Қазақстан тарихы



жүктеу 5.01 Mb.
бет3/24
Дата15.01.2017
өлшемі5.01 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

Үйсін мемлекеті. Б.з.д. ІІ – б.з ҮІ ғасырларда Қазақстан аумағында мекендеп мемлекеттік дәрежеге көтерілген көне тайпалық одақтардың бірі үйсіндер болып табылады. Үйсін – қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ежелгі түркі тайпаларының бірі. Ежелгі қытай жазбаларында үйсін атауы б.з.б. 2 ғасырдан бастап кездеседі. Жетісу үйсіндерінің шығу тегіне келетін болсақ кейбір ғалымдар үйсіндердің сақ заманындағы исседондармен туыс екенін дәлелдеп, оларды Тянь-Шань және Шығыс Түркістан тармағы деп бөледі. Белгілі антрополог О. Смағұлұлының дәлелдеуінше үйсін антропологиялық типінің морфологиялық құрылыстары нәсілдік жағынан сақ дәуірінде өмір сүрген тайпаларға өте жақын. Демек үйсіндерді сақ тайпаларының тікелей ұрпақтары деп тұжырымдау орынды.

Белгілі қытайтанушы тарихшы-ғалым Н. Мұқаметқанұлы: “Үйсін мемлекеті дегеніміз – үйсін тайпалар одағынан құрылған Қазақстан аумағында б.з.д. ІІ – ҮІ ғасырларда өмір сүрген байырғы мемлекеттердің бірі. Байырғы үйсіндер, Үйсін мемлекеті бізге қытай жылнамаларының орысша аудармасы арқылы “Усунь” деген атпен белгілі болған. Үйсін мемлекеті жөнінде жазылған тарихи деректер мол, қазылған археологиялық мұралар көп, зерттеу еңбектері де аз емес”... Аталмыш “Үйсін” деген этноним ең алғаш қытай тарихшысы Сы Мачянь (Сыма Цянь) жазған “Тарихнама - Ши цзы. Хұндар тарауында” хатталған”, - деп көрсетеді.

Үйсін мемлекетінің негізгі территориясы қазіргі Қазақстанның Жетісу өлкесі, Шу, Талас өңірі, Ыстықкөл аумағы және Қытайдың Іле аймағы болды. Шекаралары батысында Шу мен Талас өзені, шығысында Тянь-Шаньның шығыс атырауларына, солтүстігінде Балқаш көліне, оңтүстігінде Ыстықкөлге дейінгі аумақты алып жатты. Үйсі мемлекеті батысында қаңлылармен, шығысында ғұндармен, ал оңтүстігінде Ферғанамен шектесіп жатты. Қытай жазба деректері бойынша Үйсін мемлекетінің астанасы Чигу-Чэн (Қызыл аңғар) қаласы болған. Ол Ыстық көлдің жағасында орналасқан.

Ғұндардың күшеюінен қорыққан қытай үкіметі өзіне одақтас іздеп, батыс елдеріне елшілік жіберді. Қытай елшісі келген кезде үйсіндер Қытаймен және ғұндармен терезесі тең қуатты мемлекет болды.

Үйсіндер мен Үйсін мемлекеті жайлы жазылған қытай деректеріндегі мәліметтерге қарағанда – үйсіндердің 120 мың түтіні, 630 мың адамы, 188 мың 800 әскері болған. Мемлекеттің ең жоғарғы билеушісі гуньмо (күнби) деп аталған. Үйсін елі құрылғаннан бастап, оның бүкіл елді басқаратын үкіметтік ұйымы болды. Әлеуметтік қатынастар заңдар арқылы реттелді, күшті, ұйымдасқан әскері болып, қытайлар үшін «Батыс өлкедегі ең күшті мемлекет» саналды.

Үйсін қоғамы біртекті болмаған, онда байлары – тайпа мен ру дәулеттілері, жасауылдар мен абыздар және қатардағы бұқара – малшылар мен егіншілер болған. Үйсіндер қоғамында құлдар да болған, олар негізінен соғыс тұтқындарынан құралды және үй шаруашылығында пайдаланылды.

Үйсін қоғамында мүліктік және әлеуметтік теңсіздік, малға жеке меншік болды. Әрбір отбасы өздерінің малын ажырататын өз таңбаларын салды. Жер иеленуге де жеке меншік болғанын жазба деректер мәлімдейді. Үйсін қоғамында әлеуметтік теңсіздіктің болғанына археологиялық қазбалар дәлел. Жетісудың көптеген қорғандарының көлемі әртүрлі - үлкен, орташа және шағын болып келеді.

Үйсіндердің шаруашылығы мен мәдениеті жайындағы деректер археологиялық қазбалардан анықталып отыр. Қытай жазбаларында үйсіндерді көшпелілер ретінде сипаттайды. Б.з.б. 105 жылы үйсін күнбиіне ұзатылған Қытай императорының қызы киізбен қаптаған дөңгелек үйде тұратынын, ет, сүтпен қоректенетінін айтып, өлеңмен зарлы хат жазған. Үйсіндердің негізгі шаруашылығы – мал шаруашылығы. Әсіресе, жылқы мен қой өсіру жақсы дамыды. Кейбір байлардың 4-5 мың жылқысы болған. Сонымен қатар егіншілік те дамыған, бау-бақша өсірілген, кейбір қожалықтар жартылай отырықшылық тіршілікке көшті. Іле, Шу, Талас өзендері алқабынан суландыру жүйесінің іздері анықталды. Обалардан табылған мәдени мұралар қолөнер кәсібінің болғандығын да дәлелдейді.

Қарғалы үңгірінен табылған диадема (бас киім) б.з.д. 2 – 1 ғғ. өмір сүрген үйсіндік зергер-ұстаның тамаша туындысы. Бұл ұзындығы 35 см., ені 5 см. диадемада аңдар, жануарлар, адамдар бейнеленген. Ол суреттер үйсіндердің наным-сенімдерін білдіреді. Мысалы, ондағы пырақты аттар күннің символы болып табылады. Үйсін шеберлері алтын әшекей бұйымдарды зерлеу тәсілімен жасады. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған осындай және басқа да қолөнер заттары мен бұйымдары үйсін өнерінің жоғары даму деңгейін көрсетеді.

Үйсін мемлекетінің Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы оның көршілес елдер, тайпалармен (қытай, ғұн, қаңлы, ұйғыр, қырғыз және т.б.) саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуына мүмкіндік жасады. Бастапқыда Үйсін мемлекеті ғұндармен қалыпты қарым-қатынаста болды. Бірақ Хань патшалығының ғұндарды жеңіп, батысқа бет алу әрекеті үйсіндерді қытайлармен тығыз байланыс орнатуға мәжбүр етті. Қытайлар ғұндарға қарсы батыста жатқан елдерден одақтастар іздеуге кірісті. Қытай императоры Уди б.з.д. 138 жылы үйсін еліне Чжан Цянь бастаған елшілік жібереді. Осыдан кейін екі жақты қарым-қатынастар етек алып, үйсіндер Қытаймен кең дипломатиялық және туыстық қатынаста болған. Қытайлар үйсіндермен құдандасып, күнбиге Хань патшалығының ханшасын әйелдікке береді. Әрине, бұл құдалық белгілі саяси мақсатты көздеп, хань әулеті үкіметі мен үйсіндер арасындағы одақтастық байланыстың негізін қалады. Өз кезегінде ғұндар да үйсіндермен құдаласып, күнбиге өздерінің қыздарын беріп отырған. Үйсін мемлекеті біртұтас ел ретінде б.з. ҮІ ғасырының ортасына дейін өмір сүріп, одан соң Түрік қағанатының құрамына енеді.



Қаңлылар – қазақ халқының негізін құраған ежелгі тайпалардың бірі. Олар туралы деректерді негізінен қытай жазбаларынан аламыз. Шығыстанушы Н. Аристов «қаңлылар – ежелгі түркі руы» деп көрсетеді. В.Востров олардың ежелгі тайпа және түркі тілдес екенін нақтылап берді. А.М. Бернштамның пікірінше де қаңлылар түрік тілді халық болған.

Қаңлы мемлекеті (б.з.д. ІІ ғ. – б.з. Ү ғ.) – Оңтүстік Қазақстанда құрылған алғашқы мемлекеттік бірлестіктердің бірі. Қытай деректері бойынша астанасы Битянь қаласы болған. Қаңлының билеушісіне 5 иелік бағынышты болды. Кангюй мемлекеті мен оның иеліктерінің орналасу мәселелерінің тарихы И.Бичуриннен басталады, ол оның орналасқан жерін Сырдария өзенінің солтүстік жағындағы далалар деп белгілеген. «Шицзи» мәтініне «Давань туралы хикаяда» берген түсініктемесінде ол «Кангюй иелігі қазіргі қазақтың Ұлы жүзі мен Орта жүзі көшіп жүрген Сырдарияның солтүстік жағындағы далаларды алып жатыр» деп атап өткен. «Шицзиде» кангюйдің орналасуы туралы былай делінген: «Кангюй Даванның солтүстік-батысында шамамен алғанда 2000 ли жерде жатыр. Бұл - әдетте 20 000 әскері бар юечжиліктерге ұқайтын көшпелі иелік. Кангюй Даваньмен шектес және күшінің аз болуына қарай оңтүстікте юечжилердің билігін, шығысында ғұндардың билігін таниды».

Б.з.д. ІІ-І ғғ. қаңлылар батыс өңірдегі белді мемлекеттердің бірі болды. Үлкен Хань әулетінің келесі хроникасы «Цянь Ханьшудың» «жерге орналасуды суреттеу» деген тарауында кангюйге арналған бөлім бар, онда сөзбе-сөз келтіргенде былай делінген: «Кангюй билеушісі Лоюень елінде, Уананнан 12 300 ли жердегі Битянь қаласын мекендейді. Ол наместникке тәуелді емес. Әміршінің жазда болатын жеріне Лоюеннен жеті күнде жетуге болады... Халқы 120 000 отбасынан, 600 000 адамнан тұрады; әскер саны 120 000 адам. Әдет-ғұрпы үлкен юечжимен бірдей. Кангюй шығыс жағында ғұндарға бағынады...». Осы ғасырдың ортасына қарай олардың орналасу мәселелері жөнінде негізінен екі көзқарас: 1. Кангюйлер Ташкент жазирасынан Хорезмге дейінгі қос өзен арасындағы кең-байтақ жерді алып жатты; 2. Кангюй иелігі Сырдария өзенінің сағасынан Ташкентке дейінгі алқапта шоғырланған, ал байырғы жерлері Сарысу өзенінің орта ағысынан сол өзен мен Шу өзенінде, Ұлытауға дейін орналасқан деген көзқарастар қалыптасты.

Алайда кангюйлердің байырғы жерлері Сырдарияның орта ағысы бойындағы жерлер болған. А.Н.Бернштамның пікірі бойынша, неғұрлым ертедегі тарихи ескерткіштер – Авестада, Махабхаратада, Пехлевилердің бундахишні мен эпикалық Шахнамада аңызғы айналдырылған Кангха нақ осында орналасқан. Ол ежелгі түріктердің руналық ескерткіштерінің Кенгутарбант елін де осында орналасқан деп көрсетуді ұсынған еді. Кейіннен бұл көзқарасты Қазақстан зерттеушілері мен ежелгі Орта Азия тарихының саласындағы басқа да мамандар негізге алды. С. Г. Кляшторный мен Л. М. Левинаның еңбектері кангюйлердің орналасу мәселелерін зерттеуге қосылған елеулі үлес болды. Біріншісі кангюйлер туралы жазбаша деректердегі хабарларды қорытып, кангюй жерлерінің орналасуы жөніндегі негізгі пікірлерге сын көзбен талдау жасады. Л.М.Левина сол кезге қарай жинақталған археологиялық деректерді жүйеге келтіру мен қорытуда көп еңбек етті. Ол кангюйлер заманындағы Сырдария алқабының негізгі үш мәдениетін сипаттап, оларды кезеңдерге бөлуді ұсынды. Жан-жақты талдау негізінде автор өзі қарастырған жетіасар, отырар-қаратау, қауыншы мәдениеті кангюй мемлекеті тұрғындары мәдениетінің нұсқалары болып табылады деген қорытындыға келді.

Сонымен, Кангюйлер Сырдария өзенінің орта ағысының солтүстік жағын мекендеген және Кангха мемлекетінің ұйтқысы болған тайпалар одағы деп айтуға болады.

Егер б. з. б. II ғасырдың екінші жартысында қытай елшісі Чжан-Цянь Кангюй жерлерінің оңтүстігінде юечжиге, ал солтүстігінде ғұндарға тәуелді екенін айтса, біздің заманымыздағы I ғасырда мұндағы жағдай өзгереді. Егер Чжан-Цянь юечжи әскерін 100-200 мың, ал кангюй әскерін 90 мың деп хабарлаған болса, Цанб-Хань-Шу енді кангюй әскерін 120 мың, юечжи әскерін 100 мың дейді.

Бұл кезеңде Орта Азиядағы қос өзен аралығында юечжилердің негізгі бөлігінің оңтүстікке, сол жағалаудағы Бактрияға ығысуы, жерге отырықшылық орын алып, жеке-жеке бес иелікке бөлінгенін, мұның өзі кангюймен салыстырғанда олардың әлсіреуіне әкеп соқпай қоймағанын, ал кангюйлердің алдынан оңтүстік пен батысқа басқыншылық жорық жасау үшін мүмкіндік ашылғанын атап өткен жөн. Сол кезде б. з. б. II ғасырдың аяғы – I ғасырдың басы, сірә, кангюйдің жоғарыда аталған тәуелді бес иелігі пайда болса керек.

Б.з.д. І ғасырдың екінші жартысында Чжичжи шаньюй бастаған ғұндар Оңтүстік-шығыс Қазақстан жеріне алғаш рет көшіп келе бастады. Осындай жағдайда Қаңлы мемлекеті Чжичжимен одақ құрып, оны үйсіндерге қарсы пайдаланбақ болды. Қаңлы билеушісі Чжичжиді Талас алқабына шақырып, оған өзінің атты әскеріне қолбасшылық ету құқын берді. Бірақ, каңлылардың үміті ақталмады. Чжичжи үйсіндерді бағындыра алмады. Енді ғұндар мен каңлылар арасында қайшылық туды. Чжичжи қаңлы билеушісінің қосынынан қуылып, Таластың жоғарғы жағына кетеді, сол жақтан өзіне қала тұрғызады. Шаньюй құрлысқа қаржыны Ферғана мен Парфия билеушілерінен алым ретінде алып отырды, сірә, ол құрлысшы-шеберлерді де сол жақтан шақырып алса керек. Екі жыл бойы салынған қала мықты бекітілді, ол екі қорғанмен қоршалды, оның сыртқысы ағаш, ал ішкісі мұнаралары бар қамкесектен тұрғызылған дуалдан болатын.

Чжичжидің күшеюі, үйсіндерге шапқыншылығы Қытай империясын мазалады. Көп кешікпей қытай әскері жорыққа шықты. Ол Ұлы Жібек жолын бойлай екі бағытта жүрді. Үш отряд Қашғар, Ферғана арқылы, Шатқал жотасындағы Шанаш және Талас жотасындағы Қарабура асулары арқылы оңтүстік жолмен, үш отряд солтүстік жолмен – Шығыс Түркістаннан, сірә, усундердің Чигучэн ордасы орналасқан Ыстықкөл қазан шұңқырындағы Бедел асуы арқылы өткен болар, содан соң Шу аңғарымен Таласқа беттеді. Әскерлер Чжичжи қаласы қорғанының жанында қосылды. Шаньюйдің өзі қоршауға дайындалған еді, ол өз әскерлерін қабырғаларды бойлай орналастырды, ал қала қақпаларының екі жағына «балық қабыршағы» сияқты етіп әдеттен тыс сап түзеген жаяу жауынгерлер отрядын қойды. Алайда, қаһармандықпен қорғанғанына қарамастан, қытайлар сыртқа ағаш қорғанды өртеп, топырақ дуалды опырып жіберді, қоршаудағылардың қарсылығын басып, қалаға басып кірді де қамалды басып алды. Чжичжи мен оның төңірегіндегі жақындары көптеген туыстарымен, балаларымен, әйелдерімен және атақты князьдарымен бірге 1518 адам тұтқынға алынды. Олардың бәрінің басы шабылды. Бір мың екі жүздей жауынгері Усун мен Ферғананың вассалдық князьдарына сыйға тартылды.

Қытай-кангюй қатынастарының басқа бір жағы Шығыс Түркістандағы оқиғаларға байланысты. Біздің заманымыздағы 78 жылы Бань Чжао басқарған қытай армиясы Шығыс Түркістан жазирасына үстемдігін орнатады. Алғашқыда кангюйлер император наместнигіне одақтас болады да, көп кешікпей өзінің көзқарасын өзгертіп, біздің заманымыздың 85 жылы Бань Чжаоға қарсы көтерілген Суле (Қашғар) билеушісіне көмекке әскер жібереді.

Қаңлы тайпаларының негізгі кәсібі көшпелі мал шаруашылығы болған. Олардың бір бөлегі егіншілік және бау-бақша өсірумен айналысқан. Қолөнер едәуір дамыды. Олар Ұлы Жібек жолы арқылы көп елдермен сауда жасасқан, халықаралық саудаға қатысқанын археологиялық жұмыстар кезінде өзге елдерде жасалған заттардың табылуы дәлелдейді. Сол заманға сай қалалары да болды. Қаңлылар өрмекпен жүн мата тоқыған, алуан түрлі қыш ыдыстар істеген. Қоладан және темірден құрал-саймандар мен қару-жарақтар жасаған. Зергерлік бұйымдар мен әшекейлерді алтын, күміс және қоладан жасады. Ерте замандағы қаңлылардың жазу мәдениеті болған. Қаңлылар негізінен ата-аналарының аруағына, ал бір бөлігі отқа, айға, күнге табынған.

Қаңлы ескерткіштерінің жарқын көріністерін қауыншы, отырар-қаратау, жетіасар мәдениеттерінен көруге болады. Олар Сырдария сағасынан Ферғанаға дейінгі өңірге тараған. Қауыншы мәдениеті Ташкент аймағын қамтиды. 1958-1963 жж. А.Г.Максимова жетекшілік еткен Шардара археологиялық экспедициясы Оңтүстік Қазақстаннан қауыншы мәдениетіне жататын бірқатар ескерткіштер ашты. Оның біршама толық зерттелгені Шардараға таяу, Сырдарияның оң жағалауындағы Ақтөбе қонысы. Отырар алқабында Отырар-Қаратау мәдениетіне жататын ескерткіштер көп шоғырланған. Арыс өзенінің сол жағалауында аумағы әртүрлі Пұшық-Мардан, Қостөбе, Шаштөбе, Сейітман төбе, Ақайтөбе, Шалтөбе сияқты жиырма шақты қалашықтар бар. Олардың ең үлкені – Көкмардан. Бұлардың көбін 1969-70 ж. К.Ақышев жетекшілік еткен Отырар археологиялық экспедициясы тапқан. Жетіасар мәдениеті Қуаңдария мен Жаңадария аңғарын қамтиды. Бұл кездегі қала орындары біртектес. Қалалар мен обалардан Жетіасар мәдениетіне жататын түрлі бұйымдар табылды. Археологиялық қазбалар барысында табылған әшекей бұйымдар, шаруашылық заттар қаңлылардың егіншілікпен, мал шаруашылығымен, қолөнер кәсібімен, саудамен айналысқанын және өз тұсындағы Қытай, Парфия, Рим және Кушан империясы сияқты ірі мемлекеттермен саяси, экономикалық, мәдени байланыста болғанын дәлелдейді.

ІІІ-V ғғ. қытай деректері бойынша кангюйлер өзінің Орта Азиядағы қос өзен аралығындағы, Арал өңіріндегі иеліктеріне үстемдік етуінен айырылып, бірқатар тәуелсіз иеліктерге бөлініп кетеді. V ғасырда ол император сарайына елшілік жіберген елдер тізімінде ғана белгілі. Сірә, бұл кезге қарай кангюйлер орнында пайда болған ұсақ иеліктер эфталиттер мемлекетіне тәуелді болса керек. Біздің заманымыздағы 1 мыңжылдықтың орта шенінен бастап ортаңғы және төменгі Сырдария ауданындағы этникалық-саяси жағдай өзгерді. Оған түркі тілдес тайпалар басып кірді.
3 - тақырып. Орта ғасырлардағы Қазақстан (VІ-XII ғғ.)


  1. Ерте ортағасырлық мемлекеттер (VI-X ғғ.)

  2. Дамыған орта ғасырлар мемлекеттері (Х-ХІІ ғғ.)

3. Орта ғасырдағы мемлекеттердің экономикасы мен мәдениеті


  1. Ерте ортағасырлық мемлекеттер (VI-X ғғ.)

VI ғасырдың басында бүгінгі қазақ жерінде аса күрделі бетбұрыстар орын алды. Алтай, Сібір, Монғолия жерінде түрік тайпаларының үстем тап өкілдері бірігіп, күшті әскер күшіне сүйенген Түрік қағанаты атты феодалдық мемлекет құрылды.

Түрік қағанатының жері Солтүстік Моңғолиядан бастап Шығыс Еуропаға дейінгі өңірге дейін созылып, қоныс өрісі Әмудәрияның жоғарғы ағысына дейін жетеді. Қазақстан да осы қағандықтың құрамына кірді. Бұл мемлекет туралы жазба деректер Түрік империясының өз тілінде VII-VIII ғасырларда жазылған Орхон-Енисей жазбалары арқылы белгілі. Бұл ескерткіштер түркілер мекендеген Енисей өзенінің бойы мен қазіргі Моңғолия жеріндегі Орхон өзені маңайынан табылғандықтан “Орхон-Енисей” жазуы деп аталып кеткен. Ескерткіштер – VII-VIII ғасырлардағы түркі ру-тайпаларының іргелі елі Түрік қағандығының тұсында Білге қаған, Күлтегін (әскер басы), Тоныкөк (ақылшы, кеңесші) сияқты атақты адамдарға арнап тұрғызылған құлыптастағы жазулар.

Алғаш рет түрік атауы 542 жылы қытай жазбаларында кездеседі. Түрік атауы моңғолша тау сияқты дулыға дегенді білдіреді, кейде, түрік атауы ақсүйектер деген мағынада да қолданылады. Ал қытайлар түріктерді сюннулердің (ғұндардың) ұрпақтары деп санаған.

Түріктер 546 жылы Алтайды мекендеген теле /тирек/ тайпасын жеңіп, олардың 50 мыңнан астам әскерін тұтқынға алып, өз армиясына қосып алды. 552 жылы көктемде түріктердің билеушісі Бумын өздерінің билеушісі аварларға (жуань-жуандарға) қарсы шығып, оларды ойсырата жеңіп, Түрік қағанатын құрады. Түрік ордасының алғашқы қағаны Бумын болды. Бумын қаған 553 ж. қаза табады. Оның мұрагері Мұқан-қаған (553-572жж.) билік құрған жылдарда Түрік қағанаты Орта Азияда саяси үстемдікке ие болды. Олар маньчжуриядағы кидандарды, Енисейдегі қырғыздарды бағындырып, Солтүстік Қытай мемлекетінен алым-салық алып тұрды.

Бір тілде сөйлеген түркі халқының құрамында оғыз, қарлұқ, қырғыз, түргеш, ұйғыр, қыпшақ сияқты т.б. 30-дан астам ру-тайпалар біріккен. Бұл тайпалар шығыстан батысқа қарай жылжып, қазіргі қазақ жеріндегі үйсін, қаңлы тайпаларымен бірігіп, оларды өздеріне сіңіріп жіберген.

Түріктер әуелгіде Орта Азияны өзіне бағындыруда Каспий теңізінен Солтүстік Үндістан мен Шығыс Түркістанға дейінгі жерлерге ие эфталиттерге қарсы Иранмен одақ құрып, 587 ж. Бұхара түбінде оларды жеңеді. Тохаристан облысы Иран қарауына өтіп, Батыс түрік қағанаты мен Иранның саяси ықпал жасау аймағының шекарасы Амудария бойымен өтеді.

Түріктер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне баратын Жібек жолына иелік ету жорықтарын бастап Иранға қарсы Византиямен одақтасты. 571 жылы түріктердің әскери қолбасшысы Естеми Солтүстік Кавказды басып алып, Керчь шығанағына (Боспорға) шығып, 576 жылы Қырым жеріне енеді. Бірақ Естеми өлгеннен кейін, қағанат ішінде билік үшін қырқыс басталды. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретіп, 588 жылы Герат түбінде түріктер Ираннан жеңіліс тапса, 590 жылы Византия Боспорды қайта жаулап алады. 581-618 жылдары Солтүстік Қытайдың қағанат шекараларына шабуыл жасауы қағанатты одан бетер әлсірете түсіп, Түрік қағанатындағы саяси күйзеліс ақырында 603 ж. қағанаттың екіге - Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталады.

Батыс түрік қағанаттың астанасы Жетісу жеріндегі Суяб қаласында (қазіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде), ал жазғы орталығы Мыңбұлақта (Түркістан төңірегі) болды. Батыс түрік қағанаты ежелгі үйсін жерін жайлап, Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді өздеріне қаратты. Сонымен қатар ол Шығыс түрік қағанатының Шығыс Түркістан және Орта Азияның Самарқанд, Бұқара тағы басқа қалаларын басып алды. Осы қалаларда қағанның орынбасарлары отырды.

Батыс түрік мемлекетінің бірінші басшысы – қаған жоғарғы билеуші, бүкіл жердің иесі болды. Жоғарғы лауазымдар – жабғы, шад және елтебер қаған әулетінен шыққандарға берілді. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарды. Негізгі еңбекші халық – “қара бұдын” (қара халық) деп аталды. Жегуй қаған (610-618 жж.) мен оның інісі - Түн-жабғы қаған (618-630 жж.) билеген кезде қағанаттың күш-қуаты арта түсті. Тохарстан мен Ауғанстанға жасаған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік-батысына дейін кеңейтеді. Батыс түрік қағанаты мал және егін шаруашылығымен шұғылданды. Қалаларда сауда-саттық кеңінен өрістеді.

VII ғасырдың ортасына қарай он алты жылға (640-657) созылған қағанат ішіндегі өзара тартыс, тайпалар арасындағы соғыс қағанатты әлсіретеді. Осыны пайдаланған Таң империясы Жетісуды басып алып, онда таққа өз адамын отырғызады. Түріктер мен Таң империясы арасындағы үздіксіз соғыстардың нәтижесінде түргештер күшейіп VIII ғасырдың басында Жетісудағы билікті өз қолдарына алады.

Түргеш қағанаты 704-756 жылдар аралығында өмір сүрді. Қағанаттың негізін қалаушы Үшелік-қаған болды. Қағандықтың территориясы Орта Азияның оңтүстік-шығысында Шаш (Ташкент) қаласынан Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Турфан қалаларына дейінгі аралықты қамтыды. VI ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарында өмір сүрген түргештер VII ғасырда Жетісуға қоныс аударып, Батыс түрік қағанатының сол қанатының құрамына енген, халқы ең көп тайпа болған. Қағандық халқының этникалық құрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрды. Жазба деректердің көрсетуі бойынша олар Шу, Талас, Іле бойларында өмір сүрген. Үшелік қаған өзінің негізгі тайпаларын екі Ордаға бөліп, басты орталығын Суяб қаласында, екінші ордасын Іле аңғарындағы Күнгіт қаласында орналастырған. Батыс түрік қағандығының құрамында болған басқа да түрік тілдес тайпаларда түргештердің құрамына енген. Саяси әкімшілік билік қағандықтың ең жоғарғы билеушісі бас қағанның қолында болды. Үшелік қаған қағанатты 20 әкімшілік аймақтарға бөліп, әр аймақта 7 мыңнан әскер ұстады.

706 ж. Үшелік қаған қайтыс болып, оның орнына баласы Сақал қаған (706-711 жж.) отырды. Сақал қаған тұсында мемлекет ішінде бірлік болмай қаған билігі үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Оның үстіне қағанатқа батыстан арабтар, оңтүстіктен қытайдың Таң империясы, шығыстан Орталық Азия түріктері қауіп төндірді. Ішкі тартыстардың барысында қара түргештер жеңіске жетіп, олардың көсемі Сұлу-қаған (715-738 ж.ж.) билікке келеді. Оның тұсында Түргеш қағанаты күшейіп, нығайды. Мемлекет астанасы Талас (Тараз) қаласына ауысады. Сұлу қаған мемлекет ішінде тыныштық орнатып, бар күшті батыстағы арабтарға қарсы жұмылдыруға мүмкіндік алады. 723 жылы түргештер Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп арабтарға күйрете соққы берді. Бірақта арабтар 732 жылы түргештерді ығыстырып, Бұхара қаласын басып алады. 737 жылы Сұлу қаған арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып Тохарыстанға дейін жетті, бірақ көп ұзамай жеңіліп, қайтар жолында өзінің қолбасшыларының бірінің қолынан қаза табады. Сұлудың орнына оның баласы Тұқарсан Құтшар қаған болды. Оның тұсында қағанат ішінде сары және қара түргештер арасында билік үшін 20 жылға созылған ұзақ күрес басталып, қағандықтың саяси және экономикалық жағдайы мүлдем әлсірейді.

Осы алауыздық кезінде Жетісуға Алтайдан қарлұқ тайпалары көшіп келіп қоныстана бастайды. Түргештер қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады. Осы жағдайды пайдаланған Қытай империясының Шығыс Түркістандағы билеушісі 748 жылы Суяб қаласын басып алып, содан кейін Шаш қаласының билеушісін жазаға тартады. Оның баласы көмек сұрап, арабтарға барады. 751 ж. Тараз жанындағы Атлах қаласы түбінде Зияд-ибн-Салық бастаған араб әскері мен Гао Сяньжи басқарған қытай әскерлері арасында 5 күнге созылған үлкен шайқас болды. Шешуші сәтте қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытай әскерлері ауыр жеңіліске ұшырады. Қытай әскері Жетісуды ғана емес, Шығыс Түркістан жерін де тастап өз иеліктеріне кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ арабтар да Талас өңірінде тұрақтай алмай Шаш қаласына шегінді. Осыған қарамастан іштей әлсіреген Түргеш қағанаты қайтадан қалпына келмей, 756 ж. қарлұқ тайпаларының қысымына шыдамай, біржола құлайды. Осыдан кейін бұрынғы Батыс түрік қағанатының орнына төрт мемлекет: Төменгі Поволжье мен Солтүстік Кавказ жеріндегі Хазар қағанаты, Сырдың орта және төменгі ағысы мен Арал өңірінде Оғыз мемлекеті, Қазақстанның Солтүстік, орталық, шығыс аймақтарында Қимақ мемлекеті, Жетісу жерінде Қарлұқ мемлекеті пайда болды.

Қарлұқ қағанаты (756-940 ж.ж.). Қарлұқтар туралы алғашқы деректер V ғасырда олардың тирек тайпаларының құрамында болғандығын айтады. Қарлұқ туралы алғашқы дерек “суй әулетінің тарихында” 581-618 жылдары кездеседі. Онда қарлұқтар өздерінің басты руының атымен бұлақ (було) деп аталған. Қарлұқ тайпаларының әуелгі орналасқан аймағы – Батыс Алтай мен Тарбағатай арасындағы өлке.

VII ғ. орта кезінде қарлұқ бірлестігінің құрамына ірі-ірі үш тайпа – бұлақ, шігіл және ташлық кірген. Әмудәриядан бастап Қытайға дейінгі түріктердің барлығын шігіл деп атаған. Олардың біразы Таласқа жақын жерде Шігіл деп аталатын қалада тұрған. Шу аңғарында тұрған қарлұқ қоныстарының орталығы – Баласағұн қаласы. Қарлұқтардың біраз тобы Х ғасырда Іле аңғарында, Ыстықкөл мен Балқаш көлдерінің аралығында көшіп-қонып жүрген. Қарлұқтардың көсемдерін “жабғу” деп атаған. Олардың астанасы Қойлық қаласы болды.

ІХ ғасырдың аяғында қарлұқтардың жағдайы біршама нашарлады. Себебі Орта Азиядан саманидтер әулеті мен арабтардың шабуылы жиілейді. Сөйтіп, саманидтер мен қарлұқ қағандығының арасында Оңтүстік Қазақстан жері үшін ұзақ жылдарға созылған күрес басталды. 893 жылы Тараз қаласына Саманидтердің тегеурінді шапқыншылығы жасалды. Саманидтер Испиджаб, Тараз қалаларына өз ықпалын күшейтіп, мұсылман дінін енгізе бастады. Х ғасырдың басында Қарлұқ қағанатының жағдайы ішкі қырқыс, талас-тартыстардың нәтижесінде әлсіреді. Осы жағдайды пайдаланған Қашғар жеріндегі түрік тілдес тайпалар 940 жылы Баласағұн, Испиджаб қалаларын басып алады да, Қарлұқ мемлекеті құлап, Шу аңғарында Қарахандар әулетінің үстемдігі орнайды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет