Қазақ халқының салт-дәСТҮрлерінің ҚҰрылымдық негіздері мен қызметтері г. Х. Халидуллин

Loading...


жүктеу 157.07 Kb.
Дата22.01.2017
өлшемі157.07 Kb.
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ

НЕГІЗДЕРІ МЕН ҚЫЗМЕТТЕРІ
Г.Х. Халидуллин – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы Қаз ҰПУ

Б.М. Аташ – философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Осы мақалада авторлар ұлы дала елінің салт-дәстүр, әдет ғұрып жағдайларың баяндайды. Сонымен қатар, бүгінгі жаһандану замандағы ежелгі дәстүрлермен салт ғұрыптарымыздың сақталу негіздерінің жағдайларын баяндайды. Авторлар: әдет, салт, ғұрып, ырым, тыйым, элементерінің құрамын, тиымдардан, ырымдардан, жоралғылардан тұратының дәлелдей келіп ұлтық ойындармен шаруашылық дәстүрлерінің көптеген халықтарға ортақ кәсіп болғанмен, халқымыз үйленбеген ұлының қуанышына қосымша сойылуға дайындалатын «серке сақтау» дәстүрі халқымыздың өзіндік ерекше феномены екенын айқындайды.

Тірек сөздер: әдет, салт, ғұрып, ырым, тиым, дәстүр, жоралғы, тәніршілдік, исламдық, шамандық, зорастеризм
Соңғы уақыттағы еліміздің тәуелсіздігін нығайту, оның тұғырлылығы мен орнықты өркендеуін қамтамасыз ету бағдарын қолға алған мемлекетіміздің саяси-әлеуметтік және мәдени-рухани даму бағыттары ұлттық болмысымызды қайта жаңғырту мен түлетуді нақты нысанаға алған. Осы орайда, ғылыми-танымдық кеңістік аймағы іргелі ұстанымдар мен өзіндік ұстындарын ұсынып келеді. Халқымыздың рухани-тарихи тамырларының кең аясынан әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институты айрықша қастерлі орын алатындығы сөзсіз. Қазақ қоғамы ұлт болып қалыптасқаннан бері екі нәрсеге баса қатал қарағандығын, оның бірі тіл, екіншісі әдет-ғұрып екендігін дәйектеушілердің пікірлері де[1,3], шындығында, бұл құрылымның аса маңызды өмірмәнділік-дүниетанымдық құндылық екенді-гін айғақтап тұр. Бұл арнайы институт ретінде сан-салалы және көпқызметті болып келетін тарихи-мәдени, рухани-әлеуметтік құрылым.

Тарихи-мәдени қыры оның сан мыңдаған жылдар бойы арғы қазақтар дәуірінен бері жалғасын тауып, ұлттық болмысымызбен, тұрмыс тіршілігімізбен біте қайнасқан атрибут болып табылуымен айқындалады. Ал рухани-әлеуметтік қыры идеялық және практикалық маңызымен салғаласып келіп, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып отырғандығымен байланысты.

Алдымен салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың күрделі түбірлестік құрылымдылығына, көп ұғымды жалпылығына байланысты жеке-жеке ажыратып алу керек. Бұл негізгі элементтер: салттардан, дәстүрден, әдет пен ғұрыптардан және бұлардың құрамына жатқызуға болатын: тиымдардан, ырым-дардан, жоралғылардан тұрады. Сонымен қатар, ұлттық ойындар мен шаруашылық дәстүрлеріміздің іске асу, орындалу үдерістерінің келбеті мен тәсілі де салт-дәстүр мен әдет-ғұрып заңдылықтары аясында жүзеге асады. Мәселен, мал шаруашылығы көптеген халықтарға ортақ кәсіп болғанмен, үйленбеген ұлының қуанышына қосымша сойылуға дайындалатын «серке сақтау» дәстүрі халқы-мыздың өзіндік ерекше феномені.

Әдетқоғамдық қатынастардакүнделiктi өмiр-тiршiлiк пен салттарды атқару кезіндегі жосын-жоралғыларды бiрiздендiретін және ұлттық таным аймағы бойынша ғана атқарылатын нормалардың, талаптардың, шарттардың практикалық бiтiмi мен мазмұнының бірлігіндегі үдерістер. Әдет ұғымы орындалу бағдарымен үндесетін ғұрып ұғымымен тіркестіріліп, әдет-ғұрып деп күрделенетін форма-да қолданылады. Сан ғасырлар бойы формасы өзгерсе де мазмұны өзгермеген белгілі бір этностың имманентті әдет-ғұрпынан тыс, сырттан, өзге халықтан енген мәдени шартты құбылыстар да бірте-бірте әдетке айналып кетіп отырылады.

Салт – сырттан да, ұлттың өз ішінен де туындап шығатын, белгілі бір нормалардың жеке-жеке көрінісі болып табылады. Салт тұрмыста үш-төрт ұрпақ бойы қолданыста болатын болса, ұлттық таныммен, талғаммен үндесе келе, белгілі бір деңгейде мәдени-әлеуметті тұғырды иеленіп, жалпы-лама ұғым – дәстүр ауқымына еніп, орнығып отыратын ұлттың шынайы рухани-мәдени, әлеуметтік-практикалық имманентті болмысына сәйкестеніп жатады.

Осы пікірімізді педагог ғалымдарымыз былайша құптай түседі: «Сонымен өзіміздің зерттеу проблемамызға байланысты дәстүр ұғымына мынадай анықтама ұсынамыз: Жеті ата шежіресі мен дастарқан рәсімдерін дәстүр деп толық айта аламыз. Өйткені қазақ халқының әрбір отбасында атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, берік орнығып, заңдылыққа айналған бұл рәсімдер мен ғұрыптар – әлеуметтік маңызға ие халықтық педагогиканың тәрбие құралы»[2,10].

Дәстүр – әдетті, салтты, ғұрыпты т.б. қамтитын ауқымды концепт түрінде болса, ғұрып – салтқа сай атқарылатын әдеттің нақты харекеті. Ол негізінен дүниетанымдық көзқарастар мен наным-сенімге байланысты қалыптасқан салт-дәстүрге сай атқарылатын іс-әрекет ретіндегі көрініс деп анықтаған дифференциациялық түсіндірмелеріміз уақыт пен кеңістік аясындағы салыстырмалылы-ғымен және тұрақтылығымен байланысты өлшемденген. Шындығында, әдеттің тұрақтылығы «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген афоризммен нақтыланса, дәстүрдің барынша орнықтылығы ғылыми таным әдіснамасындағы дәстүршілдік қағида, оның жаңашылдыққа қарсы қойылуы бойынша да дәйектеле түседі.

Салт туралы «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген тұжырым оның белгілі бір кеңістік аясында өзгешеленген, формасы өзгертілген түрде әр түрлі ғұрыптар бойынша сақталып, бәрінің түп тамырының бір арнаға тоғысатындығымен байыпталады. Бұл шартты түрде әдет-ғұрыпты субстрат-тар, салт-дәстүрді суперстраттар деп ажыратып алуымызға мүмкіндіктер ашады. Бірақ бұл тұста керісінше, инверсия пайда болады, әдет-дәстүр барынша абсолютті, ғұрып-салт салыстырмалы болып айқындалып тұрады. Олардың қай-қайсысының да генетикалық-эволюциялық-тарихи-құры-лымдық негіздері таразылбағандықтан, яғни, қай салттың, не дәстүрдің қай кезеңде пайда болған-дығы, қабылданғандығы, өзгертілгендігі ашылмағандықтан уақыт пен кеңістік аясы бойынша горизонтальді-вертикальді түрде иерерхияға орналастырудың өзі қиын.



Ырым – белгілі бір халықтың ішкі рухтық ниеттері аясына басымдылық беретін, өмірлік әрекеттермен, мақсаттармен сыртқы келбеті жағынан (мүмкін ішкі шынайы себептері бойынша) психологиялық ассоциация туғызатын немесе оның осы байланыстары көмескіленгендіктен логика-лық қатынас өресі түсініксіз болып сақталып қалған өмірмәнділік ишаралар деп түсіндіруімізге болады. Оның жағымды және жағымсыз түрлері бар. Мәселен, топырақты үю, үйге қарай атпен шабу т.б. – жаман ырым, себебі, топырақты үю, мәйітті көмумен, өліммен ассоциация береді, яғни, «қайғылы оқиғаны меңзеу, соны күту» деген сияқты ниеттерді шақыру деп түсінілген. Немесе, әлеу-меттік мәртебесі жоғары адамнан сыйлық алу, оның тұтынған заттарын пайдалану, тіпті сарқытын ішу т.б. – жақсы ырым. Бұл – «менің ұрпағым да, соның болмысын өзіне қабылдасын, дәл сондай болып өссін» деген ниетті сездіріп тұратын болса, керісінше, «малдың қары жілігінің ұры-қарыдан сақтайтындығы» жөніндегі ырымдардың қисындылық мағынасы біз үшін көмескілеу, нақтырақ айтқанда, сойылған малдың сүйегі (қары жілік) мен әлеуметтік «әділетсіз» өмірдегі ұры-қарыдан сақтанудың арасында қандай байланыс бар екендігі беймәлім. Яғни, соңғы ырымның шығу тегі мен қисындылық деңгейі күңгірттеніп жоғалып кеткен. Этнограф Ш. Уәлихановтың: «Ырым – халықпен бірге көптен бірге жасасып келе жатырған әдет-ғұрыптың бірі болып саналады, ал аян, лепес жақсылық нышаны ретінде жасалады. Мысалы, әйелі үнемі қыз туып, ұл көрмей жүргендер, игі ниетпен, ең соңғы қызына Ұлтуған деген ат қояды»,-деген тұжырымдары[3,185] біздің түсінікте-рімізді айғақтай түседі.

Ырымның кейбір элементтері жапондық-қытайлық мәдениеттегі күні бүгінге дейін сақталып, әлемге әлдеқандай идеологиялық беделдер арқылы тарап келе жатырған «фэн-шуй» шарттарын ұқсас болып келеді. Мәселен, «жанұя құрмаған адам дастарханның бұрышына отыруға болмайды» деген қағида, «табалдырықты баспа» деген ұстаным, «қалың киімнің жағасын баспа» деген тәрізді тиымдардың да тылсым бақыттылық пен бақытсыздықты тудыратын себептері бар тәрізді болып көрінеді. Бұндай ырымдарды «қазақтың фэн-шуйі» ретінде әлемге танытуымызға мүмкіндігіміз мол екендігі күмәнсіз.



Тиым (табу) – кейбірінің түпкі мотивтері ұмыт болған, қайсібірінің логикалық түсіндірмелері белгілі болып келетін күнделікті тұрмыстық істерді, қимыл-қозғалыстарды жасауға болмайтындықты ғана басшылыққа алатын мәдени-әлеуметтік талаптардың психологиялық жиынтығы деп айта аламыз. Мәселен, «айға қарап қолыңды шошайтпа» деген тиымның логикалық түсіндірмесі күңгірт-теу, қазір ұмыт болған. Тиымдарда жаман ырымдармен қатар, этикалық, этикеттік нормалардың жиынтығы жасақталған. Мәселен, «кісіге қарап керілме» жаман ырым емес, таза этикеттік нышан. Осы тиымдардың терең мағыналы тәсілімі арқылы кейіннен моральдің, қазіргі заманғы құқықтық заңдардың іргетасы қаланған деп пайымдауызға болады. Мәселен, бүгінгі күнгі біреуге ғайбат сөз айтудың заңдық-құқықтық түрде жазалануы осының айғағы.

Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып сан ғасырлар бойы қалыптасқан әрбір тарихи дәуір бойына толықты-рылған, заманауи талаптар мен шарттардың қажеттіліктері мен сұраныстарына орай, үстемеленген күрделі түбірлестік құрылым. «Бұл жерде дөп басып айту өте қиын, аңыздардың бізге келіп жеткен-дерінің қайсысы ертеден, қандай діннің ұғымынан пайда болды, қандай сенімнің әсеріне ұшырады деген мәселенің төңірегінде қарама-қайшы, әр түрлі пікірлер бар»,-деген Ш. Уәлихановтың тұжыры-мы [3,149] осы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың эволюциялық қалыптасу құрылымын анықтауға да қатысты соншалықты күрделі мәселе болып табылады.

Ендеше, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жалпы халықтық дүниетаным тұрғысынан байыптап, кон-цептуалды түсініктеме бере келіп, қалыптасуы мен дамуын эволюциялық хронологиялық бірізділік бойынша болмағанмен, құрылымдық-функционалдық тұрғыдан таразылап алуымыз қажет. Себебі, оның құрылымдары мен қызметтерін бөліп көрсетудің өзі, ұлттың руханиятын қалыптастырудың жалпы бағдарларына кері байланыс бойынша ашып беретін сыңайлы. Нақтырақ айтқанда; салт-дәстүрдің ұлттық руханиятты қалыптастыруы немесе руханияттың салт-дәстүрді нығайту түйткілі туралы.

Әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институты – халқымыздың тұрмыс тіршілігіндегі бихевиоризм қағидасы бойынша сүйеніліп жүрген; байқап көру – қателесуді, рухани-әлеуметтік тұрғыдан кері кетудің немесе адасудың алдын алып отыратын жалпылама канондық, барынша абсолютті өмірлік ұстаным ережелері мен ғұмыр кешудің нақты және тұтас бейнесі болып табылады және ұлттық трансцендентальді руханияттық императивтер жүйесіне айналады. Бұнда әуел бастан-ақ бәрінің жауабы нақты берілген, тығырықққа тірелгенде немесе «өмір сүрудің қай жолы дұрыс» деген сауал тасталғанда, ата-баба дәстүріне сүйеніп ғұмыр кешу ұстанымы мыңдаған жылдар бойғы тарихты құрайды. Себебі, ол бір күнде-ақ пайда болған, не мистикалық тұрғыдан тылсым күштер арқылы жіберілген бір сәттің туындысы емес, халықтың мыңдаған жылдар бойғы өмір сынағынан өткізілген, шыңдалған, жүйеленген, сұрыпталған, тиімсіздері мен қажетсіздері алынып тасталынған өмір сүрудің формуласы іспеттес айқын тұғырнамасы деп те айтуымызға болады. Демек, қайта-қайта өмір сынағы-нан өткізіліп, өміршең кейіпке енген, өзінің тиімділігі мен оңдылығын дәлелдеген, халықтың ділі мен дүниетанымына үндескен дала заңдарының стихиялық көрінісі.

Стихиялылық болатын себебі, оның «Жеті жарғы», фольклор сияқты кейбір арнайы жазба үлгілері болғанмен, тұтас жүйе ретінде жинақталып, бір ізге түсіріліп арнайы орнықтырылмағандығында. Бірақ бұндай логикалық пен бірізділікті салт-дәстүр құрылымынан іздеудің өзі, ғылымиландырып көрсетудің өзі еуропоорталықтық түсінік болуы ықтимал екендігін ескергендігіміз жөн. Бұл түркі халықтарының сан мыңдаған жылдар бойы жазуды игергендігімен және арнайы жазбай отырғанды-ғымен дәйектеледі.

Әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институтының құрылымдық-функционалдық негіздерін сараптау бойынша, оның қызметін, шығуының түп-төркінін, құраушы элементтерін және құрылымын зерделеп алуымыз қажет. Бұл құрылымды кең концептуалды түрде қарастырсақ, шығу тегін, әу баста құралу, қалыптасу жолдарын былайша топтап көрсетуімізге болады.


  • зорастризм сенімінің элементтері: отты үрлемеу, отқа май құю, наурыз мерекесінің салттары т.б.

  • шамандық сенім көріністері: жын-періні аластау, қарғыс, киені сыйлау т.б. түсініктер.

  • Тәңіршілдік сенімнен туған ғұрыптар: аруақтарға арналған салттар, тотемдік сенім элементтері т.б.

  • Исламдық дәстүрлер: жерлеу рәсімдерінің ғұрыптары, құрбандықтар шалу т.б.

  • Халық даналығы: фольклордағы ұлттық дүниетаным көріністері, данагөйлердің орнатқан дәстүрлері т.б.

  • Халықтық медицина: үшкіру, тазалық сақтау, қымыз, шұбат ішу салттары т.б.

  • Сакральді көне сенімдер: күн мен айды құрметтеу, түбірі айқынсыздау табулар т.б.

  • Мифологиялық сана қалдықтары: жақсылық пен жамандық туралы ырымдар, оккультизмдік ғұрыптар, тасаттық беру т.б.

  • Өнердің ұлттық түрлері: бұйымдарды безендіру мен көркемдеу салттары, ұлттық ойындар т.б.

  • Шаруашылық-әлеуметтік дәстүрлер: тұрмысқа, мал шаруашылығына байланысты орындалатын ғұрыптар, төрт түліктің пірін құрмет тұту, жеті ата феномені т.б.

Жоғарыда атап өткеніміздей, ата-баба дәстүрі күрделі мәдени-әлеуметтік құрылым болғандықтан, көпқызметті және көпмәнді қажеттілік болып табылатындығын ескерсек, оларды былайша топтап жүйелеуімізге болады:

  1. Компенсаторлық қызмет, демек, адам өмірінің мағынасын аша түсу үшін әр түрлі психоло-гиялық қажеттіліктер мен руханияттық талаптардың орнын толтырушылық қызметін атқарады. Мәселен, тасаттық беріп, көктен жаңбыр тілеу, табиғат алдындағы адамның дәрменсіздігін өздігінше «жеңумен» толықтырылатын психологиялық және тәжірибелік-нәтижелік ғұрып.

  2. Гедонистік. Халықтың эстетикалық талғамы мен руханияттық тұрғыдан ләззат алып отыруы үшін маңызды өмір салты мен зеріккенін жабдықтау үшін ішкі психологиялық қажеттілік. Мәселен, ұлттық ойындар, түрлі безендіру салттары т.б. адамның жан дүниесінің жайлылығы үшін және өмірге мағына енгізу үшін атқарылады.

3. Регуляторлық. Тек эстетикалық қана емес, этикалық-әлеуметтік қатынастарды реттеп отырудың құралы, нақтырақ айтқанда, «моральдік кодекс», «конституция» сынды институтқа парапар қызмет атқарады. Барымта, құн төлену, шашу шашу, қалың мал беру т.б. өзара есеп айрысу ғана емес, адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеп отырудың өзіндік құралына айналды.

4. Этноидентификациялық. Ұлтты бірегейлендіру, ұлттық Менді нығайту мен тұлғаның өзін-өзі үнемі қайтадан тану қызметтерін атқарады. Бұл - салт-дәстүрдің бәріне ортақ жалпы қызмет. Ал іске асырудың нақты тетіктері де өзіндік субстраттарды құрайды. Мәселен, «ата-баба салтын бұзды», «ата-баба аруағын қорлады» деп тағылатын айыптар ұлтты үнемі бірегейлендіріп отыру дәстүрле-рінің айқын көрінісі болып табылады.

5. Аксиологиялық қызметі де неғұрлым жалпы конституция. Себебі, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып-тың өзі рухани құндылық ретінде белгілі. Сонымен қатар, нақты қоршаған ортаны құрметтеу, діни табыну обьектілері, ата-баба аруағын қастерлі санау, ұрпақ тазалығын сақтау т.б. құндылықтық қызметтің шынайы көрінісі.

6. Патриоттық. Бұған жауынгерлік салттар, қару-жарақты жасау мен меңгеру өнері, далаға деген сезімдік сүйіспеншілік пен сағыныш, «ас беру» сияқты бірлікке үндеу т.б. жатқызылады.

7. Футурологиялық қызметке болашақты болжауға арналған ырым-тиымдар, нақыл сөздер мен оларды орындау салттары, дала тәжірибесі т.б. енгізіледі: «Ай шалқасынан туса, бұл малға, адамға жайлылықты білдіреді», «қыз иненің жібін ұзынырақ қылып сабақтаса, ол алысқа ұзатылады», «қарға қарқылдаса суық болады» т.б.

8. Теологиялық. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпында, шындығында, алғашқы діни сенім эле-менттері мен кейінгі ислам дінінің ғұрыптары бейімделіп барып, синтезделген және тұтастандырыл-ған. Мәселен, «қасқырдың табанын баланың бесігіне байлап қою» дәстүрі байырғы көк бөрі тотемінің сарқыншағы екендігі күмәнсіз. Табулар мен тиым салулар да көбінесе күңгірттенген діни сенім қызметтеріне сәйкес келеді.

9. Гносеологиялық. Бұл әлеуметтік іргелі институттың – дүниетанымдық, дүниені байыптау-шылық, дүниемен бірлікте болуға машықтандырушылық сияқты қызметтері кеңінен танымал. Мәселен, киіз үйдің түндігі дүниенің төрт бұрышын меңзейді, ала арқан әлемдегі жақсылық пен жамандықтан басталған барлық қарама-қарсылықтарды жинақтайды т.б.

10. Витальдік. Өмір шабыты мен құндылығын қамтамасыз етіп, денсаулықты сақтауды нығай-татын дәстүрлер халқымызда ежелден-ақ қалыптасқан мызғымас салт екендігі бұрыннан белгілі және қазіргі таңда бүкіл әлемге танымал болып отыр. Мәселен, денсаулықты сақтауда; атқа отыру салты (баланы бес жасынан бастап атқа мінгізу қуанышы), «ас жеу –сорпа ішу – қымыз ішу» тізбегінің өзіндік жүйесінің орнығуы т.б. толықтай қамтамасыз ете алатындығы бүгінгі таңда әлемнің көптеген өркениетті елдерінің назарында болып келеді.

11. Тәрбиелік-өнегелілік. Бүгінгі күнгі «Тал бесіктен жер бесікке дейінгі» деп аталып жүрген адамның жетілуіне ғана қатысты салттар мен ғұрыптардың барлығы, атап айтқанда; «жүкті келін, нәресте, бала, жасөспірім, бозбала, жас, ересек, ел ағасы т.б.» әлеуметтік хронологиялық жастағы адамды әр кездегі физиологиялық қабілеті мен табиғи физикалық қажеттілігіне байланысты жан-жақты тәрбиелеудің формуласы іспетті. Мәселен, жүктілік кезінде әйелге түнде далаға шықпау, шашын жаймау т.б. сан алауан тиымдар беріледі, бұның бәрі болашақ дүниеге келе жатырған ұрпақ үшін жасалынатын тәрбие мен денсаулықтың шарттары, тіпті себептері болуы да мүмкін.

Сонымен қатар салт-дәстүр мен әдет-ғұрып мазмұны бойынша да өзіндік салаларға жинақтап көрсетуге болатындай құрылымдық жүйе екендігі белгілі. Қазақтардың мұраттарын зерттеуші[4,17-42] салаларын атап көрсетеді. Ендеше, бұл жалпы ұғымның мазмұндық құрылымын жеке-жеке былайша жетілдіре түсуімізге болады:



  • Философиялық: ас үстінде мүше бөлу, адамы жоқ болса да үйге сәлем беріп кіру, болашақты болжау салттары т.б.

  • Мәдени: өнер түрлері (қол өнер, фольклор т.б.), бесік жыры, ұлттық ойындар т.б.

  • Әлеуметтанулық: Қонақжайлылық, ас беру, сүйінші сұрау, байғазы беру, некелесу рәсімдері, рулық қауымдасу салттары

  • Психологиялық (ниеттік): тасаттық жасау, бата беру, жоқтау әрекеттері, «топырақты үйме» сияқты тиымдар т.б.

  • Саяси-құқықтық: дат айту, «ата-баба аруағын қорлады» деп жазалау, әлеуметтік құрылым (хан, би, батыр т.б.)

  • Этикалық-өнегелілік: үлкенді сыйлау, «қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыю» дәстүрі т.б.

  • Эстетикалық: ұзатылатын қыздың жасауын жасау, ұлттық киімдер, ұлттық мерекелер кезіндегі салттар, қара жамылу т.б.

  • Этикеттік: «сөзді бөлмеу» дәстүрі, «қолыңды төбеңе қойма» тиымы, үйге оң аяғымен кіру үрдісі, аузыңды ашып есінеме табуы т.б.

  • Физиологиялық-медициналық: асау үйрету, әскери өнер жаттығулары, нәрестені күту салттары, емдеу дәстүрлері т.б.

  • Гигиеналық: көне жұртты баспау, лас жерлермен жүрмеу, отпен аластау, күлді баспа тиымы т.б.

  • Аксиологиялық: жеті ата феномені, фетиштерді құрмет тұту салттары, қызыр Атаны құрметтеу, ата-баба аруағын сыйлау

  • Экологиялық: «суға түкірме», «көкті жұлма» сияқты тиымдар, «бұлақ көрсең көзін аш» тұжырымы, аққуды қастерлеу т.б.

Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың қазақ руханиятын қалыптастырудағы ролі мен маңызын көрсету оның құрылымдық мазмұнынан туындайды және ол құрылымдар руханияттың негізгі діңгектері болғандықтан, бұны қалыптастырудағы ықпалын негіздеудің теориялық алғышарттары ашылады. Қазақ руханиятының тарихи тамырының тереңде жатырғандығын байыптаған Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты туындысында оның эволюциясының хронологиясын жасап, түпбас-тауын бұдан 6000 жылдық уақыт аренасынан туындатып, бүгінгі күнге дейінгі 12 кезеңді ажыратып көрсетеді [5,267-284].

Ендеше, ұлттық руханият15 ғасырлардағы Қазақ хандығыныңқұрылу дәуірінде немесе бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның кезеңінде бірден туа салған құрылым, саяси-идеологиялық қондырма емес, биогенетикалық ұрпақтар сабақтастығы арқылы ұлт рухының тарихи-мәдени түп тамырларынан жалғасын тауып келе жатырған байырғы ата тектерімізден тасымалданып, бүгінгі күнгі Қазақ Елінің руханиялық дәрежесі мен өмір сүруінің витальдік күшінің кіріктірілген құндылығын айғақтап отыр. Ұлттық Руханият белгілі бір этностың тұтас рухани мәдениет болмысымен, тіршілік ету салтта-рымен, өмірлік құндылықтар жүйесімен, оның ішкі дүниесімен тұтасып жатырған мызғымас, барынша тұрақты ұстанымдардың, ұстындардың, қағидалардың, даналық бастаулардың жүйеленген, обьективтендірілген жиынтығынан құралатын болғандықтан, оның тасымалдану жолдары да көптүрлі. Біріншіден, биогенетикалық ұрпақтар сабақтастығы арқылы.

Бұнда, тұтас этностың өміршеңдігін сақтайтын ұлттың қандық-туыстық белгілер бойынша жалға-суы негізгі детерминант болып табылады. Демек, ұлттың руханиятын сақтайтын, алып жүретін тек саналылық қана емес, биологиялық болмыс та, генетикалық ақпараттар да маңызды роль атқарады. Екіншіден, мәдени-әлеуметтік тәсіл айшықты орын алады. Бұнда саналы, әдейі ұйымдасқан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өнеге, тәлім-тәрбие, білім, дүниетаным өзіндік тасымалдану бағдарын қамтамасыз етеді. Үшіншіден, ұлттың рухы тұтаса келе, саяси, тарихи, рухани тұрғыдан руханияттың тасымалдануының жалпы тұғырларына айналады.

Осындай тарихи-мәдени тұрғыдан сан ғасырлар бойғы жалғасын тапқан руханият бастауларының үрдісіне тоқталып өтпекпіз. Әдет-ғұрып пен салт-дәстүр руханияттың ішкі құрамдас бөлігі болған-дықтан, оның тұтастандырылған бейнесінде өзіндік айшықты орын алады және оның белгілі бір деңгейде жүйелі қалыптасуына, толығуына, өміршеңдігі мен обьективтендірілуіне ықпалын тигізетін маңызды фактор екендігі даусыз. «Бұл қасиеттер негізінде қалыптасқан көшпенділік мәдениет, дүниетаным, моральдық-этикалық нормалар мен тарихи салт-дәстүр, әдет-ғұрыптар жүйесі жатыр. Басқаша айтқанда, бұл қасиеттер – қазақ менталитетінің негізгі көрсеткіштері, оның рухани болмы-сының өзегі. Сондықтан бұл қасиеттердің кешегі қазақ бойынан, оның іс-әрекеті мен мінез-құлқынан, тұрмыс-салтынан, дүниеге қатынасынан, дүниені ұлттық тұрғыдан бейнелеуінен, ойлау жүйесінен, сөйлеу мәнерінен, тілдік болмысынан көрініс табуы таңғаларлық дүние болмаған»[6,3],-деп тұжы-рымдаған ой-пікір де жалпы тұтастандырылған руханиятты қалыптастырудағы ата-баба дәстүрінің маңызды ролін атап көрсеткендей.



Сонымен қатар қазақтардың салт-дәстүр институтында, ділінде кейбір жағымсыз мәнді; күншіл-дік, барымта сияқты элементтер де кездесетіндігін атап өткендігіміз жөн. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген халық мәтелінің мазмұнында көрсетілгендей, мәселен, барымталау салты қазіргі заманда тарих сахнасында қалдырылған құбылыс. Ал күншілдік бүгінгі күнге дейін сақталған ұлттық психологиядағы кері әдет. Демек, салт-дәстүріміз әлі де толықтырылу, сұрыпталу, тағайындалу, көнеру мен жаңару, модификациялану үстіндегі динамикалы үрдіс. Олай болса, қазақ руханияты да жаңару мен жандану үстінде, себебі, қазіргі заманғы жаһандану үдерісі оның субстраттарының сақталуын және суперстраттарының өзгеруін талап етеді.
1 Жүнісов А. Бабалар дәстүрі.-Алматы,1992.-77 б.(3б.)

2 Сейдахметов Б.С. Бастауыш білім беру сатысында қазақ халық дәстүрлерін тәрбие құралы ретінде пайдаланудың педагогикалық шарттары. Пед. ғыл. канд. дисс. автореф. ҚР. Алматы, 2008.-24 бет (б.10).

3 Қазақтардағы шамандықтың қалдығы//Уәлиханов Ш. Таңдамалы. 2-бас.-Алматы: Жазушы, 1985.-560 б. (б. 185)

4 Айтқазин Т.Қ. Қазақтардың мұраты. – Алматы: Ғылым, 1994-96 б

5 Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында.-Алматы: Атамұра, 2003.-288 бет. (267-284 бб.)

6 Бурбаев Т. Жаһандану және қазақ менталитеті.//Астана хабары. 22.11.2005ж. №170, (б.3)


: sites -> default -> files -> publications
publications -> Мысыр араб республикасының лаңкестікке қарсы күрес жүргізу тәжірибесі
publications -> Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймаққа қатысты ядролық державалардың ұстанымы Аңдатпа
publications -> Ғылыми жетекші: Омарова А. К. «Қаржы» кафедрасының оқытушысы
publications -> Қазақстан Республикасының экологиялық жағдайы
publications -> Профессор Қ. Жұбанов және қазақ терминологиясындағы мәселелер
publications -> Интерактивті маркетингтің артықшылықтары мен кемшіліктері
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Мақсаты
publications -> Экология ғылымы және негізгі бөлімдері. Аплатин Қарақат Ақпараттық жүйелер-16 тобының студенті
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> МӘС бөлімінде куәландыру (қайта куәландыру)тәртібі


Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...