Бижанова Айгүл Рабханқызы бағалы қАҒаздарға тікелей байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық Алматы, 2012



жүктеу 2.34 Mb.
бет2/12
Дата15.01.2017
өлшемі2.34 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Тақырыпша бойынша сұрақтар:

  1. Экономикалық, банктік қылмыстар ұғымдарын түсіндіріңіз.

  2. Қазіргі Қылмыстық кодекстің 7-тарауында қарастырылған экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды атаңыз.

  3. 1997ж. ҚР қылмыстық кодекстің 7-тарауында қарастырылған экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды 1959 жылғы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының «Шаруашылық қылмыстар» атты 6-тарауымен салыстырыңыз.

  4. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қабылданғаннан бері күні бүгінге дейін 7-тарауға енген өзгертулер мен толықтыруларға тоқталыңыз.



1.2 БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫНДАҒЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫ ТОПТАСТЫРУ
Бағалы қағаздар нарығындағы қылмыстарды топтастырудың бірнеше түрлері белгілі. Мысалы, Б.В.Яцеленконың классификациясында бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберудегі қылмыстар – ақша несие саласында жасалатын қылмыстар тобына, Б.В.Леонтьевтің топтастыруы бойынша мемлекеттік қаржы мен экономикалық қызметтің басқа субъектілеріне әсерін тигізетін қылмыстар тобына, Г.П.Новоселев пен Т.Ю.Погосян бағалы қағаздарды шығаруды теріс пайдаланумен байланысты, жалған ақша мен бағалы қағаздарды, несие есеп картасын немесе басқа да төлем құжаттарын жасау, сату (РФ ҚК 185-187-баптары) жөніндегі қылмыстар, И.В.Шишко болса ақша, бағалы қағаздар мен төлем құжаттарын шығару мен айналымға жіберу саласындағы қатынастарға қолсұғатын қылмыстар (РФ ҚК 185-187-баптары), Н.И.Афанасьев мемлекеттің және шаруашылық субъектілердің несие-қаржы қызметтерін реттейтін қатынастарға қолсұғатын қылмыстар, ал Б.В.Волженкин ақша мен бағалы қағаздардың айналымының белгіленген тәртібін бұзатын қылмыстар тобына жатқызады.

Б.М.Леонтьев, Г.П.Новоселов, Т.Ю.Погосян, И.В.Шишко, Б.В.Волженкин сынды ғалымдардың зерттеулерінде бағалы қағаздар айналымы саласындағы қылмыстардың жеке топқа бөлінуі өзіндік қызығушылық тудырады. Б.В.Волженкин қоғамдық қатынастардың сипаты мен мазмұнына қарай экономикалық қылмыстарды топтастыруда ақша мен бағалы қағаздардың айналымының белгіленген тәртібін бұзатын қылмыстар деген атаумен арнайы топқа бөлген.

А.М.Яковлев экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды топтастыра отырып, ақша мен бағалы қағаздардың айналымы саласындағы қылмыстарды бөліп қарайды. Ал, Е.И.Кадовик болса, осы бағытты қолдап, ақша мен бағалы қағаздардың айналымы саласындағы қылмыстардың тобына бағалы қағаздарды шығаруды (эмиссия) теріс пайдаланумен байланысты қылмыстар, жалған ақша мен бағалы қағаздарды, жасау, сату, сондай-ақ жалған бағалы қағаздарды пайдаланып жасалынатын алаяқтықты жатқызуды ұсынады. Мұнда қолсұғылушылықтың затына ақша мен бағалы қағаздар жатады. Әрине, аталған пікірмен келісу қиын, себебі бағалы қағаздар нарығындағы, ақша мен бағалы қағаздарды айналымға жіберу аясында кездесетін қылмыстар мұнымен шектелмейді [7, 119 б.].

Бағалы қағаздар нарығындағы қиянат жасау критерилеріне сәйкес, оларды келесі топтарға бөлсек болады:



  • эмиссиялық қызметке қиянат жасау,

  • бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыру процесінде қиянат жасау: брокерлік, дилерлік, бағалы қағаздарды басқару қызметінде, клирингтік, депозитарлық тіркеуші, бағалы қағаздар нарығындағы сауда мекемелерінің қызметінде.

Сонымен қатар, бағалы қағаздар нарығында кездесетін қылмыстарды біз екі топқа бөліп қарастыруымызға болады: бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберуге тікелей қатысты қылмыстар және бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберуге жанама қатысы бар қылмыстар.

Бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберуге тікелей қатысты қылмыстар ҚР ҚК «Экономикалық қызмет саласындағы қатынастар» атты VII тарауына кіреді, оларға мыналар жатады: 202-бап – эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібін бұзу; 202-1-бап – бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамның ақпарат бермеуі не көрінеу жалған мәліметтер беруі; 203-бап – бағалы қағаздарды ұсынушылар тізіліміне көрінеу жалған мәліметтер енгізу; 204-бап – бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының көрінеу жалған мәліметтер беруі; 205-бап – бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу, 206-бап – жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау немесе сату.

Бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберуге жанама қатысы бар қылмыстарға мыналар жатады:

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар» атты VII тарауында орналасқан қылмыстар тобындағы: заңсыз кәсіпкерлік (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы), жалған кәсіпкерлік (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабы), заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 193-бабы), несиені заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы), монополистік қызмет (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 196-бабы), көрінеу жалған жарнама беру (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 198-бабы), банкроттық жағдайындағы заңсыз әрекеттер (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 215-бабы), әдейі банкроттық (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216-бабы), жалған банкроттық (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабы), заңсыз сыйақы алу (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 224-бабы), мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүр ету (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 226-бабы), компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру, ЭЕМ үшін зиянды бағдарламаларды жасау, пайдалану және тарату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 227-бабы).



Меншікке қарсы қылмыстардың қатарындағы: (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы), алаяқтық (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 177-бабы), алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 182-бабы).

Бағалы қағаздар нарығындағы мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстардағы: (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабы) және қызметтік жалғандық жасау (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 314-бабы).

Жоғарыда аталынған қылмыстар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш түрлі тарауын қамтиды, атап айтқанда, меншікке қарсы қылмыстар, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстардың және экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар. Үш тарауда да қылмыс объектісінің заты, не қылмыс құралы ретінде қылмыста кездесетін бағалы қағаздың мүліктік, материалдық игілік сипатына тұлғалардың қызығушылығы байланысты.

Барлық қылмыстық әрекеттер қылмыстық заңмен қорғалынатын, ҚР Қылмыстық кодексінде көрініс тапқан қоғамның, мемлекеттің, тұлғаның қандай да бір мүдделеріне зардап алып келеді. Осы аспектіде бағалы қағаздарды шығару мен айналымға жіберу саласындағы қатынасқа қол сұққаны үшін қылмыстық жауаптылық қылмыстық заңды қорғауға бағытталған міндетке айналып отыр.

Бағалы қағаздар нарығындағы қылмыстардың қоғамға қауіптілігі жәбірленушілер санының көптігімен, ірі материалдық зардартардың болуымен байланысты болып отыр.

Бағалы қағаздар нарығын жалпы бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберумен байланысты экономикалық қатынастардың жиынтығы деп қарауға болады.

Бағалы қағаздар иелерінің мүдделеріне қолсұғатын қылмыстар нарықтық қатынаста инвестициялық қатерді көбейтетіп, инвестициялық климатты нашарлатады. Бағалы қағаздар нарығының даму деңгейіне қарай қылмыстардың жасалу мінезі де өзгереді. Егер бұрын, мысалы Ресейдегі «Хопер-Инвест» компаниясының акциясы болып табылатын «МММ» билеттерді, коммерциялық банктердің депозиттік сертификаттарды қолданса, қазіргі таңда басқа мекемелерге тиісті бағалы қағаздарды жалған иелену және олардың әрі қарай жүзеге асырылуы, жалған бағалы қағаздарды жасау және қолдану, қолданысқа ешқандай материалдық құндылығы жоқ бағалы қағаздар шығаруға қатысты құқық бұзушылықтар, сонымен қатар бағалы қағаздар нарығының кәсіптенген тұлғалардың қызметімен байланысты қылмыстар орын алып отыр.

Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібін бұзу, бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамның ақпарат бермегені, не көрінеу жалған мәліметтер бергені, бағалы қағаздарды ұсынушылар тізіліміне көрінеу жалған мәліметтер енгізгені, бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының көрінеу жалған мәліметтер бергені, бағалы қағаздармен операциялар жүргізгені үшін қылмыстық жауаптылықтың көрсетілу себебін бұл іс-әрекеттердің елдегі қаржылық тұрақтылықты бұзып, инвесторларға үлкен зардап алып келе отырып, мемлекеттің мүддесіне және экономикасына жоғары дәрежеде қауіптің алып келуімен түсіндіруге болады.

Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібін бұзу (ҚР ҚК 202-бабы), бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамның ақпарат бермеуі не көрінеу жалған мәліметтер беруі (ҚР ҚК 202-1-бабы), бағалы қағаздарды ұсынушылар тізіліміне көрінеу жалған мәліметтер енгізу (ҚР ҚК 203- бабы), бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының көрінеу жалған мәліметтер берудің (ҚР ҚК 204-бабы) қоғамға қауіптілігі сол, ол елдің экономикасына елеулі зардаптар алып келеді.

Бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзудың (ҚР ҚК 205-бабы) қоғамдық қауіптілігі – мемлекет белгілеген ережелерді әдейі айналып өтуде жатыр, мемлекеттік бюджет бұл операциялардан түсуге тиісті табысты алмайды, бағалы қағаздардың айналымын бақылау тәртібі және оларды тіркеу тәртібі бұзылады.

Жалған ақша мен бағалы қағаздарды жасау немесе сату (ҚР ҚК 206-бабы) еліміздің ақша-несие жүйесінің дұрыс қызметін бұзады және экономикаға, нарықтық қатынастардың дамуына зор залалдар алып келу арқылы қоғамға қауіпті болып саналады.

Басқаша айтқанда экономикалық қылмыстардың түрі саналатын бағалы қағаздар нарығындағы барлық қылмыстар түбінде елдің экономикалық қауіпсіздігіне қолсұғады.

«Елдің экономикалық қауіпсіздігі» термині өткен ғасырдың 70-жылдарында пайда болды және бұл ұғымды Біріккен Ұлттар Ұйымының ұйымдастыруымен өткен әлемдік экономикалық жүйенің дамуы жөніндегі Бразилиялық форумда дамушы елдердің өкілдері алғаш қолданған еді. Оның негізгі ережесі Бразилиялық форум ұжымды экономикалық қауіпсіздік концепциясының нәтижесі бойынша қабылданған қағидаттар негізінде қалыптасты. Концепцияға сәйкес, сол күнге дейін таныс болып келген «ұлттық қауіпсіздік» ұғымының құрамдас бөлігі экономикалық қауіпсіздік ұғымы туындаған болатын.

Экономика кез келген елдің тіршілігінде басты орын алғандықтан, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағдайының да алары ерекше. Сонымен қатар, экономикалық қауіпсіздік елде дұрыс тұрмыс-тіршілікті қалыптастыратын, нақты айтқанда мемлекетің әрі қарай экономикалық өсуіне зор мүмкіндік беретін мемлекет таңдаған курсты тиісті дәрежеде дамытуға бағытталған экономиканы қолдауды білдіреді. Сондықтан да, заңға сәйкес экономикалық қауіпсіздік дегеніміз Қазақстан Республикасының ұлттық экономикасының экономикалық тәуелсіздігі мен тұрақты даму жағдайын қауіп-қатерге қоятын ішкі және сыртқы процестер мен факторлардан қорғануы екендігі көпшілікпен мойындалып отыр.

Экономикалық қауіпсіздік, ол экономиканың өзінің басқадай қолсұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ететін шараларды қарастыруы керек, деп есептейді А.Сәрсембаев. Оның пікірінше, экономикалық қауіпсіздік, ол ұлттық қауіпсіздіктің жеке және ажырамас бөлігі бола отырып, мемлекетте, халықаралық дәрежеде ел экономикасын тұрақты, тәуелсіз және бәсекеге қауіпті ететін, өндіріс саласында жағымды жағдай жасайтын, сондай-ақ қоғамдағы болып жатқан басқа да әлеуметтік процестерге әсер ететін, мемлекетке төнетін кез келген қауіпті жоятын экономиканы, экономикалық мүдделерді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекетте, сыртта тұрақты атқарылатын құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық сипаттағы іс-шаралар кешені болуы тиіс [8, 18-23 б.].

Өз кезегімен, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейі қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық процестерге әсер етеді (экономикалық көрсеткіштерге; қылмыстылық күйіне, сондай-ақ экономикалық; қоғамдық қатынастардың криминализациялануына және басқаларға). Сондықтан да «Ұлттық қауіпсіздік туралы» ҚР Заңының 5-бабына сәйкес, заң шығарушы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қауіптің қайран көзіне басқалармен қатар қылмыстылықты да жатқызады. Мұнан басқа міндет туындайды.

Экономикалық қауіпсіздік мемлекеттік органдардағы, меншік түріне қарамастан ұйымдардағы барлық лауазымды адамдар мен азаматтардың шешімдерімен, іс-әрекеттерімен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан да бүгінде экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзара ынтымақтасып қызмет ететін ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі Агенттікке, ішкі істер органдарына, кеден органдарына, қажет болған жағдайда ұлттық қауіпсіздік органдарына, Ұлттық банкіне және басқа да органдарға жүктеліп отыр, олардың негізгі міндеттеріне айналған. Аталған міндеттерді шешу үшін аталып кеткен құқық қорғау органдарының түрлі бағыттағы қызметтер атқарылады.

ҚР құқықтық саясат Концепциясында көрсетілген қылмыстық заңнаманың дамуының концептуалды ережесіне баға бере отырып, экономикалық қылмыстардың кейбірінің декриминализациялау, осы мақсатта құрамы криминологтардан, құқық қорғау органы және сот органы қызметкерлерінен тұратын жұмысшылар тобын құрып, аталған мәселені криминологиялық сараптаманың зерттеу жұмыстарымен негіздеу қажет [9, 4б.].

Жоғарыда айтылғандардың негізінде ҚР ҚК «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар» атты 7-тарауға тиесілі онша ауыр емес дәрежедегі келесі қылмыстарды әкімшілік немесе азаматтық құқықтық жауапкершілік саласына ауыстыруды А.Сәрсембаев ұсынған:

- Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау (ҚР ҚК 189-бабы);

- «Несиені заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану» (ҚР ҚК 194-баптың 1-2-тармақтары);

- «Несиелік берешекті өтеуден әдейі жалтару» (ҚР ҚК 195-бабы);

- «Көпшілік сауда-саттықтар мен аукциондарды өткізудің белгіленген тәртібін әдейі бұзу» (ҚР ҚК 197-бабы);

- «Көрінеу жалған жарнама беру» (ҚР ҚК 198-бабы);

- «Тауарлық белгіні заңсыз пайдалану» (ҚР ҚК 199-баптың 1-2 тармақтары);

- «Коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді заңсыз алу мен жария ету» (ҚР ҚК 200-баптың 1-тармағы);

- «Кәсіптік спорт жарыстарының және ойын-сауықтық коммерциялық конкурстардың қатысушылары мен ұйымдастырушыларын сатып алу» (ҚР ҚК 201-баптың 1-тармағы);

- «Кәсіптік спорт жарыстарының және ойын-сауықтық коммерциялық конкурстардың қатысушылары мен үйымдастырушыларын сатып алу» (ҚР ҚК 201-баптың 3-тармағы);

- «Бағалы қағаздар эмитенті лауазымды адамның ақпарат бермеуі не көрінеу жалған мәліметтер беруі» (ҚР ҚК 202-1-бабы);

- «Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізіміне көрінеу жалған мәліметтер енгізу» (ҚР ҚК 203-баптың 1 және 2-тармақтары);

- «Бағалы қағаздар нарығы кәсіби қатысушыларының көрінеу жалған мәліметтер беруі» (ҚР ҚК 204-бабы);

- «Акцизделетін тауарларды акциздік алым маркасымен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзу, акциздік алым маркасын қолдан жасау және пайдалану» (ҚР ҚК 208-баптың 1-тармағы);

- «Бухгалтерлік есеп ережелерін бұзу» (ҚР ҚК 218-бабы);

- «Банк операциялары туралы көрінеу жалған мәліметтер беру» (ҚР ҚК 219-бабы);

- «Банктың ақша қаражатын заңсыз пайдалану» (ҚР ҚК 220-баптың 2-тармағы);

- «Тұтынушыларды алдау» (ҚР ҚК 223-баптың 1-2 тармақтары);

- «Табиғат пайдалану жөніндегі заңсыз мәмілелерді тіркеу» (ҚР ҚК 225-бабы);

- «Мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүр ету» (ҚР ҚК 226-баптың 1-2-тармақтары);

- «Компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру, ЭЕМ үшін зиянды бағдарламаларды жасау, пайдалану және тарату» (ҚР ҚК 227-бабы 1-тармағы);

- «Компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру, ЭЕМ үшін зиянды бағдарламаларды жасау, пайдалану және тарату» (ҚР ҚК 227-баптың 3-тармағы);

- «Компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру, ЭЕМ үшін зиянды бағдарламаларды жасау, пайдалану және тарату» (ҚР ҚК 227-1-баптың 1-тармағы).

Бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберуге жанама қатысы бар қылмыстардың қатарындағы алаяқтық (ҚР ҚК 177-бабы), алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру (ҚР ҚК 182-бабы) негізінен меншік құқығына, ал жанама бағалы қағаздар шығару және айналымға жіберуге, яғни бағалы қағаздар нарығына қауіп төндіреді.

Ал, лауазымды адамның өкілеттігін иемдену (ҚР ҚК 309-бабы), қызметтік жалғандық жасау (ҚР ҚК 314-бабы) жөніндегі қылмыстар мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қол сұғады, сонымен қатар бағалы қағаздар нарығы үшін де қауіпті. Қылмыстардың қоғамға қауіптілігін негізге ала отырып, аталған саладағы қылмыстардың қылмыс құрамы элементтеріне кезекпен өтсек.

Тақырыпша бойынша сұрақтар:


  1. Бағалы қағаздар нарығындағы қиянат жасау критерилеріне сәйкес, оларды қандай топтарға бөлуге болады?

  2. Бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызмет түрлерін атаңыз.

  3. Қол сұғылатын объектінің түріне қарай бағалы қағаздар нарығында кездесетін қылмыстарды қалай топтастыруға болады, аталған топтастырудың маңызы неде?

  4. Бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберуге тікелей қатысты қылмыстарды атаңыз.

  5. Бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберуге жанама қатысы бар қылмыстарды атаңыз?

  6. Бағалы қағаздар нарығында кездесетін меншікке қарсы қылмыстарға қандай қылмыстар жатады?

  7. Бағалы қағаздар нарығындағы мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстарды атап өтіңіз.



1.3 БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАРДЫ ШЫҒАРУ МЕН АЙНАЛЫМҒА ЖІБЕРУГЕ ТІКЕЛЕЙ ҚАТЫСТЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫҢ СУБЪЕКТИВТІ ЖАҒЫ
Қылмыстың субъективтік жағын сипаттайтын негізгі белгіге кінә, ал факультативті белгіге ниет пен мақсат жатады. Қылмыстың субъективтік жағы – қылмыстың ішкі белгісі. Кейбір ғалымдар қылмыстың субъективті жағына эмоцияны да жатқызады. Б.С.Утевский сезімді (эмоция) кінәнің элементі деп қарастырған. Ғалым бұл пікірді психологиялық ғылыми тұрғыдан дәлелдемек болған. Адам психикасын, адам санасын, сезімі мен еркінен бөлек алып қарауға болмайды, сотталушының кінәсінің дәрежесін анықтағанда қылмысқа итермелеген сезім туралы сөз қозғамауға болмайды деп тұжырымдайды [10, 57 б.]. Қылмыстық құқық (МГУ,1993) оқулығының авторлары да осы пікірді ұстайды. Эмоция – бұл ниетпен байланысты, қылмыстың субъективтік жағын құрайтын, қылмысқа дайындық және оны жасау процесінде кездесетін сезім. 1948 жылы М.М.Исаев эмоциялық кінәнің құрамындағы психологиялық процесс элементі болатындығын алғаш рет терістеген.

Кінә - бұл қасақаналық, абайсыздық нысанында кездесетін, қылмыскердің өзінің жасаған әрекеттеріне психикалық қатынасы. В.Г.Макашвили кейініректе кінә ұғымын бұл момент толық сипаттамайды, -деп, оның мазмұнына қоғамға қауіпті, заңға қайшы әрекетке қоғамның сөге отырып беретін бағасын жатқызады. Адамның психикалық жағдайы тұлғаны тәжірибелік қызметтерге бағыттайды және объективті әрекеттерді, ниет, мақсаты, сезімімен байланыстырушы және ерік (ықтиярлық) пен интеллектуалдық кезеңдерді қамтиды. Ол әр уақытта әлеуметтік жағдайларға толы. П.С.Дагель пен Д.П.Котов кінә ұғымына нақты сипаттама беру үшін келесі категорияларға жүгінеді [11, 65 б.]: кінәнің мазмұны, кінәнің мәнісі, кінәнің нысаны, кінәнің дәрежесі.

Кінәнің мазмұны дегеніміз қылмыстың белгілерін бейнелеген, сондай-ақ кінәнің сол белгілерге психикалық көзқарасын анықтайтын психикалық элемент. Кінә мазмұны – бұл нақты қылмыстың қасақаналық пен абайсыздықтың мазмұны.

Кінәнің мәнісі – субъектінің психикалық ерекшелігі, қылмысқа көзқарасы – оның қоғамға қауіптілігі.

Кінә нысаны – бұл мазмұнның ішкі құрылымы, белгілердің арақатынасы. Кінә нысанын анықтауда екі психиологиялық элемент қолданылады: интелектуалдық, ықтиярлық.

Кінәнің дәрежесі – кінәнің салыстырмалы түрде ауырлылығын сипаттайтын сандық сипаттама. Дәрежені мына мән-жайлар сипаттайды:

- кінәлінің жеке басын сипаттайтын мән-жайлар;

- қылмыстардың себептері мен жол беретін жағдайлар;

- ниет пен мақсат;

- әрекеттің қоғамға қауіптілігі.

Бағалы қағаздарды шығару және айналымға жіберуге тікелей қатысты қылмыстардың барлық тобына кінәнің тікелей қасақаналық нысаны тән. Қылмыстық құқықтық әдебиеттерде ол жөнінде бірыңғай ой қалыптасқан.

Бағалы қағаздар нарығында жасалынатын қылмыс құрамында қасақаналық кенеттен емес, ұйымдастырушымен, не көп жағдайларда қылмыстың басқа да қатысушыларымен алдын ала мұқият ойластырылады. Қасақаналықтың алдын ала ой елегінен өткізілуі субъектінің қылмыстық мақсатқа жетудегі табандылығын дәлелдейді, сәйкесінше, қылмыстың, қылмыскердің қоғамға қауіптілігін арттырады. Бағалы қағаздар нарығында заңмен қабылданған тәртіпті бұза отырып, басқа заңды және жеке тұлғалардың есебінен өзінің жауыздық талпыныстарын істейді.

Барлық қылмыстың құрамдарында зардаппен байланысты жағымсыз нәтиженің келуі – міндетті белгі, ал субъектінің оны алдын ала білуі кінәнің интеллектуалды элементі болады. Барлық қылмысқа қатысушы тұлғада нақты (анықталған) қасақаналық қалыптаса бермейді. Кей жағдайда қылмысты орындаушы іс-әрекеттен келетін зардаптың саны мен сапасы жөнінде білмеуі де мүмкін. Ал ұйымдастырушыда әруақытта да қасақана ой нақтыланған болуы тиіс. Аталған қылмыстық әрекеттерді жасау кезінде субъект материалдық пайда табуды көздейді. Негізінен бұл іс-әрекеттер пайдакүнемдікпен жасалынады.

Мақсат – тұлғаның қалауы, ұмтылысы. Ниет – бұл тұлғаның қоғамға қауіпті әрекетті жасау жөнінде ой туғызатын, іштей оятатын, итермелейтін күш. Қылмыскердің бағалы қағаздар нарығындағы қылмыстық іс-әрекеттерінде пайдакүнемдік, кек алу, қарсыласының беделін түсіру, күнін көру үшін елді экономикалық күйрету, қарсыласын материалдық қиындыққа ұшыратуы сынды ниеттері болуы мүмкін. Іс-тәжірибеде көпшілік жағдайда қылмыс пайдакүнемдік ниетпен жасалынады.

Пайдакүнемдік ниет пен мақсаттың мәнісі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың белгіленген тәртібін бұзу немесе меншік иесінен мүлікті алу, не көрінеу жалған мәліметтер енгізу, беру жолдарымен кінәлінің өздерінің материалдық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған ұмтылысымен анықталады. Аталған жағдайларда шығын меншік иесі болып табылатын мемлекетке, заңды тұлғаға және жеке тұлғаға келеді.

В.Р.Щавинский өз еңбегінде, Украина Республикасы Қылмыстық кодексінің 223-бабының 1-тармағындағы «Бағалы қағаздарды шығару (эмиссиялау) мен айналымға жіберу тәртібін бұзу» тіркеуден өткізбеген бағалы қағаздарды орналастыру – тікелей қасақаналықпен, ал 2-тармақтағы бағалы қағаздардың эмиссиялануын тіркеуге ұсынатын құжаттарға көрінеу сенімсіз ақпараттар енгізу, сондай-ақ бұл құжаттарды бекіту – тікелей және жанама қасақаналықпен жасалынады, деген ой тастайды.

Қылмысты саралауда қылмыстың сатыларына тоқталудың орны зор. Қасақаналықпен жасалған әрекеттер келесі сатылардан тұрады: дайындық, оқталу, аяқталу. Қылмыскер өз дегеніне жетсе, онда қылмыстық әрекеттерді жекеленген кезеңдерге бөлудің қажеті жоқ. Бірақ тұлға өз ойлағанын соңына жеткізе бермейді, өз еркінен тыс жағдайларға байланысты қылмыстық әрекеттерді соңына жеткізбейді.

Кейбір еңбектерде, қылмыстық әрекеттердің дамуының алғашқы сатысын қасақаналықтың туындауы сатысы, деп көрсеткен. Яғни тұлға сөзбен, жазбаша, не конклъюденттік әрекеттердің көмегімен қылмыс жасамақ болған ойын білдіруі де қылмыстың жасалыну сатысы болмақ. А.А.Пионтковский қасақана қылмысты келесі сатыларға бөледі: қасақаналықтың туындауы, дайындық, оқталу, қылмыстың аяқталуы. Автор қасақаналық табылған кезден бастап-ақ қылмыстық жауапкершілік бар деп есептейді [12, 320 б.]. Алайда, тұлға қауіпті ойы үшін жауапкершілікке тартылмайды. Қасақаналық ойдың табылуы аяқталынбаған қылмыстық әрекет ретінде сараланбайды. Аяқталынбаған қылмыстық әрекет оқталу мен дайындықтан тұрады.

Қасақана қылмыстардың пайда болу жағдайын екіге бөлуге болады: алдын ала ойластырылған және сол сәтте-ақ пайда болған. Іс-тәжірибеде аяқталынбаған қылмыстарға байланысты келесі жағдайларда қателіктер туындайды:

- дайындық пен оқталуды аяқталынған қылмыстардан ажыратуда;

- дайындықты оқталудан ажыратуда.

Аяқталынған қылмысты аяқталынбаған қылмыстан ажыратудың жолы сол, аяқталынған қылмыстарда ҚК тиісті бабында көрсетілген барлық белгілер бар, ал аяқталынбаған қылмыста қылмыстың объективтік жағының кейбір белгілері жетпейді. Материалдық қылмыстарда, мысалы, зардап болмай қалса, қылмыс аяқталынбайды, ал формальды қылмыстарда ҚК ерекше бөлімінің диспозициясында кейбір іс-әрекетсіздіктердің міндетті жекеленген әрекеттері қалып қояды.

Қылмысты аяқталынбаған деп есептеу үшін мына ереже шарт:

- қылмыскердің өз дегеніне жету мүмкіндігінің болмауы;

- тұлға өз ойлағанына өз еркінен тыс жағдайлардың әсерінен жете алмауы.

Қылмысты адамдар жасайды, қылмыс адамдар арасында жасалады. Сондықтан адам мәселесі ескі және өмірі жаңа мәселе болып табылады. Ол кең және қиын, өйткені адам еңбектің және қарым-қатынастың субъектісі ретінде әрекет етеді, ол – дүниені қалыптастырушы және жасаушы, жерде құндылықтарды жасаушы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет