Қазақстан тарихы



жүктеу 5.01 Mb.
бет14/24
Дата15.01.2017
өлшемі5.01 Mb.
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   24

1. Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері
ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық өмірінде болған өзгерістер ескі қалалардың өсуімен, жаңа қалалардың пайда болуымен, әсіресе, олардың ірі әкімшілік орталықтарына айналып қана қоймай, оларды мекендеген халықтың шаруашылығында және мәдени, қоғамдық өмірінде үлкен роль атқаруымен сипатталды. XX ғасырдың басында-ақ Қазақстан көп ұлтты елге айналды да, ғасыр басында Қазақстанның негізгі территориясы алты облысқа бөлінді: Сырдария мен Жетісу облыстары Түркістан генерал-губернаторлығына (орталығы - Ташкент қаласы), ал Ақмола, Семей, Орал, Торғай облыстары – Дала генерал-губернаторлығының құрамына кіргізіліп, Ішкі (Бөкей) ордасының территориясы Астрахань губерниясына, ал Маңғыстау Закаспий облысына қаратылды.

Осы кезеңде Ресей империясының ішкі губернияларынан көші-қон ағынының дамуы нәтижесінде Қазақстан халқының тез өскендігі де аңғарылды. Оған дәлел: Ресей империясының бірінші жалпыға бірдей санағынан кейінгі алғашқы екі онжылдықта (1897-1917 жж.) Қазақстан халқының саны 4147,7 мың адамнан 5045,2 мың адамға, яғни 25,7% көбейген. Ал, өлкенің демографиялық деректерінің табиғи өсу деңгейіне салыстырмалы талдау жасасақ, мынадай цифрларды аңғаруға болады. Өлкенің сол кездегі негізгі алты облысы бойынша 1897-1906 жылдарда жалпы алғанда бір мың адамға халықтың табиғи өсімі 11,3%, ал 1907-1916 жылдарда -15,3%; Ақмола облысы бойынша орыстар мен украиндардың үлес салмағы 1897 жылғы 33,0% 1917 жылғы 55,7% дейін өскен де, осы екі онжылдық ішінде халықтың табиғи өсімі 38,9% болған. Ал, қазақтары басым облыстарда табиғи өсімнің едәуір төмен болғандығы көрінеді: Жетісуда - 25,7%, Сырдарияда - 25,6%, Оралда – 20%, Семейде - 15,6%. Сөйтіп, Қазақстанның байырғы халқының үлес салмағының азаюына ғасырдың басында орыстардың, украиндардың және басқа да ұлт өкілдерінің империяның ішкі аймақтарынан жаппай қоныс аударуының қатты әсер еткендігін аңғаруға болады.

Ал, жалпы алғанда, XX ғасырдың басында қазақтар, орыстар, украиндар бүкіл өлке халқының 87%-ынан 95%-ына дейін құрады да, өлкеде бұлардан басқа татарлар, өзбектер, дүнгендер, мордвалар және басқа да ұлт өкілдері қоныстанды.

Ерекше назар аударатын тағы бір жайт - ол өлке тұрғындарының 90%-ынан астамының ауылдық жерлерде қоныстануы еді. Олардың негізгі кәсібі ежелден келе жатқан мал шаруашылығы болатын. Сонымен қатар, XX ғасырдың басында егіншілік халықтың көп бөлігінің негізгі кәсібіне айналды. Қоныс аударған орыс шаруаларынан басқа, егіншілікпен жергілікті қазақтар да айналысты. 1897 жылғы санақ бойынша, өлке халқының 55,4%-ы егіншілікпен шұғылданған.

Сонымен, XX ғ. басындағы Қазақстандағы әлеуметтік-демографиялық ахуалға талдау жасаған кезде, жалпы өлкедегі патшаның отарлау саясатының кең белең алғандығын еркін аңғаруға болады: біріншіден, өлкедегі халықтың көп ұлтты құрамының қалыптасу үрдісі күшейе түсті; екіншіден, байырғы халықтың үлес салмағы кеміді де, келімсек халықтың, негізінен алғанда, орыстар мен украиндардың үлесі өсті; үшіншіден, қалалар мен олардағы халықтың біршама өсуі байқалып, оның құрамында метрополияның басқа аймақтарынан келген қоныс аударушылар мен отаршылдық әкімшілік пен кәсіпкерлікке байланысты әлеуметтік жіктер мен топтардың басымдылығы толық аңғарылады.

XX ғасырдың басында Ресей патшалығының отары ретіндегі Қазақстанда негізінен өнеркәсіптің екі саласы, яғни тау-кен өндірісі мен кен-зауыт өнеркәсібі, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өнімдерін ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жатқызылды. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібі түсті металдар мен темірдің бай кен орындарын пайдаланып жатқан Алтай мен Орталық Қазақстанда өркендеді. Бірақ, ғасыр басында мыс, алтын, темір жөне басқа қазба байлықтарын шығаратын еліміздің тау-кен кәсіпорындары, негізінен, шетелдік акционерлік қоғамдардың қолына көшті. Мысалы, 1904 жылы Лондонда пайда болған Спаск мыс кендерінің ағылшын-француз акционерлік қоғамы Спаск-Успенск мыс кені мен заводын, Саран-Қарағанды тас көмір кенін және рудниктерін түгелдей сатып алып, пайдаланды.

Қазақ өлкесінің ғасыр басындағы тау-кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын шығару болды. Сонымен қатар, Екібастұзда, Қарағандыда, Саранда көмір кен орындары мол пайдаланылды. Өндірілген көмір темір жолмен және су жолдарымен Ресейдің Пермь губерниясына, Омбы мен Барнаулға, сондай-ақ, өлкенің Павлодар, Қызылжар және басқа да қалаларына жеткізіліп отырды.

Осы кезеңде Батыс Қазақстан өңірі мен Орал-Ембі аймағында мұнай шығару өнеркәсібі де біршама дамыды. Бірақ, ол кәсіпорындар толығымен шетел капиталистерінің билігінде қала берді. Тек, І912-1914 жылдардың өзінде ғана ағылшын капиталистеріне қарасты "Батыс-Орал мұнай қоғамы", "Орал-Ембі қоғамы", "Солтүстік Каспий мұнай компаниясы" өлкенің арзан жұмысшы күшін пайдаланып, бәсекелестіктің болмауына байланысты мұнайдың мол бай кен орындарын жыртқыштықпен пайдалана отыра, өздеріне өлшеусіз, ұшан-теңіз пайда әкеліп жатты.

Осындай себептерге байланысты, Қазақстанның кен өнеркәсібі бұл кезеңде жергілікті капитал негізінде өсіп шыққан жоқ. Оны сырттан келген орыс және шетел капиталы жасады. Оның өнімі түгелдей дерлік өлкеден тыс жерлерге әкетілді, ал пайда XX ғасырдың басынан бастап шетелге кетіп жатты. Осының бәрі кен өнеркәсібінің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпалын күрт кемітті.

Өлке өнеркәсібінің біршама өсу жолын тұтас алып қарастырар болсақ, мұнда ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін кәсіпорындардың атап айтсақ, теріден былғары жасайтын, май шыжғыратын, сабын қайнататын, арақ, спирт шығаратын, май шайқайтын және т.б. кәсіпорындардың белгілі дәрежеде роль атқарғандығы байқалды.

XX ғасырдың басында да Қазақстанның орталық аудандарының капиталистік өнеркәсібінің шикізат көзіне, сондай-ақ өнім өткізу рыногына айналуында темір жолдардың салынуы маңызды роль атқарды. Өйткені, олар бір мезгілде артта қалған отар аудандарына, ең алдымен Орта Азия мен Сібірге Ресей капитализмінің ену құралына айналған болатын. Ал, шын мәнінде, Орта Азия мен Қазақстанды Ресейдің экономикалық игеруі осы аумақтардың терең түкпіріне темір жолдар салудан басталған еді. Темір жол желілері Қазақстан аумағында XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басынан ірі темір жолының салынуына байланысты тартыла басталды. Революцияға дейінгі Қазақстанның негізгі ірі Сібір темір жол желісі 1901-1905 жылдары салынған Орынбор-Ташкент жолы болды. Сөйтіп, ғасыр басында одан кейін Троицк, Алтай және Жетісу темір жолдарын салу жұмыстары дами түсті. Әрине, өлкенің әлеуметтік-экономикалық өмірінде жол қатынастарының дамуы маңызды рөл атқарды. Әсіресе, олар сауданың өркендеуіне өз ықпалын тигізді. Бұл темір жолдар өлкені Ресейдің өнеркәсіп орталықтарымен байланыстырып, оны жалпыресейлік экономикалық нарыққа тартты. Қазақстанның әр түрлі өнеркәсіп шикізаттары, мал шаруашылығы өнімдері, мал, астық сыртқа шығарылып, өлкеге фабрика-завод бұйымдары, тағы да басқа қажетті тауарлар әкелінді. Сонымен қатар, қазақ даласында пайда болған темір жол станцияларына сол кезеңде халықтың біршама көп шоғырлануына байланысты олар өлкенің әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени өмірінің ошақтарына айнала бастағанын көреміз. Осы кезеңде ірі темір жол станцияларындағы халықтың саны бірнеше мың адамға жетті. Мысалы, 1916 жылы Орынбор станциясында - 9720, Ақтөбеде - 3263, Шалқарда - 5300, Қазалыда - 3600, Перовскіде - 1852, Түркістанда - 2984 адам тұрды. 1906-07 жылдары Петропавл (Қызылжар) станциясындағы тұрғындардың саны 3 мыңнан асқан.

Сөйтіп, осы кезеңде өлкедегі өнеркәсіптің біршама дамуы, темір жолдардың салынуы, су жолдарының пайдалана бастауы - Қазақстанда жалпы жұмысшы табын қалыптастырудың бірден-бір әлеуметтік-экономикалық негіздерін қалауға себеп болды. Өлкедегі мұндай өзгерістер ғасыр басында одан әрі дами түсті. Мысалы, 1913 жылғы өлкедегі жұмысшылар саны 75 мың адамға дейін жетті. Сонымен қатар, Қазақстанда 51 мың жұмысшы еңбек еткен 675 фабрика-заводтың кәсіпорындары болды да, ол жұмысшылардың 28 мыңға жуығы ірі өнеркәсіп орындарында істеді. Тек теміржол мен су жолдарында 25 мыңнан астам жұмысшы еңбекпен қамтылды. Ал, бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жұмысшылар саны ірі өнеркәсіп орындары мен транспортта өсе түсті. Сөйтіп, 1917 жылғы Қазан төңкерісі тұсында Қазақстандағы жұмысшылардың жалпы саны 90 мыңға жетті.

Бірақ, жергілікті қазақ жұмысшылары көбінесе маусымдық жұмыстарға ғана тартылып, кәсіби мамандықтарының болмауынан тұрақты жұмыстармен қамтылмады. Тұрақты жұмыспен тек темір жол желілері мен тау-кен өндіріс орындары ғана біршама қамтамасыз ете алды. Сөйтіп, өлкедегі тау-кен өндірісі, завод кәсіпорындары мен транспортта ғана жұмысшылардың шоғырлануы жоғары болды.

Соған қарамастан, әлеуметтік тұрғыдан өлкенің өнеркәсіп жұмысшыларының жағдайы Ресейдің өнеркәсібі дамыған аудандарымен салыстырғанда әлдеқайда ауыр болды. Оған кәсіпорын қожайындарының өктемдігімен белгіленген жұмыс күнінің ұзақтығы себеп болды. Мысалы, Ембінің мұнай кәсіпорындарында 12 сағатқа дейін, алтын өндірілетін кен орындарда 10-12 сағат, тұз өндірілетін кәсіпшіліктерде 14-16 сағатқа дейін созылды. Міне, осындай әлеуметтік теңсіздіктердің басымдылығын көрген және кәсіп иелерінің өздеріне алалаушылық жасап, құқықтарынан айыру шараларын басынан өткізген қазақ жұмысшылары ерекше ауыр жағдайда болды. Осының бәрі күрделеніп келіп, қазақ жұмысшыларын өздерінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайларын жақсарту мақсатындағы күреске итермеледі.

Жалпы Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, өлкедегі отаршылдық езгіге, әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың басқа да түрлеріне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшылар мен шаруалардың бостандығы жолындағы қозғалыстардың ерекше серпін алуына, әрине, патшалық Ресейдегі 1905-07 жылдарда өткен тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революцияның ықпалы зор болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық және саяси дамуы дәрежесінің салдарынан жұмысшы қозғалысы өрістеді. Екіншіден, оған өнеркәсіп пен қала жұмысшылары қатысты. Үшіншіден, аграрлық қозғалыстар, негізінен, қазақ ауылдарының, қоныс аударған деревнялардың, еңбеккерлер топтарының іс-әрекеттерінен көрінді. Төртіншіден, ұлт зиялылары қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалысты жаңа сатыға көтерді.

Сөйтіп, 1905-1907 жылдарда өткен Қазақстандағы жұмысшы қозғалысы өзінің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Қазақ даласында осы жылдары Ресейдегі революциялық процестердің жалпы барысымен тығыз байланысты жұмысшылардың бірқатар саяси және экономикалық толқулары болып өтті. Оларға 1905 жылдың желтоқсанында Успенск мыс руднигіндегі, 1907 жылдың маусым айында Спасск мыс қорыту зауытындағы, Қарағанды кендеріндегі, сондай-ақ, Семей, Орал, Ақтөбе, Верный, Қостанай және басқа да қалалардың кәсіпорындарындағы өткен ереуілдерді жатқызуға болады.

Ресей империясындағы 1905 жылғы қалыптасқан саяси ахуал қазақ халқының азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді. 1905 ж. cаяси оқиғалар туралы алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен, Ә. Бөкейханов атап көрсеткендей, "бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді". Сол кезеңдегі әкімшілік орындарына түскен мәліметтердің бірінде: "Патша үкімдерінің жариялануынан бері қарай қырғыз жұрты мерзімді басылымдарға қызығушылықпен зер сала қарай бастады. Сауаты барларының көпшілігі астаналық газеттерді жаздырып алуда. Қырғыздар арасында бұрын-соңды болмаған құбылыстар байқалуда" – делінген. Қазақ даласында байқалған мұндай құбылыстардың бірі өлкенің барлық елді мекендерінде қазақтардың үлкенді-кішілі жиылыстарының өткізіле бастауы еді. Мұндай жиылыстарда қазақ жұртының көкейтесті мұқтаждықтары талқыланып, ол жөнінде орталық үкімет орындарына тапсыруға петициялар әзірленді. Осылайша қазақ даласындағы саяси күрес патшаға, орталық билікке петиция жазып тапсыру түрінде көрініс ала бастады. Қазақтардың орталық билік орындарына тапсырған петицияларында жерді тартып алуға, салықтың ауырлығына, төменгі басқару органдары мен патша чиновниктерінің тарапынан озбырлық, қиянат, қоқан-лоқы жасалуына наразылық білдірілді. Сонымен бірге өздерінің діни істерін Орынбор муфтилігіне қарату, қазақ арасында оқу-ағарту ісін ретке келтіру және өлкеге земство енгізу сұралды.

Отарлық тәуелдіктегі қазақ елінің мұң-мұқтажын білдірген петицияларды жазып, оны тиісті орындарына тапсыру ісі 1905 ж. көктем айларында-ақ қолға алынған болатын. Мәселен, 1905 ж. сәуірдің 2-інде Ақмола қаласындағы Халфин деген қазақ саудагерінің үйінде жиылыс өтіп, Петерборға барып петиция тапсыру үшін арнайы делегация сайлап жіберу мәселесі қарастырылған. Ақмола қаласында өткен осы жиылысқа әкімшілік орындарында тілмаштық қызмет атқарған Серкебаев, Кенжебаев және Сатыбалдиндер басшылық жасаған.

Қазақ даласынан петициялар арнайы делегация жіберу арқылы да, сонымен бірге жеделхатпен де жолданған. Петицияларды жазып дайындау ісінің басында негізінен сан жағынан аз болғанымен, саяси күрес қазанында қайнап, жаңадан қалыптасып, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция өкілдері тұрды. Ол жөнінде М. Дулатов: "1905 жылдан бері қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдікпен жол-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары cенімсіз болып қалды”, - деп жазды.

1905 жылы Семей облысы Қарақаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясына Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың қатысы болған. Осы петиция туралы және оны дайындап, көптеген адамдарға қолдатудағы Ахмет Байтұрсыновтың ерекше еңбегін жоғары бағалаған М.Әуезов 1923 жылы жазған “Ахаңның елу жылдық тойы” деген мақаласында: “1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа да оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген. Ол петицияда аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші - қазақ жұртына земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петицияларды тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ақандар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған”, – деді.

Қазақстандағы революциялық қозғалыстың біршама өрлеуі 1905 жылдың қазан-қараша айларында өткендігі тарихтан белгілі. Өйткені, бұл кезде 17 қазандағы патша Манифесінің жариялануы Қазақстанның көптеген қалаларында көп адам қатысқан жиылыстарға, демонстрацияларға және халықтың қалың тобының бой көрсетулеріне ұштасқан болатын. Бұл туралы Әлихан Бөкейханов былай деп жазды: "Қазақтардың жүріп-тұруы арқасында Манифест қысқа уақытта бүкіл даланың қолына тиді. Жер-жерде қазақтар үлкенді-кішілі съездерге жиналды… Манифесті оқыды, оны түсіндірді, болашақтағы Мемлекеттік Дума сайлауы туралы мәселелерді талқылады. Облыстың ең алыс түкпірлерінен қазақтар топ-топ болып қалаларға барды, онда қала тұрғындары ұйымдастырған қалалық митингілерге қатысты. Орыстар, татарлар, сарттар мен қазақтар бір туысқан от басына қосылып кетті".

Қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіндегі белсенділігі де арта түсті. Олар 1905 жылдың желтоқсанында Оралда бес облыстың қазақ халқы делегаттарының съезін өткізіп, өз партиясын – Ресей конституциялық-демократиялық (кадет) партиясының бөлімшесін құруға әрекет жасаған болатын. Ондағы мақсат – 17 қазанда жарияланған патша Манифесі берген бостандықтар шеңберінде қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау еді. Осыған байланысты 1906 жылдың ақпанында Семейде қазақтардың екінші съезі өткізілді. Ол кадеттерге жақын бағдарламаны мақұлдады. Сонымен қатар, оған өлкеге шаруалардың қоныс аударуын тоқтату, Қазақстанның барлық жерін байырғы халықтың меншігі деп тану, ұлттық мектептер ашу, тағы басқа да талаптар енгізілді. Олардың басында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, М.Дулатов, Б.Қаратаев және қазақ зиялыларының басқа да көрнекті қайраткерлері жүрді. Сондай-ақ, олар дін ұстану бостандығын жақтап, әсіресе үкімет пен жергілікті органдардың мұсылман дініне қарсы шараларына наразылық білдірді. Ұлттық мәдениетті дамытуды, сонымен қатар, Қазақстанда қазақ тілін басқа тілдермен тең қолдануды талап етті. Міне, осыған орай мұсылман дінбасыларының ықпалы күшті болған Семейде, Петропавлда, Ақмолада, Верныйда және т.б. қалаларда діни ұйымдар пайда болды. Өлке мұсылмандарының діни талаптар қойған петициялық науқаны кеңейе түсті. Жалпы, мұсылман қозғалысы түрік халықтарының Ресей империясы құрамындағы автономиясы және мәдени-автономиялық дамуы туралы мәселе көтерді.

Сонымен қатар, осы кезеңде Қазақстан халқының саяси ой-өрісінің дамуында Мемлекеттік Думаға сайлау жүргізу науқаны маңызды рөл атқарып, онда қазақ зиялыларының көптеген өкілдері белсенді қызметімен көрінді. Мысалы, 1905 жылдың 6 тамызында Мемлекеттік Дума жөніндегі патша Манифесі қазақ еліне де депутат сайлау құқығын берген болатын. Бірақ, бұл құқықтың жартыкештігі байқалды. Өйткені, депутаттарды сайлау барысында ұлттардың ара салмағы есепке алынбады. Сондықтан, қазақ зиялылары мұндай әділетсіздікті түзетуге біршама әрекет жасап көрді. Нәтижесінде, қазақ халқы Мемлекеттік Думаға әр облыстан бір депутаттан ғана сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп, Қазақстаннан бірінші Мемлекеттік Думаға барлығы 9 депутат, оның ішінен 4 миллион қазақ халқынан 4 депутат: Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов және Б.Құлманов сайланды. Олар Дума жұмысына мұсылман депутаттары фракциясы құрамында қатынасты. Бұл фракцияның заң жобасы ретінде дайындаған ең басты құжаты аграрлық мәселеге байланысты еді. Мұсылмандар фракциясы жер мәселесіндегі аграрлық тұжырымдаманы мұсылмандар партиясының бағдарламасы негізінде ұсынды.

Ал барлығы 72 күн ғана жұмыс жасаған бірінші Мемлекеттік Дума 1906 ж. 9-шілде күні үкімет шешімімен таратылды. Дәл сол күннің кешінде Думадағы оппозицияның 182 өкілі (кадеттер, трудовиктер, меньшевиктер) Выборг қаласында (Финляндия) жиналып, Манифест дайындап, оған өздерінің қолдарын қойды. Олардың арасында Ә.Бөкейханов та бар еді. Сол үшін ол келесі Думаға сайлану құқығынан айрылып қана қойған жоқ, сонымен бірге жауапқа тартылып, абақтыда отырып шығады. Сөйтіп, халық бұқарасының назарын алаңдату үшін шақырылған бірінші Мемлекеттік Дума оның үміттерін ақтамады, ал оның мінберін партиялар өз мақсаттарына пайдаланды.

Екінші Мемлекеттік Думаның сайлануына келер болсақ, ол 1905 жылдың 6 тамызындағы және 11 желтоқсанындағы сайлау заңдары негізінде өткізілді. Думаға Қазақстаннан 14 депутат, олардың 6-ы қазақ ұлтының өкілдері: молда Ш.Қосшығұлов – Ақмола облысынан, би Х.Нұрекенов – Семей облысынан, адвокат Б.Қаратаев – Орал облысынан, сот тергеушісі А.Бірімжанов – Торғай облысынан, Т.Алдабергенов – Сырдария облысынан, қатынас жолдары инженері М.Тынышбаев – Жетісу облысынан сайланды. Екінші Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау жағынан болсын бірінші Думаға қарағанда солшыл бағытта болған-ды. Негізгі пікір тартысын тудырған мәселелердің бастысы аграрлық және қоныс аудару мәселесі болды. Әсіресе, депутаттар Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ш.Қосшығұлов, Х.Нұрекенов өте белсенді түрде, заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қайткенде бір ықпал етуге тырысты. Мәселен, 1907 жылы 17 мамырда депутаттық сауалға байланысты жарыссөзде депутат Б.Қаратаев сөйледі. Ол өзінің сөзін қазақ халқы үшін ең маңызды іске айналған жер мәселесіне арнады: "Үкімет, біріншіден, Ресей ішіндегі помещиктер мүддесін, яғни, 130000 помещиктің мүддесін қорғау үшін" жерсіз орыс шаруаларына қазақ жерлерін тартып әперіп отыр. Екіншіден, үкіметтің бұл саясаты ашықтан-ашық ұлы державалық, шовинистік негізде жүргізілуде. Соның нәтижесінде жерге орналастыру мекемелері қазақтарды "орныққан орындарынан, поселке, деревня құрап отырған үйлерінен жаппай қуып шығумен айналысып отыр". Әрине, бұл сөз іс жүзінде патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатын жергілікті халықтың атынан әшкерелеу еді. Б.Қаратаев орыс халқының еңбекші бұқарасы мен зиялы қауымын қазақ елінің осындай ауыр жағдайына көңіл аударуға шақырды.

Патша үкіметі 1907 жылдың 3-маусымында шығарған заңымен екінші Мемлекеттік Думаны да таратып жіберді. Бұл құжат, сонымен бірге, сайлау Заңына өзгерістер енгізді. Патша үкіметі Қазақстан мен Түркістанда пәрменді отарлау саясатын жүргізе отырып, Думада бұл аймақтардан депутаттардың болмағанын өзіне қолайлы деп тапты. Сонымен, қазақ депутаттары қатынасқан бірінші және екінші Думалар қазақ қоғамының отарлық жағдайына өзгеріс енгізе алатындай ешқандай заңдар қабылдаған жоқ. "3-маусым Заңының" өмірге келуімен бірге, қазақ зиялыларының Думаға артқан үміті де біржола сөнген еді. Дегенмен, "3-маусым Заңы" қазақ зиялыларын Дума арқылы жүргізуді көздеген саяси күрестен біржола ығыстыра алған жоқ. Олар Думадан тыс қала отырып, құрамы жағынан алғашқы екі Думадан анағұрлым консервативті, ұлыдержавалық бағыттағы үшінші Дума шеңберінде де мұсылман фракциясы, сібірлік депутаттар, солшыл кадеттер және басқа да одақтастары арқылы патшалықтың қазақ жеріндегі отарлау саясатына, "3-маусым Заңына" қарсы әрекеттерін тоқтатпады. Ал, жалпы алғанда, сол кезеңдегі қазақ зиялыларының мерзімінен бұрын таратылған патша үкіметінің бірінші және екінші Дума жұмысына және оларға қатысты саяси шараларға қатысуы, әрине, олар үшін үлкен өмір мектебіне айналып, белгілі деңгейде өзіндік із қалдырды. Олар, біріншіден, империя жағдайында Дума сияқты "өкілетті" орынның, ең алдымен, орыс помещиктерінің мүддесіне, империялық мүдделерге қызмет жасайтындығына көздерін жеткізді. Ал, екіншіден, қазақ зиялылары Думаға қатысты шараларға араласа отырып, негізгі мақсатқа жету үшін жалпы халықтың саяси белсенділігін арттыру мен батыл қимыл-әрекеттердің қажет екендігіне де көздері жетті. Сондықтан да бұл ізгі мақсатқа қол жеткізу үшін, ендігі жерде қазақ зиялылары саяси күрестің басты құралдары ретінде "Айқап" сияқты журнал мен "Қазақ" сияқты бұқаралық газет шығарып, өздерінің ғасыр басындағы белсенді басталған қоғамдық-саяси қызметін одан әрі жалғастыра түсті.

"Айқап" журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның шығарушысы және редакторы Мұхамеджан Сералин (1871-1929) болды. Журнал Қазақстандағы сол кезеңнің идеялық-саяси ой-пікірдің аграрлық-демократиялық бағыттарын білдірді. Оған Б.Қаратаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ж.Сейдалин және басқалар қатысып тұрды. Журнал беттерінде негізгі мәселелер қатарында оқу-ағарту ісі мен аграрлық мәселе, яғни жер қатынастары, көшпенділердің дәстүрлі мал шаруашылығы және олардың отырықшылыққа көшуі туралы мақалалар көптеп жазылды. Сондай-ақ, журналда патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленіп отырды.

Сонымен қатар, Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары А.Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған ресми "Қазақ" газеті болды. Ол либерал-демократиялық бағыт идеяларын ұстанды. Газет редакциясында сол кездегі қазақ конституциялық-демократиялық партиясының және қазақ халқының жалпы ұлттық қозғалысының жетекшісі, экономист-ғалым Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқалар қызмет істеді. Олар ең күрделі аграрлық мәселеде жерге Ресей патшалығының тарапынан мемлекеттік меншіктің күшін жою және оны қазақтардың меншігіне беру, жер сатуға тыйым салу талаптарын қойды.

Тұтас алғанда, қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуы туралы әр түрлі көзқарастарда болғанына қарамастан, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде шығып тұрған "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті өз беттерінде ұлттық идеялар мен қазақ халқының мүдделерін ақиқат жолымен жан-жақты көрсете білді.
2. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан.

Қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі

Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) басталды. Соғысқа дейінгі тұста Ресейде жаңа өнеркәсіп салалары жедел қарқынмен дамыды. Өнеркәсіп орындары ел экономикасының дамуына үлес қосумен қатар, соғыс қажеттілігіне орай ірі мемлекеттік тапсырмаларды да атқарды. Өнеркәсіп өндірісінің ішінде металлургия өндірісі үлкен жетістіктерге жетті. Әйткенмен, Ресей соғысқа дайындықсыз, әскери-өнеркәсіптік әлеуеті төмен, көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия әскери-техникалық жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Соғыс басталған соң жалпы империяда, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі бірте-бірте кеми берді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының құлдырауына әкеліп соқты. Ауыл шаруашылығы өлкедегі егіншілік облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы, егіншілік шаруашылығын жетік меңгерген аудандарда жақсы дамыды. Соғыс егін шаруашылығына да елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл шаруашылық бақша дақылдарының егіс көлемі ұлғайды. Мәселен, Қазақстан бойынша күзгі бидайдың егіс көлемі 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 63,5%-ға, жазғы бидай - 8,4%-ға, тары - 22,1%-ға, картоп - 46,3%-ға қысқарды. Ал бақша дақылдарының егіс көлемі 433,8 мың десятинадан 1115,0 мың десятинаға дейін, яғни екі еседен астам көбейді. Өлкенің солтүстік-батыс және батыс облыстары бойынша дәнді дақылдардың өнімділігі 1914 жылдан 1917 жылға дейін әр десятинадан алынатын 38,7 пұттан 29,8 пұтқа дейін төмендеді. Соғыс жылдарындағы өлке егіншілігі жағдайының сипатты ерекшелігі оның жүргізілуі деңгейінің төмендігі болды. Бұл енгізілген ауыспалы егіс жүйесінің болмауынан, жердің және тұқымдық материалдардың өңделу сапасының төмендігінен көрінді. Егіс көлемі мен өнім көлемінің қысқаруының негізгі себебі жұмыс күшінің жетіспеуі болатын. Мәселен, Ақмола облысының Көкшетау уезінен ғана 1915 жылы армияға ауыл шаруашылығымен айналысып келген орыс тілді халықтың 39%-ы шақырылды. Қазақстанның басқа да аймақтарында мұндай көріністер байқалып тұрды.

Ер азаматтарды жаппай майданға алу мал шаруашылығының да құлдырауына әкеліп соқты. Оған сан және сапа жағынан үлкен зардап келтірді. Ұсақ мал көбірек, ал ірі мал азырақ өсіріле бастады. Байырғы халықтың басым көпшілігі тұратын жерлерде жылқы, түйе, ірі қара мал саны кеміді. Мәселен, Ішкі Ордада 1915 жылы жылқы саны 310,3 мың болса, ал 1916 жылы 160,2 мың болып, үлес салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау уезінде, Сырдария мен Жетісу облыстарында да осындай көріністер байқалды. Соғыс жылдарында қазақтың мал шаруашылығы, бірінші кезекте, мал жайылымдық алаптарды тартып алу салдарынан зардап шекті. 1913-1917 жылға дейін қазақ халқынан жалпы көлемі 764,4 мың десятина жайылымдық алқаптың жылқы - ірі қара жайылатын 190 жайылымы тартылып алынды және жалға алуға даярланды.

Мал санының қысқаруы, ең алдымен, қазақ халқының армия қажеттері үшін мәжбүрлеу тәртібімен ет беруге міндетті болғандығынан орын алды. Сан миллиондық армияның өсе түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді. Өйткені қазақ шаруашылығында мал саны жылдан-жылға азая берді. Сондай-ақ соғыс жылдарындағы мал санының қысқаруына ауық-ауық өткізіліп тұратын реквизиция да әсер етті. Осы жылдарда Түркістан өлкесінен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе әкетілді. 1914 жылдың ішінде Жетісудан ғана 34 миллион сомның малы мен мал өнімдері тасылып әкетілді. Қазақ шаруашылықтарында малды реквизициялау және жылқы малын есепсіз пайдалануға байланысты мал санының қысқаруы село мен ауылда шаруашылықты қалыпты жүргізуге кері әсер етті. Жылқы малы әсіресе солтүстік облыстарда азайып кетті. Соғыс жылдарында армияны жабдықтау үшін мол мөлшерде азық-түлік даярлау, мал және ет өнімдері бағасының өсуіне әкеліп соқты. Осыған байланысты бұл кезеңде өлкеде анағұрлым арзан ет беретін сала - шошқа шаруашылығы жедел дами бастады.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі Успен және Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру арта түсті. Бұл кеніштерден 1914 жылы – 246 пұт, ал 1916 жылы – 1551 пұт темір кені өндірілді. Соғыстың үш жылы ішінде темір кенін өндіру 6,3 есе ұлғайды. Салықтардың жоғарылығынан, қатынас жолдарының қашықтығынан, құрал-жабдықтардың жетіспеуі салдарынан және басқа себептерден алтын кеніштерінің саны қысқарды. Түсті металлдарға деген қажеттіліктердің артуы және олардың бағасының күрт өсуі соғыс жылдарында түсті металлургияның, әсіресе, Риддер және Сокольский кеніштерінің дамуына түрткі болды. Түсті рудалар өндіру 1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 25,3 есе өсе түсті. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мыс рудасын негізінен “Спасск мыс рудалары” акционерлік қоғамы мен “Атбасар мыс кендері” акционерлік қоғамы өндірді. Бірақта, мыс кенін өндіру жылдан-жылға кеми берді. Жер қойнауын жыртқыштықпен пайдалану “Спасск мыс кені” акционерлік қоғамының Успен кенішіндегі барлық бай кенді (құрамындағы мыс 25%) алып қоюына әкеп соқты. Соғыс жылдарында Сарысу байыту фабрикасы салынды. Ол революцияға дейін құрамында 25-30% мыс бар 128 мың пұт шикізат өндірді.

Көмір өндіру Семей, Торғай, Ақмола облыстарында жүргізілді. Соғыс жылдарында Екібастұз кен орындары елеулі рөл атқарды. Ол Екібастұз қорғасын-мырыш зауытын, Ертістегі жекеше кеме қатынасын, Оралдағы Боголовск және Қышым зауыттарын көмірмен жабдықтап отырды.

Өңдеуші өнеркәсіп соғыс мұқтаждығына ет-сүт өнімдерін, былғары тауарлар және басқа да тұтыну заттарын беріп отырды. Әсіресе, былғары тауарларын өндіру өсті, бұл кезеңде өлкеде 139 былғары кәсіпорны жұмыс істеді. Олар негізінен Семей және Ақмола облыстарында орналасты және бүкіл ауыл шаруашылық өнімінің 64,3% -ын өңдеді. Шынына келгенде, былғары, тері және ішек-қарын өндірісінің майдагерлік кәсіпорындары одан әрі ұқсату үшін Ресейдің ірі өнеркәсіп орталықтары - Пермь, Вятка, Рига қалаларына өнім жеткізіп берді. Соғыс жылдарында интенданттық армия тарапынан былғары аяқ киімге және тері тондарға сұраным ерекше өсті. Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраным ұлғайып, өлкеде шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап, шинельге арнап шұға дайындай бастады, сол сияқты соғыс сұранымына ет өнімін дайындауда Петропавлда ет-консерві комбинаты ашылса, Оралда мал соятын арнайы орын ашылды. Өлкеге дайын өнім, киім-кешек пен аяқ киім әкелудің қысқаруына байланысты соғыс жылдарында осы қажетті бұйымдарды тігетін шеберлердің саны көбейді. Мәселен, 1916 жылы Верный қаласында 140 адам жұмыс істеген ірі шеберхана болды.

Өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың, қалалардағы еңбекшілердің жағдайы күрт нашарлады. Кәсіпорындарда жас балалардың, жасөспірімдердің, әйелдер мен соғыс тұтқындарының еңбегі кеңінен қолданылды. Жұмысшылар тәулігіне 10-12 сағат, ал кейде 16 сағаттан жұмыс істеді. Жұмысшылардың нақты жалақысы үнемі төмендей берді. Мәселен, Спасск зауытында 1914 жылы күндік жұмыс үшін – 1 сом 04 тиын, 1915 жылы – 94 тиын төленді. Мұндай жағдай өнеркәсіп орындарында барлығында дерлік болып жатты.

Селолар, қалалар мен ауылдар еңбекшілері жағдайының нашарлауы 1914 жылдың өзінде-ақ Қарағанды, Екібастұз шахталарында, Орынбор, Ташкент және Транссібір теміржолдары жұмысшылары арасында бас көтерулер мен ереуілдерге алып келді. Тіпті, соғыс жылдарында Қазақстанда халық бой көтеруінің бірі “әйелдер бүлігі” дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсылық деп қарады.

Шаруалар көтерілістері Қазақстанның солтүстік аудандарын да қамтыды. Мәселен, 1916 жылы 21 наурызда Торғай облысы Ақтөбе уезінің Ақбұлақ селосында 30 адам болатын солдат әйелдерінің тобыры көпестер - Незвановтың, Пряткиннің дүкендерін қиратады. Халық бұқарасының мұндай бой көрсетулерінің толқыны Қазақстанның басқа да аймақтарында орын алды. 1916 жылдың орта шеніне қарай жұмысшылардың үкіметке ашынуы үдей түсті. Нәтижесінде бұл жағдайлар қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысына зор ықпал жасады.

1916 жылы 25 маусымда патшаның Қазақстан, Орта Азия, Сібір тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл жұмысына алу туралы жарлығы шығады. Бұл жарлық 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басталуына себеп болды. Шілденің бас кезінде Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік стихиялы наразылықтар басталып, көп ұзамай қарулы көтеріліске ұласты. Халық ашу-ызасының алғашқы соққыларына тылдағы жұмыстарға алынатындардың тізімін тікелей жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және патша әкімшілігінің басқа да төменгі билік иелері ұшырады. Іс жүзінде тізімдер жасау жүйесі жаппай парақорлық пен бұрмалаушылыққа жол ашқан болатын. Оның үстіне патшалық өкімет орындары лауазымды адамдарды, болыстарды, село және ауыл басқарушыларын, байырғы тұрғындардан шыққан төменгі шенді полицейлерді, имамдарды, молдалар мен мүдәристерді, ұсақ кредит мекемелеріндегі есепшілер мен бухгалтерлерді, жоғарғы және орта оқу орындарындағы оқушыларды, үкіметтік мекемелердің шенеуніктерін, дворян және құрметті азамат құқықтарын пайдаланатын адамдарды әскерге алудан босатты.

Стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласып, оның ірі ошақтары (Жетісу мен Торғайда) пайда болды. Көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыды. Бұл көтерілістің басты мақсаты ұлттық және саяси азаттық болды. Сол арқылы ол қазақ халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы бұрынғы бүкіл күресінің қорытындысын шығарды. Көтерілістің негізгі күші ұлттық шаруалардың қалың тобы, сондай-ақ сол кезде туып келе жатқан жергілікті жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер болды.

Сонымен бірге көтерілістің ұлт-азаттық сипатта болуы себепті қазақ халқының барлық топтарының өкілдері (екінің бірінде байлар, болыс басқарушылары, билер), сондай-ақ демократияшыл зиялылардың жекелеген өкілдері қатысты.

Қазақстанның әр түрлі аудандарында пайда болған стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат ала бастады: Жетісуда (басшылары: Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Әубәкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Монай және Мұқан Ұзақбаевтар және т.б.) және Торғайда (басшылары - Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин және басқалар) оның ірі ошақтары пайда болды.

Жетісудағы көтеріліс тарихын: 1) шілде - стихиялық наразылық көріністері, 2) тамыз - оның қарулы көтеріліске ұласуы және 3) қыркүйек-қазан - көтерілістің біртіндеп бәсеңдеуі және жеңіліс табуы деген кезеңге бөлуге болады.

М.Тынышбаевтың мәліметі бойынша, 25 маусымдағы патша жарлығы Жетісу қалаларында 8 шілдеде белгілі болған. Облыстың жекеленген уездерінде жұмысшыларды шақыру туралы телеграммалар одан бұрын, 2 және 3 шілдеде келіп түскен. Шілде айының бас кезінде-ақ толқулар Верный уезінің батыс және оңтүстік бөліктерін қамтып, оларда көтерілісшілерге Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин, Аққоз Қосанұлы және басқалар басшылық етті. Соғыс ошағы ұлғайып, халық наразылығы үдеп кетуіне орай, патша үкіметі ендігі тұста көтеріліс қимылдарын басу үшін іс-шаралар қолдануды ұйғарды. Нәтижесінде 17 шілдеде Жетісуда және Түркістан өлкесінде соғыс жағдайы жарияланып, патша үкіметі мұнда ірі әскери күштер алып келді. Әскери гарнизондарды нығайтып, Жетісудағы қоныс аударушы халықтың ауқатты топтарынан қазақ және қырғыз көтерілісшілерін жазалау үшін қарулы отрядтар құрды. Жетісу облысы Жаркент уезі көтерілісшілерінің Асы жайлауында, Қарқараның таулы алабында, Самсы, Кастек, Нарынқол, Шарын, Жалаңаш, Құрам елді мекендері аудандарында, Лепсі уезінің Садыр-Матай болысында және басқа жерлерде патша жазалаушыларымен ірі қақтығыстар болады.

Осындай жағдайда Верный уезінде Б.Әшекеев Жетісудың бытыраңқы көтерілісшілер топтарын біріктіру үшін шаралар қолданып, 1916 жылғы 13 тамызда Ошақты деген жерде әр түрлі болыстар өкілдерінің съезін шақырады. Съезде тыл жұмыстарына адамдар алу туралы жарлық шығарған үкімет орындарына қарулы қарсылық көрсетуге дейін барып, бағынбауға шешім шығарды. Өз жақтастарымен Үшқоңыр тауындағы Ошақты сайына орнығып алған Б.Әшекеев қарулы қарсылыққа дайындала бастады, сонымен бірге көтерілісшілердің қатарын жаңа күштермен толықтыру жөнінде шаралар қолданды. Алайда, бұл әрекеттер айтарлықтай жетістіктер бермей Б.Әшекеев басшылығымен орын алған Жетісудағы ұлт-азаттық көтеріліс басылып-жаншылады. 7 қыркүйекте Верный қаласында Верный әскери гарнизонының соты болып, көтеріліс басшыларының бірі Б.Әшекеевті өлім жазасына кесіп, дарға асу туралы үкім шығарды. Соттың үкімін облыстың әскери губернаторы Фольбаум нақ сол күні бекітіп, үкім бір күннен соң, яғни 1916 жылғы 9 қыркүйекте Верныйдың жанындағы Боралдай деген жерде орындалады.

Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен Түркістан өлкесінде 1917 ж. 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге жабылуға кесілді. Патша өкімет орындары қудалаған 300 мың қазақтар мен қырғыздар немесе Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен бірі Қытайға қашуға мәжбүр болды.

Дәл осындай көтерілістің ірі ошақтарының бірі - Торғай өңірі болды. Көтерілісшілер саны 50 мыңға жетеді. Бұл кезде Торғай уезі негізінен қыпшақ және арғын рулары шоғырланған 13 болыстан тұратын. Көтерілістің бастапқы кезеңінде толқулар қыпшақтар мекендеген Қайдауыл, Аққұм, Қаратоғай, Сарытоғай, Қарақопа болыстарын, сондай-ақ негізінен арғындар мекендеген Тосын, Майқарау, Сарықопа, Наурызым, екінші Наурызым болыстарын қамтыды. Көтерілістің етек жаюы барысында Әбдіғаппар Жанбосынов қыпшақ көтерілісшілерінің ханы етіп жарияланса, Шолақ Оспанов арғын көтерілісшілерінің ханы болып сайланады. Кейіннен 1916 жылы 21 қарашада 13 болыс (6 болыс арғын, 6 болыс қыпшақ, 1 болыс найман) өкілдерінің құрылтайында халық арасындағы атақты Нияз бидің ұрпағы Әбдіғаппар Жанбосынов көтеріліске шыққан Торғай уезінің ханы болып сайланады. Құрылтайға қатысушылардың келісімімен Кенесары Қасымовтың серігі, атақты Иман батырдың немересі Амангелді Иманов көтерілісшілердің сардарбегі болып тағайындалады. Орталық Ресейден келген және көп кешікпей көтерілісшілерге қосылған, осы жерлерде туып-өскен Әліби Жангелдин көтерілісшілердің “рухани көсемі” болды. Ондаған мың ұйымдаспаған көтерілісшілерден Ә.Жанбосынов, А.Иманов және олардың ең жақын серіктері ондықтарға, жүздіктерге және мыңдықтарға бөлінген тәртіпті жасақ құрды. Әрбір қолды басқаруға тиісінше онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды. Сардарбек жанында әскери кеңес жұмыс істеді.

22 қазанда А.Иманов бастаған 15 мың қол Торғай қаласын қоршады. Қаланы қоршау бірнеше күнге созылып, қоршау кезінде генерал-лейтенант А.Лаврентьевтің жазалаушы корпусы қалаға қарай үш бағытта бет алды. 16 қарашада А.Иманов бастаған 12 мың адамға жуық сарбаздар Түнқойма пошта станциясына шабуыл жасайды. Көтерілістің негізгі көпшілігі адам күшін сақтау үшін қарашаның екінші жартысында Торғайдан 150 шақырым жерге жетіп, Батпаққара ауданына шоғырланады. Осы жерден 1916 жылғы қарашаның екінші жартысынан 1917 жылғы ақпанның ортасына дейін жазалаушыларға қарсы партизандық жортуылдар жасалады. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында Татырда, Ақшығанақта, Доғал-Үрпекте, Күйікте шайқастар болды. Шайқас 1917 жылғы ақпанның екінші жартысына, яғни ақпан революциясына дейін созылды.

Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі Торғайдан өзге барлық аймақтарда қатаң басып-жаншылды. Семей және Ақмола облыстарында көтерілісшілерге қарсы 12 атты әскер жүздігі, 11 күшейтілген жаяу әскер ротасы қимыл жасады, ал Торғай көтерілісшілеріне қарсы патшалық өкімет орындары 17 атқыштар ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты әскер эскадронын, 18 зеңбірек, 10 пулемет және басқаларды әкеп төкті. Осыған қарамастан, Торғай облысында көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана тоқтады.

Қазақ қауымында патшаның 1916 жылғы маусым жарлығы мен көтеріліске көзқарас бірдей болған жоқ: ауылдың феодалдық-байшыл билеуші тобы мен жергілікті әкімшіліктің белгілі бөлегі патша жарлығын толығымен қолдап, оны белсенді түрде жүзеге асырушылар болды; қазақ интеллигенциясының радикалды батыл іс-қимылға бейім өкілдері (мысалы, Т.Бокин, Ж.Ниязбеков, Т.Рысқұлов, Ә.Жангелин, С.Меңдешев, Б.Алманов, Ә.Жүнісов т.б.) халықты қарулы көтеріліске шақырып, оған өздері де қатысты.

Ал «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты либерал-демократиялық зиялылар өкілдерінің жетекшілері халықты жарлықты орындауға қарсы шықпауға үгіттеп, оны орындамаған жағдайда қазақтар қантөгіске ұшырауы мүмкін деп санады және осыған байланысты үлкен алаңдаушылық білдірді. Осынау алмағайып кезеңде «Алаш» қайраткерлері халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап, қайткен күнде оны аман сақтауға тырысты. Сондықтан да олар қарулы көтеріліске қарсы болып, қазақтарды патша жарлығын орындауға шақырды. Біріншіден, олар Ресейге төнген сыртқы қатердің бодан болып отырған қазақтарға да толық қатысы бар деп санады. Бұдан сырт қалуға болмайды, - деп есептеді. Екіншіден, іс жүзінде қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы бас көтеруін болдырмауға талпынды. Қарусыз халық өкіметтің жазалау шараларының құрбаны болады деп қауіптенді. Үшіншіден, соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына үміт артты. Империямен ақылға қонымды келісім тактикасын ұстанып, халқының аман болуын бірінші кезекке қойған «Алаш» көсемдері тыл жұмыстарына шақыруды кейінге қалдыра тұрып, тиісті әзірлік жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Көтеріліс барысында орын алған қанды қырғын, жүздеген мың адамдардың қаза табуы бұлардың қауіптерінің негізсіз еместігін дәлелдеді.

Жеке-жеке бұрқ еткен толқулар көп ұзамай қарудың күшімен жанышталып, жұмысшыларды реквизициялаумен майданға жөнелту басталды. Сол кезде “Қазақ” газетінің редакциясы тыл жұмыстарына жөнелтілген қазақтардың мұқтаждықтарына қызмет көрсетуді ұйғарды және осы мақсатпен барлық қазақ зиялыларына реквизицияланғандар жұмыс істейтін майдандарға өз еркімен барып, оларда бұратаналар бөлімін құруға шақырды. Зиялылар (көпшілік бөлігі мұғалімдер) бұған үн қосты және көп кешікпей Минскіде земство одағының жанынан бұратаналар бөлімі құрылды.

Қазақ зиялылары майдан тылында еңбек еткен қазақ жігіттерінің сөзін сөйлеп, мұңын жоқтады. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов т.б. бастаған қазақ зиялылары Минскіде, тағы басқа тыл жұмысына шақырылғандар көптеп шоғырланған қалалар мен елді мекендерде болып, оларға қолдан келген көмектерінің бәрін көрсетті. Олар шақырылғандардың құқықтарын қорғау және олардың майдан өңірі аудандарындағы тұруы мен жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар туғызу жөнінде нақты қадамдар жасады. Ал мұның өзі кеңес заманында көп жылдар бойы айтылып та, жазылып та келген Алашорда 1916 жылғы көтеріліс кезінде ұлттық мүддеге сатқындық жасады деген пікірдің сыңаржақ тұжырым екендігін көрсетеді. Алаш көсемдері көтерілісшілерге де, майданның қара жұмысына шақырылғандарға да ешқандай сатқындық жасаған жоқ.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайларында көтерілістің жалпы жұрт таныған басшылары Ә.Жанбосынов, А.Иманов, Ж.Мәмбетов, Ұ.Саурықов, Б.Әшекеев, О.Шолақов, А.Жүнісов, С.Қанаев көтерілісшілердің саяси көсемдері Т.Бокин, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, Ә.Жангелдин, Б.Алманов және басқалар кезінде Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет Өтемісов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Кенесары Қасымов және басқалар жүргізген тәуелсіздік жолындағы күреске халықты көтерді. К.Қасымов басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін 1916 жылғы көтеріліс бірінші рет кең-байтақ өлкенің барлық аймақтарын әр түрлі дәрежеде қамтып, бүкілқазақтық сипат алған көтеріліс болды. 1916 жылғы көтерілістің айрықша ерекшелігі өлкенің бірқатар аудандарында (негізінен, Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында) оған қазақтармен қатар қырғыз, ұйғыр, өзбек және басқа да халықтар өкілдерінің де қатысуы болды.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды. Ол Ресейдегі әскери-отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтып, шығыстың отар халықтарының импералистік езгіге қарсы XX ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық қозғалысының құрамдас бөлігі болды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   24


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет