Қазақстан тарихы



жүктеу 5.01 Mb.
бет11/24
Дата15.01.2017
өлшемі5.01 Mb.
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24

2. Ұлы жүз қазақтарының қоқандықтарға қарсы күресі. Қаратай,

Арынғазы, Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілістер.
ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай күрделі болды. Мұнда Орта Азиялық үш мемлекет - Хиуа, Бұқара және Қоқанның мүдделері қақтығысқа түсті. ХІХ ғ. басына қарай күшейген Қоқан хандығы, енді Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуды көздейді. Оның негізгі себебі: өзінің қазынасын толықтыру, мал шаруашылағын дамыту, сонымен қатар, Ресей мен Қытайды байланыстыратын Орта Азиядағы керуен жолдарына бақылау орнату және мұсылман халықтары тұратын территорияны иелену еді.

1810 жылы Оңтүстік Қазақстанды жаулап алған уақыттан бастап 1865 жылы Ресей империясының қол астына өткенге дейін қоқандықтар Ұлы жүз территориясында әкімшілік қадағалау жүргізіп Ақмешіт, Жаңа-Қорған, Күміс-Қорған, Шым-Қорған, Шолақ, Созақ және т.б. бекіністерді салды. Бұл кезеңде Хиуа мен Бұхара Қоқанға қарағанда әлсіздеу болды да онымен тайталасқа түсе алмады.

Қоқан хандығының қол астына Ұлы жүздің көп рулары: Бестамғалы (35 мың үй), Сыйқым (5 мың үй), Шымыр (9 мың үй), Жаныс (7 мың үй) қарады. Жоғарғы әкімшілік билік Ташкент әкімінде (наместник) болды. Оның екі көмекшісі: 1) Саркар (мырзабасшы) салық жинаумен және азаматтық істермен; 2) батыр басшы (әскери басшы) әскери іс және көшпенділер мәселесімен айналысты. Билерге артықшылықтар беріліп салықтан босатылды, олардың кейбіреулері “датқа” лауазымын алды. Бұқара халықтың негізгі бөлігі “зекет” салығын (шариғат бойынша мүліктің 1/4 бөлігі) төлеп тұрды. Қоқан бекіністерінің төңірегінде тұратын қазақтар бекіністердің жөндеу және кеңейту жұмыстарына тартылып, әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Сонымен қатар, қазақтар әскери міндеткерліктер атқарып, олар қарсылық көрсеткендерді тыныштандыру жорықтарына да қатыстырылып отырды.

Қоқандықтардың қазақтарға түрлі салықтар салуы қарапайым адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп, ішкі әлеуметтік қайшылықтарды тереңдетіп, халық ішінде кедейлердің көбеюіне әкеліп соқты. Қоқандықтар билік жүргізген тұстағы ауыр жағдайлар елдің есінде қатты сақталып қалды. Ол туралы Ш.Уәлиханов: “Қазақтардың арасында "әзірейіл барда жаным бар деме, қоқандақтар барда малым бар деме" - деген мәтел пайда болды”,- деп көрсетеді. Қазақ халқы қоқан билігіне қарсы наразылықтар көрсетіп отырды. 1810 ж. Ташкент өңірінде тұратын қазақтар салық төлеуден бас тартты. Қоқан ханы Әлім бек қарсылық көрсеткендерді тыныштандыруға және Сайрам, Ташкент, Түркістанды бағыныру үшін 12 мың әскер жіберді. Қоқандықтардың қолына түскен төңіректегі қазақтар тонаушылыққа ұшырады. Қоқандықтар Түркістанды басып алуы кезінде оның билеушісі Тоқай Төре Бұхараға қашуға мәжбүр болды. Бұхараның әмірі Тоқай Төреге Бұхарадағы соғысқа жарайтын қазақтардан жасақ жинап алуға рұқсат берді. Жасақ жинап жарақтанған Тоқай Төре алдымен Созаққа бекініп, одан кейін Түркістанды қоршауға алды. Оған қарсы қоқандықтар Ташкенттен 300 жауынгермен Базар бахадүрді аттандырды. Олар жолда Тоқай Төреге көмек көрсеткен 1000 отбасынан тұратын қазақ ауылына шабуыл жасап, ауылды тонап, көп пайда түсіріп, адамдарын тұтқындап алып кетті. Түнде Тоқай Төре Созақты тастап қашуға мәжбүр болды. Одан кейін қазақтардың қарсылығы біраз уақыт басылды. Тоқай Төре уақытша Бұхараны паналады, ал кейін ол Бұхара әмірінің балалары билікке таласқан тұста өлтірілді.

1821 ж. Тентек төренің бастауымен қазақтардың Қоқан үстемдігіне қарсы көтеріліс болды. Көтерілісшілердің саны 12 000 дейін жетті. Олар Сайрам, Шымкент, Әулие-Ата қалаларын алып, бірнеше бекіністі қоршады. Көтеріліске Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулие-Ата төңірегін мекендеген қазақтар қатысты. Көтерілісшілерге қарсы Абул-Қалым-Аталық басқарған әскер жіберілді. Тентек төре әскерін екіге бөлді. Бір бөлігі Тентек төренің басшылығымен Сайрамда, ал екіншісі Шымкентте бекінді. Ұзаққа созылған қоршаудан кейін көтерілісшілер қаруын тастауға мәжбүр болды. Тентек төре жеңілісті мойындап, қоқандықтарға “баж” немесе “жол” салығын, “зекет” төлеуге және Қоқанға баласын сыйлықтармен жіберуге келісім берді.

Ұлы жүз қазақтарының 1810-1820 жылдардағы қоқандықтарға қарсы күресте жеңілуінің негізгі себептері: қоқандықтардың әскери басымдығы, көтерілісшілердің арасында ауызбірліктің болмауы, Бұхара әмірінің көмегіне арқа сүйеген көтеріліс жетекшілерінің беделінің төмен болуында еді. Дегенмен де, бұл Ұлы жүз қазақтарының өз еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында қоқан үстемдігіне қарсы шыққан ұлт-азаттық күресі болатын.

1822-1842 жж. Қоқан хандығының тағына Омар ханның кіші баласы Мадалы хан (Мұхамед Әли) отырды, оның тұсында жекеленген облыстар мен Ташкенті өз алдына билеген Күшбегілердің ролі күшейді. Ұлы жүздің басып алынған территориясының бір бөлігі және Сырдария бойындағы қазақтар Ташкент Күшбегіне жылына 20 мың алтын ақша төлеп тұруға міндетті болды. Салық төлеушілерді қанау бұрынғыдан да күшейе түсті. Одан кейінгі жылдары қоқан билеушілерінің өзара қырқыстары Ұлы жүз қазақтарының одан әрі зардап шегіп, кедейлене түсуіне әкеліп соқты. Құдияр хан (1845-1875 жж.) тұсында қазақтар ғана емес, Қоқан хандығының жергілікті диқандары да қанауға түсті.

1797 жылғы Есім ханның өлімінен кейін Кіші жүздің бір топ сұлтанының Қаратай сұлтанды хан сайлау жөніндегі ұсынысына қарамастан және оның ел арасындағы беделінен сескенген патша әкімшілігі Айшуақты хан тағына отырғызады. Бұл шешімге келіспеген Қаратай халық арасында ханды сайлау туралы үгіт жүргізе бастайды. 1805 жылы Жантөрені хан сайлағанға дейін патша әкімшілігімен бейбіт қатынас ұстады.

1806 жылы Қобда өзенінің жағасында болған съезд Ресей әкімшілігінің шешіміне қарамастан Қаратай сұлтанды хан сайлайды. Осылайша Қаратайдың Жантөреге қарсы күресі біртіндеп Ресей үкіметіне қарай бағытталады. Күрес барысында Қаратай транзиттік сауда жолдарының бәрін өзіне қаратып Ресейдің Орта Азиямен саудасын шектейді. Герценберг пен Бородиннің жазалау экспедициясына қарамастан Қаратайдың жанына топтасқан Кіші жүз жасақтары төменгі Орал шептеріне жорықтар жасайды. Қаратай 1809 жылы Жантөре ханды өлтіргеннен кейін 1812 жылға дейін Хиуада жасырынуға мәжбүр болады.

Жантөренің өлімінен кейін Ресей Айшуақтың ұлы Шерғазыны хандыққа бекітеді. Ресей әкімшілігінің ондай шешіміне риза болмаған Қаратай өзінің қарулы қарсылығын 1816 жылы Орданың Батыс бөлігіне басқарушы-сұлтан болып тағайындалғанға дейін жалғастырады. Транзиттік сауда мәселесі алаңдатқан Ресей Қаратаймен осындай келісімге барған еді. Сөйтіп, 1816-17 ж. келіссөздер нәтижесінде Қаратай сұлтан өзінің қарсылығын тоқтатты.

1816 жылдан 1821 жылға дейін Арынғазы Хиуаға қарсы азаттық күресін жүргізді. 1815 жылы Арынғазының әкесі Әбілғазы хан өлгенде ол 30 жасқа толады. Оған дейін Кіші жүздің иеліктерінде қайраткерлік танытқан Арынғазы ел арасында біршама бедел жинаған болатын. 1816 жылы ел ішінде тәртіп орнату мақсатында старшындардың билігін шектеп, сұлтандардың өз білгендіктерін істеуін тоқтатқан еді. Сондай-ақ, ол билер соты мен молдалардың да өкілеттілігін шектеді. Арынғазының ел арасында беделінің өсуіне байланысты старшындардың көпшілігі оны Кіші жүзге хандыққа бекітуді сұрап патша әкімшілігіне өтініш білдіреді. Арынғазы болса, хиуалықтардың үстемдігін біржола жойып, сонымен қатар бір хандық құруды жоспарлайды. Бір хандық қана құру Ресейдің келісімінсіз мүмкін емес-ті. Сондықтан, Ресеймен жақындасуды ойлаған Арынғазы Орынбор генерал-губернаторы Эссен мен Шекаралық комиссия төрағасы А.Веселицкийдің қолдауына сүйене отырып, патшадан қолдау көрсетуді сұрау үшін 1821 жылы Санкт-Петербургке аттанады. Бірақ, оның үміті ақталмайды. Бұхар мен Хиуа хандықтарының өкілдерімен кездесу ұйымдастырамыз деген желеумен патша әкімшілігі оны шақырып, тұтқындап, Калугаға жер аударады. Ол 1833 жылы сонда қайтыс болады.

ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары патшалық Ресейге қарсы Саржан Қасымұлы мен Жоламан Тленшіұлы бастаған көтерілістер болды. ХІХ ғасырдың 20 жылдары патшалық Ресей жаңа бекіністер салу үшін қазақтарды тағы да өз жерлерінен ығыстыра бастады. Кіші жүздің табын руы мекендеген суы мол, жайылымдық жері кең Жаңа-Елек ауданын орыс шенеуніктері тартып алды. Оған қарсы Жоламан Тіленшіұлы Табын руын бастап көтеріліске шықты.

Жаңа-Елек шебі 29 бекіністен тұрды. Орал, Елек, Берденкі және Құрат өзенінің бойындағы аудандардың ең жақсы деген 7 мың десятина жеріне Ресей үкіметі Орынбор және Орал орыс-казактары мен шаруаларын орналастыра бастады. Жоламан батыр алғашында жер мәселесін бейбіт түрде шешуге тырысты. Ол Орынбордың әскери губернаторы Эссенге 1822 ж. 6 тамызда және 1823 ж. 3 қыркүйекте хат жазып, онда 1810 жылға дейін қазақтар бұл жерлерді ешқандай кедергісіз еркін пайдаланғанын, Ресей Елек өзенінің бойын алғаннан кейін форпостар салып және Кіші жүз қазақтарына бұл жерлерді пайдалануға тиым салғаннан соң жағдайдың қиындай түскендігін ескертеді. Сонымен қатар, губернатордан әскери бекіністерді алып тастауын, «Санк-Петербургтегі біздің елшілерді қайтарып», Сібірге жер аударылып Орынбор түрмесінде жатқан қазақ Түленбай Құндықовты өз тұтқынында жатқан есаул Падуровқа айырбастап, босатуды талап етеді. Бұл хаттар жауапсыз қалды, ал Орынбор Шекаралық комиссиясы Жоламанға келесі келісімдерді Шерғазы хан арқылы жүргізуі керектігін айтады. Бұл жағдай Жоламан Тіленшіұлын қанағаттандырмады, сондықтан ол қарулы көтеріліске шықты. Жоламанның отряды шекара заставаларына, аға сұлтандардың қыстаулары мен әскери бекіністерге шабуылдар жасады. Жазалаушы отрядтардың батыр мен оның жауынгерлерінің соңына түсуі сәтсіз болды. Жоламан батырға патша әкімшілігінің қолдауына сүйеніп жазалаушы отрядтың барлық операцияларына бірге қатысып, белсенділік көрсеткен Шерғазы ханның жасағына да қарсы күрес жүргізуіне тура келді.

1835 ж. Жаңа-Елек шебінің Ор және Троицк аралығындағы барлық жерлерінен айрылған Жағалбайлы, Жаппас, Алшын, Арғын, Қыпшақ руларының қазақтары қатысқан тұста көтеріліс кең қанат жайды. Өз жерлерінен айырылған қазақтар шекаралық аймақтарда көшіп-қонуына тура келді және ол үшін салық төлеуге мәжбүр болды. Қазақтардың қарсылықтары аға сұлтандардың ауылдарына, керуен жолдарына, бекіністерге жиі шабуылдар түрінде көрініс тапты.

1838 ж. ортасында Елек қалашығынан Ор және Троицк бекінісіне дейінгі шекаралық шеп маңында көшіп-қонып жүрген қазақтар көтеріліске тартылып, көпшілігі Торғай мен Ырғыз өзендерінің бойындағы аудандарға көше бастады. Көтерілісті басуға және көшіп кеткендерді қайтаруға патша үкіметі Ордан полковник Мансуровтың, Орынбордан полковник Падуров, Елек жақтан полковник Гекке басқарған үш отряд жіберді. Бірақ бұл үш отрядтың да әрекеті сәттіз аяқталды.

Жоламан батыр Орал казак әскерінің генерал-майоры Бородинге: “Мен сұраған жерлерді қайтарып берсеңдер дос боламыз, егер берілмесе жау боламыз”,- деп хат жазды. Осылайша, Жоламан батыр ХІХ ғасырдың 20-30 жылдары патша үкіметі тартып алған Кіші жүз қазақтарының жерлерін қайтаруға бағытталған көтеріліске жетекшілік жасады және Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс шыққан тұста Кіші жүз қазақтарын Кенесарыға қосылып өз тәуелсіздігі мен еркіндігі жолында күреске шығуға шақырды.

1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы Жарғының» енуі, одан кейін ол заңды түсіндіру үшін жүргізілген үгіт, 1824 ж. Қарқаралы уезіне полковник Броневскийдің экспедициясының келуі - сұлтан Саржан Қасымұлы бастаған көтерілістің шығуына түрткі болды. 1824 ж. 8 ақпанда сұлтандар мен билердің белсенді қатысуымен бірінші Қарқаралы приказы, одан соң Көкшетау приказы құрылды. 1824-1836 жылдары Қарқаралы және Көкшетау уездерінің көтеріліске шыққан елін Кенесары Қасымұлының ағасы Саржан сұлтан басқарды. Саржан Қасымұлы приказдарды жоюды, қазақ жерлерінен әскерді әкетуді, қазақтарға бұрынғы еркіндігін қайтаруды талап етті. Саржан Қасымұлы бастаған көтерілістің негізгі мақсаты - патша үкіметі тартып алған жерлерді қайтару, Қазақ хандығын қайта жаңғыртуға ұмтылыс болды. 1825-1826 жылдары оған Қаракесек, Жағалбайлы, Шора болыстарының Қожан, Тал, Айдабол, Байдәулет руларының қазақтары қосылды.

1826 ж. тамызда Саржан Қасымұлы өз отрядымен Қарқаралы приказына жорық жасады. Бірақ жүзбасы Карбышевтің басқаруымен дер кезінде келген отряд приказдың талқандалуына жол бермеді. Нашар қаруланған көтерілісшілердің шегінуіне тура келді. Саржан Қасымұлының біраз әріптестері қолға түсті. 1832 жылдың басында ол Ресейге сенімді қызмет етіп отырған Қарқаралы уезіндегі билердің ауылына бауырлары Есенгелді және Ержанмен бірге шабуыл жасады. Саржанды ұстауға жүзбасы Потаниннің отряды жіберілді. Сұлукөл сайының маңында шайқас болып, Потаниннің отрядының тегеурініне шыдамаған Саржанның отряды шегінді. Бұл сәтсіздік Саржанды осы 1832 ж. патша үкіметіне қарсы бірге күресу үшін Ташкент күшбегіне одақ құруға итермеледі. Батыс-Сібір генерал-губернаторы Вельяминов бірнеше отряд жіберіп, бұл қарсылықты басып тастады. Бірақ Саржан күресті тоқтатпады. 1833 ж. шағын отрядымен Ресей билігіне қарасты билер мен сұлтандардың ауылдарына, сауда керуендеріне, бекеттерге шабуыл жасап тұрды. Ұлы жүз қазақтарының бытыраған күштерін және Сырдария бойындағы Ташкент күшібегіне бағынышты қазақтарды өз жағына тартып Ресейге қарсы күреске біріктіруге тырысты. 1836 ж. Ташкент күшібегі бұл туралы біліп қойып өзімен келіссөз жүргізуге келген Саржан, Есенгелді, Ержан Қасымұлдарын және 20 сарбазымен қоса өлтірді. Ресей патшалығының Саржан Қасымұлының өлімінен кейін даладағы толқулар басылады деген үміті ақталмады.



3. И. Тайманұлы мен М. Өтемісұлы бастаған көтеріліс.
1756 ж. патша жарлығы бойынша қазақтарға қысқы уақытта Жайықтың оң жағалауына мал жаюға тиым салынған болатын. Патшаның бұл жарлығы Жайық орыс-казактарының мүддесі тұрғысынан қабылданған-ды. “Игельстром реформасының” жүргізілуі барысында қазақтар Еділ мен Жайық арасындағы жерлерге көшіп-қонуға патша үкіметінің рұқсат алған соң, кейінірек, 1801 жылы ол қосөзен аралығында Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтанның басқаруымен жеке иелік құрылды. Бөкей сұлтан тек 1812 ж. ғана патша үкіметінен “хан” атағын алып, ол басқарған иелік Бөкей ордасы немесе Ішкі Орда деп атала бастайды. Бөкей Ордасы Ресей империясының шекаралық өңірінің “Ішкі” жағында орналасқандықтан “қуыршақ мемлекет” рөлін атқарды. Бөкей хандығының құрылуы сол кездегі Кіші жүздегі саяси-экономикалық жағдайдың нәтижесі. Бөкей Ордасы құрылғаннан кейін Жайықтың оң жағалауына 5 мыңға жуық үй көшіп-қонса, кейін Орынбор шекаралық комиссиясының есебі бойынша Бөкей хандығының саны 10 235 үйге жеткен. Бөкей хандығының шекарасы бірте-бірте анықталған соң, оның көлемі шығыстан батысқа қарай 350 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 200 шақырым жерді алып жатты. Бірақ бұл жерге қоныстанған қазақтарға патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты өзіндік зиянын тигізді. Оларға Орал казак-орыс әскерлері жиі-жиі шапқыншылықтар жасап отырды, біртіндеп әскери бекіністер салына бастады. 1813-1815 жылдары Плинин, Фокеев, Сламихин бекіністері салынды. Қараөзен мен Сарыөзеннің бойы шекаралық аймаққа айналды. Жайық өзенінің бойы біртіндеп Орал казак-орыс әскерлерінің меншігіне қарады. Соның салдарынан қазақтардың жайылымдық жерлері тарылып, шаруашылықтары күйзеліске ұшырады. Сонымен қатар, Орал казак-орыстары қазақтардың ауылдарына шабуыл жасап, адамдарын өлтіріп, мал-мүліктерін тонап кетіп отырды. Патша өкіметінің жергілікті әкімшілігі мұндай озбырлықтарға қарсы шара қолданбай, керісінше көп жағдайда мәселеден жалтарып кетіп отырды.

1815 ж. Бөкей қайтыс болған соң оның орнын басар Жәңгір, Әділгерей, Меңдігерей атты үш ұлы қалады. Хан тағының мұрагері Жәңгір оң-солын танып, ел басқаруға араласқанша Ішкі Орданы Бөкейдің інісі Шығай биледі. 1824 ж. Жәңгір арнайы жарлықпен хан тағына отырған соң Ішкі Ордадағы қоғамдық тұрмыс пен әлеуметтік–саяси құрылымдарға, жер қатынасына, салық саясатына өзіндік өзгерістер енгізбек болды. Бірақ көшпелі және жартылай көшпелі халық ханның бұл “жаңалықтарына” дайын болмады.

Жер қатынасында әділетсіздіктер орын алды. Жәңгірдің ағасы Меңдігерей Бөкейханов ханның төңірегінде жүрген сұлтандар Мұсағали, Шыңғали Ормановтар, Балқы Құдайбергенов т.б. шұрайлы жерлерді иеленді. Сонымен қатар Ішкі орданың халқы Орал казак-орыстарынан да қатты қысым көрді. Жайық өзенінің жағалауына адам жолатпады. Қазақтарға Жайықтан балық аулау түгілі су ішуге, мал суғаруға рұқсат етпей, өзенге он шақырым жақындауға тиым салынды. Ал, ол жаққа жайылып бара қалған малдарды айдап алып, иеленіп кетіп отырды.

Ішкі Орданың қазақтары 1846 жылға дейін патша үкіметінің алдында міндеткерліктер жүктеп, ешқандай салық төлемеді. Ордадағы салықтың түрлерін негізінен ханның өзі белгілеп отырды. Олардың ішінде ханның пайдасына алынатын “зекет”, “соғым” сияқты салықтар болды. 1825 ж. “зекет” салығынан 115 мың сом пайда түскен. “Соғым” салығынан жылына 6000 сом пайда тауып отырған, бұл салық кейде 800-1000 бас мал түрінде алынып тұрды. 1836 ж. Ішкі Орда халқы ханның “зекет” салығына 18000 қой, 800 өгіз, 1000 жылқы, 700 түйе, одан басқа да салықтар жинағанын айтып Орынбор комиссиясына шағымданады.

Жәңгір хан 1833 ж. өзінің қайын атасы Қарауылқожа Бабажановты Каспий теңізінің жағалауында көшіп-қонып жүрген рулардың басқарушысы етіп тағайындайды. Жаңа тағайындалған басқарушы қарапайым халықты қатты қанауға ұшыратты. Ол қазақтарға жерді “жалға” беру дегенді шығарып, қазақ шаруалары жер үшін ауыр салық төлеуге мәжбүр болды. Оған қоса Қарауылқожаның отбасы үшін әр шаңырақ 2 сом, ал ауыл старшындары бір жылқыдан төлеуге міндеттелді. Одан басқа да қосымша міндеткерліктер халықты әбден күйзелтті. 1835 ж. Исатай ханға арызданбақ болғанда, сұлтан Шөке Нұралиев ханмен сөйлесемін деп Беріш руына қарасты елден 264 түйе, 127 жылқы, 19222 сом ақша жинап алып, халықтың шағымын аяқсыз қалдырады. Қ.Бабажановты тағайындау қарсаңында және одан кейін де ханға айтылған арыз-шағымдар ескерусіз қалған еді.

Мінеки, осындай жер қатынасындағы әділетсіздіктер, Орал казак-орыстарының көрсеткен озбырлығы, түрлі салықтардан түскен ауыртпалықтар Орда халқының наразылығын тудырды. Бұл жағдайлар 1836-38 жылдары халықтың көтеріліске шығуына әкеліп соқты. Көтеріліске Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жетекшілік жасады. Көтеріліс алғаш әр жерде ұйымдаспаған наразылықтар түрінде байқалса, кейіннен біріккен күшке айналып, ашық қарсылыққа ұласты. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші бұқара халық болды. Бөкей хан 1812 жылы Жайық бөлімінің старшыны Жабал Бегалин қайтыс болған соң орнына Исатайдың жақын серігі М.Өтемісұлын тағайындайды. Махамбет жасынан ақын ретінде қалыптасып, әрі татар және орыс тілдерін үйренеді. Ол Жәңгір ханның баласы Зұлқарнаймен бірге Орынборда да тұрады. Жәңгір хан Махамбетті сарай ақыны жасауға тырысады, бірақ арадағы қарым-қатынас өзгеруіне байланысты Махамбет 1828-1829 жылдары өз ауылына кетіп қалады. Одан соң шекаралық үкімет тарапынан “Еділ арқылы құпия өткені үшін” деген айыппен қамауға алынып, екі жылдай қалмақ қамалында болады. 1831 ж. онда тырысқақ (холера) эпидемиясы басталғанда қашып кетеді. 1834 ж. Жәңгір хан Махамбетті старшындыққа тағайындайды, бірақ бұл тағайындауды Шекаралық комиссия бекітпейді.

1835 ж. Исатай бастаған көтерілісшілер халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, орын алған әділетсіздікпен озбырлықты әшкерелеп, хан билігіне бағынбауға шақырады. Исатай мен Махамбеттің бұл әрекеттерін Қарауылқожа “елді бүлдіріп” жатыр деп Жәңгір ханға бірнеше рет хат жазады. 1836 жылдың ақпан айында көтерілісшілердің Жәңгір ханға қарсы белсенді күресі басталады. Жәңгір хан енді Исатайды алдап Жасқұстағы ордасына шақырады, бірақ Исатай бұл шақырудан бас тартып, ханның шақыруын алып келген шабармандарды соққыға жығып қайтарып жібереді. 1836 ж. наурызда хан Қарауылқожаға қол жинап Исатай мен Махамбетті және оларды қолдаған көтерілісшілердің белсенді мүшелерін тұтқындауға бұйрық береді. Қарауылқожа адай, беріш, табын т.б. рулардан 522 жігіт жинап, Исатайдың ауылына аттанады. Мұны естіген Исатай 200 жігітпен Қарауылқожамен соғысуға әзірленеді. 4-сәуір күні Қарауылқожа жасағымен Исатайдың ауылының маңындағы Қиялы моласының жанына келеді де, Исатайға Сағыр Баршығаев пен Қабық молданы елшілікке жіберіп, хан мен императорға бағынуды талап етеді. Осыдан соң Исатай 200 жігітімен қолдарына ту алып, Қарауылқожаның жасағымен кездесіп, Исатай Қарауылқожаны жекпе-жекке шақырады. Қарауылқожа Исатай батырдың айбынынан сескеніп, хан бұйрығын орындаудан бас тартып, жинаған жасағын ауылдарына қайтарады. Қарауылқожаның Исатайдан соғыссыз жеңілуі ел арасына тез тарап, Исатай батырдың беделі одан әрі өсе түседі. Осы жағдайдан соң Жәңгір хан ашуланып, қайткенде Исатайдан кек қайтару жағын ойластырып, Орынбор әкімшілігіне Исатай мен Махамбет Күшік Жапаров деген адамды өлтірді деп жала жауып, сотқа шақыртады. Бірақ сотта екеуі де өздерінің кінәсіз екенін дәлелдеп шығады. Халық толқуы шекаралық комиссия мен ханды қатты алаңдатқан болатын. Исатай батыр ел ішінде беделді бір топ адаммен Қарауылқожаның үстінен ханға шағымданып, жағдайды тексеруді сұрайды. Қарауылқожа да көтерілісшілердің үстінен ханға арызданады.

1836-37 жж. көтерілісшілер ханға өздерінің талаптарын айтып, өкілдерін жіберумен болады. Сонымен қатар Исатай ел ішіндегі түрлі мәселелерді шешіп, халық казактар мен байлардың жерлерін бөліске салып, Жайықтың арғы бетіне өтуге шақырып отырады. 1837 ж. наурызында Шекаралық комиссия Исатай мен Махамбетті сотқа шақыртады, бірақ олар сотқа барудан бас тартады. Орынбор генерал-губернаторы Перовский жіберген атаман Покатилов бастаған Жайық казак әскерінің отряды да оларды тұтқындай алмайды. Бұл тұста көтерілісшілердің саны 3 мың адамға жеткен еді. 1837 ж. қыркүйегінде Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер Қарауылқожаның ауылы мен басқа да би-сұлтандардың ауылдарына шабуыл жасайды. Одан кейін хан ордасын шабуылдауды ойластырып, қазан айының басында ордаға 12 шақырымдай жерге келіп орналасады. Исатай хан ордасына жақындаған тұста қол астында 2000 жігіт болады. Алдымен ханға өз талаптарын айтып хат жазып, оның орындалуын күтеді. Жәңгір хан болса Исатаймен келіссөз жүргізу арқылы уақыт ұтады да, Орынбор генерал-губернаторлығына жасырын хат жазып, көмек сұрайды. Бұл жағдайды білген Исатай да Орынборға хат жолдап, жауап күтеді.

Орынбор генерал-губернаторы Перовский қазан айының 17-сінде подполковник Геккені Жәңгір ханға көмекке жіберіп, күшпен тәртіп орнатып, Исатай мен Махамбетті тұтқындауды тапсырады. Қазан айының 30-да Гекке хан ордасына жетеді. Оған жолда атаман Покатиловтың 400 казак отряды қосылады. Гекке хан ордасына келген соң қосымша күш жинау үшін, уақыт ұту мақсатында Исатаймен келіссөздер жүргізеді, бірақ одан нәтиже шықпайды. Бұдан кейін Гекке губернаторға хат жазып, өздерінің көтерілісшілермен соғысуға даяр еместігін және полковник Меркульевтің отрядына Теректіқұмдағы Исатайдың ауылына шабуыл жасау керектігін айтады. Қараша айының 7-де Меркульевтің отряды Исатайдың ауылына шабуыл жасап, батырдың отбасын тұтқындайды. Бұл суыт хабарды естіген Исатай дереу ауылына көмекке аттанады. 8 қарашада Исатайдың жігіттері Меркульевтің отрядын қоршап алады да ауыл адамдарын босатуды талап етеді. Меркульев соғысуға күштің тең еместігін байқап, ауыл адамдарын босатуға мәжбүр болады. Осы жағдайдан кейін Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің мәні өзгеріп, ол тек ханға қарсылық емес, енді ханға қолдау көрсеткен Орынбор әкімшілігіне де қарсылық сипатына ие болды.

Меркульевтің отряды Геккенің отрядымен Бекетай ауылының маңында қосылып, Тастөбеге қарай бағыт алады. Тастөбеге 4 шақырымдай қалғанда 500-ге жуық көтерілісшілер тобымен кездеседі. Исатай батыр Меркульевтің отрядынан құтқарып алған елді қорғау үшін жан-жақтан жігіттерін жинауға тырысады. Бірақ Гекке бастаған 2000 жазалаушы солдат көтерілісшілердің бір-біріне қосылмауына күш салады. Жазалаушы отряд саны жағынан басымдылық танытса да көтерілісшілер бірінші болып шабуыл бастайды. Алдымен мергендер тобы мылтық атады, Геккенің отряды оларды зеңбіректен атқылайды. Зеңбіректен дұрыс нәтиже болмаған соң Геккенің солдаттары шабуылға көшеді. Оларға көтерілісшілер қарсы шығып, солдаттардың арасын біршама сиретіп тастайды. Мұны байқаған Гекке көтерілісшілерге жақындап келіп зеңбіректен қайта оқ атуды бұйырады, онысы нысанаға дәл тиіп, көтерілісшілерден көп адам шығынға ұшырайды. Сол уақытта солдаттар тағы да шабуылға шығады. Осы шайқаста Исатай оң қолынан жараланады да, баласы Жақия 50-60 адаммен бірге қаза табады. Тастөбе маңындағы шайқаста көтерілісшілер Геккенің отрядынан жеңіледі. Жеңілістен кейін Исатайдың жігіттері Ішкі Ордаға шағын топтармен тарай бастады.

Исатай қатары сиреген көтерілісшілерді қайта біріктіруге әрекеттенеді. Ал бұл уақытта подполковник Геккенің басшылығында 700-дей казак-орыс әскері, 2 зеңбірек және 400 адамнан тұратын хан жасағы болды. Жазалаушы отряд енді Исатай батырдың өзін ұстауға тырысады. Осы мақсатпен полковник Меркульев 300 казак отрядына ханның 600 жасағын қосып алып бірталай жерді шолып қайтады. Перовский Исатай батырды ұстаған адамға 500 сом күміс ақшамен сыйлық тағайындайды. Есаул Трафимовқа 75 казак отряды және ханның 100 жасағымен қоса Тастөбенің төңірегін аңду тапсырылады. 1837 жылы 15 қараша күні таңсәріде Тастөбенің жанында көтерісшілер мен жазалаушы отрядтың арасында кескілескен шайқас болады. Бірақ та жазалаушылар көтерісшілердің көп шоғырланған тұсына зеңбіректен оқ атып, көтерісшілерді шегінуге мәжбүрлеп біршама жерге дейін қуғындайды. Бірақ даланы қанша кезсе де Исатайды ұстай алмады. Исатайдың жанында сенімді серіктері Махамбет, Тінәлі, Иса, Сарт Қабыланбай, Төлеген, Есенгелді отбасыларымен, Тәни, Үбі, Мәстек Ахметұлы көтерісшілер қалып, олар басшыларын барынша қорғауға тырысады. Жазалаушы отряд желтоқсан айында Исатайды Самар даласынан іздейді, ал Исатай болса Жайықтың бойында отырып, қолайлы сәтті күтеді.

Губернатор Перовский болса Жайықтың арғы бетіндегі кіші жүздің батыс бөлімін билеуші сұлтан Баймағамбет Айшуақовқа Исатайдың Жайықтан өтіп кетпеуін алдын-ала тапсырады. Губернатордың бұйрығымен Жайықтың бойын бақылау күшейтіледі. Баймағанбет сұлтан өз қарауындағы елдің билері мен сұлтандарына Исатай келсе тез арада ұстап беруді тапсырады. 1837 жылы 13 желтоқсан күні таңсәріде Құраң Маябасовтың бастауымен Исатайдың тобы Жайықтан жасырын өтпек болғанда, жағалауды бақылап жүрген Хорунжий Жигиннің отряды байқап қояды. Бұл кезде Исатайдың жігіттерінің көпшілігі өткелден өтіп, тек бірнеше адам бері жақта қалады да, олар Жигиннің жендеттерімен қақтығысқа түседі. Казак-орыстар Сарайшықта жасақтарымен дайын тұрған Баймағамбет, Мұхамедқали Таукинге хабар береді. Бұл жасаққа жүзбасылар Попов мен Понамаревтің жазалаушы отряд қосылады. 14 желтоқсанда жазалаушылардың қолына Исатайдың әйелі Несібелі, балдызы Бағлан, Еділ Сартұлының балалары Ерше мен Нұрша түседі. Ал Исатай біраз сенімді жігіттерімен жазалаушыларды адастырып кетеді.

Тастөбе маңындағы шайқастан кейін көтерілістің бірінші және екінші кезеңі жеңіліспен аяқталады. Исатай мен Махамбет Кіші жүзге өтіп, 2000 жігіт жинап, Хиуа ханының қолдауымен патша өкіметіне және оның қолшоқпары Баймағамбет Айшуақовқа қарсы күреседі. Кіші жүз даласындағы халық қозғалысы енді орта жүзден Торғай өңіріне келген Кенесары Қасымов бастаған ұлт-азаттық қозғалысымен жалғасады. Сондай-ақ, осы тұста Кіші жүздегі Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтерілісте өрши түсіп, ол Кенесарыға қосылуға бағыт алады.

Бұл уақытта жазалаушы әскер мен Баймағамбеттің жасағы Исатайларды тынымсыз іздеуде болатын. Исатайдың қайда жүргеніне қатты мазасызданған Жәңгір хан Кіші жүздің ішіне өз тыңшыларын жіберіп, бақылауды күшейтеді. Ал Орынбор губернаторы Перовский болса Кіші жүздегі көтерілістің басуға қосымша әскер жібереді. Полковник Гекке мен Баймағамбеттің отрядтары Ақбұлақтың жағасына орналасады. Исатай 500-дей жігітімен Қиыл өзенінің қарсы жағалауындағы биік қырға келіп тоқтайды. Көп кешікпей екі арада шайқас басталады. Жазалаушы әскер көтерілісшілерді үш жақтан шабуылдап, зеңбіректен оқ атады. Шайқаста көтерілісшілердің 70-80 адамы қаза табады да, амалсыздан шегінеді. Жазалаушы әскер көтерілісшілердің соңына түседі, көтерілісшілер болса шегіне отырып, біршама шайқасады. Кезекті қақтығыста Исатайдың атына оқ тиеді де, оған көмекке Махамбет пен Үбі келіп, аттарын ұсынады, бірақ батыр атқа мінбей жаяу ұрыс салады. Осы шайқаста Исатай қолға түседі, Баймағамбеттің үш нөкері оның қолын артына қайыра байлайды да, біреуі батырдың кеудесіне мылтық тақап тұрып атады. Оған қоса Иван Богатырев деген урядник батырдың басын қылышымен шауып түсіреді. Осылайша елі үшін еңіреген есіл ер қанышерлердің қолынан қаза табады. Басшысы өлген көтерілісшілер Ойыл өзенінің жағасындағы қалған топқа қосылады. Кіші жүзді қаптаған патшаның жазалаушы әскерлері көтерілісшілердің бірігіп ары қарай әрекет жасауына мүмкіндік бермеді. Осыдан кейін Исатайдың ұйымдастыруымен болған Кіші жүздегі көтеріліс жеңіледі.

Исатай қаза тапқаннан кейін Махамбет Өтемісұлы біраз адамдармен Хиуа хандығына өтіп кетеді. Кейін Орынбор әкімшілігі оны қолға түсіріп, сотқа тартып, Атырау өңіріне жер аударып жібереді. Сот үкіміне риза болмаған Баймағамбет сұлтанның адамдары 1846 ж. қыркүйекте Махамбетті өз үйінде өлтіріп кетеді.

И.Тайманұлы мен М.Өтемісұлы бастаған көтерілісті үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең - 1833-1836 жылдар аралығы қарулы көтеріліске даярлық ретінде сипатталса, екінші кезең - 1837 жылдың басында көтерілісшілердің ханға қарсы аттануынан бастап, олардың осы жылдың күз айларына жеңіліске ұшырауына дейінгі аралық. Үшінші кезең - 1837 жылдың желтоқсанында Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілердің шағын тобының Жайықтың сол жағалауына өтіп, күш жинап көтеріліске қайта шығуынан бастап, 1838 жылдың шілде айының ортасында Ақбұлақ өзенінің маңында болған шайқаста біржола жеңіліске ұшырауына дейінгі уақытты қамтиды.

Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтеріліс - қоғамдағы әлеуметтік теңдік үшін болған, қазақ халқының Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы халықтың азаттық рухын жігерлендірген көтеріліс. Сондықтан да, бұл көтеріліс халқымыздың тарихында өзіндік орны бар, маңызы зор көтерілістердің бірі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   24


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет