Қазақстан республикасының азаматтық кодексi



жүктеу 4.76 Mb.
бет1/17
Дата29.04.2017
өлшемі4.76 Mb.
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17
24.11.2015 редакциясында

Жарияланған: Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесi Жаршысының 1994 жылғы 23-24 номерлерiнiң жеке қосымшасы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 27 желтоқсандағы қаулысымен қолданысқа енгізілді

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ КОДЕКСI

МАЗМҰНЫ

Ескерту. ҚР 1999.11.04 N 472 Заңымен енгізілген өзгерістер 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Ескерту. Мәтiнде "бөлiм" деген сөздiң алдындағы "I - IІІ" деген цифрлар тиiсiнше "1 - 3" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР 2004.12.20 N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).

Жалпы бөлім


1 бөлiм. Жалпы ережелер
1-тарау. Азаматтық-
құқықтық қатынастарды реттеу

1-бап. Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастар

1. Азаматтық заңдармен тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдiгiне негiзделген өзге де мүлiктiк қатынастар, сондай-ақ мүлiктiк қатынастарға байланысты мүлiктiк емес жеке қатынастар реттеледi. Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастардың қатысушылары азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер болып табылады.

2. Мүлiктiк қатынастарға байланысы жоқ мүлiктiк емес жеке қатынастар азаматтық заңдармен реттеледi, өйткенi олар заң құжаттарында өзгеше көзделмеген, не мүлiктiк емес жеке қатынастар мәнiнен туындамайды.

3. Осы баптың 1-тармағында аталған белгiлерге сай келетiн отбасылық, еңбек қатынастары мен табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау жөнiндегi қатынастарға азаматтық заңдар бұл қатынастар тиiсiнше отбасылық, еңбек заңдарымен, табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау туралы заңдармен реттелмеген жағдайларда қолданылады.

4. Заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, бiр тараптың екiншiсiне әкiмшiлiк немесе өзге де билiк жағынан бағынуына негiзделген мүлiктiк қатынастарға, соның iшiнде салық жөнiндегi және басқа бюджеттiк қатынастарға азаматтық заңдар қолданылмайды.

2-бап. Азаматтық заңдардың негiзгi бастаулары

1. Азаматтық заңдар өздерi реттейтiн қатынастарға қатысушылардың теңдiгiн, меншiкке қол сұқпаушылықты, шарт еркiндiгiн, жеке iстерге кiмнiң болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын, азаматтық құқықтарды кедергiсiз жүзеге асыру, нұқсан келтiрiлген құқықтардың қалпына келтiрiлуiн, оларды соттың қорғауын қамтамасыз ету қажеттiгiн тануға негiзделедi.

2. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын белгiлеуде ерiктi.

3. Тауарлар, қызмет және ақша Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында емiн-еркiн орын ауыстырып және айналысқа түсiп отырады. Егер қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау, табиғат пен мәдени қазыналарды сақтау үшiн қажет болса, заң құжаттарына сәйкес тауарлар мен қызметтiң орын ауыстыруына шектеулер енгiзiледi.



Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары

1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының оған сәйкес қабылданған өзге де заңдарынан, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлықтарынан, Парламенттiң қаулыларынан, Парламенттiң Сенаты мен Мәжiлiсiнiң қаулыларынан (заң актiлерiнен), сондай-ақ осы Кодекстiң 1-бабының 1,2-тармақтарында аталған қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарынан, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларынан тұрады.

2. Осы Кодекстiң 1-бабының 3-тармағында аталғандарды қоспағанда, азаматтық құқықтың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде қамтылған нормалары осы Кодекстiң ережелерiне қайшы келген жағдайда осы Кодекстiң ережелерi қолданылады, Қазақстан Республикасының заңдарында қамтылған және осы Кодекстiң нормаларына қайшы келетiн азаматтық құқық нормалары Кодекске тиiстi өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылады.

Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының негізгі бастауларына қайшы келмейді.

3. Банктер мен астық қабылдау кәсiпорындарының құрылуына, қайта ұйымдастырылуына, банкроттығына және таратылуына, банк қызметiн бақылау мен оны аудиторлық тексеруге, астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн бақылауға, банк операцияларының жекелеген түрлерiн лицензиялауға, банктерді қайта құрылымдауға, астық қабылдау кәсiпорындарының қойма куәлiктерiмен операцияларды жүзеге асыруға байланысты қатынастар банк қызмет және астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн реттейтiн заң актiлерiне қайшы келмейтiн бөлiгiнде осы Кодекспен реттеледi.

Банктер мен олардың клиенттерi арасындағы қатынастар, сондай-ақ клиенттер арасындағы банк арқылы қатынастар азаматтық заңдармен осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiп бойынша реттеледi.

4. Азаматтық қатынастар, егер әдеттегi құқықтар, соның iшiнде iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмесе, солармен реттелуi мүмкiн.

5. Министрлiктер және өзге де орталық атқарушы органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, осы Кодексте және өзге де азаматтық заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен шектерде азаматтық қатынастарды реттейтiн актiлер шығара алады.

6. Азаматтар мен заңды тұлғалардың осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарында белгiленген құқықтарын мемлекеттiк басқару органдары мен жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құжаттары шектей алмайды. Мұндай құжаттар қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және қолданылмауға тиiс.

7. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшiн қандай құқықтар мен мiндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға қақылы және сондай мiндеттердi орындауға мiндеттi.

8. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, аталған шарттың ережелерi қолданылады. Халықаралық шарттан оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлгеннен басқа жағдайларда, азаматтық қатынастарға Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар тiкелей қолданылады.



Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентiнiң 1995.08.31 N 2447 заң күші бар Жарлығымен, ҚР 1998.03.02 N 211, 2001.01.15 N 141, 2009.04.29 N 154-IV, 2009.07.11 N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Азаматтық заңдардың уақытқа қарай қолданылуы

1. Азаматтық заң құжаттарының керi күшi болмайды және өздерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң құжаттарының заңдық күшi өздерi күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастарға бұл оларда тiкелей көзделген реттерде қолданылады.

2. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастар бойынша ол өзi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған құқықтар мен мiндеттерге қолданылады. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн жасалған шарт бойынша тараптардың қатынастары осы Кодекстiң 383-бабына сәйкес реттеледi.

5-бап. Азаматтық заңдардың ұқсастығына қарай қолданылуы

1. Осы Кодекстiң 1-бабындағы 1 және 2-тармақтарда көзделген қатынастар заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен тiкелей реттелмеген және оларға қолдануға келетiн әдет-ғұрып болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, олардың мәнiне қайшы келмейтiн болғандықтан, азаматтық заңдардың ұқсас қатынастарды реттейтiн қалыптары қолданылады (заң ұқсастығы).

2. Аталған жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкiн болмаса, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi азаматтық заңдардың жалпы негiздерi мен мәнi және адалдық, парасаттылық пен әдiлеттiлiк талаптары негiзге алына отырып белгiленедi (құқық ұқсастығы).

6-бап. Азаматтық заң қалыптарының түсiнiлуi

1. Азаматтық заң қалыптары оларда айтылған сөздердiң дәлме-дәл мәнiне сәйкес түсiнiлуге тиiс. Заң қалыптарының текстiнде қолданылған сөздердi әртүрлi түсiну мүмкiн болған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерiне және азаматтық заңдардың осы тарауда, ең алдымен оның 2-бабында баяндалған негiзгi қағидаттарына сай келетiн түсiнiкке басымдық берiледi.

2. Азаматтық заң қалыптарының дәл мағынасын анықтау кезiнде, егер бұл осы баптың 1-тармағында баяндалған талаптарды бұрмаламайтын болса, ол күшiне енгiзiлген кездегi тарихи жағдайларды және оның сот тәжiрибесiндегi түсiнiлуiн ескеру қажет.

7-бап. Азаматтық құқықтар мен мiндеттердiң пайда болу негiздерi

Азаматтық құқықтар мен мiндеттер заңдарда көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өйткенi ол әрекеттер азаматтық заңдарда көрсетiлмегенiмен, олардың жалпы негiздерi мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туғызады.

Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер:

1) заңдарда көзделген шарттар мен өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ заңдарда көзделмегенiмен, оларға қайшы келмейтiн мәмiлелерден;

2) заңдарға сәйкес азаматтық-құқықтық жағдайларды туғызатын әкiмшiлiк құжаттардан;

3) азаматтық құқықтар мен мiндеттер белгiлеген сот шешiмiнен;

4) заң құжаттарында тыйым салынбаған негiздер бойынша мүлiктi жасау немесе иемдену нәтижесiнде;

5) өнертабыстар, өнеркәсiптiк үлгiлер, ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын және интеллектуалдық қызметтiң өзге де нәтижелерiн жасау нәтижесiнде;

6) басқа жаққа зиян келтiру салдарынан, сол сияқты басқа жақ есебiнен мүлiктi негiзсiз сатып алу немесе жинау (негiзсiз баю) салдарынан;

7) азаматтар мен заңды тұлғалардың өзге де әрекеттерi салдарынан;

8) заңдар азаматтық-құқықтық жағдайлар басталуын байланыстыратын оқиғалар салдарынан пайда болады.

8-бап. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру

1. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген азаматтық құқықтарды, соның iшiнде өздерiн қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады.

2. Азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесілі құқықтардың жүзеге асырылмауы, заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл құқықтардың тоқтатылуына әкеп соқпайды.

3. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектiлерiнiң құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға, айналадағы ортаға зиян келтiрмеуге тиiс.

4. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.

Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi.

5. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа жаққа зиян келтiруге, құқықты басқа түрлерде қиянат жасап пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.

Осы баптың 3-5-тармақтарында көзделген талаптарды орындамаған жағдайда сот ол адамның тиiстi құқығын қорғаудан бас тарта алады.

Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Азаматтық құқықтарды қорғау

1. Азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелiк немесе аралық сот: құқықтарды мойындату; құқық бұзылғанға дейiнгi болған жағдайды қалпына келтiру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупiн туғызатын әрекеттерге тыйым салу; мiндеттi заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, төленетiн айыпты өндiртiп алу; мәмiленi жарамсыз деп тану; моральдық зиянның өтемiн төлету; құқық қатынастарын тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттiк басқару органының немесе жергiлiктi өкiлдi не атқарушы органның заңдарға сәйкес келмейтiн құжатын жарамсыз немесе орындауға жатпайды деп тану; азаматтың немесе заңды тұлғаның құқыққа ие болуына немесе оны жүзеге асыруына кедергi жасағаны үшiн мемлекеттiк органнан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндiртiп алу арқылы, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де әдiстермен жүзеге асырады.

2. Бұзылған құқықты қорғау үшiн өкiмет билiгi немесе басқару органына өтiнiш жасау, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, құқық қорғау туралы талап қойып сотқа жолдануға кедергi жасамайды.

3. Заң құжаттарында арнайы көзделген реттерде азаматтық құқықтарды қорғау құқығы бұзылған адамның тiкелей iс жүзiндегi немесе заңдық әрекеттерiмен жүзеге асырылуы мүмкiн (өзiн-өзi қорғау).

4. Құқығы бұзылған адам, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады.

Құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиiстi шығыстар, оның мүлкiнiң жоғалуы немесе зақымдануы (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бiрақ алынбай қалған табыстары (айрылып қалған пайда) залалдар деп түсiнiледi.

5. Мемлекеттiк өкiмет билiгi органының, өзге де мемлекеттiк органның заңдарға сай келмейтiн құжат шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекетi (әрекетсiздiгi) салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасы немесе тиiсiнше әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс өтеуге тиiс.

6. Егер тәртiп бұзудың құқықтық салдарының пайда болуы тәртiп бұзушының кiнәсiне байланысты болса, заң құжаттарында өзгеше көзделгеннен басқа жағдайларда, ол кiнәлi деп ұйғарылады.

Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

10-бап. Кәсiпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау

РҚАО-ның ескертпесі!

1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 29.10.2015 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

1. Кәсiпкерлiк - меншiк түрлерiне қарамастан, азаматтар мен заңды тұлғалардың, тауарларға (жұмысқа, қызметке) сұранымды қанағаттандыру арқылы таза табыс табуға бағытталған, жеке меншiк құқығына (жеке кәсiпкерлiк) не мемлекеттiк кәсiпорынды шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығына (мемлекеттiк кәсiпкерлiк) негiзделген ынталы қызметi. Кәсiпкерлiк қызмет кәсiпкердiң атынан, оның тәуекел етуiмен және мүлiктiк жауапкершiлiгiмен жүзеге асырылады.

2. Мемлекет кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне кепiлдiк бередi және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi.

3. Заңдарда тыйым салынбаған қызметтi жүзеге асырушы кәсiпкерлердiң құқықтары:

1) кәсiпкерлiк қызметтi, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген рұқсаттардан және хабарламалардан басқа, қандай да бір рұқсаттар алмай не хабарламаларды жібермей жүзеге асыру мүмкiндiгi арқылы;

2) экономиканың барлық салаларындағы кәсiпкерлiктiң барлық түрiн бiр ғана тiркеушi органда тiркеудiң барынша қарапайым өз бетiмен жүргiзетiн тәртiбiмен;

3) кәсiпкерлiк қызметке мемлекеттiк органдар жүргiзетiн тексерулердi заң құжаттарымен шектеу арқылы;

4) кәсiпкерлiк қызметтi заң құжаттарында көзделген негiз бойынша шығарылған сот шешiмi бойынша ғана ерiксiз тоқтату арқылы;

5) жеке кәсiпкерлiк үшiн тыйым салынған, экспорт немесе импорт үшiн тыйым салынған немесе шек қойылған жұмыс, тауарлардың түрлерi мен қызмет тiзбесiн заң құжаттарында белгiлеу арқылы;

6) мемлекеттiк органдарды, лауазымды адамдарды, сондай-ақ өзге де жақтар мен ұйымдарды кәсiпкерлердiң қызметiне заңсыз кедергi жасағаны үшiн олардың алдындағы заңдарда белгiленген мүлiктiк жауапкершiлiкке тарту арқылы;

6-1) атқарушы бақылау және қадағалау органдарына кәсiпкерлiк субъектiлерiмен осы органдардың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiнде шарттық қатынастарға кiруге тыйым салу арқылы;

7) заңдарда көзделген өзге де амалдармен қорғалады.

4. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен жүргізіледі.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өнімге қойылатын талаптар, сәйкестікті міндетті растау жөніндегі талаптар мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайларда, рұқсат беру тәртібі белгіленеді.

5. Коммерциялық (кәсiпкерлiк) құпия заңмен қорғалады. Коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтердi анықтау тәртiбi, оның қорғау құралдары, сондай-ақ коммерциялық құпия құрамына енбейтiн мәлiметтер тiзбесi заңдарда белгiленедi.

6. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау осы Кодексте немесе өзге де заң құжаттарында көзделген құралдармен қамтамасыз етiледi.

Әрбiр тұтынушының, атап айтқанда:

- тауарлар сатып алу, жұмыс пен қызметтi пайдалану үшiн еркiн шарт жасасуға;

- тауарлардың (жұмыстың, қызметтiң) тиiсiнше сапалы және қауiпсiз болуына;

- тауарлар (жұмыс, қызмет) жөнiнде толық және анық мәлiмет алуға;

- тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарына бiрiгуге құқығы бар.



Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентiнiң 1996.01.27 N 2835 Жарлығымен, ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.07.10 N 283, 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Кәсiпкерлiк еркiндiгiн пайдаланып қиянат жасауға жол бермеу

1. Заңды бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға, негiзсiз артықшылықтар алуға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасауға бағытталған монополистiк және қандай болса да басқа қызметке жол берiлмейдi.

2. Заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, кәсiпкерлердiң азаматтық құқықтарды бәсекелестiктi шектеу мақсатында пайдалануына, соның iшiнде:

1) кәсiпкерлердiң рыноктағы өздерiнiң үстем жағдайын пайдаланып, атап айтқанда, тауар тапшылығын жасау немесе бағаны көтеру үшiн тауар өндiрудi шектеу немесе тоқтатып тастау, не айналыстан алып тастау арқылы қиянат жасауына;

2) ұқсас кәсiпкерлiк қызмет жүргiзушi адамдардың баға, рыноктарды бөлiсу, басқа кәсiпкерлердi аластау туралы және бәсекелестiктi едәуiр шектейтiн өзге де жағдайлар туралы келiсiмдер жасасуына және оларды орындауына;

3) ұқсас кәсiпкерлiк қызмет жүргiзушi адамның және тұтынушылардың заңды мүдделерiне қысым көрсетуге бағытталған терiс пиғылды әрекеттер жасауына (терiс пиғылды бәсекелестiк), атап айтқанда, тұтынушыларды басқа кәсiпкердiң тауар дайындаушысы, дайындау мақсаты, әдiсi мен орны, сапасы және өзге де қасиеттерi жөнiнен шатастыру арқылы, тауарларды жарнамалық және өзге де ақпаратта әдепсiздiкпен салыстыру, бөтен тауардың сыртқы безендiрiлуiн көшiрiп алу арқылы және басқа да әдiстермен шатастыруына жол берiлмейдi.

Терiс пиғылды бәсекелестiкке қарсы күрес жөнiндегi шаралар заң құжаттарымен белгiленедi.

2-тарау. Азаматтық құқықтардың субъектілері
Параграф 1.
Қазақстан Республикасының азаматтары
және басқа жеке тұлғалар

12-бап. Жеке тұлға ұғымы

Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердiң азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады. Егер осы Кодексте басқаша белгiленбесе, бұл тараудың ережелерi барлық жеке тұлғаларға қолданылады.

13-бап. Азаматтардың құқық қабiлеттiлiгi

1. Азаматтық құқыққа ие болып, мiндет атқару қабiлетi (азаматтық құқық қабiлеттiлiгi) барлық азаматтарға бiрдей деп танылады.

2. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгi ол туған кезден басталып қайтыс болған соң тоқтатылады.

14-бап. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгiнiң негiзгi мазмұны

Азаматтың Қазақстан Республикасы шегiнде де, одан тыс жерлерде де мүлiктi, соның iшiнде шетел валютасын меншiктенуге; мүлiктi мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркiн шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзi немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бiрiгiп заңды тұлғалар құру; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәмiле жасасып, мiндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтiң өзге де туындыларына интеллектуалдық меншiк құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүлiктiк және жеке құқықтары болады.

15-бап. Азаматтың есiмi

1. Азамат тегi мен есiмiн, сондай-ақ қалауы бойынша - әкесiнiң атын қоса отырып, өз атымен құқықтар мен мiндеттер алады және оларды жүзеге асырады.

2. Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленiп, мiндеттердi жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншiк ат (ойдан шығарылған есiмдi) пайдаланатын реттерi көзделуi мүмкiн.

3. Азаматтың туған кезде берiлген есiмi, сондай-ақ есiмiн өзгерту азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс.

4. Азамат өз есiмiн заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша өзгертуге құқылы. Есiмiн өзгерту оның бұрынғы есiмiн, жасырын немесе бүркеншiк атпен алған құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға немесе өзгертуге негiз болмайды.

5. Азамат өзiнiң борышқорлары мен несие берушiлерiне өз есiмiн өзгерткенi туралы хабарлау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi және бұл адамдарда оның есiмi өзгертiлгендiгi туралы мәлiметтер болмауынан туған ықтимал зардаптарға тәуекел етедi.

6. Есiмiн өзгерткен азамат өзiнiң бұрынғы есiмiне ресiмделген құжаттарға тиiстi өзгерiстер енгiзiлуiн талап етуге құқылы.

7. Басқа бiр адамның есiмiмен құқықтар мен мiндеттер иеленуге жол берiлмейдi.

8. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азамат өз есiмi оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.

9. Азаматтың есiмiн заңсыз пайдалану нәтижесiнде оған келтiрiлген зиян осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс.

Азаматтың есiмi оның абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн әдiстермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы Кодекстiң 143-бабында көзделген ережелер қолданылады.

Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 225; 21.05.2013 95-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет