Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік басқару ерекшеліктері



жүктеу 50.17 Kb.
Дата01.06.2017
өлшемі50.17 Kb.

Ыбраев Ж.М.


«Тұран-Астана» университетінің магистранты

Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік басқару ерекшеліктері

Бұл мақалада біз ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің құқықтық режимінің екінші элементі болып табылатын ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді мемлекеттік реттейтін арнайы құзыретті органдар туралы сөз қозғайтын боламыз.

Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді мемлекеттік реттеу – жердің сапалық жағдайын сақтап қалуға, олардың негізсіз және заңсыз шаруашылық және нарықтық айналымын болдырмауға және олардың рационалды түрде пайдаланылуларын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, саяси, экономикалық және өзге де шаралардың жүйесі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Жер кодексі жерді қорғауға, оның тиімді пайдаланылуына байланысты мемлекеттің реттеу функцияларын көздейтін арнайы бөлімді қарастырады (Жер кодексінің 4-бөлімі). Жер кодексінің бұл бөлімі жерді қорғау, мемлекеттік бақылау, жерге орналастыру, мониторинг және жер кадастры мәселелерін қамтиды және реттейді.

Жер кодексінің бұл бөліміне көз жүгірте отырып, жерлерді, соның ішінде сонымен қатар ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді мемлекеттік реттеудің мазмұнын және оның алдына қойған мақсаттарын анықтап алуға болады.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік реттеу мен қорғаудың мазмұны мен деңгейі жер құқығының бірқатар негізгі қағидаларымен айқындалады. Олардың қатарына жерді табиғи ресурс, халық өмірінің негізі ретінде сақтау; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қорғау және ұтымды пайдалану; ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басымдығы; жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі іс-шараларды мемлекеттік қолдау және тағы басқа осы сияқты қағидаларды жатқызуға болады.

Нарықтық қатынас, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерге жеке меншік құқығының енгізілуі және оның әрекет ету жағдайында ауыл шаруашылық жерлерін реттеуде мемлекеттің аграрлық сектор субъектілерінің әрекетіне араласуы өте өзекті болып табылады [1. 116 б.].

Мемлекеттік реттеу бір жағынан, жер иелері мен пайдаланушылардың құқықтары мен мүдделерінің жүзеге асырылуына кепілдік беруі тиіс, екінші жағынан, жер қатынастарында жалпы ұлттық мүддені қамтамасыз етуі тиіс. Аталып отырған функцияларды жүзеге асыру ауыл шаруашылығындағы жерлерін мемлекеттік реттеудің басты міндеттері болып табылады [2. 5 б.].

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекеттік реттеудің ұйымдастырушылық-құқықтық негізі болып белгілі бір функцияларға ие мемлекеттік органдардың жүйесі табылады. Реттейтін және қарастыратын сауалдарының қатарына және шеңберіне қарай мемлекеттік органдарды жалпы құзыретті және арнайы құзыретті мемлекеттік органдар деп бөлу жер құқығы доктринасында қалыптасқан.

Мемлекеттің ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің пайдаланылуын және қорғалуын бақылауға алу жүйесі жер мониторингін және жер кадастрын қамтиды.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің мониторингі тұтастай алғанда, қоршаған ортаны қорғау мониторингінің құрамдас бөлігі болып табылады. Жер мониторингі Қазақстан Республикасының 159-бабына сәйкес, болып жатқан өзгерістерді уақытылы анықтау, оларды бағалау, одан әрі дамуын болжау және кері әсері бар процестерді болдырмау мен оның зардаптарын жою жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында жүргізілетін жер қорының сапалық және мөлшерлік жай-күйін базалық, жедел мерзімді байқау жүйесін білдіреді.

Осы мақсаттарды жүзеге асырудың өзі мемлекеттің жерді Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен қызметінің негізі ретінде сақтау және оны тиімді пайдалануды қамтамасыз ету қағидаларын жүзеге асыруы бойынша өз міндетін атқаруы болып табылады дейді Қазақстан Республикасы Жер құқығы теориясының көрнекті өкілі Ә.Е. Бектұрғанов [3.15-17 б. ]. Бұл ретте жер мониторнгі мен жер кадастрының атқаратын қызметі жер пайдалану мен жер қорғау мәселелерінің жүзеге асыру мехмнизмдері деуге болады. Оның үстіне бұл саладағы жер құқық қатынастары жердің мүліктік құқық объектісін реттеуді мақсат етіп қоймайды. Себебі бұл қатынастар жер ресурстарының табиғи болмысын немесе қасиетін анықтап, экономика саласында пайдаланатын немесе пайдаланылмайтын, адамның өмірі мен денсаулығына жағымды немесе жағымсыз екендігін анықтап береді.

Жер мониторингі мүдделі министріліктердің, мемлекеттік комитеттер мен ведомстволардың қатысуымен Қазақстан Республикасының Жер қатынастары және жерге орналастыру жөніндегі мемлекеттік комитеті әзірлеген бірыңғай әдістеме және бағдарлама бойынша жүргізіледі, олар жердің жай-күйін жедел және жүйелі бақылау, іздестірулер, тексерулер немесе картаға түсіру жөніндегі жұмыстар мен байланыстылардың барлығы үшін міндетті болып табылады [4. 126 б.].

Ендігі кезекте тоқталатынымыз жер кадастры.

Кадастр – үнемі жаңарып отыратын Қазақстан Республикасының жер ресурстарын пайдаланудың және күзетудің жағдайы туралы мәліметтердің жүйелендірілген жиынтығын білдіреді. Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

В.В. Петров табиғи ресурстардың кадастрын табиғи ресурстардың құрамы мен санының, табиғат пайдаланушылардың құрамы мен санаттарын сипаттайтын экономикалық, экологиялық, ұйымдастыру мен техникалық көрсеткіштердің жиынтығы деп тұжырымдаған [5. 218 б.].

В.В. Петровтың аталған зерттеу жұмысының мазмұнына көз жүгіртер болсақ, ол жер кадастрын мемлекеттік басқарудың құралы ретінде қарап, жерді тиімді пайдалану мен қорғауға ғылыми негізделген шешімдерді қабылдауды қамтамасыз етеді деп көрсетеді.

Ал Ресей жер құқығы теориясының көрнекті өкілдерінің бірі болып табылатын Б.В. Ерофеев: мемлекеттік жер кадастры жергілікті атқарушы органдар мүдделі заңды тұлғалар мен азаматтарды жер туралы керекті мәліметтермен қамтамасыз етеді, соның арқасында жерді ұтымды пайдалану және қорғау, жер қатынастарын реттеу, жерге орналастыру, жерге төленетін ағымдардың мөлшері негізделеді, шаруашылық жұмыстың қорытындысы бағаланады деп көрсетеді [6. 174 б.].

Біздің ойымызша, аталып кеткен авторлардың пікірлері жалпы дұрыс. Б.В.Ерофеевтің де ойымен толықтай келісуге болады және ол тіптен оны анағұрлым жіктеп көрсеткен. Біздің пайымдауымызша, жер кадастры жер заңдарының міндеттерінен туындайды. Оның ерекшелігі жердің табиғи және экономикалық бағасын ғылыми мәліметтерге сүйеніп белгілейді, болжамдайды, бағалайды.

Сонымен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану тәртібін заңға сәйкес жүзеге асыру үшін оны құқықтық тұрғыда реттеу жеткіліксіз, ол үшін осы саладағы мемлекеттік органдардың да қызметін, өкілеттіктерін де тереңдеп зерттеу жүргузу қажет болып табылады. Сол себепті осы бөлімде біз мемлекеттік басқару саласындағы ерекшеліктерді де қарастырғанды жөн санадық.



ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ





  1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 27 желтоқсан 1997 жылы қабылданған Ауыл шаруашылығының 2010 жылға дейiнгi даму стратегиясын бекiту туралы қаулысы. Жеке басылым.

  2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 16 ақпан 2000 жылы қабылданған 2000-2003 жылдарға арналған жерге құқықтарды қамтамасыз ету бағдарламасын бекiту туралы қаулысы. Жеке басылым.

  3. Ә.Е.Бектұрғанов. Қазақстан Республикасындағы жер құқық қатынастары. Алматы, Жеті жарғы, 1997 ж.174 бет.

  4. Иконицкая И. А. Земельное право РФ.-М., 2001. С. 126.

  5. В.В.Петров. Экологическое право России. Изд. “БЕК”, М.,1995, С.218.

  6. Б.В.Ерофеев. Земельное право России. Москва, Профобразование, 2001 год. С.418.


Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет