Бұрын «Алашорданың» құрамында болған және ұлтшыл контреволюциялық ұйымға кiрген, сонымен қатар олармен байланысы бар ұлтшылдардың үстiнен қозғалған №2370 – iстің «Тарихи анықтамасы» бойынша

Loading...


бет3/4
Дата22.01.2017
өлшемі0.76 Mb.
1   2   3   4

«2. Мәдениет майданы

Өздерiнiң жолын қуатын iзбасарларды дайындаудың аса маңызды мәселе екендiгiн ескере келiп, ұйым мүшелерi оқушы жастарды өздерiнiң қарамағына iлiктiру үшiн белсендi түрде қимылдады және оларды ұлттық рухта тәрбиелеуге ұмтылды.

«...1926 жылы оқу-ағарту институты бiздiң ықпалымыздан шығып кеттi, оның есесiне Ташкенттегi жоғары оқу орындарындағы партияда жоқ жастарды өзiмiздiң ықпалымызға қаратып алдық. Бiз мұны жоғары оқу орындарында оқып жүрген Байтасов пен Ысқақов арқылы жасадық. Бұл 1924 – 1926 жылдары жүргiзiлдi. (Досмұхамедовтiң 22.IХ.30 жылы берген жауабынан № 2370 – iс 1 т., 220 - бет).

Жастардың арасындағы өздерiнiң ықпалын күшейту үшiн және ұлтшыл рухтағы жастарды дайындау арқылы өздерiнiң идеяларын бұқара қауымның арасында кеңiнен тарату үшiн контрреволюциялық ұйым баспасөздегi, мәдени-ағарту мекемелерiндегi және ғылыми-зерттеу мекемелерiндегi, жоғары оқу орындарындағы, ең бастысы, әдебиет саласындағы контрреволюциялық әрекеттерiн өршiте түстi.

Астыртын ұйымның бұрынғы мүшелерiнiң көмегімен басылып шыққан кiтаптар – бұқара халықты ұлттық рухта тәрбиелеуге, хан мен батырлардың дәуiрiн аңсау сарынында, кеңес өкiметiне наразылық тудыру рухына бағытталды.

Жекелеген әдеби еңбектердi дайындау белгiлi бiр тәртiп бойынша жүргiзiлiп, ұйым мүшелерiне өзара бөлiнiп берiледi. «Алқа» атты астыртын әдеби үйiрменiң өмiр сүруi әдеби еңбектердi белгiлi бiр тәртiп бойынша бөлiсiп дайындауға ұйытқы болды, оның бағыт-бағдарын («Табалдырықтың») анықтауға Жұмабаев М. және айыпталушылар Ысқақов Даниял, Досмұхамедов Х., Әуезов Мұхтар мен Кемеңгеров Қошмұхамед қатысты.

«Осы кезде әдебиет майданындағы жұмыстарымыз жандана түстi… Әуелi Аймауытов, содан кейiн Кемеңгеров келiп қосылып, бiздiң iсiмiздi жүргiзiп отырды. Өзiмiздiң ықпалымызды баспасөз арқылы кеңiнен тарату үшiн бiз барлық күшiмiз бен жағдайды пайдаланып қалуға тырыстық... «Алқа» үйiрмесiнiң пайда болуы да соның нәтижесi. Бұл iстi тiкелей жүзеге асырған Ысқақов, Кемеңгеров және Байтасов маған жұмыс бабы бойынша кеңес алу үшiн келiп тұрды, мен оларға өзiмнiң нұсқауларымды бердiм». (Досмұхамедов Х., № 2370-iс 1 т., 221-парақ).

«Алашордашылар» көркем әдебиетке ерекше көңiл бөлдi. Олардың көзқарасын бұқара халыққа кеңiнен таратуда пьесалар, өлеңдер, ескi әдебиеттiң нұсқалары, әңгiмелер мен фельетондар, тағы да басқа жанрлар таптырмайтын оңтайлы құрал болды... Бұған қоса Байтұрсынов: қазақ жазушылары өзiнiң туындыларында тек қана қазақ ұлтының мұқым мүддесiн қорғауы тиiс деп үндеу тастады... Әуезов Мұхтар мен Ысқақов Даниал да 1923 жылы осыған шақырып, әдебиет мәселелерiн ұлтшылдық бағытта талдады, өздерiнiң мақалаларында Аймауытов пен Кемеңгеров те солай iстедi». (Байдiлдин, № 5441 784-iс, IV т., 134-парақ»).

«Бұдан кейiнгi жылдарда кеңес өкiметiне қарсы ашық пiкiр бiлдiре алмадық, оны жүзеге асыра қоятындай күш болмады, сондықтанда барлық күштi кеңес мекемелерiндегi қызметке ие болып, сол арқылы кеңес өкiметiнiң науқандары мен шараларына бөгет жасауға тырыстық». (Тынышбаев, № 2370-iс, 1 т., 131-парақ).

«...мәдениет майданындағы жұмыстарды толықтай, ұйымды қаражатпен қамтамасыз ету үшiн шаруашылық саласын жарым – жартылай қолға алуға шешiм қабылдадық. Бiздiң тобымыздың тiзiмiн Рысқұловқа берiп, жұмысқа жауапты қызметке қоюды ұсындық. Ұйымның өкiлi ретiнде Рысқұловқа бұл тiзiмдi мен және Әдiлов апарды. Берiлген тiзiм оны толық қанағаттандырды... Менi ұйымның атынан Оқу–ағарту коллегиясының мүшесi етiп бекiттi...» (Қашқынбаев, № 2370 -iс, 1 т., 378 - парақ).

«...бiздiң ойлаған мақсаттарымыз кеңес өкiметiнiң мемлекеттiк басқару аппараты арқылы жүргiзiлiп, iске асты. Басқа салаларға қарағанда мәдениет майданында бiз көп iс тындырдық.

а). Оқу–ағарту комиссариатының ғылыми комиссиясында Байтұрсынов, Досмұхамедов және Ысқақов қызмет iстедi.

б). 22 - жылға дейiн Оқу-ағарту комиссариатын Байтұрсынов басқарды, одан кейiн Сүлеев Оқу- ағарту комиссариатының орынбасары болды, одан кейiн Сәдуақасов келдi, ОАК-ға Дулатов та жақын жүрдi, бiр кезде Ташкенттегi институтттың директорлығының мiндетiн Әдiлов те атқарды.

в). Қазақ мәдениетi мен ағарту iсiнiң жанашырларының қоғамы құрылды. Басқарма мүшелерiнiң құрамында: Х. Досмұхамедов төраға, Есболов орынбасар, Әуезов, Тынышбаев және Ж. Досмұхамедов пен Қашқынбаев болды.

г). Қазақтың мемлекеттiк баспаларында – Досмұхамедов пен Ысқақов Даниал (Ташкентте), Дулатов (Қызылордада да), Бөкейханов пен Әуезов (Мәскеуде) қызмет iстедi.

д). Оқулықтарды – Байтұрсынов, Дулатов, Омаров Елдес, Досмұхамедов Х. және («Алашорданың» кезiндегi идеологиялық бағыт – бағдар бойынша) жазды.

е). Аударма әдебиеттерiмен – Бөкейханов, Дулатов, Жұмабаев, Байтасов (аудармалардың мағынасын бұрмалап, керексiз, кеңес мектептерi мен бұқара халыққа аса қажеттi емес кiтаптарды аударумен шұғылданды.)

ж). Қазақ тiлiнде мыналар: Х. Досмұхамедов (қазақтардың тәуелсiз кезiндегi өмiрiн жырлаған, батырлар мен қазақ даласының құдiретiн баяндайтын ежелгi әндер мен халық аңыздары), Әуезов (өткен кездiң табиғаты мен ауыл өмiрiн үлгi ете эпикалық сарында суреттедi,оларды үлгi етiп көрсеттi), Жұмабаев (сол сарындағы әндер мен өлеңдер), Тынышбаев (орыс тiлiнде – кең байтақ кең далаға қоныстанған бұрынғы тәуелсiз өмiрдiң, өзге халықтарға тәуелсiз күн кешкен тарихын) кiтап етiп бастырып шығарды.

з). Ескi араб әлiпбиiн жақтап қорғағандар: Байтұрсынов, Е. Омаров, Байсейiтов Әзiз.

и). Тiлдiң тазалығы үшiн күрескендер: (бұрынғы атаулар мен ұғымдарды): Байтұрсынов, Жұмабаев, Х. Досмұхамедов.

к). Маркстiк қондырғысыз, бұрынғы «Алашорданың» идеологиясының негiзiнде мектепке: Байтұрсынов, Аймауытов, Жұмабаев, Байтасов, Жәленов, Омаров Е., Омаров А.С., Байсейiтов Әзiз, Әдiлев, Әуезов, Х. Досмұхамедов, М. Тынышбаев оқулық жазды.

л). Баспасөзде пiкiр бiлдiргендер: («Ақ жол» және басқа да «Алашорданың» идеологиясының ықпалында болған басылымдар арқылы): Байтұрсынов, Дулатов, Жұмабаев, Әуезов, Есболов, Аймауытов, Омаров Уәлихан, Досмұхамедов Х., Қашқынбаев, Қожамқұлов, т. б.

м). Көпшiлiктiң алдында лекция оқып, баяндама жасағандар (қазақтың мәдениетi мен тарихын, өмiрiн «Алашорданың» идеологиясы» тұрғысынан түсiндiргендер): Досмұхамедов., Есболов, Қашқынбаев, Жұмабаев, Әуезов, Тынышбаев – бұлар Ташкенттегiлер, Орынбордағыларды бiлмеймiн, Қожанов та баяндама жасаған, Аспендиаров пен И. Тоқтыбаев және басқалар да араласты.

н). Университетте (Алматыдағы) сабақ бергендер: Байтұрсынов, Ермеков, Досмұхамедов Х, (университеттiң ашылу кезiнде Байтұрсынов «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан сөйледi).

Осы кезде шыққан кiтаптардың көпшiлiгi «Алашорданың» идеологиясы тұрғысынан жазылды, оқу орындарының түлектерi сол идеямен қаруланып шықты. (Тынышбаевтiң 3. Х. 30 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 277 – 278-парақтар).

Соңғы уақытта, Тынышбаев және басқа да астыртын ұйымның мүшелерi түрмеге қамалғаннан кейiн, ұйым мүшелерi Оқу-ағарту комиссариаты мен жоғары оқу орындарына, оның iшiнде қазақ мемлекеттiк университетiнiң маңына топтаса бастағаны байқалады.

Қазақ жастары оқып жатқан Қазақ мемлекеттiк университетiне, бiз өзiмiздiң идеологиямызды кеңiнен таратуға мүмкiндiк беретiн оқу орыны ретiнде қарадық. Қазақ мемлекеттiк университетiн бiтiрiп шыққан соң мектептерде сабақ беретiн, қалың бұқарамен тығыз байланыста болатын жастарды оқытады, сондықтанда, бiз үшiн жастарды «Алашорданың» рухында тәрбиелеудiң маңызы ерекше болды.

Қаз МУ-дiң ректоры Аспендиаров пен оның орынбасары Жандосов бiзбен жақсы араласып тұрды және бiзге сендi, сондықтан олар бiздiң пиғылымызды аңғарған жоқ. Мысал үшiн, бiздiң оқу орындарындағы жүргiзген әрекетiмiз туралы маған Домұхамедов хабарлаған бiр жайды айта кетейiн: Досмұхамедов Қаз МУ-де рефлекстанудан дәрiс бердi және шәкiрттерге маркстiк емес тұрғыда түсiнiк бердi. Мұны байқап қалған студенттер,одан сабақты маркстiк тұрғыдан түсiндiрудi талап етiптi. Сонда ол: мен марксшыл емеспiн, сондықтан маркстiк тұрғыдан түсiндiрiп бере алмаймын, сондықтанда рефлекстануды маркстiк негiзде оқытатын адамды өздерiң тауып алыңдар – дептi. (Тынышбаевтың 4/Х – 30 ж. жауабынан № 2370-iс, 1 т., 312-парақ ).

Тағы да ол: «Оқу-ағарту комиссариатының нұсқауы бойынша бiз оқу орындарында қызмет етуге және кейбiр кiтаптарымызды шығаруға мүмкiндiк алдық. Досмұхамедов пен Ермеков ҚазМУ-де, Сүлеев – Семейдiң Аймақтық оқу-ағарту бөлiмiнде қызмет еттi» (Сонда, 31 - парақ) – деп көрсеттi.

Досмұхамедов Х.: «...байдың балаларын ҚазМУ – ден шығарып тастаған кезде мен оны (Аспендиаровты – тергеушiлердiң ескертуi – авт.) бұлар байдың балалары емес деп сендiруге тырыстым. (Досмұхамедовтiң 21 IХ – 1930 ж. жауабынан. № 2370-iс, 1 т., 209-парақ)».

Оған: «Жер мәселесi мен тәркiлеу науқаны тұсындағы кеңес өкiметiне қарсы жүрген қастандық әрекеттерi» себеп болды.

Ол қандай әрекеттер және кiмге қарсы бағытталған? Мұны талқылап жатпаймыз. Өйткенi кеңес өкiметтiң қандай отарлаушы – жазалау саясатын ұстанғаны белгiлi. Сондықтанда мәселенiң басы ашық болғандықтанда, бiз сол қаралау үкiмiнiң екiншi бөлiмiн толық аударып беремiз. ‡кiмнiң үлбiреп тұрған қисынсыз баптарының өзiнен – ақ тергеу iсiнiң тек қана жалаға ғана емес, бiр жақты әдiлетсiз айыптауға құрылғандығын байқау қиынға байлығы мен өмiр сүрудiң тәсiлi туралы түспейдi. Мәселе: ұлттың ұйтқысы – жер, Отан, оның байлығы мен өмір сүрудің тәсілі туралы болып отыр. Ал айыптаушылардың қазақ халқының үштен бiрiн аштан қыруға, отанынан айыруға бағытталған саясат пен мемлекеттiк әрекеттерге қарсы шығуы заңды едi. Әрине, мұның барлығын кейiннен тарих өз орынына қойды. Бiрақ бұл шара тым кеш жүзеге асты. Қазақша ұғыммен бiлдiрсек, «болар iс болып, бояуы сiңiп кеттi». Ол құрбандықтардың құны тым қымбатқа түстi. ұлттың өзегi өртенiп, мәйегi iрiдi. Ұлт пен оның ұлттық тұлғаларын тағдырдың талқысы мен тарихтың тезiне салған жасанды да жалған, қатал да қатерлi, әдiлетсiз де аяр үкiм шықты.

Қандай қоғамда болмасын, қауiпсiздiк мекемесiнiң өзiне тән құпиясы сақталып қалады. Бiздiң қолымыздағы бұл үкiм өзге зерттеушiлердiң қолына түсе ме, жоқ па, кiм бiлсiн, сондықтанда оны iркiп пайдалануды жөн деп санамадық. Тарих пен таным ғылымы шағымды кезiнде екшеп алар. Әзiрге дерекке сараңдық жасамадық. Сонымен, «Алашорда» үкiметi мен қазақ зиялыларына тағылған екiншi айыптың көшiрмесiн назарларыңызға ұсынамыз.



«II. Ұлтшыл контрреволюциялық

ҚАСТАНДЫҚТАР

I. Жер мәселесi туралы.

Ұйымының негiзгi мақсатты бағдарламасының бiрi – жер мәселесi болды, мұны шешу арқылы олар «Алаш» партиясының ауыл шаруашылығы жөнiндегi бағдарламасын, яғни, жердi ең алдымен бұратана тұрғындарға (иә, кеңес өкiметi үшiн де қазақтар тек қана «бұратана» болып қалды – Т. Ж.) ешқандай кесiмсiз қажетiнше бөлiп беруге және ру – руымен қоныстандыруды жүзеге асыруға тырысты. Бұл бағдарлама бойынша, жергiлiктi тұрғындар толықтай жермен қамтамасыз етiлгеннен соң ғана Қазақстанға сырттан келген қоныстанушыларды орналастыруға болады, ал қазақ жерiне бұрыннан орналасып қалған қоныс аударушылар ол жердi қазақтарға керi қайтарып беруге тиiстi едi.

Бұл жұмысқа контрреволюциялық ұйымның мүшелерi мен ұлтшылдардан басқа айып тағылып отырған Жер жөнiндегi халық комиссариатының ұлтшыл - қызметкерi Мұхтар Мурзин сияқты көрнектi өкiлдер қатысты, оны 1929 жылы оның үйiнен табылған мына құжат растайды.

1). Мақаланың жоспары (аяқталмаған)

а) Қазақстанның ауыл шаруашылығының қазiргi хал – ахуалы.

б) Мақсатты көзқарас тұрғысынан алғанда, ауыл шаруашылығының мүмкiн және даму жолдары.

в) Оларға қойған мақсатқа жету жолындағы «қосшы» одағының орны мен маңызы.

г) Ауыл шаруашылығы – сол елдiң табиғи және әлеуметтiк шарттарының тұрақты түрдегi өзара қарым - қатынасының көрiнiсi болып табылады.

д) Жоғарыда көрсетiлген алғы шарттардың жекелеген кезеңде жүзеге асырылуы – иелiк етiп отырған елдiң тұрғындарының шаруашылықты жүргiзу мәдениетiне тiкелей байланысты.

е) Қазақтың шаруашылығы соңғы уақытқа дейiн табиғат жағдайына тiкелей тәуелдi болып келдi де кейiнгi кезде бiрқатар әлеуметтiк ықпалдарға ұшырады (шаруашылықтың барлық саласы мен түрiнiң отарлануы).

ж) Сырттан телiнген, сонымен қатар шаруашылықты жүргiзген бөгде тұрғындар экономиканы күрделендiрiп жiбердi, әрi бұл, табан астында бұрмаланып отырды.

з) Жанталаса отарлау - қазақ тұрғындарының жерсiз қалуына әкеп соқтырды.

и) Бұл мәселе – жердi бұдан ары емiн–еркiн пайдаланбай, белгiлi бiр шек қою үшiн тәрбiне қойылды. Ал, үкiмет болса, мұны, тағы да отарлаудың бiр түрi ретiнде пайдаланып отыр.

2) Зерттеудiң қорытындысына пiкiр

Егерде, Қазақстанды ешкiммен еншiлеспеген дербес мемлекет деп қараса, онда жерге қоныстандыру шарасы тұрғындардың еркiмен өз – өзiнен шешiмiн тапқан болар едi. Ал қазiр қоныстандыру табиғи түрде емес, басы артық жерде анықтап, оған қоныстандыру саясаты – отарлау мақсатында жүргiзiлiп жатқандықтанда, шаруашылық салалары отаршылдықтың қасiреттi қамытын кимес үшiн шұғыл шара қолдануға мәжбүр етедi. Бұл шаралардың негiзгi бағыты – жергiлiктi тұрғындардың шаруашылық тәсiлiнiң өзгеруiне орай үйлестiру және оны жер бөлiсi тұсында тиiмдi пайдалануға шерiк құрылуы тиiс.

Бүкiл республика көлемiнде жаппай жүргiзiлiп жатқан мемлекеттiк қоныстандыру науқаны жан – жақты зерттелiп, анықталған ғылыми тұжырымға негiзделуi қажет. Әр аймақтың экономикалық ерекшелiгiн, жалпы құрылымын, экономикалық бағытын зерттеп барып, 1921 –1922 жылдары Жетiсу... губерниясында жүргiзiлген Жер – су реформасының үлгiсiмен шешiм қабылдаған дұрыс болмақ».

Ташкент қаласында, Түркiстан Атқару комитетiнде, ауыл шаруашылығы факультетiнiң үйiнде өткен Жер мәселесi жөнiндегi ұйымның мәжiлiсiне Досмұхамедов, Тынышбаев, тағы да басқа адамдар қатысып, жоғарыдағыдай көзқарас бiлдiрген және Жер реформасын жүргiзетiн өкiлдiктiң құрамына өз адамдарын кiргiзудi ұйғарған (№ 5417 – iс; Тынышбаевтiң жауабы, № 2370 –iс, 275 - бет).

Айыпкер Тынышбаев бұл жөнiнде мынадай куәлiк бердi: «1923 жылы, Мемлекеттiк университеттiң үйiнде профессор Қожанов жерге қоныстандыру мәселесi туралы баяндама жасады. Бұл жиналыста бiздiң ұйымнан: мен, Есполов және Досмұхамедов Халел сөйледi. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан бiз, өзiмiздiң бағдарламамызға орай, жерге ең алдымен негiзгi тұрғындар орналастырлсын деген пiкiрдi қорғадық».

(Тынышбаевтiң 1930 ж. IХ. 3. күнгi жауабынан № 2370 – iс, 1 т. 4 – парақ).

«1923 жылғы Жетiсу губерниясындағы жер реформасы кезiнде, Жер жөнiндегi халық комиссарының мiндетiн атқарушы Есполов жетекшiлiк еткен техникалық кеңестiң құрамына мен және Ходжиков (мүмкiн Қожанов - ? – Т. Ж.) мүше боп кiргеннен кейiн бiздiң ұйымымыздың жер мәселесi жөнiндегi бағдарламасын кеңiнен жүреге асыруға мүмкiндiк туды. Соның нәтижесiнде, Талдықорған ауданының Шұбар селосында жаппай наразылық туды» (сонда, 4 – парақ. Тынышбаевтiң 1930 ж. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Тысқары жерден Қазақстанға келiмсмектердi орналастыруға бұрын да қарсы тұрдық және ұлтшыл ұйымның мүшесi ретiнде қазiр де келiмсектерге қарсымыз. Бұл өзi ежелден келе жатқан бiздiң ұйымымызбен тiкелей тарихи байланысы бар мәселе».

(№2370 – iс, 1 т., 125 – парақ, Тынышбаевтiң 1930. IХ. 3 күнгi жауабынан).

«Жер мәселесiне бiз қатты мүдделi болдық және жерге қоныстандыру мәселесi бiздiң ұйымымыздың мүддесiне сай жүргiзiлуiн қаладық. Бұл мақсатқа бiз Жер жөнiндегi комиссариаттағы бiздiң ұйымымыздың мүшелерi арқылы, оның iшiнде – Есполов пен Тынышбаев арқылы қол жеткiздiк.

(№ 2370 – iс., 1 т., 205 – парақ. Досмұхамедовтiң 30 ж. IХ. 12 күнгi жауабынан).

Қазақстанға келiмсектердi жолатпауға тырысып, бұны патшалық отарлау саясатының жалғасы ретiнде көрсеттi, ұйым жердi жергiлiктi тұрғындарға бекiтiп берудi, сөйтiп Қазақстанда басы артық жер жоқ екендiгiн дәлелдеуге ұмтылды. (№ 541784 – iс, 1 т., 98 – 102, 220 – 222 – парақтар).

Жерге қоныстандыруды осындай кезек сақтай отырып жүргiзудi және жер бөлiп берудi дәл осы негiзде жүзеге асыруды қамтамасыз етi үшiн ұйымның бұрынғы мүшелерi жер кесiмiнiң мөлшерiн ғылыми тұрғыдан тиянақтауды талап еттi. Осы мақсатқа жету үшiн Бөкейхановтың тiкелей ұйымдастыруымен Ғылым академиясының арнайы экспедициясы жасақталды, оны Бөкейхановтың с–р –дағы (социал – революциялық партияның – эсердiң мүшесi дегенi болу керек – Т. Ж.) пiкiрлесi профессор Швецов басқарды; экспедиция мүшелерi Жер жөнiндегi комиссариаттың жауапты қызметкерлерi Қаратiлеуов пен айыпкер Мурзин Мұхтардың iрiктеуi бойынша тек қазақ шәкiрттерiнен құрылды. Экспедиция өзiнiң ғылыми жұмысын жерге қоныстандырудың ғылыми тұжырымын негiздеу және Қазақстанда басы артық жер жоқ деген пiкiрдi дәлелдеу бағытында жүргiздi.

(№ 541784 – iс., 1 т., 103 – 111 парақтар).

Швецовтың экспедициясының жұмысына экспедиция жетекшiсiнiң орынбасары ретiнде Ә. Бөкейханов та қатысты, сөйтiп, ол «Қазақстан - қазақтар үшiн ғана!» деген ұранын заң жүзiнде бекiтуге ұмтылды, сондай–ақ Ташкенттегi жоғары оқу орынының профессоры Успенскийге КССР – дiң Жер туралы кодексiн жасауға тапсырма бердi, ол ұсыныс 1927 жылы Өлкетану бюросының жиналысында жауапқа тартылған Бұралқиев Мұстафа мен Омаровтың, тағы да басқалардың қатысуымен қабылданды. (№ 541784 – iс, 1 т., 10 – парақ».).

Жер мәселесi жөнiндегi тағылған айыптың ұзын – ырғасы осындай. Бiз мысал келтiрiлген адамдардың жауаптарын талдаймыз. Өйткенi, мұның iшкi астары көп, шырғалаңы мол, өте сақтықты қажет ететiн жай. Әрине, «Алашорда» үкiметi мен «Алаш» партиясының жерге қоныстану жөнiндегi бағдарламасын басшылыққа алғаны рас. Бұл - қазақ ұлтын отарлық бұғаудан құтқарып, отанды тәуелсiз жолға түсудiң бiрден – бiр жолы болатын. Бұл пiкiрдi баспасөз беттерiнде ашық бiлдiрдi де. Ал, астыртын ұйымның жайына келетiн болсақ, ондай ұйым ресми түрде өмiр сүрмеген. Тек әр жерде бастары қосылған, оңаша пiкiр алысәан. Туған халқының болашақтағы тағдырын талқылаған. Ал, жер жөнiнде олардың үндемей қалуға қақысы жоқ едi. «Коммунистiк колонизаторлық» саясат бұл қитұрқылы әрекеттi отыз жылдан кейiн «тың игеру» деген дақпыртпен жүзеге асырды. Оған дейiн де қазақ ұлты үш рет зауалға ұшырады. 1931- 1932 жылғы аштықтан, отыз жетi – отыз сегiзiншi жылғы жазалау науқанынан, ұлы отан соғысындағы қантөгiстен соң 1913 жылы 6 миллионға жеткен қазақ ұлтының саны 1 миллион 400 мыңға дейiн құлдырады. Қырып – жоюдың мұндай қасiретiн басынан кешкен ұлт әлемде некен – саяқ қана. Адамның сүйегi ғана қалған иесiз даланы ың–шыңсыз игерудiң бұдан асқан аярлық жолының болуы да мүмкiн емес. Аштан қырылған қазақтың тәнi мен сүйегi құнарланған топыраққа өсiп – өнген астық мұқым кеңес өкiметiн асырады.

«Өлсем орыным - қара жер... » -

деген Абайдың дүниеауи шындығына көзi жетiп, «Алла өзгермес, азамат күнде өзгерер» деген қағиданы жасынан жаттап, жалғанның – жалған екендiгiн барша дiлiмен сезiп өскен Мұхтардың азаматтық рухы қанша қасарысса да ақыры ақылға жеңдiрiп, берген сертiнен қайтуға тура келдi.

Алаштың көсемдерi де, қазақтың зиялылары да жазалау мен адамдық қасиеттi жәбiрлеуге құрылған зұлмат өкiметтiң дәл сол кезеңде күш бермейтiнiн мойындады. Ұлттың мәйегi – ұлттық сана тұрғысынан ойлай бiлетiн тұлғалардың тамыры мүлдем қиылып қалмас үшiн «алпыс екi айлалы түлкi заманды» аңшы болып бiр шолу үшiн «Алаш» көсемдерi күрестiң тәсiлiн өзгерттi. Ұлтжанды жас буынды аман сақтап, ұлттық рухты болашақ ұрпақтың жүрегiне құятын «үмiттi жастарды» (Ахмет Байтұрсынов) келер дәуiрге елшi етiп жiберу мақсатымен оларды «қатесiн мойындап, кеңес өкiметiнен кешрiм сұрауға» көндiрдi. Әуелiде мұны шамырқана қабылдаған Мұхтар Әуезов пен Әлiмхан Ермеков кейiннен шындыққа мойынсынды. 1932 жылғы «Ашық хатында» Мұхтар Әуезов өзiнiң осы жер мен ел мәселесi жөнiндегi ұстанған бағытын:

«Бiрақ менiң дәуiрдегi, социализм құрып жатқан дәуiрдегi тарихи уақиғаларды бiр жақты болып терiс, тар ауданда түсiнуiм себептi, Қазақстанда партия мен үкiметтiң жүргiзiп жатқан iрi төңкерiстiк шараларына көбiне көзқарасым терiс болды. Ол шаралар өткен заманда езгiде болған Қазақстан еңбекшiлерiнiң пайдасы, игiлiгi үшiн ең қажет шаралар екенiн түсiнбедiм», - деп негiзгi азаматтық мақсатының тонын айналдырып түсiндiрдi.

Мұхтардың бұдан өзге айла – амалы да, қолданар шарасы да жоқ едi. Өйткенi «Ашық хатты» жазған, нақтырақ айтсақ, зорлап жаздырған кезде «Алаш iсiнiң» тергеуi толық аяқталып, сотқа берiлiп те қойған болатын. Кесiмi алдын – ала белгiленiп, «ең жоғарғы жаза - атуға», «жиырма бес жыл қатаң тәртәптегi түрмеге», «мәңгәлiк жер аударуға» бұйырылған үкiмдi өзгерте қоюдың өзi де мүмкiн емес едi. Өйткенi, алаш азаматтарына, оның iшiнде Мұхтар Әуезовке тағылған үшiншi айыптың ұзын – ырғасы салмақты да «дәлелді» болатын. Қазақ байларын тәркілеу туралы өкiметтiң қаулысы мұқым дала тұрғындарының ашу – ызасын қоздырып, тұс – тұстан ашық наразылық туып, әр жерде қарулы көтерiлiстер бұрық ете қалды. Мұның өзi ұлт қайраткерлерiне қосымша айып тағып, «қылмысын» ауырлатып, көтерiлiстi ұйымдастырды деп кеңес үкiметiнiң ауыл шаруашылығы жөнiндегi «асыра сiлтеулерi» мен қателiктерiн «ұлтшыл – буржуазияшыл алашордашылардың» мойнына «қарғыс қамыты» ретiнде кигiзуге сылтау болды. Сондықтанда, үкiм де соған сай шығарылды. Мәскеу мен Алматының «ең үздiк» тергеушiлерi өздерiнiң «контрреволюциялық астыртын ұйымның қылмысты қастандықтарын әшкерелеу» бағытындағы бес жыл бойы жүргiзген тергеу iсiнiң «нәтижесiнде» «Алашорда» азаматтарына мынадай айып тақты.


  1. 1928 жылғы байлардың мал – мүлкiн тәргiлеу науқанынақәарсы жүргiзiлген әрекеттер

Жер мәселесi жөнiндегi өздерiнiң негiзгi мiндеттерiн шешуге ұмтылған астыртын ұйымның мүшелерi Қазақстанда асырылып жатқан өзге де кеңестiк науқандар мен түрлi шаралардың мән – мазмұнын бұрмалап көрсетуге тырысты.

1928 жылы байлардың мал–мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзу барысында олар байлардың тәркіленуге тиiстi мал мен мүлкiнiң мөлшерiн (нормасын) неғұрлым көтерiп көрсетуге (тәркіленуге жататын мал санының кесiмдi мөлшерiн белгiлi–бiр дәрежеден төмендетпеу керек. Мысалы, 50 –60 қойы бар қазақты байлардың қатарына қоспау керек деген ұсынысты айтып отыр – Т. Ж.) тырысты, сөйтiп, белгiленген мөлшерден көп мал мен мүлкi бар байлардың шаруашылығын жоюға қарсы шықты.

Ұйымның жекелеген мүшелерi өзара хат арқылы пiкiр алысып, бұл мәселе жөнiнде қоғамдық пiкiр қалыптастырды және ұйым мүшелерiмен байланысы бар, осы науқанның дайындық жұмысына тiкелей қатысып отырған ұлтшыл кеңес қызметкерлерiн өз мүдделерiне пайдаланды, ал үкiметтiң жоспарлау мекемелерiндегi ұйым мүшелерi бұған тiкелей ықпал еттi.

Ташкент қаласында тұрған айыпкер Ә. Ермеков 1928 жылы ақпан айында осы ұйымның мүшесi, Ленинград қаласындағы М. Әуезовке:

«Жердi тағы да бөлiске салу, жерге орналастырудағы теңгермелi мөлшердi сақтау – өз жерiңнен өзiң қарақшылықпен қуылған (экспропирация) бұрынғы тәжiрибенi еске салып, бақытсыз халықтың тағдыры үшiн жүрегiңдi қансыратады. Мұндай тәжiрибеге даламыз ендi көне алмайды», - деп жазды. (№ 541784 – iс., 5 т., 192 – парақ).

Ал М.Тынышбаев:

«1928 жылы Қазақстанның үкiмет орындары байлардың мал – мүлкiн тәркiлеу науқанына дайындық жүргiзiп жатқан кезде, мал – мүлкi тәркiленiп өздерi жер аударылуға кесiлетiн байлардың санын азайту үшiн бiз тәркіленуге жататын шаруашылықтың мал санының мөлшерiн неғұрлым жоғары белгiлеу туралы қоғамдық пiкiр қалыптастырдық... Мұның барлығы Мемлекеттiк жоспарлау мекемесi мен Жер жөнiндегi комиссариатқа тiкелей байланысты едi. Ол кезде Мемлекеттiк жоспарлау мекемесiнде бiздiң ұйымның мүшесi Ғаббасов Халел қызмет iстейтiн, ол бiздiң мақсатымызды жүзеге асыруға тырысты, ал бiздiң ұйымның ықпалында болған, бiздiң ұйымымызбен кездесiп, келiссөз жүргiзген Сұлтанбеков Жер жөнiндегi комиссариатта жұмыс iстейтiн», - деп көрсеттi. (Тынышбаевтiң 1930 ж. Х. 4 күнгi жауабынан. № 2370 –iс, 1 т., 313 – парақ).

Сонымен қатар, аса iрi байлардың шаруашылығын жою туралы қаулыдағы тәркiленуге тиiстi байлардың тiзiмiн алдын – ала бiлiп алған ұйым мүшелерi аудандарды аралап, алдағы жүргiзiлетiн науқанға кесiрiн тигiздi, жалған мал шаруашылығының мойын серiктерiн құрды, iрi шаруашылықтарды ыдыратты, сондай–ақ бұл iске байлардың туыстық, рулық жақындығы бар ауылнайлар мен аудандық әкiмшiлiктiң қызметкерлерiн тартты. (№ 2370 – iс., 1., 313 – парақ».


: repository -> history -> 24%20том.%20Алаш%20туралы%20мақалалар -> Алаш%20туралы
Алаш%20туралы -> „Ұраным алаш!
Алаш%20туралы -> Тұрсын ЖҰртбай «Ұраным алаш!»
Алаш%20туралы -> Александрович Фадеев, Алексей Александрович Сурков және Константин Михпйлович Симонов жолдастарға – СССР жазушылар одағы басқармасының мүшесі, жазушы М.Әуезовтен Өтініш
Алаш%20туралы -> П қалды. Пролетариат жазушылары қауымдастығының көсем
Алаш%20туралы -> «Кеңес өкіметінің қуат-күшінің артуы өліп бара жатқан таптардың ең соңғы қарсылығын тудырады»
Алаш%20туралы -> «Ақ жол» газетінде
Алаш%20туралы -> Бірінші тарау: «татулықты сүйгіш, сезгіш жүректі »
Алаш%20туралы -> ТӨртінші тарау: «жетілмеген елдің баласы »


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...