Қазақстан тарихы



жүктеу 5.01 Mb.
бет15/24
Дата15.01.2017
өлшемі5.01 Mb.
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   24

3. Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы

және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге әсері
Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тән дағдарыстың салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патша үкіметі құлатылды. Ол Ресей халықтарының, оның алдыңғы қатарлы күштерінің патша билігіне, крепостниктік құрылысқа және отарлық езгіге қарсы көп жылдық күресінің жеңісімен аяқталды.

1917 жылы 28 ақпанда М.В.Родзянконың басшылығымен Мемлекеттік Думаның комитеті құрылып, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруді өз қолына алғанын мәлімдеді. 2 наурыз күні Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Петроград Кеңесінің арасындағы келісім бойынша Уақытша үкімет құрылды. Жаңа құрылған үкіметтің құрамы мен міндеттерін белгілеген Декларация да осы күні жарияланды. Онда:“Азаматтар! Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мүшелері астана жұртшылығы мен әскердің қолдауы, ниеттестігі арқасында қазіргі уақытта ескі режимнің қара күштеріне қарағанда анағұрым табысқа жетіп отыр. Қалыптасқан жағдай атқару өкіметін құруға мүмкіндіктер туғызды. Осы мақсатта Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті бұрынғы қоғамдық-саяси қызметімен көзге түскен өкілдерден құрылған алғашқы кабинеттің министрлерін тағайындады”, - деп князь Г.Е.Львов басқаратын кабинеттің министрлері көрсетілді. Бұл кабинет өз қызметінде: 1) саяси, діни, қарулы көтеріліс және т.б. істер бойынша амнистия жариялауды; 2) сөз және баспасөз бостандығын жария етуді; 3) ұлттық, діни және сословиялық шектеушіліктерді жоюды; 4) елді басқару формасын, конституциясын айқындайтын жалпыға бірдей жабық, тікелей дауыс беру арқылы сайланатын Құрылтай жиналысына тоқтаусыз дайындық жүргізуді; 5) полицияны милициямен алмастырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына бағындыруды және т.б. демократиялық негіздерді басшылыққа алатынын мәлімдеді.

Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы зор қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында: "…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған жұрттың бәріне тегіс жақсылық, бәріне тегіс қуаныш" - деп жар салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске ашық араласуын қамтамасыз етті. Елдегі қоғамдық өмірде саяси партиялардың ролі орасан өсті. Революция патшалық цензураны жойды. Жұртшылық сөз және жиналыс бостандығын кеңінен пайдаланды.

Уақытша үкіметтің ұлттық мәселе бойынша қабылдаған алғашқы актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының құқындағы діни наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып тастауы болды. Көктен іздегендері жерден табылғандай болған халық Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдіріп, империяның түпкір-түпкірінен құттықтау жеделхаттар жөнелте бастады. Қызылжар қаласы мен уезінің мұсылмандары қалалық мешітте жұма-намаз күні бүкіл халыққа шаттық әкелген Уақытша үкімет мүшелеріне ұзақ өмір беріп, бақытты етуін Алладан өтініп, жаңа үкіметке адал қызмет етуге серт берді. Ресей тарихында бірінші рет діни нанымдық, нәсілдік кемсітушілік жойылды деп, ұлттар теңдігін қағаз жүзінде болса да жария еткен бұл акт бұрынғы бұратана атанған езгідегі елдердің орыстармен терезесін тең сезінуіне жол ашты. Қазақ халқының Ақпан төңкерісін зор қуанышпен қарсы алуының мәні де осында болатын.

Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды болғанын А.Байтұрсынов: “Алғашқы революцияны қазақтар тура түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында және, екіншіден, оларды өзімізді басқарсақ деген ескі үмітінің нығая түскенінде еді”, - деп түсіндіреді. Халықтың Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым жарлығының күшін жойып, енді бұратаналарды қара жұмысқа алуды тоқтатуын, ал 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия жариялау сияқты шаралары да ықпал етті. Бұл жөнінде М.Дулатов: “Сары әскер” қарсылық қылған елдерге лек-легімен аттанып, қазақ-қырғыз даласын қызыл қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей патша өкіметі құламаса, Ресейдегі ұлы төңкеріс болмаса, не болар еді”, - деп жазды.

Самодержавияның құлатылғаны жайлы хабар жер-жерлерге жетісімен түрлі әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың өкілдері жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, өздерінің қоғамдық ұйымдары арқылы жергілікті басқару органдарын құруды қолға ала бастайды. Қоғамдық негіздегі құрылған мұндай жергілікті басқару органдары: азаматтық атқару комитеті, біріккен қоғамдық құрама (коалициялық) атқару комитеті деген сияқты атауларға ие болды. 1917 жылдың 5 наурызына дейін Қазақстанда да қоғамдық негіздегі атқару комитеттері құрыла бастады. Мәселен, 3 наурызда Көкшетауда, 4 наурызда Қызылжарда, 5 наурызда Семейде біріккен қоғамдық ұйымдардың атқару комитеттері құрылды. Бұл ұйымдарға түрлі әлеуметтік топтар мен саяси партиялар мүшелікке ұмтылды. Бұл халықтың демократиялық басқару дәстүріне құлшына араласқанын аңғартады.

Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Уақытша үкімет билік орындарын құру туралы 5 наурызда арнайы қаулы жариялады. Осыған байланысты жергілікті басқаруда, ел өмірін жаңа мазмұнда ұйымдастыруда өзгерістер бола бастайды. Наурыз және сәуір айлары ішінде ескі әскери губернаторлық, уездік, болыстық және ауылнайлық басқару жүйелері жойылып, келмеске кетті. Олардың орнына Уақытша үкіметтің облыстық және уездік комиссарлық басқару жүйесі, сонымен бірге облыстық, уездік, болыстық және ауылдық деңгейде азаматтық комитеттер және олардың атқару орындары қалыптаса бастайды. Мамыр мен маусым айларында бұларға қосымша облыстық азық-түлік комитеті, жер комитеті және басқа осы сияқты басқару орындары құрылады.

Батыс майдан штабы жанынан земскі және қалалық одақтардың бұратана бөлімін басқарып жүрген Ә.Бөкейханов 20 наурыз күні Торғай облыстық комиссары қызметіне тағайындалды. Қазақ елі патшалық Ресей құрамына енгеннен бергі уақытта оның бірде-бір өкілінің империяның әкімшілік жүйесінде губерниялық, облыстық деңгейді қойғанда, тіпті уезд бастығы дәрежесінде қызмет жасамағандығы мәлім. Империяның басқару жүйесінде қазақтар болыстық атқарудан жоғарғы қызметті иемденуге тиісті емес еді. Бұл тұрғыдан Ә. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген Уақытша үкімет жағдайында облыстық басшылыққа келген бірінші қазақ болатын.

1917 жылы наурыз айы ішінде Орал облыстық комиссары болып Бизянов бекітілді. Ақмола мен Семей облыстары қарайтын Дала өлкелік комиссарлығына мемлекеттік кеңес мүшесі И.Лаптев жіберілді.

1917 жылы сәуірде Уақытша үкіметтің қаулысы бойынша Түркістан өлкесінде нақты тәртіп орнатып, күнделікті туындап отыратын мәселелерді сол жерде шешіп, өлкені басқару үшін Түркістан уақытша комитеті құрылды. Оның құрамына Мемлекеттік Дума мүшесі Н.Н.Щепкин, бірінші Дума мүшесі Ә.Бөкейханов, екінші Дума мүшесі М.Тынышпаев, үшінші Дума мүшелері С.Мақсудов, В.С.Елпатовский, А.А.Липовский, П.И.Преображенский, О.А.Шкапский және генерал-майор А.Дәулетшин енді. Комитеттің төрағасы болып Н.Н.Щепкин тағайындалды. Самарқан, Ферғана, Сырдария, Жетісу, Закаспий облыстарында және Хиуа мен Бұқара хандықтарындағы орыс поселкелеріне Түркістан комитеті Уақытша үкімет атынан билік жүргізуге өкілетті болды.

Ә.Бөкейханов Түркістан комитеті құрамына енгенімен, Торғай облыстық комиссары ретінде орны босап, оның қызметіне ат салыса алмады. Торғай облыстық комиссары Ә.Бөкейханов өз қызметінде жергілікті жердің салт-дәстүрін, ерекшеліктерін білетін азаматтарды, әсіресе, қазақтың зиялы азаматтарын мемлекеттік басқару орындарына тағайындауды басшылыққа алды. Оның ұсынуы бойынша, Қостанай уездік комиссары болып бірінші және екінші мемлекеттік Думалардың мүшесі Ахмет Бірімжанов, Торғай уездік комиссары болып Ғұмыр Алмасов, Ырғыз уездік комиссары болып Тобыл округтік сотының мүшесі Ғабдолла Теміров бекітілді.

Қазақ облыстарында болыстық комитеттердің құрылуы барысында да баяғыша болыстыққа таласқандай таласып, ескі әдетке салған жағдайлар да кездесіп тұрды. Ол жөнінде “Қазақ” газетінде: “Көкшетау уезі Айыртау болысы сайлауында зор талас болды. Председательдікке сайланған Ысқақ Баймұрат баласы қонақасына көп қой, бір ту бие сойып, 3 мың сом ақша шығарып, үлкен партия жасап барып сайланып шықты. Махмұд төре Уәлиханов сайлауды бұзуға жол іздеп Көкшетауға келді” - делінген.

1917 жылы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінің шешіміне сәйкес болыстық, ауылдық-азаматтық комитеттер ұйымдастыру үшін Ақтөбе уезіне 9 адамнан, Ырғыз уезіне 9 адамнан, Қостанай уезіне 12 адамнан, Торғай уезіне 6 адамнан тұратын комиссиялар құрылды. Бұл комиссиялар болыстық комитеттерді ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіп, сайлаудың дұрыс өтуін бақылауға алды. Ақтөбе уезіне С.Досжанов, И.Ермұратов, Ж.Кенжебаев, Е.Өтемісов және т.б. құралған комиссия келіп 3 маусымға дейін 14 болыста болыстық комитет, 3 ауылдық комитеттің құрылуының басы-қасында болды.

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен әсер етті. Мысалы, 1917 жылдың 10 наурызында - Оралда (төрағасы - Әлібеков); 11-наурызында - Семейде (төрағасы - Р.Мәрсеков); Омбыда (төрағасы - Е.Итбаев); наурыздың аяғында - Верныйда (төрағасы - И.Жайнақов) құрылған және т.б. облыстың қазақ комитеттері "Қазақ" газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін дайындауға кірісті. Олар съездерге дайындалу барысында облыстық қоғамдық және басқа комитеттермен де, Уақытша үкіметтің органдарымен де ынтымақтастық жасады. Мысалы, Ә.Бөкейханов - Торғай облысы бойынша, М.Тынышбаев Жетісу облысы бойынша (эсер А.Шкапскиймен бірге) Уақытша үкіметтің комиссарлары болды. Ал, А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, М.Дулатов, Ж.Досмұхамедов, Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Бірімжанов, Ә.Кенесарин, Р.Мәрсеков, тағы басқа қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің жергілікті органдарында жұмыс істеді. Осындай байырғы қазақ халқының, әсіресе, ұлт зиялыларының саяси белсенділігі өскен жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2-8 сәуір, 300-ден астам делегат, төрағасы - А.Байтұрсынов), Жетісу (Верный қаласы, 12-13 сәуір, 81 делегат, төрағасы - И.Жайнақов), Орал (Орал қаласы, 19-22 сәуір, 800-ден астам делегат, төрағасы - Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сәуір-5 мамыр, 150-ге жуық делегат, төрағасы - А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері өткізілді. Бұл съездер ұлт азаттығын, жер мәселесін, діни, мәдени, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және басқа да проблемаларды шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың топтарының стратегиялық міндеттерін белгілеуге ұмтылуымен қатар, олардың осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын жасау жолында өздерінің одақтастары мен қарсыластарын да ашық көрсетуге тырысты. Облыстық съездердің ішінде Торғай съезі көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша айрықша ерекшеленді. Съезд жұмыстарына Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Қалменов, М.Шоқаев, М.Жұмабаев және басқа да сол кезеңдегі жас қазақ ойшылдары шешуші ықпал жасады. Соның арқасында съезд шешімдерінде "Алаш" қозғалысының бағдарламалық талаптары өз көрінісін тапты.

Сонымен қатар, байырғы қазақ жұртшылығының түрлі топтарын біріктіріп, олардың аттарын анықтау мен шешу мақсатында Торғай съезі Бүкіл қазақ съезін шақыруға қаулы қабылдап, оны шақыру мен бағдарламалық құжаттарын дайындау үшін ұйымдастыру бюросын сайлады. Оның құрамына Ә.Бөкейханов, М.Дулатов бастаған қазақ ұлт зиялыларының белгілі тобы енеді. Съезд осы жылы мамыр айында Мәскеуде өткізуге тиіс болған Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегаттар сайлады.

1917 жылы мамырда Петроградта бірінші Жалпы ресейлік мұсылмандар съезі болып өтті. Съезде ұлттық-территориялық федеративті негіздегі демократиялық республика ұлттық автономия құру мәселелері қаралды.

Қазақстанда алғашқы Кеңестер 1917 жылы наурызда пайда бола бастады. Жұмысшы және солдаттарға қарағанда шаруа депутаттарының Кеңесі кейінірек, яғни мамыр және маусым айларында құрыла бастады. Кеңестердің көпшілігін алғашқы кезде эсерлер мен меньшевиктердің ұсақ буржуазиялық партиясы өкілдері басқарды. Бұған большевиктердің әлсіздігі мен аздығы, жергілікті жұмысшылар ұйымшылдығының жеткіліксіздігі мен саяси жетілмегендігі, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесінің төмендігі себеп болды. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 1917 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазақстанда 25-тен астам Кеңестер, оның ішінде 8 жұмысшы, 9 шаруа, 7 солдат депутаттарының Кеңестері жұмыс істеген. Өзінің пайда болуынан бастап Қазақстан Кеңестері, әсіресе, жұмысшы және шаруа депутаттарының Кеңестері өздерінің құрамы жөнінен көпұлтты болды. Кеңестердің құрамына орыстар, қазақтар, украиндар, татарлар, ұйғырлар, өзбектер және басқа халықтардың өкілдері енді. Солдат депутаттары Кеңестеріне көбінесе орыстар, украиндықтар, ішінара татарлар кірді.

Орталық Азияда және Қазақстанның оңтүстігінде мұсылман депутаттарының Кеңестері құрылды. 1917 жылғы 16-21 сәуірде Ташкентте мұсылман депутаттары Кеңестерінің І өлкелік (Түркістандық) съезі өтіп, ол Уақытша үкіметті қолдады және Ресейді басқарудың ең жақсы нысаны Түркістанға және басқа да ұлттық аймақтарға кең көлемде автономия берілетін жағдайдағы Федеративтік демократиялық республика деп таныды. Съезд Құрылтай съезіне дайындалуға және «Шура-и Ислам» мұсылмандар партиясының бағдарламасын тануға шақырды.

Осы жерде айтып кететін жағдай 1917 жылы көктемде мұсылмандар қозғалысы негізінде «Шура-и Ислам» партиясы құрылған болатын. Ташкенттегі съезде (1917 ж. сәуір) қалыптасқан «Шура-и Ислам» партиясының Шымкентте, Әулиеатада, Перовскіде, Қазалыда және басқа қалаларда жергілікті ұйымдары болды, оларға мұсылман дінінің православие дінімен тең құқықтылығы, діни шектеулердің жойылуы, ислам діні оқу орындарының ашылуы, Мекеге қажылыққа баруға рұқсат ету және басқа да діни құқықтар мен бостандықтар үшін күрескен татар, өзбек, қазақ діни қайраткерлері мен қатардағы мұсылмандар кірді.

Қазақстандағы қос өкіметтің орталық аудандарға қарағанда өзіндік ерекшеліктері болды, бұл өлкенің отар ретінде әлеуметтік-экономикалық және саяси даму деңгейіне, оның көпұлттығы мен халқының құрамы негізінен ұсақ буржуазия өкілдерінен шыққандығына байланысты еді. Тап осындай жағдай Түркістан өлкесінде де орын алды. Мұнда патша өкіметі құлаған соң биліктің үш түрі орнады: олар – Кеңестер, Уақытша үкіметтің атқару комитеттері және мұсылмандар ұйымы. Егер алғашқы екі билік сырт жағынан қарағанда жергілікті халықтың мүддесіне онша жаны ашымай бұрынғы саясатты жүргізсе, ал ұлттық зиялылар басқарған оның соңғысы жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мәселелерді шешуге тырысты.

Сонымен, Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда қоғамдық-саяси өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси партиялары, әсіресе, олардың жергілікті ұйымдары мен топтары өз әсерін тигізді. 1917 жылдың көктемінде болып өткен облыстық қазақ съездері болашақ партияның бағдарламасын әзірлеуге көмектесіп, съездерге қатынасқан делегаттар мен қазақ комитеттерінің мүшелері "Алаш" партиясының әлеуметтік негізін құрады. Осылайша, 1905 жылдың өзінде-ақ құруға әрекет жасалған "Алаш" партиясы іс жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми тіркелуі 1917 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан еді.

Тарихта "Алаш" партиясының саяси ұйым болып құрылуының бастауын 1917 жылдың 21-28 шілде аралығында өткен бірінші Бүкілқазақ съезі айқындап берді. Съезд жұмысына сол кезде қазақ даласының алты облысынан: Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Ферғана және Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Съезде 14 мәселе күн тәртібіне қойылды: мемлекеттік басқару жүйесі; қазақ облыстарының автономиялығы туралы; жер мәселесі; халық милициясын ұйымдастыру; земство туралы, халық ағарту ісі; сот ісі; дін мәселесі; әйелдер мәселесі; қазақтар облыстарында Құрылтай жиналысына делегаттар сайлау; бүкілресейлік мұсылман съезі туралы; қазақ саяси партиясын құру туралы және т. б. Осылардың ішінде өзінің мазмұны мен саяси маңызы жағынан ұлттық автономия, жер мәселесі мен Құрылтай жиналысына дайындық мәселелері бірінші кезекте, өте саяси пікірталас жағдайында талқыланды. Мысалы, ұлттық автономия туралы А.Байтұрсынов пен М.Дулатов тәуелсіз автономиялық Қазақ мемлекетін жақтап сөйлесе, Ә.Бөкейханов қазақ ұлттық-территориялық автономияның Ресейдің құрамында болуын жақтады. Бірақ, ол мемлекет демократиялық федеративті парламенттік республика негізінде құрылуына басты назар аударды. Бүл көзқарас көпшілік делегаттардың қолдауына ие болды. Сонымен съездің қарарында: "Қазақ облыстары территориялық-ұлттық автономия құқығын алуы тиіс" деп жазылды. Сондай-ақ, жер мәселесі де қызу талқыға салынды. Съезд Қазақстанның барлық аймақтары мен Бұхара, Ферғана, Хиуадағы қазақтар қауымдастығынан Құрылтай жиналысына ұсынылған 81 кандидаттың 78-ін депутат етіп сайлады. Олардың арасында "Қазақ" газетінің жетекшілері, қазақ ұлттық-либералдық қозғалысының көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, аймақтардан А.Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж. Х. Досмұхамедовтар, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, С.Асфендияров болды.

Съезде қаралған барлық мәселелер талқыланып, шешімдер қабылдану барысында қазақ ұлт зиялыларының ықпалы басым болып отырды. Сайып келгенде, Орынборда өткен бірінші Бүкілқазақ съезі "Алаш" қазақ ұлттық саяси партиясын шын мәнінде заңдастырды. Атқару комитеті негізінде партияның басқарушы органы сайланды.

Сонымен, қорыта айтқанда, Кеңестік дәуірдегі Коммунистік партияның идеологтары Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін буржуазиялық ұлтшылдық қозғалысының көрінісі деп бағалап келді. Алайда, біздің жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жалпы Алаш қозғалысы, соған байланысты XX ғасыр басындағы қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінде "ұлтшылдықтың", "буржуазияшылдықтың" ешқандай да белгісі болған емес. "Алаш" қазақ халқының нағыз ұлттық демократиялық партиясы болды. Сондықтан, қазіргі де, болашақ ұрпақтың да санасында оның өмір сүрген уақыты қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған өзінің толық тәуелсіздігін қалпына келтіру жолындағы күресінің ең маңызды бір кезеңі деп бағалануы керек.


11-тақырып. Қазақстан Қазан төңкерісі мен азамат соғысы

жылдарында (1917-1920 жж).
1. 1917 ж. Қазан төңкерісі және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге

әсері.


2. Азамат соғысы және социалистік құрылыстың басталуы.

1. 1917 ж. Қазан төңкерісі және оның Қазақстандағы қоғамдық-саяси

өмірге әсері.
Уақытша үкіметтің халық күткен аграрлық мәселені шеше алмауы, езілген халықтарға өзін-өзі билеуі немесе автономия алу мәселесін күн тәртібіне қоюға тырыспауы, жұмысшыларға 8 сағаттық жұмыс күнін енгізу сияқты көкейкесті мәселелерді шешпеуі халық наразылығын одан әрі күшейтті. 1917 ж. жазының соңы мен күзінің бас кезінде бүкіл Ресейдің жер-жерінде бұқараның Уақытша үкіметке деген қарсылығы өсе түсті. Бұл Кеңестердегі большевиктердің ықпалының артуына жағдай жасады. Ал Корнилов бүлігінің талқандалуы большевиктер беделін біржола көтерді. Осындай жағдайда большевиктер партиясы 1917 жылғы шілде оқиғасынан кейін алынып тасталған “Барлық билік Кеңестерге берілсін” деген ұранды қайта көтерді. Енді бұл ұран қарулы көтеріліске, Уақытша үкіметті құлатуға, пролетариат диктатурасын орнатуға бағытталды.

1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтеріліс басталды. Келесі күні көтерілісшілер қаланың ең маңызды объектілерін басып алды. 1917 ж. 25 қазанда (7 қарашада) Әскери-революциялық комитет Уақытша үкіметтің билігінің жойылғандығын жариялады. Осылайша Қазан төңкерісі жеңіске жетті.

Қазан қарулы көтерілісінің Петроградта жеңіске жетуі, сондай-ақ Қазақстанмен іргелес Ташкент, Омбы,Орынбор, Астрахань тәрізді ірі қалаларда Кеңес өкіметінің орнауы Қазақстанда да биліктің Кеңестердің қолына өтуіне ықпал етті. Алайда Қазақстанда Кеңес өкіметін орнату төрт айға, 1917 ж. соңынан 1918 ж. наурызына дейін созылды. Бұл процесс аймақтың әлеуметтік–экономикалық және мәдени баяу дамуымен, ұлтаралық қатынастардың күрделілігімен, жұмысшылар мен большевиктік ұйымдардың аздығымен шиеленісе түсті. Кеңес өкіметінің Қазақстанда орнауына Ленин бастаған большевиктердің халыққа бейбітшілік, жұмысшыларға зауыт пен фабрика, шаруаларға жер, ұлттар мен ұлыстарға теңдік пен бостандық беру жөніндегі уәдесі өз септігін тигізді. Кеңес үкіметін орнатуға Орал, Жетісу, Сібір, Орынбор казак әскерлері мен құлаған Уақытша үкіметтің жақтастарының табанды қарсылық көрсетуі жағдайды одан әрі шиеленістіре түсті.

Кеңес өкіметі Уақытша үкіметтің жақтастары қарулы қарсылық көрсете алмаған Сырдария, Ақмола облыстары және Бөкей Ордасында бейбіт жолмен орнады. Ал, Торғай, Орал, Орынбор, Семей және Жетісу облыстарында Кеңес өкіметін орнату үшін қиян-кескі күрес болды. Облыстық орталықтар мен уездік қалаларда кеңес өкіметі қызыл гвардиялық отрядтардың және жергілікті горнизондар солдаттарының қарулы көтерілісі арқылы орнады. Перовск (Қызылорда) жұмысшылары мен солдаттары өкімет билігін 1917 ж. 30 қазанда (12 қараша) өз қолына алды. Ташкентте Кеңес үкіметі 1917 жылы 1 қарашада кескілескен ұрыс нәтижесінде орнады. Ал 1917 жылдың қараша айының орта кезінде Кеңес өкіметі Черняев (Шымкент) қаласында жеңді. Қараша-желтоқсан айларында Кеңес өкіметі Әулиетада, Түркістанда, Қазалыда, Арал поселкісінде және облыстың басқа да ірі елді мекендерінде бейбіт жолмен орнады. Көкшетау, Павлодар, Атбасар, Өскемен уездерінде казак-орыс әскерлерінің басым болуынан Кеңес өкіметі үшін күрес біраз қиындыққа кездесті. Кеңес өкіметі 1918 ж. наурыз айында Жаркентте, Сергиопольде (Аягөзде), Талдықорғанда, сәуірдің бас кезінде Лепсіде орнады.

1917 ж. соңы мен 1918 ж. наурызы аралығында Кеңес өкіметі Қазақстанда негізінен қалалар мен басқа да ірі халық тығыз орналасқан жерлерде орнады. Кеңес өкіметін орнатумен бірге өлкенің шаруашылығы мен мәдениетін қайта құру шаралары қатар жүргізілді. Өнеркәсіп орындарында, мәселен Спасск заводында, Қарағанды шахтасында, Успен кенішінде, Ембі мұнай кәсіпорындарында бақылау қойылып, сондай-ақ банктер мемлекет меншігіне көшірілді. Кеңестердің 2-ші Бүкілресейлік съезінде қабылданған Жер туралы декрет бойынша алғашқы шаралар жүргізіле бастады.

Қазан төңкерісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ облыстық және уездік орталықтарда да жұмысшылар мен шаруалардың өкіметін нығайту ісі, ауылдық және селолық Кеңестерді құру ісімен бірге жүргізілді. Алайда ауылдың экономикалық және мәдени жағынан артта қалуынан туындаған қиыншылықтар, әлі де күшті рулық байланыстар қазақ ауылдары мен болыстарында Кеңес өкіметінің органдарын ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарын қиындатты. 1918 жылдың күзінен бастап басқарудағы ала-құлалық жойылып, билік Кеңес атқару комитеттері қолына алына бастады. Сонда да болса, ауыл-селоларда әлі Кеңестер күш ала алмай жатты. Кеңес өкіметінің нұсқау, жарлықтарын іске асыруға қарсылық күшті болды. Халық азық-түлік тапшылығынан зардап шекті. Кеңес өкіметіне қарсы күштер бас көтерді. Кеңеске қарсы күштердің қарсылығын басу үшін, жергілікті жерлерде өкімет билігін нығайту қажет болды. Кеңес өкіметін нығайту жолындағы күресте облыстық және уездік кеңестер съездері көп роль атқарды. Облыстық, уездік, болыстық кеңестерде жер, азық-түлік, шаруашылық, сот, бақылау, қаржы бөлімдерінің жұмысын жолға қоюға бағытталған шаралар іске асырылды. Кеңестердің жанынан еңбек, ағарту, денсаулық сақтау т.б. бөлімдері ашылды. Кеңес қызметкерлерін даярлайтын курстар жұмыс істей бастады. Осындай төңкерістік шараларды іске асыру барысында, асыра сілтеушілік, солақайлық, теріс әрекеттер орын алып, Кеңес өкіметіне деген сенімсіздік күшейді.

Әсіресе, Қазан төңкерісінің жеңісінен кейін ұлттық, ең алдымен ұлттық-мемлекеттік құрылыс мәселелері өткір сипат алып, талқылана бастады. Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының негізгі принциптері маңызды екі құжатта - 1917 ж. 2 қарашада қабылданған “Ресей халықтары құқықтарының Декларациясында” және 1917 ж. 20 қарашада жарияланған Кеңес өкіметінің “Барлық Ресей және Шығыс мұсылман еңбекшілеріне” үндеуінде көрініс тапты. 1918 ж. қаңтарда кеңестердің Бүкілресейлік 3-съезінде В.И.Лениннің дайындаған “Еңбекшілер мен қаналған халықтардың құқықтары Декларациясы” қабылданды. Бұл құжатта Коммунистік партияның кеңес республикасының мемлекеттік құрылымы түріндегі кеңестік федерацияны ымырасыз жақтайтыны айқын көрсетілді. Декларацияда “Кеңестік Ресей Республикасы еркін ұлттар одағының негізіндегі кеңестік ұлттық республикалардың федерациясы түрінде құрылады” делінген.

РКФСР құрылғаннан кейін елдің Шығысында жаңа автономиялық республикаларды құруға дайындық жұмыстары басталды. Большевиктік ұйымдар, Қазақстан және Түркістанның Кеңестері кеңестік бүкілқазақ, бүкілтүркістандық съездерін шақыруға дайындала бастады. 1918 ж. көктемінде еліміздің шығысында Түркістан автономиялық Кеңестік социалистік республикасы құрылды. Оның құрылуы 1918 ж. сәуірдің 20-нан 1 мамырға дейін Ташкент қаласында өткен Түркістан өлкесі Кеңестерінің Ү съезінде іске асты. Қазіргі Қазақстанның оңтүстік аймағы (бұрынғы Сырдария және Жетісу облыстары) Түркістан автономиясының құрамына кірді. Бірақта 1918 ж. қаңтарда кеңестердің 3 - Бүкілресейлік съезі Ленин дайындаған “Еңбекшілер мен қаналушы халықтар құқықтарының Декларациясында” өзге ұлттардың өзін-өзі билеу құқы жоққа шығарылды. Осылайша, әуелі 1918 ж. 5 қаңтарында Бүкілресейлік құрылтай жиналысы, одан кейін 5 ақпанда Ташкент кеңесі шешімімен Қоқанд қаласы шабуылмен алынып, Түркістан автономиясы күшпен таратылды. Қазақстанның қалған жерінде – Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарында және Маңғыстауда қазақ кеңестік мемлекеттілігін құруға дайындық жөніндегі күрделі жұмыс одан әрі жалғастырылды. Қазан төңкерісінен бұрын-ақ қазақ либералдық-демократиялық қозғалысының жетекшілері Қазақстанда кеңестердің бүкілқазақ съезін шақыруға дайындық жұмыстары кеңес өкіметін нығайту процесімен қатар жүргізілді. Мұның өзі шын мәнінде кеңестік мемлекеттікті құру және оны бекіту үшін күрес екендігін көрсетті. Қазақ зиялылары мемлекет құру процесінің кеңестік жолмен шешілуімен келісе алмады. Мұндай қарсылықтың себептері мынада еді: бірінші - қазақ зиялылары әуел бастан тәуелсіз ұлттық автономия құруды жоспарласа, екінші - олар Қазан төңкерісін қабылдамады, сөйтіп Кеңес үкіметін мойындамады, оны заңсыз орнаған үкімет деп есептеді. Сондықтан да „Алаш” зиялылары ұлттық мемлекет құру үшін күрес жүргізді. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Е.Ғұмаров, Е.Тұрмухамедов, Ғ.Жүндібаев, Ғ.Бірімжанов құрастырған бағдарламаның жобасы “Қазақ” газетінің 1917 ж. 21 қарашадағы санында жарияланды. Бағдарламаның жобасы он пункттен тұрды. Осы бағдарлама Құрылтай жиналысына сайлауда “Алаш” партиясының ірі табысқа жетуін қамтамасыз етті және 1917 ж. 5-12 желтоқсанда Орынборда өткен Екінші жалпықазақтық съезде қазақ халқының әр түрлі топтарының өкілдерін біріктірді. Төралқа төрағасы Бақтыгерей Құлманов және орынбасарлары Әлихан Бөкейханов, Әзімхан Кенесарин, Халел Досмұхамедов және Омар Қарашев басқарған съезд Қазан төңкерісіне байланысты тез өзгеріп жатқан саяси жағдайдағы “Алаш” партиясының міндеттерін, қазақ автономиясын құру және оның үкіметін қалыптастыру мәселелеріне бірінші кезекте көңіл бөле отырып, қарастырды.

Съезде қазақ автономиясы құрамына Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары және Закаспий облысымен Алтай губерниясының қазақтар мекендеген аудандары енуге тиіс деп шешті. Съезд Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қалалар мен селоларда, далада қазақтардың өмір сүруіне қауіп-қатер туғызған бей-берекеттік күннен-күнге күшейіп бара жатқандығын атап көрсетті. Сондықтан съезд қазақ халқын “аман алып қалу мақсатымен” “Уақытша Халық Кеңесі” түріндегі билік құру, оған Алаш-Орда (алаш автономиясының үкіметі) деген ат беру жөнінде шешім қабылдап және бүкіл қазақ халқына “бағынатын үкіметіміз осы деп сеніп… басқа үкіметті мойындамай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керектігі” баса ескертілді. Съезд қазақ милициясын құру жоспарын жасады. Оның әрбір облыс бойынша белгілі бір сандық құрамы, уездер бойынша үйрету мен жабдықтау шаралары белгіленді. Милицияны қару-жарақпен қамтамасыз етуді орталық әкімшілік салық салу арқылы алынатын қаржы есебінен жүзеге асыруға тиіс болды.

Ұлттардың өзін-өзі билеу құқығын талап етуін заңды процесс ретінде түсінген “Алаш” азаматтары Кеңес өкіметімен келіссөздер жүргізіп, ұлттық автономия мәселесін шешуді қолға алды. Осы мақсатта 1918 ж. наурызында Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Оралдан Мәскеуге барып, Халық Комиссары Кеңесінің төрағасы В.И. Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездесіп, оларға 1917 ж. желтоқсанда өткен екінші қазақ-қырғыз съезінің қаулысын табыс етті. И.В. Сталин қаулымен танысқаннан кейін 19-20 наурызда Семейдегі Ә.Бөкейханов және Х. Ғаббасовпен телефон арқылы сөйлесті. Сөз Алашорда автономиясының мәртебесі туралы болды. Телефон арқылы сұхбаттасудағы И.Сталиннің сөзі “Сарыарқа” газетінің беттерінде қазақ тіліне аударылып жарияланды. Газетте: “Ресейдегі халықтардың құқықтары туралы халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге ұлт мәселесі тақырыбын кеңес өкіметінің негізгі қызмет жобасы етіп келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жалғастыруға қаулы қылды. Өзінің бізге тапсырып отырған жалпықазақ съезінің қаулысы түгелімен жоғарғы жобаға сай келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съездің қаулысы өкілдеріңіздің совет өкіметін тануға қарсы болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советтік федерация жобасын жасап, бұл жоба Советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни тұрмысы бір, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерациялау, тегінде басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті Советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінетініміз, біздің осы жобамызды Алашорданың Кеңесіне салып жауап қайтарсаңыздар екен”,- деген мазмұнда болды.

Бұл берілген Сталин сөзіндегі ең елеулі нәрсе оның жалпы қазақ-қырғыз съезі қаулысы мен Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияның өзара үндес екендігін мойындауы еді. Міне, осы үндестік Кеңес өкіметіне Алашорданы мойындауға негіз болатындығын білдіріп, Сталин тек жалғыз ғана шарт қояды. Ол өз ретінде Алашорданың Кеңес өкіметін мойындайтындығын мәлімдеуі болатын. И.Сталиннің сөзінен тағы бір жағдайды анық аңғаруға болады. Кеңес өкіметі “басыбайлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығару” үшін ең алдымен оны мойындау қажеттілігін талап етті. Сонымен бірге автономия алу мәселесі орталықта шешілетіндігін ескертті. Алашордашылар үшін мұндай жағдай қиындық тудырғанымен олар И.Сталиннің ұсынысын талқылап, автономияға қатысты өз шешімдерін мәлімдеді. Ол қаулы төмендегідей еді: 1918 жылы наурыздың 21-інде Алашорданың мүшелері ұлт жұмысын басқарушы халық комиссары Сталиннің Алаш автономиясы туралы айтқан сөзінен кейін Кеңес өкіметін Ресейдегі барлық автономиялы халықтардың кіндік өкіметі деуге қаулы қылып, төмендегі өз шарттарын білдіріп: “Желтоқсанның 5-нен 13-іне шейін Орынборда болған жалпықазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша тоқтаусыз Алаш автономиясын жариялайтындықтарын, Алаш автономиясының құрамына: Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Ферғана, Жетісу, Бөкей ордасы, Закаспий облысының Маңғышлақ уезі, Самарқанд облысының Жизақ уезі, Әмудария әнделі (бөлімі), Алтай губерниясына қараған Бийскі, Барнауыл, Змеиногор уездеріндегі қазақтар мекендеген аудандар енуге тиістігін, Алаш автономиясында заң шығаратын, ел билейтін үкімет Алашорда болатындығын, Қазақ-қырғыз істері туралы елші ретінде совет өкіметінің қасында болуға Алашорда мүшелері Халел һәм Жаһанша Досмұхамедовтар жіберілетіндігін ескертіп, жергілікті Советтердің бұйрығы бойынша ұсталып, абақтыда жатқан Алашорданың мүшелерін тоқтаусыз босатып, мұнан былай оларды өтірік шағым, жаламен қуғын-сүргінге ұшыратуды тоқтатуды” талап етті.

Өкінішке орай Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Алашорданың қойған талап-шарттарына тікелей ресми түрде жауап бермеді. Себебі алашордалықтардың автономия құру жөніндегі талаптары кеңес өкіметінің мүддесіне қайшы келетін еді. Ұлт мәселесін пролетарлық диктатураның құрамдас бөлігі ретінде қарастыратын кеңес өкіметіне алаштықтардың ұсынысы керағар болғандығын аңғару қиын емес. Сондықтан да 1918 жылдың 28-наурызында Мәскеуден Семейдегі Қазақ комитетіне И.Сталин және мұсылмандар ісі бойынша комиссар Вахитов қол қойған жеделхат келді. Жеделхатта “қырғыз істері бойынша Комиссариат құру үшін тез арада өкілдер жіберу” жөнінде айтылды. Мұның өзі кеңес өкіметінің өлкедегі барлық істі өз қолдарына алғандығын көрсетті.

Осы жылдың 29-наурызында Семейге Х.Ғаббасовтың атына Мәскеудегі Алашорда үкіметінің өкілдері Халел және Жаһанша Досмұхамедовтерден жеделхат келді. Онда Кеңес өкіметінің тұтқынға алынған қазақ қайраткерлерін тегіс босату туралы облыстық кеңестерге әмір бергендігі және Алашорда өкіметінің қойған талаптарына таяу арада жауап беруге уәде еткендігі айтылды. Жеделхатта Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанынан қазақ бөлімі ашылып, оның құрамына қазақ халқының өкілдерін сайлау құқығы Алашордаға берілетіндігі де айтылған. “Сырдария” газетінде жарияланған осындай мәліметтер шындыққа жанасады. Оған дәлел ретінде Алашорда атынан РКФСР-дің Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура телеграф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасовтың 1929 жылғы қарашаның 10-ында ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабын келтіруге болады. Онда былай делінген: “Келіссөздерде мен Совет өкіметінің декларациясының идеяларына сәйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылуын талап еттім. Барлығы есімде жоқ, дегенмен де мен он төрт тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың жадымда қалған негізгілері: таратылған қазақ мекемелерін қалпына келтіру, Совет өкіметі жағдайындағы ұлттық автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату. Сталиннің жауабының мазмұны Алашорда Совет өкіметін мойындағанда ғана Қазақстанның Құрылтай съезін шақыруға әрекеттер жасалады дегенге сайды… Біз Сталинге телеграф арқылы Совет өкіметін мойындайтынымызды мәлімдеп, сол кезде Москвада жүрген Досмұхамедовтерге Орталық үкімет алдында біздің мүдделерімізді қорғауды тапсырдық… Осылайша Халел және Жаһанша Досмұхамедовтердің Мәскеуге Кеңес үкіметі басшыларымен кездесулері мен телеграф арқылы Сталинмен жүргізген келіссөздерінде кеңес үкіметінің ұлттық тұтастық негіздегі қазақ мемлекеттігін мойындамайтындығын, тек кеңестік негіздегі автономия беруге даяр екендігін көрсетіп берді. Қысқасы Кеңес үкіметінің бұл мәселе жөніндегі ұстанымы: “Өзін-өзі билеу принципі социализм үшін күрес құралы болу керек және социализм мүдделеріне бағындырылуы тиіс”,- дегенге сайды. Кеңес өкіметінің мұндай ұстанымы Семей облысынан өзге де кеңестерге В.И. Ленин мен И. Сталиннің атынан жолданған жеделхаттардан айқын көрінді. Мәселен, Ақмола Кеңесі Мәскеуден келіссөздер жүргізу нәтижесінде орталықтан мынадай мазмұндағы жеделхат алған, онда: “Кеңес билігі большевиктердің қабылданған бағдарламасына сәйкес патша өкіметі кезінде қаналған барлық халықтарға автономия береді. Қазақ халқы өз территориясына лайық автономия құруға дайындала берсін”,- делінген.

Әйтсе де іс жүзінде Кеңес өкіметі Алашорда үкіметінің өзін де талаптарын да мойындағысы келмеді. Сондықтан да Х.Ғаббасов 1918 жылдың 1 сәуірінде РКФСР Халық Комиссарлары мен Ұлт істері жөніндегі комиссариатқа жеделхат жолдап, қазақ халқының ұлттық тұтастық мүддесін көздейтін Алашорда өкіметін тез арада ресми түрде мойындауын тағы да талап етті. Кеңес өкіметі мұндай талаптарды жауапсыз қалдырды. Осылайша алаштықтардың кеңес үкіметі шеңберінде біртұтас ұлттық мемлекет құруға талпынысы нәтижесіз аяқталды. Большевиктер Алаш партиясына ұлттық буржуазия мен феодалдық топтардың таптық мүддесін қорғайтын, пролетарлық революция жолындағы кедергі есебінде қарады.

Алаш басшыларының Кеңес үкіметімен жүргізілген келіссөздердің нәтижесіз аяқталуына 1917 ж. күзінде құрылған, жетекшісі Көлбай Тоғысов болған, өздерін “Қырғыз (қазақ) социалистік партиясы” деп атаған “Үш жүз” партиясы да ықпал жасады. Бұл негізінен ұсақ-буржуазиялық социалистік партия еді. Партияның саяси көзқарасы мен практикалық іс-әрекеті 1917 жылдың күзінен 1918 жылдың басына дейін елеулі түрде өзгерді. Әуелгі кезде «үшжүзшілер» социалист-революционерлер партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, 1918 жылдың қаңтарынан бастап Кеңес үкіметін жер-жерде ұйымдастырып, нығайту ісіне белсенді түрде араласып кетеді. 1918 жылдың бас кезінен-ақ «үшжүзшілер» большевиктермен одақтасып, Алашордаға қарсы күресті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   24


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет