Фразеологизмдер құрамындағы түр-түс атаулары: лингвотанымдық талдау



жүктеу 179.07 Kb.
Дата15.05.2017
өлшемі179.07 Kb.
Фразеологизмдер құрамындағы түр-түс атаулары: лингвотанымдық талдау
1Мажитаева Шара, ф.ғ.д., профессор

2Қасқатаева Жанар
1-2Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

Қазіргі біздің еліміздің халықаралық деңгейдегі жаһандану үдерісі кезеңінде барлық саладағы халықаралық ынтымақтастығы мен байланыстардың нығаюы әртүрлі халықтың тіл және мәдениет өкілдерінің әлемді қабылдау, сезіну ерекшеліктерін тану және түсіну қажеттілігін алға тартады.

Ғылым мен техниканың дамуы ғылымның барлық салаларына, соның ішінде тіл білімінің дамуына да өз әсерін тигізуде, лингвистикада жаңа бағыттар мен түрлі салалардың негізі қаланып, дамып, тіл білімінің зерттеу нысанының саны артуда. Этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, паралингвистика, прагмалингвистика сияқты лингвистика салалары тілді әр деңгейде, ғылыми тұрғыда зерттеуге мүмкіндік туғызды. Қазақ тіл білімі де жаңа бағыттардағы зерттеулермен толығу, даму үстінде.

Әр халықтың этникалық болмысының шынайы нышаны – тіл. Қазіргі таңда тілдің теориялық-танымдық тұрғыдан зерттелу қажеттілігі туындап отыр. Бұл тұрғыда тіл мен адам санасының тұтастығы қарастырылып, адам санасының жемісі тілдік білім, күрделі ассоциативті-вербалды құрылым, болмысты рух және ой бірлесуіндегі таратушы жүйе боп кешенді түрде сипаттауға негізін табады.

В. фон Гумбольдттың «салыстырмалы антропологияcы» әр түрлі мәдени топтардың рухани ұйымдастырылу маңыздылығын айқындау мақсатында қатар қойып зерттеу деп пайымдайды. Яғни, салыстырмалы антропология адамның ойлау, сезіну, эмоциялық тұрғыдан қабылдау түрлері, әр түрлі мәдениетте әрқалай болу сияқты мәселелерді қамтып қарастырады. Осыған байланысты «адамзат рухының» тілдегі, әдет-ғұрыптағы, дәстүрдегі, мифтегі көрінісін зерттеу, яғни қабылдау, тану, ойлау мен адамның әлемге эмоционалдық қатынасын талдау оның өзекті мәселелеріне жатады. Тіл «халық рухының әрекеті» тұрғысынан салыстырмалы антропологияда әлемді ұлттық тұрғыдан реттеу құралы ретінде қарастырылған. Себебі әрбір тілде «халықтың өзіне тән мінезі бейнеленетін дербес бейнелер» бар [1; 85].

Әр этностың арасындағы мәдени және психологиялық ерекшеліктерді зерттеудің бірден-бір жолы – негізгі концептерді зерттеу. Мәдени константын, менталитетін көрсететін мәнді концептердің бірі – «түр-түс» концептісі. Қазіргі кезде мәдениет аралық қатынастың кеңеюіне байланысты, тілі, діні, мәдениеті әр түркі, еуропалық тілдердегі түр-түс концептісін ашатын сөздер мен сөз тіркестеріне когнитивтік және лингвомәдени талдау жасау арқылы, «түр-түс» атауларының аталған тілдегі ұлттық-мәдени ерекшелігін, сонымен қатар, әлемдік тілдік бейнесінің әр ұлт өкілдер санасындағы құрылған моделін анықтау өзекті болып саналады.

Адам өмірінде түстің үлкен маңызы бар. Түс адамдардың көңіл-күйіне, эмоциясына әсер етеді. Сондықтан да түстерді әр түрлі ғылым салаларының мамандары зерттеп-зерделеуге тырысады. Дегенмен түстердің әр қырын (аспектілерін) зерттегенде мамандар тарапынан адамзаттың қоршаған ортадағы заттар мен құбылысты атауда қолданатын тереңде жатқан тарихи-мәдени тәжірибесі толығымен ескерілмейді. Дүниенің түр-түс бейнесі де толығымен жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Тілшілер де түр-түс атауларын негізгі лексикалық топтардың қатарына жатқызады. Лингвистер, этнолингвистер, тіл тарихын зерттеушілер он шақты тілді зерттей келе, түр-түс атауларының жүйесінде кейбір әмбебап ұқсастықтар кездеседі деген тұжырымға келеді. Сондай-ақ белгілі бір түстің әртүрлі реңкіне қатысты тіл-тілде бейнелі тіркестер, идиомалар және мақал-мәтелдер қолданылады. Олар әрбір ұлттың өткен өмірінен әлеуметтік-тарихи, эмоционалдық-ментальдық ақпарат бере алады [2; 65].

Шындығында түр-түс атауларын тамыры алыста жатқан, халықтың ұзақ тарихымен төркіндес, оның рухани, мәдени өмірімен астарласа келіп, эстетикалық талғам-танымымен, ұлттық психологиясымен, салт-санасына, әдет-ғұрпымен ұласатын қоғамдық, филологиялық, этнолингвистикалық мәні зор мәселелер қатарына жатқызуға болады. Түр-түс ғылымының дүниеге келіп, жан-жақты зерттелу нысанына айналғанына екі ғасырға жуық уақыт болды. Алғашқыда түс табиғаты олардың практикалық қажеттілігіне орай көбірек зерттелінді. Бұл тұрғыдан есімдері белгілі болғандар – Ньютон, Ломоносов, Вернер, Саккарде, Рунге, Освальд, Гете, Мерц, Поля, Рехтер, Раткин, М. Люшер т.б. Түр-түстің лингвистикалық тұрғыдан зерттелуі жалпы тіл білімінде – Л.Уроф, А.Мэтьюз, Р.Фрумкина т.б., түркі тілдері әлемінде – А.Н.Кононов, Э.В.Севортян, А.М.Щербак т.б. есімдерімен байланысты.

Түр-түс атауларының табиғатын когнитивтік, семантикалық, әлеуметтік лингвистикалық, психолингвистикалық, салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерттеуді қажет етеді. Шетел тіл білімінде бұндай зерттеулер жүргізілуде. Бұл тұста ағылшын және орыс тілдеріндегі түр-түс атауларын мәдениеттану бағытында зерттеген А.Вежбицкаяның еңбектерін атауға болады.

Адамзаттың көру қабылдауының мүмкіншіліктерінің елеулі бөлігін түсті айыру қабылеті құрайды. Сондықтан түр-түс атауларының мәселесін ашу маңыздылығы да орынды: біріншіден, жаратылыста бар түстің экстралингвистикалық ұстанымдары тілдік жүйеде де бейнеленеді, екіншіден, түр-түс атаулары объективті түс гаммасының әртүрлілігін бейнелейтін, ықшамды және жеңіл ажыратылатын лексикалық топ болып саналады. Дегенмен түс әр тілде әртүрлі бейнеленеді [3; 44].

Қазақ тілінде түр-түс атаулары көптеген фразеологизмдердің құрамында, кісі және жер-су аттарында, түрлі этнографизмдер мен тарихи сөздердің құрамында, мақал-мәтелдер мен жұмбақтарда кездеседі. Түр-түске байланысты фразеологизмнің ішінде сан жағынан ең бірінші орында тұрған тұрақты тіркестер – «қара» түске ұйытқы болған фразеологизмдер. Оның себебі, біріншіден, табиғаттың кең түрде қабылдануына, көрнекілігіне және басқа түр-түс атауларымен тіркесе қолданылуына, яғни аралас түр-түсті білдіруге бейімділігіне байланысты болса, екіншіден, оның табиғат пен қоғамның өмірдегі құбылыстардың көбінің түр-түсіне, бейнесіне, сұлбасына, қайғы-қасіретіне, қаралы сәтіне, көңілсіз жайтқа т.б. осы сияқты күңгірт жақтарына қатыстығына байланысты. Қара түс қазақ топырағында – «қайғы-қасірет», «ауыр тұрмыстың тауқыметі», «қаталдық», «қатыгездік», «кедейшілік-жоқшылық», «қарапайымдылық», «қалың бұқаралық», «нәсілі төмендік» т.б. мағыналарды білдіреді.

Құрамында түр-түс атауы бар фразеологиялық бірліктерді салыстырмалы-салғастырмалы зерттеген еңбектерге қарағанда түр-түс атауларының жасалуына тек лингвистикалық жайттар (фактор) ғана негіз болмайды. Түс атауының жасалуы әр түрлі экстралингвистикалық жайттарға байланысты болған: этностың мәдени үрдісінен, тұрмысынан, салт-дәстүрінен, ұлттық психология мен танымдық ерекшеліктерден, сондай-ақ халық тарихында болған әр түрлі оқиғалар мен объективті құбылыстардан. Сондықтан фразеологизм құрамында түр-түс атауларының қолданылуы кездейсоқтық емес. Зерттеушілер әртүрлі тілдердің лексикалық және фразеологиялық бірліктерінде бірдей түр-түс атауларының қолданылуы негізгі әрі өмірде қажетті түстердің жұмсалуында деп есептейді: «Преобладание одних и тех же наименований цветов в лексических и фразеологических единицах различных языков объясняется тем, что это главные, самые необходимые для общения цвета: «Если мы хотим понять друг друга, то для этого достаточно слов черный, белый, красный, желтый, зеленый, синий как главных названий для наших ощущений» [4;16].

Дегенмен бірнеше тілдегі түр-түс атаулары бар фразеологизмдерді салыстыра қарастырғанда зерттеушілер қарама-қайшылығы мол, күрделі жайттармен кездесді. Бұл, әсіресе, шетел тілін оқытуда, көркем туындыларды аударуда қиындық туғызады.

Сонымен түр-түс атаулары әрбір халықтың лексикалық қорында көптеп кездеседі. Әрбір тілдегі түр-түс атаулары белгілі бір заттың сапалық сынын білдіретін, сондай-ақ белгілі бір халықтың мәдени өмірі мен тарихынан, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан мол мәлімет беретін күрделі категория болып саналады.

Түр-түс атауларын зерттеген ғалымдардың тұжырымдауына қарағанда, табиғатта ақ пен қарадан басқа таза, қоспасыз түс жоқ. Жан-жануарларға тән түр-түстерді талдау негізінде зерттеушілер дәстүр бойынша «негізгі түс» және «түс реңктері» деп алудың өзі шартты екендігі, негізгі жеті түстің (не он) әртүрлі мөлшерде араласқан белгілі түстердің қосындысы екендігі көбірек байқалатындығын тәжірибе арқылы көз жеткізген [5; 45].

Қазақ тіл білімінде түр-түс атауларын жаңа қырынан зерттеген ғалым академик Ә.Қайдаровтың есептеуінше, тілімізде заттық негізге сүйену принципі арқылы жасалған бір буыннан тұратын жүз елудей түр-түс атаулары бар. Бұларға қан қызыл, шиедей қызыл, қырмызы қызыл, алтын сары, аспан көк, шойын қара, қоңыр қаз /жай т.б.жатады. Бұл принцип арқылы тіліміздегі түр-түс атаулары үнемі толығып отырары сөзсіз.

Мәселен, орыс тілінде бұл модель бойынша көптеген түр-түс атаулары жасалынған: кофейный, кровавокрасный, молочный, салатный, сиреневый, терракотовый, небесный, горчичный т.б. Қазақ тілінде, керісінше, бұл тәсілмен жасалған түр-түс атауларының саны онша көп емес.

Түр-түстер адамға «жылы», «суық» (немесе «салқын») көрініп әсер ететіндіктен, олар «жылы», «суық» болып бөлінеді. Мысалы, қара, көк, жасыл түстер адамға «суық» әсер етсе, қызыл, қызғылт, сары түстер адамға «жылы» болып көрінеді.

Зерттеушілердің тұжырымдауына қарағанда, түркітануда, қазақ тіл білімінде түр-түс мәселесін жан-жақты, тілдік материалдар негізінде тұлғалық-мағыналық ерекшеліктерін аша отырып зерттеген еңбектер көп емес. Түркі тілдеріндегі түр-түс атауларының семантикасын алғаш рет академик А.Н.Кононов зерттеуді қолға алды. Осы мәселеге қатысты түркі тілдеріндегі географиялық терминологияда кездесетін «ақ» және «қара» сөздерінің семантикасын, түс атауларының мағыналық ерекшеліктерін қарастырған А.Н.Кононовтың «О семантике слов «ақ» и «қара» в тюркской географической терминологии», «Семантика цветообозначений в тюркских языках» еңбектері жатқызылады [6; 81; 145]. Бұл еңбектерінде автор түркі халықтарының тіліндегі түр-түс атауларының жасалу жолдары мен олардың беретін мағыналарын зерттейді.

Қазақ тіл білімінде түр-түстердің тілдегі көрінісін қарастырған бірнеше еңбектер бар. Мәселен, Ә.Қайдаров өз зерттеулерінде табиғаттағы түр-түстерге, олардың жер-су атаулары құрамындағы мағыналық ерекшеліктеріне шолу жасап, төрт түлік мал түстеріне қатысты атаулардың семантикалық және этнографиялық сөз орамдарына негіз болуын жан-жақты қарастырады [7; 108].

Сонымен тіл тілдегі түр-түс атауларының негізгі атауыштық мағынасынан басқа әр түрлі лексикалық-семантикалық, символдық мағыналары халық болмысындағы әмбебап категория екені даусыз. Бұл мағыналар бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жетіп отырғаны белгілі. Тілдердегі түр-түстер өздерінің символикалық қасиеттері арқылы түр-түске тіпті қатысы жоқ немесе қазіргі кезде мүлдем алыс ұғымдар мен мағыналарды білдіреді.

Түс концептісін табиғат концептісімен байланыста қараудың қажеттігін А.Вежбицкая «Тіл, мәдениет, таным» деген еңбегінде былай деп түсіндіреді: «В данной работе я предположила, что универсальные тенденции в нашем понимании цветовых категорий могут быть связаны универсалиями человеческого опыта вообще и в особенности с универсальными чертами жизни человека на земле. И я истолковала цветовые концепты через понятия окружающей среды, такие которые заключены в английских словах fire ‘огонь’ , sun ‘солнце’, sky ‘небо’, grass ‘трава’, sea ‘море’, ground ‘земля’. ... они тоже рассматриваются как конструкты, построенные людьми на базе их жизненного опыта, полученного на земле» [8; 7].

Расында да «Айналадағы табиғатты біршама танып болған адам өзін танып-білуге көп әрекет етіп келеді. Ол өзінің адамдық қасиетін, рухани дүниесі мен мінез-құлқын, жүріс-тұрысы мен т.б. ерекшеліктерін танып-білумен ғана шектелмей, сыртқы пішінін, бет-әлпетін, реңін, шырайын, денесінің (көзінің, қас-кірпігінің, шашының, сақал-мұртының т.б.) түсін анықтауға да көп көңіл бөлген. Осының нәтижесінде тілімізде жүздеген түр-түстік тіркестер, теңеулер, салыстырулар пайда болған» [7; 132].

Поэтонимдердегі түр-түстің символдық таңбасын қарастырған тараушасында Г.Қ.Қортабаева табиғатта жай көзбен және арнаулы аспаппен көруге болатын 2000-нан 30000 мыңға дейін түр-түс бар деген деректер келтіреді. Табиғатта кездесетін әр алуан түстің барлығы әрқашанда зат пен құбылыстың атауын бере бермейді. Олар кейде мүлдем түске қатысы жоқ мағыналарды білдіре алады. Түр мен түстің тура мағынасынан басқа ауыспалы, қосымша ақпарат беретін символдық мағыналары да болады. Түстердің діни мағыналары да бар, ақты – христиандар, жасылды – мұсылмандар, сарғыш қызылды – буддаға табынушылар қасиет тұтады. Әр халықтың, әр ұлттың жанына жақын, айрықша қастерлейтін өз бояуы, өз түсі болады [4; 96-97].

Сын есім ретінде қолданылатын негізгі түр-түс атаулары (ақ, қара, қызыл, сары, көк, сұр) көне заманда қалыптасқандығына әрбір халықтың лексикасы мен фразеологиясында кездесетіні дәлел. Бұл жағдай неміс тіліндегі фразеологизмдер құрамында ақ, қара, қызыл, көк, жасыл, сары түстердің жұмсалуына да түсіндіре алады. Неміс тіліндегі фразеологизмдердің жасалуына әртүрлі оқиғалар мен жайттар әсер еткені белгілі.

Түр-түс атаулары лексикалық жүйенің бірліктері, яғни сөздермен ғана берілмейді, сонымен қатар тұрақты сөз тіркестері (фразеологизмдер, мақал-мәтелдер т.б.) арқылы жасалынады. Қандай да бір ұлттың ерекшелігі ең алдымен оның тілі, ана тілі. Мәселен, фразеологизмдер құрамында қолданылатын түр-түс атаулары әр халықтың тілінде көптеп кездеседі. Мұндай фразеологиялық тіркестер қазақ тілінде де, неміс тілінде де айтар ойды әрі қысқа, дәл, тапқыр және бейнелі білдіруде күнделікті қарым-қатынаста да, көркем туындыларда ұтымды қолданылады: weiß wie eine Wand werden – (сөзбе-сөз: қабырғадай ақ болу), боп-боз болу, weiß werdenбозарып кету, аппақ болу; weißes Gold – ақ алтын (мақта, қант, фарфор), in schwarz gekleidet – қара кию, қара жамылу; grün und blau schlagen – көк ала қойдай сабау, ауыр соққыға жығу [9].

Академик Ә.Т.Қайдардың айтқанындай: «Фразеологизмдер – күрделі лингвистикалық бірліктер. Олардың күрделілігі тек құрылымдық түрлері мен синтаксистік модельдердің көпшілігімен ғана емес, сонымен қатар тематикалық және семантикалық көп жақтылығымен, сондай-ақ ойдың түрлі эмоционалды-экспрессивті реңктерін бейнелеу мүмкіндігімен түсіндіріледі» [10; 12]. Мысалы, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс; ақ, қарасын ажырату фразеологизмдерінде ақ пен қара түс ретінде қолданылып тұрған жоқ, ақ - адал, айыпсыз, қара – айыпты мағыналарында. Қара табан - еңбегін сатып күн көрген жарлы, сіңірі шыққан кедей, жалшы жалаң аяқ, қызыл кеңірдек болу – бекер айқайласып, жанжалдасу, қызыл тілшешен, жүйрік тіл; қойдан қоңыр момын, жуас [11].

«Фразеологизм – екі немесе бірнеше мәні бар сөздерден тұратын, мағынасы жағынан тұтас және құрылымында тұрақты тіл бірлігі. Ол – халық даналығының айғағы. Тіл тілде түр-түс ке қатыстыы көптеген фразеологизмдер тілде ондаған және жүздеген жылдардан бері қолданылуда, өйткені халық көңілді әуенді де, ажуа-мысқылды да жеткізетін өткір образдық тіркестерді қолданғанды ұнатады» [12; 38].

Құрамында түр-түс атауы бар кейбір фразеологиялық тіркестердің негізінде тарихи фактілер, сонымен қатар аңыздар да жатыр. Фразеологияға халықтық мақал-мәтелдер де, жазушылардың, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің айқын және тапқыр сөздері де жатады.

Өз ойын айқын және мәнерлі жеткізуде құрамында түр-түс атаулары бар фразеологизмдер көркем әдебиет тілінде кеңінен қолданылады.

Тіл-тілдегі түр-түске қатысты символдық мағыналар белгілі бір ұлттың мәдени құндылықтарына байланысты ұлттылығымен ерекшеленеді.

Академик Ә.Қайдар қазақ тіліндегі түр-түс атауларының тілдік негізі, пайда болу жолдары, түр-түс атауларының субстантивтенуі (заттануы) мен символдық ауыс мағынада қолданылуын “көп дәстүрлі танымға байланысты мәселе” ретінде қарайды [10;33].

Қазақ тілінде түр мен түске қатысты эпитет арқылы жасалған адам есімдері де кездеседі. Түр мен түстің табиғатын зерттеген ғалым Н.Б.Бахилина былай дейді: “В художественной литературе цветообозначение используется в качестве эпитета, поэтому важно не точнoе определение цвета, а то, что бросается в глаза, на то хотелось бы обратить особое внимание” [13; 265].

«Қазақ ономапоэтикасы: сатиралық-юморлық кейіпкер аттары» тақырыбында жазған кандидаттық диссертациясында Г.Қ.Қортабаева түр мен түске қатысты жасалған есімі езу тартқызып, күлкі шақыратын, аты ашу туғызып, қабақ түйгізетін, күлкілі кейде кекесін мағынадағы аттарға төмендегілерді жатқызады: Ақбалдақ, Ақдолы, Ақжаулық, Ақима, Ақтуша, Ақмағанбет(ов), Ақиған, Ақсақал(ов), Ақсом, Аққисым, Ақтайлақ, Ақкөз, Ақкөңіл, Ақкемпір, Аққыз, Ақжем, Ақтабанов, Ақторсық, Алабас, Албике, Алайкөз(ов), Арамқара, Бозінген, Бозтайлақ, Бозғылт, Боздақ, Дәуқара, Жағал, Көкжал, Көкжаулық, Көкіман, Көкібай, Көкми, Көкаяз, Кекала, Көкірек, Көкқасқа, Көкдолы, Көксау, Көктиын, Көкаяқ, Көкқасов, Көкшақа, Көкбайтал, Күкіртсары, Күреңкөз, Қарақатын, Қарабай, Қаракөріпкел, Қарабұқа, Қаракемік, Қарашаруа, Қарабет, Қабанқара, Қарашал, Қарабек, Қарасарт, Қарин, Қызылкөзұлы, Қызылтазы, Қошқыл, Қоңырқұлжа, Месқара, Саршолақ, Сарыбас, Сарсақал, Саразбан, Семізқара, Сұраман, Сұрсұлу, Сұрқияқыз, Ұйқысары, Үкісарықыз, Шабдарұлы, Шиқара, Шұбарбай, Шикіл т.б.

Зерттеуші кейіпкер аттарының құрамында түр-түстің түрлерінің сандық көрсеткіші төмендегідей екенін анықтаған: ақ түс–27, қара–22, көк–16, сары–15, сұр–7, қызыл–5, боз–5, қоңыр–3, жирен–2, ала–4 рет, шағыр, төбел, шұбар, жағал, қу тәріздес түс аттары жалқыдан ғана кездесті [4; 7].

Өзге тілдердегідей қазақ тіліндегі түр-түс атауларына байланысты сөз тіркестерін табиғатқа, адамға, әлеуметтік-қоғамдық тұрмысқа, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа т.б. байланысты топтарға бөлуге болады. Қазақ халқы ежелде көшпелі елдердің біріне жатқандықтан тіршілігі табиғатпен терең байланысты болды. Көшпелі халықтың табиғатты өзіне бағындыруды мақсат етпей, табиғатпен тілдесе тіршілік ете алатындарын өмірлік тәжірибе ретінде ғана ұғынған, мұнда моральдық, этикалық қалыптар тұрақтанған.

Әр түстің тура мағынасынан басқа ауыспалы мағынасы да бар, мәселен, ақ түсі қазақ мәдениетінде адамшылықты, пәктік, ізгі ниеттілікті, адалдықты, шындықты, жақсылық, молшылықты, әулиелікті білдіретін асыл, қасиетті сүйкімді, жылы түс боп танылады. ...Ақ та болсам, жоқ сылтаумен тағы арандатпақпең? Бөжей, Түсіп арам болса айтарсың! Ақ болса, жазықсыз болса, неңді айтасың? (М.Ә., 87-б.)

Табиғатқа байланысты тіркестер: ақ жауын, ақ жаңбыр, қара суық, қара дауыл, қара бел, қара жол, қара шоқы, қызыл арай, қызыл іңір, көк (аспан, аспан әлемі), жеті қат көк, көк шалғын, көк тайғақ, көк аяз, қоңыр күз, қоңыр салқын, сары күз, сары аяз т.с.с. қазақ тілінде кеңінен қолданылады.

Тұрмыс-тіршілікке, салт-дәстүрге байланысты: ақ тамақ, ақ құба, ақ көңіл, ақ ниет, ақ сақал, ақ жаулық, ақ жол, ақ дастарқан, ақ бата, ақ отау, ақ сүтін ақтау, ақ мол болу, ақ саусақ, қара көңіл, қарабет, шойын қара, дәу қара, қарасын өшіру, қара жұмыс, қызыл шырайлы, қызыл көз, қызыл кеңірдек, көк өрім, көк бет, көк жалқау, көк ми, көк инені түрте білмеу, көк ала қойдай сабау, көсегесі көгеру, көк тәңірі, қоңыр дауыс, сары уайым, сары шикіл т.с.с. сөз адамға, адамның сырт-пішінін, мінез-құлқы ерекшеліктерін, іс-әрекетін, сыпайылығын, қасиеттілігін, т.б. танытатын фразеологиялық тіркестер.

Сонымен ақ түсіне байланысты фразеологизмдер соңына жету, қалжырау мағынасын береді. Мысалы: ақ көбік болу, ақ қаптал ақ құйқа болу, ақ сабын болу, ақ сирақ болу, ақ сүйек болу.

Ақ түсіне байланысты фразеологизмдер алғыс, тілек мәнінде де жұмсалып келеді. Мәселен, айтқаның келсін, айтқаның ақ болсын. Ақ түсі ұйытқы болған фразеологизмдердің қазақ тіліндегі символдық мəні − қадірлі, қасиетті, адал, пəк, таза ұғымдары. Халық ұғымында аса молшылықты білдіретін тіркестер, мысалы: ақ түйенің қарны жарылу. Ежелгі түркі халқының өмірінде түйе ерекше орын алған, киелі болып саналған. Мереке-қуаныштарға шынпейілділік пен салтанаттылық мән беру мақсатында, ерте кездерде түйенің қарнын жару салты болған. Ақ атанның құрбандықққа шалынып, ауыл-аймақтың белгілі бір қуанышқа кенеліп, көл-көсір дәм-тұзға елдің қарық болуына байланысты пайда болған тіркес. Бұл – ақ түсті түйенің сирек кездесіп, оның қадірлі болуының тағы бір дәлелі.

Ақ түске қарама–қарсы түске қара түсі жатқызылады. Түркі тілдеріндегі түр-түс атауларының мағыналарын алғаш рет арнайы зерттеген академик А.Н.Кононов қара түстің сын есім ретінде 20 шақты түрлі мағыналары барын көрсетеді. Қара түс қараңғы, ызғар, қалың, үлкен, күшті, дүлей, көп, қарапайым, белгісіз мағыналарын беріп қоймай, ауыртпашылықты, қайғы-қасыретті, кедейлікті білдіреді.

Кейбір зерттеушілер қара түске байланысты атауларды мағынасына қарай 6 топқа бөліп қарастырады: 1) жамандықтың, 2) жауыздықтықтың, қатыгездіктің, 3) алғашқылықтың, бастапқылықтың, 4) киеліліктің, қасиеттіліктің, 5) қарапайымдылықтың, 6) қайғы-мұңның белгілері [14, 34].

Қара түстің тағы бір мағынасы әдемілікпен байланысты қолданылады: Қаракөз, Қарашаш. Сонымен бірге қара түсі адамның өзімсініп атайтын табиғи төл түсі: жердің түсі, берекенің нышаны. Ол – философиялық ұғым, тұрақтылықты, статиканы білдіреді: «қара жер», «қара халық», «қара мылтық», «қара ат», «қара күң» сияқты тұрақты тіркестер. ... Құнанбай өз басы шешеден жалғыз, бәйбішенің жалғызы. Қара шаңырақ иесі. Қалың дәулет пен әмір, билік иесі. (М.Ә., 73-б.)

Көне түркі тілінде қызыл – оңтүстікті, қара – солтүстікті, ақ – батысты, көк – шығысты білдіреді. Қызыл оттың, күннің белгісі болғандықтан киелі түстің мағынасына ие болады. Қазақ халқының әдет-ғұрпында ертеде күнге табынған, отты аттамаған, отқа түкірмеген, отты су құйып сөндірмеген, шоғын баспаған, отпен аластаған. Әр шаңырақ астындағы ошақтағы жанған от бірліктің, берекенің, ұрпақ жалғасу тіршілігінің белгісі, осыдан отау, отбасы деген сөздер шыққан.

Қазіргі қазақ тілінде «қызыл» түстің ғана емес албыртып тұратын, қызара бөрткен, жас, қызу қанды, сұлу реңді «қыз» деген сөзінің шығуына негіз болса керек [15; 34]. Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің құрамында келетін «қызыл» түс те бірнеше мағынада жұмсалады. «Қызыл» түсі Күннің, Оттың түсіне байланысты қабылданып, күні бүгінге дейін көптеген халықтар үшін солардың символы ретінде қасиетті түс болып саналады.

Қызыл қанның түсі болғандықтан, ең алдымен, бұл түс арқылы жасалған фразеологизмдер қан немесе ет мəнінде қолданылады. Мысалы, қызыл ала қылу, қызыл көрген құзғындай, қызыл көрмеу.

Қазақ тіліндегі фразеологизмдер құрамындағы қызыл түс көбіне соматизмдермен тіркесіп, ұрыс, төбелес мағынасын береді. Мысалы, қызыл кеңірдек болу, қызыл көз, қызыл өңеш болу, қызыл танау болу, қызыл тер болу, қызыл шеке болу, қызыл жон ету. Сондай-ақ «қызыл» түсі қызыл сөз фразеологизмінің құрамында келіп, жылтырақ, мəнсіз деген ұғымды білдіреді. Бұл ұғым осы бір ғана фразеологизмнің мағынасын ашады.

Қазақ мәдениетінде көк түсі – тыныштық пен бірліктің, береке мен тірліктің белгісі. Көк – тәңір сөзінің эквиваленті. Тәңір – дүние, тіршілік атаулының жаратушысы, Құдай. Көк түсі арқылы ең бір құдыретті де киелі қасиетін танытады. Сондықтан ол мықтылықты, жеңімпаздықты, рухы жоғарылықты, үстемдікті, паңдықты білдіреді.

Жеті қат көк – шығыс астрономиясында жеті жұлдызға сәйкес: Ай, Меркурий, Шолпан, Күн, Қызыл жұлдыз (Марс), Мәштүри (Юпитер), Сатурн. Көк – жұлдыздар, шоқ жұлдыздар, планеталар, галактикалар орналасқан шексіз әлемнің, космостың, халықтың атауы. Көк – көне түркілік космоним [15; 51].

Көк түсінің мағынасының көптігінің бір себебі – жалпы түркі халықтары ұзаққа дейін көк пен жасылды айырмай келгенінде. Қазақ халқында табиғаттағы көк түсі негізгі түс болса керек, бір-біріне жақын бірнеше реңктердің туындайтынын көруге болады (шөпке, өсімдікке, өсіп-өнуге байланысты). Көк – символикалық жағынан тыныш шексіз теңізді, ұстамдылықты, ақшыл көк немесе көгілдір – үлкен сезімді, нәзіктікті, бейбітшілікті білдіреді.

М.Қашқаридің «Лұғатында» «көк» сөзі тек, ата тек ретінде алынған: «оның көгі кім?». Тілімізде «көгермегір», «көктемегір» - қарғыс сөздері, яғни ұрпағы, тегі жалғаспасын, өспесін мағынасында қалыптасқан.

Қазақ халқының ұлттық ою-өрнектерінің де, күмбездерінің де түсі көбінесе көк түсті. Осындай жағдайларға байланысты көк түстің де рәміздік мазмұны ерекше санаға ие.

Сол сияқты, көк езу, көк ауыз, көк жалқау, көк долы, көк ми т.б. тіркестер адамның мінез-құлқына, жеке басына қатысты жағымсыз мағынаны, ойсыздықты білдіреді. ... – Құдай-ау, неткен көк мылжың?... (М.Ә., 284-б.) Көк мылжың – сөзуар, көп, бет алды сөйлеу мағынасын береді.

Қоңыр түсі – қазақ тұрмысында байсалдылықты, биязылықты білдіреді. Қоңыр тірлік, қоңыр күз, қоңыр жел, қоңыр ән, қоңыр дауыс тіркестерінде бірқалыпты, біркелкі, жайлы, жағымды мағыналар қатарын көрсетеді. ... Алыстан келген қоңыр үн ыңырсыған ананың бесік күйіндей, байтақ даланы тербеп тұр. (Ғ.М.,246-б.)

... Зере немересін өз қасына шақырып ап, ... ..: - Айналайын, қоңыр қозым, - деп арқасынан қағып, маңдайынан иіскеді (М.Ә., 298-б.).

Сары түсі ақыл-парасаттың, қанағат, сабырлылықтың белгісі: сабыр түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа - жұбаныш пен үміттің кепілі болса, бір жағынан, қайғы-мұңмен байланыстырылады: сары уайымға салыну, сонымен қатар ұзақтылық мағынасында сарғая күту; кең, үлкен мағынасында: сары дала колданылады:

Жалпы ала түсі ақ түс тобындағы ақ, боз, сары, сұр, құла, құба, қылаң, бозғылт, сарғылт реңктер мен қара-қоңыр түс тобындағы қара, қоңыр, торы, кер, күрең т.б. реңктердің араласу салдарынан туындауына орай әртүрлі түр-түс гаммасында жасалуынан көптеген ауыс мағыналарда кеңінен қолданылады.

Әр түрлі түсті деген ұғымнан абстракцияланған ала ауыз немесе алты бақан ала ауыз фразасында ынтымақ, бірлігі жоқ, пәтуасыз деген мағынаны білдіреді Ала сөзінің кейбір этнографиялық мәні төмендегідей тұрақты тіркестерде қолданылады: біреудің ала жібін аттамау – қиянат жасамау, арамдыққа бармау, ұрламау; ала жіптерін кесісу – араздасу, айырылысу мағыналарын, ала аяқ – қу, залым, сұм адам бейнесін береді [16; 88].

Қорыта келгенде, ата-бабамыздан мұра боп қалған тіліміздің сөз байлығы, сөздердің анық-қанықтығын, сөздерді көркемдейтін, әсерлете түсетін түр-түс фразеологизмдері қазақ халқының тарихын, салт-дәстүр, ұлттық сана мен ой-өрісін, адамгершілік қалыптарын, тұрмыс-тіршілігін, ісін, мінез-құлқын, жан дүниесін, ділін, дінін әрі қысқа, әрі нұсқа суреттейді.


Әдебиеттер тізімі

1. Гумбольдт В. Фон. Избранные труды по языкознанию. – М.: Прогресс, 1984. – 396 с.

2. Верещагин Е.М., Костомаров В.Г. Лингвострановедческая теория слова. – М.: Русский язык, 1980. – 320 с.

3. Макеенко И.В. Лексико-семантическая структура систем цветообозначения в русском и английском языках. Учеб.-метод. пособие. – Саратов: Изд-во Сарат. ун-та, 2001. – 52 с

4. Қортабаева Г.Қ. Қазақ ономапоэтикасы сатиралық-юморлық кейіпкер аттары. Кандидат. дисс. қолжазбасы. –Алматы, 2007. – 127 б.

5. Қайдаров Ә. Т.,Өмірбеков Б., Ахтамбердиева З. Т. Сырға толы түр мен түс. – Алматы: Қазақстан, 1986. –95 б.

6. Кононов А.Н. О семантике слов «ақ» и «қара» в тюркской географической терминологии // Изв.АН Тадж.ССР, отд.общ.наук. Вып.V 1954. – С.81-86; Семантика цветообозначений в тюркских языках. // Тюркологический сборник. – М., 1975. – С.145-153.

7. Қайдаров Ә., Ахтамбердиева З., Өмірбеков Б. Түр-түстердің тілдегі көрінісі. –Алматы: Ана тілі, 1992. – 160 б.

8. Вежбицкая А. Язык.Культура. Познание. – М.: Наука, 1996. – 421 с.

9. Бинович Л.Э. Немецко-русский фразеологический словарь. – М.: Гос.издат. иностран. и национальн. словарей, 1956. – 904 с.

10. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. Актуальные вопросы казахского языка. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 304 б.

11. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы, 1977. – 711 б.

12. Баран Я.А., Зимомря М.І., Білоус О.М., Зимомря І.М. Фразеологія: знаковівеличини. – Вінниця: Нова Книга, 2008. – 256 с.

13. БахилинаН.Б. История цветообозначений в русском языке. М.: Наука, 1975. – 292 с.

14. Лауланбекова Р.Т. Түр-түс компонентті күрделі аталымдардағы ұлттық дүниетанымның тілдік көрінісі. Кандидат.дисс.қолжазбасы. – Алматы, 2010. – 129 б.

15. Айтбаев Ө.А. Аудармадағы фразеологиялық құбылыс. –Алматы: Ғылым, 1975. – 227 б.

16. Ахметжанова Ф.Р, Қайырбаева Қ.Т. Түр-түске байланысты тұрақты сөз тіркестері. – Өскемен: ШҚМУ баспасы, 2000. – 135 б.
Көркем әдебиет:

1.Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. т.З. Абай. Роман-эпопея. –Алматы: Жазушы,1979. – 424 б.



2. Мұстафин Ғ. Бес томдық шығармалар жинағы. 1 т. –Алматы: Жазушы, 1981. – 384 б.




Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет