Адам бақытын өз қолымен жасайды (әл-Фараби еңбектері негізінде) Абдықадырова Т. Р. Тараз қ. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты



жүктеу 128.4 Kb.
Дата18.02.2017
өлшемі128.4 Kb.
Адам бақытын өз қолымен жасайды

(әл-Фараби еңбектері негізінде)

Абдықадырова Т.Р.

Тараз қ. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты
Өмірімізге үлгі боларлықтай ойшыл оқымыстыларымыз бен ел бақыты үшін еңбек еткен ерен ерлеріміз, елі үшін жанын қиған батыр бабаларымыз, халқының қамын жеген ақылгөй даналарымыз баршылық. Осыған орай, қоғам мүшелерінің бойында болуға тиісті тұлғалық асыл қасиеттер жөніндегі ой-тұжырымдарды ең алдымен орта ғасыр ойшылдар еңбектерінен іздестіруге тура келеді. Орта ғасыр ойшылдарының ішінде жеке адамының бойында болуға тиісті адами қасиеттер жайында терең зерттеген ғалым - әл-Фараби. Баба мұраларының қырларын зерттеуде ғалымдарымыз –Бурабаев М.С., А.Машанов, А.Қасымжанов,, М.Орынбеков, Ж.Алтаевтың т.б. еңбектерін атауымызға болады.

Қазақ топырағындағы Отырарда дүниеге келген ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолын сілтеу», «Риторика», «Қайрымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» т.б. педагогикалық, психологиялық, дидактикалық еңбектеріндегі ой-пікірлерінде адам бойында болуға тиісті және тәрбие арқылы жетілдірілетін тұлғалық қасиеттер сараланып көрсетілген. Мәселен, Әл-Фарабидің пайымдауынша жеке бастың тұрғысынан қарағанда бақыт дегеніміз, адамның адамгершілігіне негізделеді. Ол ұғымға, философиялық зеректік пен терең ойлылықтың үстіне, жақсы мінез-құлық та кіреді. Бұл соңғы қасиет адамның іс-әрекетінен тіпті тәуелсіз жатқан, әуел бастан берілетін бірдеңе емес. Жазу өнерінде жетіле түсу шеберлікке жеткізетіні сияқты, абзал іс-әрекеттерді үйрену, осыларды зорлау жайымен емес, қуанышқа кенелетін табиғи жолмен әдетке айналдыру жақсы мінез-құлықты қалыптастырады дегенді айтады [1.58].

Ақыл-ой, адамгершілік этикалық-адамгершіліктен айырғысыз нәрсе: ақылды, демек, ол - адамгершілігі мол, қайырымды адам. Жетілу үшін өзіңе-өзің барынша адал болуың қажет, мұның, әсіресе өз бойыңда бар абзал қасиетті тани білуге, соларға ие болуға және соны дамытуға қатысының барлығы жайында да құнды пікірлер айтқан. Мінез-құлықты жетілдіруді әл-Фараби денені жетілдірумен ұштастырады. Дененің жетілуі денсаулыққа тіреледі. Егер денің сау болса, онда оны сақтауға және нығайта түсуге жағдай жаса, денсаулығың жоқ болса, онда оны табуға көмектесу керек. Дененің саламаттылығы өмір қажеттерінде белгілі бір шараларды сақтауға байланысты рухани саламаттылық ретінде жақсы-мінез құлық та шаманы талап етеді. Жаман мінез-құлықты әл-Фараби рухани кесел деп сипаттайды [2.59].

Бабаларымыз жақсы мінез құлықты, адам бойындағы игі қасиеттердің бірі деп бағалаған. Дені саудың жаны сау деген аталы сөздің мағынасы терең. Ақыл-ойы, адамгершілігі мол, мінезге бай адамды халық ардақтаған, бойында игі қасиеттері бар мұндай адамдарды ерекше құрметтеген. Адам бойындағы ізгі-қасиеттерді зорлау жолымен емес, жақсылыққа, қуанышқа жетелей отырып, тәрбиелеумен ендірудің қажеттілігін түсіндірген.

Әл-Фараби өзінің «Бақыт жолын сілтеу» деген еңбегінде: «Бақыт - әрбір адам ұмтылатын мақсат, өйткені ол белгісіз бір жетілу болып табылады. Мұны түсіндіріп жату (артық) сөзді керек етпейді, өйткені бұл мейлінше белгілі (нәрсе)»,- дейді.

Жетілушіліктің кез-келгені - адам талпынатын мақсат, өйткені жетілу дегеннің өзі бір игілік және оның өзі, адамның қалауы. Адам талпынатын қалаулы игілік ретінде мақсаттардың саны көп болғандықтан, бақыт солардың ішіндегі ең пайдалысы болып табылатындығын зерделейді.

Адам - күрделі де қиын құбылыс. Оның күрделілігі мен қиындығының өзі сонда, оның жұмбағы көп, қалауы мен мақсаты шексіз. Сол қалаулы игіліктердің ішіндегі көп мақсаттардың бірі – ол бақыт. Бұл - игіліктердің ішіндегі ең үлкен игілік. Әл-Фарабидің пікірінше, кейбір адам байлықты бақыт десе, кейбіреулері басқа нәрсені бақыт деп түсінеді. Сондықтан игіліктер ішінде бақыттың орнын жоғары бағалай отырып, соған жетуді қалайтын адамнан оны игерудің әдісі мен амалын табуын талап етеуі керектігіне де мән береді. Ол: «Адамның өмірінде мадақтауға немесе жазғыруға болатын, яки болмаса болмайтын жағдайлар баршылық. Мұндай жағдайларда адам бақытты бола алмайды. Мадақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайлардың жиынтығы қосылғанда ғана бақытқа жете алады»,- деп санайды.

Қиыншылықтарға төзе білетін, шыдамды адамдар ғана бақытты болады. Мұндай адамдардың бойында осы қасиеттерді ажырата алатын, яғни «жақсы ақыл-парасаттылық (адамның) ақиқатқа көзі жеткенінде немесе сол ақиқатқа жеткізетін не нәрсе екенін ажыратуға қабілетті болуында»,- деп кез-келген жағдайда әрекетінің дұрыс болуы үшін не істеу керек? Оған баратын қандай жол бар? Оны анықтап алудың қандай жолы бар?- деген өзекті мәселені жас ұрпаққа түсіндіреді. Ол: «Адам бақытқа жету үшін кез-келген нәрсені ойлап, соған жету барысында саналылықпен әрекет жасаса ғана, бүкіл өмірінде нені қалай жасау қажеттігін, және қалай ажырату керектігін біліп отыратын ақыл-парасатты болса ғана бақытқа жетеді»,- дейді. Ол жас ұрпағымыздың бойында болуға тиісті саналылық, ақыл-парасаттылық қасиеттер бақытқа жетудің бір жолы деп көрсетеді. Әл-Фараби даналықты адам бойында туа бітетін қабілеттілік қасиет деп қарайды.

Әл-Фараби: «Қабілеттіліктің арқасында тамаша да, оңбаған да әрекеттер жасайды. Бұның себебі мынада: адамда тамаша әрекет жасауға да, оңбаған әрекет жасауға да әуел бастан мүмкін қабілеті бар. Дәл осы қабілеттің арқасында ол жақсы да, жаман да ақыл-парасатқа ие болады. Нақ осы сияқты, бұл қабілеттер жан аффектілеріне әсер етеді. Оларда оңбаған әрекеттер жасау мүмкіншілігі тамаша әрекеттер жасау мүмкіншілігімен барабар»- деп көрсетеді [3, 9].

Адам бойында жақсы қасиеттері мен жаман қасиеттері қатар жүреді. Оның бойындағы қабілеттілігін оңбаған әрекеттер мен тамаша әрекеттерге бірдей қолдануға болады дей отырып, адамсүйгіштік, адалдық, әділдік, шыншылдық қасиеттерге құрметпен қарау арқылы оның бойындағы қабілеттілігін тамаша әрекеттер жасауға икемдеу керектігін айтады. Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне опат әкеледі»,- деген аталы сөздерін қалдырады.

Біз, қазіргі заман адамының бойындағы қасиеттердің ең қажеттісі яғни ұлы ғалымның айтқан игі қасиеттері - адамсүйгіштік, адалдық, әділдік, шыншылдық қасиеттерге құрметпен қарау арқылы оның бойындағы қабілеттілігін тамаша әрекеттер жасауға икемдеуге қабілетті адамдар жақсы ұстаз бола алады деп айтпақпыз.

«Азаматтық саясат» деген еңбегінде «Адам бақытты ешбір жағдайда басқа күш арқылы емес, тек теориялық ақыл-парасат күші арқылы ғана пайымдайды. Бұл адамға әрекетшіл ақыл-парасат беретін әуелгі бастамалар мен әуелгі білімдерді адам пайдаланып, пайымдағанда, сонсоң ол талпынушы күш арқылы бақыт жолдарын іздегенде, практикалық ақыл-парасат күші арқылы бақытқа жету үшін ол не істеуі керек екенін ойластырғанда жасалады. Сонан кейін талпынушы күш арқылы ойластыру жолымен біліп алған әрекеттерді жасайды. Қиялдаушы және түйсінуші күштер ақыл-парасат күшін әзірлейді және оған көмектеседі, адамды бақытқа жету үшін жағдай жасайтын әрекеттерге бастайды, міне сонда адам игілікке ие болады. Сөйтіп, ерлік күшіне негізделген игілікке қолы жетеді»,- дейді [3, 124].

«Адам бақытын өз қолымен жасайды. Ақыл-парасатының күші арқылы әуелгі бастамалары мен білімдерін дұрыс пайдаланып пайымдау арқылы және оны қалай пайымдау керектігін терең ойланып, талпынып әрекет жасағанда ғана адам бақытты болады. Игілікке қолы жетеді», - деп адам өмірінің сәттілігін, дұрыс жолға түсуін, ақыл-парасаты арқылы, оны дұрыс түсініп пайымдауының негізінде жететіндігін дәлелдеген.

Зұлымдыққа келетін болсақ, бұл өзі жоғарыда айтқандай, ақыл-парасат күшімен бақытты пайымдағанда, оның мақсатын теріс түсінген күйінде ғана пайымдайды. Адам бақыттың не екенін түсінбестен, ол соған асығыс ұмтылады және бақытты өмірінің мақсаты етпестен, басқа бірдеңені: пайданы немесе абыройды мақсат тұтады. Ол талпынушы күштің жетегімен осыған жетуге тырысады. Осы мақсатқа қалай жетудің жолын ойластырады. Талпынушы күштің көмегі арқылы соны жүзеге асырады. Сөйтіп абсолюттік зұлымдық орын алатындығына тоқталады.

Адам баласына ортақ қасиеттердің болатынын айта отырып, сонымен бірге әр адамның тек өзіне ғана тән қасиет-қабілеттерінің бар екендігін сөз етеді. Кез келген адам бойындағы өзіне ғана тән қасиетінің болатындығын көрсете отырып, «осы табиғи қасиеттердің бәрі ерік күшіне негізделетінін оны тәрбиелеуді қажет ететінін және оларды елеусіз қалдырып, арнаулы амалдармен дамытпаса, тиісті нәрселерге баулымаса, соның салдарынан уақытын өткізіп алса, онда ол қасиетті жойып алуға болатындығын дәлелдейді. Адам бойындағы жаратылысынан болатын игі жақсы қасиеттерін белгілі бір амалдармен тәрбиелемесе, оны дамытпаса, оған дұрыс бағыт-бағдар берілмесе жойылып кететіндігін; ол тәрбиеленушінің бойындағы абзал қасиеттерін танып білу арқылы тәрбиелегенде ғана дұрыс нәтиже беретінін ғалым түсінікті етіп баяндаған. Адамдардың жаратылысынан неге лайықты екенін ажыратып білу арқылы тәрбиелеу керектігін, оның белгілі-бір іс-әрекетке бейімділігін, жетілген-жетілмегендігін ажырату арқылы өзі бейім тұратын іс-әрекетке ыңғайлап, тәрбиелеу аса қажетті іс-әрекет екендігін анықтаған. Өзін-өзі танып тәрбиеленген ұрпақ қана ізгілікке қадам баса алатын ұрпақ бола алады деп ой қорытады. Бұл айтылған құнды пікірлердің қазіргі заман адамын қалыптастыруда да өзіндік орны бар.

«Қайсыбір салада нәтижеге жетуге қабілетті адамдар ондай қабілеті жоқ адамдардың басшысы болады. Бұл оң нәтиже бермейді. Нәтижеге жетуге көбірек қабілеті бар адамдар нәтижеге жетуге қабілеті аз адамдарға басшы болса ғана қарамағындағыларға қуаныш, оң нәтиже береді» дейді [3,130].

Бойында небір тамаша қасиеті бар адамдар болғанымен, егер дұрыс тәлім-тәрбие алмаса, оның игі қасиеттері көрінбейді. Сондықтан, адам бойындағы жақсы қасиеттерін, ерік-жігерін, қабілеттілігін, ақыл-парасатына дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы жетілдіруге болатындығын дәлелдеп көрсетеді. Ол үшін осы тәрбиені беретін ұстаздың «ақылгөй» болуын, оның ролінің ерекше екендігін жоғары бағалаған. «Кез-келген адам айтқанның барлығын орындап, үйреніп, дұрыс ақылдың барлығын іске асыра бермейді. Бұл әрекет адамдардың көпшілігіне тән. Сондықтан ақылды, айтылған өсиетті орындата білетін адамға зәру болады»,- дейді [3,132].

Басқаға басшылық ету әр адамның қолынан келе бермейтіндігін және (тиісті әрекетті жасауға) басқарушы қабілет те әрбір адамда бола бермейтін қасиет екендігін, басқалардың айтқанын ғана істеуге қабілеті бар адам ешбір жағдайда басшы бола алмайтындығын, ондай адамдар барлық жағдайда тек басқа біреудің басшылығында болатындығына тоқтала отырып, ел басқаруды үлкен өнер деп бағалайды. Ұлы ғұлама адам бойындағы тағы да бір өзіндік ерекшелік деп өзгеге өз айтқанын істете білетін адамдардың, яғни «басшылардың» басқару қабілетіне тоқталады. Егер адам бойында өз ойлағанын немесе іс-әрекетін өзгеге істете білетін қасиеті, яғни «ілестіріп алып кететін» ерекшелігі, я болмаса «итермелеуші» қасиеті болмаса ол басшы бола алмайды. Яғни, дұрыс басшылық жасау үшін әрбір басқарушы адамдарға басқарушылық қабілетін шебер ұштастыра білуі керек деген.

«Абсолюттік мағынада бірінші басшы дегеніміз кім? Бұл басқа біреудің басшылығын мүлдем керек етпейтін және ғылымдар мен білімдерінің жетілгені сонша, бұл жөнінде өзіне басшылық ететін басқа адамға мүлдем тәуелді болмайтын дәрежеде шын жетілген адам, ол істеуге тиісті нәрсенің барлығын жеке-жеке, егжей-тегжейлеріне дейін білуге қабілетті болуы тиіс. Сонымен бірге бұл адам өзінің қарамағындағы бірдеңені тындыруға жарайтын адамдардың қандайын болмасын пайдалануға қабілетті; бұл адам басқаларды бақытқа жеткізетін бағытқа сілтеуге тамаша қабілетті. Бірақ бұл жаратылыс қасиеттері өте тамаша, абзал жаралған, әрекетшіл жандарға және ол қасиет ақыл-парасатпен бірге біткен адамдарға ғана тән», деп басшылық іс-әрекеттің ерекшелік қасиеттерін талдап, дәлелдейді.

«Әрбір топ немесе әрбір халық бұл нәрселерді (діни ұғым, пайымдау, адам жанының сәулеленуі т.б.) өздеріне белгілі бағыт есебінде қабылдаған. Бақытқа сенетін адамдардың көпшілігі бұндай ұғымдарға, қиял елесіндегі бір нәрселер түрінде сенеді. Адамдар қабыл алатын, ереже тұтатын, сыйлайтын бастамалар туралы да осыны айтуға болады: адамдардың көпшілігі бұған ұғым түрінде емес, қиял елесіндегі нәрселер түрінде қабыл алады.

Әл-Фарабидің түсінігінше «Бақытқа ұғым түрінде сенетіндер және бастамаларды ұғым түріндегі бірдеңе деп қабыл алатындар–бұлар даналар»[3,147].

Әл Фараби «Азаматтық саясат» атты еңбегінде «надан қала», «адасқан қала», «адамгершіліксіз қала» деп жіктей отырып, бұларды егінді жерге шыққан арам шөптер деп қарау керек және оларды пайдалануға болмайды, оларға зиянды жандарға қолданылатын амалдарды пайдалану керек дегенді айтады.

Қала тұрғындарына қажет қалаларда қажеттілік қоғамы бар, айырбас қалаларда - айырбас қоғамы, пасықтық қалада - пасықтық қоғам, даңғой қалаларда - даңғой қоғам, мансапқор қалаларда - мансапқор қоғам, коллективті қалаларда және азаматтар қалаларында - азат қоғамы бар деп жік-жікке бөле отырып, осылдардың әрқайсысына тоқталып түсіндіреді.

«Қажеттік қаласы мен қажеттік қоғам» дегеніміз – дененің өмір сүруі және қорғануы үшін қажеттілердің [бәріне] ие болу үшін өзара көмек көрсету ісі бар қалалар яғни қажеттілік деп – мал шаруашылығы, егіншілік, аңшылық іс-әрекетермен айналысатын, қажеттіліктің бәрі табылатын, сол қажеттілік жолында халықты басқара алатын, ол жолда өзіндік қулығы, сақтығы, оны басқаруда өзіне қатысты қажеттілікті сақтай алатын басшыларды да анықтайды. Әл-Фараби осы қоғамның өзіндік ерекшеліктерін, ондағы өмір сүру формаларын, басшылар бойындағы қасиеттерді, адамдардың мінез-құлқын, өзі өмір сүріп отырған қоғамның өзіндік ерекшелігін талдайды «Айырбас қаласы мен айырбас қоғамы» деп ауқатты адамдарды және сол жолда әрекет жасап байыған сайын байи беруді армандаған, бұл жолда өздерінше әр-түрлі кәсіппен айналысатын адамдардың қоғамын жатқызады. Осылардың ішіндегі бәрінен де қу, амалы басым адамдарды осы қоғамның басшысы болаған деп көрсетеді.

Адам бойындағы атақтылық қасиеттің қалыптасатынын ұлы ғалым бізге сол кездегі адамдардың ой-түсінігімен, топшылауымен түсіндіруге тырысқан. Атақ-абыройдың қалайша келетінін жіктей отырып, байлық-мансабымен қатар, басқаларға пайдасын тигізетін, өздерінің бойындағы жан сұлулығы мен төзімділігін, қаймықпайтын айбатын көрсете білетін адамдарды атақты адамдар қатарына жатқызады. Абыройқұмар басшы байлыққа, мансапқа қызықпай өздерінің істеген игі істері үшін тек құрметтен басқа ешнәрсе талап етпейтін, өзі істеген игілікті істері үшін мадақтауды ғана талап ететін басшыларды айтқан. Әкімдердің осы қасиеттеріне орай «атаққұмар», «абыройқұмар» басшылар деп екіге бөліп қарастырады.

Атаққұмар басшылар өздерінің қарамағындығы адамдардан алшақтай түседі. Олар адамдарды дәреже-дәрежеге бөліп, оларға атақ әперетін, яғни киім-кешек, үй-жай, тиісті шен, мінетін көлік тағайындап, дәрежесіне қарай үлестіретін, өзі де сондай сый-құрметке ие болатындарды жатқызады. Солайша олар құрметке ие болатындығын, даңғой қала тұрғындары мен даңғой қоғам тұрғындарының басшыларының бойындағы іс-әрекеттерін талдап көрсетеді. Ғалымның басшы бойындағы келеңсіз әрекеттерді ажыратып талдауынан, біз қазіргі қоғамдағы кейбір басшылардың бойындағы келеңсіз қылықтарын сол кездің өзінде көре білгендігін байқаймыз.

Ұлы ғұлама: «Тұрғындардың сан алуан тілегі мен арманын, бұл армандары қаншалықты әр тарапты болса да, қанағаттандыру, бұларды жаудан қорғау үшін қажетті жақсы ақыл-ой мен тапқырлық көрсететін және өзі ең қажетті нәрселерді қанағат тұтып, өз пайдасына ештеңе алмайтын басшы ең қайырымды басшы болып есептеледі»,-деп, қайрымды қала тұрғындарының қайрымды басшысының қазіргі заман адамысына анықтама береді [3,59].

Ғалым байлыққа, жан рахатына, сауық-сайран мен сый-құрметке, зорлық-зомбылыққа бой ұсынбай, ақыл-ойы мен тапқырлығын қанағатшылдыққа жұмсайтын, ел басқаратын басшы қазіргі заман адамын анықтайды. Қалаларды «надан қала», «құлықсыз қала», «адасқан қала», «мансапқор қала», «пасықтық қаласы», «айырбас қала» т.б. деп талдай отырып, осы қала тұрғындарының және оны басқаратын басшыларының бойындағы қасиеттерін саралай келе, қайырымды қала тұрғындарына және қайырымды басшы бейнесіне талдау жасайды, басшы бойындағы осы қайрымдылық қасиетті дәріптейді.

Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылық та адамаға әуел бастан жаратылысынан дарымайды. Бірақ қайырымдылыққа немесе жаман қылыққа (байланысты) жаратылысынан бейім болуы мүмкін. Сонда оған қандай да болсын басқа әрекеттерден гөрі, әлгі [күйден] туатын әрекеттерді істеу оңайырақ болады. Дәл сол сияқты, ол жазумен немесе қандай да болсын басқа өнермен байланысты әрекеттерге бейім болуы мүмкін. Сонымен, оны қандай да болсын сырттан келген басқа бір ниет қарама-қарсы жаққа бағыттап жібермесе, ол әуелбастан-ақ жаратылысынан өзіне оңайырақ келетін әрекетке бет қояды,-дегенді айтады.

Әл-Фараби әр терминге ғылыми анықтама бере келіп, «Даналық дегеніміз – заттардың болмысын айқындап беретін, жалған себептерді және себептері бар заттардың таяу себептерін білуі,-деп көрсетеді [4, 221].

Мәселен, өнер ісінде мінсіз шебер және жетілген адамдарды «дана» деп атайды. Сондай-ақ пайымдағыштық, көрегендік, тапқырлық деген ұғымдарға да психологиялық анықтамалар берген. «Пайымдағыштық дегеніміз – адамның шын мәніндегі ұлы игілікке ие болуы үшін неғұрлым қолайлы да, дұрыс заттарды мінсіз ұғынуы және ашу қабілеті. Көрегендік дегеніміз – кейбір маңызы кем игіліктерге жету үшін не нәрсенің не ғұрлым жақсы және лайықты болатынын мінсіз аша білу қабілеті. Тапқырлық дегеніміз – онан зор бір нәрсеге, игілік деп танылатын байлыққа, рахатқа немесе құрметке жету үшін ненің неғұрлым жақсы және лайықты болатынын анықтаған кезде дұрыс пайымдау қабілеті»,- дейді [4, 36].

Тапқыр ойлы, зерек адамдарды яғни, кез-келген пікір алалығын туғызатын мәселелердің шешімін дұрыс тауып, тапқырлық көрсете алатын болса, кез-келген іс-әрекетті уақыт өткізбей, аз уақыт ішінде тамаша етіп аңғара алса, яғни зерек болса, өзі ойлаған заттарды адамдардың көпшілігі қабылдап, жалпы жұртқа мәлім қағидалар мен тәжірибелерді байқау арқылы дұрыс қабылдай алса, ол адамды бойында қазіргі заман адамилық қасиеті бар адам деп айта аламыз. Біз бұл мақаламызда адамдар бойындағы асыл қасиеттерді әл-Фараби еңбектеріне сүйене отырып, талдадық. Баба еңбектеріндегі адамгершілік, ізгілік қасиеттерді бала бойына сіңіруде ұстаздар қауымының еңбегінің өте қажеттілігін пайымдадық. Осы сынды тарихи еңбектерді бала бойына сіңіре отырып тәрбие жұмыстарын, оқу жұмыстарын ұйымдастырғанда отаншыл елін с.үйетін ұрпақ тәрбиелей алатынымызга болатындығына сеніміміз арта түсті. Қазіргі жаңа технологиялар заманында осы игі мұраларды электрондық жүйеге енгізу, компьютерлік кластарда сабақ жүргізу заман талабы.



Пайдаланған әдебиеттер:
1. Мырзатай Жолдасбекұлы, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек. Ел тұтқа. –Астана: KUL TEGIN, 2001.-348 б.

2 Көбесов Ауданбек. - Әбунасыр әл-Фараби. – Алматы: - Қазақ университеті, 2004.- 173 б.

3. Әл- Фараби. Әлеуметтік этикалық трактаттар. – Алматы: Қазақ ССР-нің Ғылым баспасы , 1975. – 395 б.

4 әл-Фараби. Мемлект қайраткерлерінің нақыл сөздері. Философия-лық-әлеуметтік трактатында. –Алматы: Ғылым, 1975.-305 б.



5. Т.Әбдіқадырова Алаш және ұлт қайраткерлері.-Тараз.-2014ж-267 б.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет