Егіншілік семей -2013 Аннотация



жүктеу 2.33 Mb.
бет1/16
Дата28.01.2017
өлшемі2.33 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ОҚУ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

СЕМЕЙ ҚАЛАСЫ ШӘКӘРІМ АТЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ


ЕГІНШІЛІК

Семей -2013



Аннотация
Бүгінгі заманда республиканың ауылшаруашылық өндірісінде болып өткен өзгерістерге, оның ішінде жердің жеке меншікке сатылуы және ұзақ жылдарға жалға берілуіне байланысты болашақ ауылшаруашылық мамандары жерді көздің қарашығындай сақтап, оның негізгі қасиеті- құнарлылығын ұдайы арттырып, соның арқасында өсірілетін ауылшаруашылық дақылдарынан тұрақты жоғары өнім алу үшін топырақы және егіншілік шаруашылығын жақсы білулері қажет. Осы мәселелер “Егіншілік негіздері” оқулығында жан-жақты баяндалған.

Оқулықта топырақ түзілу процесі, оның факторлары, топырақтың агрофизикалық және химиялық қасиеттері, республиканың топырақ типтері және олардың қысқаша сипаттамасы берілген.

Егіншілік бөлімінде өсімдіктердің тіршілік факторлары, оларды егіншілікте реттеу жолдары, арамшөптер және олармен күрес шаралары, ауыспалы егістер мен топырақ өңдеудің ғылыми негіздері, оны өңдеу жүйесі, топырақты эрозиядан қорғау, егіншіліктегі мелиорация, егістік жұмыстар және егіншілік жүйесі туралы жазылған. Қазақстан егеменді ел болғаннан кейін оның халық шаруашылығының барлық салаларында ,соның ішінде білім беру саласында, тәуелсіздікке қол жетті. Олай дейтінім, мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында оқушыларға, студенттерге дәріс беру ана тілінде жүргізіліп жатыр. Бұл егемендіктің үлкен жетістігі. Десекте, осы ұлы істе қиындықтарда жоқ емес. Солардың бірі – мемлекеттік тілде жазылған оқулықтар, оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулардың жетіспеушілігі. Осы жағдайды ескере отырып жоғары оқу орындарының ғалым-ұстаздары қазақ тілінде оқулықтар жазып, оны көпшілікке ұсынуда. Солардың бірі – осы “Егіншілік негіздері” оқулығы.

Ауыл шаруашылығының негізгі өндіріс құралы – жер. Ол халықтың байлығы, асыраушысы. Сондықтан, аграрлық саланың мамандары, топырақты, соның ішіндегі оның басты қасиеті құнарлылығын жоғарылату жолдарын, республиканың топырағын, оның типтері мен түрлерін жете білулері керек.

Сонымен қатар, ауылшаруашылық дақылдарының тіршілік факторларын, олардың өсімдікер үшін маңызын, егіншілікте реттеу жолдарын, егіншілік заңдылықтарын, ауыспалы егісті, ондағы топырақ өңдеу жүйесін білу әр бір орман және ауылшаруашылық мамандарына, әрбірден соң жерге қатысы бар жеке адамдарға қойылатын бүгінгі күн талабы. Осы тұрғыдан алып қарағанда “Егіншілік негіздері” оқулығының маңызы үлкен. Бұл оқулық осы пәннің типтік бағдарламасына сәйкестендіріліп 5В080700 – «Орман қорлары және аң шаруашылығы», сондай-ақ аграрлық бағыттағы агрономиядан басқа мамандықтардың студенттеріне арналған.


Кіріспе

Қазақстан егемендік алып, тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін оның халық шаруашылығында, әсіресе аграрлық секторында, көптеген елеулі өзгерістер болды. Атап айтқанда, Кеңес өкіметі кезіндегі ірі-ірі кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылып, олардың орындарына жаңа шаруашылық түрлері құрылды. Бұл күнде елімізде 200 мыңға жуық шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер, акционерлік қоғамдар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және басқа кішігірім шаруашылық түрлері пайда болды.

Қазақстан Республикасы аграрлық мемлекет. Оның ауылшаруашылық өндірісінің алдында негізгі мынадай мақсаттар тұр:

-еліміздің 16 млн.га жуық халқын жеткілікті мөлшерде сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету;

-малдарға жеткілікті мөлшерде жем-шөп қорын жасау;

-өнеркәсіпті, яғни мақта-мата, жеміс-жидек, көкөніс комбинаттарын, тамақ және басқа жеңіл өндіріс орындарын шикізатпен қамтамасыз ету;

- далалық аймақтарда танаптар шеттеріне орман алқабын отырғызып, елді мекендерді көгалдандыру.

Осы қойылған міндеттерді орындау үшін елімізде көптеген күрделі шаралар жүзеге асырылды. Солардың ең басытыларының бірі- тың және тыңайған жерлерді игеру эпопеясы.

Тың және тыңайған жерлерді игерудің арқасында республиканың егіс көлемі 9,7 млн гектардан (1953ж) 36,5 млн гектарға дейін ұлғайды. Осының арқасында астық өндіру жедел қарқындады. Кезінде республика жылына 25-27 млн тонна астық өндіріп, Ресей және Украинадан кейінгі үшінші орынға ие болды.Қазіргі кезде Қазақстанда 12 млн –нан 18 млн тоннаға дейін астық өндіріледі. Әсіресе, кейінгі жылдары ауыл еңбеккерлерінің астық өндіруде үлкен табысқа қолдары жетті.

Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігі топырақ құнарлылығына, егіншілікте қолданылатын агротехникалық шараларға тікелей байланысты. Сондықтан, әрбір жер иесі, ауылшаруашылық мамандары, топырақтың құнарлылығын, оны арттырудың жолдарын, топырақтың агрофизикалық, агрохимиялық және басқа қасиеттерін жақсартудың тәсілдерін, егіншілік заңдылықтарын, арамшөптермен күрес шараларын, ауыспалы егістерді, топырақ өңдеу жүйесін жете білулері қажет. Осы тұрғыдан алып қарағанда университет қабырғасында болашақ мамандарға жоғарыда аталған мәселелерді оқытып үйретудің орны ерекше. «Егіншілік негіздері» оқулығында осы мәселелердің негізгі теориялық және практикалық аспектілері берілген.



Тақырыбы. Өсімдіктердің тіршілік факторлары және оларды егіншілікте реттеу жолдары

Адамдар мен малдардың тіршілік етуінде жасыл өсімдіктердің алатын орны ерекше. Өсімдіктердің құрамында адамдарға қажетті ақуыздар, майлар, көмірсутектер, әр түрлі витаминдер, минералдық қосылыстар бар. Өсімдіктерді адамдар отынға, құрылыс материалдары ретінде, киім-кешектер жасауға пайдаланады. Адамдар қоршаған ортаның органикалық емес заттарын бірден тікелей пайдалана алмайды, олар алдымен органикалық заттарға айналуы керек. Міне, осы жерде жасыл өсімдіктердің атқаратын рөлі үлкен, себебі олар күн сәулесінің энергиясын пайдаланып, органикалық емес заттардан органикалық заттар түзеді. Жасыл өсімдіктердің тағыда бір маңызы –олар ауадан көмірқышқыл газын сіңіріп, атмосфераға тірі организмдердің дем алуы үшін қажет оттегін бөліп шығарады.

Жер жүзінде сан алуан өсімдіктер түрлері өседі. Олардың ішінде мәдени және жабайы түрлері, арамшөптер бар. Жасыл өсімдіктердің басым көпшілігі адамдарға пайдалы, дегенмен олардың ішінде зиянды улы өсімдіктерде кездеседі.

Өсімдіктер жақсы өсіп-дамуы үшін сыртқы ортаның белгілі бір жағдайлары мен тіршілік факторлары керек. Өсімдіктің тіршілігі әрқашан қоршаған ортамен тығыз байланысты. Егер қоршаған орта жағдайлары өсімдіктерге қолайлы болса, олар қарқынды өсіп, жақсы дамиды, соның арқасында өнімі жоғары болады және керісінше.

Өсімдік тіршілігінің жағдайларына жергілікті жердің топырақ-климат ерекшеліктері, әр жылдың ауа райы, танаптардың фитосанитарлық көрсеткіштері және басқалар жатады.

Өсімдіктерге әсер ететін сыртқы орта факторларын экологиялық факторлар деп аталады. Олар негізінен үш топқа бөлінеді. Бірінші топ – абиотикалық, яғни табиғаттың өлі факторлары (жарық, жылу, ылғал, ауа, және басқалары). Екінші топты өсімдіктерге әсер ететін тірі организмдер, яғни биотикалық факторлар құрайды. Сыртқы ортаның өзгерістерге ұшырауына әсер ететін адамдардың іс-әрекетін антропогендік фактор дейді. Бұл үшінші топтың факторы. Осылардың ішінен өсімдік тіршілігіне ең қажеттісі бірінші топ факторлары.



2.1 Өсімдік тіршілігінің факторлары. Оған жарық, жылу, ылғал, ауа және коректік заттар жатады. Жарық пен жылу ғарыштық, ал қалған үшеуі жер бетінің факторлары деп аталады.

Жарық, немесе күн сәулесі жер бетіндегі тіршіліктің бірден бір қайнар көзі. Бірақ күн сәулесін тек жасыл өсімдіктер пайдаланып, өздерінде органикалық заттар құрады, ал басқа тірі организмдер осы органикалық заттар ыдырағанда пайда болатын жылу энергиясын өздерінің тіршілігі үшін пайдаланады. Жасыл өсімдіктер күн сәулесінің тек 1-2% ғана пайдаланады, ал ең жоғарғы өнім алған жағдайда бұл көрсеткіш 8-9% жетуі мүмкін. Басқа энергиялармен салыстырғанда жер бетіне ең көп түсетін күн сәулесінің энергиясы. Жер бетінің әрбір 1 шаршы см-не секунд сайын 0,037 калория немесе минутына 2,2 калория энергия түседі десек, онда бір жыл ішінде жер бетіне 398•1018 үлкен калория энергия келіп түседі. Бұл 57000 млр.тонна көмір жаққанда шығатын жылуға пара-пар.

Жарық жер бетіне жағрафиялық ендікке байланысты әр түрлі мөлшерде келіп түседі. Оның жер бетінде маусымдық және тәуліктік таралу динамикасы да ендікке байланысты. Күн сәулесіне жердің климаты тікелей байланысты, ал климат әр түрлі өсімдіктердің өсуіне әсер етеді. Бұдан басқа климат топырақ түзілу процесінің ең бір басты факторы, яғни күн сәулесі өсімдікке тек тікелей әсер етіп қоймай, сонымен қатар топырақ арқылы өзінің жанама әсерін тигізеді.

Әр аймақтың топырақ-климат жағдайы егіншілікті мамандандыруда, яғни қандай өсімдік түрлерін өсіруде шешуі маңыз атқарады. Жарықтың өсімдіктер үшін маңызы өте үлкен, себебі олардың жапырақтарында күн сәулесінің әсерінен фотосинтез процесі жүреді.

Фотосинтез дегеніміз күн сәулесінің әсерінен қоршаған ортаның органикалық емес қарапайым заттарынан күрделі органикалық заттардың түзілуі. Оның реакциялық формуласы: 6 СО2+6 Н2О  С6 Н12О6+6О2. Фотосинтез кезінде өсімдіктер күн сәулесінің 85 пайызын сіңіреді. Оның нәтижесінде органикалық заттар түзілуімен қатар тірі организмдердің дем алуына керекті оттегі бөлініп шығады. Егер өсімдіктерге вегетация кезінде жарық жеткіліксіз болса, олар дұрыс өтпейді. Басқаша айтқанда, жарық үшін өсімдіктер биікке бойлап өсіп, соның салдарынан, әсіресе масақты дақылдардың, сабақтары жіңішкереді. Бұл егістің жатып қалуына, ақырында өнімнің төмендеуіне әкеліп соқтырады. Жарық жетіспегенде масақты дақылдардың дәніндегі ақуыздың, қант қызылшасы түбіріндегі қанттың, картоптың түйнегіндегі крахмалдың мөлшері азаяды.

Өсімдіктер үшін жарық мезгілінің ұзақтығының үлкен мәні бар. Осыған байланысты олар ұзақ және қысқа күннің өсімдіктері болып екі топқа бөлінеді. Ұзақ күннің өсімдіктеріне бидай, қарабидай, арпа, сұлы, қырыққабат, ал қысқа күннің өсімдіктеріне жүгері, тары, күнбағыс майбұршақ және басқалары жатады. Олар негізінен оңтүстік аймақтарда өседі.

Жарыққа қоятын талабы бойынша өсімдіктерді жарық, көлеңке сүйгіш және көлеңкеге төзімділер деп үш топқа бөлуге болады.

Жарық сүйгіш өсімдікер күн жақсы түсетін ашық алқаптарда өседі. Оларға ауылшаруашылық дақылдары, шалғындық және далалық шөптер жатады. Көлеңке сүйгіш өсімдіктер жарықты онша жақтырмайды, олар көбінесе биік өсімдіктердің көлеңкелі төменгі қабатында өседі. Көлеңкеге төзімді өсімдіктер жарық жерде де, сонымен қатар көлеңкелі жерлерде өсе алады. Өсімдіктерде фотосинтез құбылысына қарама-қарсы дем алу процесі жүреді. Бұл процесте энергия және көмірқышқыл газы бөлінеді.

Егіншілікте өсімдіктердің жарық режімі тұқым себу мөлшерін өзгерту, арамшөптерді жою, өсімдік қатарлары бағытын солтүстіктен оңтүстікке қарай орналастыру арқылы реттеуге болады. Жылжайларда өсімдіктердің жарық режімін адам өзінің қалауы бойынша реттей алады.



Жылу - өсімдік тіршілігінің ғарыштық факторына жатады, өйткені оның негізгі көзі – күн энергиясы. Әр аймақтың топырақ - климаттық жағдайына, жер бедеріне байланысты түсетін жылу мөлшері әр түрлі. Республиканың солтүстік облыстарында жылудың жетіспеушілігі байқалса, ал оңтүстік аймақта керісінше жылу өте мол. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында жылы күндер саны 244-247, ал 50С -тан жоғары температура жиынтығы 4386-46160С, Қызылорда облысында 207-212 күн және 3798-38760С, ал осы көрсеткіштер Жамбыл облысында 212-223 күнге және 3674-3867 градусқа тең.

Жылу топыраққа себілген ауылшаруашылық дақылдары тұқымының бөрітіп және жер бетіне көктеп шығуы үшін қажет. Тұқым көктеп шығуға қажетті температура бойынша барлық аулшаруашылық дақылдарын мынандай 5 топқа бөлуге болады:



  • +1-20С көктеп шығатын өсімдіктер (бидай, арпа, сұлы, қыша, мақсары)

- +3-50С көктеп шығатын өсімдіктер (күнбағыс, зығыр)

  • +5-60С көктеп шығатын өсімдіктер (қарақұмық, бөрібұршақ)

  • +9-100С көктеп шығатын өсімдіктер (майбұршақ, тары және тағы басқалар)

  • +100С жоғары температурада көктеп шығатын өсімдіктер (үрме бұршақ, мақта және басқалар)

Зығыр, қарақұмық, бидай, арпа, сұлы, шалғам және пияздың жер бетіндегі органдары +20-250С температурада қалыпты өседі, олардың тамырларының жақсы өсуіне бұдан 8-100С төмен температура қажет. Өсімдікке қажетті температураны білу ауылшаруашылық дақылдарының қолайлы себу мерзімін анықтауға және тұқым себердің алдында арамшөптермен күрес жүргізуге пайдасы тиеді. Егер өсімдіктерге температура қолайлы (оптималды), яғни +20-300С аралығында болса фотосинтездің жүру қарқыны жоғары, ал ол +40-450С болған кезінде бұл процесс мүдем тоқтайды. Өсімдіктердің тыныс алуы теріс температурада да жүреді, оның төменгі шегі-100С, ал қыстайтын өсімдіктердің, мәселен, ағаш бүршіктерінің тыныс алуы –200С, -300С шамасында да байқалады.

Сайып келгенде өсімдіктерді жылуға қоятын талаптарына қарай жылу сүйгіш және суыққа төзімді деп екі топқа бөлуге болады.Жылу сүйгіш өсімдіктерге күріш, жүгері, лобия, тары, қарбыз, қауын, мақта сияқты дақылдар жатады, олардың өсіп-өнуіне +14-150С, ал гүлденуіне +15-200С температура керек. Мұндай дақылдар суыққа төзімсіз де, ыстыққа төзімді болады.

Вегетация кезіндеде әртүрлі өсімдікке қажет температура жиынтығыда бірдей емес. Айталық, бидайға көктеп шыққаннан піскенге дейін 1600-2200 градус, сұлыға - +1900-2300, картопқа - +1300-3000, қант қызылшасына -+2400-3700, күрішке - +3000-4500, ал мақтаға - +3500-5000 градус жылу керек. Сондықтан әр аймақтың топырақ-климат жағдайына қалыптасқан өсімдіктерді, сорттарды өсіру қажет. Күн көзінің жылылығын өсімдіктер толық пайдалану үшін оларды жан-жақты ойластырып іріктеп алу қажет.

Көптеген ауылшаруашылық дақылдары үшін вегетация кезіндегі қолайлы температура +22-250С аралығында жатады. Өте төмен немесе өте жоғары температура өсімдіктердің өсуі мен дамуын бәсеңдетеді, кейде тіпті олардың өлуіне әкеліп соғады. Мысалы, бидайдың, қарабидайдың, сұлының өскіндері – 60С дейінгі суыққа төзетін болса, ал жылусүйгіш мақта, жүгері, көкөністердің өскіндері температура -2-30С тан төмендесе үсіп кетеді.

Өсірілетін ауылшаруашылық дақылдарының жылуға қоятын талаптарына және вегетациялық кезеңінің ұзақтығына байланысты республиканың солтүстік аймағында 70-90 күнде пісетін асбұршағы, жаздық бидай, арпа өсірілсе, ал оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірде вегетациялық кезеңі ұзақ, жылусүйгіш жүгері, мақта, көкөніс, темекі және басқалар дақылдар өсіріледі.

Судың өсімдік өміріндегі орны ерекше. Біріншіден, ол өсімдіктерге еріткіш ретінде қажет, өйткені топырақтағы коректік элементтерді және олардың тұздарын өсімдіктер тек ерітінді түрінде сіңіре алады.

Екіншіден, су өсімдікте жүретін фотосинтез процесіне керек, себебі фотосинтез реакциясында судың алты молекуласы қатысады.

Үшіншіден, су өсімдік клеткаларының формасын сақтап тұрады, өйткені оның құрамында 80-90 пайыз су болады. Егер клетка осы судан айырылса өледі.

Төртіншіден, себілген ауылшаруашылық дақылдары тұқымдарының бөртуі және жер бетіне көктеп шығуы топырақ ылғалдылығына байланысты. Мысалы, дәнді масақты дақылдардың топыраққа себілген дәндері бөріту үшін оның салмағының 50-55 пайызындай ылғал қажет, ал дәндерінде ақуыз көп болатын дәндібұршақты дақылдардың тұқымдары бөрітуі үшін олардың салмағынан 2,0-2,5 есе артық ылғал керек.

Бесіншіден, ылғал өсімдіктердің температурасын реттеуге қатысады. Өсімдік жапырақтарындағы устицалар арқылы буланған ылғал (транспирация) өсімдік ұлпаларының температурасын төмендетіп, оларды қатты қызып кетуден сақтайды.

Алтыншыдан, ылғал топырақта және өсімдік органдарында жүретін әр түрлі биохимиялық реакциялар үшін қажет.

Жетіншіден, ылғал топырақ микроорганизмдерінің тіршілігі үшін керек. Көптеген микроорганизмдердің топырақтың ылғалдылығы 25-30 пайыз болғанда белсенділігі артады.

Сегізіншіден, ылғал топырақ құнарлылығының негізгі элементі, себебі құрғақ топырақтарда микробиологиялық процестер нашар жүреді, немесе мүлде тоқтайды және топыраққа берілген минералдық тыңайтқыштардың тиімділігі төмендейді.

Тоғызыншыдан, топырақта ылғал жеткіліксіз болса (топырақ құрғақшылығы) немесе ауа құрғақ болса (атмосфералық құрғақшылық) өсімдіктер солып қалады.

Өсімдіктердің вегетациялық кезеңде ылғалдыққа қажеттілігін олардың транспирациялық коэффиценті бойынша анықтауға болады.

Транспирациялық коэффицент деп өсімдіктердің белгілі бір салмақ мөлшеріндегі органикалық құрғақ заттарды құруға жұмсайтын судың мөлшерін айтады. Көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша өсімдік топырақтан сіңіріп алған 1000 грамм ылғалдың 990 грамын булануға, ал қалған 10 грамын транспирацияға жұмсайды екен, яғни өсімдіктер барлық жұмсалған ылғалдың тек 1,0 пайызына жуығын ғана құрғақ органикалық заттар, басқаша айтқанда, өнім құруға пайдаланады деген сөз.

Өсімдіктердің транспирациялық коэффиценті олардың түрлеріне байланысты. Мысалы, астық тұқымдастарына жататын бидай мен сұлының транспирациялық коэффиценті орташа 400 өлшем болса, ал осы тұқымдасқа жататын тарынікі - 215-ке, бұршақ тұқымдасына жататын жоңышқаныкі -520-ға тең. Бұл тары бидай мен сұлыға қарағанда ылғалды 1,8, ал жоңышқамен салыстырғанда 2,4 есе үнемді жұмсайды деген сөз.

Әр бір өсімдіктің ылғалды өте қажет ететін мезгілі болады, оны өсімдіктің ылғалға мұқтаж кезеңі деп атайды. Мысалы, дәнді дақылдардың мұндай кезеңі сабақтану-масақтану фазасы, жүгерінікі-гүлдену, мақтанікі-гүлдену-көсек түзу фазалары болып есептеледі.

Ауа. Өсімдікке қажетті факторлардың бірі – топырақ ауасы. Оның құрамында оттегі мен көмірқышқыл газы бар. Атмосфера ауасында көмірқышқыл газының мөлшері 0,03%, ал топырақ ауасында ол 0,1 тен 1 пайызға дейін болады.

Оттегі тұқымдардың көктеп шығуына, өсімдік тамырлары мен микроорганизмдердің дем алуына керек. Дем алу кезінде көмірсутектер көмірқышқыл газы (СО2) мен суға (Н2О) ыдырап энергия бөлініп шығады. Дем алудың интенсивтігіне ауа мен топырақтың температурасы әсер етеді. Температура әрбір 100С көтерілген сайын дем алу процесі 2-3 рет жылдамдайды, ал температура 45-500С болғанда мүлдем тоқалады. Өсімдіктің әрбір грамм құрғақ салмағына күніне 40-50 мг оттегі қажет. Топырақта оттегі жеткілікті болған жағдайда аэробты микроорганизмдердің көбеюі салдарынан онда азот мол жиналады.

Егер топырақта оттегінің мөлшері 5 пайызға дейін төмендесе, онда өсімдіктердің тамырлары өздерінің өсуін тоқтатады, кейде өліп қалады. Әсіресе, оттегінің жетіспеушілігі тамыржемісті және түйнектамырлы дақылдарға, атап айтқанда қант қызылшасына, картопқа өте зиянды. Топырақта оттегі аз болса, онда органикалық заттардың ыдырауы бәсеңдеп, ол ұзаққа созылады.

Өсімдік тамырларының дем алуы және микроорганизмдердің көмегімен органикалық заттардың ыдырауы нәтижесінде оттегі жұмсалып, оның орнына топыраққа көмірқышқыл газы бөлініп шығады. Көмірқышқыл газын өсімдіктер фотосинтез процесі кезінде пайдаланады. Тәулік бойына бір гектар жердегі өсімдіктер 250-1000 кг көмірқышқыл газын пайдаланады, яғни олардың жапырақтарының әрбір шаршы дециметр көлеміне сағат сайын 200 литр ауа керек.



Қоректік заттар. Өсімдіктер тірі организм болғандықтан өнеді, өседі, дем алады, көбейеді, коректенеді, өледі. Жақсы өсіп-дамуы үшін өсімдіктерге жеткілікті мөлшерде коректік заттар керек. Оларға топырақтағы химиялық элементтер мен микроорганизмдердің тіршілігі арқасында жиналған заттар жатады. Қоректік заттар органогендік және күлді элементер болып екі топқа бөлінеді. Өсімдіктердің органикалық салмағының негізгі бөлігін құрайтын химиялық элементтерді органогендер деп атайды. Оларға көміртегі, сутегі, оттегі, азот жатады, ал күлді элементтер тобына фосфор, калий, кальций, магний, мырыш, темір және басқалары жатады. Өсімдіктерді жаққанда органогендік элементтер ұшып кетеді де, ал күлді элементтер күлде қалады.

Өсімдіктер пайдаланатын барлық элементтерді макро, микро және ультрамикроэлементтер деп үш топқа бөлуге болады. Макроэлементтерге азот фосфор, калий, магний, күкірт, және басқалары жатады. Оларды өсімдіктер қоректену үшін әжептеуір мөлшерде (0,02%)пайдаланады.

Микроэлементтер (мыс молибден, кобальт, цинк) өсімдіктерге аз мөлшерде, ал ультамикроэлементтер тіпті аз мөлшерде (0,001%) қажет.

Қоректік элементтердің өсімдіктер үшін маңызы әр түрлі. Мысалы, азот ақуыздардың, клетка протоплазасының және ядроның құрамына кіреді. Топырақта азот жеткілікті болғанда өсімдіктің сабақтары мен жапырақтарының өсу қарқыны тездеп, үлкен вегетативтік масса түзіледі.



Фосфор өсімдік ақуыздарының, нуклеин қышқылдарының, ядроның, органикалық қосылыстарының құрамдарына кіреді. Сонымен қатар фосфордың заттар алмасуында және фотосинтез процесінде атқаратын рөлі зор. Фосфор ауылшаруашылық дақылдарының дамуын жылдамдатады, масақты дақылдар дәндерінің ірі болуына, олардың тез пісіуіне және өнімдерінің сапасының жақсаруына ықпал жасайды. Сондай-ақ, фосфор қант қызылшасының түбіріндегі қанттың көбеюіне, картоп түйнектерінде крахмалдың жиналуына әсерін тигізеді. Өсімдіктер алғашқы даму фазаларында фосфордың жетіспеуінен зардап шегеді. Атап айтқанда, өсімдіктердің тамыр жүйелері нашар дамып, олардың сіңіргіштік қабілеті төмендейді. Сондықтан осы мезгілде топыраққа аз мөлшерде форфорлы тыңайтқыш берудің үлкен мәні бар. Вегетация кезінде фосфордың жетіспеушілігі өсімдіктердің өсіп-дамуын тежейді, сондықтан дақылдардың өнімі төмендейді. Топырақта фосфор жылжымалы минералдық және органикалық түрде кездеседі, оның соңғысын өсімдіктер сіңіре алмайды.

Калий. Өсімдіктер өмірінде калий элементі маңызды рөл атқарады. Ол ақуыз бен көмірсутегі алмасуына қатысады, амин қышқылынан ақуыздың түзілуін күшейтеді. Сонымен бірге калий фотосинтез процесінде түзілген заттардың жапырақтан сабаққа және тамырға жылжуында маңызды рөл атқарады. Калий, көмірсутектерінің жақсы жиналуына әсер етеді, соның арқасында өсімдіктердің құрғақшылыққа төзімділігін жоғарылатады. Егер өсімдіктерге калий жетіспесе, олар әр түрлі ауруларға шалдығады, ал дәнді дақылдар жатып қалуға бейім келеді, картопта крахмалдың мөлшері, қант қызылшасының қанттылығы азаяды. Қазақстанның топырағында калий мөлшері жеткілікті. Әр бір гектар жердегі калийдің мөлшері 35 тоннадан 75 тоннаға дейінгі шамада. Оның басым көпшілгі топырақтың балшықты бөлігінде болады, сол себепті топырақтағы калий мөлшері оның гранулометриялық құрамына тығыз байланысты. Калий топырақта аналық тау жыныстарында, жылжымалы минералдық және органикалық түрлерде кездеседі. Осылардың ішіндегі өсімдіктер оңай сіңіре алатыны минералдық жылжымалы түрі.

Жоғарыда қарастырылған өсімдік тіршілігінің факторы табиғатта бірімен бірі тығыз байланыста және біріне-бірі тәуелді болады. Бір фактордың жетіспеушілігі немесе шамадан тыс көп болуы, қалған факторлардың өсімдікке әсерін тежейді, яғни кері әсер етеді.



Бақылау сұрақтары

  1. Өсімдіктердің адамдар мен малдар өміріндегі маңызы

  2. Өсімдік тіршілігі факторлары және олардың маңыздары

  3. Ғарыштық факторлар және олардың көзі

  4. Жер бетіндегі өсімдік тіршілігі факторларынының сипаттамасы

  5. Фотосинтез процесі және оның маңызы

  6. Өсімдіктің транспирациялық коэффиценті

  7. Қоректік заттар және олардың маңызы




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет