Абдикарим Нурзия (Казахстан, Темиртау) Алтай тілдеріндегі жай сөйлемдердің



жүктеу 104.96 Kb.
Дата11.04.2017
өлшемі104.96 Kb.

Абдикарим Нурзия

(Казахстан, Темиртау)

Алтай тілдеріндегі жай сөйлемдердің

модельдену үдерісі
Жай сөйлемдерді жеке сөздер, сөз тіркестері құрай алатындықтан олардың құрылымы да әр түрлі болып келеді. Жай сөйлемді түрлерге ажыратуда тұрлаулы және тұрлаусыз мүшелердің қатысы, оларды құрайтын сөз табының ерекшеліктері, сөйлемнің мағынасы, коммуникативтік мақсаты, номинативтілігі және предикативтілігі сияқты мәселелер басшылыққа алынады. Қазақ тіл білімінде жай сөйлемдер тұрлаулы мүшелердің қатысына қарай екі құрамды және бір құрамды сөйлемдерге жіктеледі. Екі құрамдыларға жалаң, жайылма, толымды сөйлемдер жатады. Бір құрамды жай сөйлемдерге атау сөз сөйлемде негізгі тірек мүше болатын атаулы сөйлем, бір ғана бас мүшеден – етістік баяндауыштан жасалатын жақсыз сөйлемдер, ойға қатысты сөйлем мүшелері түгел қатыспаған толымсыз сөйлемдер енеді. Сөйлемнің айтылу мақсаты, сазына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлем ретінде бөлушілік бар. Сондай-ақ объективтік болмыстың шындыққа қарым-қатынасына қарай болымды және болымсыз сөйлемдерге бөлінеді. Сөйлемнің мұндай типтері моңғол тіл білімінде де орын алған. Бірақ моңғол тіл білімінде акад. Ш.Лувсанванданның: «Кейбір сөйлемдерде сөз бен жалғау міндетті түрде қатысса, кейбір сөйлемдерде сөз бен жалғау қатыспайды. …жалғаусыз сөйлемдерді біз аялга үгэлбэр (одағай сөйлем) деп атадық. Жалғау қатысып жасалатын сөйлемдерді бүтэц үгэлбэр (құрылымдық сөйлем) деп атадық» [1, 11-13] деген пікірін басшылыққа ала отырып, жай сөйлемді құрылымдық және құрылымдық емес деп екіге бөледі. Екі негізді құрылымдық сөйлем түрлері екі тілде сәйкес келеді. Ал бір негізді атаулы сөйлем мен етістік бас мүшелі жақсыз және толымсыз сөйлемдермен қатар моңғол тілінде есім мен етістік негіздері бірігіп жасалған бір негізді сөйлемдер де бар, мұндай сөйлемдерді оқыту практикасында үш сызықпен белгілейді. Құрылымдық емес сөйлемдерге аялга үг өгүүлбэр (одағай сөз-сөйлем), сул үг өгүүлбэр (бос сөз-сөйлем) дегендерді жатқызады.

Тілдерде мүшеленбейтін сөйлемдер бар екендігін атай отырып, О.Төлегенов мұндай сөйлемдерге есімдерден құралған (атаулы) сөйлемдер, арнаулы модальдік сөздерден құралған сөйлемдер, одағайлардан құралған сөйлемдерді енгізеді. Р.Әміров тілімізде құрылысы жағынан оқшау келетін, құрамындағы сөздерді мүшелік қатынасқа анық даралауға келмейтін сөйлемдер бар дей келіп, оларды реплика ретіндегі лепті сөйлемдер деп атайды. Ал К.Аханов болса одағайлар, әдеп-ізет белгілері, қаратпалар сөйлемге ұқсап айтылғанымен, оларға бастауыш-баяндауыштық құрылым тән емес, сондықтан: «...коммуникативтік қызметі жоқ, яғни бірдеме жайында хабарлауды білдірмейтін информация үшін жасалмаған айтылыстарды сөйлемнің қатарына...емес, айтылыстардың (высказывания) түрлеріне жатқызу керек» [2, 398] деп санайды. Кейбір зерттеушілер мұндайларды сөз-сөйлем, одағай, модаль сөздерден жасалған бір құрамды атаулы сөйлемдер қатарында қарау керек деген пікірді ұстанады. Проф. Ж.А.Жақыповтың пікірінше, бұлардың барлығы да сөйлемді құрылымдық негізде, сөйлем мүшелерінің қатынасуы немесе қатынаспауына байланысты айтылған пікір, ал шын мәнінде мүшеленбейтін сөйлемдер коммуникативтік единица, яғни, пікір білдіруші, хабар жеткізуші құрал болып табылады. «Сөйлем контекстен тәуелсіз тұр дегеннің өзінде, информациялық-семантикалық жағынан толық дегеннің өзінде құрылымдық жағынан толымсыз болуы мүмкін... Ал кейбір сөйлемдер құрылымдық жағынан толық болады...тілдік мағынасы толық, ал сөйлеу, орамды тіл мағынасы тұрғысынан алғанда, контекске тәуелді, тиянақсыз... сондықтан бұл сияқты сөйлемдерге коммуникативтік тұрғыдан, орамды сөйлеу, контекст тұрғысынан қарауымыз керек» [3, 113-114] Яғни, бір және екі негізді сөйлемдердің қай-қайсысы да тілдік ортаның барлық жағдайын ескере келгенде, толымды, толымсыз немесе жалаң және жайылма бола алады. Біз сөйлемнің бұл түрлеріне – сөйлем мүшелерінің қатысу, қатыспауына қарай бөлінісіне тоқталмаймыз. Себебі, біздің зерттеу жұмысымыздың негізгі мақсаты сөйлемді құрайтын ішкі бөлшектердің ұқсастығы мен ерекшеліктерін құрылымдық-семантикалық тұрғыдан сипаттап салғастыру екендігін назарға ала отырып, біріншіден, сөйлем мүшелерінің сөйлем құрамына қатысу, қатыспауы тілдің функционалдық-коммуникативтік жағына қатысты болатындығына байланысты, екіншіден, ІІ тарауда сөйлем мүшелерінің жасалу жолдары арнайы сөз болатындықтан, қазақ, моңғол тілдеріндегі бір құрамды жай сөйлемдердің жасалу жолдары, сөйлемнің айтылу мақсатына қатысты түрлері, жай сөйлемнің болымдылығы мен болымсыздығы, сөйлем модальділігінің берілу жолдары және сөйлемдегі оқшау сөздердің ұқсастығы мен ерекшеліктеріне арнайы тоқталмақпыз.

Қазақ тіл білімінде жай сөйлемнің негізгі желісі түрлі жақтардан қосымша мәндермен сипатталып, құрылымдық көлемінің ұлғайтылған түрін жеке типтік күрделенген жай сөйлемдер ретінде тану қалыптасқан. Оларға: айқындауышты сөйлемдер, қыстырма сөйлемдер, қыстырынды құрылымдар, көсемше оралымды сөйлемдер, есімше оралымды сөйлемдер, қаратпалы сөйлемдер жатады. Ал моңғол тіл білімінде мұндай сөйлемдер тобы қарастырылмайды, бірақ соңғы кезде шыққан академиялық оқулықта моносубъектілі полипредикатты немесе көп субъектілі монопредикатты сөйлемдерді жай және құрмалас сөйлемдердің аралық сипатындағы сөйлемдер ретінде танудың қажеттілігі айтылып жүр.

Қазақ тіл білімінде бір ғана бас мүшенің қатысымен берілген сөйлемдер жөніндегі алғашқы пікірді проф. М.Балақаев айтқан болатын. Ғалым бір құрамды сөйлемдердің бастауышсыз сөйлемдер екенін айта отырып, белгісіз жақты сөйлемге ІІІ жақтық жалғауда келіп, іс әрекет иесі кім екені белгісіз болатын сөйлемдерді жатқызады да, жалпылама жақты сөйлемге баяндауышы ІІ жақтық жалғауда келіп, мағынасы үш жаққа бірдей ортақ болып келетін сөйлемдерді жатқызады. Ал ғалым Ғ.Мадина бұлардың мағынасында айтарлықтай айырмашылық жоқ, сондықтан оларды белгісіз жақты сөйлем деп атайды. Ғалым Ж.Садуақасов сөйлемдерді «предикативтік мүшелердің қатысына қарай және сөйлем мүшелерінің қатысына қарай деп бөлген орынды. Сонда сөйлемдер предикативтік мүшелердің қатысына қарай – бір құрамды және қос құрамды немесе бір бас мүшелі және екі бас мүшелі деп бөлінеді» [4, 67] деген пікірді ұсынады. Қазақ ғалымдары бір құрамды сөйлемдердің қатарына грамматикалық жағынан бір ғана предикативтік бас мүше құрылымда келіп, субъектілік бас мүшемен толықтыруды қажет етпейтін сөйлемдер: 1) белгілі жақты; 2) жалпылама жақты; 3) белгісіз жақты; 4) жанама (жақсыз) жақты сөйлем; атау сөз сөйлемде негізгі, тірек мүше болып, баяндауышпен толықтыруды қажет етпейтін сөйлем – атаулы сөйлемді тануды жөн көреді.

Алтаист ғалымдардың пікірінше, «Жалпы тіл білімінде жақсыз сөйлемде бастауышы жоқ, бастауышы болуы да мүмкін емес деген жалпылама анықтама бар. Бірақ бұл анықтаманы сол тілдің өзіндік ерекшелігіне сай түсіну керек, себебі моңғол тілінде баяндауыш жақтық көрсеткішсіз болатындықтан іс-әрекеттің субъектісіз, грамматикалық бастауышсыз болуы» [5, 38] екі құрамды сөйлемдерге де тән болып келеді. Сондай-ақ, моңғол ғалымдары белгілі жақты (тодорхой эзэн биет), белгісіз жақты (тодорхойгүй эзэн биет), жалпылама жақты (ерөнхий эзэн биет) дегенді логикалық ыңғайдағы пайымдау деп қабылдайтындықтан, бір құрамды сөйлемдерді етістік негізді жақсыз сөйлем, есім негізді атаулы сөйлем және есім мен етістіктің бірігуінен жасалған бір құрамды сөйлем деген үш түрге бөліп қарастырады.

Бір құрамды жақсыз сөйлемдер (жанама жақты – эзэн биегүй өгүүлбэр) – қазақ, моңғол тілдерінде бастауышсыз, бастауышты қалпына келтіруге болмайтын, баяндауыштар тобынан тұратын сөйлемдер. Олардың атау тұлғалы грамматикалық бастауышы жоқ, субъект мәні арнаулы септік не тәуелдік жалғаулы сөздер арқылы логикалық ыңғайда байқалатын немесе мүлдем байқалмайды. Қазақ тілінде жақсыз сөйлемнің бас мүшесі төмендегідей жолмен жасалады:

а) Қимыл есімдеріне, олардың жіктелген түрлеріне әр түрлі модаль мәнді сөздердің (мүмкін, мүмкін емес, керек, керек емес, тиісті, тиісті емес) тіркесу арқылы жасалады. Моңғол тілінде де –х тұлғалы есімшеден соң магадгүй, боломжгүй, хэрэгтэй, хэрэггүй, ёстой, ёсгүй, деген модаль мәнді сөздер жұмсалады, бірақ қимыл есімдері жіктеліп қолданылмайды, логикалық субъект қазақ тіліндегідей ілік септігінде емес, өгөх-орших (барыс-жатыс) септігінің тұлғасында тұрады. Мысалы: Біздің ашық сөйлесуіміз керек. (Б.Бұлқ.) Бидний (бидэнд) ил ярилцах (нь) хэрэгтэй.

ә) Қазақ тілінде қимыл есімдерінің барыс септіктегі тұлғасына бол- көмекші етістігі және оның болымсыздық тұлғалары болмас, болмайды сөздері тіркесіп келіп жасалған жақсыз сөйлемдер моңғол тілінде етістіктерге –ж, -ч көсемше тұлғалары, соңынан болымсыздық болохгүй, болохгүй байх көмекші етістіктері тіркесіп келу арқылы беріледі. Мысалы:

Бұл мәселенің ешқандайына келісуге болмайды. (С.С.)

Энэ асуудлын ямарт нь ч (ямарыг ч) зөвшөөж болохгүй.

б) Қазақ тілінде қимыл есімдерінің барыс септіктегі тұлғасына тура кел- деген көмекші сөз тіркесіп жасалған баяндауыштар моңғол тілінде шығыс септігіндегі қимыл есіміне өөр аргагүй бол- (басқа амалсыз бол-) тәрізді сөздердің тіркесіп келуі арқылы беріледі. Мысалы:

Сол кезде де үлкен мәмілегерлік іске жүгінуге тура келді. (Ә.Кек.)

Тэр үед ч томоохон хэлэлцээрт (ийг) хүлцэхээс өөр аргагүй боллоо.

в) Қазақ тілінде көсемше және шартты рай тұлғалы етістіктерге бол- (болмас, болма-) көмекші етістіктерінің тіркесіп келуі арқылы жақсыз сөйлем жасалады. Мұндай сөйлемдер моңғол тілінде де бар.Мысалы:




Мынау елдің бұл ісін аяқсыз тастап болмайды. М.Ә.)

Энэхүү улсын уг явдлыг үр дүнгүй орхиж болохгүй.




г) Қазақ тілінде не? қашан? деген сұрау есімдіктері мен керек, қажет деген сөздердің, кейде –ып/-іп,-п тұлғалы көсемшенің тіркесуі арқылы жақсыз сөйлем жасалады. Моңғол тілінде де юу? юун? сұрау есімдіктері билээ (е-), хэрэг (керек) модаль сөздердің ілік немесе өгөх орших (беру-болу) септігіндегі логикалық бастауышпен келуі арқылы беріледі. Мысалы:


Заавал аягаа авдаг нь юу ч билээ. (Ц.Лувс.)

Қайткенде де кесесін алғаны не(сі) екен.




ғ) Қазақ тілінде –ған, -мақ тұлғаларындағы есімшелерге керек, қажет, дұрыс т.б. модаль сөздердің тіркесуі арқылы жақсыз сөйлемдер жасалады, моңғол тілінде есімше –х (қаз: -у) тұлғасымен, ал модаль сөздер –тай (қаз: -ты) тұлғасын үстеп алады, бірақ логикалық субъект атау септігінде беріліп, екі құрамды сөйлем ретінде беріледі. Мысалы:


Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. (Абай)

Эрдэм ном сурахаар эрмэлзэгчид(Ø) юуны урьд мэдэх хэрэгтэй.




д) Қазақ тілінде –қы/кі, -ғы/гі жұрнақты етістіктің тәуелденген түріне кел- көмекші етістігінің тіркесіп келуі арқылы жасалады. Моңғол тілінде жақсыз сөйлем мұндай жолмен жасалмағанымен, -қы кел- тұлғаларының орнына есімшенің –маар тұлғасы санагда- (санаға, ойға келе беру) деген етістікпен, логикалық субъект надад (маған) деген тұлғада тұрып жасалады. Ал қазақ тіліндегі ілік септік тұлғасындағы логикалық субъектіні моңғол тілінде сол қалпында берсек, сөйлем түсініксіз болып шығады. Сондықтан субъектіні атау септігінде беріп, не жақты сөйлем ретінде, не болмаса баяндауыштың тұлғасын өзгертіп, жақсыз сөйлем ретінде беруге болады. Мысалы:


Менің сізге ол көрпенің тарихын да айтып бергім келді. (Ә.Нұрш.)
Миний (би) танд тэр гуудасны түүхийг ч ярьж өгөхийг хүслээ. Надад танд тэр гуудасны түүхийг ч яримаар санагдаад байлаа.


е) Қазақ тілінде идиомалық тіркестердің құрамында сөйлемнің бастауышы боларлық сөз қатысып, баяндауыш ретінде біртұтастанып кеткен бір құрамды жақсыз сөйлемдер бар. Мұндай сөйлемдер моңғол тілінде де бар, бірақ қазақ тіліндегі идиомдық тіркестерге сәйкес келетін баламасы моңғол тілінде жоқ болған жағдайда идиомдарды ажыратып, жақты сөйлем ретінде беруге болады. Мысалы:


Абайдың Шұбарға жаны ашығандай болды. (М.Ә.) Абай(гийн) Шубарт ээлтэй хандах шиг боллоо.


Бурят тілінде есім сөз –тай, -гүй қосымшалы есім сөздер немесе олардың бай- көмекші етістігімен тіркесіп келуі арқылы жақсыз сөйлемдер жасалады. Мысалы: Маргааш эрдэм шинжилгээний хуралтай. Ертең ғылыми зерттеу жиналысты. Надад аймшигтай байлаа. Маған қорқынышты еді.

Қорыта келгенде, жай сөйлемдердің модельдену үдерісінің негізгі сипаты барлық алтай тілдерінде ұқсас, ал олардың айырмашылықтары тұлғалық көрсеткіштерінде болатындығы байқалады.


Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Баскаков Н.А. Алтайская семья языков и ее изучение. Москва: Наука., 1981. – 135 с.

  2. Лувсанвандан Ш. Орчин цагийн монгол хэлний бүтэц (үг нөхцөл хоер нь) УБ., 1968. – 126 хууд.

  3. Аханов К. Тіл білімінің негіздері: Оқулық, 3-бас. – Алматы: Санат, 1993.

  4. Жакупов Ж.А. Қазақ тілі функциональдық синтаксисі (контекст проблемасы) АДД, Алматы, 1999.

  5. Сәдуақасов Ж. Белгісіз және жалпылама жақты сөйлемдер.//Қазақ тілі мен әдебиеті. №3, 1996.


Бұл мақала Украинаға халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға жіберіледі. Егер бүгін (29.03.16) ақшасын төлеп үлгерсем, жіберемін.



Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет