Ақпараттық-библиографиялық орталық Талғамы биік тума талант

Loading...


жүктеу 224.71 Kb.
Дата15.05.2017
өлшемі224.71 Kb.


Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының «Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы» КММ
Ақпараттық-библиографиялық орталық
Талғамы биік тума талант

(Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 80 жыл)



скругленный прямоугольник 1Әдебиеттердің ұсыныс көрсеткіші
(Мектептің жоғарғы сынып оқушылары мен балалар оқуын басқарушыларға арналған)


Өскемен қаласы, 2016 жыл




Құрастырушыдан

Ұсынылып отырған «Талғамы биік тума талант» атты библиографиялық көрсеткіш Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 80 жыл толуына арналған. Оның тиесілі тарихи міндетін орындаған ұлт азаматы, нағыз халықтық жазушы екендігіне ешкім күмән келтірмейді. Өйткені, оның жеке басының тағдыры да, көркемдік әлеміндегі кейіпкерлерінің тағдыры да ұлы атамекендегі қандастары үшін мүлдем тосын құбылыс еді. Өзіне бүкіл көшпелі қауымның соңғы бір көшінің рухани қуатын, азаттықты аңсаған арманы мен азабын, қуанышы мен қайғысының көз жасын аманат етіп тапсырған міндетін Қабдеш Жұмаділов ар-ожданына кір келтірмей, табандылықпен және шын ер жігітке тән қайсарлықпен орындап шықты. Ол сол арман-мүдденің жыршысы ғана емес, соны жүзеге асырған нысаналы тұлға дәрежесіне көтерілді.

Көрсеткіш 4 бөлімнен тұрады:


  1. Тағдырлы тұлға

  2. Қара сөздің қарагері

  3. Зарлы шындық жыршысы

  4. Ол туралы пікірлер

Әр бөлімнің соңында көрсеткішті құрастыруға пайдаланылған мерзімді басылымдар тізімі мен есімдер көрсеткіші берілген.

Осы ұсыныс көрсеткіші бойынша пікірлеріңіз болса, төмендегі мекенжайға хабарласуларыңызға болады.



Өскемен қаласы, Ғарышкерлер көшесі, 6/2

«Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы» КММ

ақпараттық-библиографиялық орталық

телефон: 8(7232)75-96-17

E-mail: childrenlibrary@mail.ru .
Тағдырлы тұлға

Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы, Малдыбай ауылында дүниеге келген. Ауылда бастауыш білім алып, кейін Шәуешек гимназиясын бітіреді. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері шақырылып, 1958–1962 жылдар аралығында Қытайда қуғын-сүргінге ұшырады. 1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекенге қайтып оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, 1965 жылы бітіріп шықты. «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965–1967), «Жазушы» баспасында (1967–1976), Мемлекеттік баспалар комитетінде (1976–1981) жауапты қызметтер атқарды. 1981 жылдан бірыңғай шығармашылық жұмыста болды.

Тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды аңсаған, сол үшін күрескен және сондай бақытқа жетіп тұрып, империялардың тәлкегіне ұшыраған тағдырлардың, «елім!» деп еңіреген ерлердің жан дүниесін жеті бірдей романына арқау еткен Қабдеш Жұмаділов, міне, бұдан сол ұлттың жеке мемлекет, оның ішінде тәуелсіз мемлекет болғанын көріп, көріп қана қоймай, оның рухани жырауына айналды. Зады, жазушының ең үлкен бақыты, орындалған арманы осы шығар. Өйткені, дәл осы тәуелсіздікке Қабдештің жазушы, азамат ретіндегі қосқан үлесі ерекше. Оны тұлға дәрежесіне жеткізген де сол мақсат.

Тағдыр талайынсыз талант тумайды. «Ақыл мен мінездің сауытына сыйып» (Абай), ағысқа қарсы жүзбеген парасат-пайым иесінің тұлға дәрежесіне көтерілуі де қиын. Бұл реттен алғанда Қабдештің басына түскен тағдыр талқысы да тауқыметті. Бірақ түбі қайырлы, жұбанышы басым болды. Егерде Қабдеш Жұмаділовті қазақ қауымының рухани сахнасына дәл осы заманда шығарған ұлы ұстаз – қазақтың тарихы десек, ара ағайын мұны асылық демейтін шығар. Себебі, балапанын биік құздың басынан лақтырып жіберіп, жерге тақағанда қағып алып, қайтадан лақтырған ана қыран сияқты, Қабдешті екі елдің арасында кезек шайқап, баулыған да сол қилы заманға ұшыраған ұлтымыздың тағдыры.

Елден елдің бөлінгені – қасірет. Алайда, сол көшке үйір қазақтың тапқан бір олжасы – ұлттық мәйегінің бір сығымын аман-есен сақтап қалды. Қапалы әлі қауырт көш жолында талай-талай текті тұқымдар телімге ұшырады. Ата мекеннен бастап – Анадолыға дейінгі Бұланай мен Гиндукуш тауларының арасында талай Қабдештер мен Әбіштер қалды ғой. Әбіш Кекілбаевтің үйі де үрке көшіп, Иранға бет алып бара жатқан жолынан кездейсоқ тағдырдың себебімен елге қайтқанын оқығанда, бұған анық көзім жетті. Сондықтан да, Қабдештің арамызда тірі жүруінің өзі сол күндердің нысаналап жіберген бір сәлемі сияқты. Демек, Қабдеш – жай талант емес, тағдырлы, нысаналы талант. Бұл сөз ұзақ жылдар бойы «арғы беттен келген» деген кемсіткен сөзді естіп, бетіне шіркеу түскендей болып күн кешкен Қабдештің жүрегін жұбата қоймас, бірақ айтылуы және бүгінгі ұрпақтардың білуі тиіс шындықтың бірі. Әйтпесе, не ата тегінде, не білім мен тәрбиесінде, не ұлтжандылығында өзгелер миығынан күлетіндей еш кемістігі жоқ еді. Өйткені, Қабдештің бойындағы азаматтық қасиеттер де сонау Әлихан мен Ахмет сияқты «Алаштың» көсемдерінен рухани күш алған еді. Сауатын сол Ахаңның «Әліпбиімен» ашқан ұрпақтың ұлтының қамын ойламай өсуі де мүмкін емес. Бұған Қабдештің туған ортасы да әсер етті. Ортасыз өскен талант –жапандағы жалғыз ағаш сияқты, дараланып көрінгенімен де саясы аз, келешегі келте.

Ал Қабдеш болса қазақтың үш ғасырдан бергі тарихының кіндігі байланған, жеңісінің де, жеңілісінің де, күресінің де куәсі болған Жоңғар қақпасының қапталында туды. Қасиетті Тарбағатайдың бүйіріндегі Шәуешек атты осынау шағын қалада XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында тарихи қозғалыстардың әр қилы күресі жүріп, тай қазандай буырқанып жатты. Өзгелерді былай қойғанда, жер шарын бөліп билеуге ұмтылған үш империяның – Ресейдің, Қытайдың, Ұлы Британияның өзара пәтуаға келіп, қол қойысқан шаһары да осы Шәуешек еді. Мәнжу империясы мен қытай отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін орнату жолындағы күрестің, қазақ, ұйғыр, дүнген ұлттарының азаттық қозғалысының ұйытқысы тура сол ара болғанын ескерсек мұның өзі Шәуешек қаласының тарихтағы орынын анықтап береді.

1950 жылы Шығыс Түркістан мемлекеті құлатылғанша «Алаштың» ұлттық идеологиясы Шығыс Түркістанның ресми идеологиясы ретінде өмір сүрді. «Алашқа» қатысты тарихи кітаптар мен қолжазбалардың әлі күнге дейін сақталып қалуы сондықтан.

Ал, Қабдеш болса, – Ахаңның «Әліпбиімен» сауатын ашты, Әлекеңнің саяси бағдарын ұлттық мұрат ретінде жаттап өсті, Жақаң сияқты «жаңқамның өзі алаштың керегіне жарасын» деп мақсат қойды. Ұлт-азаттық идеясын бойына сіңірген, Ресей мен Қытай империясының отаршылдық саясатын бүге-шігесіне дейін талдаған, азат мемлекеттің азаматы атанып қалған кезінде екі басты алып самұрық пен жеті басты айдаһардың қаһарына ұшыраған халқымен қоса Қабдеш те алпысыншы жылдардың басында тағдырдың сілікпесіне ұшырады. Алматыда оқып жүрген студентті кері шақыртып алып, «оңшыл ұлтшыл атандырып», басына «қалпақ кигізіп», көмір шахтасынан бір-ақ шығарды. Зады, мұндай айып тағылып, ұлтшылдығы үшін түрменің дәмін татқан жазушы да осы Қабдеш болу керек. Тағдыр бұл жолы да Қабдешті қамқорлығына алып, қазақтың «соңғы көшіне» ілесіп ұлы мекеніне ат басын тіреуге мүмкіндік берді.

Міне, сонда ғана өмірдің кақпақылында жүрген Қабдеш ауыр тыныс алып, өзінің өмірінің ең басты мақсатын жүзеге асыруға кірісті. Тағдырдың оған тартқан сыбағасы жеткілікті еді. Енді соны ел мүддесімен ұштастырып, қалың қазақтың рухани қажеттілігіне жарату міндеті тұрды. Жоңғар қақпасындағы «құс жолы» – «қазақ жолы» болған өлкенің тарихы мен тағдырын жазу Қабдештің пешенесіне жазылды. Бұған оны бойға біткен таланты ғана емес, ұлт алдындағы перзенттік парызы да мәжбүр етті.

«Менің қаламымды қозғаушы күш – шындықты айтуға құштарлық» деп жазушының өзі айтқандай, оны өз тұстарынан да, қазіргі замандастарынан да ерекшелендіретін, міне, осы жағдай.

Медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Қазақстан Мемлекет сыйлығының лауреаты (1990). 1998 жылы «Қазақстанның Халық жазушысы» деген атақ берілді. «Парасат» орденінің иегері. Тарбағатай, Үржар және Аягөз аудандарының Құрметті азаматы.


Пайдаланылған әдебиеттер:

Жұмаділов Қ. [Мәтін]: қысқаша өмірбаян // Қазақстан. Ұлттық энциклопедия [Мәтін] / Бас ред. Ә.Нысанбаев. – Алматы, 2002. – Б.70.


Мақалалар:

Асқарұлы, Еркінбек. Қабдеш Жұмаділов: Бала кезімде құймақұлақ, зерек болғаныммен, ашықауыз, аңқау едім [Мәтін] / Е. Асқарұлы // Дидар. - 2012. - 13 сәуір (№42). - Б.10.


Қаныкейұлы, Ермек. Қарасөздің қас жүйрігі [Мәтін] / Е. Қаныкейұлы // Өтүкен. - 2015. - №1. - Б. 187-200.
Омаров, Н. Өмірлік деректің көркемдік шешімі [Мәтін] / Н. Омаров // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2008. - № 3. - Б. 61 - 65.

Қара сөздің қарагері
Алғашқы шағын өлең, әңгімелері Шыңжаң өлкесіндегі "Шыңжаң” газеті мен "Шұғыла” журналында жарияланып, "Жас дәурен” атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1967 жылы жарық көрді. Оның қаламынан сол кезеңнен бастап, "Қаздар қайтып барады”, "Сарыжайлау”, "Шарайна”, "Сәйгүліктер”, "Бір түп тораңғы”, "Бір қаланың тұр­ғындары”, "Қарауыл” атты әңгіме-хикаяттарымен бірге, "Соңғы көш” роман-дило­гиясы, "Көкейкесті”, "Бақыт жолында”, "Атамекен”, "Тағдыр” романдары, "Дарабоз” тарихи роман-дилогиясы, "Таңғажайып дүние” атты ғұмырнамалық романы, "Прометей алауы” романы және әр жылдары жазылған танымдық дүниелері, шағын әңгімелері топтастырылған "Қалың елім, қазағым” кітабы туды.

Қ.Жұмаділов өз шығармаларында сол кездегі саяси ахуалға байланысты тарихи деректерді еш бұрмаламай, Ресей мен Қытай империяларының қазақ жерін отарлауға бағытталған саясатын әшкерелеп, «орыс – темір ноқта, қытай – қайыс ноқта» болғандығын, шындық жалпылама емес, нақты түсінік екендігін дәлелдеп көрсетуінде. Авторлық тұжырым, ұстаным қаламгер дүниетанымымен тығыз байланысты екені баршаға аян. Ол әдебиеттің ардың ісі екендігін, оның киелі де қасиетті өнер екенін түйсініп, қолына қалам алғаннан бері ар тазалығы үшін, жазушының қоғамдағы алатын орны үшін күресіп келеді десек, қателесе қоймаспыз.

Жазушы өз уақытының, өзі ғұмыр кешкен дәуірдің шын мәніндегі жаршысына айналды. Неге екенін қайдам, бізге оның шығармаларының ішінде, өзгелеріне қара­ғанда, еңселілеу, шоқтығы биіктеу көрінетіні – "Соңғы көш” және "Таңғажайып дүние" – адамзат баласы жылап келіп, жылап кетіп жататын мына жарық дүниедегі қазақ деген халықтың бүкіл болмыс-бітімінің, кескін-келбетінің шежіресі. "Соңғы көш” – ғасырлар бойы аузынан "тәубасы” мен "қанағаты” түспеген, ешкімге ұқсамас төлтума мәдениет жасаған, мына жарық дүниеде барша жұртқа гуманизм мен шынайы демократияның жарқын үлгісін көрсеткен, өмірге адамның қонақ екенін терең түйсінген, "қонып бір өтер сай үшін, арам өлер тай үшін” бет жыртыспауға үндеген, жаны жайсаң, жүрегі мәрт жұрттың шынайы тарихы; "Соңғы көш” – қазіргі таңда жаһандану процесі адамзат қоғамына дендеп еніп, материалдық игіліктер бірінші кезекке шығып, руханият әлемі кейінге ысырылған, рухани азғындау, экспансия элементтері, несін жасырайық, қоғамға ене бастаған сәтке қарағанда, рухы биік, өзін табиғатты бағындырушы емес, керісінше, сол табиғаттың бір бөлшегі ретінде түйсінген ұлы дала тұрғындарының айнасы. "Соңғы көш” – табиғи таза­лығын, кәусар бұлақтай мөлдірлігін сақтап қалған көшпелі жұрттың өмір атты керуен – көштегі соңғы бұлқынысы, алапат арпалысы.

Қазақ тарихында туған жер, тас босаға, тал бесік үшін қу далада тәні, құла түзде көрі, құба белде елі қалғанша жанын пида етіп, басын бәйгеге тіккен, қол бастаған батырлар, сөз бастаған шешендер, құдайға шүкір, болған. Тұлпар тұрпатты, сұңқар қанатты, тұғыры биік, замана желі қай жағынан соқса да иілмеген, сынбаған қазақ жұрты Жұмаділов қаламынан "Дарабозды” туғызды, имандылық пен инабаттылықты келер ұрпақ санасына сіңірейін деп жанталасқан Ақтайлақ би тұлғасын сомдаған "Прометей алауын” дүниеге келтірді. Қашан да дүйім халқының қуанышы мен қайғысын шығармашылығына терең арқау еткендер ғана мәңгілік зердеде қалады. Қ.Жұмаділов – халық азабы мен кегін, қуанышы мен қайғысын тарихи тұрғыдан жырлай отырып, оны тұлға ретінде шабыттың шаңқай биігіне көтерген қаламгер. Ол халық болмысының күллі арналары мен тамырларын сәтті ұштастыра білді.



Ғылымда тарихи тамырластық, тарихи сабақтастық деген ұғымдар бар. "Қай дәуір туралы қалам сілтемесін, жазушы – қашанда тарихшы. Әдебиеттің басты парызы – адамзат естелігінің үзік-үзік болмауына күш салу. Шежіре арқауы жалғанбаған жерде, адамзат санасынан ғасырлар ғайып болып, тіпті мыңжылдық жеңістер мен жеңілістер трагедиясы ұмыт қалады. Ал, жазушы адамзат зердесінің бірден-бір жоқтаушысы болғандықтан да тарихтың әлгіндей жыртықтарын романмен, поэмамен жамайды” (О.Сүлейменов) деген пікірге ден қойсақ, Қ.Жұмаділовтің бүкіл романдары тарихи немесе тарихи сипаттағы туындылар деп кесіп-пішіп айтуға болатын сияқты. Жалпы, сүйекті туындыны тарихи немесе тарихи емес роман деп баяғыдан келе жатқан даулы пікірлерге төрелік айтпай-ақ қояйық, олай болудың өзі шартты нәрсе, бірақ Қ.Жұмаділовтің "Дарабозы” – ХVІІІ ғасырдағы қазақтың Отан соғысының, "Тағдыр” мен "Прометей алауы” – сәл бертініректегі оқиғалардың, "Соңғы көш” – ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы оқиғалардың тарихи шежіресі екендігіне ешкім де дау айта қоймас. Сонда оқырман алдынан үш дәуірдің, үш кезеңнің алапат оқиғаларының панорамасы ашылады. Үш романның үшеуі де халық тарихының, дәуір шындығының айнасы іспеттес. Қ.Жұмаділов аталмыш туындыларында жеке тұлғаларды даралай білді, егер тарихтың қозғаушы күші – халық екені рас болса, сол халықты бастайтын серкесі бар емес пе? Қаламгерді толғантқан осы жайттар еді, нәтижесінде Қабанбай, сондай-ақ қазақтың ұлы ханы Абылай, батыры Бөгенбайлар тұлғасы оқырманға жол тартты. Бірде ойлантқан, бірде толғантқан, бірде мұңайтқан, бірде қиялыңды шарықтатқан нәрсе – жазушы бойындағы дала табиғатының, сол даланың еркін перзенттерінің қайсар мінезі… Жазушы тағылымы әр жұмыр басты пендені өзін-өзі тануға итермелейді, мынау жалпақ жер бетіндегі Адам деп аталатын тіршілік иесі өзін-өзі таныса, өз іс-әрекетіне есеп беріп отырса, зұлымдық қайдан келеді – деген сауал төңірегінде толғаныс жасауға шақырады.

Аға буын өкілі І.Есенберлин, өз замандастары Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, С.Жүні­совтер сияқты Қ.Жұмаділов те Әуезовтің шеберлік мектебінен үлгі-өнеге алды, Әуезов тағылымы, Әуезовтің азаматтық, адами нар тұлғасы, кісілік келбеті, ұшан-теңіз білімпаздығы, кең құлашты эпикалық серпіні ол үшін таным мектебі, адастырмас темірқазығына айналды. Әуезов тағылымы қаламгердің қаламынан туындаған Қабанбай, Демежан, Абылай хан, Қанағат би, Нартай, Төле би, Бұқар жырау, Естай, Жолбарыс, Ұзақ, Атаханов, Қылышбаев, Түктібаев, Бибі, Ши-амбы, Матен – амбы, Әмірсана, т.б. кейіпкерлердің дүниеге келуіне, шебер қолмен мүсінделіп, ұлттық әдебиеттегі образдар галереясының толығуына алғышарттар жасады. Адам табиғатын зерттеудегі жазушының көркемдік ізденістер жүйесі, стильдік даралығы философиялық ой-толғаммен шебер ұштасқан. Қаламгердің өз сөзімен айтсақ, "жазушы құдіреттілігі санаңда мықтап орын алған, алайда кешегі уақыт аясында қалған оқиғаны бір сәтке кідірту, қайта тірілту” болса, тарихи оқиға, құбылыстар бар шындығымен, дәйектілігімен оқырман таразысына түседі. Жазушының "Сарыжайлау”, "Сәйгүліктер”, "Бір түп тораңғы”, "Қарауыл”, "Бір қаланың тұрғындары” күні кешегі кеңестік дәуір шындығын бейнелеген туындыларға жатады. Уақыт біреу. Кеңістік те біреу. Бұлар мезгіл мен мекен жағынан ғана емес, ішкі мазмұн, пішін жағынан да сарындас шығармалар. Уақыт та, кеңістік те шексіз. Өмір уақытқа тәуелді. Адам үшін екі түрлі бесік бар: біріншісі – тал бесік, екіншісі – жер бесік. Екеуінің ортасы – кеңістік, жүріп өтуге кететін мерзім – уақыт. Қ.Жұмаділов өз хикаяттары арқылы адам өмірінің уақыт пен кеңістік ауқымындағы мән-маңызына, мазмұнына үңіледі. Дәнеш, Жұмаш, Машанов, Таубай, Айтқұлов, Ағыбай, Ержан, Батырхан, Тәкібаев, Әділгерей образдары – дәуір шындығының бірегей картинасын беріп тұрған бейнелер. Шынайы образ автордың көркемдік, стильдік ізденістерінен туындайды. Қ.Жұмаділовтің қаламгерлік қолтаңбасына, өнерпаздық даралығына оның өмірді жетік білуін, өзі бастан кешкен немесе өзі жетік білетін жайттарды, құбылыстарды көркем туындысының өзегіне айналдыруын, өмір құбылыстарын оқырманына ұсына отырып, әр құбылысқа, оның астарына өзі де, кейіпкері де ойлылықпен үңілуін, әр шығармасының аттарының өзі символ болып келетінін, тақырып алуандылығын, өмір құбылысын суреттегенде тың ой, жаңаша да соны пікірлер айтуға тырысатын жазушы дарынын, ішкі толғаныс пен жүрек тебіренісін, сәулелі сезім мен саналы парасаттылық ұялаған жазушының өз "менін”, сонымен бірге бүкіл шығармаларындағы ішкі-сыртқы үйлесімділіктің тек қана қара­пайымдылық пен табиғилық ұғымдарымен тыныс алатынын, әр туындысында ұлттық болмыстың "менмұндалап” тұратын қасиеттерін жатқызар едік. Оның әр хикаятынан өз шығармалары арқылы табиғаттың ұлы жаратылыс заңына, адам мен адамның, адам мен қоғамның, адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділікті сақтау қағидаларына уақыт пен кеңістік сияқты ұғымдар тұрғысынан үңілгенін байқауға болады. Жазушы өз хикаяттарын бас-аяғы бүтін, біртұтас дүние етіп жазуға, шығаруға тырысқаны сияқты, адамзат баласы өмір деп атайтын мынау жарық дүниені, әлемді, ортаны, қоғамды да біртұтас күйінде қабылдауға құштар. Жазушының табиғи талантын, философиялық көзқарасын бүкіл хикаяттарындағы, оның ішінде "Сәйгүліктердегі” шеберлігі паш етіп тұр. Дала сәнін текті мал – жылқысыз елестету санасына сіңбеген Ағыбай қарияның ауруханада жатқанда өң мен түстің арасында сандырақтап жатып түс көруі, түсінде қып-қызыл алақанды көруі, төскейде жайылып жатқан қалың жылқы, кенеттен ай нұрына шағылысып, жарқ еткен ақ балта жүзінің бітеу, кесек сүйектерге қарш-қарш қадалғанын көруі, сөйтсе, әлгі балтаның жаңқалап жатқаны жылқының сүйегі сияқты еді, бір уақытта қараса, әлгі залымдардың шапқылап, балталап жатқаны жылқы емес, бұның жалғыз ұлы Айдарға айналып кетуі – бәрі-бәрі де бойына жақсылықты да, жамандықты да сыйғызып тұрған, сол екеуінің шарпысуына мыңдаған, миллиондаған жыл бойы куә боп келе жатқан уақыт пен кеңістік туралы автордың тосын шешіміне негізделген. Қарияның жалғыз ұлының қайтыс болған жері, яғни "қайғылы оқиға тас жол бойында, Ағыбай ұрылармен айқасқан тұстан бес шақырымдай беріде болып еді”. Осы бес-ақ шақырым жерде терең ой бар. Философиялық толғам бар. Жалпыадамзаттық көкейкесті проблемалар бар. Бес-ақ шақырым жер жан-жақтан қаумалаған, сөйтіп, небәрі осынша жерді ғана қалдырған қоғамның ызғары, дәуірдің қыспағы сияқты. Расымен-ақ жақсылық атты ұғымға мына жарық дүниеден бұйырғаны бар болғаны бес-ақ шақырым кеңістік болғаны ма? Осыдан жыл бұрын дүние дәл осындай тар емес еді ғой. Шынымен-ақ адамзат баласы ғұмыр кешетін жер атты жұмыр планетада дүние осыншама қусырылғаны ма? Дүниені осыншама тарылтқан кім? Жазушының авторлық толғанысы, яғни адам болмысына үңілуі, сол арқылы барша адамзат баласын ізгілікке, имандылыққа шақыруы, есіңді жи, адамзат баласы, жан-жағыңа қара деп дабыл қағуынан байқалып тұр. Осынау философиялық ой-толғаныс оның барлық хикаяттарына арқау болғанын байқау қиын емес. Бір қарағанда, күнделікті өмірде жиі кездесіп жататын, ұсақ, күйкі тірлікке жататын қарапайым ғана жайттар қаламгер шеберлігі арқасында аса өзекті, жалпы адамзат баласына тән ортақ мәселелерге айналған.

2008 жылы жарыққа шыққан «Мәңгілік майдан» кітабына енген «Найман-Ана ескерткіші» және кітаппен аттас хикаяттары мен «Зауал», «Мерген», «Аманат», «Емен мен қайың», «Әмбебап әйел», «Есі ауысқан адамдар», «Бес немесе қарагер аттың хикаясы» әңгімелері және «Менің өмір жолым оңай болған жоқ», «Күреспен өткен ғұмыр» сияқты мақалалары топтастырылған.

2010 жылы «Тозақ оты» деген атпен шыққан кітабында «Абылайдың ақырғы батыры» повесть-хикаяттары мен бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғайтын «Күйеу бала», «Абақты», «Кешірім», «Бір шөлмек сыра», «Фәни мен бақи дүние арасы», «Тоқымқағар», т.б. әңгімелері мен мақалалары, сыр-сұхбаттары жарияланған.

2014 жылы «Аққуды атпас болар» деген кітабында «Қанды қақпан», «Шырмауық» хикаяттары және «Кәрілерге ем болатын дәрілер», «Жағымпаздың ажалы», «Жеті ата» әңгімелері мен ой-толғамдары енген.

2015 жылы «Академиктің көз жасы» деген хикаятының атымен аталған жеке жинағында «Жан мен тән», «Қысқа өмірде қырық құбылған дүние-ай» деген әңгімелері берілген. Жұмаділов шығармалары көптеген шет ел тілдерінде, соның ішінде орыс, украин, беларусь, өзбек, ұйғыр, қырғыз тілдерінде жарық көрген. Қ.Жұмаділовті ата-баба даналығынан, сол сілтеме қалыптасқан ұлтының ғұмыр сүру дағдысынан, жөн-жосығынан көз жазбай, адамға да, қоғамға да, заманға да сабырлы әрі сергек қарап, өзінің оған деген ішкі пайымын ақ қағазға түсіруден жалықпаған қазақ әдебиетінің абыз жазушысы деу керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Мақалалар:

Дәулетхан, Әлімғазы. "Соңғы көш" туралы алғашқы пікір [Мәтін] / Ә. Дәулетхан // Жалын. - 2011. - №5. - Б. 66-72.


Жұмағұлова, Г. Қазақ қарасөзінің дарабозы [Мәтін] / Г. Жұмағұлова // Мәдениет жаршысы =Вестник культуры. - 2008. - № 6. - Б. 38 – 41
Зайкенова, Руда. Қара сөздің қарагері [Мәтін] / Р.Зайкенова // Қазақ әдебиеті. 2016. - 18 наурыз.(№13). - Б.10.
Зайкенова, Руда. Зарлы шындық жаршысы [Мәтін] / Р. Зайкенова // Жұлдыз. - 2011. - №4. - Б.145-153.

Зарлы шындық жаршысы

Қазақ әдебиетінің алпысыншы жылдардың ортасындағы тағдыры – бақытты тағдыр. Ұлтымыздың бар мүмкіндігі ашылып, қазақ идеясының басы қайта ұлттық нысана ретінде құрала бастаған тұсы да сол кез. Зауалға ұшыраған отыз жылдың ішінде елдің санасын тұман басып, өткен ұмытылып, жалаң идея ғана қалған еді. Тың қуатпен келген жаңа толқын да, айтары мол алдыңғы ағалар да өз шығармалары арқылы ұлтының мүддесін жеткізуге бет бұрды. Қазақта "пешене” деп аталатын шетсіз-шексіз абстрактылы ұғым бар. "Жазмыштан озмыш жоқ” деп жатамыз. Өткен ғасырдың сол алпысыншы-жетпісінші жылдары әдеби үдеріске имене, жасқаншақтай келген Қабдеш Жұмаділов бүгінде сарабдал қаламгер, салмақты жазушыға айналды. Пешенесіне Қытай мен КСРО сияқты сол тұстағы қос империяның күңгейі мен көлеңкесін көру, көріп қана қоймай, өзі бел ортасында жүрген алапат оқиғаларды жан жүрегімен түйсіну, зардабын шегу, тағдыр атты жазмыштың пендесінің маңдайына жазар азды-көпті теперішін көру – бәрі де оның қаламгер ретінде қалыптасуына алғышарттар жасады. Өзі куә болған, көзбен көріп, бастан кешкен оқиға, құбылыстар Жұмаділовтің адами болмысынан берік орын алды. Ол өз қаһармандарын қиял әлемінен іздеген жоқ, жұмыр жерді шарлап, ғаламат оқиғаларды тізіп, өз туындыларына арқау етуге тырысқан жоқ. Оған өмірдің өзі мектеп болды, мынау пәни жалғандағы адамның іс-әрекеті, пиғылы мен ықыласынан туындайтын небір жайттар оның туындыларының өзегіне айналды, қос мемлекетте ғұмыр кешті, екеуін ой таразысынан өткізді, өзара салыстырды. Зерттеді, зерделеді, сана елегінен өткізді. Ол әлемдегі алты миллиардтан астам адамдарды, сол адамдар құрайтын халықтың, ұлыстың тыныс-тіршілігін өз ұлтымен салыстырды. Қаламгер ретінде өз ұлтының мәрттігіне, өзгеге ұқсай бермейтін тектілігіне назар аударды. Сол тектілікті, мәрттікті күні бүгінге дейін насихаттаудан, жазудан жалықпай келеді. Өз туындылары арқылы қаламгер Жұмаділов қара ормандай қалың қазағын биікке көтерді, тағдыр-талайын, адами келбетін өзгеге паш етуге талпынды, яғни жазушы халқын өсірді, халқы жазушысын өсірді.

Міне, сол қазақ идеясының қалыптасуына Қабдеш те батыл кірісіп, тосын тақырыбымен күні кеше ғана тәуелсіз ел болған қазақ мемлекеті бар екенін қалың қауымға көркем шындық арқылы баяндап берді. «Соңғы көш» романы қолына тигенше Шығыс Түркістан мемлекетінің өмір сүргенін шекара маңындағы жұртшылық болмаса, жалпы қазақтың мағлұматы аз еді. Осындағы Жасыбай, Жағыпар, Нұрбек, Нартай, Оспан, Дубек, Тұрсын, Шәкен бейнелері арқылы айтылған қазақтың қазақтық қасиетін сақтап қалу идеясы әркімнің жанына орындалмайтын армандай болып ұялап қалды. Жасы үлкендер мұның астарында «Алашорданың» ұлы мақсаты жатқандығын бірден аңғарды. Қабдеш тарихи шындықты жазып отырса да көркем шындық арқылы ол арманды ұлы жұрттағы қазақтың тағдырымен ұштастыра отырып суреттеді. Көшпелі өмірдің соңғы көші-қонымен қоса қазақ деген ұлттың тарихтан ысырылып бара жатқанын барынша қанық та анық айтты. Шығыс Түркістанның құлауын қасіретті көріністермен бейнелей отырып, Қазақстанның да мұрат-мақсатын жоқтады. Атауы басқа болғанмен де ата мекеннің де арыз-арманы соның ішінде құмыға қайнап жатты.

Ұлттық идея – саяси ұғым емес, үлкен мәні бар ғылым. Ұлттық идеясыз ешқандай халық дербес өмір сүре алмайды. Қазақ идеясы «Алашорданың» тұсында өте биік ғылыми сатыға көтерілді. Ол – ұлттық құрылым, тектілік сипат, дәстүр, психология, сөйлеу мәнері, экономикалық күнкөріс тәсілі, ойлау жүйесі, рәсімдік салттар, ғылыми атаулар, оның ішінде ұлттың өзіне тікелей қызмет ететін ғылым мен білім саласы, халық саны, тағы да басқа толып жатқан рухани сипаттарды қамтиды. Міне, осындай күрделі мәселелерге біз әлі де жете көңіл бөлмей келеміз. Мұның ұлтқа тигізер кесірін Қабдеш Жұмаділов «Соңғы көш» дилогиясында көркемдік шешімінің негізгі нысанасы етіп алды. Қазір де өзінің көсемсөздерінде үзбей қозғап келеді. Қазақ идеясы – Қабдеш Жұмаділовтің өмірлік мақсатының алтын діңгегіне айналды.

Ал «Тағдыр» романы арқылы екі империяның өз мүддесі үшін жері, тілі, діні, өрісі, қыстағы біртұтас ұлтты қалай аяусыздықпен екіге бөлгенін көсіле суреттеді. Жайлауы – жатқа, қыстауы –өзіне қалып, баласы – басқа мемлекеттің қарауына кетіп, өзі Отанында қалған тағдырларды қылыштың жүзімен бөлген де – сол империялық қомағай пиғыл.

Әр таланттың өзегіне біткен алтын жүлгесі бар. Қабдеш үшін ол жүлге – қазақтың елдігінің тағдыры. Кез келген жазушының кемеліне келгендігін танытатын және шығармашылық шыңына бағалайтын бір туындысы барлығы анық. «Соңғы көш» пен «Тағдыр» – сондай шығармалар.

Қазақ елінің екі ғасырлық өмірі қамтылған, тарихи оқиғалар мен бірін-бірі толықтырған бейнелер әдебиетіміздің беттерінен ықылым заманға дейін өше қоймайтын тұлға ретінде өмір сүретініне сенім мол. Енді соған «Дарабоз» дилогиясы келіп қосылды. Алдыңғы кітаптың жарыққа шыққанына екі жыл өтсе де тым-тырыс жатқан әдеби сынның назарын түбінде бір аударатын роман бұл. Марқайған, әбден ақыл-тәжірибесі толысқан тұста қаламына арқау болған Қаракерей Қабанбай батыр туралы бұл шығарма, жұрт күткендей, атыс-шабыстан, найза мен қылыштың жарқыл-жұрқылынан, жоңғарды жапыра қырған батырды бейнелеген көріністерден тұрмайды. Қолдан батыр жасап, қолпаштап, теңеу таба алмай қиналып жүрген Қабдеш жоқ. Өзге-өзге, Қабанбайдың өмірі небір таңғажайып оқиғадан кенде емес. Алайда, Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында мүлдем басқаша әдеби тәсіл қолданған. Аңыздан батырдың бейнесін аршып ала отырып, Қабанбайды алқын-жұлқын, ретті-ретсіз жекпе-жектерге қатыстырмай, кәдімгі сабырлы ақыл иесі ретінде суреттейді. Қабанбайдың білек күшінен гөрі ақыл қайраты басым. Қалың қауымның мұндай әдеби әдісті жатырқап қабылдағаны байқалады. Өйткені, оқырмандарымыздың талғамын атыс-шабысқа әбден кәніктіріп алған жайымыз бар. Қабдеш одан бас тартқан. Ол жауын ақылымен жеңген батырды бейнелеген. Шындығында да, қанша ержүрек болса да, «батыр бір оқтық». Ал Қабанбай – «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» алғашқы шайқасынан бастап атқа қонып, елу жыл бойы ақ туын көтеріп жүріп, қазақты қара қонысына қондырып барып, барлық тауын жастанған ел тұтқасы. Ресей мен Қытай империясының әскеріне тосқауыл қою үшін, ең бастысы, ақыл-айла керек. Абылайдың бас қолбасшысының парасаты да ханға лайық болғаны лазым. Ал ретті тұсында жайрататын жауды аямай-ақ жайратып береді. Батырдың ойлы бейнесі арқылы Қабдеш Жұмаділов қазақ тарихындағы көмескі жайлардың көлеңкелеріне ой сәулесін жіберіп, соны толғана отырып, санадан өткізуді, шындықты бүркемелемей бүгінге жеткізуді мақсат еткен. Бұл – толған, толысқан, ұлттық рухани тұлғаға айналған Қабдеш Жұмаділовтің туған ұлты туралы толғанысы. Ойлы, пайымды, елдігімізді үнемі еске түсіріп отыратын байсалды шығарма.

Қабдештің атын шығарған және қалың қауымға таныстырған алғашқы әңгімесі «Қаздар қайтып барады» деп аталады. Ашаршылық пен таптық қуғынға түскен қарт бір кезде арғы бетке өтіп кетеді. Сонда туған жерінің бір уыс топырағын белбеуінің ішіне түйіп алған екен. Етікші асуының қиын-қыспағынан жанталаса жүріп ата мекеніне қайтып оралады. Бұл – сол жылдары қиын-қыспақты кешіп жатқан Шығыс Түркістандағы қандастарымыздың асыл арманының бірі еді. Тағдырлы талант кейінгі жылдары романға ден қойғандықтан да шағын жанрдан қол үзіңкіреп қалды. Ол заңды да. Әйтпесе, әзілді астарға толы әңгімелерін сүйсіне оқыған, мен сияқты балапан талаптанушылардың талайының бетін көркем әдебиетке бұрғанына, еш шүбәм жок. Сырттай қарағанда үлкен шығармаларының алымды да ауыр тағдырларды суреттеуге арналғанына қарап, Қабдешті тек қасіретті көріністердің жазушысы ретінде бағалайды. Бұл – мүлдем теріс ұғым. Әзіл мен юморға, неше түрлі қиясбайлық мінезге, махаббат машақаттарына құрылған әңгімелері кезінде сыншылардың талай мақаласына арқау болған. Оның қазіргі заманның көкейкесті мәселелеріне арналған, кішкентай адамдардың тағдыры арқылы үлкен қоғамдық ой қозғаған «Саржайлау», «Сәйгүліктер», «Қарауыл» атты повестері мен «Көкейкесті», «Атамекен» романдары – Қабдештің ізденістерінің жемісін танытатын шығармалар. Бұл туындыларда қаламгерлік шеберліктің түрлі қырлары барынша еркін көрінеді. Бір өкініштісі, осы уақытқа дейін сан

қырлы талантты тұлғаның көркемдік шеберлігі мен жазушылық лабораториясы жөнінде арнайы зерттеу жүргізілмей келеді. Біздің ойымызша, Қабдештің тілдік нақыштары, тарихи шындық пен көркемдік шындықты қатар тізгіндеудегі шеберлігі кандай да болсын сыни жүкті көтере алатын зерттеу тақырыбы.

Ұлтымыздың бойындағы ең қасиетті ұғымның бірі – парыз деген сөз. Менің пайымдауымша, Қабдеш Жұмаділов – өзінің ұлтының алдындағы перзенттік, жазушылық парызын толық өтеген азамат. Ешқандай талант өзінің еңбегін бұлдаған емес. Бірақ, өнер иесі шабыттың қанатында ұшып жүретінін ескерсек, әр тұлғаны өзіне лайық биікке көтере білуіміз қажет.

Бұл – елдігіміздің белгісі, адамды сыйлаудың атамыздан қалған жолы. Соны ұмытпағанымыз абзал.

Қабдеш Жұмаділов те өзі аңсаған бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінде тойын тойлап отыр, кешегі тіршілікпен толық есебін айырысып үлгерді және оның рухын өлтірмей мына дәуірімізге жалғастырып әкелді, енді ертеңгі келешекпен де жалғастыратын тұлғалы тағдырын бастап кетті – деген тілекпен аяқтағым келеді.

Қабдеш Жұмаділов әдебиетке өлеңмен келген қаламгер.


«Қызыл сызық» өлеңі

...Шекара бойын бөктерлеп

Көріп пе ең ала бағанды?

Көріп пе ең арғы беттен кеп

Қадалып тұрған адамды?

Қарайды неге сол адам

Көзінің нұры талғанша?

Жат жерде күнін санаған

Арманды жандар бар қанша.

Дауылды күні теңізден

Бөлініп қалған тамшы бар.

Оның да әттең дегізген

Себебі, сірә, бар шығар.

Тағдырдың ғаріп құрбаны

Қайтетді басқа құрыса амал?

Кеудесін тосып тұрғаны

Бұл жақтан соқса бір самал.

Сарыла күтіп ертеңін

Үмітпен көңілін аулауда.

Құштар ол осы өлкенің

Топырағына аунауға

Аралап көрсең нанасың,

Әлемде талай қызық бар.

Бақыт пен сордың арасын

Бөліп тұр қызыл сызықтар.
Пайдаланылған әдебиеттер:

Ол туралы мақалалар:

Сабырбекова, Қарлығаш. Көз жазып туған жердің келбетінен... [Мәтін] / Қ. Сабырбекова // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2013. - №1. - Б. 61-65.

Дәулетхан, Әлімғазы. "Соңғы көш" туралы алғашқы пікір [Мәтін] / Ә. Дәулетхан // Жалын. - 2011. - №5. - Б. 66-72.

Мақалалары:


  • Жұмаділов, Қабдеш. Азаттық аңсаған көш [Мәтін] / Қ. Жұмаділов // Қазақ әдебиеті. - 2008. - 31 қазан (№ 44). - Б. 6.

  • Жұмаділов, Қабдеш. Ақтұманың "ханшайымы" [Мәтін] : хикаят / Қ. Жұмаділов, Б. Төлегенұлы // Жұлдыз. - 2009. - № 9. - Б. 57 - 75.

  • Жұмаділов, Қабдеш. Аманат [Мәтін] : әңгіме / Қ. Жұмаділов // Әдебиет айдыны. - 2008. - 20 қараша (№47) . - Б.10.

  • Жұмаділов, Қабдеш. Аранға түскен аққулар [Мәтін] : тарихи хикаят / Қ. Жұмаділов // Жұлдыз. - 2011. - №1. - Б. 35-62.

  • Жұмаділов, Қабдеш. Көкжал [Мәтін] / Қ. Жұмаділов // Жұлдыз. - 2011. - №9 . - Б. 59-83.

  • Жұмаділов, Қабдеш. Күйеубала [Мәтін] / Қ. Жұмаділов // Жас Алаш. - 2009. - 13 қазан (№82) . - Б. 5.

  • Жұмаділов, Қабдеш. Қаламымды қозғайтын күш - шындықты айтуға деген құштарлық [Мәтін] : сұхбат / Сұхбатт.: Ж. Мұқатай // Дидар. - 2009. - 16 желт. (№221 - 222) . - Б. 7.

  • Жұмаділов, Қабдеш. Найман Ана ескерткіші [Мәтін] / Қ. Жұмаділов // Дидар. - 2009. - 21 тамыз (№137 - 138) . - Б. 7.

  • Жұмаділов, Қабдеш. Тозақ оты [Мәтін] / Қ. Жұмаділов // Жұлдыз. - 2009. - №4. - Б. 3-40.

Ол туралы пікірлер

«Қабдеш Жұмаділов – біздің буында өмірбаяны аса бай жазушы. Енді, міне, өмірден көрген, бастан кешкен сол ұланғайыр мол материал жазушының сарқылмас шығармашылық азығына айналып отыр. Бір елде туып-өсіп, есейген шағында екінші бір елге келіп, сол ел туралы көркем шығарма жазу – екінің бірінің қолынан келер жеңіл нәрсе емес. Бірақ Қабдеш бұл сыннан сүрінбей өтті. Оған бұл жолы да өзінің табиғи талантымен қоса өмір тәжірибесі көмектескені анық. Оның басқаларымыздан бір артықшылығы – өзі көрген екі түрлі өмірді, екі түрлі қоғамдық формацияны салыстыра зерттеуге мүмкіндігі бар. Осы қасиетті Қабдешті жазушы ретінде тез есейтті. Біздің көзіміз үйреніп, етіміз өліп кеткен көп мәселеге ол тың көзбен, сұңғыла реалистің көзімен қарай білді...»

жазушы Әкім Тарази

«Қабдеш Жұмаділов қазақ тарихи романистикасының бүгінгі таңдағы ең беделді өкілінің бірі болып отыр. Бұл оның Қазақстанның бергі бет, арғы бетіндегі досы да, дұшпаны да мойындаған шындық»



акдемик-жазушы Рымғали Нұрғалиев
«Қ.Жұмаділовтың «Дарабоз» роман-дилогиясы әдемі әуенімен баурайтын ән қайырмасындай кредосы бүгін дау-дамайлатып жүрген ұлттық идея түсінігінде жүрегіңнің ең түбінде орын алады. Ол кредо Төле би сөзімен былайша тұжырымдалады: «Халқымыздың қазақ деген есімі- азат деген сөзбен төркіндес. Азаттықтан айырылған – қазақтың құрып біткені...»

профессор Шерияздан Елеукенов
Есімдер көрсеткіші:



Әуезов.М.........................................................

Елеукенов.Ш...................................................

Есенберлин.І. ……………………..................


11

22

11



Жүнісов.С. ..……………………....................

11

Кекілбаев.Ә......................................................

Мағауин.М .………………………................



5

11


Нұрғалиев.Р...... .………………………........

22

Тарази.Ә.......... .………………………..........

22

Мазмұны:

Құрастырушыдан ...............................................

3

Тағдырлы тұлға...................................................

4

Қара сөздің қарагері............................................

8

Зарлы шындық жаршысы...................................

Ол туралы пікірлер.............................................



15

Есімдер көрсеткіші..............................................

22

Мазмұны...............................................................

22


































Құрастырған: Нұрғалиева. Ш. М.

Редакторы: Абдакерова А.Н.

Жауапты: Карчалова. К. Қ.



: docs
docs -> Конкурс құжаттамасының көшірмелерін 2012 жылғы 09 сәуір күні сағат 11. 00-ге дейін Астана қаласы, Бейбітшілік көшесі, 4, 618 кабинетінде сағат 00-ден 18. 30-ға дейін немесе
docs -> Жылдар аралығында бюджеттік бағдарламалар бойынша атқарылған ғылыми жұмыстар
docs -> Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 19 шілдедегі №833 қаулысы «Ғылым туралы»
docs -> Педагогикалық технологияны жобалау-дың әдіснамасы. Ақпараттық, инновация-лық, оқыту, педагогикалық технология-лар
docs -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
docs -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
docs -> БАҒдарламасы жоғары кәсішік білім бакалавриат бекггемш
docs -> Бекітемін Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры


Достарыңызбен бөлісу:
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...