«имидж» ЖӘне «КӘсіби-педагогикалық имидж» ТҮсініктерінің Өзара байланысы



жүктеу 76.08 Kb.
Дата09.09.2017
өлшемі76.08 Kb.
ӘОЖ 371. 13: 174
«ИМИДЖ» ЖӘНЕ «КӘСІБИ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИМИДЖ» ТҮСІНІКТЕРІНІҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСЫ
Хамзина Күлшат Бақытжанқызы

(Қостанай қ., Қазақстан)


Қоғам талабына сай бәсекелестікте тек қана жоғары білікті маман болу аздық ететіндіктен әр педагог өзінің имиджін қалыптастыру уақыт мұқтаждығы. Өйткені педагогтардың кәсіби біліктігінің төмендігі оқушылармен арадағы педагогикалық әдептілік негіздерінің олқылығы, педагогикалық ортадағы қарым-қатынастың сәтсіздігі және т.б жағдайлар бүгінгі мұғалімнің имиджін қалыптастыру қажеттілігін айқындайтын сияқты.

«Имидж» және «кәсіби имидж» сөздері нарықтық қатынастардың элементі ретінде ол барлық салаларға еніп болды. Саясат саласы да осы сөздің əсеріне түсті. Қазіргі кезде ешбір сайлау, ешбір сыртқы немесе ішкі саясат имиджсіз жүргізілмейді. Ендігі, өзекті болып отырған имидждің ұғымына тоқталайық.

Имидждің зерттелу мәселесі барлық ғылымдар жүйесінде қызығушылық тудырып отыр. Қазіргі заманда адам бейнесінің қиындатылған және тереңдетілген құрылымын, оның негізгі ерекшелігін бейнелейтін белгілік алмастырушысы – имидж түсінігі. Өз имиджіне сүйену әрбір мамандыққа қажет. Имидждің құрылымы, мәні, табиғаты және құрылым технологиялары қазіргі кезде толық зерттелмеген өзекті мәселе болып келген.



Имидж түсінігі – психологиялық-педагогикалық санатқа жатады. Имидж - қосымша құндылықтармен қамтамасыз ететін бейне және ұғым. Имидж - объектіні қабылдайтын әлеуметтік маңыздылыққа ие. Адам имиджі - адамның сыртқы және ішкі қасиеттерінің көрінуінен қабылданатын сыртқы бейнесі.

Имидждің өзіндік негізгі көзқарастары бар. Олар функционалды – әр түрлі қызмет істеу түрлерінен таралады.

«Имидж» ұғымымен алғашқылардың бірі болып ең алдымен кәсіппен айналысатын экономистер белсенді түрде жұмыстар атқарған. Американдық экономист Болдуинг ХХғ. 60-жылдарында іскерлік айналымға «имидж» ұғымын енгізіп, оның іскерлік жетістікке жетудегі пайдасын дәлелдесе, уақыт өте келе «имиджге» спецификалық феномен ретінде саясаттану ісінде маңызды бағыт ретінде назар аударылған.

Никколо Макиавеллидің «Государь» және Г.Лебонның «Психология социализма» атты еңбектерінде аталған феноменнің ғылыми-қолданбалы негізде практикалық құндылығы мазмұндалғандығы белгілі. Макиавелли мемлекет үшін аталған «бет-перденің» маңызын сенімді түрде көрсетсе, Лебон имидждеу мәнін «тұлғалық әсерлілік» эффектісі арқылы саяси жетістікке жету құралы ретінде қарастырған. Имидждеуді психологиялық негіздеу әлеуметтік және саяси психологияның зерттеу объектісі мен пәніне айналған. Әлеуметтік қабылдау процесінің заңдары және сыртқы образды субъектінің сезінуі туралы білімді игере отырып олар осы проблемаға теориялық-қолданбалы негіздеме жасаған [1,78].

Имидж – ағылшын және француз тілдерінен аударғанда «бейне», «кейіп» деген мағына береді. «Бейне» көзге көрінетін бейне, түр-тұрпат қана емес, ол ойдың, әрекеттің, қылықтың да бейнесі. Имидж жеке тұлға немес әлеуметтік құрылым туралы басқалардың көз алдында әсер тудыру. Имидж – өзін-өзі презентациялау, қоғамда өзін-өзі ұсыну, көрсету технологиясы. Имидж – адамның сыртқы сипаттамасының жүйесі. Ол – жеке тұлғаның ерекшелігін, ішкі әлемін, мінез-құлқын сипаттайды. Дұрыс қалыптастырылған бейне оның иесіне адамдардың дұрыс қарым-қатынасын қалыптастырады. Имидж – кез-келген адамға (персональды имидж), ұйымға (корпоративті имидж), әлеуметтік позицияға (саясат қайраткері имиджі), мамандыққа (заңгер, мұғалім имиджі), білімге (ҚР Ұлттық университеті түлегінің имиджі), сауда маркасына («Мерседес» - бұл жай машина емес), затқа (бриллиант имиджі), тұтынатын материалдық объектіге (сапа имиджі) қатысты қолданылады.

Имидж түсінігінің анықтамасына келсек, бұл: Имидж (ағылш. image - кескін, келбет, ойдағы бейне, символ үлгі) – саяси консалтингтің аса маңызды категорияларының бірі:

1) айналадағылардың пікірін, көзқарасын туғызу мақсатында субъектінің қалыптастыратын сыртқы бейнесі.

2) субъектіге үгіт-насихат, жарнама, наным, дəстүр арқылы оған белгілі бір көзқарас тудыру мақсатында танылатын əрекеттер жиынтығы [2,61].

Ал, Г.Почепцов бұл жөнінде былай дейді: «Имидж - бұл формасы мен мазмұны сақталған символдық сипаттама. Біз сыртқы символдар арқылы белгілі имидждің мазмұнын қабылдаймыз.

... имидж, ең біріншіден, біз үшін жағымды əсер болып табылады. Яғни, күтілетін реакцияларды қалыптастыру жəне екі жақты мүдделі болып отырған іс-əрекеттер түрлерін жасау» [3, 388]. Осыдан, имидж міндетті түрде белгілі бір аудиторияға бағытталуы қажет деген шешімге келеміз. Яғни, ол белгілі бағыт алған жəне жағымды əсер қалыптастыруға көзделген іс-əрекеттер немесе сиволдар жиынтығы. Имиджді қалыптастыру заңдары бойынша қалыптасқан келбетгі бұзудан, бұрыннан қалыптасып келген келбетке сүйене отырып жасау тиімді деп саналады. Бұл қатынаста аудитория қабылдаған келбетке объектті неғұрлым сəйкестендеру болып келеді.

Əдетте, имидж екі жақта қарастырылады: сыртқы келбет немесе бейне жəне маска. Бірінші жағдайда адамның ішкі мазмұнын көрсететін, соның ішінде, тұлғаның түрлі əрекеттерінде көрініс табатын қасиеттері жəне əрекетіне əсер ететін индивидтің психикасының ішкі фило жəне онтогенетикалық жақтары кіреді.

Екінші жағдайда осы сəтте шешуге бағытталған маска немесе бейнесі ретінде қолданылады.

Яғни, имидж бұл сыртқы «мен», оның қоғамдағы «мен» келбеті.

Имиджді қарастырған кезде кәсіби имидж, педагогикалық имиджелогия түсініктерінің пайда болғанын көреміз.



Кәсіби имидж - белгілі бір мамандық иелері лайық болатын кәсіптік сапа. Кәсіби имиджге барлық мамандық иелері лайық болады. Мысалы: мұғалім, дәрігер, инженер т.б.. Кәсіби имидждің құрылуы, кәсіби маман бейнесінің жасалатындығына тікелей байланысты болады. Өз имиджін жасайтын педагогтың пайда болуы, имиджелогияның жаңа саласы педагогикалық имиджелогияның құрылуына себеп болады.

Педагог имиджі – тұтас педагогикалық үрдіске қатысушылар мен педагогтың өзара іс-әрекеттестігінен жасалынатын субъектінің рәміздік бейнесі.

Педагогикалық имиджелогия – жүйелі және белгілі бір мақсатқа бағытталған жаңа ғылым саласы. Ол педагог имиджінің негізін құрайтын құрамдас бөліктерін зерттейді. Оларға: педагогтың білімдарлығы мен кәсіби біліктілігі, педагогикалық рефлексия, педагогикалық мақсаттылық, педагогикалық ойлау және суырып салмалық дарын педагогикалық қарым-қатынас және педагогикалық техника.

Педагогикалық имидж – педагогикалық қарым-қатынас жасау, тыңдай алу, сөйлей алу іскерлігі, іскерлік этикеті туралы білім, субординацияны сақтау.

Педагоикалық имидж – оқушылар мен әріптестерінің, ата-аналардың алдындағы дұрыс таңдалған сөздің тоны, дауыстың ырғағы, ішкі әлемнің сыртқы қимыл-қозғалысқа сәйкестілігі.

Педагогикалық имидж кәсіби құндылықтар мен жеке тұлғалық мәнділік жүйесінің қалыптасуы.

Педагогикалық имидж табиғатын ашу үшін төмендегі мазмұнды-мағыналы ойларға шолу жасап көрелік:

Американдық социолог Эрвин Гофман: «Имидж – ол әсерді басқару өнері» - деп имидждің ерекшелігіне тоқталса, кәсіби имиджмейкерлер лигасының президенті, «Паблик рилейшнз» факультетінің деканы, Мода индустриясы институты, имиджелогия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, академик, Ресей ғылымына еңбегі сіңген қайраткер В.Шепель: «Біздің жүрегіміз соғып тұрғанда, адамдарға ұнау мүмкіндігін пайдалануымыз қажет» деп имидждің мәніне тоқталған. Блез Паскаль: «Адамдарға әсер етудің екі тәсілі бар, оның бірі «сендіру тәсілі», екіншісі «ұнау тәсілі». Алғашқысына қарағанда соңғысы тиімді» деген екен. Ф.И.Шаляпин: «Талантты адамдардың ішкі өмірінде сарқылмас қордың болуы және кейде олардың сыртқы бейнесінің шынайы табиғатына қарама-қайшылығы таң қаларлық» - деп адамның ішкі жан дүниесі мен оның сыртқы көрінісіне тоқталған. «Женщина и кросата» атты журналда Софи Лорен: «Тартымдылық ештеңемен өлшенбейді, оны өзіңізбен бір қала сыртындағы отырысқа, түскілік асқа алып жүруге немесе үйде қалдырып кетуге болмайды. Ол қолайлы ауа-райы сияқт, тартымды адаммен өткізген әрбір минуттың тартымдылықпен толтырылған» деп тартымлыдықтың маңызына тоқталса, Лорд Честерфильд «Ұлтына жазған хатында»: Егер, адамдарға ұнағың келсе, олардың сезіміне назар аудар: Көзқарасыңмен жаулап ал, Құлағының құрышын қандыр, Жүрегін жаулап ал» - сынды басқа адамдарға әсер ету тәсілдеріне ерекше мән берген. [1,102].

Байқасақ, осы айтылған пікірлердің барлығы да имидждің ерекшелігін, мән-мағынасын ашқанымен, педагогикалық имидж мазмұнын, мағынасын, құрылымын, элементтерін ашуға да септігін тигізеді.

Ақпараттың басым бөлігін біз көру арқылы аламыз, сондықтан да біздің тартымды бейнеміз өте маңызды. В.А.Шепельдің пікірінше, мұғалімнің алғашқы жетістікке жетуінде оның сырт бейнесі маңызды орында. Сыртқы имиджді құраушыларға: мимика, дауыс күші мен тембрі, киімі, қимылы, сөйлеу мәнері, іскерлік стилі жатады. Басқаларға әсер етудің 92% сіздің сырт көзге қалай көрінетініңізге байланысты. Мұғалімнің сыртқы келбетінің тартымдылығы, стильділігі сөз жоқ, сабақта жақсы көңіл-күйдің болуына, өзара түсінушілікке, педагогикалық қарым-қатынасты жеңілдетуге әсер етеді.

Имидж тұлғалық коммуникативтік, әрекеттік және сыртқы мінез-құлықтық құрамалардан тұратындықтан, мұғалімнің ішкі әлеуеті, рухани әлеуеті, балаға, өз ісіне деген сүйіспеншілігі, мейірімділігі мен қарым-қатынасын құра білуі, педагогикалық нышанының, іскерлігінің, қабілетінінің, құзіреттілігінің көрінуі, баланың осы кәсіби қасиеттерді сезінуі, қабылдауы да имиджді құраушы элементтердің бірі. Оқушылар мұғалімнің жеке тұлғасына қызықпаса білім алуға деген қызығушылығы да болмайды деген байламға келуге болады. Себебі, баланың уақытының көп мөлшері оларға білім ғана беріп қоймай, сонымен қатар оларды тәрбиелейтін және жеке тұлға ретінде қалыптастыратын мектепте өтеді. Әлеуметтік және балалық шақтан алған әсерлері мен тәжірибелері үлкен өмірге өтуіне әсер етеді. Мұғалімнің жеке басы оқушының жеке тұлға болып қалыптасуына көмектеседі.

Сондай-ақ, кәсіби қасиеттерді тұлғалық-адами қасиеттерден ажырату өте қиын болғанымен мұғалімді кәсіби жетістікке әкелетін, педагогтың имиджін қалыптастырушы басты сыртқы көрінетін, ішкі сапа-қасиеттердің алатын орны ерекше.



Сонымен, педагогикалық ортаның, мекеменің имиджі педагогтың [4,56] жеке тұлғалық имиджіне байланысты, бұған керісінше педагогтың имиджі де мекеме имиджін қалыптастыруға әсер етеді. Мысалы, педагогтың кәсіби кредосы, қасиеттері, сапалы білім беруі – білім ордасының имиджін қалыптастырады. Алайда адамның ішкі әлемінің жұтаңдығын, кәсіби дәрежеде төмендігін, қызығушылықтары мен құндылықтарының таяздығын ешқандай сыртқы әдемілік алмастыра алмайды. Егер, сіздің сыртқы келбетіңіз ішкі әлеміңізге сәйкес келмесе, онда сіз жетістікке жете алмаймыз. Имидж – кез келген жұмыста жетістікке жетудің негізгі шарты. Олай болса, біздің ойымызша, педагогикалық имидж – мұғалімнің тартымдылығы, оқушыларға, әріптестеріне, ата-аналарға ұтымды әсері, оның ішкі әлемі мен сыртқы тұр-тұрпатының үйлесімділігі. Имидж мұғалімнің кәсіби бейнесі.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Шепель В.М. Имиджелогия Как нравиться людям.-М.:Народное образование,2002.-478б.

  2. Саяси түсіндірме сөздік. - Алматы, 2007. –616 б.

  3. Г.Почепцов. Имиджелогия. – 5-е изд. – Рефлбук.Ваклер- 2006 - 516 б.

  4. Кузьмина Н.В. Формирование педагогических способностей. – Л.,1961.–98.


Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет