Қазақстан Республикасында еңбек шарт тараптарының материалдық жауапкершілігін реттеу ерекшеліктері



жүктеу 84.76 Kb.
Дата09.09.2017
өлшемі84.76 Kb.
Қазақстан Республикасында еңбек шарт тараптарының материалдық жауапкершілігін реттеу ерекшеліктері.
Ануарбеков А.

Бекенова А.Б.
2010-2020 ж.ж. аралығында Қазақстан Республикасының құқықтық саясаты Концепциясына сәйкес, нарықтық экономика жағдайында еңбек нарығының және жұмыспен қамту мәселелерінің орын алуы еңбек қатынастарының мәселелерін шешу өзекті болып табылады. Осыған байланысты аталмыш шеңбер аясында халықаралық тәжірибені ескерте отырып және тәжірибені жүйелі талдау мен қолдану негізінде еңбек заңнамасын үнемі жетілдіру қажет. [1, 54 б.].

Нарықтық экономика жағдайында қазақстандық еңбек заңнамасының дамуында шешуші кезең 15 мамыр 2007 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексімен байланысты [2]. Бұл кодекс 2015 жылы 23 қарашада күшін жойып оның орнына жаңа Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі қабылданды [3]. Жаңа кодекс 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңды күшіне енді. Аталмыш заңда еңбек шарт тараптарының материалдық жауапкершілігін реттейтін бірқатар нормалар өзгеріске ұшыраған. Бұрынғы кодекспен салыстырған бірқатар заң нормалары мүлдем алынып тасталған.

Сонымен қатар, тәжірибе көрсеткендей оның көптеген ережелерінде сәйкес келісушілік жоқ, бірқатар анықтамалар әлі күнге дейін пікірталас тудыруда, бірқатар баптардың мазмұны біржақты талқылануға жатпайды, бұл еңбек шарт тараптарның материалдық жауапкершігі институтын реттейтін нормаларға қатысты орын алған. Еңбек шарт тараптарының материалдық жауапкершілігін анықтау бойынша теоретико-құқықтық аспектілер қайтаұғынуды және осы мәселеге қатысты жаңа тәсілдерді анықтауды қажет етеді.

Материалдық жауапкершілікке қатысты заң нормалары еңбек заңнамасына бұл жауапкершілікті тек бекіту үшін ғана емес, сонымен қатар, аталмыш жауапкершілік түрін жұмыс беруші тарапынан теріс пайдаланбау мақсатында енгізілген.

Ғылыми зерттеудің өзектілігі еңбек аясында құқықбұзушылық үшін өндірудің тиімді шараларын, жауапкершіліктің нарықтық механизмдерін қолдану, еңбек шарты тараптарының бірінің бірі алдындағы жауапкершілікті жоғарлатудың объективті талаптарымен байланысты экономикалық заңдылықтарға негізделген. Сәйкесінше, cөз заңмен бекітілген жұмыс берушіге келтірілген материалдық жауапкершліліктің көлемін жоғарлату, сонымен қатар, шектеулі материалдық жауапкершілік сауалдарын, толық материалдық жауапкершілікке тарту негіздерін кеңейту, жауапкершілік шеңберінде келісімдік жауапкершілікті кеңінен қолдану мәселеріне арналған.

Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес, келтірген материалдық зияны үшін еңбек шартының тараптары – жұмыскер мен жұмыс берушінің материалдық жауапкершілігі қарастырылған. Еңбек шарт тараптарының материалдық жауапкершілігі - бір тараптың екінші тарапқа келтірген зиянның орнын толтыру үшін шығынды өтеу міндетін білдіреді [4, 53 б.]. Еңбек шартының екінші тарабына зиян келтірген тарап оны белгіленген тəртіп бойынша өтеуге міндетті. Егер жұмыскер өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруына байланысты жұмыс берушінің кінəсінен жарақат алса немесе денсаулығына өзге де зақым келіп, соның салдарынан ол еңбек қабілетін толық немесе ішінара жоғалтса, жұмыс беруші жұмыскерге сақтандыру өтемі төленбейтін кезде оған келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының еңбек және өзге де заңнамасында көзделген тəртіп пен жағдайларда өтеуге міндетті (ҚР ЕК 122 б., 2 т.)[3]. Қолданыстағы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыскерлер кəсіпорынның (мекеменің, ұйымның) мүлкіне ұқыптылықпен қарауға жəне зиянның алдын алуға қатысты шаралар қолдануға міндетті. Өз кезегінде, жұмыс беруші жұмыскерлерге қалыпты жұмыс жəне өзі сеніп тапсырған мүліктің толық сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасауға міндетті. Сонымен, материалдық жауапкершілік туралы заң нормаларына сәйкес, бір жағынан, жұмыс берушінің мүлкін жан-жақты қорғауға, екінші жағынан, жұмыскерлердің жалақысын негізсіз ұстап қалудан қорғауға бағытталған. Басқаша айтатын болсақ, зиянды өтеу – еңбек шартының бір тарабының екінші тарапқа қатысты туындайтын міндеті. Шарттың өзінде мұндай жауапкершілік тікелей көзделмейді, алайда, ол осы шарт тараптарының еңбек саласындағы өзінің міндеттерін тиісті дəрежеде орындамауының салдары болып табылады. Жоғарыда айтқандарды қорытындылай келе, еңбек шарты тараптарының материалдық жауапкершілігі бір тараптың екінші тарапқа келтірген материалдық зиянды заңға сəйкес өтеу міндетінен тұрады. Егер заңдарда өзгеше көзделмесе, еңбек шартының тарабын материалдық жауапкершілікке тартудың негізі болып осы шарттың екінші тарабына құқыққа қайшы жəне кінəлі зиян келтіру табылады.

Зиян келтірген тұлғаның кінəсі болмаған жағдайда да шығынды өтеу міндеті заңдарда көзделуі мүмкін. Құқыққа сəйкес əрекеттермен келтірілген шығын тек заңдарда көзделген жағдайларда ғана өтеледі. Егер қажетті қорғаныс шегінен асып кетпесе, бұл кезде келтірілген зиян өтелуге жатпайды. Егер бұл қауіпті осы жағдайда басқа құралдармен тойтару мүмкін болмаса, аса қажеттілік жағдайында, яғни зиян келтірушінің өзіне немесе өзге тұлғаларға төнген қауіпті жою үшін келтірілген зиянды осы үшін кінəлі тұлғалар өтеуі тиіс. Сот мұндай зиянның келтірілу жағдайларын ескере отырып, шығынды өтеу міндетін зиянды келтірген тұлға кімнің мүддесі үшін əрекет етсе, сол үшінші тұлғаға жүктеуі мүмкін немесе үшінші тұлғаны да, зиянды келтірген тұлға да зиянды өтеуден толығымен немесе ішінара босатуы мүмкін [5, 20 б.].

Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, материалдық жауапкершіліктің екі түрі қарастырылған:

1) жұмыскердің жұмыс берушінің алдындағы материалдық жауапкершілігі;

2) жұмыс берушінің жұмыскердің алдындағы материалдық жауапкершілігі.

Материалдық жауапкершіліктің бұл екі түрі бір-бірінен біршама ерекшеленеді. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі еңбек шарты тараптарының заңды теңдігін тани отырып, жұмыс берушінің мына ерекшеліктерін ескереді:

1) жұмыс беруші жұмыскерге қарағанда əрқашанда экономикалық тұрғыдан күштірек;

2) жұмыс беруші еңбек үрдісін ұйымдастырады жəне осыған байланысты туындауы мүмкін қолайсыз салдарға қатысты жауапкершілікте болады;

3) ол мүліктің меншік иесі ретінде оны ұстау ауыртпалығына жəне кездейсоқ бүліну немесе жойылу тəуекеліне ие болады. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі адамның басты құндылығы ретінде оның еңбекке қатысты дене жəне ақыл-ой қабілетін таниды, бұларды адам əр түрлі заңды нысандарда, бірақ, ең алдымен еңбек шартын жасасу жолымен жүзеге асыра алатынын ескереді. Осы аталған жайт материалдық жауапкершіліктің екі түрінің айырмашылықтарын анықтайды. Жұмыс берушінің жұмыскердің алдындағы материалдық жауапкершілігі оның жұмыскерге мына жағдайлардың нəтижесінде келтірген зиянды өтеу міндетін білдіреді:

1) заңды негізсіз немесе белгіленген тəртіпті бұза отырып қызметтен босатса;

2) басқа жұмысқа заңсыз ауыстырса;

3) еңбек кітапшасында жұмыстан босатудың дұрыс емес немесе қолданыстағы заңдарға сəйкес емес себебін көрсетсе жəне бұл себеп жұмыскердің жаңа жұмысқа тұруына кедергі келтірсе;

4) жұмыстан босату кезінде еңбек кітапшасын беруді кешіктірсе;

5) соттың қызметтен заңсыз босатылған немесе басқа жұмысқа заңсыз ауыстырылған жұмыскерді қызметке қайта қабылдау туралы шешімін уақтылы орындамаса;

6) жұмысқа қабылдаудан заңсыз бас тартса немесе еңбек шартын уақтылы жасаспаса;

7) жұмыскердің денсаулығына зиян келтірсе.

Талқыланып отырған мəселені тереңірек қарастыратын болсақ. Барлық жқмыскерлер өздерінің жұмыс берушімен арасындағы еңбек байланысының сипатына (тұрақты, уақытша, маусымдық жəне т.б.) еңбек өтіліне жəне т.б. қарамастан өздерінің еңбек міндеттерін орындауымен байланысты жəне ұйымның аумағында не оның аумағынан тыс жерде орын алған жарақатпен немесе денсаулыққа келтірілген зақымның нəтижесінде туындаған зиянды өтету құқығына ие. Жарақат механикалық, электрлік жəне т.б. зақымның нəтижесінде туындауы мүмкін. Денсаулыққа келтірілген өзге де зиян ретінде кəсіптік ауру жəне улану танылады. Заңнамаға сəйкес зиянды өтеу жəбірленген жұмыскерге оның еңбекке қабілетігінің жоғалуы немесе төмендеуі салдарынан айырылған еңбекақысының, табыстарының (немесе олардың тиісті бөлігінің) мөлшеріндегі ақшалай сомаларды, денсаулыққа зақым келумен байланысты бір жолғы жəрдемақыны жəне өтемақылық шығындарды төлеуден көрініс табады. Жəбірленген тұлға қайтыс болған жағдайда қайтыс болған тұлғаның асырауында болған немесе ол қайтыс болған күні одан көмек алу құқығына ие болған еңбекке қабілетсіз келесі тұлғалар зиянды өтету құқығына ие болады: тұлға қайтыс болғаннан кейін туған баласы, сонымен қатар жұмыс істемейтін жəне қайтыс болған тұлғаның 8 жасқа толмаған балаларын, інілерін, қарындастарын, немерелерін күтетін ата- анасының бірі, зайыбы немесе отбасының өзге де мүшесі. Жарақат алған немесе денсаулығына өзге де зақым келген жұмыскердің еңбекке қабілеттін жоғалту дəрежесін пайыз түрінде медициналық-əлеуметтік сараптамалық комиссия белгілейді (МƏСК). Егер еңбек жарақаты тек жұмыс берушінің кінəсінен ғана емес, сонымен қатар жұмыскердің өрескел абайсыздығы салдарынан болса да, өтелетін зиянның мөлшері жұмыскер кінəсінің дəрежесіне қарай азаяды. Сонымен қатар, жəбірленушіге еңбек жарақатымен байланысты орын алған қосымша шығындар да төленеді. Мысалы, егер медициналық əлеуметтік комиссия тұлғаны көмек алуға мұқтаж деп таныса, кəсіпорын жұмыскерге айырылған жалақысын өтеумен қатар еңбек жарақатымен байланысты туындаған қосымша шығындарды да (қосымша тамақтануға, дəрі-дəрмек алуға, медициналық тексеруден өтуге жəне сауығуға, оны күтуге қатысты шығындар, соның ішінде, емдеу орнына бару жəне одан қайтуға қатысты жол шығындары, қажет болған жағдайларда сол тұлғаны апарған тұлғаның шығындары, арнайы көлік құралдарын, жанармайды жəне т.б. алуға қатысты өзге де шығындар) өтейді. Жəбір шеккен жұмыскерге қатысты жұмсалынған қосымша шығындар оны кім күткеніне байланыссыз өтелуге жатады [6, 444 б.].

Зиянды өтеуге қатысты төлемдер:

- жəбірленген жұмыскерлерге – еңбек жарақатының салдарынан сол кездегі жалақысынан айырылған күннен бастап;

- асыраушысының қайтыс болуына байланысты зиянды өтеуге құқығы бар тұлғаларға – қайтыс болған күннен бастап төленеді.

Еңбектегі жарақатына немесе асыраушысының қайтыс болуына байланысты бұрынғы жалақысынан айырылғаннан кейін зиянды өтеу туралы шағым білдірілген кезде зиянды өтеу өтініш берілген күннен бастап жүзеге асырылады. Медициналық əлеуметтік сараптамалық комиссия еңбек жарақатына қатысты еңбекке қабілеттіктің айырылғанын белгілесе, жəбірленген жұмыскерлерге зиянды өтеуді айырылған еңбекақысының мөлшерінде жүзеге асырады.

Асыраушысынан айырылуына байланысты зиянды өтету құқығына ие тұлғаларға зиянды өтеу келесідей жүзеге асырылады: кəмелетке толмағандарға – 18 жасқа толғанға дейін (кəсіби-техникалық, орта арнайы жəне жоғары оқу мекемелерінде оқитындар үшін – оқуын аяқтағанға дейін, алайда 23 жасқа толғанға дейін ғана); 60 жастан асқан ер адамдар жəне 55 жастан асқан əйелдерге – өмір бойы; мүгедектерге – еңбекке жарамсыздығының бүкіл кезеңінде; жұмыс істемейтін не қайтыс болған асыраушысының балаларын, інілерін, қарындастарын, немерелерін бағатын ата- анасына, зайыбына немесе отбасының өзге де мүшесіне – балалар 8 жасқа толғанға дейін.

Жұмыс беруші жəбір көрген жұмыскерге (немесе асыраушысынан айырылуына байланысты зиянды өтету құқығына ие тұлғаларға) айырылған жалақысынан, зиянды өтетудің қосымша түрлерінен тыс бір жолғы жəрдемақы береді. Бұл жəрдемақының мөлшері еңбек немесе ұжымдық шартта анықталады, алайда ол мыналардан кем болмауы тиіс:

- жұмыскер өндірістегі қайғылы оқиғаның немесе кəсіптік аурудың нəтижесінде қайтыс болған жағдайда – оның жылдық жалақысынан 10 еседен;

- еңбектегі жарақаты немесе кəсіптік ауруының салдарынан І немесе ІІ топ мүгедегі деп танылған жұмыскердің жылдық жалақысынан 5 еседен;

- еңбектегі жарақаты немесе кəсіптік ауруының салдарынан ІІІ топ мүгедегі деп танылған жұмыскердің жылдық жалақысынан 2 еседен;

- жұмыскерге мүгедектік тағайындалмастан еңбекке қабілеттігі жоғалды деп танылған кезде – оның жылдық жалақысынан. Аталған жəне осыған ұқсас жағдайларда жұмыскерге сонымен қатар моральдық зиян да өтелуі мүмкін. Жұмыс берушінің материалдық жауапкершілігінің туындау жағдайлары.



Қолданылған әдебиеттер тізімі:

  1. Концепция правовой политики Республики Казахстан на период с 2010 до 2020 года. - Астана, 2009. - С.54.

  2. Трудовой кодекс Республики Казахстан от 15 мая 2007 года (с изменениями и дополнениями по состоянию на 27 мая 2010 года) // - Алматы, «Юрист», 2010.

  3. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 2015жылы 23 қарашада қабылданған №414 ҚРЗ.// http://adilet.zan.kz/.

  4. Куренной А.М. Материальная ответственность сторон трудового договора // Законодательство. - 2003. - №5. - С.53.

  5. Смирнова О.Г. Ответственность работника по трудовому праву: Современное состояние и перспективы развития. - Автореф. дисс. на соиск. уч. степ. канд. юрид. наук. - СПб, 2002. - С.20.

  6. Омарова Э.Б. Некоторые аспекты правового регулирования материальной ответственности сторон трудового договора // Сборник материалов республиканской научно-теоретической конференции «Проблемы реализации положений, принципов и идей Конституции Республики Казахстан». - Алматы, АЮА КазГЮУ, 2005. - С.444.


Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет