ҚазақТЫҢ Ұлттық ойындарын дене шынықтыру пәнінде қолдануарқылы оқушының Ұлттық ҚҰндылықтарын қалыптастыру



жүктеу 49.52 Kb.
Дата07.06.2017
өлшемі49.52 Kb.
ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРЫН ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІНДЕ ҚОЛДАНУАРҚЫЛЫ ОҚУШЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
Д.А.Даулетов

Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, №28 орта мектебінің мұғалімі
Аңдатпа. Мақалада дене шынықтыру пәні арқылы оқушылардың ұлттық құндылықтарын қалыптастыру мақсатында қазақтың ұлттық ойындарының ерекшелігі қарастырылған.
Халықтың игі әдеттері дағдылана келе, халықтың өмірінде салт-дәстүр, салт-сана болып қалыптасқан. Жаңа ғасырдың инновациялық Қазақстан мектебінде салт-дәстүр, салт-сананы оқу және тәрбие үрдісінде қолдану ұлттық мәдениетті сақтаудың және оны дамытудың басты факторы. Сондықтан, осы құндылықтарды негіздей отырып білім мазмұнының ұлттық негізде берілуін жаңа өркениеттік бағдар тұрғысынан жетілдіру мәселесін қарастыру қажет. Себебі, мектеп қабырғасы ертеңгі қазақ елінің туы мен тұтқасын берік ұстайтын тұлғаларды даярлайтын, ұлттық ұстанымның негізі болып саналатын орта болуы тиіс. Сондықтан жалпы білім беретін мектептерде халқымыздың этнопедагогикалық және этномәдениеттік мол мұрасын әрбір пәнде оқыту маңызды болып табылады. Осыған байланысты, қазақтың әдет-ғұрпында, салт-санасында кездесетін кейбір мәселелерді әсіресе ұлттық ойындарды дене шынықтыру сабағында тиімді қолдану оқушының ұлттық таным-дағдысын қалыптастыру.

Ұлттық ойындар ғасырлар бойы жастардың белсенді өмір жағдайларын қалыптастыру құралы ретінде келе жатқан мәдени мұра. Сондықтан оны пайдалану тек қозғалмалы білік, дағдыларды дамытып қана қоймайды, сонымен қатар, мектеп оқушыларынан қазақтың ұлттық спорт түрлеріне деген көзқарасын қалыптастырып, олардың рухани-адамгершілігін, дене тәрбиесіне тәрбиелеуге баулуды қарастырады.

Ойын - өте эмоционалды іскерлік, сондықтан ол оқушыларды тәрбиелеуде үлкен орын алады. Балалардың арасында кең таралған ойын түрі-қозғалысты көп жасайтын ойындар. Қозғалыс жасалатын ойындар балалардың денесін шынықтырып, сонымен бірге спорттық ойындар мен басқа спорт түрлеріне дайындайды.

Ойындардың ең басты белгісі – ойлау қабілетін және мінезді қалыптастырады. Әр ойыншының алдында белгілі бір мақсат тұрады. Ойынның ойлану тәртібіне байланысты ең бастысы - мақсатқа жету, нәтиже беру.

Ғасырлар бойы балаларды ерте жасынан ұлттық ойындармен тәрбиелеу - қоғамдағы қарым-қатынасқа, қоршаған ортаға дұрыс қатынас қалыптасуына әсер етті. Халық ойынның неше алуан түрлерін туғызып қана қойған жоқ, соны іс жүзінде қолданып, оның тәрбиелік, білімдік, жақтарында көре білді. Сондықтан олар «бала ойынмен өседі» деген қорытынды жасап, осы тәжірибелік қорытындыны өздерінің бала тәрбиесі туралы көзқарастарының негізгі арқауы етті. Бала ойынды тоқтатса, одан қол үзіп көбірек бола берсе, ол баланың денсаулығына әсер етеді деп баланың ойының қажет нәрсе ретінде қабылдады. Өзінің өлең-жырларында халық ойынды тәрбие құралы деп танып, оның бойындағы жастарды ойландырып, толғандыратын қасиеттерін аша түседі.

Ұлт ойындары осылайша атадан балаға, үлкеннен кішіге мұра болып жалғасып отырған және халықтың дәстүрлі шаруашылық, мәдени, өнер тіршілігінің жиынтық бейнесі. Ежелгі заманнан бізге жеткен көптеген ойындардың өзіндік мазмұны өзгермей сақталды, бірақ тарихи мазмұнының процесінде өзінің атауын өзгерткен: «Қарагие»-Найза лақтыру, «Аң аулау»-Құспен аулау немесе іскерлік құстармен аулау, «Қақпа тас»- Бес тас, «Садақ ату»-Жамбы ату және т.б.

Қазақ халқының фольклорын, ұлт ойындарын жинаушы этнограф Ә.Диваев өзінің «Қазақ балаларының ойыны» деген еңбегінде оның бала тәрбиелеудегі маңызын айта келіп, сол кездегі қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша жас ерекшелігіне қарай жасөспірімдерді негізінен үш топқа бөледі: бір жастан жетіге дейңн - нәресте, жеті жастан он бес жасқа дейін - бозбала, он бес жастан отызға дейін - жігіт. Осының негізінде қазақ ойындарын да сәбилер ойыны, бозбалалар ойыны және жігіт ойыны деп бөледі.

Көптеген қазақтың ойындары жастардың белсенді өмір жағдайларын қалыптастыру құралы ретінде жалпы білім беретін мектептердің оқу бағдарламасына енгізілгені дұрыс. Мазмұнына қарай бүкіл халық ойындары ой-қабілеттін белсенді жұмыс істеуін, жан-жақтылықтын кеңеюін, қоршаған әлем жөніндегі түсінікті тудырады. Е.Сағындықовтың тәжірибелік зерттеулері бойынша, қазақтың ұлттық ойындары ойдың логикалық дамуына үлкен әсер етеді.

Қазақтың ұлттық ойындары ерлікті, өжеттікті, батылдықты, шапшаңдықты, ептілікті, тапқырлықты, табандылықты, байсалдықты, т.б. мінез-құлықтың ерекшеліктерімен бірге күш-қуат молдығын, білек күшін, дененің сомданнып шығуын қажет етеді. Сонымен бірге, бұл ойындар әділдікпен адамгершіліктің жоғары қағидаттарына негізделген. Өйткені, ойынға қатынаспай тұрып-ақ оған күн ілгері көп адамдардың тер төгіп, еңбек етуіне тура келеді. Мысалы, «Бәйге» ойынын алайық. Ол үшін адаммен бәйгеге қосылатын атты таңдап алады. Ол атты баптап бағып, күтуге тура келеді, оның жейтін жемі мен ішетін суына дейін белгілі мөлшерге келтіріледі. Ат белгіленген уақытта осы сынақтарға қатысады. (Атқа ауыр болмау үшін оған мініп шабатын баланың жасы 11-12-ден аспауы керек). Бәйге шарты мүлтіксіз орындалуы үшін төреші тағайындалады. Бәйгеге қосылатын аттардың шабатын жерінің алыстығына қарай кейде ат айдаушылар біреу емес, бірнешеу болуы мүмкін. Ол ат шабатын қашықтықтың өн бойына орналастырылады. Бәйгеге әзірліктін басы-қасында болған бала осы өнердің сырларын жете біліп, үлкен шаруашылық мектебінен өткендей әсер алады. Сондықтан қазақтың ұлттық ойындары тек ойын-сауық жағынан ғана маңызды емес, ол – спорт, ол – өнер, ол – шаруашылық, тәжірибелік маңызы бар, жастардың белсенді өмір жағдайларын қалыптастыру құралы.

Жасалынып жатқан жаттығулардың бір түрлі мінезі немесе жоғары темппен шығарылған зейін тұрақтылығы бұзылған кезде, ойындарды жаттықтыруға қосқанда, шұғылданушылардың зейінін жоғарлатады және жұмыскерлікті қалпына келтіреді. Техникалық әрекеттерді меңгеру үрдісі, дене сапаларын тәрбиелеуі спортшының көңіл-күйімен, оның құмарлығымен тікелей байланысты. Ойыншыларда астеникалық (жағымсыз) эмоциялардың пайда болуында жаттықтыруды жарамды әрекеттер коэффиценті едәуір төмендейді. Бұған жасалынатын жаттығулар бұлшық ет әрекеті, мінезімен ритмі, өзінің әрекеттік құрамы бойынша ұқсамайтын, қиындығы аз ойындарының кіруі, шұғылданушыларда, сценикалық (жағымды) эмоцияларын тудыруға әсер етеді. Сабақтар үрдісінде ойындарды ақылмен қолданғанда, бұларға бүкіл жаттықтыру циклы бойынша қызығушылық қалыптасады.

Ұлттық ойынның тарихи қалыптасқан компоненттері (мазмұны, түрі және әдістемелік ерекшеліктері) оны дене тәрбиесінің тиімді құралдарының бірі ретінде қолдануға әкеледі.

Ұлттық ойындарды дене шынықтыру сабағында қолдану қазіргі заманда өсіп келе жатқан ұрпақтардың дене және рухани тәрбиесін және белсенді өмір жағдайларын қалыптастырады.

Қорыта келгенде, дене шынықтыру сабағында халық педагогикасының асыл мұрасы ұлттық ойындарды кенінен қолданып, әрбір сабағымызды ұлттық салт-дәстүрлермен сабақтастырып отырсақ, жас ұрпақтың рухани байлығы арта түсер дейміз.

Сондықтан дене шынықтыру сабағында оқушылардың ұлттық таным-дағдысын қалыптастыру арқылы өз ұлтының даналығын терең таныту және патриоттық сезімін ояту, рухани-адамгершілік тәрбиесін дамыту, еңбекқорлыққа, төзімділікке, шығармашылыққа баулу, халқымыздың тілін, тарихын, ұлттық дәстүрін, ата-салтын ұмыта бастаған бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуде маңызы зор.



Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Б. Тотенаев «Қазақтың ұлттық ойындары» Алматы, Қайнар 1994 ж.

  2. Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы

  3. С. Тайжанов А. Кулназаров. «Дене тәрбиесі» Алматы, Атамұра 2002 ж.

  4. Құрманбаева С.К. "Ұлттық ойындардың бүгіні мен келешегі", "Алматы" 2004 жыл

  5. Наурызбаев Ж. "Ұлттық мектептің ұлы мұрасы" "Алматы" 1995 жыл


Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет