Хх ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары



жүктеу 147 Kb.
Дата28.05.2017
өлшемі147 Kb.
ХХ ғасыр басындағы тарих және діни мазмұндағы қазақ кітаптары.

Саркулова С.Д.-

Абай атындағы ҚазҰПУ PhD докторант. 3 курс

ХХ ғасырдың басында жарық көрген қазақ кітаптарының негізгі мақсаты Қазақтың тарихын дәріптеу мен .өткеннің түсініксіз беттерін жұртқа түсіндіруге ұмтылуы, сонымен қатар халықты әрқашанда патриоттық сезімге баулу болғаны барлығымызға белгілі.

Алдына мақсат қойып түрлі баспалардан шыққан қазақ кітаптарын батырлық, ғаштықтық, діни, ағарту, тарихи, әдеби бағытындағы кітаптар деп қарастыруымызға болады. Бұлардың ішінде халық арасына кең тараған түрі бұл батырлық, қаһармандық, ғашықтық, сүйіспеншілікті көксейтін лиро-эпостық жырлар. Оны жинаушылар да ел арасынан бұл поэмалардың бірнеше нұсқаларын жазып алып, өңдеп барып бастырған. Бұл ретте Жүсіпбек Шайхисламов, Кашшафутдин Шахмарданұлы, Мәулекей Юманчиковтарды атауымызға болады.

Ірі баспаханаларда көп басылған діни және діни-уағыз дастан кітаптар болып табылады. Барлық басылған кітаптар мұсылман шариғаттарының маңыздылығын түсіндіруге арналған. Бұл кітаптарда Мұхаммед пайғамбар мен оның үмбеттерінің өмір жолдары, ислам дінінің таралу тарихы, діни жорықтары, олардың ерліктері, бағыт жолдары мен адамгершілік, мейірімділік, малды адал еңбекпен жию, қарып-қасірге қол үшін беру және т.б. жағдайлар сөз болады. Бір ерекшелігі ислам діні мен қазақ халқының кейбір фольклорлық ерекшеліктерін сақтауға тырысқан.

ХІХ ғасырдың соңында Қазақстанда миссионерлік бағыт өрістей бастаған кезде ислам дінін уағыздаушылар олардың әрекетіне қарсылық есебінде діни кітаптарды шығару арқылы мұсылман дінін насихаттауды қолға алды. Ғасырдың соңына дейін діни кітаптардың саны күрт өскен. Олардың саны 47-ге дейін өсіп, қайталана басылудың нәтижесінде 149 басылымға жеткен [1].

ХІХ ғасырдың соңында Қазақстанда миссионерлік бағыт өрістей бастаған кезде ислам дінін уағыздаушылар олардың әрекетіне қарсылық есебінде діни кітаптарды шығару арқылы мұсылман дінін насихаттауды қолға алды. Ғасырдың соңына дейін діни кітаптардың саны күрт өскен. Олардың саны 47-ге дейін өсіп, қайталана басылудың нәтижесінде 149 басылымға жеткен [2].

Жалпы діни кітаптар қазақ жеріне Мысыр, Стамбұл, Ташкент, Самарқанд, Бұхара сияқты қалалардан әкелінген. Бұл кітаптар ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап шағатай және қазақ тілдерінде басыла бастады. Шағатай тілінде жарық көрген кітаптардың ең біріншісі – бұл Қожа Ахмет Иассауи мен Сүлеймен Бақырғанидың діни мазмұндағы еңбектері.

Қожа Ахмет Иассауидың «Диван-и Хикмет» («Нақыл сөздер») кітабы 1896, 1901, 1912 жылдары қазақ тілінде үш рет баслыған. Әр басылым толықтырылып, бет көлемдері мен таралымдары да өзгеріліп отырған. Негізінде 1896 жылы басылып шыққан кітап бұрындары бастырылмаған қолжазба бойынша құрастырылған екен. Оны ғалымдар Ш. Елеукенов пен Ж. Шалғынбаеваның жазулары бойынша, Қазан шығыстанушысы И.Ф. Готвальд толығырақ етіп бастырған. Татарша басылымы 134 нақыл сөзден, 262 беттен тұрса, ал И.Ф. Готвальдтың жинастыру бойынша нақыл сөз 148-ге жетіп, 277 бетті құраған.

Діни негіздегі Сүлеймен Бақырғанидың «Ақыр заман», «Хакім ата», «Бақырған», «Тағы ғажап» атты кітаптары бұрындары шағатай тілінде шыққан. Мәселен, «Ақыр заман» 1856, 1885 жылдары шағатай тілінде шығып, ал 1897 мен 1906 жылы қазақ тілдерінде басылған.

Ал «Бақырғани» кітабы 1846, 1856, 1888, 1901 жылдары алты мәрте басылған. Соңғы нұсқасы Қазандағы Кәрімовтар баспаханасынан басылған, көлемі 80 бет. Бұл кітапта сопылық дәстүрді дәріптеуші Қожа Ахмет Иассауиден бастап, дін жолындағы Атар, Баһлүл, Мансұр сияқты шейхтар мен шаһ Буруқи, Хисамаддин, Баһауаддин, тебризи, Уаис әл-Курни сынды сопы ғұламалардың еісімі аталады. Кітапта діни уағыздар, аңыздар, ізгілік, білім, Аллаға деген ұлы махаббат жайлы нақыл сөздер бар. Соынмен қатар Мұхаммед пайғамбар, Әбу Бәкір, Омар, Оспан, Әли сияқты үмбеттердің өмір жолдары да айтылады [3].

Жүсіп Шайхисламовтың өңдеуімен 1877 жылы Қазан шаһарында шыққан «Қисса-и Зарқұм» атты кітабы одан кейінгі жылдары да бірнеше рет қайталана басылған. Кітап Ғали Арыстан халифтың мұсылман дінін енгізудегі жорықтарына арналған. Ол ирак патшасы Зарқұмға жорық жасап, жеңіп, оның халқын мұсылман дініне енгізеді. ХІХ ғасырдың соңында бұл кітаптың қайталанып басылуына патша үкіметі тыйым салды. Ол кездерде мұсылман халықтарын орыстандыру саясаты пәрменді жүргізіліп жатқан болатын. Міне, осы себепке орай 1902 жылға дейін қайталанып шығарылмаған. Ал қайталанып басылуына кітаптың мазмұнындағы зиянды деп табылған кейбір оқиғалардың алынып тасталынуынан кейін ғана рұқсат етілді.

Оның келесі бір діни шығарған кітабы – «Қисса-и хазірет-и Али» (1896). Халық арасында аңызы түрінде тараған бұл кітап халиф Әзірет Әлидің діни жорықтарына арналды. Халифтың мұсылман дініне мойынсынбағандарды жазалауы, имандылықты уағыздауы баяндалады. Неігізінде бұл кітап 1899, 1901, 1907, 1913, 1916 жылдары қайталанып басылған.

1896 жылы Жүсіпбек Шайхисламов діни мазмұндағы «Қисса-и хазірет-и Ғұсман» деген дастанды да кітап етіп шығарған. Бұл қисса да хазірет Осман хикаясына арналды. Кітапта діни уағыздар, имандылыққа бастар өсиетті дұғалар бар. Келесі жылы «Қисса-и уақиға Кербала ұшбу-дүр хазірет-и имам Хусаин разиаллагана» деген Әзірет Әли мен Мұхаммед пайғамбардың жиені Халифтың жорықтарына арналған кітабы жарық көрді. Бұл кітап алты рет қайталанып басылды.

ХІІІ ғасырдың орта тұсында Алтын Орда құрамына кірген кезде халық арасында авторы белгісіз «Кесікбас», «Сопыларға өсиет» деп аталған шығармалар белгілі бола бастады.

Чирков баспаханасынан шыққан діни кітаптың бірі - «Кесік бас кітабы». Бұл кітап 16 беттен тұрады. Мазмұны Әзірет Әли деген жігіттің жер асты патшалығына түсіп, оның тұтқынында отырған бес жүз мұсылман әйелдерін босатуы болды. Оның бұл әрекетіне қарсы шықпақ болған диюмен шайқасып, қапыда басының кесілуі. Кесік бас пайғамбардан көмек сұрай келіп, дұғаның көмегімен қайтадан жігіт қалпына келеді [4]. Бұл жерде зұлымдық, батырлықпен қатар ислам дінінің құдіреті де баяндалады. Зұлымдыққа қарсы күрескен басы кесілген батырды тірілтудің мақсаты халық арасында ізгілікті, мархабаттылықты, әділдікті көрсетуінен туындады.

Мәулекей Юманчиков 1879 жылы «Қисса-и Салсал» кітабы тоғыз рет басылып шыққан. Салсал батырдың қаһармандық ерлігін халық арасында дәріптеуді патша үкіметі артық санап, оны қайталап басуға да тыйым салады. Тек 1906 жылдан кейін ғана кітапты басуға мүмкіншілік туды. Оның діни мазмұндағы келесі бір кітабы – «Қисса-и Жұмжұма». Кітапта қазақ пен татар сөздері аралас болып кеткен. Қисса төрт шумақты өлең түрінде жазылған. Оның мазмұны Иса пайғамбардың шөл далада қуарған адам басына кез болуы. Оған жан бітіп, екеуара тілдесуі.

Діни қиссаларды парсы тілінен аударып, өңдеп, кітап ретінде шығарғандардың бірі – ақын Дос Тілегенов. «Мұхаммет-Ханафия» дастаны ислам дінін жаюшы Әли халифтың ұлы Қанафияға арналған. Кітапта оның Табут патшамен арасындағы соғысы баяндалады.

Ал 1897 жылы шыққан Г. Махмұтұлының «Адам ата» кітабы адамзат баласын таратқан Адам атаны тұңғыш пайғамбар да, Мұхаммедті соңғы пайғамбар деп пайымдауы. Бұл кітаптар біріншіден, халыққа дін тарихын білуді насихаттаса, екіншіден, оларды имандылыққа, ізгілікке, сабырлыққа шақырды, адам бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға тырысты. Дінге деген құрмет шапағатын төгуге тырысты.

Діни тақырыпта Мұқаметсәлім Кәшімовтің «Иғтикад», «Әдеп», «Үгіт», «Насихат қазақия», Б. Баймағамбетовтың «Назымды иғтикад», Әлхадж Орынтай бен Құрымбай Қыпшақидың «Насихат әл-қазақия» және т.б кітаптар жарық көрді. Бұл кітаптар жас балаларға тәлім-тәрбие, имандылық, зұлымдық пен қайырымдылықты ажырата білу, тазалық жайында көп үлгілі ұсыныстар бере білді.

Әлхадж Орынтай бен Құрымбай Қыпшақидың 20 беттік «Насихат әл-қазақия» кітабы Қазаннан 1900 жылы басылып шықты. Діни мазмұндағы бұл кітап Алла тағаланы мадақтауға арналды. Жалпы кітапта қазақ жерінде мұсылман дінінің таралуы мен Ұлы жүз бен Орта жүздің рулары туралы мәліметтер келтірген. Сонымен қатар 1723 жылы жонғар аны Суан Рабданның қазақ жеріне жасаған жорығы, қазақ халқының «Ақтабан шұбырындыға» айналып, босып кетуі жайында айтылады. [5]

ХІХ ғасыр екінші жартысында шығыс әдебиеті мен фольклорын жинау мәселесі кең түрде қолға алынды. Қазан төңкерісіне дейін шығыс әдебиетінің 225 басылымы кітап ретінде шыққан. Оның көпшілігі аңыз, ертегі, дастан түрінде халық арасына таралған. Шығыстың көптеген елдерінің лирикалық-тұрмыстық, әпсана-хикаят, махаббат тақырыптарына арналған «Жүсіп-Зылиха», «Ләйлі-Мәжнүн», «Мұңлық-Зарлық», «Боз жігіт», «Шахнаме», «Қасым Жомарт» және тағы басқа поэма, дастан-жырларын жинастырып, оны бастыруда К. Шахмарданұлы, Ж. Шайхисламұлы, Ж. Елшібайұлы, Е. Сарымбаев және т.б. елеулі еңбек етті.

Ежелден бері халық аузында сақталып, бабадан атаға, атадан балаға ұмытылмай келе жатқан жырлардың бірі бұл батырлары жайындағы жырлар. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап бұл жырлар қағаз бетіне түсіп, кітап ретінде басылып, соның нәтижесінде қазіргі ұрпақтарға жетіп отыр. Қазақ жазушыларының бірі М. Әуезов «Әдебиет тарихы» деген еңбегінде «Бұлар (батырлар – С.С) көшпелі елдің шабынгерлік, жауынгерлік, құба қалмақ заманында жүргендегі батырлары. Ол кездегі тыныштық, амандық, түгелдік ылғи найзаның ұшы, білектің күшімен алынатын, қара күштің ғана дәуірі жүрген заман. Әлі жеткен әлсіздің қожасы болған, әлсіздер құл мен күң болған заман. Не нәрсеге ие болсаң, иелігің қылыш жүзінде ғана сақталған. Сондықтан ол замандағы елдің сүйеніші кім? Сүйеніші қол бастаған батыр, ханы мен биі болған», - деп жаза отырып, қазақ батырларын елдің қамқоры болғандығын дәлелді түрде келтірген болатын. [6]

Каримовтар баспаханасынан 1903 жылы басылып шыққан «Орақ пен Мамай батырдың хикаясы» атты кітап ағайынды Орақ пен Мамай батырларға арналған. Кітаптың басында ағасы Мамай хан болып, Орақ ел арасына батырлығымен танылған екен. Мамайдың баласы болмай, ал Орақтың Қарасай, Қазы деген ұлдары болған. Мамайдың жасы сексен төртке келгенде інісі Орақ қайтыс болып, екі баласы жетім қалады. Осы жайтты естіген қалмақ ханы Темірхан Мамайға өзінің Бике деген шабарманын жіберіп, былтырғы түскен өтеуден осы жылы есеп берсін немесе Қиғаш тауына соғысуға келсін деген хабар айтады. Ноғайлар қорқып, Мамайды тастап қашып, ал Мамайдың өзі қалмақтардың қолына тұтқынға түсіп қалады. Бұдан әрі кітапта қалмақтар оны зынданға тастайды. Маймайдың әйелі жаман түс көріп, күйеуінің басына қауып төнгенін сезеді де тоқсан бестегі кәрі енесіне жорытады. Орақтың үлкен ұлы Қарасай күшімен қалмақтарға қарсы соғысып, Мамайды зынданнан босатып алады да, еліне қайтарып, өзі Сары өзенінің маңында қалмақ ханы Темірханмен жекпе-жекке шығып, оны өлтіреді. [7]

Кітаптың соңында Қарасайдың қалмақтарды жеңіп, аман-есен үйіне оралғандығы айтылады. Бұл жерде кітапты шығарушы осы оқиға арқылы қазақ жұртының өз отбасы, жері қорғай алатындығын, қандай қиыншылық болса да жеңетіндігін насихаттап отырғандығын байқауға болады. Негізінде бұл оқиғаның тарихи маңызының барлығында сөз жоқ. Ауыздан ауызға тараған хикаяның ұмыт қалмай, келесі ұрпаққа жетуін мақсат еткен.

Қазанның «Өрнек» баспасынан 1909 жылы «Ер Тарғын» атты тарихи кітап басылып шықты. Бұл кітапты Қара Балық ұлхының қазағы жырау Біржан Болымбетовтың айтуымен жазушы Махмұд Сұлтан Тұяқбаев жазып алса керек. Жалпы «Қобыландының» ақын, жырау Марабай Құлбайұлының айтуымен Ы. Алтынсарин кезінде жазып алған.

Бұл кітапта Ер Тарғынның өз елінен кісі өлтіріп, қылмысты болып, Қырым жұрты Ақша ханның еліне келуі айтылады. Сол елде ол біршама уақыт белгісіз адам болып өмір сүреді. Ақша хан он сан оймауыт пен тоғыс сан торғауытпен соғысқа шығады. Тарғын осы соғысқа қатысып, көзге түсіп, хан оны әскер басы етіп қояды. Кітапта Тарғынның Ақша ханның қызы Ақжүніске ғашық болып, оны алып қашып, Еділдегі Орманбет он сан Ноғай еліне келуі баяндалады. Хан қызы да Тарғынды ұнатып қол ұстасып кете барады. Әкесі қызына қатты ашуланып, сол қызды қуып жетіп, батырдан айырып алса соған бермектігіне уәде береді. Екі жасты қуып кеткендердің тек бірі Қожақ қана жетіп, Тарғынмен жекпе-жекке түсіп, оны жеңеді. Тарғын қызды оған тастап, жүріп кетеді. Қожақ Ақжүніске түрін көрсетуін, ұнатса алатындығын айтады. Қыз оның кәрілігін бетіне басып, өлсе де тимейтіндігін айтады. Қожақ оны Тарғынға әкеліп қосады. Екеуі Қанзада ханға келген кезде олар қалмақпен соғысып жатқан еді. Қалмақтарды жерінен қууды өтініш етіп Тарғынға сөз салады. Тарғын қалмақтарды жеңеді. Бірақ жолда жығылып, белін зақымдап алады. Хан Ақжүніс екеуін жұртына тастап көшіп кетеді. Бұдан әрі Тарғынның емделуі, Қанзадаға тағы да қалмақтардың қысым көрсетуі мен оның тағы Тарғынға қолқа салып, жеңсе қызын бермекке уәде беруі, Тарғынның қалмақтарды жеңуі мен ханның уәдеден тайқып, қызын бермеуі, батырдың тағы өкпелеп Қырымға қарай кетуі және қалмақтан қайта қорыққан Қанзада хан артынан адам жіберуі, Сыпыра жыраудың ханның қызын емес, ел, жер, мал-мүлік ал деп ақылу беруі айтылады. Кітап Тарғынның сыпыра жыраудың айтқанына көніп, Жанарыстан деген жерді алып, «Мысыр» деп атап мекендеп қалуымен аяқталады. [8]

Бұл жерде Тарғынның тарихи тұлға болғандығы жайында жырдың ішінде кездесетін оқиғалардан байқауға болады. Алтын Орда құлағаннан кейін ноғайлардың ру-ру болып көшіп қонуы, қалмақтармен арадағы соғыс сол кездердегі тарихи оқиғалармен жанасатындығын көреміз.

Қара Балық ұлығының қазағы жырау Біржан Болымбаевтың айтуымен Махмұд Сұлтан Тұяқбаев жазып, «Үміт» баспаханасынан 1914 жылы шығарған «Қара қыпшақ Қобыланды батыр» кітабы қазақ халқының ең көне жырының бірі қара қыпшақ Қобыланды батырға арналды. «История Казахстана. Дореволюционный период» деп аталған библиографиялық көрсеткіште бұл кітап жайында былай жазылды: «Қара қыпшақ Қобыланды батыр – қазақ халқының ең көне қаһармандық жырының бірі. Бұл эпос – идеялық мазмұндылығы жағынан да, көркемдік дәрежесі жағынан да басқа батырлық жырларға қарағанда жоғары тұрған халықтық шығарма». [9]

Ауыздан-ауызға тараған бұл жырдың негізгі мазмұны Қобыландының қазақ елінің ежелден жауы қызыл бас жұртына, олардың шапқыншы ханы Қазанға, қалмақ басқыншыларына, Көбікті ханға қарсы күрес барысы баяндалады.

Кітаптың басы алпыс жасқа келген Аналық пен тоқсандағы Тоқтарбайдың әулиеге ат қойып, қорасанға қой айтып, бала тілеп тентіреп жүріп осы Қобыланды тапқандығы айтылады. Баланың күн санап өсіп, он жасқа келген кезінде Көклан деген кемпірдің Құртқа деген қызын алғаны келтіріледі. Құртқаның ақылды әйел болып, оған Тайбурыл деген атты баптап өсіріп береді. Қазан қаласына Қараман бастаған қол аттанғанда, Қараманның шақыруымен Қобыланды да аттанбақ болған кезде әкесі де, шеше, Құртқа да қарсы болады.

Қобыланды Тайбурылға мініп, Қазанға шауып жеңіп, жолшыбай Қараман екеуі Көбікті деген ханның жылқысын алдарына салып айдап әкетеді. Бірақ Қараман мен Қобыланды ұйықтап жатқан кезде Көбікті ұстап алып, байлап зынданға тастайды. Ханның Қарлыға деген қызы екі батырға көмектесіп, қашырмақ болады. Қараман бұған келіссе де, Қобыланды келіспей, керісінше еліңді қырып, шауып кетемін дейді. Қыз батырға риза болып, енді айламен қашырмақ болады. Тайбурылдың тіліне қыл бұғау салып, қинап шыңғыртады. Батыр долданып, зынданнан атып шығады. Бұдан әрі кітапта Қобыландының Қараманмен бірге Құртқаны алып, Көбіктінің жылқыларын айдап әкетіп, ол қуып келгенде Қарлығаның әкесіне оқ өтетін осал жерін айтып, Қобыландының оны атып өлтіргендігі, алайда еліне келгенде халқын қалмақтың Алшағыр ханы шауып кеткендігі айтылады. Оқиға одан әрі Қобыландының Алшағырды өлтіруімен, Ағанаспен жекпе-жекке шығуымен, Қарлығаның көмекке келуімен өрбиді.

Қарлыға өз ағасы Біршімбайды да өлтіруге Қобыландыға көмектесіп, Алшағыр ханның екі қызын Қараманға беріп, өз басын азат етеді. Кітап сонында Қобыландың әке-шешесін азат етіп, еліне қайтқаны айтылады. [10]

Бұл жырдағы кейіпкерлердің қаншалықты тарихта болғандығы жайында нақты деректер жоқ. Дегенмен жырда айтылатын жер атаулары бұл күндерде де сол қалпымен аталады. Жырдың 68-бетіндегі «Елек қорғанынан Ойылға қарай жүретін қара жолдың үстінде» деген жолындағы Елек дегенге келсек, Ресейдің Орынбор, Қазақстанның Ақтөбе, Орал облыстарының жерінде өзеннің бар. Жалпы Қобыландының бейіті Електің Орынбор бөлігіндегі жағалауында деп айтылады. Ал Ойылға келсек, Ақбөбе, Атырау, Орал облыстарынан ағатын осындай өзен бар.

Қобыландының тарихта болғандығына орай белгілі қайраткер, жазушы М. Әуезов «Әдебиет тарихы» деп аталған зерттеуінің «Батырлар әңгімесі» деген ІІ бөлімінде: «Орынбор архив комиссиясының мағлұматы бойынша, Елек қорғанынан Ойылға қарай жүретін қара жолдың үстінде, Қобыланды деген бекет бар. Соның жанында, Қобыландының бейіті деген бейіт бар дейді. Сол маңайдың қазағы Қобыланды жайынан ескілікті әңгіме айтады. Бұл Қобыландының болған адам екеніне бір дәлел. Екінші, Шәкәрім ақсақалдың шежіресінде, ескіліктен қалған әңгіменің ретінде Қобыланды батыр Жәнібек пен Әбілқайыр ханның тұстасы делінеді» деген дәлелдер келтіреді.[11] Әуезов келтірген Ш. Құдайбердиевтің шежіресіне нақтырақ сүйенсек, Қобыланды Әбілқайыр ханның тұсында өмір сүрген. Ол Әбілқайырдың Ақжол деп аталып кеткен Дайырғожа деген қазысымен жауласады. Ақыры оны өлтіргенін Жәнібек хан біліп, Қобыландыны шариғат бойынша қысас қылып сұрапты. Шәкәрім бұл турада: «Әбілқайыр берейін десе, көп қыпшақ бұзылатұғын болғандықтан бере алмай, үш кісінің құнын алып, бітім қыл деген соң Әз-Жәнібек өкпелеп кетеді. Біздің қазақта мақал болып жүрген «Қарақыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным» деген Дайырғожаның сүйегін айналып жүріп жылаған әкесі Қодан Тайши деген кісінің сөзі еді», - деп жазады.[12]

Тарихи тақырыпқа жазылған кітаптардың арасынан Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал ахуал», Х. Сәдуақасовтың «Халық мұңы» атауымызға болады.

Шәкәрім Құдайбергеновтың ХХ ғасыр басында бірнеше тарихи еңбектері жарық көрді. Оның бірі Каримов, Хұсайіновтардың баспаханасында жарық көрген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі». Бұл кітабында Шәкәрім тек қазақтың Үш жүзінің ғана емес, түркі халықтарының шежіресін жазуға тырысқан. Шәкәрім шежіре нақты тарауларға бөлініп қарастырды. «Шежіреден бұрын» деп аталған тарауында ақын Адам пайғамбардан бері қарай атадан-балаға үзілмей жазылып келе жатқан шежіренің жоқтығын жаза келе, қазақта шежіре ауыздан ауызға тарап келе жатқандығын, тіпті оны ертегі айтқандай қылып жаталып қалғандығын келтіреді. Ол қазақтың түпкі атасын білмек ниетінде көп уақыттан бері естіген, білгенін жазып жүргендігін, сонымен қатар түрлі халықтардың шежіресін де оқығандығын, олардың ішінде Нәжіб Ғасымбектің «Түрік тарихы», Әбәлғазы Баһадүрдің «Шежіре түрік» және т.б. сол сияқты кітаптаға сұйенегендігін келтірген. «Шежіренің басы» деп аталған тарауында ақын шежірені Адам Атадан таратады. Адам пайғамдардың балаларынан таралғандардың барлығына жеке-жеке тоқталып, түркілердің шығу тарихын анықтайды.

Шәкәрім Аристовтың кітабындағы қытай жазбаларын да қолданған. Қазақтың қайдан шыққандығын

«Қазақтың қайдан шыққаны», «Ұлы жүз», «Орта жүз», «Кіші жүз», «Қаңылы», «Қыпшақ»,

Кітап жарық көре салысымен «Қазақ» газетіне «Қыр баласының» пікірі басылып шықты. Қазақта бұған дейін шежіре кітаптың басылмағандығын, Шәкәрімнің бұл кітабы қазақ шежіресінің тұңғыш екені айтылып, кейінгі жазылатын шежіре кітап авторларына осы кітапты негізге алу қажеттігін ұсынды. Пікір авторы бұл Шәкәрімнің кітабы әр қазақ баласының қолында болуға тиісті кітап деп санаған. Бұл пікірдің құндылығы сонда ақынның жазғанына өзіндік тұжырым жасайды. Оқырманға түсініксіз болауды-ау деген жерлерге түсіндірме беріп өтеді. Мәселен, Шәкәрімнің керей руының кіреш таңбасына байланысты жазғанына орай ол Европа шежірешілерінің жазғанын, атап айтқанда Г. Вельмельттің «История человечества» деп аталған кітабындағы кейбір деректерді дәлел ретінде салыстыра келтіреді. Оның жазуынша, 1100 жыл шамасында Иса пайғамбар туғаннан кейін, осы күнгі Жетісуда көшіп жүрген Керейді несториан сектасының софылары христиан дініне қаратқан, ал Пішпек қаласында көп жыл қызмет қылған шежіреші, археолог та Пішпек айналасында үш мыңға жуық зираттардың басындағы құлыптастарда несториан жазуымен жазылған христиан дұғасы мен керей руының кіреші барлығы туралы жазғанын, Жетісуда көп жыл қызмет қылған Н.Н. Пантусовтың Ақсу мен Нарын өзені бойындағы, Талас өзені қабағындағы кіреші бар ескі бейіт пен софылардың суретін «Записки Западно-Сибирского Отдела И.Р.Г.О.» деп аталған кітапқа беріп, бұл бейіттердің керейлердің ата-бабаларыныкі екендігін жазғандығын атап өтеді.

Автор Шәкәрімнің бұл кітапты жазу барысында түрік-қазақ шежіресін жазған Аристовтан көп мағлұматтар алғандығын да атап өтеді. Бұл мәліметтер «қырғыздарға» байланысты, олардың қайдан шыққандығынанықтау мақсатында Шәкәрімнің осы Аристовтың жазғанын дерек ретінде келтіргендігін, бірақ бұл жерде кемшіліктің барлығын да жасырмайды. Ол Аристовтың «Қоскөлдің күн батысында Меркіт, Орынхай, Орынхайдың күн батысында қырғыз бар еді» деген жазғанын кітабына қолдана отырып, «кітабын оқитын кісілер бұл аталған жерді біледі» деп жазғандығына, қазақтардың бұл жерді білмейтіндігін, сондықтан шәкәрім шежіресін толықтырып жазғанда осы жерді нақтырақ көрсетуін өтінеді.

Ол сонымен қатар Шәкәрімнің «Алаш» сөзінің қайдан шыққандығын талдаған тұжырымына да келіспейді.[13] Бұл Шәкәрім Құдайбердіұлының кітабына берілген тұңғыш сын-пікір болды.

Шәкәрім Құдайбергеновтың екінші тарихи кітаптарының бірі – бұл «Қалқаман-Мамыр» хикаясы. Кітап 1912 жылы Семей қаласындағы «Ярдам» («Жәрдем») баспаханасынан шықты. Тарихи хикаяның мазмұны бірін-бірі сүйген екі жастың арасындағы махаббат

Қазанның Уақытша комитетінің мұсылман кітаптарын басып шығаруға қатысты сараптамалық анықтамасы бойынша 1909 жылы басылып шыққан кітаптардың арасында діни-өсиеттілік мазмұндағы әдебиеттердің көптігін, бұл әдебиеттер араб әрібімен басылып тек оқымысты молдалар мен дін ілімін үйреніп жатқан шәкірттерге ғана арналып, көпшілік үшін түсініксіз болып отырғандығы келтірілген.[14]
Пайдаланылған деректер тізімі.
1.Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Қазақ кітаптарының тарихы: (Ежелгі дәуірден 1917 жылға дейін). – Алматы: Санат, 1999. -192. 100-б.

2.Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Қазақ кітаптарының тарихы: (Ежелгі дәуірден 1917 жылға дейін). – Алматы: Санат, 1999. -192. 100-б.

3.Бақырғани Сүлеймен. Бақырған кітабы. – Қазан: Каримовтар баспаханасы, 1901. – 80 б.

4.Кесік бас кітабы. – Қазан: Чирков баспаханасы, 1899. – 16 б.

5.Әлхадж Орынтай бен Құрымбай Қыпшақи. Насихат әл-қазақия. Қазан, 1900. – 20 б.

6.Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 4-т. – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2001. 456 б. 60-61-бб.

7.Орақ пен Мамай батырдың хикаясы. –Қазан: Каримовтар баспаханасы, 1903. 1-23-бб.

8.Ер Тарғын. –Қазан: Өрнек баспаханасы, 1909. -36 б. 1-36-бб.

9.История Казахстана. Дореволюционный период: Аннотированный библиографический указатель казахских, русских книг и рукописей, храняшихся в фондах ЦНБ МОН РК. 1 том. / Сост.: Галиев В.З. д.и.н., Бримжарова Р.Т., Егеубаева Г.К., Абикова Г.М.; Гл. Ред. Абугалиева К.К. – Алматы: Типография «Комплекс», 2007. – 452 с. 98-б.

10.Қара қыпшақ Қобыланды батыр. – Қазан: Типо-литография, «Умид», 1914.1-82-бб.

11.Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2001. 456б. 68-б. М.

12.Құдайбердіұлы Ш. Өкінішті ғұмыр. Шығармаларының үш томдық жинағы. Екінші том. Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2008. 432 б. 334-335-бб.

13.Қыр баласы. «Түрік, қырғыз һәм хандар шежіресі» // Қазақ. 1913. №12. 28 апрель.

14.ТР ҰМ. 420-қ. 1-т. 171-іс. 77-81-пп.



Резюме

Аталған мақалада ХХ ғасырдың басында қазақ кітаптарындағы жарық көрген тарих және діни маңыздағы мәселелер қаралады. Сонымен қатар аңыз, ертегі, дастан түрінде халық арасына таралған кітаптар мен батырлар жыры, лирикалық жырлар жайлы талданады.



Резюме

В статье представленных материалы о проблемах истории и религии в опубликованных казахских книгах в начале ХХ века.

Основной акцент автор делает на то, что проводит глубокий анализ представленных в этих книгах произведений устного народного творчества в форме легенд, сказок, дастанов, героического и лирического эпоха.
Summary

The article contains materials about the problems of history and religion in the early 20th century.



The main emphasis is the author does, that provides an insightful analysis presented in these books, works of folklore in the form of legends, fairy tales, epos, the heroic epic and lyric.





Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет