Әлеуметтік стратификация және әлеуметтік мобильділік



жүктеу 260.72 Kb.
Дата15.04.2017
өлшемі260.72 Kb.
Әлеуметтік стратификация және әлеуметтік мобильділік

  1. Әлеуметтік стратификация теориясы және оның мәні

  2. Әлеуметтік мобильділік түсінігі және оның түрлері.

  3. Қазақстандағы әлеуметтік стратификация мен әлеуметтік мобильділіктің даму деңгейлері


Негізгі ұғымдар: әлеуметтік стратификация, әлеуметтік мобильділік, әлеуметтік топ, әлеуметтік тап, әлеуметтік статус, каста, сословие, көлденең мобильділік, тік мобильділік, ұрпақ аралық мобильділік, ұрпақ ішілік мобильділік.
Теңсіздіктер мен әлеуметтік стратификация проблемасы іс жүзінде әлеуметтік және философиялық теориялардың барлығының да басты назарында болады. Стратификация ұғымының қазіргі заманғы ғылыми ойлаудың категориялық аппаратындағы орнының маңызы зор.

Әлеуметтік қауымдастықтар теңсіздігі жүйесін сипаттау үшін социологияда “әлеуметтік стратификация” ұғымы пайдаланылады. “Стратификация” терминінің өзі социологияға геологиядан келген. Ағылшын тілінде “strata” немесе “stratum” сөзі алғашында геологиялық қабат деген, ал “stratіfісatіon” сөзі қабатталу, қатталу деген ұғымды білдірген. Социологтар әлеуметтік теңсіздікті белсенді түрде зерттей бастаған кезде осы терминді алған, сөйтіп ол жаңа мағынаға, қоғамды белгілі бір топтарға бөлу мағынасына ие болған. Қоғамда әрдайым құрылым болатындықтан , ондағы адамдар түрлі негіздер бойынша жіктеліп отыратын болған.

Алайда теңсіздік табиғаты туралы сөз қозғалатын кез келген ғылыми әдебиетпен алғашқы танысудың өзі стратификация процесі мен әлеуметтік жинақылық проблемалары зерттеушілер арасында осы ұғымның мазмұны мен көлеміне қатысты бірыңғай көзқарастың жоқ екендігіне көз жеткізеді. Сол сияқты әлеуметтік қауымдастықтарды білдіретін әлеуметтік тап, топ, страта, мәртебелік топтар сияқты талдау бірліктері де барлық уақытта бірдей баяндала бермейді.

Әлеуметтік тап - әлеуметтік стратификация теориясындағы ірі таксонометриялық талдау бірлігі. Бұл ұғым стратификация теориясынан көп бұрын пайда болған . Әлеуметтік құрылымды талдаудың маңызды принципі таптық көзқарас болып табылады. Оның негізінде әлеуметтік қарым-қатынастар мен материалдық өмірдің әр түрлі шарттарының себеп-салдарын түсіндіру жатыр. Тіршілік ету құралдарын өндіру процесі анықтаушы болып табылып, ал оның бастау алатын жері еңбек бөлінісі болғандықтан, қоғамдық өндіріс жүйесінде әр түрлі орынды иеленетін адамдардың топтары басым әлеуметтік элементтер болады. Тап ұғымы - айтарлықтай ірі “көлемді” талдамалық бірлік, ол қоғамдағы елеулі, шегіне жеткен жалпы өзгерістерді зерделеуге арналған және қазіргі заманғы қоғамдағы “ғаламдық” өзгерістерді зерттеуге арналмаған. Сондықтан сарапшылар талдаудың неғұрлым нақты және икемді бірлігін - “страта” немесе топ ұғымын бөліп қараған. Топтар - еңбек сипатындағы айырмашылық қажеттіліктерге, оларды қанағаттандыру құралдарындағы және өндірістен тыс қызметі құрылымындағы айырмашылықтарға әкеп соғатын кезде, бөлінген және біртекті емес еңбек нәтиижесінде пайда болған әлеуметтік қауымдастық.

Сонымен қатар, стратаны бөліп қарауға негіз болатын кез келген белгі емес, тек мәртебелік белгі, яғни берілген қоғамда объективті түрде “жоғары - төмен”, “жақсы - жаман”, “мерейлі - мерейсіз” сияқты салыстырмалы сипат алатын белгі екені ойда болуы қажет.

Тек жіктелген, бірақ мәртебелілік емес топтарды бөліп қараудың негізін белгілердің тұтас қатары құрауы мүмкін. Мысалы, халық музыкасын ұнататындар немесе футбол командасының жақтастары көбінесе белгілі бір мәдени топтың мәртебелілік қырына қатысы жоқ өкілі ретінде қарастырылады. Алайда орын иелену қоғамда маңызды сипат алатын белгілі бір кіріс деңгейімен немесе әлеуметтік позициямен сәйкес келетін болса, онда бұл топтар мәртебелік болады. Бұл орайда әлеуметтік топ ұғымы - талдаудың әлеуметтік қабатқа қарағанда азырақ анықталған және белгіленген бірлігі. Кей кездері “қабат” ұғымының орнына “топ” деген ұғымды кездестіруге болады. Бірақ қабат ретінде анықтауға болмайтын, тек топ ретінде ғана анықталатын қауымдастықтар бар. Айталық, отбасы - шағын әлеуметтік топтың неғұрлым тұрпатты үлгісі. Алайда кірісі жоғары (немесе кірісі аз) отбасыларының өкілдері зерттеулерде қабат ретінде кездеседі.

Дәреже ұғымы стратификацияны талдауда шешуші мәнге ие болады. Ол страталардың өмір сүруінде бағалау факторлары: адамның қандай да бір жағдайдағы мінез-құлқының желісі, оның өзін және айналасындағыларды дәрежелеуге көмектесетін белгілерге негізделген бір нәрсеге, ұстанымдарға көзқарасы үлкен рөл атқаратынын көрсетеді.

Әлеуметтік мобильділік - бұл әлеуметтік мәртебелер жүйесінде адамның жағдайының өзгеруіне байланысты әлеуметтік стратификациялар механизмі.

Адам туылғанда аскриптивті немесе маңдайға жазылған мәртебе деп аталатын өзінің ата-аналарының мәртебесін алады. Ата-аналары, туыстары және отбасына жақын адамдар баланың бойына өздерінің мінез-құлық нормаларын, тиісті және мерейлі нәрселер туралы түсініктерін сіңіреді. Алайда адам өзі қызметінің белсенді кезеңінде бұл қабаттағы жағдайына қанағаттанбауы, одан да зорына ұмтылуы және қол жеткізуі мүмкін. Соңғы жағдайда ол қол жететін мәртебеге ие болады. Егер де адамның мәртебесі неғұрлым мерейлі, жақсы мәртебеге өзгерсе, онда жоғарылау мобильділік орын алды деуге болады. Алайда адам өмірде кездесіп тұратын алапаттар (жұмысынан айрылу, ауырып қалу, т.с.с.) салдарынан төменгі мәртебелер тобына өтуі де мүмкін - бұл кезде төмендеу мобильділік орын алады. Зерттеушілер әлеуметтік мобильділіктің барлық түрлерін (ұрпақаралық, кәсіптік және т.б.) бөліп қарауға мүмкіндік беретін статистикалық рәсімдер мен көрсеткіштер жүйесін пайдаланады, бұл жалпы алғанда халық қозғалысының әр алуан түрлерін талдауға мүмкіндік береді. Тігінен орын ауыстырулардан (жоғарылау және төмендеу мобильділіктер) басқа көлденеңінен орын ауыстырулар болады, ол табиғи мобильділіктен (бір жұмыстан екінші жұмысқа мәртебесін өзгертпей ауысу) және аумақтық мобильділіктен (бір қаладан екінші қалаға көшу) құралады.

Санасы, мінез-құлқы мен мәртебесі түйісіп отыратын, аралық жағдайда және көбіне қандай да бір себептермен өзара әрекеттес әлеуметтік топтардың біріне ұзақ уақыт бойы бейімделе алмайтын немесе бейімделгісі келмейтін адамдардың, қандай да бір әлеуметтік топтар өкілдерінің жиынтығы маргиналдар деп аталады (от латынның margіnalіs - шетте тұрған деген сөзінен шыққан). Олардың мәртебесінің шығу тобы мен басымдық танытушы топ арасындағы шекаралық, аралық сипаты болады, сондықтан бір жақты өзін-өзі сәйкестендіруге келмейді .

Өз зерттеулерінде бұл проблематикаға соқпай өтпейтін әрбір социолог өзінің қоғамдық топтарға стратификациялайтын өзіндік белгілерін бөліп қараған, алайда барлық ғалымдар мұндай бөлінудің себебі әлеуметтік теңсіздікте деп есептеген. Стратификациялық белгілердің жинақталымы мен иерархиясы нақты бір қоғамның өз дамуының белгілі бір уақытындағы ерекше әлеуметтік, экономикалық, этникалық сипаттамаларына байланысты.

Социологиядағы әлеуметтік стратификацияның негізгі тұжырымдамаларын қарастырып көрелік. Энтони Гидденс “стратификация әр түрлі топтардың, адамдардың арасындағы құрылымдалған теңсіздік ретінде анықталуы мүмкін” деп есептейді. Американ социологиялық сөздігінде мынадай анықтама берілген: “Адамдар теңсіздіктің қандай да бір өлшемімен иерархиялық ұйымдастырылған қатарға тізілгенде әлеуметтік жіктелу әлеуметтік стратификацияға айналады” . Болгар социологі Чавдар Кюранов “Әлеуметтік стратификация тұтас қоғамдық құрылымдағы көлденең топтар жүйесін білдіреді” деп санайды. Нейл Смелзер “стратификация теңсіздіктің бір ұрпақтан бір ұрпаққа берілуіне көмектесетін тәсілдермен байланысты; бұл ретте қоғамның әр түрлі топтары пайда болады” деген ұйғарым жасайды.

“Әлеуметтік стратификация” ұғымының теориялық-әдістемелік негізін жасауға елеулі үлес қосқан М.Вебердің, К.Маркстің, П.Сорокиннің, У.Л. Уорнердің, Д.Дж. Трейманның, Б.Барбердің еңбектері, Т.Парсонстің функционалдық мектебіне жататын социолог ғалымдардың жұмыстары болып табылады. Әлеуметтік теңсіздік проблемасын қақтығыстар теориясының өкілдері де назардан тыс қалдырмаған. П.Сорокиннің стратификациялық теориясы жалпы қоғамды әр түрлі әлеуметтік топтарға бөлу принциптерін сипаттайтын неғұрлым салмақты тұжырымдамалардың бірі болып табылады.

Әлеуметтік теңсіздік жөніндегі көптеген идеялар маркстік стратификация мен таптар теориясынан алынған, онда таптық құрылымның, таптар арасындағы қатынастың, тарихтың қозғаушы күші ретіндегі таптық күрестің жан-жақты тұжырымдамасы баяндалған.

Барлық әлеуметтік құбылыстардың дамуындағы экономиканың негіз қалаушы рөлі туралы өзінің негізгі тезисін ұстана отырып, Карл Маркс таптардың барлық негізгі сипаттамаларына сүйеніп, өзінің әлеуметтік қабаттану үлгісінің негізіне өндірістік қатынастарды алған. К.Маркс экономикалық ұйымның кез келген түрінде өндіріс құрал-жабдықтарына ие үстем тап және үстем тапқа қызмет ететін тап бар деп сендіреді. Ол сол сияқты люмпендердің - қоғамнан толық шығып қалған адамдардың болатынын да ескерген.

Әлеуметтік стратификация проблемасына қазіргі заманғы көзқарастың негізін Макс Вебер қалаған болатын, ол әлеуметтік құрылымды таптармен және оларды тудырушы меншік қатынастарымен қатар әлеуметтік мәртебе мен билік те маңызды орын алатын көп өлшемді жүйе ретінде қараған. М.Вебердің К.Маркстен айырмашылығы, ол экономиканы ұйымдастыруды стратификацияның негізі деп санамай, экономикалық сипаттамалардың бастапқылығы тезисінен бас тартты және “стратификацияның үш автономды өлшемдері” туралы өз ұғымын тұжырымдады.

Ол теңсіздіктің негізгі үш құрамдас бөлігін бөліп қарап, оларды өзара байланысты, бірақ сонымен бірге елеулі қатынастарда тәуелсіз деп есептеді: мүліктік теңсіздік, мәртебелік мерей және билік. Билік деп адамның (немесе адамдар тобының) жоспарларды іске асыру, іс-қимыл жасау немесе белгілі бір саясатты тіпті басқа адамдар мен топтар тарапынан болған келіспеушілікке қарамастан жүргізу қабілетін айтады.

Стратификацияның үш тобы да бір қоғамның ішінде, бір адам материалында болады, әр түрлі конфигурацияларда, бір қоғамнан бір қоғамға және бір тарихи кезеңнен бір тарихи кезеңге көшіп жүре береді.

Қарама-қайшы көзқарас У.Уорнердің “бедел теориясында” баяндалған. Ол американ қоғамындағы бөліп қаралған страталарын “әлеуметтік тап” деп атаған. Бірақ бұл біздің тарихи материализмнен білетін тап емес: марксистік тап меншікке қатысты берілген, ал Уорнер тапты әлеуметтік мерейі бойынша, яғни берілген қоғамдағы оның мүшелеріне қатысты бөледі. Алғашында ол қандай да бір тапқа көзқарас ең алдымен экономикалық өлшемдермен (өндіріс пен бөліністегі кірістер мен функциялар) анықталады деп ұйғарған, яғни түптеп келгенде негізгі марксистік тезистерді басшылыққа алған. Алайда бірінші кезеңдегі зерттеу нәтижелері оның болжамдарын теріске шығарды. Ол шамамен бірдей табыс табатын бір кәсіптің өкілдері “әлеуметтік мерейінің” сипаттамасы бойынша әр түрлі деңгейде болатынын аңғарған. Мерейдің адамның қоғамдағы экономикалық өлшемдерге негізделген жағдайымен қандай да бір байланысы болғанымен, әлеуметтік мерей сонда да болса бәрінен де күшті адамның өндіріс пен игілік бөлінісіндегі орнымен емес, оның осы игілікті тұтыну құрылымымен, яғни өмір салтымен, мінез-құлқымен және түптеп келгенде оның ұстанымдарымен байланысты. “Өмір салтының негізінде жатқан мұндай тұрақты, қайталанатын мінез-құлықтың негізінде берілген әлеуметтік жиынтықтың мәдениетінде немесе кіші мәдениетінде бекітілген үлгілер болатыны айқын”. Осылайша эмпирикалық материалдың көмегімен У.Л. Уорнер іс жүзінде Макс Вебердің “мәртебелік топ” деп сипаттаған стратасын ашты. Сол кезден бастап ғылыми терминологияда адамның қоғамдағы көзқарасымен өлшенетін орнын анықтайтын “әлеуметтік мәртебе” ұғымы берік қалыптасқан, оның өлшемін өз кезегінде “әлеуметтік рөл” деп санау қалыптасқан.

У.Л. Уорнер “тап” ұғымының анықтамасын береді: “Тап деп әлеуметтік жағынан неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен жағдайда болады деп ұйғарылатын және сол қоғамның мүшелері оларды тура осылай дәрежелейтін адамдардың екі немесе одан да көп жіктері деп түсінген жөн. Осы таптың мүшелері жұбайларын өз табының ішінен таңдауға тырысады, бірақ та қоғамның құндылықтары жоғары не төмен орналасқан топтан жұбай таңдауға жол береді. Сонымен таптық жүйе балалары ата-аналары жеткен мәртебеге ие болатынына кепілдік береді. Таптық қоғам құқықтар мен артықшылықтарды, сондай-ақ борыштар мен міндеттерді неғұрлым жоғары және неғұрлым төмен жағдайларға қатысты бірқалыпты бөлмейді. Таптық жүйенің касталықтан айырмашылығы әлеуметтік саты бойынша жоғары және төмен қозғалыстарды құндылық деп қарастырады.

У.Л. Уорнер өзінің әлеуметтік стратификация теориясының жалпы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, қандай да бір адамдардың таптық тектерін олардың мәртебелеріне қоғамның басқа мүшелері беретін бағаларын басшылыққа ала отырып, яғни олардың беделін басшылыққа ала отырып анықтаған.



Талкотт Парсонс “Әлеуметтік стратификация теориясына аналитикалық көзқарас” атты еңбегінде қоғам туралы функционалдық ұғымды теориялық тұрғыдан негіздей бастайды. Қоғамның стратификациялық жүйесі бір жағынан еңбек бөлінісіне және әр түрлі топтардың әлеуметтік жіктелуіне негізделген болса, екінші жағынан, қандай да бір қызметтің мәнін анықтайтын және марапаттар мен ынталандыруларды бірдей бөлмеуден пайда болатын қалыптасқан әлеуметтік теңсіздіктерді заңдастыратын қоғамдағы басым құндылықтар мен мәдени стандарттар жүйесінің іс-әрекетінің нәтижесі. Т.Парсонс өзінің әлеуметтік әрекет теориясында әлеуметтік стратификацияның әмбебап белгілерін ұсынған:

“Сапа”, яғни жеке адамға белгілі бір сипаттаманы, позицияны таңып жазу;

“Атқару”, яғни жеке адамның қызметіне басқа адамдардың қызметімен салыстыра отырып баға беру;

материалдық құндылықтарға, талантқа, шеберлікке, мәдени ресурстарға және т.б. “ие болу”. Осы жерде Т.Парсонс бұл үш әмбебап объектілерді бағалаудың қоғамдағы үстемдік етуші құндылықтар үлгісіне сәйкес жүзеге асырылатындығын атап көрсеткен.

Функционализм тұжырымдамасы неғұрлым анық және толық түрде К.Дэвис пен У.Мурдың “Стратификацияның кейбір принциптері” атты еңбегінде баяндалған. Функционалдық көзқарастың негізгі тезисі - “кез келген қоғамдағы стратификация функциясы (ал стратификация кез келген қоғамда болады) қоғамдағы жағдайды қоғам үшін неғұрлым өмірлік маңызы бар аса қабілетті және білікті адамдармен қамтамасыз ету болып табылады.

Сөйтіп, Уорнердің эмпирикалық тәжірибелерінен, ал теорияда - Т.Парсонстің, Д. Мурдың және К.Дэвистің алғашқы мақалаларынан бастап “әлеуметтік рөлді” социологтар жеке адамның немесе топтың экономикалық жағдайының туындысы ретінде емес, дербес айнымалы мінездеме ретінде қарастырады.

Қақтығыстар теориясын жақтаушылар теңсіздікті қоғамның өзін-өзі сақтауын қамтамасыз етудің бірден-бір тәсілі деген ұғыммен келіспейді. Олар функционалистік көзқарастардың кемшіліктерін көрсетіп қана қоймай, функционализм статус-квоны ақтауға тырысу ғана деп сендіреді. Олардың пікірінше, “теңсіздіктің мәні: қоғамдық құндылықтарды (бастылары байлық пен билік) бақылайтын адамдардың пайда көруіне мүмкіндік беретін жағдайдың нәтижесі болып табылады”.

Жоғарыда сипатталған теориялардан мүлде өзгеше теория - Р.Парк пен Э.Берджестің әлеуметтік арақашықтық тұжырымдамасы. Олардың түсініктері социологиялықтан гөрі психологиялыққа жақын: бір-бірін жақсы көретін адамдар - әлеуметтік жағынан жақын адамдар; бір-бірін жек көретін адамдар - әлеуметтік жағынан алшақтаған адамдар. Бұл ғалымдардың теориясы социологиялық болмағаны үшін сынға ұшыраған - оны өте-мөте психологиялық және субъективті деп есептейді, өйткені авторлар әлеуметтік арақашықтықты “жақсы көру” мен “жек көру” сияқты субъективті сезімдер арқылы өлшейді .



Бернард Барбер мәселені ежелгі дүниеден біздің заманымызға дейінгі тарихи тұрғыдан қарай отырып, батыс қоғамы әлеуметтік стратификациясының алты өлшемін бөліп қараған:

1. Кәсіп рөлі. Отағасы - барлық қоғамда да өзінің азды-көпті толық жұмыс уақытын арнайтын “өндіруші” рөлде қоғамға қосатын функционалдық үлесі тұрғысынан жіктеліп бағаланып келген. Осы сияқты рөлдер әрқашан олардың функционалдық үлесінің шамасы бойынша әр түрлі болады және тиісінше дифференциалды бағаланады, яғни мерейлері әр түрлі болады.

2. Билік пен күш-қуат деңгейі бойынша дәрежелеу. Билікті әлеуметтік жүйелерде мақсатқа жетудің заңды қабілеті деп, ал күш-қуатты оның заңсыз ұқсастығы деп анықтауға болады. Кез келген қоғамда кейбір рөлдер басқа рөлдерге қарағанда үлкен билік пен күш-қуатты қамтиды, нәтижесінде олардың құрылымдары осы өлшем бойынша стратификацияланады.

3. Кіріс немесе байлық. Қоғамдағы әр түрлі кәсіптік рөлдердің пайда табу мен байлық жинауға қабілеттері әр түрлі болады, отбасылық байланыстарға орай мұраға ие болу жолымен байлыққа ие болу мүмкіншіліктері де дәл осындай әр түрлі. Бұрын да, қазір де ақша бірқатар мобильділік процестерінде үлкен орын алады. Бұл ретте М.Вебердің ізін ала Б.Барбер мерейдің, биліктің және табыстың арасында сәйкессіздік болуы мүмкін екендігін айтады. Кейбір рөлдер (мысалы, Рим Папасы) жоғары мерей мен билікке ие, ал табысы - төмен. Немесе, керісінше, әлеуметтік мерейі онша жоғары емес. Бұл орайда табыс әрқашан да одан әрі дамудың және ақшамен жоғары бағаланатын рөлдерге қол жеткізу (мысалы, білімді, атақты сатып алу, неғұрлым жоғары саналатын әлеуметтік топтың өкіліне үйлену және т.б.) құралы болған.

4. Білім беру немесе білім алу. Адамдардың қоғамда оқу-білімге және білім алуға әрқашан қолдары бірдей жете бермейді, мұның олардың өздеріне туғаннан берілген әр түрлі рөлдерін атқаруы үшін ғана емес, бір рөлден екінші рөлге өту мүмкіншілігі үшін де маңызы зор.

5. Діни немесе салттық тазалық. Қандай да бір қоғамдағы функционалдық маңызды діни идеялар категориясына адамдар азды-көпті дәрежеде жоғары бағаланатын діни немесе салттық тазалыққа ие болуы мүмкін.

6. Туыстық және этникалық топтар бойынша дәрежелеу. Туыстық және этникалық топтар барлық қоғам үшін және өздері өмір сүретін жергілікті қауымдастықтардағы өздерінің функцияларын қалай орындайтындықтары тұрғысында әр түрлі, атап айтқанда олардың кәсіптік мерейлерінен, билік пен күш-қуаты дәрежесінен, табысы мен байлығы деңгейінен бөлек туыстық және этникалық топтар ретінде бағаланады.

Б.Барбер жоғарыда аталған алты өлшем түріндегі мағынасында өзіндік стратифициялық құрылымның тәуелсіз өлшемі емес қоғамда үстемдік ететін мобильділікке қатысты институцияланған нормалар берілген қоғамда жасалатын мобильділіктің көлемі мен дәрежесіне едәуір ықпал етеді деп есептейді.

Б.Барбер теориясы әлеуметтік стратификацияны геометриялық фигуралар терминімен сипаттайды, бұл әлеуметтік мобильділіктің өтіп жатқан процестерін көзге елестетуге және әлеуметтік стратификацияның қазіргі заманғы батыстық жүйесін түсінікті баяндауға мүмкіндік береді.

Иерархия факторын қарастырғанда стратификациялық рангтерді бөлген кезде пайда болатын негізгі екі фигура Б.Барбердің ойынша пирамида мен ромб болып табылады. Бұл екі фигура әрқашан төбесіне жақын рангтерді иеленетін азшылықтың - “элита” немесе “элиталар жиынтығы” болатынын көрсетеді, бұл төбені Б.Барбер осылай атайды. Пирамидалық фигурада, сонымен қатар, салыстырмалы түрде аз адамдар орта рангте, бұқара халық төменгі дәрежеде болады. Бұған керісінше ромб тәріздес фигура адамдардың төменгіге дәрежеге қарағанда орта дәрежеде бірдей мөлшерде көп шоғырлануымен сипатталады, әйтсе де төменгі дәрежеде фигураның үшкірлігін жасау үшін едәуір адамдар қалып қояды.



Питирим Сорокин кез келген ұйымдасқан әлеуметтік топ әрқашан әлеуметтік стратификацияланған деп есептейді. “Жазық” болатын және барлық мүшелері тең дәрежелі болатын бірде-бір тұрақты әлеуметтік топ болмаған және болмайды да. Қабатталмаған, мүшелері шынайы тең дәрежелі болатын қоғам - ол қиял, адамзат тарихында әлі болып көрмеген нәрсе”. Питирим Сорокиннің стратификациялық теориясының негізгі қағидасы әлеуметтік стратификациялардың нақты ипостасьтары көп және әр алуан болса да, олардың барлық санқырлылығы негізгі үш нысанға: экономикалық, саяси және кәсіптік стратификацияға келіп тірелуінде. Әдетте, бұл үш нысан тығыз байланысқан, жоғары топқа қандай да бір қатысы бар адамдар бұл қабатқа әдетте басқа өлшемдер бойынша да қатысты болады ғой; және керісінше.

Осыны басшылыққа ала отырып, П.Сорокин әлеуметтік стратификацияның әрбір нысанын жеке-жеке талдауды ұсынады және оларды былай анықтайды:

1. Егер де қандай да бір қоғам мүшелерінің экономикалық мәртебесі тең емес, олардың арасында байлығы барлар да, жоқтар да болатын болса, онда мұндай қоғам қандай принциптермен, коммунистік немесе капиталистік принциптермен құрылғанына қарамастан экономикалық қабаттануымен сипатталады.

Егер де қандай да бір топтың шегінде беделі мен рөлі, атағы мен мәртебесі мағынасында иерархиялық әр түрлі дәрежелер болатын болса, онда бұл берілген топтың өзінің конституциясында немесе декларациясында жариялағанына тәуелсіз саяси жіктелгенін білдіреді.

Егер қандай да бір қоғамның мүшелері өз қызметінің, айналысатын шаруаларының түрі бойынша әр түрлі топтарға бөлінген болса, ал кейбір кәсіптер осы ретте басқалармен салыстырғанда неғұрлым мерейлі болып саналатын және қандай да бір кәсіби топтың мүшелері әр түрлі рангтегі жетекшілерге және бағыныштыларға бөлінетін болса, онда мұндай топ бастықтары сайланатынына немесе тағайындалатынына, оларға лауазымдар мұраға қалатынына немесе жеке қасиеттерімен келетініне қарамастан кәсіби жіктеледі. П.Сорокин өзінің теориясының көмегімен мынадай сұрақтарға жауап табуға тырысады: “әлеуметтік ғимараттың биіктігі қандай”, “әлеуметтік конустың табанынан төбесіне дейінгі қашықтық қандай”, “оның беткейлері тік пе көлбеу ме”. Бұл сұрақтардың жауаптары әлеуметтік стратификацияны сандық бағалауға - “әлеуметтік ғимараттың” сыртқы көрінісін бағалауға көмектеседі. Оның ішкі құрылымы, оның тұтастығы - сапалық талдау пәні, ол үшін “ғимараттың ішіне кіріп, оның ішкі құрылыстарын: қатардың сипаты мен орналасуын, бір қабаттан екінші қабатқа жеткізетін лифтілер мен баспалдақтарды және басқа да бір қабаттан бір қабатқа көтерілу және түсуге арналған құрылғыларды зерделеу қажет”. Басқаша айтқанда, әлеуметтік мобильділік механизмдерін зерттеумен айналысу қажет.

Қазақстанда әлеуметтік стратификация проблемаларымен Әженов М.С., Аитов Н.А., Тәжин М.М., Елизова Л.М., Майсюк А.В., Аяған Б.Ғ., Садырова М.С., Қожамқұлова Л.Т., Садовская Е.Ю., Бейсенбаев Д.Э. және т.б. сияқты ғалымдар айналысады.

Мысалы, М.С. Әженов, Д.Э. Бейсенбаевалардың “Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік стратификация” атты кітабында әлеуметтік стратификацияның әр түрлі теориялары қамтылады, кеңестік дәуірден кейінгі Қазақстандағы жіктелу мәселелері қарастырылады, республикада соңғы жылдарда жүріп жатқан стратификациялық процестер талданады.

“Қазіргі Қазақстандағы жүріп жатқан стратификациялық процесте қандай да бір этносқа жату ешқандай рөл атқармайды. Қазақстан қоғамында тереңдеп жатқан жіктелудің басты белгілері - бұл табыс пен билік. Білім беру, мәдениет, кәсіптерге келер болсақ, олар әзірше бұл стратификациялық процесте ерекше рөл атқармайды”.

Әлеуметтік стратификация процесі, әсіресе қазіргі біздің қоғамымыз бастан кешіріп отырған күрделі өзгерістер кезеңінде айрықша күрделі және сан қырлы; әлеуметтік құрылымның даму қарқыны кей кездері оны зерттеу қарқынынан озық келеді. Егер де біздің қоғамымыздың қазіргі жай-күйін және оның әлеуметтік стратификациясы жүйесі дамуының негізгі үрдістерін жалпы сипаттауға тырысар болсақ, онда оны былай көрсетуге болады: халықтың қарқынды қабатталуы мен реттелуі, жаппай төмендеп бара жатқан мобильділік.

Тоталитарлық дәуірден кейінгі қоғамның әлеуметтік құрылымы әр түрлі әлеуметтік факторлардың ықпалымен қалыптасады: барлық әлеуметтік - экономикалық, саяси, мәдени, білім беру инстиуттарының қоғамдық нысаны және де бірінші кезекте меншік пен билік институттары өзгереді.

Терең қоғамдық төңкеріс және әлеуметтік құрылымды жасақтайтын әлеуметтік негіздер мен реттеуіштердің түрлену процесі жүреді. Әлеуметтік құрылымның негізгі құрамдас бөліктері - топтар мен қауымдастықтардың табиғаты өзгереді, олар меншік пен билік субъектілері ретінде қайта қалпына келтіріледі.

Әлеуметтік страталарды толтыру механизмдерінің өзі өзгереді. ұрпақтар сабақтастығы немесе отбасылық-демографиялық факторлар негізінде қолданыста болатын бұрынғы әлеуметтік ұдайы өндіру механизмдерінің орнына ұлттық және оңтайлы экономикалардың өзгеру процестеріне “енгізілген”, атап айтқанда кәсіпкерлік пен жалдау шарттарының өзгеруі механизмдері келеді.

Әлем қауымдастығы әлеуметтік құрылымның үш түрін біледі:

1. Орта таптың күшті топтары ұстап тұрған демократиялық нарықтық қоғам. Онда әлеуметтік топтардың бөлінісі орталық бөлігі дамыған (орта топтар), жоғары тап (бай элита) пен кедейлер тобы полюстері онша үлкен емес ромбты елестетеді.

2. Нашар дамыған, бірақ нарықтық экономикаға аяқ тіреген әлеуметтік құрылым үлгісі. Эйфель мұнарасын еске түсіретін пирамида түрінде (кедей топтар орналасқан кең ауқымды үлкен табан).

3. Бұрынғы социалистік елдердің қабатталу моделі табаны аса үлкен үшбұрышты еске түсіреді, оның көп ауданын “еңбекшілер” қабаты, ал төбесін - “билік адамдары” алып жатыр. Орта тап іс жүзінде жоқ.

Біздің бүгінгі қазақстандық қоғамымызға келер болсақ, оның стратификациялық жүйесі көптеген ғалымдардың пікірі бойынша екінші үлгі нысанына ие - бүйір жақтары ойыңқы пирамида. Бұл пирамиданың төбесінде негізінен ірі бизнесмендерден, сондай-ақ көрнекті саяси және мемлекет қайраткерлерінен тұратын жоғары тап орналасқан.

Кәсіпкерлік болса қызметтің бір түрі ретінде - тек заңды ғана емес, аса жауапты шаруа ретінде өзін ақтап отыр. Бизнесмендер өз кәсіптерінің рейтингтері бойынша спортшылар мен эстрада артистерін едәуір артқа тастап, неғұрлым құрметті және танымал адамдарға айналуда. Бизнестің банктер, қаржы компаниялары, жарнама агенттіктері және т.б. сияқты түрлері көркейіп келеді.

Соңғы жылдары елімізде әр түрлі сарапшылардың пікірі бойынша жалпы халықтың 3%-дан 10%-ға дейін құрайтын меншік иелерінің жоғарғы тобы (әлеуметтік пирамиданың ұшы) қалыптасты. Қоғамның әлеуметтік түбі де (пирамиданың табаны) пайда болды, олардың тіршілік деңгейі кедейліктен де төмен. Eнді ғана орнап келе жатқан нарықтық экономика үшін қалыпты жағдай болатын мүліктік теңсіздіктердің тереңдеуі, бағалардың босатылуы қоғамның едәуір бөлігінің кедейленуіне әкелді, экономистердің есептеулері бойынша халықтың 70%-дан 85%-ға дейінгі бөлігін кедейлік деңгейіне немесе ол деңгейден төмен қоюға болады.

Біздің ойымызша ғылыми және техникалық интеллигенция өкілдерінің әрқайсысы, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының күйзелуіне байланысты жұмысшылар мен колхозшылар кедейлік жағдайды бастан кешуде.

Қазіргі Қазақстан қоғамының әлеуметтік пирамидасының ортасы әлі аз. Осы орынды иеленуі тиіс орта тапты жасақтау енді ғана басталып келеді.

Қазақстандық орта тап негізінен жеке адамдық жолмен емес, топты тік мобильділік жолымен жасақталатын болады және әлеуметтік пирамиданың орта бөлігі біртіндеп қоғамның бизнеске, кәсіптік еңбекке және мансапқа бет бұрған әлеуметтік топ өкілдерімен толығады.

Бұл ретте орта тапты жасақтау бүгінгі қоғамның мынадай қабаттарының: кәсіпкерлердің, менеджерлердің, жоғары білікті жұмысшылардың, өндірістік шаруалардың, фермерлердің есебінен жүретін болады.

Егер де даму процесі батыстық қоғамдар сияқты әрине, өз ерекшеліктерімен жүретін болса, онда экономикалық құрылымдағы өзгерістердің салдарынан орта тап ескі әлеуметтік топтар мен таптарды жұта бастайды да шешуші қоғамдық күшке, азаматтық қоғам дамуының өзіндік кепіліне айналады.


Әлеуметтік топтар


Әлеуметтік топтар мен әлеуметтік қауымдастықтар қоғамның әлеуметтік құрылымының маңызды элементтері болып табылады.

Әлеуметтік қауымдастық - салыстырмалы тұтастығымен ерекшеленетін және әлеуметтік іс-әрекеттің дербес субъектісі болып табылатын өмірде бар, эмпирикалық белгіленетін жеке адамдардың жиынтығы. Әлеуметтік қауымдастықтарды зерделегенде бірқатар сәттерді ескерген жөн:

Біріншіден, әлеуметтік қауымдастықтар ғалымдар жіктеп бөлетін ойша құрылған абстракциялар емес. Олардың өмір сүруін эмпирикалық тіркеуге және тексеруге болады.

Екіншіден, әлеуметтік қауымдастықтар - жеке адамдардың, әлеуметтік топтардың немесе өзге де әлеуметтік құралымдардың жиыны емес, тұтас жүйелік сипаттамалары бар тұтастық.

Үшіншіден, әлеуметтік қауымдастықтар әлеуметтік қарым-қатынастар объектілері болып табылады. Бұл олардың өз дамуының және өзін-өзі ұсынуының көзі болып табылатынын білдіреді. Әлеуметтік қауымдастықтың қалыптасуы және қызмет атқаруы әлеуметтік байланыстар, әлеуметтік іс-әрекеттер мен қатынастар негізінде жүреді.

Белгілерінің күрделі жиынтығы барлық қауымдастықтарды неғұрлым кең ауқымды екі ішкі тапқа, бұқаралық және топтық қауымдастықтарға бөлуге мүмкіндік береді.

Бұқаралық қауымдастықтар мынадай белгілерімен сипатталады:



  1. белгіленбеген сапалық және сандық құрамы бар неғұрлым кеңейтілген шекаралы құрлымдық-бөлшектелмеген аморфты құралым болып табылады;

  1. оларға жағдайға қарай өмір сүру тән, яғни олар қандай да бір қызметтің негізінде және шекарасында құрылып, қызмет атқарады, олардан тыс болуы мүмкін емес, сондықтан да тұрақсыз, бір жағдайдан екінші жағдайға дейін өзгеріп отыратын құралым болып шығады;

  1. оларға құрамының әртектілігі, топаралық табиғат тән, яғни бұл қауымдастықтар таптық, топтық, этникалық және өзге де шекараларды бұзады;

  1. өзінің аморфтық құралуы салдарынан олар неғұрлым қалың қауымдастықтар құрамында болуға, олардың құрылымдық бірлігі болуға қабілетсіз. Бұқаралық қауымдастықтардың типтік үлгісі қалың саяси немесе экологиялық қозғалысқа қатысушылар, эстрада жұлдыздарына бас июшілер, спорт командаларының жанкүйерлері және т.с.с.

Әлеуметтік қауымдастықтардың басқа бір маңызды түрі әлеуметтік топтар болып табылады. Әлеуметтік топ ұғымының социологияда бірнеше мәні бар. Барынша кең мағынасында ол тұтас қоғамды, тіпті барлық адамзатты қамтиды. Неғұрлым тар мағынасында бұл ұғым қоғамның ішінде белгілі бір жеке бастық, ұжымдық және қоғамдық мүдделер мен мақсаттарды жүзеге асыру үшін бірлесіп қызмет атқаратын адамдардың азды-көпті жиынтығы болып табылатын ішкі жүйені бөлу қажет болған кезде пайдаланылады. Бұл орайда “әлеуметтік топ” ұғымына адамдардың аса көп санды бірлестігі ретіндегі әлеуметтік қауымдастық және адамдардың сан жағынан салыстырғанда шағын жиынтығы ретіндегі әлеуметтік топтың өзі де кіреді (ал әлеуметтік топтардың өздері де үлкен және кіші болуы мүмкін). Бұдан әлеуметтік топты үшінші, бұдан да тар мағынасында түсіну қажеттілігі келіп шығады, ол көбінесе солай болады да.

Бұл ретте ойда болар маңызды нәрсе, социологтардың бір бөлігі “әлеуметтік топ” пен “әлеуметтік қауымдастық” ұғымдарының арақатынасын анықтаған кезде біріншісін негізге алып, әлеуметтік қауымдастықты үлкен, бұқаралық әлеуметтік топ ретінде қарастырады; ал басқалары - екіншісін негізге алып, әлеуметтік топты шағын әлеуметтік қауымдастық деп есептейді. Сондықтан аталмыш ұғымдарды бөлу неғұрлым шартты түрде алынады, өйткені бұл орайда тапты да, ұлтты да, отбасын да әлеуметтік қауымдастық ретінде де, әлеуметтік топ ретінде де қарастыруға болады.

Әлеуметтік топтар бұқаралық әлеуметтік қауымдастықтардан өзгеше: 1) олардың кеңістікте және уақытта өмір сүруінің беріктігі мен тұрақтылығына жағдай туғызатын орнықты өзара іс-әрекетімен; 2) салыстырмалы түрде алғанда жоғары топтасу дәрежесімен; 3) құрамының айқын көрініп тұрған біртектілігімен, яғни топқа кіретін барлық жеке адамдарға тән белгілердің болуымен; 4) құрылымдық құралым ретінде неғұрлым қалың қауымдастықтарға кіруімен сипатталады.

Бұдан шығатын қорытынды - адамдардың топқа бірігуінің кез келгені әлеуметтік топты құрай бермейді. Күнделікті өмірде біз адамдардың субъектілер арасындағы өзара байланыстар мен өзара іс-әрекеттердің тұрақсыздығы, қысқа мерзімділігі, тарлығы тән (тобыр, тыңдармандар аудиториясы, әлеуметтік топтар және т.б.) бірлестіктерімен жиі ұшырасамыз. Олар шынтуайтына келгенде әлеуметтік топтар болып санала алмайды, сондықтан да көбіне квазитоптар деп аталады.

Социологтар “әлеуметтік топ” ұғымын әр қалай анықтайды.

Р.Мертон әлеуметтік топты белгілі бір жолмен бір-бірімен қарым-қатынаста болатын, өзінің сол топқа жататынын ұғынатын және басқа адамдардың көзқарасы бойынша оның мүшесі болып саналатын адамдардың жиынтығы ретінде анықтай отырып, оның үш айырмашылық белгісін бөліп көрсетеді - өзара іс-әрекет, мүшелік және сәйкестілік. Ұқсас анықтама бере отырып, Н.Смелзер адамның мінезін көбіне оның қандай да бір топтың адамы екендігімен түсіндіретінімізді айтады. Фролов С.С. әлеуметтік топты оның әрбір мүшесінің басқаларға қатысты белгілі бір жолмен қарым-қатынаста болатын жеке адамдардың жиынтығы деп түсінеді. Бұл анықтамада жиынтықты топ деп санау үшін қажетті екі маңызды шартты көруге болады: 1) оның мүшелері арасындағы өзара іс-әрекеттің болуы; 2) топтың әрбір мүшесінің басқа мүшелерге қатысты әрекетерінің болуы.

Әлеуметтік топтар өзінің шамасы, саны бойынша шағын (екіден он бес адамға дейін) және үлкен болып бөлінеді. Шағын әлеуметтік топты ажырату белгілері: 1) құрам санының аздығы; 2) мүшелерінің кеңістіктегі жақындығы; 3) өмір сүру ұзақтығы; 4) топтық құндылықтардың, нормалардың және мінез-құлық үлгілерінің ортақтығы; 5) топқа кірудің еріктілігі; 6) адамның мінез-құлқын бақылаудың бейресмилігі болып табылады.

Шағын топтарды қандай түрлерге және типтерге бөлуге болады? Зерттеу мақсаттарына қарай бір емес, бірнеше типология болуы мүмкін. Егер де бізді топ мүшелерінің тұлғааралық қарым-қатынастарының тереңдік дәрежесі қызықтыратын болса, онда топтарды ресми және бейресми топтарға бөлеміз. Олардың алғашқысы - мынадай негізгі ерекшеліктері болатын ресми ұйымдардың түрлері:

- ол оңтайлы, яғни оның негізінде орынды, белгілі мақсатқа қарай саналы түрде қозғалу принциптері жатыр;

- ол принципті түрде тұлғасыз, яғни жасалған бағдарлама бойынша араларында жетілген қарым-қатынастар орнайтын абстрактілі жеке адамдарға арналып есептелген. Мұндай топты, әдетте, неғұрлым жоғары деңгейдегі әлеуметтік жүйе құрайды, оның функцияларын да, құрылымдарын да береді. Мұндай топтағы көшбасшының беделі, мәртебесі тек қана оның жеке басының қасиеттерімен емес, “жоғарыдан”, сырттан алатын лауазымымен де анықталады.



Бейресми топқа келер болсақ, оның мүшелерінің бір-біріне тұлғалық, эмоциональдық алдын ала дұрыс көру қатынасының нәтижесі ретінде құрылады; спонтанды (өзінше еркін), оны құрайтын жеке адамдардың бастамасы бойынша жасақталады. Шағын топтардың қызметінде ұйымдардың барлық белгілері айқын көрініс табатын болғандықтан, бейресми топтар да ресмиден тыс (ресми топтардың шеңберінде қалыптасатын) және әлеуметтік-психологиялық (кез келген жерде пайда болатын) болып бөлінуі мүмкін.

Типологияның маңызды түрі шағын топтарды бастауыш және екінші деп бөлу болып табылады. Мұндай бөлудің салыстырмалы екендігін әуел бастан ескерте кеткен жөн. Бастауыш топ -мүшелерінің өзара байланысуларының жоғары (кейде неғұрлым жоғары) жиілігімен және тығыздығымен ерекшеленетін шағын топ. Бастауыш топ көбінесе басқа шағын топтың құрамдас бөлігі болып табылады, бұл жағдайда ол алғашқы топқа қатысты алғанда екінші топ болады. Егер де біз мысал ретінде студенттік (академиялық) топты қарастырар болсақ, онда ол бірнеше топтарды біріктіретін курсқа (лекке) қатысты алғанда бастауыш топ болады.

Г.С. Антипинаның көрсеткеніндей бастауыш шағын топтың өзіне тән белгілері мынадай: құрам санының аздығы, кеңістіктегі жақындық, өмір сүру ұзақтығы, мақсат бірлігі, топқа кіруге еріктілік және мүшелерінің мінез-құлқына бейресми бақылау. Ч.Кули ғылыми айналымға бастауыш топ ұғымын енгізе отырып, оның интимдік, жүзбе-жүз (face-to-face) байланысумен және ынтымақтастықпен сипатталатынын атап өткен.

Кейбір екінші топтарды, мысалы, кәсіподақтарды ассоциациялар ретінде сипаттауға болады, олардың ең кем дегенде кейбір мүшелері өзара әркеттеседі, біртұтас, барлық мүшелері бөлісетін нормативтік жүйесі және қандай да бір ортақ, барлық мүшелері бөлісетін корпоративтік өмір сүру мағынасы болады.

Қоғамда шағын топтар атқаратын әлеуметтік функциялар орасан, оларды басқаша бағалау мүмкін емес. Конт бір кезде қоғамның ұясы деп атаған отбасын еске алсақ та жеткілікті - бұл ылғи да шағын топ және де өзі құрамына енетін көптеген басқа топтар мен ұйымдарға қатысты бастауыш топ болады. Төменде атап өтілетініндей, сол отбасы адам тұлғасының қалыптасуында маңызды рөл атқаратын бастауыш әлеуметтендірудің басты агенті болып табылады. Дегенмен, отбасы ғана емес, өзіміз құрамына кіретін басқа көптеген бастауыш және екінші топтар да біздің өмірбаянымызда маңызды әлеуметтендіруші рөл атқарады: құрбы-құрдастар топтары, дос-жарандар, әуесқойлар үйірмелері, спорт командалары - біз дәл осылар арқылы замандастарымыз бен отандастарымыздың кең қауымдастығында қалыптасқан дәстүрлердің, нормалардың және құндылықтардың барлығын игереміз. Көптеген зерттеушілердің бастауыш түріндегі байланыстардың жетіспеушілігін адамның тұлғалық қасиеттерінің нашарлауына және тіпті девианттық мінез-құлықтарда белгілі бір сапасыздыққа апарып соғуы мүмкін деп ұйғаруы кездейсоқ емес.

Жеке адам үшін өзі жататын бастауыш топ өте маңызды референттік топтардың бірі болып табылады. Бұл терминмен құндылықтар мен нормалар жүйесі жеке адам үшін өзіндік эталон болатын (шынайы немесе қиялдағы) топты белгілейді. Адам әрқашан - ерікті немесе еріксіз түрде - өзінің ой-ниеттері мен іс-әрекеттерін өзі пікірлерін қадір тұтатын адамының қалай бағалайтынымен салыстырады. Жеке адам осы сәтте жататын тап та, бұрын мүшесі болған топ та және мүшесі болғысы келетін топ та референттік бола алады. Референттік топты құрайтын адамдардың дербестелген бейнелері “ішкі аудиторияны” құрайды, адам өзінің ойға алғандары мен іс-әрекеттерінде соны бағытқа алады.

Шағын топтар теориясының айтарлықтай маңызды бөлімі ондағы динамикалық процестерді зерделеу болып табылады. Бұл зерттеулер микросоциология мен психологияда шағын топтардың өмір сүру және даму заңдарын сипаттауды негізге алатын өзара әрекеттес және бірін-бірі толықтыратын тұжырымдамалардан тұратын ерекше бағыт болып бөлінген. “Топтық динамика” терминінің өзін ғылыми айналымға 1930 жылдары Курт Левин енгізген. Негізгі теориялық қағидалардың бірі топтық қызметтің жүйелілік сипатын атап өтуден тұрады: тұтас алынған топ оған кіретін жеке адамдардың жай қосындысы емес, одан артық. Сонымен қатар, шағын топтарда жүретін құбылыстар мен процестерді сипаттайтын заңдар одан да ірі әлеуметтік бірліктердің динамикасын сипаттауға қолданылуы мүмкін.

Топтық динамика теориясының дамуына американдық (тегі - румын) әлеуметтік психолог Джейкоб Морено маңызды үлес қосқан. Ол шағын топты зерттеудегі екі маңызды бағыттың: социодраманың (немесе психодраманың) және социометрияның негізін қалаушы ретінде танымал. Социометрия - эмоционалдық және тұлғааралық өзара әрекеттестіктердің біртұтас “топтық өрісін” құрайтын топ мүшелерінің арасындағы байланыстарды айқындау және сандық өлшеу әдістерінің жүйесі.



Кез келген шағын топта оның туғаннан өлгеніне дейін жүретін динамикалық процестерді қысқаша тізбектеп шығуға тырысар болсақ, онда мынадай негізгі құбылыстарды түйіндеуге болады:

  1. топтық интеграция - топ мүшелерінің бір-біріне лайықтанып, бейімделуі негізінде топтардың біртұтас нәрсеге айналуы;

  1. құрылымдалу - көшбасшылар мен басқа да мәртебелік позицияларды бөліп және тиісінше сол мәртебелерге сәйкес рөлдер суретін жасай отырып ішкі құрылымның жасақталуы.

Берілген топқа тән нормалар мен құндылықтар жүйесі қатар дамиды; кей кезде бұл бірлескен іс-әрекеттерде, уақытты бірге өткізетін кезде қатар болатын ерекше ритуалдарды жасаумен қатар жүреді. Бұл нормалар мен құндылықтарды сақтау үшін топ мүшелеріне топтық қысым жасалады. Ол оң және теріс әр түрлі топтық санкциялардың көмегімен жүзеге асырылады.

Әлеуметтік топтарды жіктеу топтарды шағын және үлкен, бастауыш және екінші деп бөлуді ғана көрсетпейді. Қоғамдық топтардың әлеуметтік жағдайлары бойынша өзгешелігі бейнеленетін қоғамның әлеуметтік құрылымының сипаттамасы тұрғысынан әлеуметтік-таптық қауымдастықтар (таптар, қабаттар); әлеуметтік-демографиялық қауымдастықтар (еркектер, әйелдер, балалар, ата-аналар және т.б.); этникалық әлеуметтік қауымдастықтар (ұлттар, ұлыстар, тайпалар, ұлттық және этнографиялық топтар); әлеуметтік-аумақтық топтар (қала, ауыл, аймақ); әлеуметтік-кәсіптік қауымдастықтар және т.б. сияқты әлеуметтік топтарды бөліп қарау ерекше маңызды.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет