Қазақстан тарихы



жүктеу 5.01 Mb.
бет18/24
Дата15.01.2017
өлшемі5.01 Mb.
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24

4. Қоғамдық-саяси өмір.
Өлкенің қоғамдық-саяси өміріне бағыт-бағдар берген бірінші бүкілқазақтық партия конференциясы 1921 ж. маусымда болды. Ол елдегі экономикалық жағдаймен қатар қоғамдық-саяси өмірдің мәселелерін қарастырып, ауылда социалистік құрлысты жүзеге асыруды міндеттеді. Осы міндетті жүзеге асыру үшін ең алдымен кеңестерді құру мәселесін қолға алды. 1921 жылы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті кеңестерге сайлау ережесін бекітті. Осы ереже бойынша селолық, ауылдық және қалалық кеңес депутаттарының мерзімі 6 ай болды. Губерниялық, уездік және болыстық атқару комитеттері 6 айға, ал ҚОАК-ті - 1 жылға сайланды. Кеңестердегі халық өкілдерінің нормаларын көбейтті. 150 тұрғындары бар ауылдарда кеңестер құрылды, яғни 50 тұрғынға бір депутат сәйкес келді. Бұрын кеңестер 300 тұрғындары бар ауылдарда құрылуға тиіс еді.

Республикадағы кеңес үкіметін құру үрдісі өте қиын жағдайда жүрді. Большевиктер үшін капиталистік елдер қоршауында тұрып социализмді экономикасы артта қалған елде жүзеге асыру өте күрделі болды. Сонымен қатар социализм идеясы қазақ қоғамына жат еді. Соған қарамай Кеңес үкіметі тұтас Ресей аумағындағы халықтарды біріктіруге күш салды. Ресейдегі халықтарды біріктіру мәселесі партияның Орталық комитетінде талқыланды. Бұл мәселе бойынша екі пікір болды. Сталин «автономизация» идеясын ұсынды, яғни барлық ұлттарды, барлық кеңестік респубикаларды РКФСР құрамына автономия құқында ендіру. Ленин кеңестік республикалар одағын құруды ұсынды. 1922 жылы Орталық комитеттің қазан пленумында Украина, Белоруссия, Закавказ республикалары және РКФСР арасында КСРО құру жөнінде келісім жасау қажет деп қаулы қабылдады. 1922 жылы 30 желтоқсанда Мәскеуде КСРО Кеңестерінің бірінші съезі болды. Съезд КСРО құрылғандығы туралы декларацияны және одақтық келісімді қабылдады. Съезд ең жоғарғы заң шығарушы орган КСРО ОАК сайлады. Қазақстан КСРО құрамына РКФСР құрамындағы автономиялық республика болып енді.

Алайда, республиканың қоғамдық-саяси өміріндегі толғағы жеткен мәселелерді шеше алатын, жергілікті халыққа түсінікті және де жақын кеңестік мемлекеттік аппарат құру өте қиын болды. Жаңа кеңестік әкімшілік аппаратына жұмысқа тартуға жарайтын, жергілікті халық арасынан шыққан, даярлығы бар адамдар өте аз болды. Әкімшілік орындарындағы европалық ұлт өкілдерінің көбісі шовинистік пиғылдағы қызметкерлер болды. Олар жаңа биліктің жергілікті халықтың талап-тілегіне, мұң-мұқтажына сай жұмыс істеуін қамтамасыз етпеді.

Кеңес үкіметі әкімшілік басқару орындарын жергіліктендіру- қазақтандыру саясатын жүзеге асыруды қолға алды. Алғашқы кезде Кеңес үкіметі амалсыздан Алаш зиялыларын өлкедегі кеңестік қызметтерге пайдалануға мәжбүр болды. Себебі қазақ зиялы қауымының басым бөлігі алашордалықтар болды. Сондықтан да большевиктердің бұрынғы партиялылығы мен саяси белсенділігін есепке ала отырып, көптеген зиялыларды жұмысқа тартуына тура келді.

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында жергіліктендіру шаралары кеңес және партия аппараттарында қазақтардың үлесін көбейту түрінде көрініс берді. Алайда, Қазақстанға Ф. Голощекиннің басшы болып келуіне байланысты оның сипаты өзгерді. Ол жергіліктендіруді бұрын едәуір ауқым алып келген қазақ ұлтының өкілділігі туралы мәселенің орнына қазақ бұқарасының өзін кеңестендіру мәселесіне айналдырды. Яғни, Қазақстанның жаңа басшысы қазақтандыру саясатын ұлттық мәнінен біржолата айырып, оны таптық арнадағы кеңестендіру шараларына қосып жіберді.

Қазақ АКСР-нің ОАК-ті қазақ және орыс тілдерін пайдалану тәртібі туралы декрет қабылдады. Декретте кеңес үкіметінің заң құжаттарын екі тілде жариялау, жоғарыдан төменге дейін екі тілде қатынас жасау міндеттері белгіленді. Осыған орай Қазақстан өкіметі барлық халық комиссарлары мен ҚОАК-нің мүшелеріне қазақ тілін жедел игеруге кірісуді ұсынды. 1923 жылы 22 қарашада “Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы” жаңа декрет қабылданып, барлық облыстар мен кейбір уездерде 1924 жылдың 1 қаңтарынан іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді ұсынды. Бұл науқан көптеген жерлерде қазақтардың орыс тілінен мүлде хабарсыздығынан, ал партия және кеңес қызметіндегі европалық ұлт өкілдерінің қазақтардан мүлде оқшауланып қалғандығынан, Кеңес үкіметінің амалсыздан жүргізген шарасы еді. ҚОАК-ті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге көшірудің соңғы мерзімі 1927 жылдың 1 қазаны болып белгіленді.

Кеңес үкіметі өлкеде сауатсыздықты жою, яғни өлке тұрғындардың сауатын ашу мәселесін көтерді. Әсіресе, ол үкіметтің 1929 жылы “Сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыс туралы” қаулысынан кейін кең өрістеді. Алайда, сауатсыздықты жою шаралары қаржы тапшылығы, мұғалімдердің, оқулықтар мен оқу құралдарының жетіспеуі сияқты үлкен қиыншылықтарға тап болды.

Жастарға білім беруді жақсарту үшін мектептер ашу ісі қолға алынды. 1928/29 оқу жылында 4397 бастауыш, 142 жетіжылдық, 29 екінші сатыдағы мектептер жұмыс істеді. Білім беру саласында ұлттық мектептер жүйесі қалыптаса бастады. 1927 жылы қазақ мектептерінің саны 1600 болды. Алайда осы мектептердің ішінде мектеп үйі барлар саны 40-қа әзер жетті. YІ партия конференциясында мектептердің көбі тек қағаз жүзінде екені, ауылдағы мектептердің үйі жоқ, үйі болса орындықтары жоқ, орындықтары болса оқулықтары жоқ екені атап көрсетілді. Соған қарамастан мектеп жасындағы балаларды оқуға тарту жұмыстары жүргізілді. 1935 жылы мектеп жасындағы балалардың 91% оқуға тартылды. 1935/36 оқу жылында алғаш рет 11 қазақ баласы орта мектепті бітірді.

Кеңес үкіметі Қазақстанда ғылымды қалыптастыру мәселесімен де айналысты. Алғашқы ғылыми-зерттеу мекемелері: 1922 жылы – Денсаулық халкомының қасынан өлкелік химия-бактериологиялық лабораториясы, 1924 жылы - өлкелік өсімдікті қорғау станциясы, 1925 жылы - санитарлық-бактериологиялық институты ашылды. 1932 жылы Қазақстанда 12 ғылыми-зерттеу институттары, 15 тәжірибе станциялары, 186 лабораториялар мен т.б ғылыми орталықтар жұмыс істеді. Осы кезде КСРО ҒА-ның қазақстандық базасы құрылып, 1938 жылы КСРО ҒА-ның филиалына айналды. Геология және биология ғылымдарынң нәтижелері бүкілодақтық көлемде танымал болды.

20-30 жылдары Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ш. Құдайбердиев шығармалары кең көлемде пайдаланылды. Ақын М. Жұмабаевты замандастары өте жоғары бағалаған. Оның поэззиясы өзінің нәзіктігімен, жаңашылдығымен, адам жанының тазалығы мен сұлулығын терең меңгергендігімен ерекшеленді. М.Жұмабаев өзінің шығармаларында жалпы адамзаттық құндылықтарды, өзінің жеріне, еліне деген сүйіспеншілікті жырлады.

Кеңес үкіметі ұлттық әдебиеттің орнына кеңестік әдебиет пен өнердің қалыптасуына жағдай жасады. Осы кезде социалистік әдебиеттің негізі қаланды. С. Сейфуллин, С. Торайғыров, Б. Майлин, И. Жансүгіров, М. Әуезов, С. Мұханов, Ғ. Мүсірепов, Т. Жароков, Ғ. Орманов және т. б. кеңестік қазақ прозасы мен поэззиясының көрнекті өкілдері қалыптасты.

1926 жылы кәсіби театр өнерінің алғашқы қарлығашы қазақ драма театры ашылды. Оны Ә. Қашаубаев, Қ. Қуанышбаев, С. Қожамқұлов, Е. Өмірзақов, Қ. Жандарбеков сияқты, кейін қазақ театр өнерінің майталмандары болғандар ұйымдастырды. Әнші Ә.Қашаубаев Париж, Франкфурт-на-Майне сияқты Европаның ірі қалаларының концерт залдарында өз өнерін көрсетті. Соғыс қарсаңында республикада қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, республикалық орыс драма театры, қазақ мемлекеттік опера және балет театры, ұлт аспаптар оркестрі, симфониялық оркестр, республикалық қуыршақ театры жұмыс істеді.

Алайда, Кеңес үкіметі таптық мүддені ұлттық мүддеден жоғары қойды. Жалпы мәдениетті екіге бөлді: буржуазиялық және пролетарлық. Сондықтан да қазақ халқының қалыптасқан дәстүрлі мәдени мұралары, ескі феодалдық құрлыстың қалдықтары деп, ұлттық санадан аластатылды. Сонымен бірге халықтың тарихи санасын жоюға бағытталған шараның бірі 20-шы жылдардың аяғында ғасырлар бойы пайдаланып келген араб алфавитін латынға ауыстыру, сосын оны 1940 жылы кириллицаға ауыстыру болды. Соның нәтижесінде бір ұрпақтың ғана ғұмырында қазақтар өзінің төл жазуымен дүниеге келген ұлттық рухани мәдениеттің жетістіктерінен айырылды. Бұл жүргізілген шаралардың бәрі де большевиктік тәртіптің күшейгенін, әкімшіл-әміршіл жүйенің толық орныққанын көрсетеді.

Большевиктер партиясы демократиялық мемлекет құрамыз, ұлт мәселесін ұлттардың өзін-өзі билеу принциптерімен шешеміз деп көлгірсігенімен, шын мәнінде, олар партияның ықпалын арттыра отырып, бір орталыққа бағынған мемлекет құрды.Большевиктер құрған қазақ автономиясы дербес автономиялық республика атанғанымен, Ресейдің бөлінбес бөлшегі болды. Өлкені басқару мәселесі жергілікті ұлт өкілдерінің қолына толық берілмеді. Шын мәнінде, бұл Қазақстанды кеңестік саяси отарлау еді.

Большевиктердің ұлттық аймақтарда жүргізіп отырған саясатын ашық айыптап, оның бет пердесін айқындаған М. Шоқай болды. Ол XX ғасырдағы қазақ саяси эмиграциясының тарихын бастаушы болды. Эмиграция сөзінің мағынасы экономикалық, саяси және діни себептерге байланысты өз еркімен немесе еріксіз басқа мемлекетке қоныс аударуды көрсетеді. Түркістан саяси эмиграциясы тарихи көрініс ретінде 1917 жылғы Ресейдегі революциялық сілкіністер нәтижесінде пайда болды. Қоқан автономиясы қуылған соң М. Шоқай Францияға қоныс аударады. Онда ол Париждің “Дни”, “Последние новости“ газеттерінде Түркістандағы ішкі саяси жағдайға талдау жасаған мақалаларын жариялайды. 1929-39 жылдары ол “Яш Туркестан“ журналын (117 нөмірі жарық көрді) шығарып, оның беттерінде кеңестік Түркістан мен дүние жүзіндегі оқиғаларға кең сыни талдау жасайды.

Большевиктердің елде кеңес үкіметін орнату жолдары мен әлеуметтік саладағы социалистік қайта құру саясаты қазақ зиялыларының қарсылығын туғызды. Алайда, осы социалистік қайта құру саясатын жүзеге асыру үшін белгіленген реформаларды пікір-талас негізінде талқылап, олардың дұрыс-бұрыстығын анықтаудың орнына партия басшылары, өз көзқарастарын білдірген қазақ партия және кеңес қайраткерлерін айыптады. Өлкедегі жалпы большевиктік айыптау және қуғындау саясатының ең алғашқысы түрікшілдікті айыптау болды. 1920 жылдың 20-26 қаңтарында Ташкент қаласында Түркістан коммунистік партиясының конференциясы өтеді. Онда мұсылмандар бюросының төрағасы Т.Рысқұлов “Ұлт мәселесі және ұлттық коммунистік секциялар” туралы баяндама жасады. Онда Түркістан республикасында Ресейден түбірлі айырмашылығы бар ұлт саясатын жүргізу үшін ең алдымен негізі берік саяси ұйым құру қажеттілігі туралы айтылды. Конференция Т. Рысқұлов ұсынысымен жаңа саяси ұйымды “Түрік халықтарының коммунистік партиясы” деп атауға шешім қабылдады. Т. Рысқұловтың түрікшілдік идеяны жүзеге асырудағы ең батыл қадамы Мұсбюроның төтенше ІІІ конференциясында (1920 жылы 25 қаңтар) “Түркістан автономиялылығы туралы” тезистерін қабылдау болды. Т. Рысқұловтың Түрік республикасын құру туралы идеясы келешектегі түрік мемлекеттерінің конфедерациясын құруға апаратын жол еді. 1917 жылы Түркістан (Қоқан) автономиясын ұйымдастырған Мұстафа Шоқайдың арманы да осындай конфедерациялық мемлекет құру еді. Алайда, большевиктер Т.Рысқұловтың “Түрік республикасын құру” туралы идеясына қарсы шығып, ұлтшыл деп айыптады.

Сталин басшылығымен қазақ зиялыларына тағылған айыптау айдарлары “ұлтшылдықпен” шектелмеді. Сонымен қатар қазақ байларын тәркілеу саясатын қолдамай, керісінше қазақ қоғамы сілкіністен гөрі көмекке зәру деген көзқарастағы қазақ қайраткерлерінің пікірлерін айыптау кең етек алды. 1929 жылы партиялық үштіктер арыз айту бюросының қызметін күшейтіп, барлық салада партия нұсқауымен “оңшыл және солшыл оппортунистік уклонмен” күресу жұмыстарын өте қарқынды түрде жүргізді. 7 партия конференциясында “солшыл жалаудың тасасына жиі-жиі жасырынатын оңшыл-байшыл ағым делінетінмен” күресуге партия ұйымдарын шақырады. Қазақстанда “оңшыл ағымға” Голощекиннің ауылда ”Кіші Қазан” төңкерісі қажет деген пікіріне қарсы шыққан С. Сәдуақасов және оның пікірлестері жатқызылды.

Ал енді Қазақстанда қазақ кеңес және партия қайраткерлерін троцкизмге айыптау Троцкийдің 1928 жылы Алматыға жер аударылуына байланысты деуге болады. Алайда троцкистік оппозицияға қазақ қайраткерлерін жатқызу көңілге мүлде қонымсыз еді. Себебі, қазақстандық саяси қайраткерлер троцкизм тұрмақ әлі толық марксизм-ленинизм идеяларын толық меңгермеген еді. Осыған қарамастан 7-партия конференциясында С. Сәдуақасов, Сұлтанбеков және Мұстамбаевтар “троцкистік оппозицияның төңірегіне топтасқан негізгі ядро” ретінде айыпталды.

Қазақ зиялыларына қарсы бағытталған айыптаулардың ішінде большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы бағытталған күресі ең қатал және ымырасыз болды. Егерде 1920 жылдардың орта кезіне дейін большевиктер Алаш зиялыларына қарсы күресте әртүрлі айыптаулармен ғана шектелсе, одан кейінгі кезеңде ол өте-мөте қатал жаппай саяси қуғынға ұласты. Алаш зиялыларына қарсы күрестің жандануына 1925 жылы 29 мамырда Сталиннің Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына өлкелік “Ақ жол” газетінің ұстанған бағытын айыптап арнайы жазған хаты себеп болды. Ол хатта газет бетіндегі жарияланған мақалалардың бұл кезде шет елде эммиграцияда жүрген М. Шоқайдың ойымен “үндес және пікірлес екенін, яғни алашордашыл, ұлшыл идеяларды жаңғыртатыны” атап көрсетілді. Сондай-ақ алдағы уақытта осындай көзқарастағы партияда жоқ зиялы қауым өкілдерін жастарды тәрбиелеуге жібермеу ескертілді. Көп кешікпей-ақ, 1926 жылы болған партия конференциясында Ф. Голощекин басында А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, М. Дулатов сияқты қазақ зиялылары тұрған ұлттық қозғалысты “реакцияшыл, тіптен контрреволюцияшыл” деп бағалады.

Кеңес өкіметінің өлкедегі әртүрлі айыптау науқаны жаппай саяси қуғын-сүргінге ұласты. Қуғын-сүргінді ұйымдастыру кезеңі 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың ортасы болды. Большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы саяси қуғынды бастауының негізгі себебіне тоқталсақ, ол мынандай жағдайға байланысты болды. Большевиктер ірі байларды тәркілеуге байланысты бас көтерулерді ұйымдастырушылар деп қазақ интеллигенциясын айыптап, оларға қарсы шабуылды бастады. Соның нәтижесінде 1928-шы жылдың аяғында қазақтың ірі ағартушылары, әдебиетшілері, әртүрлі саладағы зиялылары және Алашорда қайраткерлері А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Х. Габбасов және т.б., барлығы 44 адам қуғындалып, тұтқындалды.

1930 жылдың қыркүйек қазан айларында ұлттық интеллингенцияның екінші бір тобы (40 - қа жуық адам), құрамында Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, Ә. Ермеков және өзге де зиялы қауым өкілдері бар, тұтқындалды. Көп кешікпей олардың 15-і (Х. және Ж. Досмұхамедовтер, М. Тынышпаев, Ж. Ақпаев, К. Кемеңгеров және басқалары) Ресейдің Орталық қара топырақты ауданына жер аударылды. Мұндай іс-әрекеттердің барлығы большевиктердің өздеріне идеялық жағынан қарсылық көрсете алатын зиялылардан құтылу жолы екенін байқатады.

Болшевиктік тәртіп нығайған сайын қоғамдық өмірді толық бақылауға алу күшейді. 1930 жылдардың ортасындағы қоғам мүшелеріне қарсы ұйымдастырылған қуғын-сүргін-репрессия саясатын жаппай халыққа қарсы бағытталған террор деуге болады. Жаппай қуғын-сүргінді ұйымдастыру үшін большевиктер социализм жеңісі күш алған сайын тап күресі шиеленіседі деген тұжырымды желеу етті. Елді жаулардан тазарту процесі кезінде большевиктер неше түрлі “террористік ұйымдардың” бетін ашты. Әр түрлі қыспақ пен қысым жасау нәтижесінде террористік ұйым мүшелері өздерінің күнәларын мойындап шыға келді. Мысалы, 1936 жылы тамызда троцкистік-зиновьевтік террористік орталық жөнінде ашық процесс болды. Бұл іс бойынша Г. Е. Зиновьев, Б. Каменев, Г. Е. Евдокимов, барлығы 16 адам жауапқа тартылды. Жауапқа тартылғандарға С. М. Кировты өлтіруді ұйымдастырды және оны жүзеге асырды, Сталиннің өміріне қастандық даярлады, диверсия, шпиондық әрекет жасады деген кінәлар тағылды.

Жаппай репрессия толқыны Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда бір жылдың ішінде үш іс қарастырылды. Олар Үржар, Пресновка және Қарағандыдағы “контрреволюциялық ұлшыл-фашистік залалдық ұйымдардың” істері болды. Ең алғашқы іс Қарағандыдағы сот ісі болды. Ондағы айыпталушылар тізімінде округтік партия ұйымының хатшысы М. Гатаулин, мүшелері А. Асылбеков, Н. Нұрсейітов болды. Олардың негізгі кінәсі – батылдылығы мен принципшілдігі. Сонымен қатар Гатаулин 1932 жылы Сталинге жазылған “Бесеудің хаты” авторларының біреуі болып табылады. Олар 1937 жылы қарашада өткен сот процесінде өздерінің “Мәскеудегі “троцкистік орталықпен” қалай байланыс орнатып, олардың тапсырмасын Қазақстанда қалай жүзеге асырғандарын” мойындады.

Кейін халық жауларын түсті металлургиядан, темір жол транспортынан, жерхалкомынан, байланысхалкомынан және т. б. жерлерден анықтап, жауапқа тарта бастады. Партия кеңес қайраткерлерінің тізімін Н. Нұрмақов (БОАК президиумының жауапты қызметкері), Т. Рысқұлов (РКФСР ХКК төрағасының орынбасары) Мәскеуде ұсталып бастаса, кейін ол тізімді Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы А. Асылбеков, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н. Нұрсейітов жалғастырды. Өлкенің партия және кеңес қызметкерлерін айыптап жауапқа тарту шаралары нәтижесінде көрнекті қайраткерлер: К. Сарымолдаев, У. Кұлымбетов, Г. Тоғжанов, А. Лекеров, А. Розыбакиев, Ж. Садвакасов, И. Құрамысов және т.б. ұсталып ату жазасына немесе лагерлерге ұзақ мерізімге айдалды.

Тіпті орталықта не болып жатқанын білмейтіндер тағылған айыптардың еш дәлелсіздігіне қарамай жазаланды. Мәселен, 1938 жылы 27 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрамдық бес азамат “Киров жолдасқа қастандық жасаушылармен ауыз жаласқан саяси қылмыскерлер” болып шығады. Жауап алу барысында Сайрамда “буржуазияшыл-ұлтшыл топтың” 12 мүшесі анықталып, ол топ “облыстық ұйыммен”, облыс “республикалық топпен байланысты”, ал олардың барлығы “Мәскеумен тоғысты” деген қорытынды жасалады және үштіктің шешімімен “қылмыскерлер” атылады.

Тергеу ісінің материалдары көрсеткендей айыпталушыларға байланысты қылмыстық-процессуалдық кодекс дөрекі бұрмаланған. Оның бұрмаланғанын төмендегідей дәлелдер көрсетеді: тергеу жұмысы қылмыстық іс қозғау туралы қаулысыз жүргізілген және айыпталушылар ешбір негізсіз және прокурордың рұқсатынсыз қамалған. Айыпталушыдан жауап алдын ала кінәлі адам ретіндегі көзқарас тұрғысынан алынған және көптеген айыпталушыларға ешбір белгілі кінә тағылмай, олар айлап тергеусіз ОГПУ-дің түрмелерінде жатқан. Ал тергеу аяқталған соң айыпталушылар тергеу материалдарымен таныстырылмаған. Айыпталушылар қорғаушы пайдалану құқығынан айырылған. Іс осындай деңгейде, ешбір бекітілусіз, сот емес органдарға жіберілген және олар сырттан үкім шығарған.

Жаппай репрессия саясаты нәтижесінде қазақ халқының ең таңдаулы азаматтары, тіпті, олардың ішінде кеңес өкіметін орнатуға қатысқан А. Айтиев, С. Арғаншеев, Т. Рысқұлов, Н. Сырғабеков сияқты қайраткерлер де атылып кетті.

Жалпы сталиндік қуғын-сүргін көлемі әлі толық анықтала қойған жоқ. Кей деректерде 1937-1938 жылдары қазақстандықтардың 44 мыңы түрмелерге түсіп, 22 мыңы атылды десе, басқа деректер 1930-50 жылдары 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады, оның ішінде 20 мыңнан астамы атылғанын айтады.

Большевиктік жаппай репрессия саясаты кезінде жекелеген адамдар ғана емес, кішігірім халықтар да қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шекті. Ондай жапа шеккен халыққа корейлер жатады. Қазақстандық корейлердің негізгі бөлігі кезінде Қиыр Шығыс өлкесінен жер аударылды. Олардың жер аударылу себептерін КСРО ХКК-і мен БК(б)П Орталық комитеті бірігіп шығарған “Корей халқын Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру туралы” қаулысы бір ауыз сөзбен: “Қиыр Шығыс өлкесіне жапон шпионажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында…” – деп жауап береді. Қаулыда оларға өздерімен бірге заттарын, дүние-мүліктерін ала кетуге рұқсат етілді. Тіпті, оларға шет елге кетуді қалайтындарға кедергі жасамау, шекарадан өтуді оңайлату тәртібіне жол беру қажеттілігін де көрсетті. Көшкенде қалдырып кетуге мәжбүр болған дүние-мүліктің және егіс алқабының шығынын оларға қайтару шарасы да атап көрсетілді. Алайда айтылғандар тек сөз жүзінде қалды. Көшкен корейлер тек киім-кешек пен азық-түліктерін ғана алып шыға алды. Олар сонымен бірге шекара әскерлерінің және НКВД-нің тікелей бақылауында болды. Корейлер Қазақстанға келген соң да күдікті саналып, бақылауға алынды және қуғын-сүргінге ұшырады.

Қазақстан картасында Карлаг деген ерекше тәртіптегі Қарағанды еңбекпен түзеу лагері пайда болды. Тоталитарлық тәртіп туындатқан тағы бір лагер – Алжир деп аталды. Жаппай репрессияға ұшырағандардың от-басы да қуғындалды. Алжир лагерінде осы қуғынға ұшырағандардың әйелдері ұзақ жылдар бойы мерзімдерін өтеп отыруға мәжбүр болды. Кеңес үкіметі жүргізген қуғын-сүргін саясаты нәтижесінде осы қуғынға ұшырағандарды орналастырып, оларды бақылайтын басқару органы ГУЛАГ пайда болды.

Елдегі осындай қуғын-сүргін мен қорқыныш күш алып тұрған жағдайда КСРО жаңа Конституциясының жобасы талқыланып, 1936 жылы 5 желтоқсанда қабылданды. Конституция елде социализм орнағанын жария етті. КСРО жаңа Конституциясы одақтас республикалар санын көбейту мүмкіндігін арттырды. Соған сәйкес Закавказ республикасы таратылды. Азербайжан, Армян, Грузин республикалары енді КСРО құрамына тікелей енді. Қазақ және Қырғыз автономиялық республикалары одақтас республикаларға айналды. Қазақ республикасының статусының өзгеруіне байланысты жаңа Конституция жасау қажет болды. 1937 жылы 3 ақпанда жаңа Конституция жобасын ҚазОАК-нің Президиумы қолдады. 1937 жылы 21-26 наурызда Алматыда Қазақстан кеңестерінің X съезі өтті. 1937 жылы 26 наурызда съезд Қазақ КСР-ның Конституциясын бекітті. Мемлекеттік биліктің ең жоғарғы органы төрт жылға сайланатын Қазақ КСР Жоғары Кеңесі болды. Жоғары Кеңес өзінің Президиумын сайлады және республика үкіметі - Халық Комиссарлар Кеңесін (ХКК) құрды. Конституцияда республика территориясының тұтастығы негізделді. Қазақ КСР-ның әрбір азаматы КСРО азаматы болып табылды.

Сонымен, қорыта айтқанда, 20 жылдардың аяғы мен 30 жылдары әкімшіл-әміршіл большевиктік тәртіп қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында үстем болды. Әсіресе, Қазақстанда бұл тәртіптің өте ұсқынсыз, қатыгез формалары ұжымдастыру мен 1937-1938 жылдардағы саяси репрессия кезеңдерінде күш алды. Кеңес үкіметі, яғни халықтың үкіметі, сол халықтың өзіне қарсы қуғын-сүргінді ұйымдастырып, жазықсыз ату-асу жазаларын қолданды. Елде большевиктер басшылығымен халыққа қарсы жаппай “үлкен террор” ұйымдастырылды.

13-тақырып. Қазақстан Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан

соғысы жылдарында
1. Қазақстандықтардың майдандағы ерліктері

2. Республика экономикасын соғыс мүддесіне бағындыру

3. Халықтың тылдағы ерлігі.
1. Қазақстандықтардың майдандағы ерліктері
30-шы жылдардағы әлемдік дағдарыс көптеген мемлекеттердің экономикалық, әлеуметтік және халықаралық қатынастарын шиеленістірді. Бұл жағдай әлемдік билікке талпынған күштердің пайда болуына жол ашты. Осындай күштердің ішіндегі ең қауіптісі – Германияда орнаған фашистік тәртіп еді. Батыс мемлекеттері тарапынан ұйымдасқан қарсылықтың болмауы фашистік агрессияның күшеюіне жол ашты. 1937 жылы фашисттік мемлекеттер – Германия мен Италияның милитаристік Жапониямен әскери-саяси одақ құруы екінші дүниежүзілік соғыстың негізі болды.

Екінші Дүниежүзілік соғыс 1939 жылы Германияның Польшаны жаулап алуымен басталды. Франция мен Англия Германияға қарсы соғыс ашқанын хабарласа, КСРО осы жылы Германиямен 10 жылдық бейбіт келісімге қол қойды. Бұл құжат тек 1989 жылы алғаш жарияланды. Құпия келісімге сай 1939 жылы Германия мен КСРО Еуропадағы билік жүргізу аймақтарын бөліп, жаулап алу шараларын бір мезгілде бастайды. Осының нәтижесінде Германия Польшаны басып алғаннан кейін, Кеңестер Одағына Польшаның 12 млн. халқы орналасқан 200 000 шаршы км. жері өтті. Кейінірек бұл территория Украина, Белоруссияға қосылды. 1940 жылы Германия Францияны басып алғаннан кейін Литва, Латвия, Эстониядағы мемлекеттік билікті Кеңестер Одағы иеленіп, Литва, Латвия, Эстония Кеңестік Социалистік Республикалары құрылды. Қызыл Армия Прибалтикаға кіргеннен кейін Кеңестер үкіметі Румынияға бұрын Ресей империясының құрамында болған Бессарабия территориясын қайтару туралы ультиматум жіберді. Нәтижесінде Буковина мен Бессарабияның жарты бөлігі Украина КСР-іне, Бессарабияның қалған бөлігі Молдавия КСР-не берілді.

Англия мен Франция Германияға соғыс жариялағанымен батыс майданда белсенді іс-қимыл танытпады. Бұл жағдайды Германия өз мүддесіне пайдаланып, 1940 жылы Дания, Норвегия, Нидерланды, Люксенбург мемлекеттерін еш қарсылықсыз жаулап алды. Бельгияны жеңгеннен кейін негізгі күштер талқандалды. Нәтижесінде Франция Германиямен бейбіт келсімге қол қойса, Англия АҚШ-тан көмек сұрауға мәжбүр болды.

Сонымен Батыс Еуропадағы әскери іс-қимылды аяқтаған фашистік Германия бастапқы міндеттерінен бас тартып, Кеңестер Одағын басып алуға дайындықты бастайды. Басып алған мемлекеттердің экономикалық, әскери ресурстарын өз мүдесіне пайдаланып, әбден күшейген фашистік Германия Кеңестер Одағына қарсы соғысты аз уақытта жеңіспен аяқтауына күмәнсіз сенді. Ал, Сталин және оның төңірегіндегілер 1939 жылғы келісімге сеніп, Германия тарапынан соғыс қаупін күтпеді.

КСРО-ға қарсы соғыс жоспары “Барбаросса” деген атпен белгілі. “Барбаросса” жоспары 4 әскери топтың келісілген іс-қимылына негізделді. Финляндия фельдмаршалы Маннергейм мен генерал фон Дитла басқарған Финляндия тобы Мурманск, Беломорск, Ладогоға бағытталды. “Солтүстік” тобына (басқарған генерал фельдмаршал фон Лееб) Ленинградты басып алу жүктелді. Генерал-фельдмаршал фон Бок басқарған ең күшті “Орталық тобы” Москваға бағытталды. Генерал-фельдмаршал фон Рундштенд бастаған “Онтүстік тобы” Украинаны басып алуға тиіс болды. Фашистік Германияның Кеңестер Одағын жаулап алу жоспарында Қазақстанға үлкен мән берілген. Осы мақсатпен Атлантикадан Сібірге дейін біртұтас Герман этнотерриториялық кеңістігін құру көзделді. Бұл территорияны славян халықтарынан тазарту және түрік-моңғол халықтарын жою көзделді. Сонымен қатар фашистік Германияға қызмет ететін Қарағанды, Новосибирск, Кузнецк индустриалды облыстарын құру жоспарланды.

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Германия әскері Кеңес Одағына тұтқиылдан, соғыс жарияламастан басып кірді. Кеңес халқының Ұлы Отан соғысы, яғни Отанын шетел басқыншыларынан азат ету соғысы басталды. Кеңестік әскери күш бейбіт уақыт жоспарына сай орналасқандықтан соғыс қимылдары басталған территорияға тартылуы барысында, жау соғыстың алғашқы бес айында мемлекеттің 5% халқы тұратын аудандарын жаулап алды. Германия КСРО-ға қарсы барлық қарулы күшінін 70% - 5,5 млн адамнан тұратын 190 дивизия, 4300 танк, 5 мың ұшақ шоғырландырды. Батыс шекаралық округтердегі Қызыл Әскер күштерімен салыстырғанда Германия әскери күші адам ресурсінен екі есе, танктен үш есе, ұшақтан 3 есе, артиллериядан – 1,3 есе басым болды. Осыған қарамастан шекарашылар, олардың қатарында Брест қорғаушылары алғашқы ұрыстың өзінде теңдесі жоқ ерлік көрсетті. Брест шекаралық отряды жауынгерлердің құрамында жаудын алғашқы соққысына А.Мүсірепов, В.Лобанов, К.Абдрахманов, К.Иманқұлов, А.Наганов, Ғ.Жұматов, Ш.Шолтыров, Т.Деревянко, Қ.Батталов және басқа қазақстандық жауынгерлер қарсылық көрсетіп, айрықша ерлікпен көзге түсті.

Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майданға аттандырылды. Қазақстан территориясында жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасты. Әсіресе, Москва түбіндегі шайқаста қазақстандықтар үлкен құрметке ие болды. Москва бағытындағы негізгі жолдардың бірі – Волоколамск тас жолын қорғауда Алматыда жабдықталған 316-атқыштар дивизиясы генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен теңдесі жоқ ерлік танытты. Қысқа уақыт ішінде дивизия жауынгерлері жаудың танк, моторлы және екі жаяу әскер дивизияларын талқандады. Москва түбіндегі шайқаста әсіресе саяси жетекші В.Г. Клочков басқарған бөлімше – 28 панфиловшылар жаудың 50 танкісіне тойтарыс беріп, асқан ерлік көрсетті. 1941 ж. 17 қарашада дивизияға 8-ші гвардиялық деген атақ беріліп, кейінірек Қызыл Ту, Ленин ордендерімен, ал Риганы жаудан азат еткені үшін екінші дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. Бұл шайқаста ерлік танықтан 28 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Сонымен бірге Волоколамск түбінде үлкен ерлік көрсетіп қаза тапқан талантты қолбасшы, қаһарман командир И.В.Панфиловке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Панфиловшы аға лейтенант Б.Момышұлы Москва түбіндегі шайқаста өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Б.Момышұлы полковник лауазымымен, 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып жүріп аяқтады. Белгілі орыс жазушысы А.Бектің “Волоколамское шоссе” повесі Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігіне арналды. Сөйтсе де, Б.Момышұлының соғыс жылдарындағы ерлігі өз дәрежесінде мойындалмай, тек 1990 жылы еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей араласуымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

И.В.Панфилов дивизиясы құрамында жаумен шайқасқан М.Ғабдуллин 1943 ж. Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. М.Ғабдуллин бастаған жауынгерлер Бородино селосын жаудан тартып алып, 7 сағат бойында ерлікпен қорғады. Шайқас нәтижесінде немістер шегінуге мәжбүр болды. Москва түбіндегі шайқастарда Т.Тоқтаров, Р.Жанғозин, Р.Елебаев және т.б. қазақстандықтар асқан ерлік танытты. Бұл шайқасқа қазақстандық 238-ші дивизия, 19-шы атқыштар бригадасы да қатысты.

“Барбаросса” жоспары жүзеге аспағаннан кейін 1942 жылы Германия Кеңестер Одағын басып алу мақсатында жаңа жоспар қабылдады. Бұл жоспар бойынша фашистер негізгі күшін Сталинград пен Кавказды басып алуға бағыттады. Сталинград пен Кавказды басып алу операциясына фашистер құпия дайындалып, оған “Блау” деген ат қойды. Фашистер бұл жерлерді жаулап алуға үлкен мән берді. Өйткені фашистерге басып алған мемлекеттер территорияларынан мұнай тасу қолайсыз болғандықтан, Кавказ мұнайына үлкен үміт артты. Тағы бір себеп – фашистер Кеңестер Одағының Қара теңіздегі порттарын басып алып, одақтастары – Англия, АҚШ-пен байланысын үзуді көздеді. Сонымен қатар Сталинград қорғаныс өнеркәсіптері көп шоғырланған шикізат көзіне бай орталық болды. Сондықтан фашистер бұл бағыттағы соғыс қимылдарының сәтті аяқталуына үлкен мән берді.

Жау 1942 жылдың шілде айында Сталинград бағытына 42 дивизия, тамызда – 69, ал қыркүйекте – 81 дивизия аттандырды. Күш тең болмады. Өйткені кеңестік қолбасшылар жау шабуылын Москва бағытында күтіп, негізгі әскери күшті осы бағытқа шоғырландырды. Өйткені ”Блау” бойынша, Кеңес барлаушыларын жалған жолға түсіріп, шабуыл Москва бағытында қайта жанданады деген ақпарат таратылған еді. Сталинград бағытындағы шайқастарға төмендегідей қазақстандық әскери құрылымдар қатысты: 292-ші атқыштар дивизиясы ретінде қайта құрылған 74-ші Аралдық атқыштар бригадасы, 387-ші атқыштар дивизиясы, 27-ші атқыштар кейінгі 72 гвардиялық дивизия, 75-ші атқыштар кейінгі 3-ші гвардиялық атқыштар бригадасы. 3-ші атқыштар бригадасы Сталинград түбідегі шайқаста 5 мың фашисті жойып, 3 мың фашист офицері мен жауынгерлерін тұтқынға алды. Сонымен бірге, бұл шайқасқа 81-ші атты әскер дивизиясы, 152-ші атқыштар бригадасы, 129-ші миномет полкі мен 196-ші жеке көпір құрылысы батальоны қатысты.

1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданында болған әуе шайқасында қарағандылық ұшқыш Н.Әбдіров өзінің оқ тиіп өртенген ұшағын жау танктері шоғырланған жерге бағыттап, экипажымен бірге ерлікпен қаза тапты. Н.Әбдіров, минометші К.Сыпатаев пен Р.Рамазанов Сталинградты қорғаудағы ерліктері үшін Ұлы Отан соғысы батыры атағына ие болды. Сталинградта қаланы жаудан қорғауда ерлік танытқан қазақстандықтар құрметіне “Казахстанская” аталған көше бар. Бірнеше айға созылған Сталинград шайқасы 1943 жылдын басында жаудың жеңілуімен аяқталды. Сталинград шайқасы барысында Кеңес Армиясы екінші дүниежүзілік соғыстағы түбегейлі бетбұрысқа шешуші үлес қосты.

1943 жылы фашистер Кеңестер Одағын басып алу мақсатында жаңа операция жоспарлады. Бұл операцияға “Цитадель” деген ат беріп, жан-жақты дайындалды. Осы жылы Германияның әлсірегенін сезген бұрынғы одақтастары бастапқы міндеттерінен бас тартып, дүниежүзілік соғыстан шығу жолдарын іздеу үстінде болды. Сондықтан Германия бұл операцияның сәтті аяқталуына бар күшін салып, одақтастарын сақтап қалуға тырысты. “Цитадель” операциясына фашистер 900000 әскер қатыстыруды жоспарлады. Шайқасқа іріктелген фашистік дивизиялар: “Рейх”, “Ұлы Германия”, “Фикинг”, “Адольф Гитлер” және т.б., барлық танктердің 70%, барлық ұшақтардың 65% тартылды. 5-ші шілдеде басталған Курск шайқасы шілденің аяғында кеңестер әскерінің жеңісімен аяқталды. Курск иіні мен Днепр шайқастарына көптеген қазақтандық әскери құрылымдар қатысты. Тек Курск иініндегі шайқастағы ерлігі үшін 123 қазақстандық Ұлы Отан соғысы Батыры атағына ие болды.

1944 жылы Германияның жеңілетіні белгілі болғаннан кейін, ендігі жерде соғыс қимылдарын Кеңес Одағы бақылауға алды. Осы жылы Кеңес үкіметі “Берлин” операциясын бастайды. Бұл операцияның мақсаты – неміс фашистерін Кеңестер Одағы територриясынан қуып, Еуропа мемлекеттерін жаудан азат ету болды.

“Достық көмек” идеологиясын жамылған Кеңестер Одағы болашақта азат еткен мемлекеттер саясатына араласуды, тіпті кейбір мемлекеттерді өз бақылауында ұстауды көздеді. Өйткені басты жауы – Германияны жеңгеннен кейін, Кеңестер Одағы әлемдік билікке талпынып, социалистік мемлекеттер жүйесін құруды жоспарлады.

Шығыс Еропаны жаудан азат етуде қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетті. Шығыс Пруссия территориясын азат етуде көрсеткен ерліктері үшін 20 қазақстандық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олар – В.А.Андреев, Л.И.Беда, П.Т.Брилин, Т.К.Абилов, В.Г.Козенков, И.И.Корнев, И.В.Кутурга және т.б.

Словакия территориясын жаудан азат етуге 4-ші Украина майданы құрамында қазақстандық 8-ші атқыштар дивизиясы қатысты. Майданда көрсеткен ерліктері үшін 8-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы 62-ші артиллериялық Карпат полкі Қызыл Ту орденімен, 151-ші Карпат полкі 3-ші дәрежелі Кутузов орденімен, 310-шы атқыштар полкі 3-ші дәрежелі Суворов орденімен марапатталды.

72-ші және 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары Венгрия, Оңтүстік Чехия, Австрия территорияларын жаудан азат етуге қатысты. Австрия астанасын жаудан азат етуде алматылық Пупков М.А. Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Сонымен қатар Австрияны азат етуші 105-ші гвардиялық дивизия жауынгерлері: А.Мудрагель, Г.Сливных, Ж.Аминов қаһармандықтарымен көзге түсті.

Прага операциясына 118, 88, 314, 8-ші атқыштар, 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы қатысып, бұл операцияда 992-ші алматылық авиация полкі асқан ерлік көрсетті. Бұл полк екінші дәрежелі Б.Хмельницкий және 3-ші дәрежелі Суворов ордендерімен үш мәрте марапатталды. 992-ші полк 7642 рет жауға шабуыл жасап, 816 бомба тастап, 3 ұшақты, 19 зенитті батареяны, 1000 автомашина, 2 көпірді және т.б. жойды. Прага операциясы барысында 52-ші армия құрамындағы алматылық 556-ші эскадрилия ерлікпен көзге түсті. Бұл эскадрилия тұтқиылдан 4050 шабуыл жасап, 2350 мәрте жау территориясын бомбалаған. Құрамындағы 14 адамның 10-ы үкімет тарапынан марапатталады.

Чехословакия жерін азат етуге келген қазақстандық ұшқыштар 2, 8, 5-ші әуе армиясының бөлімдерінде жаумен шайқасты. Шайқастардағы ерлігі үшін С.А.Батеньков пен П.Ф.Железняков соғыстан кейін Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады. Ұшқыштар: Т.Я.Бигелдинов, И.Павлов, С.Д.Луганский және Л.И.Беда 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Олардың қатарын 56 жыл кешігіп барып, 1941 жылдың 26-шы маусымында, соғыстың бесінші күні-ақ аты аңызға айналған батырлық капитан Гастелло экипажының ерлігі емес, капитан А. Масловтың экипажынікі екендігі айқындалып, осы экипаж құрамындағы Б. Бейсекбаев 1998 жылы Ресей Батыры атағын алып, толықтырылды.

Берлин операциясына қазақстандық 118-ші, 313-ші атқыштар дивизиялары және 209-ші атқыштар полкі қатысты. Берлин ратушасын алуда 118-ші атқыштар дивизиясының взвод лейтенанты К.Маденов, ал көше шайқастарында И.Б.Мадин, Рейхстагка ту тігуде Р.Қошқарбаев ерлік танытты. Айтпенбет Нақыпов Одерден Петерсфельд қаласына дейін танкпен келеді. Соғыстан кейін Нақыповтың танкі қала алаңына ескерткіш ретінде қойылды. Берлин операциясында 27 қазақстандық ерліктерімен көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді.

Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып, әскери комиссариаттарға хат жазған қазақ қыздары өте көп болды. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш түскен. Ал, Алматы қаласының тек Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түсті. Майданға аттанған әйелдер мен қыздардың көбі медсанбаттар мен госпитальдарда борышын өтеген. Қазақ арулары түрлі әскери құрамаларда болып, ерен ерлік үлгісін көрсетті. Қолдарына қару алып, майданға аттанған қазақ жұлдыздары - Әлия мен Мәншүк Қазақстан даңқын әлемге паш етті. Авиация саласын меңгерген қазақ қызы – Х.Доспанова Кеңес Одағының батыры М.Раскова басқарған әйелдер авиациясының құрамында авиация штурманы болып 300-ден астам мәрте әуеге көтерілді. 2004-ші жылы Президенттің жарлығымен Х.Д.Доспановаға Халық Қаһарманы атағы берілді. Сафарбекова Жауһария Насырқызы Ленинград майданында қалалық радиостанция бастығы болып, Ленинград майданында аса ерлігімен көзге түскен. 1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта арулары Курск иініндегі шайқасқа қатысып, бірнеше марапаттарға ие болды.

Қазақстандықтар жау тылындағы партизан қозғалысына да белсене қатысты. 1941 жылы КСРО ОАК мен БКП(б) ОК-нің 1941 жылдың 29 маусымындағы дерективасында жау басып алған территорияларда жау армияларының бөлімшелерімен күресу үшін партизан отрядтарын құру көзделді. Осы жылдың 18 шілдесінде БКП(б) ОК “Германия әскерінің тылында күрес ұйымдастыру” туралы қаулы қабылдап, партизан қозғалысын ұйымдастырды. 1941 жылдың жазынан бастап жау тылында жабдықтала бастаған партизан ұйымдары құрамындағы жауынгерлер саны 1943 жылдың соңында 1 миллионға жетті. 1942 жылдың мамырында Қызыл Армия мен партизан қозғалысының ұштасуын қадағалайтын Орталық, кейінірек республикалық және облыстық партизан қозғалысы штабтары құрылды.

Енді партизан қозғалысы қатарында жаумен шайқасқан қазақстандықтар құрамына тоқталайық. Украина территориясындағы партизан бірлестіктерінде 1500 қазақстандық жаумен шайқасты. Атап айтсақ, М.И.Шукаевтың партизан отряды құрамында 79 қазақ, Ұлы Отан соғысының Батыры С.А.Ковпактың партизан отрядында 70 қазақстандық болды. Ленинград облысы территориясындағы партизан бірліктері құрамында 220, ал Белоруссия территориясында 1,5 мыңға тарта қазақстандықтар жаумен шайқасты. Қазақстандық партизандар жаумен шайқаста үлкен ерлік танытты. Мысалы, 1941 жылы Киев облысы, Македон селосында жасырын партизан орталығы құрылады. Бұл орталыққа соғысқа дейінгі жылдары Павлодар облысында оқытушы қызметін атқарған Қасым Қайсенов коммунистік жолдамамен жіберіледі. 1942 жылы Қ.Қайсенов Чапаев атындағы партизан отрядтарының командирі сайланып, Украина территориясында жаумен шайқаста үлкен ерліктер көрсетті. Қ.Қайсеновпен қатар Украина территориясында Қарағанды облысынан Д.И.Сагаев, Талдықорған облысынан П.С.Шленский, Қызылордадан – Байдаулетов, Шымкент облысынан – Ж.Омаров, алматылық – А.С.Егоров және т.б. қазақстандықтар әртүрлі партизан құрылымдары қатарында шайқасты. Отанын қорғаудағы асқан ерлігі үшін Қ.Қайсеновке “Халық Қаһарманы” атағы берілді.

Белоруссия территориясын жаудан азат етуге де қазақстандық партизандар үлкен үлес қосты. Тек 1941 жылы Брест облысындағы Старосельск орманында 9 қазақстандық партизан жаумен шайқасты. Белоруссия территориясында ерлікпен шайқасқан отандас партизандар: Ф.Озмитель, Ғ.Омаров, Н.Қайсеитова, Н.Салықов, Х.Исмағұлов, Н.Сыдыкова, М.Стрельников, И.А.Булаев, И.Данияров, И.А.Ерещенко, К.Темирханов, Е.Балабеков, Т.Жұмабаева және т.б. Смоленск облысында құрылған партизан бірлестіктерінің құрамы 45 ұлт өкілінен тұрды. Соның ішінде 2-Кляжнянск партизан бригадасында 19, С.Лазо атындағы партизан полкінде 40, ерекше партизан бірлестігі “Тринадцать” құрамында 48 қазақстандық болды. Смоленск облысында қазақстандық партизандар А.Шарипов, Ж.Агадилов, И.Өтебаев, М.Мұқанов, А.Төлегенов, Қ.Ахметов және т.б ерлікпен көзге түсті.

Жаумен шайқаста көрсеткен ерліктері үшін қазақстандық партизандар әр түрлі мемлекеттік марапаттарды иеленді. А.С.Егоров пен Ф.Ф. Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Соғыстың кейінгі жылдары орталық партизан штабының шешімімен тәжірибелі партизандарды шетел мемлекеттері территориясына аттандырды. Оларға партизан отрядтарын ұйымдастыру тапсырылды. Осы мақсатпен Қ.Қайсенов Румыния мен Чехословакияны, ал А.С.Егоров Словакияны, С.О.Төлешов, Н.Супронов, Сарсенгалиев, А.Г.Акимин – Польшаны жаудан азат етуге ат салысты. Жүздеген қазақстандық соғыс тұтқындары Франция, Италия, Бельгия, Югославия, Греция және т.б. Еуропа мемлекеттері халықтарының азаттық күресіне белсенді қатысты. Соңғы мәліметтерге сай, тек Франция, Бельгия, Италия территорияларындағы партизан құрылымдары қатарында 180 қазақстандық болған.

Соғыстың алдында Розенберг идеясы бойынша, Қазақстан, Орта Азия, Солтүстік Иран, Ауғанстан территорияларын біріктіріп ислам пан-түріктік “Гросс Туркестан” немесе “Пантуркестан” мемлекетін құру көзделеді. Бірақта “Гросс Туркестан” идеясы жүзеге аспады. Оның орнына рейх 26 жаяу батальон, 111 рота және жүк тасушылар колоннасынан түратын Түркістан легионын құруды жоспарлады. 1942 жылы құрылған Түркістан легионы құрамында неміс әдебиеттерінде 1 миллион, тарихшы Раух 650 000 адам, ал қазақстандық мамандар 180 000 - 250 000 адам болған деген мәлімет береді. Түркістан легионын қолдаушы қазақ зиялысы – М.Шоқай Түркістан легионы құрамындағы әскери құрылымдарды қажет деп таппаған. М.Шоқай фашистер лагерінде зардап шеккен жандарды қайтадан майданға жіберу адамгершілікке жатпайды, керісінше, оларды Германия зауыт-фабрикаларына жіберіп, болашақ Түркістан мемлекетіне маман-кадрларды даярлау идеясын ұсынады. Өкінішке орай, М.Шоқай 1941 жылы 27 желтоқсанда қайтыс болып, бұл идеясы жүзеге аспайды. Фашистер Түркістан легионы құрамындағы бір батальонды 1942 жылы алғаш рет Воронеж майданы маңында қызыл Армияға қарсы соғысқа қатыстырады. 193 легионер соғыспай Қызыл Армия жағына шығып кетеді, ал батальон басшысы Бақыт Байжановты фашистер тұтқындайды. Өйткені легион құрамына әскери тұтқындардың басым бөлігі фашистік концлагерлерден шығу мақсатымен ғана кірген. Олардың көбі жергілікті партизандармен байланысып, фашистерге қарсы партизан қозғалысы құрамында соғысады. Майданға түскен жағдайда Қызыл Армия жағына өткен. Өкінішке орай, бұл жағдай ескерілмеген. Отанында олар “РКФСР Қылмыстық істер кодексінің” 58-1 б, 58-3, 58-9, 59-10, 58-11 баптарымен жазаланып “сатқын” деген лақапқа ие болып, үрім-бұтақтарына дейін қудаланды. Француз тарихшысы Клод Дельпла түркістандықтар партизандық қозғалыстарға көптеп тартылып, үлкен ерліктер танытты дейді. Ал, неміс тарихшысы Патрик фон Мюллер олардың қиын тағдырын аяп, свастика мен қызыл жұлдыз арасында қалғандар деген сипат береді.

Қорыта келе, Ұлы Отан соғысына тартылған қазақстандықтар санына тоқталайық. Соғыстың алдында Қазақстанда 6,2 млн. адам тұрды. Соғыс жылдары қолына қару алып, майданға 1,9 млн. адам аттанды. Сталиндік тәртіп 1916 жылғы патша үкіметінің тәжірибесін пайдаланып, арнайы құрылыс батальондарын да құрды. Бұл батальондар Орта Азия және Қазақстанның жергілікті халқынан және құғын-сүргінге түскен халықтардан жасақталды. Қазақстаннан әскери комиссариат арқылы еңбек армиясына 700 мың адам жіберілді. Олар соғыс шебіне жақын аудандарда оқ астында қорғаныс объектілерінде еңбек етті. Осылайша әрбір төртінші қазақстандық қорғаныс және майдан объктілеріне тартылған. Республиканың мобилизациялық деңгейі тіпті Германиядан да жоғары болды, Германия халқының 12% мобилизацияланса, Қазақстанда халықтың 24% мобилизацияланған. Мобилизацияланған халықтың 50-60% қазақ ұлтынан еді. Қорғаныс, көмір, ауыр өнеркәсіп жұмысшылары соғысқа тартылудан босатылса, Қазақстан тұрғындары түгелімен дерлік армияға шақырылды. Өйткені Қазақстанда шаруалар басым болды.

Ұлы Отан соғысы майдандарында қаза болған қазақстандықтар санына байланысты түрлі пікірлер бар. Кейінгі жылдардағы мәліметтерде соғыстан оралмаған қазақстандықтардың саны 601 000-ға дейін жетіп отыр, оның 350 мыңнан астамы қазақтар. Бұл қолға қару алып, ұрыс даласында қаза тапқардардың саны. Егер осы тұстағы халықтың жалпы саны мен соғыста қаза тапқан өкілдердің санына шағатын болсақ, қазақтардың шығыны көршілес өзбек, татар, азербайжан, грузиндерден анағұрлым жоғары. Бұл пайыздық шығын жағынан қазақ халқы өз жерінде соғыс қимылдары болған орыстармен, украиндермен, белорустермен деңгейлеседі.

Кеңестер Одағының құрамдас бөлігі ретінде жаумен шайқаста қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Майдандағы ерлігі үшін 520 қазақстандықтың, оның ішінде 100-ден астам қазақтың Кеңес Одағының Батыры атағын алуы – ортақ Отанын қорғауда қазақ ұлтының суырылып алға шыққанын көрсетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   24


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет