Қазақстан тарихы



жүктеу 5.01 Mb.
бет21/24
Дата15.01.2017
өлшемі5.01 Mb.
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24

2. Қоғамдық-саяси өмірдегі келеңсіз құбылыстардың етек алуы.

ХХ ғ. 70-80-жылдары республиканың қоғамдық-саяси өмірінде де күрделі жағдай қалыптасты. КОКП-ның әлеуметтік-экономикалық саясаттағы қателері ұлттық қатынастарға да әсерін тигізбей қойған жоқ. Брежневтік басшылық бұл салаларды мүлтіксіз әрі ешқандай проблема жоқ деп санады. Ұлт мәселесін шешудегі табыстарды асыра бағалау кемелденген социализм концепциясынан туындады. Нақ осы кезеңде ұлт мәселесіндегі проблемалар шешілуінен гөрі шапшаңырақ қордаланды.

1922 ж. федералдық мемлекет ретінде құрылған КСРО іс жүзінде унитарлық мемлекетке айналып кетті. Оның құрамындағы Одақтас республикалардың құқықтары шектеліп, нақты егемендігі жоқ автономия ретінде дамыды. Ұлттардың өзін өзі билеуі іс жүзінде ұмыт болды. КСРО-дан еркін шығу құқы болғанымен бірде-бір халық оны пайдалана алмады. Бұл жерде нақты өмір шындығы есепке алынбады, саяси демократияның бұрмаланғандығы салдарынан бұлайша ерік білдірудің өзі мүмкін емес еді.

Ұлттық проблеманың бәрін тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы ғана шешуге болады деп пайымдалды. Бұл бағыттағы тәрбие нақты өмірден алшақ жүргізілді, интернационализм идеяларын насихаттаумен шектелді. Осы мағынада алғанда интернационалдық тәрбие ұлттық саясаттың орнына жүрді немесе бүтіндей оны ауыстырды.

Түрі ұлттық мәдениет, оқу мен тәрбие іс жүзінде аударма болды. 70-80 жж. ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана көбірек дәріптелді. Қоғамдық-саяси өмірде европоцентризм басым еді. КСРО халықтары мен ұлттарының дамуындағы орыс мәдениетінің рөлін асыра бағалау етек алды. Біздің тарихымыздың бөліп алуға болмайтын бөлігі болып табылатын көшпелілік өркениеті мен шығыс мәдениетінің бүкіл қабаты жауып тасталды, адамдардың тарихи санасын жою процесі жүрді. 1917 ж. Қазан төңкерісіне дейінгінің бәрін ұмытуға табандылықпен мәжбүр етілді. Мұның керісінше Кеңес дәуірінің тарихы барынша дәріптелді. Ресми органдар мен насихат қазақ халқының және Одақтың басқа халықтарының нағыз тарихы тек 1917 жылдан басталады деп жұртты сендірді.

Шұғыл интернационалдандыру, ұлттық мүдделерді есепке алмай бюрократтық және күштеп қудалау әдістерімен біртұтас совет халқының қалыптасуын шапшаңдатуға тырысу ұлт саясатында өрескел ағаттықтар мен елеулі қателіктер жіберуге әкеліп соқтырды. Ал шынайы интернационализм “өз” ұлтыңның да және басқа ұлттардың да ұлттық мүдделерін түсініп, мойындамайынша мүмкін емес еді. Ұлтшылдық ең алдымен ұлттық мүдделерді кемсітуден пайда болады.

Қазақстанда тіл саясатында да кемсітушілік орын алды. Орыс тілін республикада қазақтардың 60%-і меңгерсе, қазақ тілін орыстардың 1%–нен де азы меңгерді. Қазақ тілі тек тұрмыстық саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық, әскери өмірде, жоғары мектептерде қолданылмады. Кітаптың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70% эфирге орыс тілінде шықты. Бұрынғы КСРО-дағы империялық тіл саясаты ең алдымен орыс тілін білмейтін адамдардың әлеуметтік өсу мүмкіндіктерін шұғыл тарылта беру мақсатын көздеді.

Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, саяси ахуалдың қаталдандырылуы, еркін ой-пікір айтуға өкіметтің төзбеушілігі, әсіресе, зиялылар арасында наразылық туғызды. Ол түрліше көрінді. Студенттер, шығармашылық және ғылыми интеллигенция арасында республиканы орыстандыру саясаты айыпталды, қазақ тілінің жағдайына, республиканың егемендік құқының жоқтығына алаңдаушылық білдірілді.

Партиялық-мемлекеттік құрылым қызметінің 70-80-жж. басындағы өзекті бағыты бұрынғыша ұлтшылдыққа, жершілдіктің көріністеріне және патриархалдық құрылысты дәріптеуге қарсы күрес болды. Өзгеше ойлаудың барлық түрі қудаланды. Өмір сүріп тұрған жүйенің идеологиясы мен жаттанды догмаларына сай келмеген өз көзқарастарын әдебиет пен өнер шығармаларында бейнелеген интеллигенцияның өкілдері қудалауға ұшырады. Мысалы, ақын О.Сүлейменовтың “АзиЯ” деген талантты кітабы осындай қасіретке ұшырады. О.Сүлейменовтың оппоненттері “Молодая гвардия”, “Москва”, “Звезда” және басқа журналдардағы мақалаларында кітаптың идеологиялық бағыты мен мақсатына күмән келтірді. Ол ұлтшылдық, пантюркистік шығарма және орысқа қарсы деп айыпталды.

Кеңестік билік ғалымдар арасындағы ой-пікір бостандығына барынша тиым салып отырды. Мысалы, 1976 жылы философия институтының авторлар ұжымы даярлаған “Дәстүрлі қазақ өнерінің дүниетанымы” деген кітапты басып шығаруға тиым салды. Антрополог О.Исмағұловтың “Қазақстанның этностық геногеографиясы” деген кітабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды. Авторға методологиялық қате жіберген, ру-тайпалық факторларды бүгінгі заманмен байланысты біржақты баяндаған деген айып тағылған. Кейінірек бұл айыптың бәрі алынып тасталды.

1979 жылы жазда Ақмолада болған оқиға ұлттық қатынастардағы ұлғая түскен қарама-қайшылықтардың көрінісі еді. Ол ұлттық қатынасты түпкілікті халықтың мүдделерін есепке алмай орталықтың әміршілдік әдіспен реттеуінің мезгілі өткенін көрсетті. Қазақстанда 1979 жылы неміс автономиясын құру әрекеті және оған қазақ тұрғындарының қарсы шығуы республиканың саяси тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі. Қазақстанда неміс автономиялы облысын құру туралы шешім 1979 жылы көктемде КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мәжілісінде республиканың үкіметі мен Жоғарғы Кеңесінің келісімінсіз қабылданды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың куәлік етуіне қарағанда, қазақ жерінің қақ ортасынан неміс автономиялық облысын ашу туралы шешім қабылдауға КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ю.Андропов мұрындық болған көрінеді. Бұл автономиялы облысқа Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарының бірсыпыра аудандары беріліп, Ерейментау қаласы оның орталығы жасалмақ болып белгіленді.

Автономиялы облыс құру туралы мәлімет республикаға тез тарап, қазақ халқының заңды қарсылығын туғызды. Маусымның 16 күні таңертең негізінен облыс орталығындағы жоғары оқу орындары мен техникумдарының студенттері қатарындағы қазақ жастары қаланың орталық алаңына жиналды. Жастар қазақ және орыс тілінде “Қазақстан бөлінбейді!”, “Неміс автономиясы болмасын!” және басқа ұрандар жазылған транспоранттар алып шықты. Митинг Кремльдің неміс автономиясын құру туралы шешімін айыптаған үндеу қабылдады. 19 маусымда Ақмолада тағы бір демонстрация болды. Оны аудандардан келген соғыс және еңбек ардагерлері бастады. Оған 2 мыңнан 4 мыңға дейін адам қатысты. Демонстрацияға қатысушылар облыс басшыларына автономияны құруға қарсы үндеу тапсырды. Ақмоладан кейін шағын митингілер мен демонстрациялар Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда өтті.

КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының бұл шешіміне республикада тұратын немістердің өздері де қарсы болды. Олар “Қазақстаннан шаңырақ сұрағанымыз жоқ, кеңес немістерінің ту тікпек жері Еділ бойы, автономия алсақ, о бастағы “ата” қоныстан ірге көтереміз”, - деп отырып алды. Бұл жерде еске салып кететін жағдай: бұрын Волга бойында, нақтырақ айтсақ Ресейдің Волгоград және Саратов облыстарының аумағында неміс автономиялық облысы бар болатын. Ол 1941 жылы Гитлерлік Германия әскерлері КСРО-ға басып кіргеннен кейін Кеңес үкіметінің шешімімен таратылып, оның мыңдаған азаматтары Қазақстан жеріне жер аударылған еді. Республика халқының наразылығының нәтижесінде орталық өз шешімін өзгертуге мәжбүр болды. Сөйтіп, Қазақстан жерінде неміс автономиялық облысын құру жөніндегі шешім іске аспай қалды. Бұл бой көрсетулерден соң жазалау науқаны шектеліп жүргізілді (бұл тоқырау заманы үшін болмаған оқиға) және тіпті әкімшілік істері бойынша да сот процесі жүрген жоқ. Алайда республиканың басшылығы және Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті демонстрация туралы хабардың кең тарап кетпеуі үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Баспасөз беттерінде бұл оқиғалар туралы ештеңе жазылған жоқ.

Осы жылдарда индустриялық дамудың, кәсіпорындардың көптеп салынуының нәтижесінде қоршаған ортаға орасан зор зиян келтірілді. Сырдария және Әмудария өзендерінің суларын мақта егісіне көптеп бөлуден Арал теңізі тартылып, оның суы азайды. Арал теңізі атырабына өндіргіш күштерді орналастыруда жіберілген стратегиялық қателіктер, жер және су қорын есепсіз пайдалану, мақта мен күріш дақылдарын өсіруге басымдық беру салдарынан теңіз түбі 27 мың шаршы шақырымға дейінгі аумақта құрғап, жалаңаш қалды. Теңіз суының тұздылығы 3 еседен астам өсіп, Арал өзінің балық өнеркәсібінен тұтастай айырылды. Оның үстіне құрғап қалған теңіз түбінен тұз бен шаңның көтерілуі күшейе түсіп, Арал аймағының климаты күрт нашарлап кетті. Айналадағы табиғи орта тепе-теңдігінің бұзылуы халықтың тұрмыс жағдайы мен денсаулығына қатер төндірді. Адам өлімі, әсіресе, балалардың шетінеуі көбейді. Аймақ тұрғындарының 80%-і әр түрлі сырқаттарға шалдықты. Бұл экологиялық апат іс жүзінде ұлттың генетикалық өсіп-өнуі мүмкіндігін сақтап қалу туралы мәселе көтеруге мәжбүр етті, өйткені Арал аймағы негізінен республиканың байырғы халқы - қазақтар мекендейтін аудан.

Осындай ауыр жағдай Семей өңірінде де орын алды. Семей және басқа полигондарда барлығы 500-ден аса ядролық қарулар жарылды. Бұл жарылыстардың халықтың денсаулығына және қоршаған ортаға тигізген зияны мен зардабы туралы ондаған жылдар бойы айтылмады. Ғалымдардың мәліметі бойынша полигонда сынақ жасалған жылдары кемінде 500 мың Семей өңірі тұрғындары ионды радиацияның сәулесіне ұшырады, әсіресе, онкологиялық сипаттағы аурулар көп шықты. 1975-1985 жж. бұл аурулардан өлгендер тек Семей облысының өзінде ғана 7 есе өсті, бала туу азайғаны, жынданып ауру және өзін-өзі өлтіру көбейгені байқалды. Семей полигонынан басқа әр жылдарда Республика территориясында 27 жерде қуаты әртүрлі 38 ядролық жарылыс жасалды. Бұндай жарылыстар, әсіресе, Атырау облысында көбірек болды, мұнда жаппай қырып-жоятын қарудың 17-сі сыналған. Сегіз ядролық заряд Орал өңіріндегі полигондарда, қалғандары Ақтөбе, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан облыстарында жарылған. Бактериологиялық қарулар сынау полигоны Арал теңізіндегі Барсакелмес аралында жүргізілді.

70-80-ші жылдары мәдениет саласын нығайтуда біраз жұмыстар істелді. Селолық жерлерде 6 мыңнан астам клубтар мен мәдениет сарайлары қызмет көрсетті. Оларда 12 мыңнан астам көркемөнерпаздар ұжымы істеді. Ауыл-село тұрғындарының тұрмысына теледидар, радио, баспасөз, кино бұрынғыдан көбірек ене бастады. Қазақстанның село зиялыларының мәдени дәрежесі сан және сапа жағынан едәуір өсумен сипатталды. Орта есеппен бір колхоз бен совхозға 70-ші жылдардың басында 45 жоғары және арнайы орта білімі бар маманнан келді.

1970 жылға қарсы теледидар республиканың барлық облыстарына дерлік енді. Қазақстанда теледидардың 15 программалық орталығы және осынша студиясы, сондай-ақ теледидар бағдарламасын тарататын және қабылдап алып қайта тарататын жүйелер істеді. 4 республикалық және 19 облыстық бағдарламалар арқылы радио хабарлары қазақ, орыс, ұйғыр, корей тілдерінде жүргізілді. 1976 жылдың аяғында 10282 кино қондырғысы болып, олар бір жылда 290 миллион кино көрерменіне қызмет көрсетті.

Халық ағарту ісі де бірсыпыра алға басты. Мысалы, республиканың жалпы білім беретін 10154 мектебінде 1970 жылы 3 млн. 140,8 мың бала оқыса, 1977 жылы 9217 мектепте 3 млн. 266,1 мың бала оқыды. Мектептің оқу ісінің алдына 70-ші жылдары жаппай орта білім беру міндеті қойылды. 1984 ж. балаларды алты жастан бастап оқытуға көшу, еңбекпен ұштастыра оқыту үшін оқу-материалдық база жасау, оқу бағдарламасына жаңа пәндер қосу жөніндегі мектеп реформасы басталды. Бірақ, осымен бірге мектептегі оқу ісін дамытуда кемшіліктер де орын алды. Мектептерге партиялық әмір күшейе түсті. Оқу-тәрбие процестерін саясаттандырудың үстіне жалпы көрсеткішті қуалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайды қарауы қосылды. Ұлттық мектептерді қысқарту тенденциясы күшейіп, орыс мектептерінің саны көбейді. Мектептегі оқу ісінің дағдарысы экономикадағы, саясат пен идеологиядағы бұрмалаулардың көрінісі еді.

1970 жылы Қазақстанда 46 жоғары және 190 арнаулы орта оқу орны болып, оларда 416 мыңнан астам студент білім алды. Студенттер 160 мамандық бойынша әзірленді. Республиканың техникумдарында жастар 182 мамандық бойынша оқытылды. 1986 жылы республикада жоғары оқу орындарының саны 55-ке, ал арнаулы орта оқу орындарының саны 246-ға жетті. Жоғары оқу орындары мен техникумдарда 550 мыңдай студент оқыды. Республика халқының әрбір 10 мың адамына 160 студенттен келді.

ХХ ғ. 70-80 жж. қазақ әдебиеті І. Есенберлиннің, Ә.Нұршайықовтың, М.Мақатаевтың, Т.Айбергеновтың, О. Сүлейменовтың, М.Шахановтың, Қ.Мырзалиевтің, Ф.Оңғарсынованың, Ә.Кекілбаевтың, О.Бөкеевтің және басқалардың шығармалары арқасында елеулі табыстарға жетті. Сазгерлер Ш.Қалдаяқовтың, Л.Хамидидің, Н.Тлендиевтің, Ә.Еспаевтың, І.Жақановтың әндері Қазақстанның музыкалық мәдениетінің алтын қорына кірді.

“Ботагөз”, ”Аққан жұлдыз”, “Менің атым Қожа”, “Қыз Жібек”, “Атаманның ақыры”, “Транссібір экспресі”, “Бейбарыс сұлтан” кинофильмдері республика кино өнерінің таңдаулы туындылары деп бағаланды. Қазақ киносының табыстары көбінше артистер Н.Жантуриннің, Ы.Ноғайбаевтың, А.Әшімовтың, Ә.Боранбаевтың, режиссерлар Ш.Аймановтың, М.Бегалиннің, С.Ходжиковтың, А.Қарсақпаевтың, Т.Теменовтың және басқалардың шығармашылық қызметтерімен байланысты.

Ә.Қашаубаев негізін салып кеткен ән өнеріндегі игі дәстүрді Б.Төлегенова, Е.Серкебаев, Ә.Дінішев, Р.Жаманова, Р.Бағланова, Р.Рымбаева т.б. жалғастырып байыта түсті.

70-80-ші жылдары ғылым саласында да біраз табыстарға қол жетті. Республика Ғылым Академиясының бірсыпыра ғылыми зерттеулерін дүние жүзі таныды. 1976 жылы биолог ғалым М.Ә.Айтхожин генетика мен микробиология саласында Лениндік сыйлыққа ие болды. Ғалымдардың зерттеулері оңтүстік Маңғыстауда және Орал-Ембі атырабында мұнай мен газдың ірі кендерін игеруге, Ертіс-Қарағанды каналын салуға, егін шаруашылығында топырақ қорғау жүйесін енгізуге көмектесті. Осы жылдары бес томдық “Қазақ КСР тарихы”, он томдық “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі”, он бір томдық “Қазақстанның металлогениясы”, тоғыз кітаптан тұратын “Қазақстанның сүт қоректілері”, тоғыз томдық “Қазақстанның өсімдіктері” және диалектикалық логика жөнінде бірсыпыра іргелі монографиялар мен зерттеулер жарық көрді. Әл-Фарабидің, Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің мұраларының зерттеліп басылып шығарылуы қоғамдық ғылымдағы елеулі оқиға болды.

Алайда Қазақстан ғылымының табыстарымен бірге оның қайшылықтары мен шешілмеген ірі проблемалары да болды. Машина жасау, радиоэлектроника, радиотехника, автоматика сияқты ғылыми-техникалық прогрестің аса маңызды салалары бойынша ғылыми кадрларды даярлау және ғылыми мекемелерді ұйымдастыру кенже қалып келді. Академиялық, жоғары оқу орындарындағы және салалық ғылымды нашар ұштастыру көп тақырыптылыққа, ғылыми күштердің шашырап кетуіне, олардың аса маңызды бағыттарды зерттеуге тиісінше шоғырландырылмауына, ғылыми жұмыстардың бірін-бірі қайталауына әкеп соқты. Ғылыми зерттеулердің тиімділігі күрт төмендеді. Мысалы, 1985 жылы өндіріске енгізілген бір зерттеудің экономикалық тиімділігі 1980 жылмен салыстырғанда екі есе төмендеді. Республиканың бірде-бір ғылыми мекемесі елде құрылған ғылыми-өндірістік комплекстердің құрамына кіре алмады. Сөйтіп, экономикадағы тежеу мен тоқырау құбылыстары қоғам өмірінің мәдени салаларына да, ғылымның дамуына да салқынын тигізбей қоймады. Мәдени салалардың мәселелерін жете бағаламау, олардың дамуына қаржыны “қалдықты” принцип бойынша бөлу республика мәдениетінің кең көлемде дамуына өзінің теріс әсерін тигізді.

Сонымен, тоқырау өмірдің барлық салаларында: қоғамдық-саяси өмірде, идеологияда, мәдениетте, адамдар арасындағы қарым-қатынаста және т.б. орын алды. Брежневтің жеке басына табыну етек алған жағдайда, әсіресе, 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың бас кезінде бұл жағдай барған сайын өрши түсті.
3. Қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құруға бағыт.
ХХ ғасырдың. 80-жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын сезіле бастады.1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев сайланды. Ол сол жылдың сәуір айында өзінің “қайта құру” бағытын айқындайды. Кеңестер Одағының жаңа басшылығының жариялаған әлеуметтік-экономикалық қайта құруға бағытталған бағыт, кейін уақыт көрсеткендей, оның алдындағы өкімет басшылары сияқты өзін демократиялық реформатор етіп көрсетуге бағытталған талпыныс еді. Оның алғашқы төрт жылында (1985-1989 жж.) жеделдету концепциясын жүзеге асыруға бағытталған бірқатар нәтижесіз бастамалар басталды. Жеделдетудің басты қадамы ретінде өндірістік құрылымды, құрал-жабдықтарды, техникалық жүйелерді жаңарту идеясы ұсынылды. Бұл идеяны ұсынушылар – академик-экономист А.Г. Аганбегян және т.б. тұтыну жабдықтарын сатып алуға бөлінетін валютаны азайтып, үнемделген қаржыны сырттан машина жасау өнімін сатып алуға жұмсауды ұсынды. Жоба авторлары бұл шара 1990 ж. қарай құрал-жабдық және машина жасаудың азаматтық салаларының құрал-саймандарының 90% әлемдік стандарт деңгейіне жеткізуге мүмкіндік әперіп, еңбек өнімділігін күрт өсіріп, жеделдетуге алып барады деп сенді. Аграрлық салада да ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ендіру ауыл шаруашылық өндірісін жеделдетеді деп есептеді.

Бірақта, іс жүзінде, жеке меншіктің, нарықтық қатынастың толық қанды ендірілмеуі жеделдету тұжырымдамасын қиялға айналдырып жіберді. Өндіріс өнімінің тапшылығы заводтар мен фабрикаларды өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталандырмады. Өйткені товардың жетіспеушілігі оның сапасына деген сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да заводтар мен фабрикалар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге бағытталған партиялық бағытты барынша орындамауға тырысты. Шет елдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар іске асырылмай, заводтар мен фабрикалар алаңында, темір жол станциялары мен қоймаларда қар мен жаңбыр астында жатты.

Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауыл шаруашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі меншікке байланысты болды. Мемлекеттік колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дәрменсіз болды. Арендалық әдістерді енгізу еңбеккерлердің қаржы мен еңбек нәтижелерін иемдену, табылған табысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс құрал-жабдықтары мен еңбек нәтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмады.

Маскүнемдікпен және тәртіпсіздікпен күрес қайта құрудың алғашқы жылында еңбек өнімділігін шамалы ғана арттыруға қол жеткізді. Оның есесіне маскүнемдікпен күрес мемлекеттік бюджетті азайтып, тұтыну саласындағы жағдайды шиеленістіріп жіберді.

Халықаралық аренада кеңестік басшылық өз беделін өсіру мақсатында 1985 жылы ядролық сынақты біржақты тоқтатты. Келесі бір оң қадам 1979 ж. желтоқсанда басталған ауған жанжалын тоқтату болып табылады. Кеңестер Одағы 1988 жылы өз әскерін Ауғаныстаннан шығара бастап, оны 1989 жылы ақпанда аяқтады. Ауғаныстандағы соғыс елге жыл сайын 5 млрд. сом шығын әкеліп отырған болатын. Бұл соғыс Қазақстанға соқпай өткен жоқ. Республикадан оған 21979 адам қатысып, оның 780-дейі қаза тауып, 393-і мүгедек болып, 22-сі хабарсыз кетті. Бұл шаралар Кеңестер Одағының әлемде беделін біршама өсірді. Кеңес-Қытай қатынасы жақсарды. Бірақта, КСРО әлі де болса бұрынғысынша орасан мол армия мен әскери-өнеркәсіп комплексін ұстап отырды. 1987 жылдан бастап ядролық сынақты қайтадан бастады.

«Қайта құру» тұжырымдамасы ұлт мәселесін де одан әрі шиеленістіре түсті. Қазақстанда Одақтың барлық жерлеріндегі сияқты басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жершілдік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар кеңінен орын алды. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өріс алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтеруге, болып жатқан істердің барлығын тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты.

ХХ ғ. 80 жылдары Қазақстанда ұлттық табыс кісі басына шаққанда Одақтық деңгейден 12% кейін қалды. Сондай-ақ республикада үй құрылысы, мектеп, балалар бақшасы және басқа да мәдени-әлеуметтік құрылыстар салуда да ілгерілеу болған жоқ. Мысалы, 80-жылдары Одақ бойынша 10 мың адамға жыл сайын 75 пәтер салынса, Қазақстанда тек – 69, Одақта әрбір 10 мың адамға 404 дәрігерден келсе, мұнда тек 352 дәрігерден келді. 1987 жылы мектеп жасына дейінгі баланы балалар мекемелерімен қамту 53% ғана болды. Экологиялық жағдай төтенше түрде күйзеліске түсті. Табиғи ресурстарды пайдаланудағы ведомствалық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегіуші аудандарға айналды. Табиғи ортаны қорғау жұмысының жеткіліксіздігінен көптеген қалаларда ауаның ластануы өте жоғары деңгейге жетті. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялық өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті.

Міне, осымен байланысты 1986 жылғы ақпан айында болып өткен Қазақстан Компартиясы ХҮІ съезінде жасаған баяндамасында, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген Н.Ә.Назарбаев және съезде шығып сөйлеген басқа да делегаттар мұндай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің уақтылы шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, проблемалық мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.

Алғашқыда Орталық басшылығын Қазақстанның шикізаттық даму бағыты мен оның Д.А. Қонаев бастаған басшылығы қанағаттандырды. Бірақта «қайта құруға» сай жүзеге асырыла бастаған косметикалық реформалар республика басшылығын ауыстыруды қажет етті. Қазақстанның жоғарғы билік органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу жалғаса түсті. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айрықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының 1-ші хатшысы Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В. Колбин сайланды. Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында “Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек” деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г.В. Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар болды. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Мұздай суға тоғыту үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш машиналарды жастар өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е. Сыпатаев және С. Савицкий деген азаматтар қаза тапты. Үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер әкелінді. Бейбіт шеруді басып-жаншу кезінде тәртіп сақтау органдары заңдылықты өрескел бұзып темір таяқтарды, сапер күректерін, иттерді пайдаланды. Жастарды прокурордың шешімінсіз түрмеде ұстап, партия органдары құқық қорғау органдарына айыптау қорытындыларын тезірек шығару жөнінде қысым жасады.

1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті “Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы” арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы ұлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып көрсетілді.

Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы бас көтеруінің түрі ұлттық болғанымен мазмұны ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Бұл ереуіл саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемлекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік (Экстремист – шектен шыққан көзқарасты жақтаушы) пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Өмір сүріп тұрған жүйе оны “Қазақ ұлтшылдығы” деп айыптауға дейін барды.

Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 комсомол мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды.

Алматыдағы желтоқсан оқиғасынан кейін Г.В. Колбиннің саясатының қатаң және валюнтаристік бағытына жол берілді. Басшылық жүйесінде үлкен кадрлық тазалау жүзеге асырылды, мәдениет пен баспасөзге бақылау күшейді, жоғарғы оқу орындарына студенттер Қазақстандағы ұлттардың алатын проценттік үлесіне сай қабылдана бастады. Орталыққа жіберілетін фондыларды азайту нәтижесінде қол жеткен өзгерістерге жалған сипаттама берілді.

Осылайша «қайта құрудың» алғашқы кезеңінің нәтижелері экономиканы және қоғамдық-саяси өмірді жоғарыдан жүзеге асырылған жеңіл-желпі шаралармен реформалау мүмкін еместігін айдан-айқын көрсетті. 1988 жылдан бастап Коммунистік партия тарапына сындар айтылып, жаңа қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. 1987 жылы тамызда тұңғыш тәуелсіз ұйым - әлеуметтік-экологиялық «инициатива» бірлестігі құрылып, ол өзінің алдына соғысқа қарсы тұру, экологияны, бейбітшілікті қорғау, қоғамды демократияландыру мақсатын қойды. Жұмысшы қозғалысы да елеулі саяси күшке айналды. Оның қатарында Қарағанды көмір бассейнінің шахтерлары ерекше роль атқарды. 1989 жылы Жаңаөзендегі оқиға әлеуметтік-экономикалық саладағы көкейтесті мәселелерді көтерді.

Бір ерекше айтып кететін жағдай, қайта құру жағдайында бұқаралық хабарлама органдары елдегі, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан жағдайларды, өзгерістерді ешқандай бүкпесіз ашық жариялап отырды. Әсіресе, республикада орын алған әлеуметтік және ұлттық қайшылықтар жөнінде жан-жақты айтылды. Соның арқасында халықтың азаматтық және ұлттық сана-сезімі едәуір өсті. Қоғамда орын алған жұмыссыздық, балалар өлімі, халықтың мәдени-тұрмыстық, үй-жай жөнінде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, оның қорытындылары ашық жарияланып отырды. Мұның өзі бұқара халықтың саяси-әлеуметтік белсенділігін күшейтуге көмектесті. Қайта құру барысында қазақ халқы өзінің тарихы, ұлттық қайта даму, ана тілі, мемлекеттік егемендік алу жөнінде талаптарын қоя бастады, бұл мәселелер жаңа қырынан көрініс тапты.

Біздің қоғамымызда демократиялық қатынастардың одан әрі тереңдеп өрістеуі кеңестердің қызметінен айқын көріне бастады. “Барлық өкімет Кеңестерге берілсін!” деген ұран жанданды. Бұл мәселені бастапқы кезде кеңестерге партия басшылығын күшейту арқылы шешу үшін күш салынды, бірақ одан ештеме шықпады. Өйткені, компартияның қызметінде елеулі кемшіліктер мен тоқыраушылық орын алды. Алайда, осыған қарамастан, 1987 жылғы шілде айында алғаш рет Қазақстанда жергілікті кеңестерге халық депутаттарын сайлау округтер бойынша көп мандатты негізде іске асырылды. Республиканың 19 ауданында көп мандатты округтік сайлау барысында депутаттыққа кандидат болып 2270 адам ұсынылды. Оның 1701-і депутат болып сайланып, қалғандары резерв ретінде қалдырылды. 185 ауылдық және селолық кеңестерге 6291 депутат сайланды, ал 1928 адам резервке кіргізілді. Жаңа сайлау жүйесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы еңбеккерлері арасында КСРО Ғылым Академиясы әлеуметтану институтының зерттеуі жүргізілді. Сайлаушылардың басым көпшілігі бұл жаңа тәртіпті мақұлдады. Өйткені, көптеген еңбек ұжымдары депутаттыққа кандидат етіп өздерінің қалаулыларын ұсынуға қолдары жетті, ал кандидаттар бұқара халықпен кездесу барысында өздерінің бағдарламаларын анықтауға, онымен еңбекшілерді жан-жақты таныстыруға мүмкіндік алды.

1988 жылғы шілде-тамыз айларында өткен Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясында Кеңес қоғамының саяси жүйесіне реформа жүргізу қажеттігі атап көрсетілді. Онда ең басты мәселе – халық депутаттары Кеңестерінің толыққанды өкіметін барлық жерлерде қайтадан қалпына келтіру көзделді. Конференцияның шешімдеріне сәйкес қысқа уақыт ішінде ең жоғарғы мемлекет органдарын қайта құру жоспарланды. Ол 1988 жылғы 1 желтоқсанда қабылданған “КСРО Конституциясына қосымша өзгерістер енгізу туралы” және “КСРО халық депутаттарын сайлау” жөніндегі заңдарда өзінің шынайы көрінісін тапты.

Толғағы жеткен мәселелерді өзі шешуге республиканың құқылы болуы Қазақстанның өткен кезеңінде жіберілген ағаттықтарын түзетуге мүмкіндік туғызды. 1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 30-40-жылдары және 50-жылдардың бас кезінде сотталған және жазаға ұшыраған халқымыздың даңқты өкілдерінің есімі халқына қайтарылды. Әсіресе Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық арасында зор қолдауға ие болды. Сөйтіп, қазақ халқының аталған бес арысы 1988 жылы ресми ақталды.

«Қайта құрудың» екінші кезеңі 1989 ж. көктемдегі сайлауға байланысты басталды. Сайлау науқаны кезінде нарықтық экономикаға және меншікке көшу үшін, ұлттық республикалар мен аймақтардың құқығын кеңейту үшін белсенді күрес басталды. Демократиялық процесстердің даму барысында көрнекті рөл атқарған 1989 ж. наурыз айында өткен КСРО халық депутаттарының І съезі болды. Осы съезде Г.В. Колбин одақтық халық бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, Мәскеуге кетті. Оның орнына осы жылғы шілдеде Н.Ә. Назарбаев сайланды.

Саяси өмірде болған өзгерістер ұлттық сананың оянуын туғызды. Мұның айқын көріністерінің бірі ядролық қаруға қарсы халықтық қозғалыс болды. 1989 ж. ақпандағы республика жұртшылығының жиынында тұңғыш «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы салынды. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын О. Сүлейменов басқарды. Бұл қозғалыс бүкіл Қазақстан халқы тарапынан қолдау тауып, осы жылдың 6 тамызында Семей облысы Қарауыл ауылында өткен жиында КСРО мен АҚШ-тың халықтары мен Президенттеріне ядролық сынауға бірлесіп мораторий жариялау қажеттігі жөнінде үндеу қабылдады. Одақтық үкімет Семей полигонындағы жарылысты азайтуға мәжбүр болып, 1989 ж. полигонда жоспарланған 18 жарылыстың 11-ін тоқтатты. «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы бойынша 1990 ж. мамырда Алматыда әлемдегі барлық антиядролық қозғалыстардың барлық ядролық державаларда қаруды сынауды толық тоқтату жолындағы күш-жігерін біріктіру мақсатында «Дүние жүзінің сайлаушылары ядролық қаруға қарсы» деген халықаралық конгресс өтті.

Елдегі жүріп жатқан саяси реформаның екінші кезеңі – республикаларды, өлкелерді, облыстарды, қалаларды, аудандар мен округтерді басқарудың жаңа жүйесін құру еді. Ондағы негізгі мақсат – бұқара халық өкілдері органдарының рөлін тек орталықта ғана емес, сондай-ақ жергілікті жерлерде де көтеру болатын. Оны тәжірибе жүзінде іске асыру үшін партия комитеттерің бірінші хатшылары халық депутаттары Кеңесінің төрағаларына ұсынылды. Бірақ мұндай өзгеріс барлық жерлерде бірдей міндетті еместігі айтылды. Міне, осының нәтижесінде 1990 жылғы жергілікті кеңестер сайлауының қорытындысы бойынша Қазақстанда 9 қалалық және аудандық Кеңестерге кандидаттар бөлек-бөлек сайланды.

Жаңа тәртіпке сәйкес 1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен өтті. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан көп кешікпей-ақ орталықтағы сияқты біздің республикамызда да президенттік қызмет енгізілді. Сөйтіп, 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Н.Ә. Назарбаевты республиканың тұңғыш президенті етіп сайлады. Н.Ә.Назарбаевтың президент болып сайлануы республикада саяси-экономикалық мәселелерді шешуде жаңа идеялардың өрістеуіне ықпалын тигізді. Оның бастамасымен Қазақстанда елді басқару ісіне көптеген жаңалықтар, халық шаруашылығын басқарудың барлық сатыларында сапалы жаңа өзгерістер енгізілді. Республика Жоғарғы кеңесі 1986 ж. 17-18 желтоқсанда Алматыда болған оқиғаға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөнінде арнайы комиссия құрды.

Қоғамды демократияландыруда халық депутаттары Кеңесінің заң шығару қызметі маңызды рөл атқарды. Бұл салада он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі (1990 ж. сәуір) жетекші орын алды. 1990-1991 жж. қабылданған республика заңдарында әрбір адамның бостандықтары мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуіне қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге зор көңіл бөлінді. Қалыптасқан жағдайдың талаптарына сай республика заңдарын жаңарту құқықтық мемлекет құру жолындағы елеулі қадам болды. Заңдар Қазақстанның саяси және экономикалық егемендігін іс жүзінде нығайтуға, демократия жолына бүкіл саналы күштерді топтастыруға бағытталды. Олар азаматтардың құқықтарын едәуір кеңейтіп, республиканы мекендейтін барлық ұлттар өкілдерінің талап-тілегіне жауап беретін еді. Республика парламентінің қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесін берген “Қазақ КСР-нің тіл туралы заңын” 1989 ж. қыркүйекте қабылдауы маңызы зор оқиға болды.

Елде жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістер бұқара халық арасында әртүрлі көзқарастардың, түрлі қоғамдық пікірлердің ашық айтылуына және бірқатар саяси партиялар құрылып, олардың еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Мысалы, 1990 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды. Бұл партияның алдына қойған басты мақсаты – республикалық парламент сайлауына қатынасып, оның құрамына өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу еді. Сондай-ақ, партия қоғамдағы жеке меншікті мойындады және өзінің қызметінде кәсіпкерлікті қолдап отыруды көздеді.

1990 жылы Қазақстанда “Азат” азаматтық қозғалысы қалыптасты. Оның басты мақсаты - Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін, заң алдында барлық азаматтардың тең құқықтылығын, әлеуметтік әділеттілікті қорғау болды. Одан басқа республикада “Алаш”, “Желтоқсан”, т.б. саяси қозғалыстар пайда болды. Мұның өзі Қазақстанда көппартиялық жүйенің қалыптаса бастағанын көрсетті.

Қорыта келгенде, ХХ ғасырдың 70-ші – 80-ші жылдары қоғамдық-саяси өмірдегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейлінше шиеленісе түсті. Сол кездегі күшпен ұстап тұрған кеңестік тоталитарлық жүйенің құлдырауы жағдайында басқаша болуы мүмкін де емес еді. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құру, горбачевтік социализмді “жаңарту” әрекеттері ешқандай оң нәтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Керісінше, кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе тоқырауға ұшырап, қоғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан әрі тереңдей түсті.


16-тақырып. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   24


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет