Ахметов 3. Поэзия шыңы–даналық. – Астана: Фолиант, 2002. – 408 б.


LITERATURE
1. Konyrov T. Kazak teneuleri. – Almaty: Zhazushy, 1975. – 330 b.

2. Kabdolov Z. Soz oneri. – Almaty: Sanat,2007. – 360 b.

3. Kumysbaev O. Teren tarmyrlar. – Almaty: Gylym, 1994. – B 320.

4. Raev K. M. Dulat Babataiuly shygarlarynyn poeticazy. F.g.k. darezhesin alu ushin. – Almaty, 2002. – 131 b.

5. Kozhabergen zhyrau. Elim-Ai. – Petropavl: Poligraphiaya,2000. – 140 b.

6. Zhumaliev K. Kazak adibiet tarihinin meseleleri in Abay poeziyasynyn tili. –Almaty:1960. – 250 b.

7. M. Sergaliev Stilistika negezderi: Okulyk. Astana: L. N. Gumilev atyndagy EYU, 2006. – 273 b.

8. Syzdykova R. Abai olenderinin sintaksistik kurylysy. – Almaty: Gylym, 1970. –320 b.



9. Akhmetov Z. Poezia shyny-danalyk. – Astana: Foliant, 2002. – 408 b.

Художественная особенность произведении жырау

В данной статье рассматривается художественное мастерство и личность одного из национальных героев, поэта-жырау Қожаберген Толыбайсыншыұлы, родившегося в ХҮІІ- ХҮІІІ веках в Северо-Казахстанском регионе. Автор приводит некоторые научные высказывания о сравнениях и повторов в художественной литературе, исследует стилистические приемы произведении жырау.

Ключевые слова: художественные приемы, национальные ценности, эстетический взгляд, авторская идея, образные слова, историческое событие.

LITERARY FEATURE OF ZHYRAU WORKS

This article examines the literary skill and personality of one of the national heroes, the poet and zhyrau Kozhabergen Tolıbaysynshyuly who was born at the end of XVII – the beginning of XVIII centuries in the North Kazakhstan region. The author of the article presents some scientific statements of comparisons and repetition in literature, explores stylistic devices of zhyrau works.

Keywords: literary techniques, national values, aesthetic perception, the author's intention, figurative words, a historical event
М.ОРАЗБЕК, филология ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры. Астана қаласы.

моб.т.:87051810177

Ж.С.ТАЛАСПАЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры. Петропавл қаласы, Жұмабаев көшесі 116/60 Үй тел: 49-38-26 моб.т.:87773273512 e-mail: talaspaeva@inbox.ru

Ж.Т.ҚАДЫРОВ

филология ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры. Петропавл қаласы.

моб.т.:87779256153

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет