А. Е. Смагулова «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығының 1-курс магистранты М. К. Толымгожинова



жүктеу 112.24 Kb.
Дата09.09.2017
өлшемі112.24 Kb.
А.Е. Смагулова

«Мемлекеттік және жергілікті басқару»

мамандығының 1-курс магистранты

М.К.Толымгожинова

экономика ғылымдарының кандидаты

Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті
ӨҢІРЛІК ЭКОНОМИКАНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУЫНДАҒЫ ЖОБАЛАРДЫ БАСҚАРУДЫҢ РӨЛІ
Мақалада өңірлік экономиканың стратегиялық дамуында жобаларды басқару бағдарламаларының өзектілігі атап көрсетілген, жобаларды басқару ұғымына анықтамалар мен жобалардың жіктелуі берілген, өңірлік деңгейде жобаларды басқару жүйесін іске асырудың көп деңгейлі моделі ұсынылған.
Түйін сөздер: өңір, өңірлік экономика, инвестиция, инвестициялық процестер, жобаларды басқару
Қазақстандағы экономикалық қарым-қатынастарды дамытудың қазіргі кезеңінде өңірлік экономиканы дамыту өзекті мәселе болып табылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымына байланысты Қазақстан өңірлерінде экономикалық өсудің алғышарттарын қалыптастыру жөніндегі қызметті жаңарту мәселесі маңыздылығын жоғалтпаған.

Осыған байланысты қазіргі кезде өңірлік құрылым, өңірлік даму және өңіраралық қарым-қатынастарға ерекше назар аударылуда. Бір-бірімен өзара әрекетке түсетін ашық шаруашылық-экономикалық құрылым ретінде классификацияланатын, нәтижесінде мемлекеттік экономиканың тұтастай алғандағы экономикалық сипаты мен құрылымын айқындайтын экономикалық белсенділік қызметін өңірлік экономикалық жүйеге қарай ығыстыру негізінде жалпы мемлекеттік стратегиялық даму бағыттарын іске асыру мәселесі бірінші кезекте тұр. Сонымен қатар, өңірлердің құрылымы біркелкі емес екендігін атап өткен жөн, аймақтардағы ресурстардың құрамы мен құрылымы әр түрлі болғандықтан олар мемлекеттік экономикадағы орны мен маңыздылығына байланысты иерархияланады.

Мемлекетіміз бірыңғай жоспарлы экономикалық жүйеден нарықтық экономикаға көшкен кезде салааралық және салаішілік байланыстар бұзылып, шикізаттық және кооперациялық қатынастар жойылған болатын. Аталған жағдайдың салдары ретінде өңірлердің экономикалық дамуындағы әркелкілікті айтуға болады. Нәтижесінде, Қазақстанның нарықтық экономикаға көшуі өңірлердегі өндірістік-шаруашылық байланыстардың барынша әлсіреуі, өндірістік-экономикалық оқшаулануы және өндірістік-экономикалық әлеуеттің төмендеуіне әкеп соқты.

Қазіргі таңда өңірлерді дотациялық және өзін-өзі қаржыландыратын деп екі үлкен топқа бөлуге болады. Өңірлерді осылайша жіктеу арқылы әлеуметтік-экономикалық дамудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру осы бағдарламалардың жүзеге асуына қажетті жағдайлар мен ауқымын анықтайды. Осыған байланысты, Қазақстандағы заң шығарушы және атқарушы билік органдарының шешімдерінен көрінетін өңірлер экономикасының негізгі даму бағыттары айқындалады. Аталған шешімдер Қазақстанның жалпы әлеуметтік-экономикалық даму бағыты ретінде, сондай-ақ өңірлердегі ұлттық жобалар ретінде іске асырылып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясын қалыптастырады.

Экономикалық қатынастардың қазіргі кезеңінде мұндай жобаларды іске асыру процесі оның мұқият жоспарлануынсыз және жүзеге асыру барысына бақылау жүргізусіз мүмкін емес. Қазіргі дағдарыс жағдайында өңірлік экономикалық жүйе шеңберінде өңірлер экономикасының қарқынды даму жолдарын, әдістерін, формаларын, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттарын жүзеге асыру процестерін жоспарлау, ұйымдастыру, басқару, бақылау және талдау құралдарын анықтау өте өзекті болып отыр.

Қазіргі жағдайда басқару объектісі бірыңғай кешендік өңірлік жобалар ретінде ұсынуға болатын дамудың басымды бағыттары болып табылатын жобаларды басқаруды өңірлік экономикалық жүйелерді дамыту бағдарламаларын іске асырудың ең тиімді формасы деп қарастыруға болады.

Жобаларды басқару бойынша түрлі әдістер нақты экономикада кеңінен қолданылады және ғылыми әдебиеттерде де кеңінен талқыланады. Біздің жағдайда өңірлік деңгейде әлеуметтік-экономикалық нысандарды дамыту бойынша жобаларды басқарудың бейімделген механизмін қарастыру қажет.

Авторлар жобаларды басқару жүйесінің мәні мен мағынасын түсіндіруде әрқилы анықтамалар берді. К. Хелдман жобаларды басқаруды бірнеше құрамдас бөліктерден, соның ішінде жоспарлаудан тұратын процесс ретінде қарастырады. Жоспарлау жобаларды басқарудың ең маңызды функцияларының бірі болып табылады [1].

С. Портнидің айтуы бойынша, жобаларды басқару – бұл жобаға қатысты барлық жұмыстарға бастан аяқ басшылық ету процесі [2].

П. Мартин және К. Тейт жобаларды басқаруға келесідей анықтама береді: жобаңыздың ең жақсы нәтижеге қол жеткізуіне көмектесетін құралдар, технологиялар мен білімдер жиынтығы [3].

В.Л. Поповтың айтуы бойынша, жобаларды басқару – бұл бекітілген бюджет аясында және техникалық ерекшеліктер мен талаптарға сәйкес жобаны тиісті уақытта аяқтаудың басқарушылық міндеті [4].

Жоғарыда аталып кеткен анықтамалардың көбінде жобаларды басқару шектеулі уақыт жағдайында үздік нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететін құрал ретінде сипатталады. Мұндай анықтама өңірлік экономика мәселелеріне жақынырақ келеді, яғни жобаларды басқару жеке әкімшілік құрылым аясында, әсіресе ресурсы тапшы өңір бойынша ең үздік нәтижелерге қол жеткізу мақсатында жалпы мемлекеттік экономиканың және оның жеке салаларының, сондай-ақ қажетті процестер мен тетіктерін дамытудың стратегиялық бағыттарын қалыптастырады. Өңірлік экономика тұрғысынан жобаларды басқару тетіктерін қолдануға арналған тәсілдер мен әдістемелерді қалыптастыру үшін жобаларды басқару жүйесін іске асыру нұсқаларын, түрлерін және нысандарын ашып көрсету қажет. Мұндай нұсқалардың көптігі өңірлік экономика жағдайында нәтижесінде барынша қолайлы тетігі айқындалатын жобаны басқару процесін жүзеге асыру нысандары мен әдістерін жіктеу арқылы анықталады.

Біздің ойымызша, жобаларды басқару түрлерін тігінен жіктеу үшін жобаларды басқарудың жүйеқұраушы факторы ретіндегі мақсатын анықтау қажет. Бұл жобаларды басқару түрлерін анықтаудың басты ерекшелігі және негізі критерийі болып табылады.

Жобаның мақсаты – бұл жобаларды орындаудың белгілі бір шарттарына сәйкес жобаның соңында қол жеткізілуі тиіс жобаларды басқару қызметінің қажетті нәтижесі болып табылады. Жобаның мақсаты жобаны басқарудың ауқымын, ұзақтығын, көлемін, сонымен қатар оның өңірлік экономикадағы маңызын және сол аймақтың экономикасының жалпы мақсаттарына сәйкестігін анықтайды. Отандық және шетелдік әдебиеттерде жобалық басқарудың мақсаттарына байланысты жобаларды басқарудың тәсілдері мен нысандарының алуан түрлілігін көрсететін көптеген жіктелу формаларын табуға болады [1;2;5].

Аталған жобаларды басқарудың тәсілдері мен нысандарын төмендегідей жіктеуге болады:


  1. Өңірлерді дамытудың стратегиялық міндеттеріне қатысты мыналарды бөліп көрсетуге болады:

  • өңірлік мақсаттарға бағытталған жобалар;

  • өңірлік экономиканың салалық, инфрақұрылымдық кіші жүйелеріне бағытталған жобалар;

  • бірыңғай түпкі өнім өндіруге негізделген кәсіпорындар мен ұйымдардың жекелеген салалық топтарының мақсаттарына бағытталған жобалар;

  • құрылымаралық, салааралық өзара іс-әрекет мақсаттарына бағытталған жобалар.

Мақсаттың сандық және сапалық параметрлерінің құрамы мен құрылымына қарай түпкілікті нәтижеге бағдарлаған жобалар мынадай түрлерге жіктеледі:

  • бір мақсаттық жоба;

  • бір салаға бағытталған бірнеше мақсаттары бар көп мақсатты жобалар;

  • көптеген жергілікті және импортталатын ресурстарды, активтер мен инвестиция тарта отырып, жаһандық мәселелерді (мысалы, ұлттық жоба) шешуге бағытталған өңірлік экономиканың әр түрлі салаларына бағдарланған көптеген мақсаттары бар мақсаттық бағдарламалар.

  1. Өңірлік экономиканың құрылымдық кіші жүйелеріне қатысты төмендегідей бағыттардағы жобаларды бөліп көрсетуге болады:

  • Өнеркәсіптік өндірісті дамыту;

  • Инновациялық технологияларды дамыту;

  • Әлеуметтік саланы дамыту;

  • Еңбек ресурстарын және олардың зияткерлік компоненттерін дамыту;

  • экономиканың кеңістіктік бөлінуін және ресурстық әлеуетті пайдалануды дамыту;

  • сыртқы өңіраралық байланыстарды және олардың кооперацияларын дамыту.

Өнеркәсіптік өндірісті дамытуға бағытталған жобалардың мақсаты болып ең алдымен өндіріс көлемін ұлғайту, сондай-ақ өнеркәсіпті жетілдіру және оңтайландыру болып табылады. Сонымен қатар өнеркәсіптік өндірісті дамытуға бағытталған жобалар нарықтық сұранысты қанағаттандыру мәселелерін шешуге, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының пайдасын арттыруға бағдарланған.

Инновациялық технологияларды дамытуға бағытталған жобалардың соңғы ғылыми жетістіктер негізінде қоғамдық өндірістің және тұтастай алғанда өңірдің экономикасын жаңғырту міндеттері бар.

Әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған жобалар өңірде шоғырланған халықтың өмір сүру салты мен деңгейін оңтайландыруға және жетілдіруге жұмылдырылған. Көп жағдайда мұндай жобалар қызмет көрсету саласында жүзеге асырылады.

Денсаулық сақтау саласының дамуына бағытталған жобалардың мақсаты халыққа медициналық қызмет көрсетуді оңтайландыру және жетілдіру болып табылады.

Еңбек ресурстарын және олардың зияткерлік компоненттерін дамытуға бағытталған жобалар еңбек ресурстарының біліктілігін арттыру әдістемесін жақсарту, кәсіби білім мен дағдыларын дамыту мақсатында іске асырылады.

Экономиканың кеңістіктік бөлінуін және ресурстық әлеуетті пайдалануды дамытуға бағытталған жобалар өңіраралық деңгейде экономикалық жағдайлар мен шаруашылық ресурстарды мейлінше теңестіруге ұмтылады.

Сыртқы өңіраралық байланыстарды және олардың кооперацияларын дамытуға бағытталған жобалар өңіраралық сауда мен саясатты, сонымен қатар бірлескен іс-шараларды қолдау және дамытуға бағдарланған.


  1. Жобалардың түрлері мен сипаттарына қарай оларды келесідей түрде жіктеуге болады:

  • Проблемалық салалар мен білімдердегі процестерді анықтау және олардың қадамдық инвестицияларды тарту есебінен дамыту мәніне ие зерттеу жобалары. Нәтижесінде білімнің жаңа салалары, жаңа қолданбалы ғылымдар, басқарудың және қоғамдық өндірісті дамыту процесін іске асырудың жаңа құралдары мен әдістері пайда болады;

  • Басқарудың мәні инвестициялық процесті ұйымдастыру, оның элементтерін, қадамдарын қалыптастыру, уақыт пен кеңістік бойынша оның элементтерінің құраушыларын анықтау болып табылатын, нәтижесінде жобалық басқарудың жалпы схемасын анықтауға мүмкіндік беретін ұйымдастырушылық жобалар;

  • Мақсаты инвестициялық обьектілердің арасындағы себеп-салдарлық қатынастарды зерттеу және жобаның ерте кезеңдерінде, өтеу мерзімі кезеңінде және аяқталу кезеңінде оның тиімділігін анықтауға мүмкіндік беретін критерийлерге сәйкес параметрлерді анықтау болып табылатын аналитикалық жобалар;

  • Нәтижесі жақын және алыс болашақтағы жетістіктерді анықтау мақсатында болжау әдістерін қолдану арқылы жасалған инвестицияларды тарту бойынша жоспарлы стратегия болып табылатын жоспарлы-болжамдық жобалар.

Өңірлік экономикаға қатысты және жобалардың жоғарыдағыдай жіктелуі негізінде өңірдегі жобаларды басқарудың оңтайлы жүйесін құру мақсатында үш деңгейлі модель түріндегі жобалық басқаруды жүзеге асыру схемасын ұсынамыз. Аталған модель әр деңгейі өзіне тән жоблық басқару міндеттерін шешетін, сонымен қатар тік және көлденең байланыстардың күрделі құрылымына ие оқшауланған иерархиялық деңгейлер жиынтығы ретінде таныстырылған.

Бірінші деңгей – инвестициялық жобаларды басқарудың мақсаттарын анықтап алу. Өңірлік деңгейдегі инвестициялық жобалардың мақсаттарын қалыптастыруға қабілетті бірінші деңгейдің элементтері ретінде мемлекеттік және заң шығарушы билік органдарын, сондай-ақ тиісті мәртебесі мен өкілеттігі бар өңірлік әкімшілік құрылымдарды атап көрсетуге болады.

Өңірлік деңгейде жобаларды басқару мақсаттарын қалыптастыру процесіне өңірдің жобаларды басқару саясатын анықтайтын мүдделі жеке тұлғалар мен әр түрлі қоғамдық ұйымдар тартылуы мүмкін. Жобаларды басқарудың өңірлік жүйесінің мақсаттарын қалыптастырудағы мұндай мемлекеттік реттеу инвестициялық процестің негізгі нәтижесі ретіндегі пропорционалдық және баланстық өңірлік дамуды қамтамасыз ету үшін жүйенің мақсаттарын анықтау мен қалыптастыруды селективті түрде үйлестіруге мүмкіндік береді.

Инвестициялық процестерді жобалық басқарудың дұрыс таңдалған мақсаттары жобаларды басқарудың кешенді механизмін әзірлеуге барлық алғышарттар мен жағдайларды жасайды. Мұндай механизмнің іске асуы мен дамуы жүйелі түрде өзін-өзі дамытуға қабілетті инвестициялық модельді алуға мүмкіндік беретін жүйелік қағидалармен анықталады. Жобаларды басқару жүйесін қалыптастырудың осы деңгейінде мемлекеттік билік органдары өңірдің және жеке шаруашылық субъектілерінің даму мақсаттарын мейлінше ретке келтіруге мүмкіндік беретін теңестіруші элемент ретінде қызмет етеді.

Екінші деңгей – инвестициялық процесті ұйымдастыру қызметін және басқару моделін жобалау. Бұл кезеңде жобалық басқаруды ұйымдастырушылық жүйе мен оның тұжырымдамалары ретінде қарастырып, өңірлік деңгейде жобаларды басқарудың логикалық-құрылымдық моделін жасау арқылы инвестициялық басқару процесінің оңтайлы жобалау мәселесін шешуге болады.

Инвестицияларды басқару процесін жобалау деңгейі мақсатты анықтау сатысымен салыстырғанда жобаларды басқару жүйесінің күрделі де жауапты сатысы болып табылады. Аталған деңгейді инвестициялық қызметті әзірлеу, жоспарлау, болжау және талдау процестеріне қатысы бар ұйымдардың жиынтығы ретінде қарастыруға болады. Жобаны басқарудың екінші кезеңінің нәтижесіне мүдделі кәсіпорындар мен ұйымдардың мұндай жиынтығы жобаларды басқарудың өңірлік жүйесі шеңберінде біріктірілген және мемлекет тарапынан реттеледі.

Екінші деңгейде жобаны іске асыру әдістері мен құралдары анықталады, ресурстар мен оны алу көздері талданады, жобаны жүзеге асырудың сандық және сапалық параметрлері қалыптасады, желілік құрылым ретіндегі оның процестік моделі әзірленеді және көп сатылы жүйенің үшінші деңгейінде жоспарланған нәтижесі көрінетін жобаны жүзеге асыру сатыларының нақты мерзімдері анықталады.

Үшінші деңгейде инвестициялық процесті жобалық басқарудың жоспарланған моделі нақты уақыт жағдайында сыртқы факторларды және қолданыстағы жағдайлар мен алғышарттарды назарға ала отырып инвестициялардың нақты нысанына жобаланады. Үшінші деңгейдегі міндет экономиканың нақты жағдайында екінші деңгейде әзірленген жобаның мақсаты мен міндеттерін оңтайлы бейімдеу болып табылады. Аталған деңгейде инвестициялау нысанының мүмкіндіктері, инвестицияларды жобалық басқару моделінің жеткіліктілігі, жобалық шарттардан ықтимал ауытқу және олардың әсерін түзету нұсқалары бағаланады.

Мұндай механизм жүйе ретіндегі жобалық басқару процесінің функционалдық көрінісі болып табылады және барлық жүйелік қасиеттер мен сипатқа ие.

Осындай әдіс пен жүйелік қағидаларды қолдану арқылы өңірдегі жобалық басқару жүйесі қызметінің сызбасын қалыптастыруға және ұсынылған көп деңгейлілік тұжырымдамасы шеңберінде жобалық басқару әрекеттерінің логикалық реттілігін анықтауға мүмкіндік туады.


ӘДЕБИЕТТЕР:


  1. Хелдман К. Профессиональное управление проектом / Пер. с англ. – М.: БИНОМ. Лаборатория знаний, 2005. – 512 б.

  2. Портни С.Э. Управление проектами для «чайников» = Project Management For Dummies. – М.: «Диалектика», 2006. – 368 б.

  3. Мартин П., Тейт К. Управление проектами / Пер. с англ. – СПб.: Питер, 2006. – 224 б.

  4. Управление инновационными проектами / Под ред. проф. В.Л. Попова. – М.: ИНФРА-М, 2009. – 336 б.

  5. Рассел Д.А. Управление высокотехнологичными программами и проектами / Пер. с англ. Мамонтова Е.В.; Под ред. Баженова А.Д., Арефьева А.О. – М.: Компания АйТи ; ДМК Пресс, 2004. – 472 б.



РОЛЬ УПРАВЛЕНИЯ ПРОЕКТАМИ

В СТРАТЕГИЧЕСКОМ РАЗВИТИИ РЕГИОНАЛЬНОЙ ЭКОНОМИКИ

А.Е. Смагулова, М.К. Толымгожинова
В статье освещается актуальность управления проектными программами в стратегическом развитии региональной экономики, представлены определения проектного управления и классификация проектов, описана многоуровневая модель реализации системы проектного управления на региональном уровне.
A.E. Smagulova, М.К. Tolymgozhinova

ROLE OF PROJECT MANAGEMENT IN STRATEGIC DEVELOPMENT OF REGIONAL ECONOMY
The article highlights the essential character of managing the projects in the sphere of strategic development of regional economics, presents definitions of project management and classification of projects, and describes the multilevel model of implementation of the system of project management on the regional level.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет