Қазақ ҚОҒамындағЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ келісім-шарттар тарихы жайында болганбаева Гульжан Алиевна



жүктеу 83.29 Kb.
Дата23.06.2017
өлшемі83.29 Kb.


ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕЛІСІМ-ШАРТТАР ТАРИХЫ ЖАЙЫНДА
Болганбаева Гульжан Алиевна
Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті
Резюме
В данной статье рассматриваются договоры, имевшие место в казахском обществе в периоды до и после присоединения к России.
Summary
The agreements which were done in Kazakh society at the period of joining to Russia is considered in this article.
Қазақстанның Ресейге қосылғанға дейінгі қазақ қоғамында жасалынған шарттар қауым мүшелерінің қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әрі тұрмыстық сипатта көрінді. Олардың түрлері де шектеулі болды. Ал Ресейге қосылғаннан кейін, яғни тауар айырбас аясы кеңейіп, құқықтың жаңа қайнар көздері пайда бола бастағаннан кейінгі кезеңде шарттық қатынастарды реттеу қарқыны құқықтық шарттардың жаңа түрлері пайда болу түрінде арта түсті. Мәселен, азықты алу және айырбастауға байланысты қатынастардың реттеушісі ретінде сатып алу - сату шарты қалыптасты. Егер бұрын бұл шарт түрі қазақ қауымының тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталса, ендігі ретте оның негізгі мақсаты пайда табуды көздеген коммерциялық сипатқа ие болды. Шарттың мәнін мал құрады.

XІX ғасырдың аяғында жасалған «Қырғыздардың әдет-ғұрып құқығы» жинағынан шарттық қатынастарды реттеген салт-дәстүрлер, сатып алу-сату шартын жасау нысанын сонымен бірге, шарттың мәні, құны, шарт тараптарының құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ шарт талаптарын бұзған жағдайда жауапкершіліктің де көзделгендігін көруге болады. Айталық, сатушы сатып алушыға сатылып жатқан заттың өзіне белгілі кемшіліктерін айтуға тиіс немесе оны мұқият қарап алуды ұсынады. Сол арқылы мәміле жасалғаннан кейін өзінен алатындығын ескерте отырып түсіндіреді. Сатушы бұл талаптарды сақтамаған жағдайда сатып алушы заттың кемшіліктерін байқаған жағдайда мәмілені бұзуды талап ете алады делінген [1].

XІX ғасырдың екінші жартысында жарық көрген әдет-ғұрып құқығы жайындағы жинақтардан біз Қазақстанда тауар-ақша қатынастарының дамуымен байланысты нормаларды байқаймыз. Мәселен, шарттардың жаңа түрлерін реттейтін нормалар пайда болды. Соның ішінде осы ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда сауда шарты ерекше даму алды [2].

Қазақ әдет-ғұрып құқығында сол сақтау шартын білдірген аманат деген ұғым пайда болды. Бұл жөнінде 1824 ж. Омбы уақытша комитетімен дайындалған қырғыз заңдар жинағында аманат шартының мазмұны анықталған: егерде бір адамға сақтауға бір нәрсе беріліп, ал ол болса оны тығып не жасыратын болса, ол үшін сол ел ішінде сыйлы адамның бірі ант су ішіп, ал басқа бір туысы антын қабылдайды, ал егер ант кері шақырылса кінәлі сақтауға берілгеннің бәрін өтеп беруге тиісті болады. Ал егерде ол үшін берілген ант ақталып, артынан оның шынымен затты жасырып қалғандығы анықталса ол ұрлыққа теңеліп ол үшін қосымша 9 түйір мал түрінде айыппұл төлейді, – деп анықталады [1]. Міне, осы тұжырымдар мен жинақтар нормаларынан-ақ қазақ қоғамында келісім шарттардың кеңінен қолданылғандығын көреміз.

Мазмұнын өзара құқықтар мен міндеттер құраған міндеттемелік қатынастар шарттардың пайда болуының негізін құрады. Шарттардың көпшілігі ауызша нысанда жасалатын. Тек Ресейге қосылғанан кейін ғана экономикалық қатынастардың дамып, халық арасында тауар айырбастаудың кеңеюімен шарттар бірте-бірте жазбаша нысанға көше бастады. Шарттарды жасап орындау рухани қағидаларға тараптардың әдептілігіне негізделіп тіптен күмән тудырмайтын. Шарттар ауызша түрде жасалатын болғандықтан, олардың жүзеге асатындығының кепілі ретінде куә қатысатын. Шарттың ауызша нысаны әдет-ғұрып құқығында береке деп аталатын [3].

Қазақ қоғамында шарттардың орындалуын қамтамасыз еткен арнайы нормалар да болды. Олар шарттың талаптарын орындамағандығы немесе бұзғандығы үшін қандай жаза түрі мен айыппұл мөлшері қолданылатыны жайлы қамтыды.

Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі аралықта бірнеше мемлекеттер өмір сүрген болатын. Сол мемлекеттердің саяси-құқықтық қатынастарында келісім–шарттар элементтерінің, оның дамуының үрдістерін кездестіреміз. Мәселен, қазақ жеріндегі ең ежелгі мемлекеттердің бірі - ғұн мемлекетінде келісім-шарт қатынастары, сауда-саттық мәселесі кеңінен дамыған болатын. Сонымен қатар, бұл мемлекетте халықаралық деңгейдегі келісім-шарт қатынастары да өрбіп жатты. Оған бұл ғұн мемлекеттегі бейбітшілік пен біліктілік келісімін жатқызуға болады.

Қазақстан мен Ресей империясы тұсындағы келісім-шарт қатынастарының өрбуі барысында бұл кезең аралығында, қазақ қоғамында европалық мемлекеттер тәжірибесінде қалыптасқан келісім-шарттардың негізгі нысандары келе бастады. Айталық; қазақ қоғамындағы шарттық қатынастарды реттеген әдет-ғұрып құқығы нормаларын талдай келе келесідей қорытындылар жасауға болады:



  • әдет-ғұрыптық шарттық құқық белгілі бір қисынға, ішкі байланыс пен басқа нормалармен өзара байланысқа бағынатын нормалар жиынтығын құрады;

  • шарттық қатынастарды реттеген әдет-ғұрып құқығы нормалары өздерінің мазмұны бойынша әртүрлі қатынастарда қолданылуы олардың әмбебаптығын көрсетеді;

  • қазақ қоғамында қолданылған шарттар түрлері көп болмасада олар қазақ қауымы тұрмысын толықтай дерлік реттеп отыра алды;

  • қазақ қауымында қолданылған шарттар ауызша келісім түрде қолданылды. Бұл тараптардың бір-біріне берген сөзінің өзі заң болғандығын көрсетті. Өйткені, әдет-ғұрып бойынша адамның ар намысы мен беделі жоғары құндылық ретінде қаралды. Ауызша куәліктің өзі шарттың сақталатындығына кепіл бола алады.

Осыдан келіп, қазақ қоғамының шарттық құқығының мазмұны жағынан бір ғажайып, демократиялық екендігін көруге болады. Бұл қазақтың әдет-ғұрып құқығының құқықтық жүйесімен анықталды. Сондай-ақ, ол қазақ этносы өмірі ерекшелігін, шаруашылық жүргізу, тауар алмастыру барысын сипаттайды.

Бұлардың бәрі де, қазақ қоғамы үшін, көбінесе, Ресей қол астына өткен кезеңде жүзеге асып жатқан келісім-шарттар болып табылады.

Дәстүрлі қазақ қоғамында, яғни қазақ қоғамының өзі тудырған келісім-шарттар да өмір сүрді. Сондықтанда, келісім-шарт қатынастарын жүйелеп, түрлерге жіктеген кезде осы жағын мұқият ескеруіміз қажет. Біз өз зерттеуімізде қазақ әдет-құқығындағы келісім-шарттарды: 1) дәстүрлі қазақ қоғамында қолданылған, сол қоғам тудырған келісім-шарттарға және 2) Ресей қол астына өтуімен байланысты Еуропалық заңнамаға негізделген шарттарға деп екіге бөліп қарастырдық.

Кезінде, қазақ ішінде мал айырбастау ісі көп жүзеге асырылған. Сатып алу-сату шарты қазақ қоғамында ежелгі орта ғасырларда түркі қағанаты, қарахандар мемлекеті кезеңінен кеңінен қолданылған. Кейіннен бұл шарт Ресей қол астына өткенде қарқынды дами бастады. Қазақтың үлкен қалаларында Ресей салған бекіністерде жыл сайын жәрмеңкелер ұйымдастырылып отырған болатын. Сол жәрмеңкелерде сату-сатып алу көптеп жүріп жатты.

Қазақ қоғамындағы кең дамыған шарттардың бірі - сыйға беру шарты болып табылады. Айталық, сыйға әр түрлі заттарды бере алатын болған. Олардың ішінде сыйға мынандай заттар беруге жатпады: ата-бабасынан мұра болған үй. Мұнда сый еншісін алып шықпаған балаға берілмейді.

Азаматтық айналымнан туындайтын келісім шарттар дәстүрлі қазақ қоғамында Ресей қол астына өткен кезеңнен бастап өте қарқынды дами бастады. Осы кезеңнен бастап-ақ қарыз беру, айырбас, затты кепілге қою, сату, сатып алу институттары өрбіп дамыды.

Дәстүрлі қазақ қоғамының туындысы болып табылатын келісім-шарттардың қатарына мыналар жатады:


  1. Аманат шарты;

  2. Сауын шарты;

  3. Мұрагерлік шарты;

  4. Тамырлық шарты;

  5. Ат-майы шарты;

  6. Енші;

  7. Олжа;

  8. Сүйінші.

Ресей қол астына өткеннен кейінгі кезеңде қазақ қоғамында:

  1. Сатып алу-сату;

  2. Кепіл;

  3. Айырбас;

  4. Қарыз беру шарты;

  5. Сақтау т.б. шарттар қолданылды.

Қазақ қоғамындағы келісім-шарт қатынастары ежелгі дәуірлерден бастап, құқықтық нормативтік кейіпке ие бола бастады. Олар қазақ хандығы құрылғанға дейінгі дала өмірінде, сонда өмір сүрген мемлекеттердің жарғыларында көрсетіліп, бекітіліп отырған. Бұл кезең аралығындағы келісім-шарт қатынастарының дамуы қазақ хандығы кезеңіндегі жарғыларда да бекітілді деп көрсетуге болады.

Демек, қазақ даласындағы келісім-шарт қатынастарының құқықтық нысандары ресми тұрғыда, яғни белгілі бір заң-жарғыларда көрініс тапты. Сөйтіп, олар қазақ-әдет құқығының бейресми нысандары – мақал-мәтелдерде шешендік сөздің үлгісі ретінде, даналықтың белгісі ретінде негізделіп отырды.

Қазақ құқығы жүйесіндегі келісім-шарт қатынастарының қазақ қоғамында қалыптасқан, мойындалған объектілеріне мал және мүлік жатқан болатын. Мал қазақ қоғамындағы келісім-шарт қатынастарының қалыпты жүзеге асуының бірден-бір құралы ғана болып қана қойған жоқ. Ол сонымен қатар, келісім-шарт аясындағы даулардың тууыныңда басты себептерінің бірі болып табылды. Отбасы қатынастарынан туындайтын келісім-шарттарда, көбінесе, мүлік мәселесі негізге алынған болатын және сол қатынастардың негізін де осы құрады.

Қазақ қоғамындағы неке және отбасы қатынастарынан туындайтын келісім-шарттардың аясыда кең болып табылады. Бұл келісім-шарттар көбінесе бірімен-бірі байланысты өрбіп, екінші бір қатынастардың нысанына көшіп кетуге бейім тұрады. Неке және отбасы қатынастары жүйесіндегі келісім-шарттардың негізгі түрлерінің қатарына: айттыру, құдаласу, құйрық-бауыр жеу, қалың мал т.б. шарттарды жатқызамыз. Көп жағдайда осы қатынастар әдет-құқық нормаларының реттелу аясынан шығып, жалпы әдет сипатындағы тиым ережелерімен қабысыпта кетіп жатады. Мәселенің осы қыры, мұндағы келісім-шарт қатынастарының түрлерін жіктеп көрсетуде көптеген қиындықтардың да туатыны содан.

Қазақ қоғамындағы жылу, жұртшылық, қызыл көтеру, асар т.б институттар көбінесе өзара көмек жүйесінің негізінде қарастырылғанымен, бұл инститтуттардың да келісім-шарттық маңызы өте жоғары болып табылады. Себебі, қазақ әдет құқығы жүйесіндегі бұл институттар көп жағдайда қауымдық міндеткерлікке негізделген институты болып табылады. Көбінесе, бұл ел ортасында міндетті орындалатын және ешкім қарсылық білдірмейтін, былайша айтқанда өзінен-өзі орындалу механизмі болған жүйе деп айтсақ та болады. Өйткені, туысқандық қатынастардан туындайтын өзара көмек жүйесі қазақ қоғамында ерекше сипатта дамыған болатын.

Сауын институты өзінің бойына көшпелі қоғамның адами құндылықтарын жинастырған келісім-шарт қатынастарының белді элементтерінің бірі болып табылады. Қазақ қоғамындағы ағайынгершілік қатынастар жүйесінде сауын мен аманат мал институты бір жүйеде дамып, қалыптасқан негізгі құқықтық институттардың қатарына жатады. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұл институттар негізінен шаруашылық жүргізудің феодалдық қатынастар сипатына бейімделген кезде пайда болған құқықтық институттар.

Қазақ құқығы жүйесіндегі келісім-шарт қатынасынынан туындайтын жауапкершіліктің негізін дәстүрлі қазақ қоғамында бір жақты бағалау мүмкін емес. Себебі, келісім-шарт қатынастарының кейбір жағдайда уақытылы орындалмауы даулы істерге ұласып, қылмыстық сипаттағы әрекеттер санатына да өтіп кетуі мүмкін. Көбінесе, келісім-шарт қатынастары бұзылған жағдайда жаза қолданудан гөрі дәстүрлі қазақ қоғамында ол қалпына келтіріліп, жөндеу мәселесі негізге алынып отырған. Қазақ қоғамында келісім-шарт қатынастарында қолданылатын жазалар: құн, айып т.б. формаларда болып келді.

Қазақ қоғамында келісім-шарт қатынастары кейбір жағдайларда бұзылып жататын болса, оны шешетін де, оған ең соңғы нүктені қоятын да билер соты болған. Сондықтанда билер соты, дәстүрлі қазақ қоғамында келісім-шарт дауларын шешу үстінде маңызды роль атқарған орган болып табылады. Қарап отыратын болса, келісім-шарт қатынастары, көбінесе, қазақтардың Ресей қол астына өткен кезеңінен бастап жиі бұзылатын болды. Ал, келісім-шарт қатынастары бұзылып, іс билердің алдына бара қалатын болса, онда мұндай даулар әдетте бітімгершілік үрдісімен шешіліп жататын.

Қорыта айтқанда, қазақ қоғамындағы келісім-шарт қатынастары негізінен көшпелі өмірдің және мал шаруашылығын жүргізудің талаптарына сәйкес туындап, дамып отырды. Қазақ даласының Ресей қол астына өтуімен байланысты сол уақытқа дейін дала жұртына беймәлім болып келген келісім-шарттардың түрлері де дендеп еніп, олар ел өмірінің талаптарына бейімделе бастады.

Демек, дәстүрлі қазақ қоғамындағы қолданылған шарттарды әр түрлі негіздер бойынша жүйелеп көрсетуге болады. Ресей кезеңінен бастап қазақ әдет құқығы жүйесінде, негізінен азаматтық айналымнан туындайтын келісім-шарттар негізгі роль атқара бастады. Бұлар дәстүрлі құқық жүйесінде европалық тәжірибеде қалыптасқан құқықтық ұғым-түсініктердің және нормалардың енуіне және таралуына жағдай жасады деуімізге болады.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Материалы по казахскому обычному праву / Сост.: Т.М. Культелеев, М.Г. Масевич, Г.Б. Шакаев. – Алматы: Жалын, 1998. – 464 с.

  2. Культелеев Т.М. Уголовное обычное право казахов. Алматы -1995 г. – 301 б.

  3. Материалы по истории государства и права Казахстана. – Алматы, 1994. – 280 с.





Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет