ӘӨЖ 172. 15: 81. ҚАзақстандағы патриотизм «МӘҢгілік ел» идеясының ТҮПҚазығЫ

Loading...


Дата10.04.2017
өлшемі137.97 Kb.
ӘӨЖ 172.15:81.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПАТРИОТИЗМ – «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ ТҮПҚАЗЫҒЫ.
Алдаберген М.Н.- т.ғ.к.,доцент

Байшуақова А.Д. магистр-оқытушы

ОҚМПИ, Шымкент қ.



Резюме.

В статье рассматривается становление казахстанского патриотизма в контексте идеи «Мәңгілік Ел»

Summary

In this given article realized being of the Kazakh patriotism in the context “Мәңгілік Ел
Мемлекеттің негізгі тірегі және басты байлығы сол елді құраған халқы болып табылады. Ал, қазақ этносы ғасырлар бойы қалыптасты. Бүгінгі территориямызды біз қандай да бір отарлаудың немесе басып алушылықтың салдарынан иемденіп отырған жоқпыз. Қазақ халқын, қазақ этносын өз территориясынан, өз жерінен аластау үшін немесе өз тілі мен дінін айыру үшін жер шарында қазақ халқына жасалған қасіреттен асқан қасірет болған жоқ шығар[1]. Үшінші мыңжылдықтағы көпполярлы дүниенің даму жолдары мен тарих тағылымдары туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Адам мен адамды, халық пен халықты, ел мен елді жақындыстырар ең бір дәнекер – мүдде бірлігі» деген болатын. Олай болса, осы ғасыр басында 130 – дан астам этнос пен 46 конфессияның өкілдері дау – жанжалсыз өмір сүріп жатқан, ортақ ережеге сыймайтын оқшау мысал болып саналатын – ол Қазақстан[2]. Ел болып бағыт – бағдарымызды болжауға кірістік. Осындай уақыттта қай елде болса да замана жүгін түсіне біліп, оны көтере алатын, тәуекелі мол азаматқа, дара тұлғаға сұраныс ерекше болатыны тарихтан белгілі. Оларға тән терең ой, кемел ақыл, биік рух, қайрат пен қабілет осындай тарихи сынақтың дұрыс жауабын тауып, елін өрге сүйретуге арнағаны әлем елдерінің тарихында бар. Ұлттық мемлекеттің негізін қалаған Ұлыбританияда – Оливер Кромвель, Үндістанда – Джавахарлал Неру, Түркияда – Мұстафа Кемаль Ататүрік, небәрі бір – екі – ақ ұрпақ мерзімінде титықтап, көш соңына қалған елдерін әлем мемлекеттерінің алдыңғы сапына қоса білген – Ли Куан Ю, Малайзияда Махатхир Мохаммад осындай өз заманының талабына сай келіп, елдерінің жаңа жолының көшін бастаған дара тұлғалар.

Әлемдік саяси аренада ерекше мәнге және саяси беделге ин болар тұлғалар бар. Солардың бірі әрі бірегейі саяси – құқықтық ой арнасында өзіндік ерекшелігі қалыптасып, жеке дара өз бітім – болмысымен, бөлек табиғатымен ел тарихынан орын алған саясаткер, көшбасшы – еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Қазақстан Республикасының дамуының өзіндік моделі бағытындағы шығармашылық ізденісінің ақырғы нәтижесін Елбасының сөздерімен жеткізуге болды: «Біз бір рет таңдап, содан бері одан таймаған өзіміздің Қазақстандық даму жолымен келеміз. Әлемдік тәжірибені сараптай және зерттей отырып, біз эволюция жолын таңдадық. Біз демократияның жедел, әсіресе сырттан енгізілуіне қарсымыз. Біз ешкімге де еліктеуге тырыспаймыз, біздің мемлекетімізге, біздің халқымызға керегін жасап жатырмыз және бұл қолымыздан келіп жатыр»[2]. Нұрсұлтан Назарбаев таңдап алған бұл байыпты бағыт әлеуметінің басым бөлігі азиялық менталитетке ие, қарышты өзгеріске түсіп келе жатқан Орталық Азиядағы ел ретіндегі қазіргі Қазақстан үшін стратегиялық бағдарға айналды. Президентіміздің соңғы жолдауында айтылған «Мәңгілік Ел» болудың өзегі қазақ халқының патриотизмін баянды етуінде жатыр.Қазақстанның қазіргі жағдайында ұлттық бірегейлік пен мәдени ұтастықты қалыптастырып,шынайы еркіндікке қол жеткізу мен «Мәңгілік Ел» құруға ұмтылуы бүгінгі жаһанданудың қатаң бәсекелестігі жағдайында саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани алғышарттары болып отыр.Бұл үшін ұлт тәрізді күрделі жүйенің қалыпты өмір қамын қамтамасыз ететін төлтума тарих пен мәдениеттің өзегін құрайтын ұлттық патриотизмді,рухани қайнарларды қайта қалпына келтіру арқылы қоғамның өзіндік тарихи санасын қалыптастыру керек. Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол ең алдымен, «ұлтжандылық», «отансүйгіштік», «патриотизм», ұғымдары сол заманның ақиқаты-наным-сенімінен туындайды. Еліміз егемендік алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы қазақстандық патриотизм болды.

Мұндай идеяларды кезінде өздерінің шығармаларында қазақ даласының ойшылдары Әбу – Насыр әл – Фараби, Хас Хажиб Баласағұн, Махмұд Қашқари, жыршы – жыраулар Асан қайғы, Доспамбет жырау Қалқаманұлы, Махамбет Өтемісұлы айтқан болатын. Мәселен, ұлы ойшыл Әл – Фараби: «Тәрбиелеу дегеніміз – адамдардың бойына білімге негізделген этникалық игіліктер мен өнерлерді дарыту», - десе, ықылым заманда «Желмаясына мініп жерұйығын» арманына, мұрат – мақсатына ұласты. Бабаларымыз «Жерұйық» жерді, құтты мекенді аңсап төрт құбыласы тең, қазығы берік, мамыржай тіршілігі бар мемлекет құруды, іші мен сырты бүтін мәңгілік ел болуды мұрат етті. Аталған ғұламалардың еңбектері еліміздің егемендік алуымен байланысты педагогикалық тұрғыда зерттеліп, бір жүйеге келтірілді.

Тарих өткен шақпен, адами жадымен және әлеуметтік еспен байланысты болғандықтан, бұған төл тарихты тану арқылы қол жеткізуге болады. Яғни ұлттық мәдениеттің негізін құрайтын іргелі құндылықтарды – адамдарды рухани тұрғыда оятатын ана тілі мен дәстүрді жаңғыртумен қатар, халықтың тарихи өткенін толығымен, жан – жақты зерттеулер арқылы қалпына келтіру, тарихи өзіндік сананы қалыптастыру тәуелсіздіктің рухани тұғырын құрайды. «Мәңгілік Ел» ұғымының пәлсапалық – саяси түп негіздері сонау сақ, ғұн, түркілерден бастау алған. Ежелгі түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясы көне түркі Күлтегін жазба ескерткішіндегі «Мәңгілік Ел» манифесінің басты идеясы – біртұтас мемлекет қалыптастыру, Жүсіп Баласағұнның осы идеяны негіздеген «Құтты білік» дастанындағы мына өлең жолдарында

Кісі мәңгі болмас, мәңгі – ат, ары, ұяты,

Мәңгі қалар оның жақсы атағы!

Өзің мәңгі емес, атың мәңгілік,

Атың мәңгі болса, затың мәңгі, - деп көрсеткендей,

«Мәңгілік Ел» идеясы ХХІ ғасырдағы Қазақстанның «Мәңгілік Ел» идеясымен сабақтасып жатыр.

Жалпы, «Мәңгілік Ел» құру идеясы түрік текті халықтардың сан ғасырлық арманы, ұмтылысынан туындап, ол Түрік қағанаты кезінде, одан кейін де біздің ата – бабаларымыз – шығыс түріктерінің идеясына айналды. Негізінде бұл идеяны Түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк қалаған. Ол кісі бес жыл Қытайда түрлі губернияларында прокурор болып жұмыс атқарып, заң саласын жетік білген адам. Кейін Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрған кезде қолдау көрсетті. Соның арқасында Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрды. Қағанат орнап болғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік Ел» идеясын қолға алды. Бұл – қорғаныс. Тарихта Түрік қағанатының Орхон өзенінің бойында Ордабалық деген астанасы болған. Оны қорғайтын тұрғақ деп аталған арнайы полиция және оған қоса тұрақты шеріктерді пайдаланды. Бұлар қаған ордасын қорғады. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін Найман, Керей, Қарлұқ, Жалайырлар деген секілді түрлі тайпалар қорғап тұрды. Үшінші шеңберінде он – оқ Түркештер тұрды. «Он – оқ Түркештер менің туысым еді, бауырларым еді» деп жазады Тоныкөк. Тек олар ғана емес, Қырғыздар, Қидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңберді қорғады. Осы үш шеңбер бүтін империяны қорғады. Осыдан кейін Тоныкөк енді «Мәңгілік Ел» идеясын нық бекемдеуіміз керек деді. Бұны халықтың санасына сіңіргені соншалық. Бұл идея Көктүріктердің қол астындағы басқа этностардың санасына толық орнықты[3].

Осылайша, айбарлы сақ, ғұн, түрік, Алтын орда империялары салтанат құрған бүгінгі Қазақстан мемлекетіне Мәңгілік Ел идеясы мирас болып қалды және кешегі аласапыран заманда халқымызды жойылып кетуден де құтқарып қалды. Иә, қазақ қашанда бір-бірімен келіспей жүрсе де,ел басына күн туғанда бір тудың астында жиналып,топтаса білген. Осыдан ІІІ ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген.Сын сағатта туған елге деген патриоттық парызды бәрінен биік қойды. Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың бойында бар. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де,бауыр ететін де, бабалардың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білеміз.Сонымен қатар, бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтерміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты. Себебі, «Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз», - деп Президенттің Жолдауына айтылып отыр[4].

Даңқты өткен тарихымызда «Мәңгілік Ел» идеясы көшпелі империяларды әлемдік өркениетпен тікелей жалғайтын алтын көпір болған. Мәселен, алып елдермен тең дәрежеде әріптестікке болу, сауда – саттық жасау, Ұлы Жібек жолын өз уысында ұстау, салт атты әскери өркениет құру, адамгершілік пен көшілдік, дарқантықты, ақжүректікгі ту еткен елдік қасиеттер «Мәңгілік Ел» қағидаттары болып саналған.



Жұтып жатқан жаһандану дәуірінде «Мәңгілік Ел» идеясы – бағзы түріклер тектік – болмысымыздың, асыл тұрпатымыздың заманауи қайта жаңғыруының, озық, қуатты ел болып гүлденуінің кепілі.

Қай заманда да әр адамның санасындағы аса мазмұнды және құрметті мәртебеге ие ұстаным – ол отансүйгіштік (патриоттық) сезім (іс-әрекет) болып келгені ақиқат. Бұл туралы әлемдік және төл тарихымыздың әр бетінен негізді дерек табылады. Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап Елбасы осы мәселені тұрақты көтеріп келеді. Ал патриот болу деген ел азаматының адамгершілік және саяси қағидаты, туған жерге, елге сүйіспеншілігі, қажет болса, мемлекеттік міндеткерлікті жеке мүддеден жоғары қоюды талап ететін әлеуметтік сезімі ретінде танылған. Туған елінің құндылықтарын, әсіресе, тілі мен мәдениетін әрдайым құрметпен жоғары ұстап, ол құндылықтарды басқа ұлттар мен ұлыстарға, мемлекеттерге тарату да отансүйгіштіктің белгісі. Отансүйгіштіктің тарихи негізін ғасырлар бойы жинақталған адами тәжірибе соның ішінде ұлт, ұлыс, жалпы этностың артықшылықтары қалайтынын, қажет болса, жанын салып отанды қорғау екенін көне тарих дәлелдеуде. Патриоттық ұстаным ол жеке тұлғаның отанына, азаматтылығына, мәдениеті мен тіліне, ұлттық дәстүріне эмоциялық күйзелісінің айрықша түрі деп анықтауға толық келеді. Әлемдік тәжірибе мен бұл орайдағы теориялық тұжырымдар аясында патриоттық сезім этнос пен ұлттық мемлекеттің қалыптасу жағдайында қоғамдық сананың маңызды құрамдас бөлігіне айналуы негізінде жалпыұлттық тынысты сипаттайды. Әлемге танылған ғылыми мектептердің саяси-зерттеушілік тұжырымдары бойынша адамзат тарихында патриоттық ұстаным бірнеше түрге жіктеліп сипатталған. Солардың бірінші қатарында полистік патриоттық ұстаным – тарихтағы белгілі полистік-қала мемлекеттері; екінші қатарында империялық патриоттық ұстаным, яғни империялық мемлекет пен оның билік жүйесін қолдап-қорғау;  үшіншісі – этностық патриоттық ұстаным негізінде әдетте ұлт, этнос, ру, ата-тек құндылықтарына әрдайым зор сүйіспеншілікпен қарап қорғау; ал келесісі – мемлекеттік патриоттық ұстаным, яғни мемлекет саясатын айрықша жауапкершілікпен қолдау; сусындық патриоттық сезім (уақытша қолдау, күнкөрістік сезім) – халық пен мемлекетті жеке басқа пайдалы мақсатта қолдау. Әлемдік құнды қазыналар жинақтарында патриот, патриоттық ұстаным жөнінде жан-жақты негізделген арнайы тұжырымды анықтамалар жинақталған. ХХ ғасырда жарық көрген әдебиет мен ғылыми шығармаларда патриоттық туралы анықтама негізіне латындық, гректік түйіндер алынған.

Сөз жоқ, сол жинақтардағы тұжырым түйіндерді негізге алу міндетті, неге десеңіз, олар – теңіз беті тәріздес ғасырлар бойғы шығармашылар, зерттеушілер, адами руханиятының тұжырымдары. Ол қазақтың даласы іспетті. Бұл далада көл де бар, асқарына көз жетпес шың да бар. Ызғарлы да шуақты қойнауында Менделеев кестесіне енген элементтердің басым көпшілігі орын тапқан Батыс Қазақстан өңірі, сирағын Cырға, құлашын Алтай мен Атырауға созған Сарыарқасы тағы бар. Қазақтың патриоттық ұстанымы әрқайсымызға бұрын-соңды көрмеген тұмса табиғаттай елестейді. Жаңа бір әлем, жаңа бір «ашылмаған арал» сияқты таңғалдырады. Бұған сенбесеңіз, жоғары баяндалған патриот түрлерін ой елегінен өткізіп, түйінін барлаңыз. Сонау бала шағымыздан құлағымызға құйылып қалған туған жерге, Отанға, ұлтқа деген ойымызға, іс-қимылымызға иіген сайын, шығармашылық табиғатына үңілген сайын күрделі және аса жауапты шыңға айнала береді. Шынайы патриоттық сезім арқылы бой алатын ұстаным халық жадындағы құндылықтармен дәлелденуі тиіс. Бұл орайда, аяулы ұлтымыздың тарихи иіндері және жарқын да батыл тұлғалары бас кейіпкері болғаны жөн. Осы мәселелер айқындалмай жатса, отансүйгіштің қабағы түксиіп, буырқанып, жан-жағын орап нөсерлей жөнелетіні айқын. Жай нөсерлемейді. Ащы шындығын нақты дерек-дәйекке негіздеп, мәселені тереңнен толғап нөсерлейді. Бұл – шынайы патриоттың табиғатына тән қасиет.

Сондықтан да, әр тұлға кейде туған жерінің тауларындай асқақ, биік, сонымен бірге, қатулы көрінеді. Нағыз патриот адам жайшылықта дос-жаранға ашық-жарқын, абайламай сөйлейтін аңғал мінезі кең даланың жон арқасын жібітер жайма-шуақ жазға ұқсайды. Шынайы патриотшыл тұлға ұзақ сапар шегіп елінен жырақтаса, аңқасы кеуіп, сағынышқа толы жүрекпен туған топырағын иіскемейінше мауқы басылмайтын сияқты болып көрінеді. Патриоттық сезімді жоғары қоятын адам ой-өрісі мен іс-әрекеті бойынша өзін ұзаққа сілтейтін тарландай көрінетін болар деп есептеймін. Сол арқылы ол қолдайтындарды батыл шешімге, әділеттің ақ жібін аттамауға, шығармашылық оймен батыл іс-әрекетке, айбынды ерлікке жетелейді. Мұндай қасиеттер дүниеге келген кезден айналадағы құбылыстардан сусындап қалыптасуы шарт. Бала кезден қазақтың жыр-дастандарымен сусындап, далалық салт-дәстүрдің сарқытын қанып ішкен шығармашылық әлемінде де өзіндік даралық, көркемдік ірілікті таңдап білу арқылы келуі мүмкін, яғни отан, ұлтсүйгіштік сипатты меңгеріп, ойлау жүйесі қалыптасқан ұлттың өсетінін адамзат тарихы анық дәлелдеп келеді. Біздің пайымдауымызша бүгінгі күрделі тіршіліктегі, 7 миллиардтан астам адам мекендеген 220-ға жуық мемлекеттен құралған, сан-қилы хикаялы әлемнің қандай да бір этносы болмасын отанын, елін, жерін сүймейтіні жоқ болар. Соның ішінде қазақ халқы да жалпы шығыс, оның ішінде түркі тілдес халықтардай Отанын, жерін, суын, табиғатын сүю қасиеті ықылым заманнан олармен табиғи тамырлас дамып келеді. Қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық татулықтың өткен өмір жолы, көрген-білгенінен жинақталған жан-жақты таразыланған тәжірибесі Тәуелсіз Қазақстан Елбасының тарихи еңбектерінде объективті дәлелдермен тұжырымдалып келгені барша отандастарға және әлемнің көптеген шетелдеріне аян.

Осы орайда, Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде», «Тарих толқынында» атты еңбектерінде мемлекет, этностарға ортақ бір мақсат аясына топтасудың кезек күттірмейтін міндет екенін атап, бұл міндетті абыроймен күнделікті өмірге дарытуда отбасы, білім беру орындары, еңбек ұжымы сияқты дәстүрлі институттардың маңызды рөл атқаратынын, олардың ықпалы аса тиімді болатынын баса айта отырып, «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндеттеріміз – қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін өзі айқын билеуі» деген ойы қоғам мүшелеріне бағдарламалық бағыт болар. Қазақстандық патриоттық ұстанымның негізі, оның мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі, құрылымы, әдісі, тәсілі, заңдылықтары, қағидаттары, құралдары бар. Егер патриоттық тәлім-тәрбие арнасында солардың бірінің негіздері болмаса, ол жәй сөз болып қалуы мүмкін. Өзін өзі білмеген адам өзгенің кім екенін түсінбейді. Кез келген мемлекеттің білім беру жүйесі сол қоғамда ұстанған саясатымен анықталады[2]. Мысалы,Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында осы мәселелер анық көрсетілген болатын. Бүгінгі әлемнің күрделі тынысында тағы бір мәселені ескерген жөн. Таза біржақты ұлттық тәрбие – кейбір сәтте ұлтаралық түсінбеушілікке соқтыруы мүмкін. Посткеңестік мемлекеттер қайсыбірінде болып жатқан қантөгісті жанжал, меніңше осындай саясаттың салдары болса керек. Әсіресе, патриоттық тәрбиеде бұл ерекше білінеді. Әрине, ұлттық тәрбиені баршамыз бірқалыпты түсініп, оның шарттарын бұлжытпай орындау – аса жауапты және күрделі іс. Кейбіреулер «ұлттық нақыштар сол күйінде болса екен» десе, ал келесілер «ұлттық тәрбие қазіргі өмірмен байланысты болса екен» дейді. Шындығында, ескі жаңамен үйлесім тауып жатса, өміршең келеді. Бүгінгі егемен Қазақстанның жағдайында патриотизм, ұлтаралық татулық жаңа мағынаға ие болып отыр. Себебі, Қазақстанды Отаным деп білетін әрбір азамат туған өлкесін сүйіп, соның азаматы болу, оны қорғау, әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосу дәстүрі де бар. Мұны, әсіресе, қазақ ұлт өкілдерінен басқа ұлт өкілдері жақсы ұғынуы тиіс. «Қос азаматтық», «Қос тілділік» деген ұғымның өзі де біршама ойларға жетелейді. Осы мәселеге байланысты қазақ азаматтарына келетін болсақ, олар қазақстандық патриотизм, ұлтаралық татулықтың көш бастаушысы болуы тиіс. Қазақстандық патриотизм мен ұлтаралық татулыққа тәрбиелеудің жолдары мен құралдары – ол түрлі іс-шаралар, тәрбие сағаттары, гуманитарлық пәндердің мазмұны. Қазақ баласын ұлтжандылық, отаншылдық сезімде тәрбиелеу – білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орнына дейінгі барлық ұйымдардың міндеті. ХХІ ғасырда өз ұлтын сүйген, бірлікте болған халық қана тұтастығын сақтап қалады. Ата-баба салтының Жер-Анаға деген ыстық сезімі бірінші кезекте тұрады. Міне, осы жалпы адами құндылықтар жалпы тәрбие жүйесінің ізгілікті де игі бастауларын құрайды. Айналаңдағы ұлттар мен ұлыстардың ешқайсысын алаламай, бәрінің де толыққанды дамуына нақты жағдайлар туғызып, көпэтносты елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету отансүйгіштік сезімнің терең бойлауына мұрындық бола алады. Сонда ғана адамның жүрегінде қазақстандық патриотизм сезімінің, өз Отанына деген перзенттік мақтаныш сезімнің өркен жайып тамырлануына негіз нығаяды. Яғни, этносаралық интеграцияның базасы емес, адамдардың өзін өзі азаматтық билеуі, Қазақстан халқының ажырамас бөлшегі сыңайлы сезімі қалыптасып, бойлай береді. Халықтың патриоттық сезімін қалыптастыру үшін бүкіл адамзат эволюциясында сыннан өтіп, пісіп-жетілген белгілі алғышарттар атқаратын міндет те маңызды. Казіргі елімізде Отанға сүйіспеншілік сезім қоғамдық қатынастарды демократияландыру, адамды оның өмірін, игілігін, адами ар-намысын, қызметшіге лайықты еңбекақы төлеу шарттары мен өмір сапасын жоғары құндылық деп тану негізінде, мемлекетте ілгерілеуші әлеуметтік-экономикалық саясат жүргізу барысында қалыптастырылады. Жаңарған қазақстандық патриотизмнің мазмұнын қазіргі қоғам мен заманауи озық мәдениет құндылықтарымен қатар, ұлттық мәдениеттің дәстүрлі нышандары, оның айрықша руханилық, азаттық пен өнегелілікке ұдайы ұмтылушылық құндылықтары да құрайды. Тарихымыздың табиғи дәстүрлерін сақтай отырып, казіргі заманғы өркениеттің мейлінше озық бағыттарын игере келе, отандастар туған елін ең алдыңғы қатарлы шепте ұстай алады. Бұған халқымыздың жоғалмаған, қайта, жаңа әлеуметтік өмір жағдайында жетіліп толысқан отансүйгіштік сезімі сенімді кепіл болады. Патриотизмді қалыптастыру – бұл қоғамның әлеуметтік тапсырысынан нәр алатын мемлекеттік міндет. Патриотизм өмірдің, жағдайдың, оқиғаның барлық жекелеген қырлары, халық пен елдің тұтастығы, бірегейлігімен тікелей байланыстыра қарастырылатын қоғамдық қатынастардың мәні мен құндылықтарын зерделеу тәсілі екені де аян. Отансүйгіштік сезімді тәрбиелеу азаматтың, елдің мәдениетінің бірегейлігі, әлеуметтің, халықтың мінез-құлқының толымды көрінісі мен қоғамдық өмірді ұйымдастырудың мәні мен мақсаттарын пайымдау арқылы жүйелі іске асады. Патриотизм міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін діттейді, өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, ел-жұртқа, халыққа қызмет ету үшін биік серпін болып табылады. Әр отандас Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаннан кейінгі уақыттың ішінде патриоттық бағыттағы сан-қилы мемлекеттік, ғылыми және бұқаралық сүбелі шаралар орындалып келе жатқанының куәсі десек, артық болмас. Кезінде түркі жұрты қағандары «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, қара терін төгіп, қызыл қанын ағызып», «Мәңгілік Елдің» іргесін қалап кетсе, дәл осыны жаңа дәуірде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ХХІ ғасырдағы «Мәңгілік Ел» идеясы тұрғысында, іс жүзінде тарихи сабақтастықта жалғастырып отырғанын ерекше атап көрсеткен жөн. Елбасының Жолдауындағы Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы дейтін болсақ, ақиқаттан алыс кетпеспіз.

Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған соңғы жолдауында жаңа қазақстандық патриотизм туралы: «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады. Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек. Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз. Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады. 2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көрсеткендей, өйткені өз жерінде өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс»,[4] - деп патриотизм мәселесіне жан – жақты тоқталып өткен болатын.

Қазақстандық патриотизм – бүкіл қазақстандықтарды жасампаз еңбекке шақыру, береке – бірлікті, баянды ынтымақты орнықтыру.
Пайдаланған әдебиеттер мен деректер тізімі.

  1. 1.Қожамжарова.Д.П. Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы

«Мәңгілік Ел»идеясы –«Бәсекеге қабілетті қоғам тірегі-ұстаз: «Мәңгілік Ел-ұрпақтың мәңгілік болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Шымкент, 2014ж. І бөлім.

  1. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында.-А.,1999

  2. Күлтегін Тоныкөк. Ежелгі түркі рун жазбалары. Алматы, Өлке»баспасы,

2001.

  1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат,бір мүдде,бір

болашақ»,-ҚР Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауы.-// Егемен Қазақстан халқына арнаған Жолдауы.-//Егемен Қазақстан. 23қаңтар. 2014 ж.
: sites -> default -> files -> publications
publications -> Мысыр араб республикасының лаңкестікке қарсы күрес жүргізу тәжірибесі
publications -> Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа қатысты ядролық державалардың ұстанымы Аңдатпа
publications -> Ғылыми жетекші: Омарова А. К. «Қаржы» кафедрасының оқытушысы
publications -> Қазақстан Республикасының экологиялық жағдайы
publications -> Профессор Қ. Жұбанов және қазақ терминологиясындағы мәселелер
publications -> Интерактивті маркетингтің артықшылықтары мен кемшіліктері
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Мақсаты
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Аплатин Қарақат Ақпараттық жүйелер-16 тобының студенті
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> МӘС бөлімінде куәландыру (қайта куәландыру)тәртібі


Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...