Ж. Аймауытов шығармаларындағы синонимдердің ерекшеліктері Ахметалиева Г



жүктеу 89.4 Kb.
Дата12.04.2017
өлшемі89.4 Kb.
ӘОЖ 81`373;001.4


Ж.Аймауытов шығармаларындағы синонимдердің ерекшеліктері
Ахметалиева Г

әль-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қаласы, Қазақстан



gulshat. ahmetali@mail.ru
Аңдатпа. Мәтін түзуде жазушы идеясын жеткізу үшін қажетті барлық ұғымдар, соның ішінде синонимдер жазушы тілінің ерекшелігін көрсетеді. Ж.Аймауытов шығармалары зерттелмей жатқан тың әлем. Тілдің байлығы, көркемдігі синонимдік қатардың көлемі арқылы анықталады десек, Ж.Аймауытов шығармаларындағы синонимдердің түрлі нұсқада пайдаланып, тілімізді көріктей түскендігін айтуға болады. Синоним сөздерді орынды қолдана білу қаламгерлер тілінде маңызды орынға ие, өйткені ол айтылар ойдың мәнері мен мәнісін жеткізеді, оқиға жағдайын нақтылайды. Ж.Аймауытов шығармалары тіл туындыларының бейнелілік, мәнерлілік пен қарапайымдылық негізінде жатқан көркем- эстетикалық сипатымен ерекшеленеді.

Түйін сөздер: синонимдік бірліктер, лексикалық синонимдер, мәнмәтіндік синонимдер, синонимдер жүйесі.

Ж.Аймауытов шығармаларындағы лексикалық бірліктердің қызметтерінің ішінде баяндау және бейнелі баяндауыштық қызметтерімен қатар кумулятивтік қызметі де күшті рөл атқарады, яғни қаламгерлер өмір сүрген кезеңнің көркем бейнесі туралы тілдік бірліктерде ақпараттар жинақталып, сақталады. Бұл өткен ғасыр туындыларындағы лексикалық қабаттың тарихи даму қалпы зерттеушілер үшін құнды деректер көзі болып табылады. Сондықтан қаламгерлер туындыларындағы сөздік қор тек шығарма идеясын жеткізетін бай лексикалық бірліктер ғана емес, сонымен бірге ұлт санасының және сөйлеу мәдениетінің тарихи даму болмысын көрсететін –ұлттың жадысы.

Мәтін түзуде жазушы идеясын жеткізу үшін қажетті барлық ұғымдар, соның ішінде синонимдер жазушы тілінің ерекшелігін көрсетеді. Мақалада Ж.Аймауытов шығармаларындағы синонимдер жүйесі мен олардың көркем мәтінде қолданылу ерекшеліктері және лексикалық синонимдер мен мәнмәтіндік синонимдердің қасиеттері жаңаша бағытта қарастырылады. Синонимдік бірліктердің функционалдық- семантикалық ерекшеліктері морфологиялық, синтаксистік және сөзжасамдық құралдармен, тілдің барлық жүйесімен тығыз байланыста қарастырылуы тиіс. Сол себепті де синоним сөздердің ерекшеліктерін тұтас қарастырған орыс тіл біліміндегі И.И. Ковтунова, Г.А.Золотова, Д.Н.Шмелев, А.Л. Евгеньева т.б. және қазақ тіл біліміндегі Ә.Болғанбаев, Ф.Оразбаева, М.Серғалиев т.б. ғалымдар синонимдердің мәнмәтінде қолданылуымен ассоциацияланған мағынасын ашуға талпынған. Бұл ғалымдар еңбектері синоним сөздерді зерттеудің жаңа қырларын функционалды аспектіде қарастыруға зор мүмкіндіктер туғызады. Ж.Аймауытов шығармаларындағы мағыналық құрылымдық жағынан әртүрлі сөздердің синонимдік қатарға енуіне олардың мәнмәтіндегі мағыналары мен қызметтерінің ортақтығы негіз болған.

Синонимдер қызметі тілдік бірліктердің ерекше функционалды сипатымен анықталады. Ж.Аймауытов шығармаларындағы синонимдердің қолданылуы тіл жүйесіндегі бір ғана анықталушының (сөздің) бірнеше анықтауышпен (бірнеше сөзбен) белгілене алу қабілетімен байланысты. Синонимдердің бір- бірімен айырмашылығы да олардың өзара ұқсастығы сияқты маңызы зор. Ж.Аймауытов шығармаларына тән синонимдердің өзіндік жасалу жолдары, мағыналық құрылымы, синоним сөздердің өзара қатынасы, мағынаны жеткізудегі ерекшеліктері бар.

Бұл жерде синонимдерді зерттеудің теориялық аспектісі шығады. Қазіргі қазақ лингвистикасында синонимдер мағынасының тиянақты- тиянақсыз болып келуіне байланысты тұрақты синонимдер және мәнмәтіндік синонимдерге зерттеулер ғылыми тұрғыдан әртүрлі талдаулар жасаған. Қазақ тіліндегі синоним сөздерді жан-жақты зерттеп, теориясын қалыптастырған ғалым Ә.Болғанбаев : «Контекстиік синонимдер сөздің жалпы халыққа таныс, қалыптасқан үйреншікті мағыналарынан тумайды, бір заттың бойындағы ерекшеліктерін, қасиетін басқа бір затқа ұқсатып, балап, ауыстырып қолдану арқылы белгілі контексте пайда болады. Сондықтан мұндай өзіндік жеке сөз қолданыстары көбінесе көркем шығармаларда белгілі ақын- жазушылардың туындыларынан жиі кездеседі. Контексте синонимдер мағына жағынан өте тиянақсыз, өзгермелі әрі құбылмалы болады. Бұларды біз тек шартты түрде ғана синоним деп атаймыз»,-дейді [ 1, 262]. Бұл мәселе орыс тілші - ғалымдары В.В.Виноградов, И.И.Ковтунова, Д.Н.Шмелевтер еңбектерінде де көтерілген. Сондай- ақ Ә.Болғанбаев мәнмәтіндік синонимдер сөздіктен белгілі бір орын ала алмайды, тек стилистикалық зерттеу обьектісіне тиісті екенін ескертеді. [1,263]. Бұдан шығатын қорытынды, мәнмәтіндік синонимдерді анықтауда көркеммәтіннің маңызы ерекше.

Ж.Аймауытов шығармаларында лексикалық және мәнмәтіндік синонимдік бірліктердің семантикалық баламасын табуда қаламгерлер синоним сөздердің дәстүрлі баламасымен қатар жаңа синоним сөздерді мәнмәтіндік жағдаятқа байланысты жаңғыртып, түрлендіріп отырған. Осы мақсатта екі қаламгер тілдің мазмұндық жағын көрсететін белгі бір семантикалық қатынасты анықтап, сипаттайтын синонимдерді үнемі іздестіруге талпыныстарын байқауға болады. Мысалы, Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романында Қартқожаның патша жарлығын естігеннен кейінгі ойлануына назар аударайық: «Ол кетеді... Соғысқа барған кісінің тірі кеуі екіталай-ау... аман болса, қашан келер? Егер, зәуде жазым болып өліп кетсе...Жоқ, бірге туған бауыры, қуаты, ағасы өлмеу керек ... Құдай-ай! Сақтай гөр!»[4, 46]. Бұл жерде автор бауыр, аға сөздерімен қатар қуат лексикалық бірлігін қолданған, алайда соңғы сөз мәтіннен тыс ерекше синонимділікке ие бола алмайды. Себебі, қуат сөзінің негізгі лексикалық мағынасы- күш, жігер, қайрат, әл, дәрмен. Тек медеу, тірек, сүйеніш деген ауыспалы мағынада ғана аға, бауыр сөздерімен мәнмәтін жағдайында синонимдік қатар құрап тұр. Яғни жазушы мәнмәтінде қуат сөзінің мағыналық әлеуетінің бірін пайдалана отырып, синонимдік қатарға енуіне мүмкіндік берген.

Қоғам дамып ілгері жылжыған сайын халық қолданысындағы сөздердің де мағынасы кеңіп, дамып, негізгі мағына бірнеше жаңа мағына қосып, түрленіп әсерлілігі арта түседі, дәл осындай процестің негізінде синонимдік қолданыстың ауқымы да кеңейе түседі. Бұл жөнінде ғалым А.Салқынбайдың пікірін келтіре кетейік: «мағына арқылы нақтылы зат не құбылыстың өзі емес, сол туралы халық қалыптастырған ұғым қабылданады. Табиғаттағы зат, құбылыстың адам танымында танылған және танылмаған белгілері мен қасиеті болады. Танылған белгілер мен қасиеттер арқылы ұғым қалыптасып, кейін бұл ұғым бірте- бірте дамиды, жетіледі. Ұғым дамуы арқылы сөз мағынасы да дамып, синонимдік, көпмағыналылық, антонимдік қатарлар қалыптасады» [2,58].

Қазіргі тіл білімінде синонимияның теориялық мәселелеріне және түрлі синонимиялық бірліктерді зерттеуге арналған жұмыстар өте көп. Тіл білімі ғылымында синонимияға берілген анықтамалар әртүрлі, бұл оның күрделі құбылыс екендігімен түсіндіріледі. Ғалымдар К.Аханов, Ә.Болғанбаев, Р.А.Будагов, А.П.Евгеньева, Ф.Ш,Оразбаева т.б. синонимдерді анықтаудың негізгі белгісі- олардың ұғымы деп санайды.

Қазақ тілінде синонимдерді арнайы зерттеген ғалым Ә.Болғанбаев «Синонимдер сөздердің жалпы мағыналық бірлестігіне қарай топтастырылады. Яғни бір ғана ақиақт шындықты көрсетіп, бір ғана ұғымды білдіретіндіктен олар синоним болып табылады»,-деп анықтама беріп, синонимдердің екі түрлі қызметін атап көрсетеді. Біріншісі, синонимдер бірін- бірі алмастыруға бейім келеді, екіншісі, синоним сөздердің бірі екіншісін нақтылап отырады [1,104].

Ал, Ф.Ш.Оразбаева «Синонимдер деп ұғымы бір-біріне өте жақын, бірақ тұлғасы жағынан басқа- басқа сөздерді айтамыз. Синонимдер болу үшін , ең алдымен бір ғана сөз табына қатысты болуы шарт. Синонимдер мағыналары жақын сөздер, дегенмен мағыналары тепе- тең болуы шарт деген түсінік тумауы керек» деген пікір білдіріп және мағынасы ұқсас сөздердің контексте бірін- бірі алмастыра алу қабілетін көмекші белгі деп санайды [3,128].

Ж.Аймауытов шығармалары тіл туындыларының бейнелілік, мәнерлілік пен қарапайымдылық негізінде жатқан көркем- эстетикалық сипатымен ерекшеленеді.

Ж.Аймауытов шығармаларының тілдік көркемдігі зерттелмей жатқан тың әлем. Тілдің байлығы, көркемдігі синонимдік қатардың көлемі арқылы анықталады десек, Ж.Аймауытов шығармаларындағы синонимдер түрлі нұсқада пайдаланып, тілімізді көріктей түскендігін айтуға болады. Синоним сөздерді орынды қолдана білу қаламгерлер тілінде маңызды орынға ие, өйткені ол айтылар ойдың мәнері мен мәнісін жеткізеді, оқиға жағдайын нақтылайды.

Қаламгерлер туындыларындағы синонимдердің қызметінің бірі- шығарма идеясын ашу. Қоршаған ортадағы құбылыстар мен заттар қасиеттері, сапалары мен белгілері шынайы болмысты оларға ортақ ұғыммен бірлікте танытады. Синонимдермен жұмыс жазушының шығармашылық позициясын, дүниетанымын көрсетеді.

Ж.Аймауытов шығармаларында амплификация тәсілі көп қолданылған.

Жігіттердің арасында араздық, аңдыс, егес өрши берді [4,77]. Бұл мысалда араздық, аңдыс, егес сөздері арқылы автор жігіттер арасындағы кикілжіңнің, келіспеушіліктің үдеп бара жатқандығын оқырманға жеткізу мақсатында мағыналық реңктері жағынан үдей түсетін үш синонимді қолданған.

Төлеген құнақты жігіт. Төлеген қолы ашық, мырза жігіт [4,210]. сөйлемде автор Төлегеннің жомарттығын таныту мақсатында қолы ашық, мырза деген өзара синонимдес сөздерді қолданған.

Тезекбай ел қыдырып, зекет, садақа да жинамаған [4,166]. Кім жұмсаса да, тілін қайырмайды, Лепілдек, елгезек-ақ [4,76].

Қаламгер тілін қайырмайды оккозионал фразиологизміне мағыналас лепілдек, елгезек синоним сөздерін қолдану арқылы сөздердің әсер ету қуатын, экспрессиясын арттырған.

Қайта ысылып, жетіліп келеді [4,53]. Бұл сөйлемде ысылу, жетілу етістіктері өзара мағыналас болып жұмсалған.

Туған ауылының, үйінің, әжесінің көңірсіген, қоңырсыған туған иісі мұрнына келгендей болды [4,102]. Сөйлемде автор көңірсіген сөзін алып қоя салса,онда оның экспрессиялық- эмоциялық мағынасы әлсіздеу болар еді. Көңірсіген,қоңырсыған сөздерін қатар қолдану арқылы автор сөзді қайталай беруден қашып, бір мағынаны беретін сөздердің түрлі нұсқасын шебер пайдаланған. Сонымен бірге, егер автор қоңырсыған сөзін бұрын қолданғанда да дәл осындай әсері болмас еді.

Манағыдай емес, енді Шәмшиден қорыққан жоқ: бойына бір ерлік, өжеттік пайда болған тәрізді [4,358].

Шәмшиден бойындағы батылдықты автор ерлік, өжеттік сияқты өзара мағыналас сөздерді қолдану арқылы көрсетеді.

Ақбілек әбден алқынды, аласұрды, жұлқынды, әлі құруға таянды [4,181]. Ақбілектің әлінің құруын, күшінің таусылуын автор жалаң баяндамай, әбден алқынды, аласұрды, жұлқынды етістіктері арқылы шебер бере білген.
Қазақтың өтірігіне, жаласына адамның көзі жетпейді адамды қаралаудағы өтірік пен жала қатар жүреді [4,233]. Осы сөйлемде де автор синонимдес сөздерді қатар қолданған.

Осылайша жазушы шығармасындағы синонимдерді тізе беруге болады. Қорыта айтқанда , синонимдер- сөз байлығы, ана тіліміздің алтын қоры. Осы қорға жазушының қосқан үлесі зор.


Пайдаланылған әдебиеттер

1.Болғанбаев Ә. Қазақ тіліндегі синонимдер. Алматы, 1970.- 336 б.

2.Салқынбай А.Тарихи сөзжасам. Семантикалық аспект: Филол.ғыл.канд.дис. Алматы,1999. - 284 б.

3.Оразбаева Ф.Ш. Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім синонимдер. Алматы: Мектеп, 1988. - 128 б.

4. Аймауытов Ж. Шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1989. - б?
1.Аманжолов С., Қасымова Г. Қазақ тілі грамматикасы. Алматы, 2007.- 310б.
References

1.BolganbaevA. Kazak tilindegi sinonimder. Almaty.- 1970. – 336 б.

2.Salcynbau. A. Tarihi sozjasam.
Amanzholov S., Kasymova G Kazakh tili grammatikasy//Almaty.- 2007. - 310.


Ахметалиева Г.

Ж.Аймауытов пен М.Дулатов шығармаларындағы синонимдердің ерекшеліктері
Аннотация. Мақалада Ж.Аймауытов шығармаларындағы синонимдердің ерекшеліктері туралы айтылады.

Кілт сөздер: синонимдік бірліктер, лексикалық синонимдер, мәнмәтіндік синонимдер, синонимдер жүйесі.

Ахметалиева Г.

Особенности синонимов в произведениях Ж.Аймауытова.



Аннотация. В статье рассматривается особенности синонимов в произведениях Ж.Аймауытова.

Ключевые слова: синонимические единицы, лексические синонимы, контекстовые синонимы, система синонимов.

G.Ahmetalieva.



Ж.Аймауытов пен М.Дулатов шығармаларындағы синонимдердің ерекшеліктері (аудару)
Annotation. The article deals with the features of synonyms in the works of Zh.Aimautov.

Keywords: Synonymous units, lexical synonyms, synonyms of contexts, the system of synonyms.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет