Қазақстан тарихы



жүктеу 5.01 Mb.
бет16/24
Дата15.01.2017
өлшемі5.01 Mb.
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   24

2. Азамат соғысы және социалистік құрылыстың басталуы
Азамат соғысы үкімет үшін күрестің жалғасы болды, сол себепті де революция мен азамат соғысы арасында ешбір дәл шекара болған емес. Кеңес үкіметінің белсенді әрекеттеріне қарамастан, Қазақстанда азамат соғысының ошақтары өте тез пайда болды: 1917 ж. қарашаның аяғында Орынборда атаман Дутовтың басшылығымен ақ гвардия әскерлері Орынбордағы Кеңес күштерін шегіндіріп, билікті басып алды. Сол айда Жетісуда казак әскерлері кеңесінің “әскери үкіметі” және революцияға қарсы ошақ Оралда да құрылды. Құрылған облыстық әскери үкімет көп ұзамай жергілікті кеңесті таратып, өкіметті басып алды. Сөйтіп, Верныйда және Орал қалаларында ақгвардия диктатурасы орнатылды. Бұл үш “әскери үкімет” Қазақстанда кеңес өкіметіне қарсы қозғалыстың басты күші болып табылды. Олар ақгвардиялық офицерлерге, ауыл-село шаруаларына сүйенді және меньшевиктер мен “Алаш” партиясының жетекшілерінен қолдау тапты.

Жоғарыда атап көрсеткендей 1918 жылдың көктемінде кеңестік билік тарапынан түсінушілік пен қолдау табудан күдер үзген Алашорда, енді большевиктерге қарсы ымырасыз күрес жүргізуге ұйғарып, Сібір Уақытша үкіметі (Омбы) мен Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің (Комуч) Самар комитеті қолдауына сүйеніп, Алаш автономиясын жүзеге асыруға кірісті. Сөйтіп, азамат соғысының бастапқы кезеңінде алашордашылар ақтармен одақтасып, қызылдарға қарсы соғысты. 1918 ж. шілде мен тамызында Ә.Бөкейханов, Ә.Ермеков пен әскери бөлім меңгерушісі капитан Қ. Тоқтамысов Самар мен Омбыда Комуч пен Сібір уақытша үкіметтері әскери ведомстволары өкілдерімен кездесіп, Алаш орданың қарулы күштерін құру жөнінде келіссөздер жүргізді. Алаш орда Батыс бөлімінің басшылары Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтар Комуч арқылы Самарадан 600 винтовка мен пулемет алды және таяу уақытта 2000 адамнан қазақ отрядтарын ұйымдастыруға уәде береді. Торғай тобына 300 берданка мылтығы, 20000 патрон, әскери киім-кешек бөлінді. Дутовтың көмегімен екі атты полк: біріншісі - Қостанайда, екіншісі – Ырғызда құрыла бастады. 1918 жылы тамызда Семей қаласында құрамында 38 офицері мен 750 жауынгері бар Бірінші Алаш атты әскер полкі ұйымдастырылды. Ақ гвардияшылардың көмегімен асығыс үйретілген Алаш отрядтары көп ұзамай Қызыл Армияға қарсы шайқастарға қатысты.

1918 ж. жазында азамат соғысы өршіп, кең етек алды. Ақ гвардияшылармен бірігіп алған империалистік мемлекеттердің белсенділік көрсетуіне орай ең басты пәрменді күш - Сібір мен Оралда шоғырланған Чехословакия корпусының офицерлері бүлік шығаруына байланысты әскери қақтығыстар күшейе түсті. Бұл корпус революцияға дейін Австро-венгрияның тұтқын солдаттарынан - чехтар мен словактар қатарынан құрылған еді. Осы корпустың бөлімдері революцияға қарсы ішкі күштермен қоян-қолтық бірлесіп, Ақмола, Петропавл, Атбасар, Қостанай қалаларын басып алды.

Мамыр айының аяғында В.В. Куйбышев В.И.Лениннен Орынбордағы Дутов авантюрасының тамырын жою туралы көмек сұрады, олай болмаған күнде Торғай мекенінің 12 млн. тұрғыны аштан қырылатындығы туралы ескерткен еді. Осыған орай облысқа әскери көмек көрсетіліп, Қызыл Армияның бөлімдері құрылды, кейін бұл бөлім Ақтөбе майданының құрамына енгізілді. Ақ гвардиялықтар негізінен Орынбор және Илецкі аудандарында Дутовтың басшылығымен әрекет етіп, олар Ташкент және Самараны Орталықтан бөліп тастады. 1918 ж. 2 шілдеде Дутов басқарған әскер Орынборды екінші рет басып алды да, Түркістанды орталық Ресейден бөліп тастады. Қызыл Армия бөлімі (10 мың адамға жуық) Орынбор қаласын тастап 2 топқа бөлінді. В.Г. Блюхер және Н. Каширин отрядтары солтүстікке кетіп, Шығыс майданның негізін құрды. Басқа бөлімдер Ақтөбе және Орск қалаларына шегініп 1918 жылы шілде айында Г.В. Зиновьевтың басшылығындағы бір армияға бірікті. Қызыл Армия күштері қанды қақтығыстар жүргізіп Орскны ұстап тұрды.

1918 ж. күзінде, яғни қазан айында Каспийге ағылшындардың келуіне байланысты Ақтөбе майданында қиын жағдай қалыптасты. Жоспар бойынша, ағылшындарға Қазақстан мен Орта Азияны ішкі контрреволюциялық күштер арқылы бір уақытта басып алу ұсынылды. “Орынбор тетігі” яғни стратегиялық негізгі темір жол қиылысы большевиктер өкіметін кәдімгідей ойландырды, сондықтан В.И.Лениннің нұсқауымен 1918 ж. Ә.Жангелдин басқарған 600 адамнан тұратын Балтық матростарының отряды қосылған әскери экспедиция орталықтан бөлініп қалып, көптеген қиыншылықтарды көре жүріп, 7 ай көлемінде Ақтөбе майданына қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізді. Мәскеуден Ақтөбе майданына ақша қаражаты мен оқ-дәрі, қару-жарақ тасымалдау үшін құрылған әскери экспедиция құрамына Австро-Венгрия мен Германияның бұрынғы тұтқындарынан құралған 150 шетел интернационалдары да өз еркімен кірді. Сөйтіп, негізгі күш Орынборға жұмылдырылды, себебі қаланы қалайда басып алу Түркістанды Дутовтан қорғау мүмкіндігін туғызды.

Орынборды алу операциясына Ақтөбе майданының әскерлері мен Шығыс майданның әскерлері де қатысты. 1918 ж. 29-желтоқсанда ауа райының қиындығына қарамастан шабуыл басталды, Дутов ақ гвардияшылары екі майданның әскерлерінің қысымынан жеңіліп, толық талқандалды. 1919 ж. 22-ші қаңтарында Орынбор қаласы алынып, Түркістан аудандары мен Орталық Ресей арасындағы қатынасты қалпына келтірді. Осымен Ақтөбе майданының тарихтағы 1-ші кезеңі аяқталды (1918 шілде-1919 қаңтар).

1918 ж. күзінде ақ гвардияшылар Жетісудағы Саратов, Покровское, Покатимовское жерлеріне белсенді шабуылдап, Қызыл Армия қарулы күштерінің қарсылығына қарамастан Сергиополь, Үржар, Сарқант және т.б. жерлерге бекінді. Сөйтіп, Солтүстік Жетісу майданы құрылды. 1918 ж. аяғында Жетісу майданында 10 мың қызылармияшылар мен біріктірілген Черкасск партизан күштері орналасты.

1918 ж. наурызда ақ гвардияшылар Орал қаласында Кеңес билігіне шабуылдап, облыстық атқару комитетінің мүшелерін қамап, соңынан оларды өлтірді. Алашорданың Батыс бөлімімен бірлесіп әрекет еткен Дутов бөлімдері Орал-Гурьев ауданында генерал Толстов басқарған ақтардың негізгі күштерімен бірікті. 1918 ж. күзінде Орал ақтарымен күресу үшін ”Ерекше армия (кейінгі шығыс майданының төртінші армиясы) құрылды. Жыл бойы Шығыс майданындағы Колчак әскерлерінің шешуші жеңісіне дейін Орал аймағы қолдан-қолға өтті. Орал облысында “Бірінші ерекше атты әскер” бригадасы құрылып, кейін Қызыл армияның 4-армиясының құрамына кірді. 4-ші Армияның қолбасшысы болып М.В.Фрунзе тағайындалды. Оралды босату операциясына В.И.Чапаев басқарған 2-ші Николаев дивизиясы және 4-ші армияның бөлімдері қатысты. 1919 ж. 24-ші қаңтарда қала босатылды. Сөйтіп большевиктер үшін азамат соғысының алғашқы кезеңі сәтті аяқталды.

1919 ж. көктемде Колчактың шабуылдауына байланысты Шығыс майданында жағдай бұрынғыдан да қиындай түсті. Колчак армиясы Орынбор мен Оралды алғаннан кейін Оңтүстік майдандағы Деникинге қосылу қажет болды. Сондықтан бұл аудандағы әскери қимылдар М.В.Фрунзе басқарған Шығыс майданының Оңтүстік әскери бөліміне тапсырылды. Шығыс майдандағы туған шиеленіс Батыс Қазақстандағы жағдайды да қиындатып жіберді. Осылайша Орынбор шығыстан, оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан 100-120 шақырымда Колчак армиясымен қоршауға алынып, қаладағы 1-ші Дутовтың орынбор казак корпусы және 2-ші корпусы шабуылдап, әскери қимылдар қайта басталып, 1919 ж. сәуірдің бас кезінде Ақтөбеге шабуыл жасауға кірісті. Ақтөбедегі жұмысшы отрядтары әскер күшін жабдықтай алмауынан 1919 ж. сәуірде қала тасталынып, қызыл гвардияшылар Қандыағаш станциясына шегініп, жергілікті тұрғындардан жаңа әскери күш жинақталып, оңтүстік Ақтөбе майданы құрылды. Ақтөбе майданы Түркістанның болашағы үшін стратегиялық негізгі нүкте болды.

Партиялық ұйымдар “Бәріміз Колчакқа қарсы күреске” деген ұранмен жұмысшылар, шаруалар, теміржолшыларды мобилизациялап, соғысқа аттандырды. Ақтөбе майданына Түркістан майданынан жүздеген ұлт өкілдері бар армия келіп қосылды. Майдан Түркістан АКСР-іне бағындырылды. Майдан құрамына Колузаевтың отряды (1105 адам), Қостанай партизан отряды (750 адам) қосылды. Майданды басқарған Колузаевтың Ембі ауданы және Темірде жүргізген әскери қимылдары сәтсіз өтті. Сондықтан да Түркістан АКСР-нің революциялық-әскери советі Колузаевті майдан қолбасшысы қызметінен алды. Ақтөбе майданы әскерлерінің қолбасшысы болып А.И.Астраханцевті, ал комиссары етіп И.Ф.Казаринды тағайындады. П.Кобозев басқарған ТүрЦИК комиссиясы мен Жиляев арасындағы әскери келіспеушілік нәтижесі майдандағы жағдайды қиындата түсті. 1919 ж. шілде аяғындағы шабуылға шыққан ақ гвардияшылар кеңес әскерлерін ескі Арал теңізіне шегіндірді. Бұл кезде Шығыс майданының әскери бөлімдері Түркістанға көмекке келді.

М.В.Фрунзенің ұсынысымен оңтүстік әскери топ Түркістан майданы болып бөлінді, олардың алдында: Орал мен Орынборды босату және Түркістанға экспедиция жіберу мақсаты тұрды. 1919 ж. 30 тамызы мен 1-қыркүйекте қарсыластар Ақтөбе майданына шабуыл бастады. 1919 ж. қыркүйегінде Түркістан, Ақтөбе майдандары Мұғалжар станциясында бірікті. Оңтүстік Колчак армиясының негізгі күші талқандалып, Түркістанға жол ашылды.

Қазақстанның ақ гвардияшылар басып алған жерлерінде, олардың жіберген қателіктерінің салдарынан, партизан қозғалыстары мен халық көтерілістері де кеңінен өріс алды. Партизан қозғалысының ірі ошағы - Қостанай уезі болды. Партизан қозғалыстары Ақмола, Семей, Жетісу облыстарында, Павлодар, Өскемен, Бұқтырма мен Зайсан уездерінде, әсіресе Зырян, Катон-Қарағай, Шыңғыстау, Шемонайха болыстарында кең қанат жайды. Партизан отрядтарының негізін құраған шаруалар Қазақстанның барлық уездеріндегі большевиктік ұйымдарды құруда да ерекше роль атқарды. 1919 ж. көктемінде Шығыс және Ақтөбе майданының жақындауына байланысты партизандар қозғалысының белсенділігі күшейді. Шаруалар жергілікті ақ гвардияшыларды қамауға алып, әскери революциялық комитеттер сайлап, көптеген жаңа отрядтар жинақтады. Мәселен, Бурабай поселкісінде 1270 адамдық отряд құрылды. Шаруалар көтерілісін әскери–революциялық штаб басқарып, сәуірде Қостанай қаласы алынды. Қостанайға ақ гвардияшылардың ірі әскери күштері мен 32-ші Донецк полкі аттандырылды. Кескілескен ұрыстардың нәтижесіне партизан отрядтарының әскери дайындығының нашарлығы әсер етсе, оның үстіне қостанайлықтардың Ақтөбе майданына қосылуына “Алаш Орда” кедергі жасады. Партизан отряды Торғайға қарай аттанып, Торғай атты әскер отрядымен бірігуге тырысты, себебі Ақтөбе қаласын Дутовшылардан қорғау үшін қосымша әскери күш қажет еді. 1919 ж. А.Иманов Торғайдағы гарнизондар мен әскери ұйымдарды көшіру туралы бұйрық берді. Осы уақытта Қостанайлық партизандар штабы бастығының көмекшісі Л.Таранның отряды қалаға жақындайды. А.Иманов және Л.Таранды жолдастарымен Алашордашылар тұтқындап, бір айдан кейін жазалады. Тірі қалған Қостанай партизандары Ақтөбе майданының құрамына енгізілді. Нәтижесінде Қостанайлық партизан отряды Ақтөбе майданының үлгілі 4-Долбушев жаяу әскер полкіне айналды.

Сондай-ақ, Азамат соғысы тарихындағы партизан қозғалысының ірі ошақтарының бірі - Черкасск қорғанысы, Тарбағатай мен Алтайдың “Тау қырандары” отрядтарының қозғалысы Қазақстандағы Азамат соғысы тарихынан өшпес орын алды. 1919 ж. жазында Шығыс майдандағы Колчак армиясының негізгі күшінің күйреуі батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс Қазақстан мен Жетісуды азат етуге жағдай жасады. 1919 ж. аяғында Қазақстанның негізгі территориясы Дутов пен Анненковтың армияларының қалдықтарынан босатылып, 22 наурызда кеңес әскерлері Қапалды, 28 наурызда Арасан станциясын азат етті. 22 наурызда Үржар станциясын, 27 наурызда Бақты станциясын, 25 наурызда атаман Анненковтың ставкасы тұрған Үшаралды, 29 наурызда Қапал гарнизонын тізе бүктіріп, атаман Анненков және Дутов бастаған ақ гвардияшылардың қалдықтарын Синьцзянға қарай қуды. 1920 ж. 29 наурызында ең соңғы майдан Солтүстік Жетісу майданы жойылып, Кеңес үкіметі қайтадан қалпына келтірілді.

Сонымен, 1920 жылы азамат соғысы аяқталып, онда қызылдар ақтарды талқандап, жеңіске жетті. Азамат соғысы жылдарындағы қызылдардың жеңісінің себептері: біріншіден, Кеңес өкіметіне қарсы күштер ұйымдасып, бірлесіп қимыл жасай алмады; екіншіден, ақ гвардияшылар өкіметі орнаған жерлерде бұқара халыққа қарсы бағытталған шаралар жүзеге асырылып, оған керісінше Кеңес өкіметі тарапынан ұлттардың өзін-өзі билеу құқығының сөз жүзінде болса да мойындалуы; үшіншіден, Кеңес өкіметінің орта шаруалармен одақ құруы және 1919 жылы шілдеде Казревком құрылғанда қазақтардың жерге мұқтаждығын өтеу жөнінде сөз болып, Қазақстанға қоныс аударуды тоқтату мәселесі қойылды. Түбірлі революцияық сипатта болмағанмен бұл шаралар большевиктерге азамат соғысы кезінде ақтар мен қызылдар арасында ауытқыған қазақтардың көмегіне сүйенуге жағдай жасады; төртіншіден, 1919 жылдың көктемінен бастап, А.Байтұрсынов бастаған алашордашылар қызылдар жағына шықты. Себебі, олардың Колчактық орыс шовинистік көзқарастарынан үміттері үзілді. Ақтар билеушілері қазақ халқына ұлттық автономия бергісі келмеді, тіпті, өздерінің қолдап жүрген Алаш орда үкіметін де мойындамады. Сібірдегі уақытша Бүкілресейлік үкімет 1918 жылы 22 қазан-4 қарашадағы грамотасымен Алаш орда Халық Кеңесі үкіметін таратып жіберді. Сонымен қатар, Сібір үкіметі Алаш автономиясын қазақтың территориялық мемлекеттігі деп танудан бас тартты. Оған қоса, 1919 жылы жазға қарай ақтар Сібірде жеңіліске ұшырады.

Алаш көсемдері қазақ мемлекеттілігін құрудың жаңа жолдарын іздеуге мәжбүр болды. Қазақ зиялылары ендігі жерде Кеңес үкіметімен ымыраға келу жолдарын қарастырды. 1919 ж. басында Алашордалықтар Кеңес үкіметімен арадағы келіссөздерін қайта жандандыра бастады. Келіссөздер Алашорда атынан емес, А.Байтұрсынов басқарған Торғайлық тобының атынан жүргізілді. А.Байтұрсынов ең әуелі Ә. Жангелдинмен одан кейін Мәскеуде Сталинмен келіссөздерді жалғастырды. 1919 ж. наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Алашордаға амнистия (кешірім) жариялады. Алашорда басшыларының бірі А.Байтұрсынов, оның жақтастарының үлкен тобы Кеңес үкіметінің жағына шықты. Желтоқсан айында Ә.Бөкейханов бастаған Алашорданың Шығыс бөлімі толығымен Кеңес үкіметін мойындады.

Азамат соғысы шет аймақтар халықтарының ұлттық мемлекеттігі туралы идеясымен санаспауға болмайтынын большевиктерге тағы да көрсетті. Кеңес үкіметі кеңестік негізде Қазақ Автономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізе бастады. РКФСР ХКК-нің 1918 ж. 12 мамырдағы қаулысына сәйкес, ҚазАКСР-н құруға дайындық жұмыстарын ұйымдастыру үшін Ұлттар ісі халық комиссариаты жанынан алғашқы арнайы саяси орган – қырғыз (қазақ) бөлімі ашылды. Алайда, азамат соғысы басталып кеткендіктен бұл жұмыстар кейінге қалдырылды. Қазақ съезі шақырылып, Қазақ республикасының автономиясы жарияланғанша өлкені әскери-әкімшілік басқару үшін 1919 ж. 10-шы шілдеде РКСФР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И. Лениннің қол қоюымен “Қырғыз (қазақ) өлкесін басқаратын төңкеріс комитеті (Ревком) туралы уақытша ереже” жарияланды.

Ереженің 3-ші бабына сәйкес, Қазақ автономиялы республикасының территориясы Түркістан республикасымен, Қырғыз съезі және Орталық Кеңес үкіметімен келісіліп анықталғанға дейін Қазревком құзырына “…Астрахань губерниясымен Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының территориялары қарайды” делінген.

Қазревкомның бірінші құрамына: С.Пестковский (төраға) А.Байтұрсынов, В.Лукашев, Ә.Жангелдин, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаратаев кірді. Әртүрлі уақытта Қазақ ревкомының мүшесі болып: Ә.Әйтиев, С.Арғыншиев, А.Авдиев, Ғ.Әлібеков, Б.Қаралдин еңбек етті. Әйтсе де Алашордалықтардың Кеңес үкіметінің жағына шығуы оңай болмады. Алашордаға жасалған кешірімге қарамастан оның басшыларына деген сенімсіздік ұзақ уақытқа сақталды. Ал Кеңес үкіметінің Қазақстандағы кейбір өкілдері Алашорда жетекшілеріне жау ретінде қарады. Мәселен, 1920 ж. Қазақ партия бюросының есебінде былай деп жазылды: „Бұрынғы алашордалықтардан тұратын қырғыз зиялыларының 3/4–і буржуазиялық-шовинистер”. Сондай-ақ кешірім жасалғанға қарамастан Алашорда жетекшілері саяси тұрғыда оқшаулануға тиіс болды. Қазревкомның 1920 жылғы 5-наурыздағы “Алашорданың батыс бөлімін тарату туралы” қаулысында “Ұлттық Алашорда үкіметінің батыс бөлімінің жауапты жетекшілері қырғыз өлкесінде кеңес үкіметі толық негізде орныққанша халық бұқарасынан оқшауландырылсын…”- деп ашып айтылды. Одан әрі аталған қаулыда былай делінді: “Қырғыз халқының кеңес үкіметіне іш тартатын бөлігі мен қоныс аударушылардың Алашорданың белсенді қызметкерлеріне өшпенділікпен қарайтындықтары ескеріле отырып, олар ревком мүшелігіне және басқа да жауапты кеңес қызметіне ұсынылмайтын болсын”. Ақырында жоғарыда көрсеткеніміздей Қазревкомның 1920 ж. 5- наурыздағы қаулысына сәйкес Алашорда таратылды.

Осылайша біртұтас тәуелсіз ұлттық мемлекетті құруға талпынған қазақ зиялыларының пәрменді әрекеті нәтижесіз аяқталды. Кеңес үкіметі мойындамаған Қазақ Ұлттық Автономиясы қазақ зиялыларының өркениетке, тәуелсіздікке қол созған әрекеттері ретінде тарихта ғана қалды.

Қазревком Қазақстанда әскери-азаматтық билікті қолға алып, кеңестердің бүкілқазақстандық 1-ші съезін шақыруды ұйымдастыру, Қазақ автономиясы туралы ереже жобасын дайындап, съезд талқысына ұсыну, РКФСР, Түркістан Кеңестік Республикасы және Қазақ өлкесі арасындағы қарым-қатынастарды реттеу, қазақтың байырғы жерін бір қолға жинау, яғни болашақ қазақ кеңес мемлекетінің территориялық тұтастығын қамтамасыз ету міндеттерін өз қолына алды.

Алғашқы күннен Қазревком әрекет-қимылда жүрген армияны азық-түлікпен жабдықтау, астықты және басқа тамақ өнімдерін Орталыққа, Түркістан АССР-на жеткізу яғни, “соғыс коммунизм” саясатының басты мәселесін шешу ісімен айналысты. Бұл саясаттың мәні - өнеркәсіпті жаппай национализациялау, басшылықты орталықтандыру, тіршілік үшін маңызды тауарлардың бәрін бөлу, азық-түлік салғыртын, карточкалық жабдықтау жүйесін, жалпыға бірдей еңбек міндеткерлігін, еңбекке бір мөлшерде ақы төлеуді енгізу, тауар-ақша қатынастарын жою болды.

Осының ішінде еңбекші халық әсіресе, шаруалар үшін ең ауыры азық-түлік салғырты болды. 1919 жылы қаңтарда астықты дайындау мен бөлу монополиясына азық-түлік салғырты қосылды. Өлкенің адам және материал ресурстарын жұмылдыру экономикалық әдіске жатпайтын күштеу әдістерімен жүргізілді. Кеңес үкіметі қала халқын және соғысып жатқан қызыл әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін астық өнімдерін, мал-мүліктерін қаруланған азық-түлік отрядтарын жіберіп, халықтан күшпен тартып алып отырды. Сонымен қатар, “әскери коммунизм” саясаты өлкеде жергілікті бюджеттерді жоюдан, оларды бірыңғай мемлекеттік бюджетке қосудан, біртұтас қазына құрудан, ұсақ және майда өнеркәсіпті мемлекет меншігіне алудан көрінді.

1920 ж. тамызында Мәскеу қаласында қазақ әскери төңкеріс комитеті және Түркістан майданының әскери–төңкеріс кеңесі, РКП(б) Түркістан өлкелік комитетінің партия және кеңестік ұйымдардың өкілдері қатысқан Қазақ АКСР-н құру туралы бірнеше мәжілістер өткізді. Соңғы мәжіліске В.И.Лениннің өзі төрағалық етті. Нәтижесінде 1920 ж. 17 тамызында РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Қазақ Республикасы жөніндегі Декреттің жобасын қарап қолдады. 1920 ж. 26 тамызында Ленин мен Калинин қол қойған БОАК және РКФСР ХКК-нің құрамында, астанасы Орынбор қаласында болатын “Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялы Республикасын құру туралы” тарихи Декреті жарияланды. 1920 ж. 4-12 қазанында Орынбор қаласында өткен Қазақстан Кеңестерінің Құрылтай съезі, Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық социалистік республикасы еңбекшілері құқықтарының Декларациясын қабылдады, ол Декларация РКФСР құрамына жеке автономия болып кіретін ҚазАКСР-нің құрылуын жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің Республикасы ретінде бекітті. С.Меңдешевті бас етіп, Орталық Атқару Комитетін (ОАК) және В.Радус–Зеньковичті бас етіп Халық комиссарлары Кеңесін (ХКК) сайлады.

1920 жылдың көктемінен Қазақстан жерінде азамат соғысы жылдарында өлкенің жаудан азат етілген аудандарында ақ гвардиялық аппараттар жойылып, кеңестік мемлекеттік органдар ұйымдастырылып жатты. Революциялық комитеттер азат етілген территорияларда халық шаруашылығын қалпына келтіру, экономиканы көтеру, мемлекеттік құрылысты нығайту жұмыстарын жүргізді. 1920 жылдың көктемінде партияның ІХ съезі болды, съезд бейбіт тыныс алудың мүмкіндіктеріне сүйене отырып, халық шаруашылығын қалпына келтірудің бірыңғай жоспарын жасап бекітті. 1920 жылғы қаңтар-наурызда өлкенің губерниялары мен уездерінде партия конференциялары өтіп, оларда халық шаруашылығын қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Өлкенің соғыстан зардап шекпеген жері кемде-кем еді. Қиыншылықтар мен ауыртпалықтарға қарамастан, Қазақстан еңбекшілері күйзелушілікке қарсы күресті. Басты шарттардың бірі - отын өндіруді арттыру және кәсіпорындарды жұмыс күшімен қамтамасыз ету, өнеркәсіп пен транспортты қалпына келтіру болды. Өнеркәсіпке отын беру үшін Орал-Ембі мұнай кәсіпшіліктері қалпына келтіріліп, Ембі-Атырау мұнай құбыры бірнеше шақырымға тартылды. 1920 жылғы наурыз-маусым айларында Ембі мұнай кәсіпшіліктерінен көліктің барлық мүмкіндіктерімен және су жолы арқылы 17452 пұт мұнай тасылды. Қарағанды мен Екібастұздың шахталары қалпына келтіріліп, 1920 жылы Қарағанды мен Екібастұздың шахтерлары 3 млн. пұттан астам көмір өндірді. Екібастұз зауытында, Риддер кенішінде қорғасын концентраттарының қорынан қорғасын қорыту жұмысы жолға қойылды. Семей және Ақмола губернияларының кәсіпшіліктерінде жыл ішінде 8,5 млн. пұт тұз өндірілді. Оралда, Қостанайда, Семейде, Ақмолада электр станциялары жұмыс істей бастады.

Жылдың аяғына қарай республикадағы 59 электр станциясының 45-і қалпына келтіріліп, пайдаланылуға берілді. Шаруалар шаруашалығын шойын және мыс құймамен, арбаға арналған металл бұйымдарымен ауылшаруашылық құрал-саймандарымен қамтамасыз ететін металл өңдейтін 6 зауыт іске қосылды.

Тамақ, жеңіл және қолөнер кәсіпорындары қалпына келтіріліп жатты. Губерния ортылықтарының бәрінде диірмендер, былғары, тері, сабын қайнату, кірпіш зауыттары, аяқ-киім, ер-тұрман шығаратын шеберханалардың жұмысы қайта басталды. Жергілікті өкімет органдары орасан зор зиян шеккен темір жол транспортын қалпына келтіруге айрықша көңіл бөлді. 1920 жылдың жазына қарай негізгі магистральдарда көпірлер, жол шаруашылығы, байланыс желілері қалпына келтірілді. 1920 жылдың аяғына таман республика өнеркәсібінде 162 кәсіпорын жұмыс істеді. Қазақстанды қалпына келтіру дәуірінің басында 1500-ге тарта ұсақ мемлекеттік өнеркәсіп кәсіпорындары болса, бұлардан тек қана ондаған зауыт-фабрика, кеніш, шахта, мұнай кәсіпшілігі, көмір-кен орындары ғана жұмыс істеді. Өнеркәсіп халық қажеттерін қанағаттандыра алмады. Еңбек өнімділігі өте-мөте төмен болды, шикізат пен отын жетіспеді. Азық-түлік өнеркәсіп тапшылығы қатты байқалды.

Қазақстанның кеңес органдары совхоздар, артельдер, жерді бірлесіп өңдеу серіктестіктерін ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды қиыншылықтарға қарамастан жалғастыра берді. 1920 жылдың күзіне қарай Қазақстанда Жетісу облысын қосқанда 1039 коллективтік шаруашылық болды. Сол жылдары алғашқы ауылшаруашылық артельдері, коммуналар, совхоздар пайда болды. 1920 жылдың аяғында (Жетісу мен Оңтүстік облыстарды қоспағанда) 939 колхоз, оның ішінде 132 коммуна, 779 артель, 28 жерді бірлесіп өңдейтін серіктестік (ТОЗ), 348 тұтыну қоғамы жұмыс істеді. Бірақ бұлардың бәрі әлсіз болып, оларда құрал-сайман, күш-көлік, тұқымдық астық, айналым қаржы жетіспеді.

Азамат соғысының қиын-қыстау жылдарында кеңес органдары жергілікті жерлерде мәдени құрылысты да жүргізіп, саяси үгіт қатаң нысаналы сипатта болды. 1919 жылы сәуірде уездік және губерниялық Халық ағарту бөлімдерінің жанынан мәдени-ағарту ұйымдары құрылды. Оқу үйлері, кітапханалар, сауатсыздықты жою мектептері жұмыс істеді. Сол жылдары республикада 199 көпшілік кітапханасы, 196 клуб, 83 халық үйі, 1478 оқу үйі болды, үгіт қызыл керуендерін, ал темір жол бойында - үгіт вагондарын ұйымдастырды.

Қорыта келгенде, Қазақстанда Кеңес үкіметі негізінен және көпшілігінде күштеп орнатылды. Қазақ халқы Қазан төңкерісінің мәнін, Ленин бастаған большевиктер партиясының бағдарламасын түсінген де жоқ, қабылдаған да жоқ. Әлеуметтік революцияға Қазақстанда ешқандай негіз жоқ болатын. Орта Азия мен Қазақстанның жергілікті халықтары үшін Қазан революциясының мән-мағынасы орыс үстемдігі жойылып, тартылып алынған жер-суымыз өзімізге қайтарылады деген үмітке ғана сайды.
12-ші тақырып. Қазақстан кеңестік тоталитарлық жүйенің қалыптасу

кезеңінде (1921-1939 жж.)

1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.

2. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты және оның қайшылықтары.

3. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру.

4. Қоғамдық-саяси өмір.
1. Қазақстан жаңа экономикалық саясат жылдарында.
1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды.

Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды.

Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. Осыған байланысты 1921 ж. бұл аймақтарда астықтың жалпы түсімі 5 млн. пұт деңгейде ғана болды. Ал жергілікті халықтың бір жылғы астық пен астық тұқымдығына мұқтаждығы 22 млн. пұт көлемін қамтиды, яғни залал 17 млн. пұтты көрсетті. Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығын бұдан да қиын жағдайға душар етті. 1920–1921 жылдар аралығындағы жұттан кейін мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75% кеміді.

Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Орталық үкіметтің 1920 жылы 20 шілдедегі “Сібірдегі артық астықты алу туралы” декретінің күші Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да тарады. Осы декретке сай 1921 жылдың тамыз айына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119 млн. пұт (РКФСР көлемінде 423 млн.пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе, соның ішінде 35 млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді. Тапсырманың 26 млн. пұты Семей облысына міндеттелінсе, тек Қостанайдың өзінен 6 млн. пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес, азыққа қолданылып отырған астық және тұқым қоры да тәркіленіп отырды. Астық салығы, мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін олар малдарын сатып, астық сатып алуға мәжбүр болды.

Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Бөкей губерниясында – 100 мың, Оралда – 400 мың, Семей губерниясында – 500 мың, Орынбор – 445, Ақтөбеде – 360 мың адам ашықты. Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 процентін қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 проценті қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп бір болыс ұйымдастыруға тұра келді. Жалпы зерттеушілер 2 млн 300 мыңнан аса адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мәліметтерді келтіреді.

Мұсылман зиялы қауымы арасынан мұндай соракылыққа қарсы шыққан Т. Рысқұлов болды. Ол аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына бірнеше комиссариаттардың өкілдерін кіргізіп, арнайы ұйым құруды талап етеді. Түрікатқару комитеті Т. Рысқұловтың талабын қолдап, аштықпен күресті өздерінің қызмет жағдайына сәйкес республиканың азық-түлік, жер шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы, темір жол комиссариаттарына жүктейді. Аштықпен күресті тікелей басқаратын ерекше Орталық комиссия ұйымдастырылады. Оның төрағасы болып Т. Рысқұлов тағайындалады. Бұл ұйым алғаш жұмысқа кіріскенде көптеген объективті қиындықтармен қатар, өзі тектес азық-түлік ісіне қатысы бар басқа ұйымдар тарапынан жасалған қасақана іріткі салу әрекеттеріне ұшырайды. Рысқұлов жалпы Орталық комиссияның құрылуының өзін “дені дұрыс құбылыс емес” дейді. Үкіметтің құрамында аштықпен күресуге міндетті толып жатқан “экономикалық органдар бола тұра, мұндай ерекше ұйым құруға мәжбүр болудамыз” дейді.

Өткір пікір таластардан кейін, яғни Т. Рысқұловтың аса зор еңбегінің арқасында Түрікатқару комитеті мен ХКК-і бұл Орталық комиссия қорына құнсызданған болса да 42 млн. сом қағаз ақша бөледі. Орталық комиссияның облыстар мен уездерде, болыстар мен қалаларда жергілікті мекемелері мен бөлімшелері ашылады, олардың басына сауатты мамандар отырғызылады.

Аштықпен күрес комиссиясының жұмысына есеп берген баяндамасында Т. Рысқұлов Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап, қатты қырылуына революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен әсіресе, революциядан соң орнаған кеңес өкіметінің шовинистік саясаты басты себепкер болғандығын ашық атап көрсетеді.

Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) де аштыққа ұшыраған аудандарға өз тарапынан көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. ҚОАК-ті жанынан аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылады. Республикалық комиссияны ҚОАК-нің төрағасы Мендешев басқарды. Қазақстандағы ауыр жағдайды ескере отырып, КазАКСР ОАК-і ашыққандарға көмек беруші Орталық Комиссияның шешіміне сәйкес, бұл аудандардың тұрғындарын астық, картоп т.б. мемлекеттік салықтардан босатты.

Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталықтағы Кеңес үкіметі мойындамады. Республиканың кейбір басшылары мен орыс жұртшылығы негізінен өлкенің көшпелі тұрғындарын қамтыған сұрапыл аштықты “кездейсоқ, тұтқиылдан тап болған зобалаң ” ретінде бағалады. Өлке халқының мұндай нәубетті бұрын-соңды басынан кешпегендігі Орталық үкіметті ойландырмады да. Мұндай жағдай Кеңес өкіметінің өзі жүргізіп отырған саясатқа еш күмән келтірмей, оны толық дұрыс деп есептегендігінің айғағы еді.

Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу саясатына негізделген азық-түлік саясаты 1920-1921 жылдары шаруалардың кеңес үкіметіне қарсы стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына әкелді. Көктем–жаз айларында басталған шаруалардың наразылықтары “Азық-түлік салғырты жойылсын!”, “Большевиктерсіз Кеңестер үшін!”, “Ерікті саудаға жол берілсін”,–деген ұрандармен басталып, қарулы көтерілістерге ұласты. Өскемен, Павлодар, Семей, Петропвл, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Атырау, Орал, Шымкент уездерінде ашық түрдегі көтеріліс кеңінен орын алды.

1921 жылы наурызда Қазан төңкерісінің орталықтарының бірі болған Кронштадта матростар көтеріліске шықты. Кронштадтықтар негізінен Ресей селоларынан келген, флотта әскери міндетін өтеп жүрген шаруалар еді. Олар Азамат соғысының аяқталуына байланысты армияны таратуды, шаруаларға жер мен онда өндірілген өнімді пайдалануға бостандық беруді, ақшаның тұрақтылығын қамтамасыз етуді және жұмысшыларға жалақы төлеуді талап етті.

Бұл және Қазақстанды да қамтыған басқа да көтерілістер ұйымдасуы және қару-жарақпен қамтамасыз етілуі нашар болғандықтан Қызыл Армия әскерлерінің күшімен талқандалды. Қазақстандағы көтерілісшілердің кей бөліктері Қытайға өтіп кетті. Елде көтеріліске қатысқаны үшін мыңдаған адамдар тұтқындалып, олардың 932-сі сотқа тартылды. Кеңес үкіметі бұл қарсылықтардың бәрін “контрреволюциялық баскөтерулер” деп бағалады.

Алайда большевиктер өздерінің биліктен айырылып қалу қаупінің күшейгенін, осыған орай шаруашылық саясаттың мүлде жаңа принциптеріне көшу қажеттігін айқын сезді. Партияның Х съезі (8 наурыз, 1921 ж.) көтерілісшілерді айыптағанмен, экономикалық саясатты өзгертуге мәжбүр болды. Съезд шаруашылық мүддені іске қосудың жаңа жүйесін жасаудың шараларын белгіледі, яғни «соғыс коммунизм» саясатынан жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады.

Партияның Х съезінде қабылданған жаңа экономикалық саясаттың мәні неде?

Кеңес үкіметі мемлекеттің қолында ірі өндіріс орындарын, банкті қалдырып, жеке капиталды өндіріске ендіруге рұқсат берді. Мемлекеттік жерлер, кішігірім мемлекеттік кәсіпорындар белгілі мерізімге жеке шетел ұйымдары мен тұлғаларға жалға беріледі. Сауда бостандығы жүзеге асырылады, яғни мемлекеттің бақылауымен жеке саудаға рұқсат беріледі. Сауда негізінен ауыл мен қаланың ортасындағы негізгі байланыс көзіне айналуға тиіс болды. Сонымен қатар мемлекеттік және кооперативтік сауда да дамуы тиіс болды. Жеке ауыл шаруашылық қожалықтарына, жеке меншіктегі кішігірім кәсіпорын иелеріне жалдамалы еңбекті пайдалануға рұқсат беріледі. Еңбекке деген міндеткерлік және еңбек армиялары жойылады. Өндіріс орындарын жұмысшы күшімен қамтамасыз ету еңбек биржалары арқылы жүзеге асырылатын болады. Елдегі ақша жүйесін нығайту, ақысыз қызмет көрсетуді жою, еңбекке ақшалай жалақы төлеу міндеттелді.

Жаңа экономикалық саясаттың аясында қабылданған міндеттердің ішіндегі ең маңыздысы – азық-түлік салғыртын азық-түлік салығымен алмастыру туралы шешім болды. Азық-түлік салғырты кезінде шаруа қожалықтары өндірілген өнімнің өзін қамтамасыз етуге қажетті үлесінен артығын мемлекетке тапсыруға міндетті еді. Азық-түлік салығының ендірілуі, яғни белгіленген мөлшердегі ғана салықты өтеуге байланысты, олар өндірілген өнімнің артығын өз еркімен пайдалану құқығына ие болды. Бұл ендірілген салық жүйесіндегі өзгеріс өндіруші шаруа қожалықтарына өте қолайлы болды. Себебі, олар өндірілген өнімнің белгілі мөлшерін ғана мемлекетке тапсырып, қалған өнімді сатуға немесе өзінің басқа қажеттерін өтеуге мүмкіндік алды. Осыған байланысты енді шаруа қожалықтары егістік көлемін ұлғайтуға, сөйтіп өнімді көп өндіруге, яғни еңбек өнімділігін арттыруға ынталы болды.

Енді осы жаңа экономикалық саясаттың қазақ өлкесінде ендірілу әдістері мен жолдарын қарастырып көрейік. РКФСР ХКК-нің арнайы декреті бойынша бірыңғай азық-түлік салығы мал шаруашылығымен айналысатын аудандарға да ендірілді. Қазақстан ауылы мен деревнясында жаңа экономикалық саясаттың алғашқы азық-түлік салығы науқаны өте қиын жағдайда жүргізілді. Оның себебі ЖЭС ендірілген жылы да партия, кеңес және азық-түлік органдары азық-түлік салғырты саясатын жалғастырды да, ол бойынша дайындалған өнімдерді Орталыққа жіберу жөніндегі Еңбек және Қорғаныс кеңесінің тапсырмасын орындаумен айнылысты. Мысалы, көшпелі мал шаруашылығы аудандарында алғашқы бірыңғай азық-түлік салығы 131,9% көлемінде орындалды. Бұл әрине соғыс коммунизм саясатының әрі қарай жалғасуы болды.

Сөз жүзінде ЖЭС ендірілгенімен Кеңес үкіметі іс жүзінде баяғы қарқынмен экономикаға өзінің бақылауын жүргізуді тоқтатпады. Бірнеше ай бойы мемлекет қала мен деревня арасындағы айырбасты кооперация арқылы бақыламақ болды. 1921 жылы 7-ші сәуірде мемлекет өзінің арнайы декретімен кооперацияға фабрика – зауыттық өнімдерді ауыл шаруашылық өнімдеріне айырбастауды міндетті тапсырма етіп берді. Бірақ бұл мәселені жүзеге асыру өте қиын болды. Оның себебі мемлекеттің бақылауымен жүргізіліп отырған тауар айырбасы жеке саудамен жарысқа түсе алмады. Оның үстіне мемлекеттік тауар айырбасы ЖЭС-тың принциптеріне сай келмеді, яғни сауда бостандығына кедергі келтірді. Мұндай жағдай халықтың жаңадан ендірілген шаруашылық саясатына деген сенімсіздігін тудырды.

Жоғарыдағы аталған кемшіліктер біртіндеп азық-түлік салығы саясатының кең ендірілуі барысында жойыла бастады. 1924-1925 жылдары ауыл шаруашылық салығынан КазАКСР-ң бүкіл шаруашылығының 32,7%-і босатылса, 1925-26 жылдары – 33,8% босатылған еді. Әсіресе, 1924-1925 жылдары мал өсіруші шаруашылықтың 72%-ке жуығы алым-салықтан босатылды. Көшпелі жеке қазақ шаруашылықтарына 3-5 жылдық мерізімдерге жеңілдіктерге негізделген несиелер берілді. Сонымен қатар мемлекет тарапынан ауылшаруашылық машиналары мен құралдарын сатып алуға негізделген несиелер де белгіленді. Осының бәрі ұсақ товар өндірушінің материалдық құштарлығын арттырды, оның өз шаруашылығындағы қорларына иелік ету еркіндігін күшейтті.

ЖЭС-тің аясында нарықтық қатнастардың күшеюі сауданың дамуына ықпал етті. Ал ол болса ақшаның тұрақтануына әсерін тигізді. Осы жағдайға байланысты ЖЭС-тің алғашқы кезінде ендірілген салықтың натуралды түрін партияның ХІІ съезі (1923 ж. сәуір) ақшалай түрде де өтеуге мүмкіндік берумен алмастырды. Ал 1924 жылы салықты өтеудің тек ақшалай түріне толық көшірілді.

Осы жылы ақпан айында Кеңес үкіметі ақша реформасын жүргізіп, кеңестік ортақ жаңа ақша өлшемі тұрақты сомды енгізді. Осы жағдайлар Қазақстанда жәрмеңкелік сауданың кең өрістеуіне жол ашты. 1926 жылы Қазақстанда 128 жәрмеңке жұмыс істеді. Бұл кездегі ірі жәрмеңкелер қатарына – Ойыл, Қоянды, Қарқара, Темір, Көкшетау, Атбасар жәрмеңкелерін жатқызуға болады. Осы кездегі жәрмеңке саудасының жалпы айналымы 20–23 млн. сомды құрады. Сондай-ақ, осы өркендей бастаған жәрмеңкелік сауда да ауыл шаруашылығының дамуына ықпалын тигізді.

Қазақстанда 1921-22 жылдары ЖЭС аясында жүргізілген шаралардың бірі жер-су реформасы болды. Реформаның негізгі міндеті 1920 жылы құрылған ҚАКСР-нің территориясында қазақ жерлерін біріктіру болды. Патшалық биліктің жүргізген саясаты нәтижесінде Қазақстанда жер мәселесі өте күрделі мәселелердің біріне айналған еді. Осыған байланысты қазақ автономиясы құрамында жер саясатын жүргізуші жетекші орган – Жер комитеті құрылды. Ол қазақ автономиясы аясында қазақ жерлерін біріктіру мақсатымен 1921 жылы 7 ақпанда декрет қабылдады. Қазақ АКСР-нің Жер комитеті қабылдаған бұл декрет бойынша кезінде көш-қон қорына (переселенческий фонд) тартып алынып, пайдаланылмай тұрған Семей, Ақмола, Торғай және Орал облыстарындағы бос жатқан жерлер, олардың 1917 жылға дейін алынғанына қарамастан қазақтарға қайтарылады. 1921 жылы 19 сәуірде Жер комитеті кезінде патша үкіметінің Сібір және Орал казак әскерлерінің тартып алған жерлерін қазақтарға қайтару туралы шешім қабылдады. Осы декретке сай қазақтар Ертіс өзені бойында 177 мың, Орал өзені жағалауында 208 мың десятинадан астам жерлерді қайтаруға тиіс болды.

1922 жылы 26 тамызда Федералды Жер комитеті мен БОАК-ті “Қазақстанда негізгі еңбекпен жерді пайдалану туралы” заң қабылдады. Ол заң 31 тамызда күшіне енді. Бұл заң бойынша әркімнің өз жерінде қалуға және ол жерді пайдалануға құқығы болды. Жер заңға сәйкес құжатталған жағдайда ғана оны пайдаланушы сол жердің иесі болады. Ал даулы жерлерге заңға негізделген съездің немесе жер органдарының шешімі қажет болды.

Алайда осы негізгі заңнан соң 1922 жылы 30 қазанда Кеңес үкіметі Ресей территориясын түгел қамтыған “Жер кодексін” қабылдады. Осы кезден бастап жер туралы бүкіл мәселенің бәрі мемлекеттің идеологиялық құндылықтарына негізделген құқыққа ие болы. Бұл кодекс бойынша жермен тұрғылықты халық қамтамасыз етілуі керек болды. Сонымен бірге автономияларға қосымша ұсыныстар мен негіздемелер жасауға рұқсат етілді. Бұл кодекс отрықшы-егіншілікпен айналысатын аудандарды қамтыды да, көшпелі аудандар мүлде кірмей қалды. Соның салдарынан қазақ қоғамы мүлде жермен қамтамасыз етілмеді.

Кеңес үкіметі патшалық үкіметтің жер мәселесіндегі отарлық саясатын жойғысы келгенмен, іс жүзінде жерді пайдалануды таптық тұрғыдан шешті. Соның нәтижесінде жергілікті қазақ халқы мен қоныс аударушылардың құқығы теңестірілді. Оның үстіне патша үкіметі кезінде жерге орналасқан басқа ұлт өкілдері ол жерден айырылғысы келмей үлкен қарсылық көрсетті. Сонымен қатар олар өз иеліктеріндегі жердің межеленбеуін, яғни шекараларының айқындалмауын пайдаланып, жаңа жерлерді тартып алды.

Осы жағдайлар жер және жерге орналастыру мәселесін шешуді өте қиындатқанымен, жаңа экономикалық саясат шеңберінде азық-түлік салғыртының азық-түлік салығымен алмастырылуы 3-4 жыл ішінде қазақ ауылы мен деревнясын дағдарыстан шығара бастады. 1925 ж. егістік жердің көлемі 3 млн. гектар болса, 1928 жылы 4 млн. гектарға жетті, яғни бұл 1913 жылдың (4,4 млн. га) деңгейіне жеткендігін көрсетеді. 1925 ж. 92 млн. пұт астық жиналса, 1927 ж. астықтың жалпы түсімі 1,4 млн. пұтты құрады. 1925 ж. мал саны 1922 ж. салыстырғанда екі есе өссе, 1925-1928 ж. аралығында жыл сайын 5%-ке артып отырды.

Қазақстанның өнеркәсібі саласында да едәуір өзгерістер болды. Қазақстан халық шаруашылығы орталық кеңесі (ВСНХ) сегіз (Балық, Тері, Илецктұз, Павлодартұз, Батысалтын, Ақжалалтын, Сексеул, Спирт) трестерді және сантонин зауыты мен Қарғалы шұға комбинатын біріктірді. Губерниялық кеңестің құзырына жергілікті деңгейдегі өндірістер бағынды. Олардың көбі арендаға берілді. Сонымен бірге Қазақстанның көптеген өндіріс орындарын одақтың қорғанысына қажетті, оның мүддесін дүниежүзілік рынокта қорғайды деген желеумен бүкілодақтық деңгейдегі трестерге біріктірді. КазАКСР-де одақтық деңгейдегі Ембімұнай, Алтайполиметал, Атбасцветмет сияқты трестер құрылды. Олар республика бюджетіне белгілі мөлшерде ғана қаржы бөліп тұрды. Ал қалған табыстардың бәрі орталықтың иелігінде болды. Мұндай жоғарғы дәрежеде өндірістерді орталықтандыру саясаты кейін де үстем болды.

Сөйтіп, Кеңес үкіметінің елдің өнеркәсібін қалпына келтіру мақсатында жүргізілген шаралары кейін республика экономикасына орталықтың үстемдігінің мейілінше күш алуына әкелді. Өндіріс орындарын орталықтанған трестерге біріктіру сонымен бірге өндіргіш күштерді региондарға орналастыруда кемшіліктерге жол ашты, яғни Қазақстан экономикасының ұзақ мерзімге шикізаттық сипатын айқындады.

ЖЭС аясында Республиканың халық шаруашылығында болған өзгерістер елдің дағдарыстан шыққанын, экономикалық дамуда жаңа үрдістің кең етек жайғанын көрсетеді. Елдің шаруашылық жүйесі нарықтық экономика қатынасына біртіндеп енді. Өлкенің экономикасы көпукладты сипатқа ие бола бастады, яғни әртүрлі меншік түрлерінің қатар өмір сүру мүмкіндігі пайда болды. Меншіктің әртүрлі түрлерінің қалыптасуы, олардың арасындағы бәсекелестік пен ұдайы өндірістегі бірін-бір толықтыруы халық шаруашылығының алға даму бағытын айқындады.

Большевиктер таптық мүддені қорғау принциптерінен ажырамаса да, жаңа экономикалық саясат аясында мемлекеттің экономикаға араласуы шектелді. Мемлекет белгілі мөлшерде ғана көпукладты ұдайы өндірісті кредит, салық жүйелері арқылы ғана реттеп отырды. Экономикалық өмірдің нақты дамуын қамтамасыз ететін мұндай саясат өте орынды еді.

Алайда ірі өнеркәсіп саласын мемлекеттік монополизациялау нәтижесінде олар өз өнімдерін тұтынушыларға (әсіресе аграрлық сектордағы жеке тұтынушыларға) өте жоғары бағамен ұсынды. Партия және үкімет шешімдері ауыл шаруашылық кооперацияның ЖЭС жағдайындағы жаңа ролін анықтағанына қарамастан, оны бақылап отыруға мемлекет мүдделі болды, соның нәтижесінде мемлекет ауылшаруашылық товарларын сатып алу бағасын өзі белгіледі және ол өте төмен болды.

Ұзақ әлеуметтік даму барысында қалыптасқан дәстүрлі товарлы шаруашылық мемлекет тарапынан ендірілген мұндай реттеуші бақылауға сәйкес келмеді. Мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған мұндай саясат ұсақ ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер тарапынан қарсылық тудырды. Олар өндірген өнімдерін төменгі бағамен сатудан бас тартты. Алайда бұл қарсылықты мемлекет өзі жүргізіп отырған саясаттың кемшілігінен деп есептемеді. Керісінше ол қарсылықты тап жауларының іс-әрекеті деп бағалады. Мемлекет тарапынан жеке шаруа қожалықтарына қарсы бақылауды күшейтті. Ұсақ тауар өндірушілерді әкімшілік жолмен бақылау мен ығыстыру саясаты сауданы шектеуге, яғни ЖЭС-тің шектелуіне әкелді.

Мұндай жағдай “соғыс коммунизм” саясаты тұсындағы әкімшілік басқару әдістерін жандандырды. Экономикалық даму жүйесіне әкімшілік тұрғыдан араласу большевиктердің негізгі жұмыс әдісіне айналды. Таңдау мүмкіндігі, еркіндік, шаруашылық еріктілік туралы заңдар тек қағаз жүзінде қалып отырды. Экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясы күш алды. Дағдарыстардың бәрі осы жоспарлаудағы кемшіліктерден деп есептелді. Жергілікті партия және кеңес органдары кооперацияны басқаруда әкімшілік әдіске жиі сүйенді. Алайда экономиканы мемлекеттің тарапынан жоспарлы түрде дамыту мен әкімшілік басқару әдістері нарықтық қатынаспен сәйкес болмады. Соған қарамастан таптық идеологияны ту еткен Кеңес үкіметі экономиканы жоспарлы түрде дамыту идеясына сүйеніп, 1925 жылдың аяғында өнеркәсіп өндірісін халық шаруашылығының жетекші саласы етіп белгіледі және оның жоғары қарқынмен дамуын қамтамасыз етті. Бұл ЖЭС аясында қалыптасқан көпукладты ұдайы өндірістік жүйенің қатар даму барысын шектеді, яғни 20-жылдардың аяғында ұсақ товар өндірушілерге қарсы күресті күшейтті. Соның нәтижесінде нарықтық қатынас тоқырады, яғни ЖЭС тоқтатылды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   24


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет