Қазақстанның сақтандыру қызметінің Қалыптасу және даму эволюциясы мұқан М. Т



жүктеу 127.41 Kb.
Дата25.02.2017
өлшемі127.41 Kb.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ САҚТАНДЫРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЛЫПТАСУ ЖӘНЕ ДАМУ ЭВОЛЮЦИЯСЫ
Мұқан М.Т.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті,

mukanmadina@mail.ru

Ғылыми жетекшісі: э.ғ.к., доцент Лухманова Г.К.


Кейбір авторлар сақтандыру потенциалы ұғымын негізгі көрсеткіштердің өсу қарқынымен байланыстырса, келесі біреулері сақтандыру компанияларының инвестициялық мүмкіндігімен, ал үшінші жақ мемлекеттің сақтандыру алаңын немесе әлемдік сақтандыру алаңын жаулап алумен байланыстырады. Түсінікті болу үшін осы екі ұғымға анықтама бере кетсем. Ол Р.Т. Юлдашевтің анықтама-сөздігінде былай айтылған:

«Сақтандыру қызметінің потенциалы – бұл экстраполяция әдісімен өлшенген сақтандыру қызметінің алдағы мерзімдегі шамаланған көлемі. Мысалы, сақтандыру сыйлықақыларының болашақтағы көлемін болжау өткен жылдағы немесе басқа уақыттағы сақтандыру сыйлықақыларының өсімінің мәліметтері негізінде құрылады».

«Сақтандыру алаңы - белгілі аймақтарда немесе қызмет саласында сақтандырумен жаулап алынуы мүмкін объектілердің максималды саны (мысалы, автокөліктерді, пәтерлерді және т.б.)» [1].

Сақтандыру қызметінің қарқыны немесе болжанатын көрсеткіштері оның құрылуы және дамуының басым бағыттарын анықтайтын заңнамалық реттеулерге тәуелді.

Енді Қазақстандағы сақтандыру қызметін құрудың концептуалдық негізін қарастырайық.

1992 жылы біздің елде сақтандыру қызметін қалыптастыруға негіз болған Қазақстан Республикасының «Сақтандыру туралы» заңы қабылданды. Осы жылы Қазақстанның Сақтандырушылар Одағы құрылды. ҚР Президентінің 1994 жылғы 19 сәуіріндегі «Сақтандыру қызметін құру және дамыту бойынша ұйымдастырушылық-құқықтық шаралар туралы» Жарлығы сақтандыру қызметін мемлекеттік реттеу жүйесіне негіз болды [2]. ҚР Қаржы министрлігінің ішінен сақтандыруды бақылау департаменті құрылды. 1994-1998 жылдар аралығында «Сақтандыру туралы» жаңа Заң қабылданып және көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру енгізілді. Осы жылдарда сақтандыру қызметін дамыту концепциясы әзірленді. Сақтандыру компанияларының жарғылық капиталы 40 000 ЕАК немесе 18 миллионнан 25 миллион теңгеге дейін құрау керек болды. Осы жылдардағы сақтандыру компанияларының саны 70-150 көлемінде болды. Отандық сақтандыру индустриясының қалыптасуына жаңа серпін берген ҚР Президентінің 1998 жылдың 30 маусымындағы «Мемлекеттік басқару органдарын оңтайландыру бойынша алдағы шаралар туралы» Жарлығы болды, осыдан кейін сақтандыруды қадағалау органының қызметі мен құзіреті ҚР Ұлттық банкіне берілді [3]. Осы кезде Қазақстанда 72 сақтандыру компаниялары жұмыс істеді. 1998-2004 жылдар аралығында «Пруденциалдық нормативтер және басқа нормалар мен лимиттер», «Сақтандыру қызметі туралы» ҚР тағы бір Заңы және ҚР сақтандыру қызметінің 2005 жылға дейін дамыту туралы мемлекеттік концепция қабылданған болатын. ҚР Ұлттық банкінің қаржылық және сақтандыруды қадағалау департаменті әзірлеген нормативтік актілердің саны 46-ға жетіп, сақтандыру компанияларының саны осы кезеңде 34-ке қысқарды. Алайда, бұл сақтандыру қызметінің қаржылық көрсеткіштеріне кері әсер етпеді, керісінше өсті. 2004 жылдың 6 қаңтарында Президенттің «ҚР мемлекеттік басқару жүйесін келешекте жетілдіру туралы» Жарлығымен қаржы рыногын және қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау бойынша ҚР Агенттігі құрылды. Агенттік құзырына сақтандыру қызметін бақылау және реттеу қызметі берілді [4]. Агенттік 2004 жылдың 1 шілдесінде Үкіметтің №729 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының сақтандыру рыногын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасын әзірледі [5]. Бағдарламаның басты мақсаты: мемлекеттің, азаматтардың және әрекет етуші субъектілердің қызығушылықтарын қаржылық, әлеуметтік және басқа да тәуекелдерден қорғаудың тиімді механизмі ретінде сақтандырудың рөлін және орнын бекітуге бағытталған ұлттық сақтандыру индустриясын келешекте қайта құру болып табылды.

Бағдарламаның мақсаттарына жету келесідей міндеттерді шешуді талап етті: азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін ұзақ мерзімді және жинақтаушы жеке сақтандыру түрлерін дамытуды ынталандыру жолымен көтеру; өзара сақтандыру жүйесін дамыту; сақтандыру саласында жүргізілетін сақтандыру заңнамалары мен реформаларының мақсаттарын насихаттау және түсіндіру бойынша жұмыстарды күшейту, тұтынушылар құқығын қорғауға және халықтың сақтандыру мәдениетін көтеруге бағытталған басқа да шараларды жүзеге асыру; сақтандыру ісін ақпараттандыру және автоматтандыру саласындағы жаңа технологияларды енгізуге қолдау көрсету; міндетті сақтандыру саласындағы мемлекеттік саясатты құру және міндетті сақтандыру жүйесінің тиімділігін жоғарлату; сақтандыру рыногының толыққанды инфрақұрылымын құру, оның қатысушыларын және қызмет аясын нақты анықтау; сақтандыру саласындағы мамандарды дайындау және біліктілігін көтеру; қаржы рыногын бірыңғай қадағалауға өтуді ескере отырып, сақтандыру қызметін қадағалау және реттеу жүйесін ұйымдастыру; қайта сақтандыру рыногын дамыту.

Қазіргі таңда Қазақстанда өмірді сақтандыру бойынша тек сегіз ғана компания жұмыс істейді. Соған қарамастан, өмірді сақтандыру бойынша сақтандыру сыйлықақыларының жалпы сақтандыру сыйлықақыларының жиынтық көлеміндегі үлесі 1,5% құрайды. Бағдарлама авторларының көзқарастары бойынша, елдегі жеке сақтандыру рыногын дамытуға қызығушылық тудыратын мемлекет болу керек.

Біріншіден, мемлекеттің проблемаларын шешу үшін қаражаттарды іздеу мәселесі өте маңызды және нақ жеке сақтандыру, оның ішінде өмірді сақтандыру ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстар көзі болып табылатын қосымша қаражаттарды тартуды көздейді.

Екіншіден, жеке сақтандыру мемлекеттің әлеуметтік кепілдік тапшылығының орнын толтырады.

Үшіншіден, жеке сақтандыруды сақтандыру саласының еңбек сиымдылығы және ғылыми сиымдылығы саласы ретінде дамыту жаңа жұмыс орындарының құрылуына әкеледі.

Әлеуметтік сала мен сақтандыру салаларындағы мемлекеттің жүргізіп отырған реформалары еліміздегі жеке сақтандыру институтын дамытуға негіз болады. Қазіргі таңда сақтандыру қағидаларын зейнетақы қызметі саласында, жұмыс берушілерді сақтандыруды қоса алғанда, әлеуметтік аяның басқа салаларында зейнетақы аннуитеттерін енгізу жолымен қолдануға мүмкіндіктері бар. Мемлекеттің жеке сақтандыруды, соның ішінде өмірді сақтандыру, азаматтардың еңбек қабілеттілігін, денсаулығын, аннуитет жүйесін және сақтандырудың басқа да әлеуметтік маңызды түрлерін дамыту, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының қызметін белсенді ету бойынша белгілеген басымдықтарына сәйкес сұрақтары өзекті болып отыр.

Жеке сақтандыруды дамыту саласында бағдарламаның мақсаттарына жету үшін келесідей басымдылықтар көрсетілген: а) аннуитеттерді беру, өмірді сақтандыру және еңбекқабілеттілік, соның ішінде жаңа сақтандыру өнімдерінің пайда болуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ сақтандыру салалары мен сыныптарының жіктелуін нақтылау мүмкіндігін қарастыру саласындағы сақтандыру заңнамаларын қайта құру; ә) өмірді сақтандыруды қамтамасыз ететін ұйымдарда жинақтарды сақтауды қамтамасыз ету; б) ұзақ мерзімді (жинақтаушы) сақтандыруды дамыту мақсатында салық салу тәртібін жетілдіру; в) өмірді сақтандыруды жүзеге асыратын ұйымдардың институционалдық қалыптасуы үшін жағдай құру; г) өмірді сақтандыруды жүзеге асыратын ұйымдарда ұзақ мерзімді инвестиция үшін мүмкіндіктерді кеңейту.

Халықтың сақтандыру мәдениетін құруда сақтандыру компанияларының және оның бірлестіктерінің рөлі өте жоғары. Сақтандыру компаниялары бұқаралық ақпарат құралдарымен біріге жұмыс істеп, білім және оқыту бағдарламаларын халыққа ұйымдастыру, сақтандыру қызметтеріне деген халықтың сұранысын анықтау үшін маркетингтік зерттеулер жүргізіп, қажет болған жағдайда жаңа өнім түрлерін құруды белсенді ету керек.

Сақтандыруды, соның ішінде оның жинақтаушы түрлерін және аннуитеттерді ұсыну жүйесін дамытудың келесі факторы статистикалық және басқа да ақпараттардың кең базасының болуы. Қолда бар мемлекеттік статистика мәліметтері сақтандыруда толық қолданылмауы мүмкін. Сондықтан, Бағдарламада барлық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында көп мәліметті қамтитын ақпараттары бар есеп үлгісін әзірлеп, оны енгізу қарастырылған. Осы мақсатта Ұлттық банк пен «Қазақстанның Актуарлық орталығы» АҚ бірігіп, сақтандырудың түрлі салалары бойынша статистикалық мәліметтер базасын құру жұмыстарын жандандыруды көздеген. Тағы да Бағдарламада өзара сақтандыру жүйесін дамыту айқындалған, қазіргі кезде бұл сала бірыңғай мемлекеттік саясаттың жоқтығынан көптеген проблемаларға душар болып отыр.

Көбінесе, түрлі мемлекеттік органдар қандай да бір өзара сақтандыру түрін енгізу туралы мәселелерді шешу барысында өте тар ведомстволық қызығушылықтарға сүйенеді, ал мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму басымдылықтары, ұлттық сақтандыру рыногының нақты жай-күйі және потенциалды сақтандырушылардың қаржылық мүмкіндіктері секілді сұрақтар ұмытылып жатады. Өзара сақтандырудың осындай және тағы басқа мәселелерін шешу мақсатында осы салада мемлекеттік саясатты құру қажет. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 3 маусымдағы «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру туралы» №423-11 Заңына сәйкес құрылған сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру Қорын кезеңмен қолдану көзделеді [6].

Болашақта сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру Қорын капиталдаудың өсуімен бірге өзара сақтандырудың басқа да түрлеріне кепілдік төлемдерді беруді жүзеге асыру аясы кеңеюі мүмкін. Сақтандыру рыногының инфрақұрылымын дамытуда оның қатысушыларының қызметтері мен өкілеттіктерін заңнамалық тұрғыдан анықтау көзделген, олар: актуарийлер, сақтандыру делдалдары (сақтандыру брокерлері, сақтандыру агенттері), сюрвейерлер, аджастерлер.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда сақтандыру саласындағы мамандардың біліктілігін көтеру маңызды мәселе болып отыр. Соған байланысты сақтандыру саласындағы мамандарды кәсіби даярлау мәселесін шешу мақсатында келесідей негізгі міндеттерді анықтап, шешу қажет: а) сақтандыру рыногы қызметкерлерін қайта дайындау және біліктілігін көтеруді орта және жоғары кәсіби білім жүйесі, курстар ұйымдастыру, оқу орталықтары, оқу-тәжірибелік конференциялар мен семинарлар арқылы жүзеге асыру; ә) орта және жоғары кәсіптік оқу орындарында сақтандыру ісі мамандарын дайындау орталықтарын құру; б) халықаралық бағдарламаларды және халықаралық қаржы, сақтандыру ұйымдарының мүмкіндіктерін және тәжірибелерін мамандар дайындауда және белсенділігін көтеруде қолдану.

Қазақстанда сақтандыру саласын реттейтін тиімді құрал сақтандыру заңы бар. Алайда, экономиканың бұл саласы халықаралық стандарттар мен қағидаларды қолдана отырып жетілдіруді қажет етеді. Осы орайда, отандық сақтандыру заңнамаларын тиімді, тұрақты сақтандыру рыногын дамытуға көмек көрсету әрекеттері мен қолдауға, сондай-ақ әртүрлі мемлекеттердің қадағалау органдарымен келешектегі ынтымақтастықты дамытуға бағытталған халықаралық талаптарға сәйкестендіруді қамтамасыз ету қажет. Сақтандыру ұйымдарының қызметін қадағалау мен реттеу жүйесін жетілдіру мақсатында компанияның тәуекелдерін анықтауға мүмкіндік беретін реттеу механизмдері мен жаңа тәсілдерін әзірлеу қажет. Қадағалаудың тиімділігі мәселелері шешімінің бірі осы мәселенің (соның ішінде пруденциалдық нормативтердің бұзылуы) нақты пайда болуына дейінгі сақтандыру ұйымының қызметі саласындағы тәуекелділікті төмендететін тәуекелді бағалауға (Risk-Based Supervision) негізделген қадағалау концепциясын қолдану болып табылады.

Сақтандыру қызметін реттеу және қадағалауды келешекте жетілдіру үшін сақтандыру қызметіне тікелей әсер ететін қазіргі әрекет етіп жүрген заңдар мен нормативтік-құқықтық актілерді сараптамадан өткізу мақсатты міндеттердің бірі болып отыр. Егер қажет болса, өзгертулер мен толықтырулар енгізу тиіс. Осы бағытта келесідей міндеттерді шешуді қарастырған дұрыс:

- сақтандыру қызметінің ұлттық ережесін республиканың Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына шоғырлану қажеттілігін ескере отырып, халықаралық қағидалар мен стандарттарға жақындатуды қамтамасыз ету;

- Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылмайтын сақтандыру брокерлерінің несие рейтингін (Credit Rating) міндетті түрде талап ету жолымен сақтандыру ұйымдары мен сақтандыру брокерлерінің қайта сақтандыру қызметіне қадағалауды күшейту;

- сақтандыру рыногының қатысушылары (авариялық комиссарлар, аджастерлер, андеррайтерлер, сюрвейерлер, диспашерлер, т.б.) қызметінің құқықтық негізін нақтылау, сақтандыру брокерлері мен сақтандыру агенттері қызметтерін анықтау және шек қою;

- келешекте сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қаржылық тұрақтылығына және төлем қабілеттілігіне талаптарды дамыту;

- актуарийлердің, ішкі және сыртқы аудиторлардың қызметтерін қолдану бойынша ережелерді, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының делдалдары мен сақтандыру агенттерінің қарым-қатынасын реттейтін ішкі ережелерге қойылатын талаптарды әзірлеу;

- тәуекелді басқару және корпоративтік басқару жүйесіне, соның ішінде іске асатын операциялардың нақты уақыт тәртібін белгілеуге қойылатын талаптарды әзірлеу;

- сақтандыру операцияларының бухгалтерлік есеп жүйесін және қаржылық есебінің ашықтылығын көтеру жүйесін жетілдіру;

- сақтандыру тарифтерін есептеу тәртібіне талаптарды бекіту;

- басқа қаржылық ұйымдарға ұсынылатын талаптары секілді сақтандыру рыногының кәсіби қатысушыларын құру, лицензиялау, келісу кезінде анықталатын талаптарды бірыңғайлау және стандарттау;

- тәуекелді бағалау жүйесіне негізделген тәуекелді ертерек ескерту тестілерін жүргізу;

- мәліметтерді жинау және өңдеу жүйесін автоматтандыру.

Сақтандыру рыногының келешектегі дамуы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №1284 «Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған Концепциясы туралы» Қаулысында қарастырылған [7]. Бұл құжатта Қазақстан Республикасының сақтандыру рыногын дамытудың 2004-2006 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында негізі қаланған сұрақтар мен мәселелерді кең, әрі нақтырақ қарастыру көзделген. Атап айтқанда, қысқа мерзімді уақытта сақтандыру рыногын дамытудың мақсаты мен міндеттері келесідей болады: азаматтарды, заңды тұлғаларды, мемлекетті қорғауды және мемлекет экономикасының дамуы үшін ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстарды шоғырландыруға қатысты сақтандыруға қажеттілікті қанағаттандыру шараларын әзірлеу және жүзеге асыру; өмірді сақтандыруды халықты әлеуметтік қорғау құралы ретінде дамыту; міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру; сақтандыру ұйымдарына халықтың сенімділігін және сақтандыру қатынастарының субъектілерін сақтандыру мәдениетін көтеру; озық халықаралық тәжірибелер негізінде сақтандыруды қадағалауды жетілдіру.

Сақтандыру рыногы инфрақұрылымын дамытудың өзекті мәселесі сақтандыру рыногының түрлі қатысушыларын біріктіретін қоғамдық ұйымдарды құру және дамыту болып табылады. Сақтандыру секторын дамытуға назар аударатын кезең, ол кепілдік беру институттары қызметін халықаралық тәжірибелерге сәйкестендіру бойынша жетілдіру болып табылады. «Өзара сақтандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шілдедегі Заңына сәйкес сақтандыру ұйымдарына «ипотекалық сақтандыру» сыныбы бойынша қызмет жүргізу мүмкіндігі берілді [8].

Сонымен қатар, «Ипотекалық несиелерге кепілдік беру Қазақстандық қоры» АҚ қызметін келешекте жетілдіру аясында, осы компанияның қызметтерін халықаралық тәжірибелерге сәйкестендіру болжанған, яғни ол деген сөз осы АҚ-ды сақтандыру ұйымына қайта құруды білдіреді. «Сақтандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы Заңына сәйкес пруденциалдық құжаттар ЕО (Solvency I) Директивасына және IAIS қағидаларына сәйкес келтірілген. Пруденциалдық реттеуді Risk based supervision енгізу жолымен жетілдіру және Solvency П төлемқабілеттігі жүйесіне өту талап етіледі. Осы жағдайлар сақтандыру рыногын қайта реттеуге және сақтандыру ұйымдарындағы тәуекелдікті басқару жүйесін құруға жағдай туғызады [9].

Қазіргі таңда қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау Агенттігіне сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының тарифтерін есептеу әдістемесін қарастыру құзыреті берілген. Бұл объективті қажеттіліктен туындап отыр. Осылай, көптеген сақтандыру ұйымдары өздеріне клиент тарту мақсатында табыстылықты және сәйкесінше сақтандыру ұйымының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін ерікті сақтандыру бойынша тарифтерді белгіленген мөлшерден төмен қоюда. Осыған байланысты сақтандыру статистикасының толыққанды базасы құрылады, соның ішінде қазіргі кезде сақтандыру рыногы дамуының маңызды міндеті болып табылатын бірінші ретте, міндетті сақтандыруда жиналатын мәліметтерді жинау, сақтау және өңдеудің методикалық базасы әзірленеді.

Сақтандыру статистикасының мәліметтерін жинауға сақтандыру ұйымдарымен қатар мемлекеттік органдар да тартылады, соның ішінде ішкі істер ұйымдары, мемлекеттік статистика, еңбекті және әлеуметтік қорғау органдары. Сақтандыру компанияларының қызметі белгісіздікке негізделетінін назарға ала отырып, сақтандыру компаниясына оның ағымдағы және күтілетін болашақ қаржылық жағдайын көрсететін мүмкін болатын жағдайларды ескеру керек. Осыған орай бүгінгі күні сақтандыру ұйымдарының тәуекелділікті басқару жүйесін құру мәселесі өзекті болып табылады.


ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Юлдашев, Р.Т. Страховой бизнес: слов.-справ. – М.: Анкил, 2005. –

С. 803.

2. Қазақстан Республикасы. Президент (1991–1994 жж.; Н.Ә. Назарбаев). Сақтандыру рыногын құру және дамыту бойынша ұйымдастырушылық-құқықтық шаралар туралы: ҚР Президентінің 1994 жылғы 9 сәуірдегі Жарлығы // www.afn.kz.



3. Қазақстан Республикасы. Президент (1991–1998 жж.; Н.Ә. Назарбаев). Мемлекеттік басқару органдарын оңтайландыру бойынша алдағы шаралар туралы: ҚР Президентінің 1994 жылғы 30 маусымдағы Жарлығы // www.afn.kz.

4. Қазақстан Республикасы. Президент (1991–2004 жж.; Н.Ә. Назарбаев). ҚР мемлекеттік басқару жүйесін келешекте жетілдіру туралы: ҚР Президентінің 2004 жылғы 6 қаңтардағы Жарлығы // www.afn.kz.

5. Қазақстан Республикасы. Үкімет. Қазақстан Республикасының сақтандыру рыногын дамытудың 2004–2006 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылдың 1 шілдесіндегі №729 Қаулысы // www.afn.kz.

6. Қазақстан Республикасы. Заң. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру Қоры туралы. № 423–11 2003 жылдың 3 маусымындағы Заңы // www.afn.kz.

7. Қазақстан Республикасы. Үкімет. Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007–2011 жылдарға арналған Концепциясы туралы: Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылдың 25 желтоқсанындағы № 1284 Қаулысы // www.afn.kz.

8. Қазақстан Республикасы. Заң. Өзара сақтандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы: Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 5 шілдесіндегі № 164-III Заңы // www.afn.kz.



9. Қазақстан Республикасы. Заң. Сақтандыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы: Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 20 ақпандағы Заңы // www.afn.kz.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет