Қылмыс жасаудағы күШ Қолдану ұҒымы



жүктеу 145.62 Kb.
Дата03.04.2017
өлшемі145.62 Kb.
ҚЫЛМЫС ЖАСАУДАҒЫ КҮШ ҚОЛДАНУ ҰҒЫМЫ
Асылбай Е.Ж,

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің магистранты


Осы еңбекті жазу барысында күш қолдану түсінігіне анықтама беру үшін теориялық және практикалық зерттеулер қорытындысына, заңгер ғалымдардың бұдан бұрын да берген анықтамаларына, қолданыстағы заң нормаларында берілген анықтамаларға сүйенуге тура келді.

Қылмыс жасаудағы күш қолдану тәсілін зерттеу өзекті мәселелердің бірі және осы тәсілді қолданудың нақты себебін тапқан жағдайда қабылданатын шешім қылмыстық құқық және сот ісін жүргізуде маңызды рөл атқармақ. Бұл ғылыми еңбектің негізі- күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалатын қылмыстармен күрестің өзектілігі және осы тәсілді пайдаланып қылмыс жасауға байланысты туындайтын сұрақтардың шешімін табу, “қорқыту” және “күш қолдану” ұғымына түсінік беру. Сондықтан да зерттеуге негіз болып отырған көптеген жайларға, ол үшін алдымен күш қолданып жасалатын қылмыстарға түсінік беріп және оған ұқсас қылмыстық әрекеттерді тауып оларды ғылыми негізде ажыратуға болатын белгілерді нақты көрсетуге тура келеді.Бұл ұғымға бұған дейін қылмыстық құқық та, құқықтың басқа салалары да қорқыту, күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстар түсінігіне нақты анықтама берген жоқ, осы тәсілді пайдаланып жасалған қылмыстар төңірегінде бірыңғай пікір қалыптаспаған.

Қоғамдық қатынастардың барлық жиынтығынан кейбір топтарды жекелеп бөліп алуға болады, оның негізінде өмірге, денсаулыққа, тәнге қолсұғылмаушылыққа, жеке тұлғаның бостандығына деген адамгершілік нормаларынан өзара көзқарас онда адамдардың өзара қарым-қатынасы және қоғаммен қарым-қатынасын реттеу арқылы адамдардың қалыпты өмір сүруін қамтамасыз етуге болады. Жоғарыдағы келтірілген қарам-қатынастарды бұзу мемлекеттке орасан зор көлемде зардап келтіреді.Сондықтанда ол қарым-қатынастар қылмыстық заң нормалары арқылы қорғалады.

Жеке тұлғаның өмірі және басқа да мүдделерін қорғауға Қазақстан Республикасының Қылмыстық заңында және Қазақстан Республикасының Конституциясында ерекше көңіл бөлінген. Жеке тұлғаның өміріне, денсаулығына зиян келтірмеу және бостандығына қол сұғылмаушылығын реттейтін қоғамдық қатынастарға қарсы жасалатын қылмыстыр әр жағдайда күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жүзеге асырылады.

«Күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстар» термині қылмыстық құқық, криминология және қылмыстық атқару құқығындағы теориялық жұмыстарда ғана қолданылады, сонымен қатар олардың барлығында бұл терминнің мазмұны бірдей емес. Мысалы, қылмыстық құқық пен қылмыстық іс жүргізу құқығында күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстарға, күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалатын қылмыстарды жатқызады; қылмыстық іс жүргізу құқығында кейбір қылмыстарды қоспағанда басқа да күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалған қылмыстарды жатқызса; криминологияда күш қолдану немесе күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың жасалу себебіне тоқтала отырып анықтама береді.

Сөйтіп, күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстар түсінігіне заңгерлердің бір тобы қылмыс жасауда қолданылатын күш қолдану әрекетінің жиынтығы немесе қылмыс жасау тәсілінің жиынтығы деп қарастырса, екінші бір тобы қылмыстық заңда көрсетілген қорқыту немесе күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстар жиынтығы деп қарастырады[1,120б] Күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстарды саралау және оларға жаза тағайындау қылмыстық заң нормаларында қарастырылғандықтан, күш қолдану түсінігін де қылмыстық заң нормаларынан іздестіру қажет деп білеміз. Сондықтанда бұл түсініктің анықтамасын беру қылмыстық құқықтың міндеті болып табылады. Қылмыстық-құқықтық түсінік бойынша күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстар өзара ортақ белгілерімен сипатталады, сол белгілер арқылы бір топқа біріктіріледі. Бұл қылмыстардың барлығына бірдей ортақ белгі қылмыс жасау тәсілінің бірдейлігінде, яғни екінші тұлғаға қарсы күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы қылмыс жасауы. Қылмыс жасаудағы бұл тәсіл қылмыс құрамының объективтік жағының белгісін құрайды және қылмыстық заң нормаларының көптеген диспозицияларында көрсетілген.

Әртүрлі қылмыстық-құқықтық нормаларда күш қолданудың түсінігі әртүрлі берілген, заңдарда күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту деп ашып көрсетіледі. Кей жағдайларда күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту әрекеті немесе жағдайы, күш қолданудан туған денсаулыққа ауыр зиян келтіру немесе кісі өлімі деп зардабы атап көрсетіледі. Бұл нормалар қылмыстық заңның ерекше бөлімінің түрлі тарауларында келтіріле отырып, қоғамдық қатынастарды түрлі әдістермен қорғауды қамтамасыз етеді. Заңда келтірілген күш қолдану әрекетін суреттейтін терминдер бірдей емес.

Күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстар үшін жауаптылықты белгілейтін нормалар жиынтығына талдау жасау, қылмыс жасаудың осындай тәсілімен қылмыстық-құқықтық күрес ұйымдастыруды өз алдына өзекті мәселе етіп қарау керек екендігін білдіреді. Бұл мәселенің маңызы ең алдымен, күш қолдану арқылы жасалатын қылмыстарды бір-бірінен және өзара ұқсас қылмыс құрамдарынан ажырату үшін қолдануға болатын мазмұны мен құрылымы жағынан заңдылыққа сай келетін критерийлері бар қылмыстық-құқықтық нормаларды табу.

Көтеріліп отырған мәселеленің өзектілігі тек қана жоғарыда келтірілген және соған байланысты шешімін таппаған жағдайларда ғана емес, қылмыстық жауаптылыққа тартуда туындаған күрделі сұрақтардың шешімін табу, мұндай тәсілмен жасалатын қылмыстардың соңғы кезде кең етек алғандығынан, алдын ала тергеу және сот тергеуін ұйымдастыруда көптеген қиыншылықтарға әкеліп соғады. Бұл топтағы қылмыстармен қылмыстық-құқықтық күрес мәселесі жалпы қылмыспен күрес мәселесінің бір бөлігін құрайды. Ол өз кезегінде көп жоспарлы, қылмыстық-құқықтық жоспардан басқа: криминологиялық, пенитенциарлық, қылмыстық іс жүргізушілік, криминалистикалық, азаматтық-құқықтық, сот-дәрігерлік, сот-психиатриялық, сот-психологиялық бағыттарды да қамтиды. Мұның ішінде қылмыстық-құқықтық бағыт негізгі бағыт болып табылады, өйткені басқа бағыттар қылмыстық заңда көрсетілген матариалдарға негізделіп жүргізіледі.

Күш қолдану түсінігі қылмыстық-құқықтық тұрғыда да, криминологиялық тұрғыда да күрделі ұғымды білдіреді. Қазіргі таңда күш қолданумен күш қолданамын деп қорқытуға айырықша көңіл бөліп, оны зерттеумен айналысуды арнайы ғылым саласы вайоленсологияға жүктеді және оған бұл тәсілдің түрлерін зерттеумен айналысу міндеттелді. Қылмыстық құқықта күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту ұғымы әртүрлі мағына береді; ол қылмыс құрамының негізгі белгісі де, қосымша, факультативтік белгісі де бола алады. Дж. Лоуренс оған былайша анықтама береді “Төтенше мінез-құлық салдарынан жеке тұлғаға немесе өзге де қоғамдық қатынастарға елеулі зардап келтіру. Бұл зардап түрліше дәрежедегі дене жарақаттары немесе мүліктік, моралдық болуы мүмкін” [2, 57б].

Бұл жөнінде Ш.Волин: “Күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту әр уақытта жеке тұлғаға қарсы бағытталады”-, дейді, бұл пікірмен келісе отырып Пауль Вольф “қорқыту мен күш қолдану қылмыстық мақсатқа жетуді жүзеге асыру құралы”-, деп көрсетеді [2,57б ].Басқа да көптеген авторлардың пікірі бойынша “ күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту” жеке тұлғаның құқығына қайшы организміне әсер ету [3,6б]. Бірақ басқа да заңгерлердің пікірі бойынша бұл анықтама күш қолданумен күш күш қолданамын деп қорқытудың толық мәнін аша алмайды дей келе бұл жөнінде В.И.Симонов пен В.Г.Шумихин “еркінен тыс”, “еркіне қарсы” деген сөздерді қоса қолдану керектігін айтады, өйткені жәбірлеуші әрекет еткен тұста әрекетінің зардабын толықтай түсінеді және оның жәбірлеушінің құқығына қайшы, заңға қарсы екендігін біледі [4,6б].

Қылмыстық құқық теориясында күш қолданудың екі түрін ажыратады: физикалық және психикалық. Оларды бір-бірінен әсер ету формасына қарай ажыратады. Көптеген авторлардың пікірі бойынша физикалық күш қолдануды, жеке тұлғаның организміне оның құқығына қарсы еркінен тыс әсер ету деп тануды ұсынады [3,8-9бб]. Заңдық әдебиеттерде келтірілген анықтамаларға сүйенсек, жоғарыда берілген анықтама толық анықтама болып табылмайды, өйткені күш қолдану адамның еркінен тыс қана емес оның еркіне қарсы да бағыттала отырып жүзеге асырылады [4,6б]. Жоғарыда келтірілген анықтамаларға сүйене отырып, қылмыстық-құқықтық тұрғыдан физикалық күш қолдануды қоғамға қауіпті, құқыққа қайшы адамның организміне оның еркінін тыс немесе еркіне қарсы әсер ету деп тануды ұсынамыз.Қылмыстық құқықта сонымен қатар психикалық күш қолдану ұғымы да келтірілген.Психикалық күш қолданудың табиғатын түсінуді кейбір авторлар түрліше ұсынады. Бірі психикалық күш қолдануды қорқытумен салыстыра отырып түсіндірсе [5,4б], екінші біреуі физикалық күш қолданамын деп қорқыту немесе жағдайға байланысты жарақат келтіру, азаптау қолданатынын айту, балағаттау арқылы адамға әсер ету деп түсіндіреді [6,15б].

Адамның психикасына әсер ету әртүрлі болғандықтан қылмыстық әрекетті саралаған кезде әсер етудің қоғамға қауіптілік дәрежесін міндетті түрде есепке алу керек. Заңдық әдебиеттерде күш қолданамын деп қорқытуға түрліше анықтама береді, мысалы: мәжбүрлеу [6,11б], үрей тудыру [5,9б] жан дүниесіне әсер ету [7,4б]. Қылмыстық құқық теориясында “күш қолданымын деп қорқыту” ауызша, жазбаша, басқадай түрлі әрекеттер жасау арқылы жүзеге асырыла отырып, жеке тұлғаға, қоғамдық мүддеге зардап келтіретіндіктен, ондай әрекеттерді саралау өте қиынға түседі.

Күш қолданамын деп қорқытуды саралауда оның жүзеге асырылу жағдайын есепке алу керек деген пікір айтады -, Гаухман Л.Д. [3,12-13бб].“Күш қолдану, күш қолданамын деп қорқыту термині” қылмыстық құқықта, криминологияда, қылмыстық-атқару құқығында және қылмыстық іс жүргізу құқығында кездеседі [8,8-9бб]. Айта кеткен жөн кейде ғылыми әдебиетте, оқулықтарда немесе құқықтық нормаларда екі түрін ажыратпай жалпылай күш қолдану деп айтыла салынады.

Бірақ бұл түсініктің мазмұны әрқайсысында әртүрлі [9,14-15бб], атап айтқанда, қылмыстық құқық пен қылмыстық іс жүргізу құқығында күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту қылмыс жасау тәсілін білдірсе, қылмыстық –атқару құқығында күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып қылмыс жасаушылардың жазасын өтеу тәртібін, ал криминологияда- жеке тұлғаларға қарсы жасалған қылмыстар, бұзақылық, қарақшылық т.б. күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалатын қылмыстар ұғымын білдіреді.

Сонымен, авторлардың бір тобы қарастырылып отырған мәселеге, байланысты қылмыстық әрекеттер жиынтығына кең және тар көлемде түсінік бере отырып күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып жасалған барлық қылмыстарды бірдей жатқыза бермейді, ал екінші бір тобы керісінше барлық күш қолдану арқылы және күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалған қылмыстарды жатқызады.

“Күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту” терминін көптеген монографиялық және басқадай ғылыми еңбектерде қолданудың өзі күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалатын қылмыстармен күрестің құқықтық ғылымның әр саласы бойынша өзекті мәселе екендігін көрсетеді. Бұл терминге әртүрлі авторлардың түрліше анықтама беруі қылмыс жасауда күш қолданумен күш қолдануды қолданамын деп қорқыту арқылы қылмыс жасау мәселесіне қажетті көңіл аударылмағандығын көрсетеді. Бұл әсіресе криминология ғылымына тән, өйткені көптеген авторлар күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту терминінің мазмұны мен түсінігін ашып көрсетпей-ақ, қажет деп білген жерінде қолдана береді.

Күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту терминіне нақты түсінік берілмегендіктен, күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалатын қылмыстардың себебін зерттеп олармен жан-жақты күрес жүргізу мәселесін қиындатады.Сондықтан да ең маңызды мәселе күш қолдану және күш қолданамын деп қорқыту ұғымына нақты түсінік беріп және бұл тәсілді қолданып жасалатын қылмыстық әрекеттер шеңберін анықтау. Күш қолдану, күш қолдану арқылы қорқыту ұғымы қылмыстық құқыққа ғана тән болғандықтан, бұл терминге анықтама беру, бұл өзекті мәселені шешу қылмыстық-құқықтық нормалар арқылы жүзеге асырылу керек және ол қылмыстық құқық ғылымына қажетті болып табылады.

Қылмыстық заңның ерекше бөлімінде қылмыстарды топтарға бөлу қылмыстық әрекет бағытталатын объектілерге қарай жүзеге асырылған, онда күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы, жыныстық қатынастарға бағытталған т.б. қылмыстар тобы қарастырылмаған. Күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалған қылмыстар деп топқа бөлу және зерттеу жүргізу күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалатын қылмыстардың себебін анықтап, қылмыстық құқық және өзге де құқық салалары бойынша қылмысқа қарсы күрес жүргізуді ұйымдастыру үшін өте маңызды. Күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалатын қылмыстар түсінігін және әрекеттер шеңберін анықтауда қоғамның табиғи даму заңдылығын, жеке тұлғалардың мүддесін қорғауды жүзеге асыратын қоғамдық қатынастарға байланысты қылмыстық заңның даму тенденциясын және қылмыспен күрес жүргізуді ұйымдастырудың перспективалық бағыттарын есепке алу керек.

Қоғамдық қатынастардың дамуына байланысты әрбір адам көптеген қоғамдық қатынастардың субъектісі болып табылады да, сөйтіп жеке тұлғаның мүддесі мен қоғам мүддесі бір-біріне жақындай түседі. “Демократиялық қоғам құру заңдылықты сақтау, қоғамдық тәртіп пен қоғамды басқаруды жүзеге асыруда заң талаптарын бұлжытпай орындау, қылмыспен күрес жүргізуді күшейту арқылы жүзеге асырылады”-, деп атап көрсетті Н.Ә. Назарбаев өзінің “Қазақстан-2030” атты стратегиялық бағдарламасында [10].

Орыс тіліндегі “Насильственная преступность” терминінің түбірі “насилие” сөзінің өзін екі мағынада түсінуге болады. Оның бірі-заттың аты ретінде, ал екіншісі-әрекет ретінде. Осы айтылған “күш қолдану” (насилие) ұғымының айналасында қылмыстық құқықта сан түрлі пікірлер бар. Бірі оның белгілерін анықтау барысында тым көлемін кеңейтіп жіберсе, келесілері тым тарылтып тастайды. Мысалы, соңғыларының қатарына күш қолдану деп, тек қана тәни (физикалық) күш қолдануды түсіндіретіндерді айтуға болады [9,14-15бб].

В.Н.Кудрявцев пен А.В.Наумовтың айтуынша ол “еркін ерік білдіруге тікелей қатысты бағытталған белсенді әлеуметтік қызмет”]. Осындай пікірлердің жақтастарына А.А.Пионтковский мен В.М.Артемовты қосуға болады. Ал М.Д.Шаргородский мен Н.А.Беляев болса, тіпті де тар мағынада түсінеді. Олардың ойынша күш қолдану ол “қоғамға қауіпті, құқыққа қарсы адам организміне оның еркіне қарсы ықпал ету.” Осылай дей отырып, автор оның екі түрін (адамның тәніне және оның ішкі органдарына ықпал) ажыратады [5,535б].Осындай олқылықтарды айта келіп, М.И.Ковалева “күш қолданудың” белгілерін ажыратады да, оған анықтама береді, яғни “күш қолдану-ол өзге тұлғалардың тарапынан болатын қасақана немесе заңға қайшы адамға (немесе адамдар тобына) оның еркіне қарсы немесе еркінен тыс күйде жүзеге асырылатын және оған органикалық, физиологиялық немесе психикалық жарақат салуға және оның ерік білдіру, не әрекет ету бостандығын шектеуге қабілетті ықпал ету ”[6,657б]. Осы соңғы анықтама күш қолданудың қырларын аша алатындықтан, біз де осы ұсынысты қолдаймыз.

Сонымен, күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалатын әрекетке, физикалық күш қолдану арқылы немесе қолданамын деп қорқыту арқылы жасалған әрекетті жатқызуға болады. Мұндай қылмыстардың қоғамға қауіптілігі сонда, ол қылмыстар мемлекеттің ең жоғарғы байлығы жеке тұлғаларға бағытталатындығы. Жоғарыда келтірілген ғалымдардың анықтамаларына сүйене отырып, күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалатын қылмыстардың жалпы белгілері болып табылады деп атап көрсетуге болады: қылмыстық әрекетті жүзеге асырудың тәсілі- күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту; бұл тәсілді зардап туғызу үшін қолданудың қасақаналығы; күш қолданумен күш қолданамын деп қорқытудың жеке тұлғаға (өміріне, денсаулығына, бостандығына, жыныстық еркіндігіне) қарсы қасақаналықпен бағытталуы.

Сондықтан да қылмыстық заңның нормаларын күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы қолдану үшін, осы тәсілді пайдаланып жасалатын қылмыстардың жүйесін жасау орынды секілді.

Қылмыс жасауда күш қолданумен күш қолданамын деп қорқытудың түсінігі қылмыстық заң нормаларында бұрынан бері-ақ қолданылып келеді. Күш қолдану мен күш қолданамын деп қорқыту түсінігі Совет мемлекетінің алғашқы жылдары шыққан жарлықтары мен декреттерінде де көрсетілген. Жеке тұлғаларға қарсы күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып жасалатын қылмыстар туралы РСФСР-дың 1922, 1926,1960, ал Казақ ССР-ның 1959 жылдары шыққан қылмыстық кодекстерінде де орын алған, сондай-ақ, басқадай одақтас республикалардың да қылмыстық кодекстеріндегі баптардың диспозицияларында күш қолданып немесе күш қолданамын деп қорқытып жасалатын қылмыстардың анықтамасы берілген.

Қылмыстық құқық нормаларында келтірілетін “күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту” термині әр түрлі жағдайларға байланысты әр түрлі мағына береді. Мысалы: көптеген нормалардың диспозицияларында “күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту” физикалық күш қолдануды көрсетсе, кейбір нормаларда тек қана осы тәсілдерді пайдаланып қорқытуды көздейді.Атап айтқанда, ҚР ҚК 120,121 баптардың 1 тармағы және 179 баптың 1 тармағына “адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолданумен немесе тікелей осындай күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан” деген белгілер берілген [7,56б].

Кей баптардың диспозицияларында күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту туралы нақты айтылмай, физикалық немесе психикалық күш қолдану баптың бірінші емес екінші тармағында (қылмыс құрамын ауырлататын жағдай ретінде) келтіріледі, мәселен, 178 баптың 2-тармағы бойынша жасалатын тонауды келтіруге болады. Егер, күш қолдану немесе қорқыту, шын мәнінде жүзеге асса- қылмыс жасаушының әрекеті, тонаудың жай құрамы емес, ауыр құрамына жатқызылады.

М.Д.Шаргородский, М.И.Ковалев, Г.А.Мендельсон, Ш.С.Рашковская, Ю.И.Ляпунов, П.Ф.Тельнов сол кездегі РСФСР ҚК-нің, қазіргі ҚР-ның ҚК-нің 190 баптың 2-тармағы мен 191 баптың 1-тармағында күш қолданудың физикалық түрі де, психикалық түрі де туралы айтылды десе [5,538б], керісінше, Н.И.Загородникова мен С.В.Бородина бұл қылмыстарда Ресей ҚК-нің 161 бабы күш қолданудың тек қана физикалық түрі туралы айтылған деп есептейді. 1960 жылғы РСФСР Қылмыстық кодексі түсініктемесінің авторларының бірі Б.В.Здравомыслов, қылмыс құрамдарындағы күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту тек қана физикалық болуы керек деп жазады.

Теорияда күш қолданумен күш қолданамын деп қорқытудың қоғамға қауіптілігі мен келтіретін зардабы туралы бірыңғай пікір айтылмаған, мысалы ҚР ҚК-тің 106 бабының 1-тармағында, адамның өміріне қауіпті емес күш қолдану арқылы денсаулыққа зиян келтіру туралы айтылса, кейбір қылмыс құрамдарының күш қолдану мен күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалуы мүмкін болғанымен, ол туралы диспозицияда айтылмаған ( мысалы: ҚК-тің 120, 125, 123, 146, 191, 192 баптары). Заң шығарушы “қорқыту”, “физикалық күш қолдану”, “психикалық күш қолдану”терминдерінен басқа, осы түсінікке жуық мағына беретін “азаптау”, “ұрып-соғу”, “шабуыл жасау”, “қауіп төндіру”, “мәжбүрлеу”, “қауіпті жағдайда қалдыру ” терминдерін де қатар қолданады.

Келтірілген ғалымдардың анықтамасына талдау жасай отырып, біздің пікіріміз бойынша, күш қолданумен күш қолданамын деп қорқыту арқылы жасалған қылмыс құрамының объективтік жағының қажетті, сараланған немесе факультативті белгісі ретінде көрініс табуы керек, өйткені бұл күрделі қылмыстық-құқықтық түсінік және терең зерттеуді талап етеді.Физикалық күш қолдану проблемасын зерттеуде, ең алдымен осы түсінікке анықтама беру, оның қылмыстық құқық жүйесіндегі маңызын, орнын анықтаудан бастаған жөн, өйткені ол, объективтік жақтың факультативті белгісі бола тұра, осы қылмыс құрамын саралауға қатысты басқа да белгілерді анықтауға, сөйтіп алдын ала тергеу жүргізуде қателік жібермеуге көмегін тигізеді.

Физикалық күш қолдану күш қолданудың нақты формасымен тікелей байланысты. Сондықтан да физикалық күш қолдануды “жалпы күш қолдану”, “ерекше күш қолдану”, “күш қолданудың жекелеген тәсілін пайдалану” деп жіктеп қарастыруға болады. “Жалпы күш қолдану” күш қолданудың жекелеген тәсілдерін пайдалану арқылы жүзеге асырылады, сондай-ақ жекелеген күш қолдану да топтастырыла отырып жалпыны құрауы мүмкін [4,495б]. Бұдан жалпы күш қолдану жекелеген күш қолдану тәсілдерінің негізгі белгілерін қолдану арқылы жүзеге асырылады деп түсіну керек.

Физикалық күш қолдану түсінігіне анықтаманы қылмыстық –құқықтық теория мен сот тәжірибесіне сүйене отырып беруді жөн көріп отырмыз. Жеке тұлғаны оның өз еркінсіз әрекет етуге көндіру мәжбүрлеу болып табылады. “Біз мәжбүрлеу арқылы әрекет етеміз - деп жазды А.Грюнбаум-, егер өз тілегімізді қанағаттандыру, өз жағдайымызға қарай әрекет ету физикалық күш қолдану салдарынан мүмкін болмаса.” Мәжбүрлеу де түрлі тәсілдермен көндіру сияқты-билік етудің сапалық белгісі [9,14-15б]. Жеке тұлғада әрекет ету ниеті екі түрлі тәсілмен: сендіру және мәжбүрлеу арқылы жүзеге асырылады. Түрлі тәсілдермен көндіру мен мәжбүрлеудің ара қатынасы билік етуші мен билікке бағынушы арасындағы еріктілік арқылы ажыратылады. Жеке тұлға билік етушінің әмірін дұрыс деп бағалап оны орындауды жүзеге асырады немесе керісінше әмірі заңға қайшы келсе де орындауға мәжбүр болады [9,16б].



Көндіру, жеке тұлғаның сезіміне түрліше тәсілдер пайдалану арқылы қабылдаған шешімінің дұрыстығын түсіндіре отырып әсер ету. Көндіру- түсіндіру және мадақтау әрекеттерін пайдалана отырып, бұл сұрақтың шешімін табуда міндетті түрде қатысуы керектігін дәлелдеу, соның нәтижесінде тұлға өзіне әсер етуші тұлғаның талабын бағалап, өз мүддесіне сай шешім қабылдайды [9,17-18бб]. Мәжбүрлеу- билік етуші тұлғаның еркіне бағынып, өз мүддесіне сай емес әрекетті жүзеге асыру. Мәжбүрлеу күш қолдану немесе психикасына әсер етіп қорқыту арқылы жүзеге асырылады. Мәжбүрлеу – күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту арқылы жеке тұлғаны, тұлғаның өз мүддесіне нақты сай келмейтін немесе мүддесіне қарама-қарсы әрекет етуге итермелеу. Сондықтан да, күш қолдану мен күш қолданамын деп қорқыту көндіру мен мәжбүрлеудің түрлері.
Әдебиеттер тізімі:

  1. Симонов В.И.,Шумихин В.Г. Преступное насилие: понятие, характеристика и квалификация насильственных посягательств на собственность-. Пермь.,1992.-С.120

  2. Денисов В.В. Социология насилия.-М.,1975.-С.57

  3. Гаухман Л.Д. Борьба с насильственными посягательствами.-М.,1969-. С.6.

  4. Симонов В.И.,Шумихин В.Г. Квалификация насильственных посягательств на собственность.- М.,1993-.С.6

  5. Левертова Р.А. Ответственность за психическое насилие по советскому уголовному праву.-Автореф. дис… канд. юрид. наук.-М.,1972.-С.4

  6. Костров Г.К.Уголовно-правовое значение угрозы.-Автореф.дис...канд. юрид. наук.М.,1970 С.15

  7. Стерехов Н.В. Ответственность за угрозу по советскому уголовному праву.-Автореф. дис... канд. юрид. наук.М.,1970 -.С.4

  8. Симонов В.И. К вопросу о понятии физического насилия-. Свердловск.,1971-.С.8-9

  9. Мудьюгин Г.,Резник Г.,Грюнбаум А. Особенности судебного допроса по делам о насильственных преступлениях-.//Советская юстиция-.1974.№20,-.-С.14-15

  10. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың “Қазақстан-2030” атты стратегиялық бағдарламасы


Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет