«Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасына Тұжырымдама



жүктеу 123.18 Kb.
Дата15.02.2017
өлшемі123.18 Kb.
«Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасына Тұжырымдама

1. Заң жобасының атауы

«Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк саласындағы заңнамаларды жетілдіру бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасы (бұдан әрі – Заң жобасы).


2. Заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негізі

2014 жылғы 12 маусымда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің жиырма жетінші толық мәжілісінде Үкіметке зияткерлік меншікті қорғау саласында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі – ЭЫДҰ) стандарттарына өту бойынша жүйелі жұмыс атқару тапсырылды.

ЭЫДҰ елдерінде зияткерлік меншікті қорғау саласының бекітілген стандарттарының жоқтығын ескере отырып, Әділет министрлігімен «Зияткерлік меншікті қорғау» бойынша жаһандық бәсекелестік индексі жоғары көрсеткішке ие ЭЫДҰ мүше елдердің халықаралық тәжірибесіне талдау жасалды.

Жасалған талдау елдің бәсекелестікке жоғарылату үшін зияткерлік қызметтің жетістіктеріне негізделген индстриалды-инновациялық жүйені дамытудың қажеттілігін куәландырады.

Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі және Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жаңа тапсырмалар қояды.

Осы орайда Заң жобасымен Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік құқығын қорғау және сақтау мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық актілерге түзетулер енгізілуде.

Осылайша, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) (бұдан әрі – Азаматтық кодекс) тауар таңбасы иеленушінің құқық бұзушыдан келген шығынның орнын толтыру талап ету құқығын бойынша толықтырулар енгізілуде. Бұдан бөлек құқық иеленуші келген шығынның орнына құқықбұзушыдан тауар таңбасын заңсыз пайдалану кезінде түскен пайданы өндіру.

Заң жобасымен авторлық құқықпен қорғалатын туындылар құқықын тіркеу, өнеркәсіптік меншік объектілеріне қорғау құжаттарын тіркеу және беру бойынша уәкілетті органның құзыретін сараптама ұйымына («Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК) беру ұсынылуда. Осы орайда Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексіне уәкілетті органның жоғарыда аталған әрекеттеріне мемлекеттік баж және алымды алып тастау бөлігінде түзетулер енгізілуде.

Заң жобасы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Авторлық құқық туралы заң) бірқатар терминдердің анықтамасын нақтылау, авторлардың құқығын құқықты ұжымдық басқару жүйесі арқылы қамтамасыз ету, сондай-ақ авторлы құқық саласында мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін жақсарту бөлігінде өзгерістер енгізуді қамтиды.

Авторлық құқықты жүзеге асырғаны соның ішінде репрографиялық қайта шығарғаны үшін сыйақы алу үшін бірқатар «қайта шығару», «көшірмелеу» (репрографиялық қайта шығару) анықтамаларын нақтылау қажет.

Авторлық құқықпен қорғалатын туындылар құқығын тіркеу, өнеркәсіптік меншік объектілеріне қорғау құжаттарын тіркеу және беру бойынша уәкілетті органның құзыретін сараптама ұйымына («Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК) беру ұсынылады, ал аталған мемлекеттік қызметтерді ұсынуды баұылау уәкілетті органда құзыретінде қалады.

Бұл орайда туындыларға құқықты тіркеу тек қана жарияланбаған туындыларға ғана жасалды (бір уақытта туындының көшірмесін сақтауға тапсыру арқылы). Жарияланбаған туындылардың қолжазбаларын сақтауға тапсыру туралы анықтама беру қызметіне тұрғындардың қажеттілігінің жоқтығына байланысты алып тастау ұсынылуд (қызметті алушылар аталған қызметті алу үшін екі-үш жылда бір рет қана жүгінеді, 2010 ж. – 0, 2011 ж. – 2, 2012-2014 ж.ж. – 0, 2015 ж. - 4).

Авторлық құқық туралы заңда ертеде берілген куәліктердің күшін жоюды ұйымдастыру және құқықиеленушілер немесе автордан арыздың болған кезінде ертеде авторлық құқық объектісін тіркеу туралы берілген куәліктерге дубликат беру бойынша уәкілетті органның құзыретін нақтылау ұсынылуда.

Құқықты ұжымдық басқару ұйымдарының қызметіне Авторлық құқық туралы заңда қарастырылған міндеттемелеріне сәйкес аталған ұйымдардың берілген есептері негізінде жасалған талдау ұйымдардың қызметі әрқашан құрылған мақсатына сәйкес келе бермейді және авторлық және сабащтас құқықтар объектілерін пайдаланғаны үшін авторлар және құқық иеленушілердің тиісті сыйақыны алу құқығын қамтамасыз етпейді.

Ұжымдық ұйымдардың қызметі туралы толық және бірегей мәліметтерді, оның ішінде жиналған, бөлінген, төленген және сұратылмаған сыйақыларды алу мақсатында уәкілетті органға ақпаратты ұсыну үшін нысанның түрін бекіту құқығын беру ұсынылады. Бұл авторлық құқық туралы заңда қаралған ұйымдардың міндеттерін атқару бойынша тиімді мониторинг жасауға ықпал етеді.

Сондай-ақ, Заң жобасында ұйымдармен уәкілетті органға аудиторлық есепті ұсыну мерзімін нақтылау ұсынылған (екі жылда кемінде бір реттен аз емес). Аталған толықтырулар Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында келісімдерге сәйкес 2015 жылғы 1 қыркүйекте № 723 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен келісілген авторлық және сабақтас құқықтармен басқару тәртібі туралы Келісім жобасының қол қойылу жоспарланған.

Авторлық құқық туралы заңға енгізілетін түзетулер авторлар құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етуге, құқықтық олқылықтарды жоюға және осы саладағы қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған.

Тауар таңбасы туралы заңға тауар таңбасын тіркеуге берілген өтінімдер жөнінде ақпаратқа қол жеткізуді ұсынуды, берілген өтінімдер жөнінде ақпаратты жариялауды қоса алғанда өтінімнің берілген уақытынан бастап оның тіркелуіне дейінгі өту рәсімін өзгертуге бағытталған түзетулер енгізілуде.

Бұл жаңалық сараптама жасауға ұсынылған өтінімдер жөнінде әлеуетті өтінім берушілердің және өзге де құқық иеленушілердің ақпараттану деңгейінің артуына алып келеді және тауар таңбалары иелерінің құқықтарының мүмкін бұзылу көлемінің қысқаруына септігін тигізетін болады.

Сондай-ақ, тауар таңбасы иесінің өз тауар таңбасын қорғау талабын көздейтін мерзімді бекіту ұсынылуда.

Тауар таңбалары туралы заңда тауар таңбасы иесінің тиісті келісімінсіз тауар таңбасы иесі агентінің немесе өкілінің атына тауар таңбасын тіркеуге қатысты қарсылықтарды қарау бөлігінде апелляциялық кеңестің құзыреті айқындалуда. Бұдан бөлек, Ұқсас тауар таңбасы мен фирмалық атау арасында қақтығыс пайда болған жағдайда Апелляциялық кеңеске қарсылық беру арқылы тауар таңбасының тіркеуін жоққа шығару негіздері нақтылануда.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы ратификациялаған ЭЫДҰ елдері мүше болып табылатын Патенттік құқық туралы шарт және Тауар таңбалары бойынша заңдар туралы Сингапур шартының нормаларына сәйкес келтіру мақсатында өнеркәсіптік меншік объектілеріне лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды тіркеу жүйесі жеңілдетілуде.

Осы орайда, Тауар таңбалары туралы заңмен, «Селекциялық жетістіктер туралы» Заңмен, Патенттік заңмен көзделген лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды тіркеу алынып тасталады. Шарттарды тіркеу орнына өнеркәсіптік меншік объектілерін пайдалануға құқықты ұсыну заңды фактісі тіркелетін болады.

Өнеркәсіптік үлгіге қорғау құжатын беру рәсімін жеңілдету мақсатында Патент заңында өнеркәсіптік үлгіге құқықтық қорғау алу үшін маңызды белгілер тізімі түрінде сөздік сипаттаманы ұсыну талабын алынып тастау ұсынылады.

«Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңға «зияткерлік меншік объектілері болып табылатын тауарлар және қызметтер» терминін нақтылау бөлігінде Азаматтық кодекске сәйкес келтіру үшін түзетулер енгізіледі.

Сараптама ұйымынан («ҰЗМИ» ШЖҚ РМК) мемлекеттік монополия субъектісі мәртібесінің алып тасталуына орай «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын жүргізетін қызмет түрлері зияткерлік меншікке құқықтарды қорғау саласындағы қызмет түрімен толықтыру бөлігіндегі түзету енгізілуде.

«Мемлекеттік мүлік туралы зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы қызметтерді шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынмен жүргізілетін қызмет түрлерін толықтыру бөлігінде толықтырулар енгізілуде.

Бұдан бөлек, қолданыстағы заңнаманы Қазақстан Республикасы мүше болып табылатын зияткерлік меншік саласындағы халықаралық шарттар талаптарына сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізілуде.


3. Заң жобасын қабылдау мақсаты

Заң жобасы құқықтық олқылықтарды, қарама-қайшылықтарды жоюды қоса алғанда ғылыми-техникалық прогрестің және еркін бәсекенің дамуына бағытталған зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді тудыратын нормаларды жою мақсатында әзірленді.


4. Заң жобасының реттеу нысанасы

Заң жобасының реттеу нысанасы зияткерлік меншік саласындағы қоғамдық қатынастар болып табылады.


5. Заң жобасының құрылымы

Заң жобасы екі баптан тұрады.

1-бап ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтыруларды Азаматтық кодекске (Ерекше бөлім), «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңға, «Селекциялық жетістіктер туралы» Заңға, Патент заңына, «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылғын жерлердің атаулары туралы» Заңға, «Интегралды микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Әділет органдары туралы» Заңға, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізуді көздейді.

2-бап заң жобасының қолданысқа енгізу тәртібін қарастырады.


6. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанатын құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар

Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттің табыс бөлігінің азаюына алып келеді. Болжанатын бюджет жоғалтулары «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК көрсететін қызметтері негізінде бюджетке түсетін түсімдер арқылы жабылатын болады.

Заң жобасын әзірлеу келесі құқықтық салдарларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді:

–авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын тиісті деңгейде қамтамасыз ету;

– құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың қызметін реттеу;

– қорғау құжаттарын беру кезінде әкімшілік кедергілерді азайту.

Бұдан бөлек, заң жобасын қабылдаудың болжанатын әлеуметтік-экономикалық салдарлары болып келесілер танылуы мүмкін:

– авторларды зияткерлік меншіктің жаңа объектілерін жасауға ынталандыру;

–  сараптама жасау ұйымының қызмет ашықтығын арттыру.

Заң жобасын қабылдау кері әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға алып келмейді.

Заң жобасын әзірлеу келсі оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін болады:

– қорғау құжаттарын беру кезінде әкімшілік кедергілерді азайту;

– зияткерлік меншік саласындағы қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды, қарама-қайшылықтарды және коллизияларды жою;

–Қазақстанның мен ЭЫДҰ елдерінің патенттік заңнамасын үйлестіру;

– өнертапқыштарды өнеркәсіптік меншік объектілерін жасау мен патенттеуге ынталандыру.
7. Басқа заңнамалық актілерді әзірленіп жатқан заң жобасына бір уақытта (кейіннен) сәйкес келтіру қажеттілігі

Басқа заңнамалық актілерді әзірленіп жатқан заң жобасына бір уақытта (кейіннен) сәйкес келтіру қажет етілмейді.


8. Заң жобасының өзге де нормативтік құқықтық актілермен регламенттелуі.

Заң жобасының нысанасы АК, Патент заңымен, Авторлық құқық туралы заңмен, Тауар таңбалары туралы заңмен, Селекциялық жетістіктер туралы заңмен және зияткерлік меншік саласындағы өзге де заңнамалық және заңға тәуелді актілермен регламенттеледі.


9. Қаралып отырған мәселе бойынша шетелдік тәжірибенің болуы.

Тауар таңбасы иесінің бұзушыдан келтірілген залалдың орнын толтыруды талап ету құқығын бекіту бөлігінде Азаматтық кодекске енгізілетін түзетулерге қатысты ЭЫДҰ елдерінің (Австрия, Бельгия, Дания, Ұлыбритания, Финляндия, Германия, Греция, Нидерланды, Швеция, Швейцария және басқалар) тәжірибесі зерделенді.

Аталған елдер тәжірибесі нақты залал және алынбаған пайда түріндегі шығындарды анықтаудың қиындығын дәлелдейді. Сол себепті егер нақты шығын немесе жоғалған пайданы дәлелдеу қиын не мүмкін емес болған жағдайда, контрафактілі тауарлардың саны белгісіз болғанда не контрафактілі тауарлар кеден органдарымен тоқтатылып, жойылған жағдайында және, тиісінше, бұл тауарлар сатылымда болмағанда, Бельгияның, Ұлыбританияның, Финляндияның, Германияның, Венгрияның, Италияның, Швецияның және Швейцарияның соттары әділдік бойынша немесе тауар таңбасы иесінің тауар таңбасына қатысты құқықтарының бұзылуына байланысты барлық шығындар негізінде өтемақы төлеуді белгілеуі мүмкін.

Осылайша, мәселен, Бельгияның Азаматтық кодексі шығындардың орнын толтыруды, алынбаған пайданы немесе бұзушы иеленген табысты төлеуді талап етуі туралы құқық иеленушінің құқығын бекітеді.

Финляндияның тауар таңбалары туралы заңына сәйкес бұзушы тауар таңбасын заңсыз пайдаланғаны үшін және тауар таңбасының иесі шеккен заладар үшін өтемақы төлеуге міндетті

Өнеркәсіптік меншік жөніндегі Италияның кодексі тауар таңбасының иесіне алынбаған пайда және нақты шығынды талап ету құқығын береді.

Авторлық құқықпен қорғалатын туындыларды мемлекеттік тіркеу бойынша уәкілетті органның құзыретін сараптама жасау ұйымына беруге қатысты назарларыңызды келесіге аударамыз.

Әдеби және көркем туындаларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясының қатысушылары болып табылатын ЭЫДҰ-ның көптеген елдерінде авторлық құқық пайда болу уақытынан туындайды. Мәселен, Францияда және Германияда авторлық құқық туынды пайда болған не объективті нысанда сипатталған сәттен бастап туындайды және қандай-да бір ресмилілікпен байланысты емес.

ЕАЭО елдерінде де авторлық құқықтың пайда болуы, жүзеге асуы және қорғалуы үшін туындыны тіркеу немесе қандай-да бір ресмилікті сақтау талап етілмейді. Мәселен, Ресей Федерациясында құқықтарды ұжымдық басқару бойынша ұйым болып табылатын Ресей авторлық қоғамы автордың қалауы бойынша автордың туындыға деген құқықтарын тіркей алады.

АҚШ-та тіркеу АҚШ Конгресінің кітапханасымен жүзеге асырылады. Аталған тіркеу туындыға деген авторлықты жазу арқылы заңды ресмилілікті білдіреді. Туындыларды тіркеу бұзылған құқықтарды қалпына келтіру бойынша сотқа шағымдану үшін қажетті шарт болып табылады

Доминикан Республикасында, Аргентинада, Португалияда туындыларды тіркеу немесе депонирлеу (бір мерзімде туындының бір данасын сақтауға беру арқылы) мерзімді баспалар үшін міндетті шарт болып табылады.

Мәселен, Доминикан Республикасының авторлық құқық туралы заңы мерзімді баспаларды құқықтық қорғаудың шарты ретінде міндетті депонирлеуді, яғни бір данасын мемлекеттік органға сақтауға беруді және осы туралы авторлық құқықтың тізіліміне тиісті жазба енгізуді көздейді.

Аргентина Республикасының «Зияткерлік меншік туралы» Заңына сәйкес баспа туындыларын шығарушы өз туындыларын зияткерлік меншіктің ұлттық регистрі бюросында депонирлеуі керек

Португалияда міндетті тіркеу тек жарияланбаған туындыларға қатысты ғана жүзеге асырылады.

Өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу бойынша құзыретті сараптама жасау ұйымының құзыретіне беруге қатысты Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын Өнеркәсіптік меншікті қорғау туралы Париж конвенциясының 12(1)-бабына назарларыңызды аударамыз. Аталған нормаға сәйкес конвенцияға қатысушы әр мемлекет өнеркәсіптік меншік істері бойынша арнайы қызметті құруға міндетті.

Осы орайда, «Зияткерлік меншікті қорғау» индикаторы бойынша Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі жоғары болып табылатын ЭЫДҰ-ның көптеген елдерінде өнеркәсіптік меншік объектілеріне сараптама жасау және тіркеу рәсімі бір ведомствода, мекемеде «бір терезе» қағидасы бойынша жүзеге асырылады.

Осылайша, АҚШ-та (БҚИ көрсеткіші - 5.8) – «Патенттер және тауар таңбалары бойынша федералды агенттік», Португалияда (БҚИ көрсеткіші - 4.7) – «Өнеркәсіптік меншіктің ұлттық институты» мемлекеттік мекемесі, Жапонияда (БҚИ көрсеткіші - 6.1) – «Жапонияның патенттік ведомствосы» мемлекеттік мекемесі, Швейцарияда (БҚИ көрсеткіші - 6.3) – «Зияткерлік меншіктің федералды институты» мемлекеттік мекемесі.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде (Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Армения Республикасы) де бір деңгейлі жүйе қызмет атқарады.

Өтінімді қарау сатысында жариялауға қатысты Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері бойынша ДСҰ-ның келісімінің 15-бабы 5-тармағына сәйкес мүшелер әрбір тауар таңбасы туралы не оның тіркелуіне дейінгі немесе одан кейінгі мәліметті жариялайтынын атап өтеміз.

ЭЫДҰ-ның Ұлыбритания, Франция, Жапония, Финляндия, АҚШ сияқты елдерінде келіп түскен өтінімдер тауар таңбасы тіркелгенге дейін жарияланады. Бұл жағдай мүдделі тұлғаларға тауар таңбалары иелерінің құқықтарының бұзылуларын болдырмау, оның ішінде ұқсас тауар таңбаларын тіркеуді жою мақсатында тіркеу сатысында қарсылық беруге мүмкіндік береді.

Ұлттық заңнаманы ЭЫДҰ елдерінің заңнамасымен үйлестіру және өнеркәсіптік үлгіге берілетін қорғау құжатын беру рәсімін жеңілдету мақсатында Патент заңында өнеркәсіптік үлгіге құқықтық қорғау алу үшін маңызды белгілер тізімі түріндегі сөздік сипаттаманы ұсыну талабын алып тастау ұсынылады.

Өнеркәсіптік үлгіге құқықтық қорғау алу үшін маңызды белгілер тізімі түріндегі сөөздік сипаттаманы ұсыну талабын алып тастау мәселесі бойынша АҚШ-тың, Францияның, Жапонияның, Ұлыбританияның, Швейцарияның және ЭЫДҰ-ның өзге елдерінің тәжірибесі зерделенді.

Бұл елдерде өнеркәсіптік үлгіге сараптама жасау барысында сарапшылар аналогтардың суреттерін негізге алады, себебі бұл елдердің заңнамасында маңызды белгілер тізімін ұсыну талап етілмейді.

Маңызды белгілер тізімін алып тастау өнеркәсіптік үлгіге патент алу үшін өтінімді толтыру кезіндегі рәсімді жеңілдетуге өз септігін тигізетін болады.


10. Заң жобасын іске асыруға байланысты болжанған қаржылық шығындар

Заң жобасын жүзеге асыру бюджет түсімдерінің қысқаруын (мемлекеттік алымды алып тастау) көздейді. Республикалық бюджеттік комиссияның оң қорытындысы бар.



Жалпы алғанда, Заң жобасын жүзеге асыру бюджеттен қосымша қаржы шығыстарына алып келмейді.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет