Алаш зиялыларының баспасөздегі көтерген мәселелері және оның тарихи маңызы



жүктеу 49.98 Kb.
Дата10.04.2017
өлшемі49.98 Kb.
.АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ БАСПАСӨЗДЕГІ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТАРИХИ МАҢЫЗЫ
Қасымбекова М.А. аға оқытушы

Қазмемқызпу Алматы қ.


Қазақ зиялылары ХХ-ғасыр басындағы ұлт тағдыры таразыға түскен аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңіндегі азаттыққа ұмытылған халқымыздың мұңы мен мұқтажын арманы мен аңсарын айғақтайтын, ел өмірінің өзекті мәселелерін қамтыған мақалаларының бүгінгі тәуелсіздігіміздің көк байрағы желбіреген тұста маңызы зор. Тәуелсіздік алғанына 25 жылда қазақ елі үшін, ұлттық мемлекетінің іргетасын қалай бастаған қазақ халқы үшін өзінің жүріп өткен жолының ғылыми шынайы тарихын жазу қажеттілігі күннен күнге айқын сезілуде. Өйткені ұлттың бүгінге дейінгі тарихы оның ертеңгі тағдыры. Сондықтан ұлттық кешегісін бүгінінен, бүгінін ертеңінен айыру мүмкін емес.

Қазақ елі сияқты бодан бұғауынан енді ғана босанып, алдына әлемдегі өркениетті халықтар санатына қосылу мақсатын қойып отырған ұлт үшін өзінің өткенін білу, төл тарихынан тағылым алып, оның сабақтарын болашақ мақсаттарға жеткізер негізгі факторларының бірі. Сонымен, бүгінгі қазақ халқы үшін өз психологиясын, шаруашылығын, экономикасын өркениетті нарықтық қатынастар талабына сай қайта құра білу қаншалықты өмірлік маңызға ие болып отырған болса, тәуелсіз ұлттың рухани талғамын қанағаттандырар, оның санасы мен сезіміне әсер етер іргелі ұлттық мәні бар ғылыми тарихтың пайда болуы да сондай маңызға ие болып отыр.

Ал, қазақ халқының төл тарихының табиғи негізі, оның өн бойына енген өзінің тума деректері. Қазақ қоғамы туралы негізгі мәліметтер сақталу формасы әр алуан болып келеді соның бірі қазақ баспасөзі [1].

Қазақ қоғамы үшін ХХ ғасырдың бас кезі түрлі саяси, азаматтық бағыттардың өзара қақтығыс және күрес кезеңі болды. Әсіресе, қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған ақпан және қазан төңкерістері, азамат соғысы еді. Міне, осындай кезеңде қазақ халықының тарихында бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, тұмшаланған ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашылды. Дәл осы уақытта халық санасының дамуына бірден-бір қозғаушы күш болған – мерзімді баспасөз еді [2]. Еліміздің тарихында өткен ғасырдың басында болған ірі дүрбелең оқиғалар мен төңкерістер қоғамдық-саяси дамуға үлкен өзгерістер әкелді. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы, 1917 жылы Ақпан және Қазан революциялары, оларға жалғасқан азамат соғысы қоғамның саяси өмірінде түбірлі өзгерістердің орын алуына әсер етті. Бұл жәйттар алдымен ХІХ–ХХ ғасыр тоғысында қалыптасқан ұлттық-демократиялық интеллигенцияның саяси күреске араласып, ел мен жер тағдырын тереңнен ойлап, осы бағытта нақтылы әрекеттер жасалуына ықпал етті. Осынау аласапыран заманда қазақ зиялылары жаңа қоғам құру сәті келгенін айқын түсініп, ұлттық намысты оятып, халықтың арасында отарлық езгіге қарсы саяси хал-ахуал қалыптастыруды ойлады.

Осы ұлт зиялыларының негізгі мақсаты – қазақ халқын Ресейдің отарлық езгісінен босату және оны өркениетті мемлекет етіп қалыптастыру болды [3]. Осындай міндетті өздеріне мақсат етіп алған қазақтың ХХ – ғасырдың басындағы зиялы қауымы баспасөзді кеңінен пайдаланды.

ХХ – ғасырдың басында демократиялық ұлттық баспасөздің қалыптасып, Ыбырай ізіндегі М.Сералин, С.Көбев, Абай мектебіндегі Ш.Құдайбердиев, С.Дөнентаев, С.Торайғыров сияқты ақын-жазушылардың, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Б.Қаратаев, М.Шоқай, т.б. қоғам қайраткерлерінің тарих сахнасына шығуына жол ашты.

ХХ – ғасырдың басында қазақ қоғамының ең өзекті мәселесі болған отарлық езгіге қарсы халықтың ұлттық санасын оятып, өзара бірлікке жеткізу мақсатында біртұтас идеологияның қажеттілігін түсінген ұлт зиялылары оны жаңа кезеңге сай жүйелеп, қалыптастыру жолында орасан зор жұмыстар атқарды. Саяси күрес жүргізудегі ұлт зиялыларының ұстанған әдістерінің ең маңыздыларының бірі – [4] тағы да осы баспасөз еді. Жалпы ХХ ғасырдың бас кезі қазақ қоғамы үшін, ұлт болашағы үшін қауіпті кезең еді. Бір қоғамнан келесі қоғамға көшу отарлық езгіні тереңдете түсті. Осы тұста қоғамдық күреске қазақ қоғамы үшін мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күш – ұлттық зиялылар араласа бастайды. Орыс мектептері мен жоғарғы оқу орындарында білім алып, отаршыл мемлекеттік басқару аппараттарындағы қызметке және қазақ арасында орыс мәдениетін егіп, тарату үшін даярланған зиялылар мұның бәрін жиып қойып, ұлттық тәуелсіздік пен ұлттық мәдениетін өсіп-өркендеуіне, ұлт өмірін қайта құру мақсатында қызмет ете бастайды. Соның нәтижесінде қазақ қоғамында мүлде жаңа сападағы жағдай қалыптасып, отарлық тәуелділікке қарсы күрес оның негізгі белгісіне айналды. Ал Кеңес үкіметі орнауы барысында зиялылар қызметі күрделеніп, дами түседі.

Барлық көрінісі жағынан қазақ қоғамы үшін нағыз өтпелі кезең болған сол уақытта тарих сахнасына көтеріліп, небары жиырма жылдай уақытқа созылған қысқа мерзімде өшпес із қалдырған бұл ұлт зиялылары кімдер еді? Олар еліміздің тарихында қандай орын алмақ? Бұл сауалдарға тарих толығымен жауап бере алды ма? Әрине, оған толық жауап берілген жоқ. Анығырақ айтқанда, қазақ зиялыларының жүріп өткен тарихи жолы, әсіресе күрделі тарихи өтпелі кезеңдері мен сол кезеңдерге өзінің белсенді қызметімен қоғамдық дамуға пәрменді ықпал еткен түрлі қоғамдық күштердің, жеке тарихи қайраткерлердің өмір жолын талдап, зерттеу әлі аяқталмаған міндет деуге болады.

Біз, яғни кейінгі ұрпақ Кеңес үкіметінің таңдаған жолы – большевизмнің даму жолының сәтсіз аяқталғанының куәсі болдық. Осы орайда біз үшін большевиктер таңдаған жолдан өзге бағыт болды ма? – осы мәселе өзекті болып көрінеді. Тек тәуелсіздік жылдары зерттеле бастаған зиялыларымыздың қоғамдық – саяси қызметі, жалпы ХХ ғасыр басындағы еліміздің саяси жағдайы жөніндегі еңбектер арқылы ғана сұрағымызға жауап іздеуге мүмкіндік туа бастады. Кеңестік тарих ғылымы ұлт зиялыларының қызметін «буржуазиялық , ұлтшылдық» көрінісі деп бағалап келді. Бұл шын мәнінде берілген бағама, әлде ұлы державалық пиғылдағы баға ма еді? Осы сауалдарға жауапты да зиялылардың әрбірінің өмір жолын толық зерттегенде ғана таба аламыз.

Ұлттық зиялылар дегенімізге қандай анықтама беруге болады? М.Шоқай тілімен айтсақ «Белгілі бір мұрат – мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жинақталған оқымыстыларды зиялылар деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтықсыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады. Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр. Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни, жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бар болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде, ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі» [5]. Міне, осы салмақты тарихи міндетті арқалаған ұлт зиялыларымыз деп кімдерді атай аламыз. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Шоқай, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышбаев, С.Қожанов, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытұлы т.б. ұлтқа қызмет еткен азаматтардың қайраткерлік қызметтері зиялылар деп айтуға толық негіз бола алады. Олардың барлығы азаттық үшін алысып өткен. Олардың қызметін жан-жақты зерттеу үшін олардың қоғамдық көзқарасын білу өте маңызды. Зиялылардың ұстанған позициясын халықтың ой-санасына жеткізуші ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлттық-бейресми басылымдары болды.




ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ.

1. Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дереккөзі (1870-1918). – Алматы: 2000.

2. Ибрайымова М. Мерзімді баспасөздің зерттелуі. // Қазақ тарихы – №3, – 1998.

3. Ахметов С. Халел Досмұхамедұлының өмірі мен қоғамдық саяси және ағартушылық қызмет (1883-1939). Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. Алматы: – 2005.



4.Мұхеджанова Р. Отарлық езгіге қарсы ұлттық идеологияның қалыптасуының тарихи мәні «ХІХ ғасырдың екінші жартысымен ХХ ғасырдың басы, тарихи аспект). Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты. – Алматы: 2006. .

5. Мұстафа Шоқай. Таңдамалы. – Алматы: 1999.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет