Қазақстандағы ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы кеңестік биліктің мәдениет саласындағы реформалары және қазақ зиялыларының көзқарастары



жүктеу 87.54 Kb.
Дата13.06.2017
өлшемі87.54 Kb.
Қазақстандағы ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы кеңестік биліктің мәдениет саласындағы реформалары және қазақ зиялыларының көзқарастары
ХХ ғасырдың 20-шы жылдары жеңіске толықтай жеткен большевиктер Қазақстанда да күшпен Кеңес Үкіметін орнатты. Таптық-партиялық принціпке негізделген бұл үкімет ендігі жерде жаңа қоғам орнату үшін еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласына ғана емес, мәдениет саласына да өзгерістер жасауды жолға қояды. Кеңестік билік мәдениет саласын өз мүдделеріне қарай икемдемейінше социализм құру ісін толықтай жүзеге асыра алмайтындықтарын түсінген еді. Осы кезеңде, патша тақтан түсісімен азаттық пен тәуелсіздікті ұран етіп, ұлттық мемлекет құруға ұмтылған “Алаш” қайраткерлері және олардан бастау алатын С.Сәдуақасов, Ж.Мыңбаев сынды зиялылар халқының қамы үшін еңбек ете бастады.

Мәдениетті дамыту жолында арнайы ұйымдар құрыла бастады. Солардың бірі ретінде қазақ халқының ұлттық мәдениетін жаңғырту жолында қазақ зиялылары құрған арнайы “Талап” ұйымы болды. Бұл ұйымның басқармасы 1922 жылғы 13 желтоқсанда өткен тұңғыш құрылтай жиналысында сайланды. Х.Досмұхамедұлы ұйымның “төрағасы”, М.Есболов төрағаның орынбасары, М.Әуезов басқарма хатшысы, ал М.Тынышбаев қазынашы болып бекітілді /1/. “Талап” қауымының басты мақсаты – “Қазақ-Қырғыз халқының мәдениетінің өркендеуіне жәрдем келтіру” болып белгіледі.

Ұйым “Сана” атты өз журналын шығарып, оқырмандарын ұлт мәдениетін және тілін жаңғыртуға шақырады. Журналдың 1923 жылғы бірінші санында жарияланған ұйымның бағдарламасында мәдениетті дамыту жолындағы бес нақты міндет (халықтың тілі, әдебиеті, өнері, тарихы және салтын қарастыру) белгіленді.

Анықталған міндеттерді орындау үшін ғылыми баяндамалар дайындап, оларды талқылау, бұқаралық ақпарат құралдарына мақалалар даярлау, жаңа журналдар мен газеттер шығару, әртүрлі тақырыптарға көрмелер ұйымдастыру, әдеби, ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер жариялау, керекті мамандар дайындау үшін әртүрлі деңгейдегі оқу-орындары мен қысқа мерзімді курстар ашу шаралары қарастырылған.

Кеңестердің құрып отырған социалистік қоғамы барлық ұлттардың «қаналушы» табының мүддесін қорғайтын болғандықтан, партия барлық елдердің төменгі табына мәдени көмек көрсетіп, олардың мәдениетін орыс мәдениетінің деңгейіне дейін жеткізу қажет деген тұжырымға келеді. Бұл бір жағынан партияның жүргізіп отырған саясатының шет аймақтарды қалтқысыз орындалып отыруы үшін қажет болса, екінші жағынан жаңа мәдени шаралар арқылы шет республикаларда орыс мәдениетінің үлгісіндегі мәдениет қалыптастыруға мүмкіндік беретін еді.

Сондықтан 1923 жылы партияның XІІ съезінде шет аймақтардың «артта қалушылығын жою» туралы мәселе қойылады. Кеңес өкіметі бұл саясатын жүзеге асыру үшін мәдениеттің пролетарлық бағытындағы түрлі бастамаларға қолдау көрсете бастады. Мәдениет саласындағы қайраткерлердің тапшы болуына байланысты большевиктер Ақпан төңкерісінен кейін ұлттық мемлекет құру мақсатында топтасқан Алаш қайраткерлерін де мәдениетті дамыту ісіне тартуларына тура келді. Өз кезегінде оқыған қазақ зиялылар қауымы ұлт мәдениетін көтеруге бағытталған шараларды қолдап, ұлт өмірін қайта құру жолында қызмет ете бастайды.

Сол кезде еліміздің зиялылар қауымы мәдениетті дамытудың жолдарын іздестіруде мақалалар жазып, сауатсыздыққа қарсы күресті қолдап, оқу-ағарту ісіне байланысты өздерінің оң пікірлерін білдірді, сонымен қатар қоғамдағы бөгет болып отырған кемшіліктерді де көрсетіп отырды.

Оқыған, сауатты азаматтың қоғамдық-саяси оқиғаларды саралап, оған өз ықпалын жасай алатыны, халқының мәдениетінің өсуіне ықпалын тигізе алатыны белгілі. Сондықтан қазақ зиялылары мәдениетті дамытудағы ең маңызды мәселе оқу-білімді, сауаттылықты арттыру екендігін айтып, түрлі жолдарын ұсынады.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов та Қазақ халқы үшін оқу-білімнің маңызы туралы: "Рухани мәдениеттің бір белгісі, жұрт баласына жалпы оқу, газет, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу. Рухани мәдениет жолындағы алдыңғы басқыш – бастауыш мектеп..."/2/ – деп жазған.

Қазақ ұлттық зиялынарының рухани ұстазы болған Ахмет Байтұрсынов алғашқы Халық ағарту комиссары қызметін атқарған кезде де, кейін де ұлттық мәдениеттің жанашыры болудан ешбір таймаған адам. Ол ағартушылық қызметін кеңес дәуірінде де жалғастырып, мәдениетке байланысты, оның әр түрлі салаларын қамтып, ғылыми, көсемсөздік еңбектер жазды /3/. Мәселен, 1923 жылы жарық көрген "Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек" мақаласында А. Байтұрсынов өзінің мектептер ашу ісі туралы ойларын білдіреді.

Алайда, 20-шы жылдардың ортасынан бастап Кеңестер Одағындағы саяси жағдай мәдениетке әсер ете бастады. Партияның басшылығына И.Сталиннің келуімен социализм құрудың сталиндік зорлықшыл нұсқасы белең алған еді.

Сталиндік зорлықшыл саясаттың көрнекті өкілі болған Голощекин Қазақстанға бірінші басшы болып келгеннен кейін әлеуметтік-экономикалық, билік саласында реформалармен қатар мәдени реформаларды да бастап жібереді.

Голощекин “Түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениет жасаймыз” – деп ұрандатқанымен, шын мәнінде ұлттық мәденииетті біржолата жойып, социалистік біртекті мәдениет құруды жолға қояды. Ол, маңайына кейбір ұлт өкілдерін топтастырып, ұлттық мәдениетті дамыту жолындағылардың бәрін қудалау науқанын бастап жібереді.

Мәдениет тек саясаттың қажеттілігіне жауап беруі керек деп шешілді. Партияның саясаты халықтың тіл, әдебиет, өнер, мәдениет саласына араласып, рухани саланы саясаттың айла құралына айналдырды.

Ендігі жерде, мәдениет қайраткерлері, олардың шығармалары, шығармадағы образдар революцияға, партияға «қажетті» немесе «зиянды» болып екіге жіктелетін болды.

"Әдебиет – тап құралына" айналғаннан кейін қазақ қаламгерлерінің арасына жік түсіп, бір-бірімен қызу таласқа түсті. Сөйтіп, біреулері оңшыл, екіншілері – солшыл, үшіншілері – ұлтшыл тағы басқа атақтарға ие болып қазақ зиялыларының арасында бірлік емес, өшпенділік қоздырылды. 20-шы жылдардың басындағы қазақ ұлттық мәдениетінің тарихында елеулі рөл атқарған "Ақ жол" газеті, "Шолпан" мен "Сана" журналдарына қарсы саяси науқан ұйымдастырылды. Ташкентте шығып тұрған осы басылымдарға өз шығармаларын шығарып тұрған Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Қошке Кемеңгеров, Мұхтар Әуезов әдебиетші, қайраткерлерге "ұлтшылдар" деген айдар тағылып қоғамдық, мәдени өмірден ығыстырыла бастады. Партияның таптық саясатының нәтижесінде ұраншылдық, солақай сын, әсіре-тапшылдық көзқарас, мәдениет пен саясатты бірыңғай қарастыру сияқты құбылыстарға жол берілді.

«Қазақтың малды шаруасының ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылықты жүргізу үрдісі бар. Ол – көшпелілік. Одан қапелімде қол үзу қиын. Отырықшыныққа біртіндеп қыбын тауын барып ден қою керек. Бұған зорлық-зомбылық жүрмейді. Ауыл кедейінің әрекетсіздігі жалқаулығы емес, кәсіптің жоқтығы. Оған жұмыс тауып бер. Ол үшін өндіріс аш, зауыт, фабрика сал. Егіншіге құрал, сайман тап. Сонда ел өз өзінен отырықшыланады. Оқу, білімге, мәдениетке жетіседі. Коммунистер әлеуметтік төңкеріс жасады екен, оның жеңісі әлеуметтік жолмен баянды болсын. Әлімжеттіктің беті аулақ». Міне, қазақ зиялыларының ұстанған ортақ жолы да, мұраты да осы еді. Бірақ ол әпербақан әміршіл басшылықтан қолдау таба алмады. Қайта белсенді карсылықка ұшырады. Сау бастары саудаға түсті. 1926 жылы БКП(б) Өлкелік Комитет пен Бақылау комиссиясының біріккен пленумы төмендегідей қарар алды: "Біріккен пленум былай деп есептейді: Қожанов, Сәдуақасов және Мыңбаев бастаған топ өзінің мәні мен күрес әдістері жөнінде Қазақстанға тән болган ескі жікшілдіктің қалдықтарын (принципсіздік және жеке бастың бақастығы) сақтай отырып, сонымен бірге ауылдағы дәулетті топтардың партия мен Совет өкіметіне жасамақ ықпалын білдіретін

Бұл жылдары партияның қалыптасып келе жатқан тоталитарлық жүйесіне жасқанбай қарсы тұрған, халықтың рухани байлығын сақтап қалуға үлкен үлес қосқан ірі қоғам қайраткері де болды. Халық ағарту комиссары С.Сәдуақасов 1927 жылы Қазақстан мұғалімдерінің І съезінде "Қазақстанда халық ағарту мәселелері" деген тақырыпта баяндама жасайды. Баяндама сол жылы толық түрде кітапша болып басылып шыққан. С.Сәдуақасовтың бұл еңбегі Қазақстандағы оқу ісінің сол кездегі жай-күйіне, өткені мен болашағына жан-жақты талдау жасалуымен құнды. Еңбектің "Қазақстанда оқу жұмысының күйі мен болашағы" атты бөлімінде ол халық ағарту ісі алдында тұрған үш мәселені былайша белгілейді: "Бірінші мәселе – жалпы еңбекшілерге хат танытып мәдениетке жетіскен шаруа қылып шығару. Екінші мәселе – өндіріс кәсібі, ауыл шаруашылығы, үкімет мекемелеріне керекті ысылған жұмыскер, қызметкерлерді дайындау. Үшінші мәселе – қазақтың ұлт мәдениетінің көтерілуіне керекті мәдениет-білім күштерін әзірлеу".

С.Сәдуақасов 1925 – 1927 жылдары Халық ағарту комиссары болып қызмет атқарған кезеңде мәдениет саласына байланысты келелі мәселелерді мақалаларында көп көтерген. Мәселен, 1925 жылы "Жаңа мектеп" журналының алғашқы санында "Халық ағарту мәселелері" атты мақаласында мектеп үйін әзірлеу, оқу құралдарын даярлау, оқу орындарындағы дәрістің қай тілде жүруін анықтау сияқты мәселелерді күн тәртібіне қояды және оларға жауап іздейді.

С.Сәдуақасовтың ұлттық мәдениетке байланысты жазылған еңбектерінің бір саласы театр өнеріне арналған мақалалары болатын. Оның "Ұлт театры туралы" мақаласы қазақтың театр өнерін қалыптастыруға бағыт-бағдар берген еңбек болды /4/. Алдағы уақытта ашылатын театр туралы С.Сәдуақасов: "Алғашқы қазақ театры универсал болуы керек. Барлық әдеби, мәдени өнердің бәрін бір жерге жию керек" – дей келе, театрдың ұлттық сипаты туралы: "Қазақстанның ұлт театры қазақ ұлтының бел баласы болуы керек. Жалпыадамшылық мәдениетінің базарына біреуден ұрланды емес, өз өнерімізбен, өз еңбегімізбен тапқан байлығымызды апаралық. Сонда ғана халықтан ұялмаймыз" – деп өз ойын ашық білдіреді. Осыған байланысты назар аударарлық мәселе С.Сәдуақасовтың театр репертуарына ерекше маңыз берді. Оның ойынша: "Пьеса жазушыларға қазақтың қызық тарихы бар. Тарихында ұялмау түгіл, мақтанатын істері бар. Орыс жазушысы Тренев "Пугачевщинаны" жазса, біз Кенесарыны неге жазбаймыз? Қазақ тұрмысы – ... жазушыларға қаймағы бұзылмаған байлық". Осы айтылған пікір театр туралы, жалпы ұлттық мәдениет туралы салиқалы пікір болып табылады.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында-ақ Орынбор, Ташкент, Семей сияқты қазақ зиялылары шоғырланған қалаларда драмалық үйірмелер жұмыс істеп, оларда алғашқы пьессалар қойыла бастаған. Мәселен, М.Әуезовтың 1917 жылы жазған "Еңлік-Кебек". С.Сейфуллиннің "Бақыт жолында" және басқа да авторлардың пьесалары қойылып жүрді. Құрылған, тұрақты жұмыс істейтін театр болмады.

Қазақтың алғашқы театрын ашуда Смағұл Садуақасовтың еңбегі зор болды. Ол 1925 жылы Қазақ АССР-і Кеңестерінің V съезінде қазақтың ұлттық театрын құру туралы қаулыны алуына мұрындық болды /5/. Сонымен бірге республиканың әр өңірінен өнер таланттарын Қызылордаға шақырып, қазақ театрының ұйымдастыру және материалдық негізін жасауда көп еңбек сіңірді. С.Садуақасов 1926 жылы "Ұлт театры туралы" деген еңбек жазып, алғашқы рет үздік пьесаға бәйге жариялады /104/. Осы бәйгенің қорытындысы бойынша бірінші бәйгені М.Әуезовтың "Қарагөз" пьесасы, ал екінші бәйгені Ж.Аймауытовтың "Шернияз" пьесасы алады.

Мәдениетті тікелей саясаттың құралына айналдыру 20-шы жылдардың аяғынан бастап ерекше қарқынға ие болды.

20-шы жылдары ұлт зиялылары мәдениеттің әр саласында ат салысып, қатаң идеологиялық қысымға қарамастан халқының қажетіне қызмет етті. Көркем әдеби туындылардан басқа не әдебиет саласында "Аламан", "Тарту", "23 жоқтау" атты жинақтар, қазақ тілі мен әдебиетіне, ғылым мен білімнің көптеген салалары бойынша оқулықтар жазып жариялады. Қазақ әдебиеті тарихына қатысты Сейфуллиннің, Әуезовтың, Мұқановтың, Досмұхамедовтің мақалалары жарық көрді. Ауыз әдебиеті саласындағы ой-пікірлер М.Әуезовтің "Әдебиет тарихы" (1927), К.Досмұхамедовтің "Қазақтың халық әдебиеті" (1928, орыс тілінде) атты іргелі зерттеулерге ұласты /6/.

Қорыта келе айтарымыз: жалпы қазақ зиялылары халқымызды орыстандыру саясатының құралына айналып отырғанымызды көре отырып, ұлттық мәдениетімізді дамытып көркейтуге ат салысты. Енді компартияның саясатын уағыздайтын шындықты жасырып, халықты мәңгүрттендіретін жаңа кезеңнің таптық әдебиетімен, жалған жазылған тарихпен сауаттана бастадық. Мәдениетке шын жанашыр болған зиялылардың 20-шы жылдары шыққан еңбектері кеңестік тарихнамада ескерілмеді. Тек тәуелсіздік алғалы ғана мұндай еңбектерге оң баға беріле бастады. Мұндай халқының қамын жеген азаматтарымыздың өнегелі істерін ұрпаққа үлгі етіп, сара жолдарын ашып көрсету – тарихшылардың міндеті.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Досмұхамедов Х. Таңдамалы. Алматы: Ана тілі, 1998. – 369 – 371 бб.]

2. Бөкейханов Ә. Шығармалар. Алматы, 1994. – 384 б.

3. Рыскулов Т.Р. Собрание сочинений в трех томах. Т.З. Алматы, 1998, – 287 б.

4. Еңбекші қазақ,1925. 25-29 қазан.

5. Қамзабекұлы Д. Смағұл Сәдуақасұлы. – 43 б.

6. Ахметов Қ.Ә. ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдардағы Қазақстан мәдениеті. Тарих ғыл. канд… дисс. Алматы, 2002.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада Кеңес үкіметінің, партияның мәдениет саласындағы сыңаржақ, құйтырқы саясаттары және мәдениет саласындағы қайта құру ісінде қазақ халқының ұлттық мүдделерін қорғай отыра, құнды ой-пікірлер айтып, өздерінің дұрыс ұсыныстарын жасағаны қазақ зиялылары туралы баяндалған.


РЕЗЮМЕ

В данной статье горворится о взглядах интеллигенции 20-х годов ХХ века на реформы в области культуры, который проводила советская власть.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет