Қызылорда қаласының астаналық кезеңіндегі қазақ зиялыларының Қызметі



жүктеу 90.86 Kb.
Дата18.02.2017
өлшемі90.86 Kb.
ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ АСТАНАЛЫҚ КЕЗЕҢІНДЕГІ

ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ
Жалмагамбетов Е.А. – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Қызылорда қаласы 1925 жылы астана мәртебесін алғаннан кейін қаланың тыныс тіршілігі өзгере бастады. Бұл өзгерістер қаланың күнделікті өмірінде көрініс тапты. Алғашқы кезде, яғни 1925 жылдың ақпан-сәуір айларында, қалаға Орынбордан мемлекеттік және шаруашылық маңызы бар мекемелер көшті. Мемлекеттік мекемелерде қызмет істеп жүрген қызметкерлер өз отбасыларымен Қызылорда (Ақмешіт) қаласында орнықты. Бірінші кезекте үкімет мемлекеттік қызметкерлерді жайғастыру шараларын ұйымдастырды. Орынбордан Қызылорда қаласына қазақ зиялыларының біраз бөлігі келіп, қоныстанды. Біреулері жұмыс бабымен келсе, ал екіншілері астаналық қаланың және мемлекеттің тағдыры мен өміріне араласу мақсатын тұтты.

1924 жылдың 23 желтоқсанында Қырғыз (Қазақ) облыстық партия комитеті бюросының кезекті мәжілісінде Орынбор қаласын Қазақ АКСР-ның орталық қаласы мәртебесінде қалдыру және Торғай мен Орынбор облыстарын қосу мәселесі қаралды. Осыған байланысты Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Сейтқали Меңдешев бюроға арнайы хат жолдап, онда жаңадан астана белгілеу туралы мәселе қойды. Бюро мүшелерінің басым бөлігі Қазақ АКСР-ның Орынбор қаласын респуб-ликаның орталық қаласы етіп қалдырып, Орынбор облысына Торғай облысын қосуды қолдады. Торғай облысын Орынборға қосу арқылы басым бөлігін орыс тұрғындары құрайтын өңірді қазақ-тандыру мақсаты көзделді. Бұл ұсыныстарға С. Сәдуақасов және С. Меңдешев қарсы шығып, олар республиканың жаңа орталығын қалың қазақ мекендеген өңірге көшіруді ұсынды. Өйткені, Орын-бордағы мемлекеттік мекемелерде «орысшылдық» ұстанымдар басымдылық алып, кеңестік және партиялық ұйымдардағы қызметкерлер арасында келіспестік байқалып тұрды. С.Меңдешев Орын-бордан орталықты басқа өңірге көшіру қажеттілігін мынадай себептермен түсіндірді:



  1. Орынбор қаласының қазақ жерінің басқа өңірлерінен шеткей орналасуына байланысты бұл қаладан республиканы басқару ісінде көптеген қиындықтар туындады.

  2. Сырдария және Жетісу облыстарының Қазақ автономиялық республикасы құрамына енуіне байланысты осы өңірлердегі жергілікті мекемелерде үкімет тарапынан жасалынатын жарлықты жүргізу қажеттігі өзекті мәнге ие болды.

Міне, осындай өмір сұранысына байланысты республика астанасын Орынбор қаласынан басқа орталыққа көшіру мәселесі тұрды. С. Меңдешевтің пайымдауынша Қазақстанда Орынбордай үлкен, инфрақұрылымы дамыған қала жоқтың қасы. Егер Орталық Орынбор қаласынан көшетін болса, онда ол шағын қалаға көшіп, таңдалған қаланы орталық дәрежесіне көтеру үшін көп қаражат және күш жұмсамалары анық болды. Жаңа астана болуға лайық орталық ретінде Шымкент, Атбасар, Семей, Келес, Ақтөбе және Ақмешіт қалалары ұсынылды. Талқылаудан соң Семей мен Ақмешіт қалалары-ның кандидатурасы қалдырылды. Семей қаласы сол тұста басқа қалаларға қарағанда техникалық тұрғыдан біршама дұрыстығы байқалды. Бірақ Семей географиялық жағынан орналасуы мемлекеттік қажеттіліктерді қанағаттандыра алмады [1, 13 п].

1925 жылдың 13 қаңтарында С. Қожанов, С. Сәдуақасов және Н. Нұрмақов И.В. Сталинге жаңа астанаға байланысты арнайы хат жолдады. Хат авторлары Орталық атқару комитетінен астана ретінде Семей немесе Ақмешіт қалаларының біріне тоқтау мәселесін шешуге, сол мақсатта қажет деп табылса, Мәскеуге Қазақстаннан өкілдер шақырту туралы ұсыныс айтты [2, 38п].

Сонымен бірге С. Қожанов Қазақ АКСР астанасын Түркістан қаласына көшіру туралы мәселе көтерген. Оның пікірінше жаңа қазақ астанасын таңдауда мынадай жағдайды ескерген орынды болмақ: Түркістан 17-18 ғасырларда қазақ хандығының орталық қаласы атанды, ұлы хандақ тақ осында орналасты; Есім, Тәуке, Абылай сияқты қазақ жері мен елін жинаушы тарихи тұлғалардың сүйегі осы қалада жатыр; Елдің рухани өмірінде аса зор орны бар Әзірет Сұлтан кесенесі осында; Алаш жұрты өзінің елдік тұтастығы мен ұлттық қалыптасуын осы орталықпен байланыстырып келді; Астананы осы қалаға көшіру ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту әрекетінің айғағы болмақ [3].

1925 жылдың 26 қаңтарында Қазақ орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары Нұрмақ Байсалықов РКП(б) Орталық бюросына хат жолдады. Ол хатында: «Орынбордан орталықты басқа қалаға көшіру тым асығыс, Қазақстан экономикасын көтеру және мемлекеттік құрылысты нығайту ісін бір ізге салып алғаннан кейін ғана жаңа орталық мәселесін көтеруге болады» деп көрсетті. Н. Байсалықов хатында: «Егер де астананы басқа қалаға көшіретін болсақ, онда Атбасар немесе Семей қалаларының басты үміткерлер ретінде қарастыру қажет» деген ұстанымын білдірді. Қазақстанның орталығы Ақмешіт қаласына көшетін болса, онда бұл іс Қызғыз (Қазақ) АКСР-ның ыдырауына алып келеді деген тұжырым айтты [4, 33п].

Н. Байсалықовтың пікірінше Ақмешіт қаласы шағын, әрі техникалық, инфрақұрылымдық жағынан әлсіз. Астанаға байланысты түрлі ұстанымдар қақтығысына нүкте қойған Мәскеудің шешімі болды. Мәскеудің тұжырымы Ақмешіт жағында болды. Бұл ретте оның Орынбор-Ташкент магистралы бойына орналасуы, сондай-ақ республика құрамына жаңадан енген Сырдария және Жетісу облыста-рын әкімшілік тұрғыдан игеру мүмкіндігі негізге алынды.

Жаңа астанаға байланысты С. Қожановтың «Ақ жол» газетіндегі мақаласында 1921 жылдан бастап Қазақстан бас үкіметі мемлекетке кіндік қала іздеумен іс-шаралар жүргізді. Бұл туралы 1921 жылы Қазақстан Орталық Атқару комитетінің қаулысымен Түркістан республикасынан Ақмешіт қаласын сұрап алып, соған жаңа орталықты көшіру мақсаты болды. Жаңа астананы таңдауда С. Қожанов қайда болса да, Қазақстан кіндігі қазақ ішінде, киіз үйге орнаса да, қалың қазақтың ортасы болсын деп тұжырымдаған. Ол өз сөзінде: «егер әдемі үй, жайлы мекеме іздеп кетсек, бір мезгіл де болса, қазақтың ұлт тіршілігін, ұлт мемлекетін жасау игілік істерін кенже қалдырмақпыз. Қазақ әзір ұлт болып бітпегендіктен, қазақта әзір белгіленген ұлт мәдениетінің ошағы, шаруаның орта жері болып, беті ашылған бір қазақ қаласы жоқ. Сол себепті Қазақстанның жаңа бас қаласы – кіндігі үлкен жолдың үстінде, қатынасқа ыңғайлы, барлық губернияларға байланысы бар орталық жерде болғаны жөн деп өз ойын түйіндеген» [5].

Жаңа астана, Қазақстанның кіндік қаласына қатысты мәселе, 1920 жылдардың бас кезінде талқыланып жүрген. Осыған байланысты Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н. Нұрмақовтың Орталық атқару комитетінде берген баяндамасында орталықты көшіру 1922 жылдан бастау алғандығы көрсетілген. Қазақстан Орталық Атқару комитетінің 1922 жылғы шығарған қаулысында астана Ақмешітке (қазір Қызылорда) көшірілсін және Ақмешіт қаласы Түркістан АКСР-ның қарамағында болғандықтан әрі Ақмешіттен басқа Қазақстанда лайық қала болмағандықтан, бұл мәселе ашық қалған еді [6].

1925 жылы 9 ақпанда республика басшылары О. Исаев, М. Саматов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Н. Байсалықов, И. Киселев, П. Маслов, Ә. Әлібеков және М. Орымбаевтардың қатысуымен Қырғыз (Қазақ) Орталық Атқару комитетінің кеңейтілген президиум мәжілісі өтті. Күн тәртібіндегі 8 мәселесінің үшіншісі болып – Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республика-сының орталығын Орынбордан Ақмешітке көшіру мәселесі тұрды. Бұл мәселеге қатысты баяндаманы О. Исаев жасады. Президиум мәселені жан-жақты талқыдан өткізе келіп, республика астанасын Орынбор қаласынан Ақмешіт қаласына көшіру туралы бір ауыздан шешім қабылдап, бұл шешімді жүзеге асыру жұмыстарын Халық Комиссарлар Кеңесіне жүктеді [7, 86п].

Орынбордан астананы көшіру туралы зерттеуші Д. Баязитовтың мәлімдеуінше: «1920 жылдың қыркүйек айында А. Байтұрсынов Орынбор қаласы Қазақ елінің экономикалық орталығы бола алмайтындығын айтып, мемлекеттің астанасы туралы мәселе бүкіл қазақ сиезінде талқыланып, шеші-луі керек», -деп ұсынды. Бірақ бұл мәселе толық шешімін таба алмады. Өйткені қазақ жерлерінің оңтүстік аймағы Түркістан АКСР құрамында болып, территориялық тұтастық болған жоқ [8].

С. Қожанов таңдаудың Ақмешіт қаласына түсуіне байланысты «Советская степь» газетіне берген сұхбатында «Неге Ақмешіт таңдалды?» деген сұраққа: «Ақмешіт қаласы географиялық жағынан республиканың 5 губерниясы мен Қара-Қалпақ автономиялық облысына жақын орналасқан. Соны-мен қатар қаланың үстімен Ташкент темір жолы өтеді, ал Ақмешіттің тұрғындарының 70-90 пайызы қазақтар. Ақмешіт қазағы көп жерде орналасып, жанында қоршаған жерлердің бәрінде қазақ тұрғын-дары басым», -деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Ақмешітті таңдаудың бір себебі – билік арасында астанаға байланысты болған пікір-таластарды тоқтату мен сол кезде қалыптасқан топтар арасында бір ымыраға келу болды [9].

Астана мәселесі өз шешімін тапқаннан кейін Қызылорда қаласында 15-19 сәуір күндері 5-ші жалпықазақ сьезі өтті. Сьездің нәтижесінде 19 сәуір күні жаңа үкімет пен жоғарғы билік басшыларын тағайындалуы болды. С. Меңдешевтің орнына КОАК-ның жаңа төрағасы Ж. Мыңбаев, ал оның орын-басарлары етіп А. Каширин және К. Бакимбаев сайланды. Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Нұрмақов сайланып, С. Қожановтың ұсынысымен Ақмешіт қаласын Қызылорда, қырғыз атауын «қазақ» деген атқа өзгертті. Сонымен қатар жаңа үкіметтің құрамына төмендегі адамдар енді: Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н. Нұрмақов, оның орынбасары А. Серғазиев; Ішкі істер халық Комиссары - Ә. Ескараев; Әділет Халық комиссары – А. Монбаев; Еңбек халық комиссары –М.Тәтімов; Жер халық комиссары – Ғ. Әлібеков; Халықты әлеуметтік қамсыздандыру – Д.Ханкереев; Қаржы халық комиссары –И. Маймин; Сыртқы сауда комиссары – А. Кенжин; Халық ағарту комиссары – С. Садвакасов; ОПГПУ –А. Каширин; жоғарғы сот төрағасы – М. Атаниязов тағайын-далды.

Қызылорда қаласы астана мәртебін алып, жаңа астаналық өмірдің алғашқы жылдары өлкелік және мемлекеттің маңызы бар оқу орындары Орынбор қаласынан көше бастады. Сонымен қатар Қызылорда қаласында қосымша арнайы мамандандырылған курстар ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты мектеп қабырғасында толық білім ала алмаған немесе өзіне қажетті деп санайтын пәндерге қатысуға қала тұрғындары мүмкіндік алды. Курстарды бітіргеннен кейін бітіруші оқушы қолына анықтама алатын. Кейіннен жоғарғы оқу орындарына құжаттарын тапсырып, жоғарғы білім алуға толық құқығына ие болды. Бұл курстарда төмендегідей оқытушылар дәріс берді:



  1. Орыс тілінен – Қ. Қасымбаев (Қазақстан халық ағарту институтының оқытушысы)

  2. Қазақ тілінен – Д. Алдабергенов (Қазақстан халық ағарту институтының оқытушысы)

  3. Арифметикадан – Ф. Газизов (Бірінші санаттағы мектептің мұғалімі)

  4. Гигиенадан – Н. Шумбалов (Денсаулық сақтау халық комиссарының орынбасары)

  5. Қоғамдық пәндер оқытушылары – О. Жандосов, Ғ. Тоғжанов, Ә. Байділдин, М. Саматов және тағы басқа жергілікті мектептер мен мекемелердің қызметкерлері 10, 67п.

Қызылорда қаласының астаналық кезеңінде білім беру жүйесінде белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткерлері қызмет істеді. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсынов, Асфандияр Кенжин, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Ахмет Жұбанов, Ораз Жандосов, Смағұл Сәдуақасов, Әбдірахман Байділдин және т.б. Білім беру саласының дамуына қазақ интеллегенциясының қосқан үлесінің бағасы жоқ. Олар өздерінің негізгі жұмыстарымен қатар мектептер мен институтта сабақ беруге уақыт тауып отырған. Қызылорда қаласына жастар арнайы өз ісінің майталмандарынан білім алу үшін оқу іздеп келді. Шағын қаланың дамуында мұндай серпіліс Қызылордаға қатты әсер етті. Бұл әсер әрине оң динамикалық түрде жүрде. Қаладағы орын алған оң өзгерістер халықтың өміріне де жағымда әсер берді.

Қазақ халық ағарту институтында сабақ екі топта өткізілді, бірінші кіші топ, екіншісі үлкен топ. Қазақ халық ағарту институты Орынбордан Қызылорда қаласына көшіп келгенімен, институттың қызметкерлері кейіннен толық көшіп келген болатын. Институт қабырғасында қазақтың зиялы қауымдарының көрнекті өкілдері дәріс сабақтарын жүргізген еді. Мәселен, Ахмет Байтұрсынов мектеп мұғалімдерін даярлайтын курстарда қазақ тілінен сабақ берген. Ал, экономика мен саяси экономикадан Сауда министрі Аспандияр Кенжин дәріс оқыды. Бірінші топта төмендегідей қазақ зиялылары дәрістер оқып, білім берген: 6 сағат қазақ тілі - А.Байтұрсынов, 6 сағат орыс тілі - С.Мұқанов, 6 сағат математика - Қасымов, 3 сағат қоғамтану - Бурабаев, 3 сағат география - Қасымов, 4 сағат жаратылыстану - Қасымов. Екінші топта оқытылатын пәндер мен оқытушылар тізімі: 6 сағат қазақ тілі - А.Байтұрсынов, 6 сағат орыс тілі - Қаржаубаев, 6 сағат математика -Қаржаубаев, 2 сағат қоғамтану - Бұрабаев, 2 сағат сурет сабағы - Бұрабаев, 2 сағат дене шынықтыру - Сосин, 3 сағат КСРО географиясы - А. Байтұрсынов. Қызылорда қаласындағы қызмет істеп, қазақтың білім беру саласында елеулі еңбек сіңірген. Астаналық қалада зиялы қауымның шоғырлануы маңызды рол атқарған. Әсіресе жоғарғы оқу орындарында дәріс берген мемлекеттік, қоғам қайраткерлері болашақ мамандардың даярлауында жемісті нәтижелер беріп отырған. Қазақ халық ағарту институтының бірінші курс студенттерінде бөлек курстар оқытылған еді. Сонымен қатар бұл курстардың мазмұндық сипатыда басқа тұрғыдан оқытылды. Бірінші курстардың сабағы төмендегідей оқытушылар мен курстар жүргізілген: 3 сағат Қазақ әдебиеті - Т. Жүргенов, 4 сағат Орыс тілі - Қаржаубаев, 2 сағат педагогика - А. Жұбанов, 3 сағат саясиэкономика - А. Кенжин, Қоғамтану - Әлжанов оқыды [11, 1п].



Қаланың өмірі мен оны көркейтуде қазақ ұлттық интеллегенцияның орны ерекше. Қазақ зиялылары қаланың барлық саласында қызмет жасап, мемлекеттің нығаюы мен күшеуіне барынша атсалысты. Әсіресе білім беру саласында зиялы топтың біраз бөлігі қызмет істеп жүрді. Қызылордада қазақ зиялыларының шоғырлануы қаланың дамуына серпіліс алып келді. Қала динамикалық түрде дамып, өз дамуында жаңа сатыға көтерілді.


  1. Оңтүстік Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағаты. 1405 – қор, 1 – тізбе, 13 – іс. Бәкірұлы Ә. «Ақмешіт қалай астана атанды?» // Егемен Қазақстан. - 2005, қазан – 14.

  2. Қазақстан Республикасының Президентінің мұрағаты. 139-қор, тізбе-1, іс-1213, 33 – парақ.

  3. Қожанов С. Шығармалары. – Алматы, 2009. – Б. 96.

  4. Нұрмақов Н. Шығармалар жинағы: мақалар, баяндамалары. – Алматы, 2005. – 188 б.

  5. Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты. 5 – қор, 5 – тізбе, 11 – іс, 16 – парақ.

  6. Баязитов Д. Астананы көшірудің бір тәжірибесі // Қазақ тарихы. – 2003. – №3. – 41 б.

  7. О перенесенин центра КССР в Ак-Мечеть. Секретарь Киробкома РКП (б) С.Ходжанов //Советская степь. –1925, февраль – 15.

  8. ҚР ПМ. 141 – қор, 1 – тізбе, 946 – іс, 67 – парақ.

  9. ҚОММ. 4 – қор, 1 – қор, 2 – іс, 1 – парақ.


Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет