93-тарау. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасау тәртібі



жүктеу 159.26 Kb.
Дата10.05.2017
өлшемі159.26 Kb.
93-тарау. Тексеру нәтижелері ТУРАЛЫ  ХАБАРЛАМАҒА ШАҒЫМ ЖАСАУ ТӘРТІБІ

 

666-бап. тексеру нәтижелері туралы хабарламаға салық төлеушілердің (салық агенттерінің) шағымдарын  қарайтын органдар

1. Осы Кодексте көзделген ережелерге сәйкес, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарауды салық қызметінің жоғары тұрған органы жүргізеді.

2. Салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті органның тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарауды осы Кодекстің 667 - 675-баптарында белгіленген тәртіппен тікелей уәкілетті орган жүргізеді.

3. Салық төлеуші (салық агенті) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға сотқа шағым жасауға құқылы.

 

667-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағым беру тәртібі



1. Салық төлеушiнің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымы салық төлеушiге (салық агентіне) хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күнi iшiнде салық қызметінің жоғары тұрған органына берiледi.

Бұл ретте салық төлеушi (салық агентi) шағымның көшiрмесiн салықтық тексеру жүргiзген салық органына жiберуге тиiс.

Салық органына шағым беру күнi оны беру тәсiлiне қарай:

1) өзi келу тәртібімен - салық органдары шағымды алған күн;

2) почтамен - почтаның немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдау туралы белгiсi қойылған күн болып табылады.

2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда шағым беруші салық төлеушінің (салық агентінің) өтініші бойынша шағымды қараушы жоғары тұрған салық органы бұл мерзімді қалпына келтіруі мүмкін.

3. Жоғары тұрған салық органы шағым берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру мақсатында оған қатысты салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаның, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) басшысының және (немесе) бас бухгалтерінің (ол болған жағдайда) уақытша еңбекке жарамсыздығын дәлелді себеп ретінде таниды.

Осы тармақтың ережесі оған қатысты салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаларға, сондай-ақ ұйымдық құрылымы жоғарыда көрсетілген тұлғалар болмаған кезде олардың орнын ауыстыратын тұлғалардың болуын көздемейтін салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қолданылады.

Бұл ретте, салық төлеуші (салық агенті) шағым берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішке осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңін растайтын құжатты және осындай салық төлеушінің (салық агентінің) ұйымдық құрылымын белгілейтін құжатты қоса беруге тиіс.

4. Шағым берудің өткізіп алған мерзімін жоғары тұрған салық органының қалпына келтіруі туралы салық төлеушінің (салық агентінің) өтініші салық төлеуші (салық агенті) шағым мен өтінішті осы баптың 3-тармағында көрсетілген адамдардың уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңі аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей берген жағдайда ғана қанағаттандырылады.

5. Жоғары тұрған салық органына шағым берген салық төлеуші (салық агенті) осы шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін оны өзінің жазбаша өтініші негізінде кері қайтарып ала алады. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағымды кері қайтарып алуы осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзім сақталған жағдайда оны қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды.

Салық төлеушінің (салық агентінің) тақырыптық тексеру жүргізуді тағайындаған күннен бастап шағым бойынша шешім шығарылғанға дейінгі кезеңде шағымды қайтарып алуды жүргізуге құқығы жоқ.

 

668-бап. Салық төлеуші (салық агенті) шағымының нысаны мен  мазмұны



1. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағымы жазбаша нысанда беріледі.

2. Шағымда:

1) салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) шағымға қол қойған күнi;

2) шағым берілетін жоғары тұрған салық органының атауы;

3) шағым беретін тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) не толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);

4) сәйкестендіру нөмірі;

5) салықтық тексеру жүргізген салық органының атауы;

6) шағым беруші тұлға өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдер;

7) қоса тіркелген құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.

3. Шағымда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.

4. Шағымға салық төлеуші (салық агенті) не оның өкілі болып табылатын адам қол қояды.

5. Шағымға:

1) 2014.28.11. № 257-V ҚР Заңымен алып тасталды 2) салық төлеуші (салық агенті) өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;

3) іске қатысы бар өзге де құжаттар қоса тіркеледі.

 

669-бап. Шағымды қараудан бас тарту



1. Жоғары тұрған салық органы:

1) салық төлеуші (салық агенті) шағымын осы Кодекстің 667-бабының 1-тармағында белгіленген шағым жасау мерзімін өткізіп алып берген;

2) салық төлеушінің (салық агентінің) шағымының нысаны мен мазмұны осы Кодекстің 668-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;

3) салық төлеуші (салық агенті) үшін шағымды оның өкілі болып табылмайтын адам берген;

4) салық төлеуші (салық агенті) шағымда жазылған мәселелер бойынша сотқа талап-арыз берген жағдайларда салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараудан бас тартады.

2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда жоғары тұрған салық органы шағым келiп түскен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде салық төлеушiнi (салық агентiн) шағымды қараудан бас тарту туралы жазбаша түрде хабарландырады.

Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда жоғары тұрған салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) сотқа жүгіну фактісі белгіленген күннен бастап он жұмыс күні ішінде салық төлеушіні (салық агентін) шағымды қараудан бас тарту туралы мұндай бас тартудың себебін көрсете отырып жазбаша түрде хабардар етеді.

3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда жоғары тұрған салық органының шағымды қараудан бас тартуы, егер салық төлеушi (салық агентi) жол берiлген бұзушылықтарды жойса, оны осы Кодекстiң 667-бабының 1-тармағында белгiленген мерзiм шегiнде қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды.

 

670-бап. Жоғары тұрған салық органына жіберілген шағымды қарау тәртібі



1. Салық төлеушiнiң (салық агентінің) шағымы бойынша - шағым тiркелген күннен бастап отыз жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде, ал мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің шағымдары бойынша, осы Кодекстің 672-бабына сәйкес шағымды қарау мерзімдерін ұзарту және тоқтата тұру жағдайларын қоспағанда, шағым тiркелген күннен бастап қырық бес жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде уәжделген шешiм шығарылады.

2. Жоғары тұрған салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде тақырыптық тексеру, сондай-ақ осы Кодекстің 675-бабында белгіленген тәртіппен қайта қосымша тексеру тағайындауға құқылы.

3. Шағымды қарау мерзімі осы Кодекстің 672-бабында белгіленген тәртіппен ұзартылуы және (немесе) тоқтатыла тұруы мүмкін.

4. Шағым салық төлеуші (салық агенті) шағымданған мәселелер шегінде қаралады.

5. Салық төлеуші (салық агенті) шағымды қарауға салықтық тексеру барысында көрсетілмеген құжаттарды ұсынған жағдайда жоғары тұрған салық органы мұндай құжаттардың дұрыстығын тақырыптық тексеру барысында анықтауға құқылы.

6. Жоғары тұрған салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде қажет болған жағдайда:

1) салық төлеушіге (салық агентіне) және (немесе) салықтық тексеру жүргізген салық органына шағымда жазылған мәселелер бойынша жазбаша нысанда қосымша ақпарат не түсініктеме беру туралы сұрау салу жіберуге;

2) осындай органдар мен заңды тұлғалардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға және мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарына сұрау салу жіберуге;

3) шағымда жазылған мәселелер бойынша салық төлеушімен (салық агентімен) кездесу өткізуге;

4) салықтық тексеру жүргізуге қатысқан салық органдарының қызметкерлерінен туындаған мәселелер бойынша қосымша ақпарат және (немесе) түсініктеме сұратуға құқылы.

7. Жоғары тұрған салық органының шағымды қарау бойынша өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезінде оның қызметіне араласуға және шағымды қарауға қатысатын лауазымды адамдарға қандай да бір ықпал етуге тыйым салынады.

 

671-бап. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шығару



1. Салық қызметінің жоғары тұрған органы шағымды мәнi бойынша қарау аяқталған соң жазбаша түрде дәлелдi шешiм шығарады және оны салық төлеушiге (салық агентіне) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жiбередi немесе қолын қойғызып тапсырады, ал көшiрмесiн салықтық тексеру жүргізген салық органына жібередi.

2. тексеру нәтижелері туралы хабарламаға салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау қорытындысы бойынша жоғары тұрған салық органы мына шешімдердің бірін шығарады:

1) шағым жасалған тексеру нәтижелері туралы хабарлама өзгеріссіз, ал шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын;

2) шағым жасалған тексеру нәтижелері туралы хабарламаның толық немесе бір бөлігінің күші жойылсын.

3. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шағым жасалған хабарламаның бір бөлігінің күші жойылған жағдайда салықтық тексеру жүргізген салық органы тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) хабарламаға шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарылған жоғары тұрған салық органының шешіміне салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау қорытындылары туралы хабарлама шығарады және оны осы Кодекстің 607-бабында белгіленген мерзімде салық төлеушіге (салық агентіне) жібереді.

Осы Кодексте белгіленген негізде және тәртіппен шығарылған жоғары тұрған салық органының шешімі салық органдарының орындауы үшін міндетті.

 

672-бап. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру және (немесе) ұзарту



1. Шағымды қарау мерзімі мынадай жағдайларда:

1) тақырыптық және қайта тақырыптық тексеру жүргізгенде - олар аяқталғанға дейін;

2) мемлекеттік органдарға және мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарына сұрау салулар жіберген кезде жауап алған кезге дейін тоқтатыла тұрады.

2. Жоғары тұрған салық органы тоқтатыла тұру себептерін көрсете отырып, шағымды қарау мерзімінің тоқтатыла тұратыны туралы салық төлеушіні (салық агентін) жазбаша түрде хабардар етеді.

3. Осы Кодекстің 670-бабының 1-тармағында белгіленген шағымды қарау мерзімі салық төлеуші (салық агенті) шағымға қосымшалар ұсынған жағдайда он бес жұмыс күніне ұзартылады.

 

673-бап. Жоғары тұрған салық органы шешімінің нысаны мен мазмұны



Жоғары тұрған салық органының шағымдарды қарау нәтижелері бойынша шешімінде:

1) шешім қабылданған күн;

2) салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараған салық органының атауы;

3) шағым берген салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) не толық атауы;

4) сәйкестендіру нөмірі;

5) шағым жасалған тексеру нәтижелері туралы хабарламаның қысқаша мазмұны;

6) шағымның мәні;

7) шағым бойынша шешім шығару кезінде жоғары тұрған салық органы басшылыққа алған Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сілтеме жасалған негіздеме көрсетілуге тиіс.

 

674-бап. Жоғары тұрған салық органына немесе сотқа шағым берудің салдары



Жоғары тұрған салық қызметі органына немесе сотқа салық төлеушінің (салық агентінің) шағым беруі тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалған бөлігінде орындалуын тоқтата тұрады.

Жоғары тұрған салық органына шағым берген кезде тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалған бөлігінде орындалуы жоғары тұрған салық органының жазбаша шешімі шыққанға дейін тоқтатыла тұрады.

Осы Кодекстің 94-тарауында белгіленген салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау нәтижелері бойынша шешімді қайта қарау тәртібіне қолданылатын жоғары тұрған салық органының шешімдері бойынша осы хабарламаның орындалуы осы Кодекстің 677-бабы 1-тармағында көрсетілген кезең өткенге дейін тоқтатыла тұрады.

Салық төлеуші (салық агенті) сотқа шағым (арыз) берген жағдайда тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым (арыз) берілген бөлігінде орындалуы соттың шағымды (арызды) іс жүргізуге қабылдаған күнінен бастап сот актісі заңды күшіне енгізілгенге дейін тоқтатыла тұрады.

 

675-бап. Тақырыптық тексеру тағайындау және жүргізу тәртібі



1. Жоғары тұрған салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде қажет болған жағдайда, тақырыптық тексеру тағайындауға құқылы.

2. Жоғары тұрған салық органының тақырыптық тексеру тағайындау туралы құжаты тексерілуге жататын мәселелер көрсетіле отырып, жазбаша нысанда ресімделеді.

Бұл ретте тақырыптық тексеруді жүргізу, шағым жасалған салықтық тексеруді уәкілетті орган жүргізген жағдайды қоспағанда, нәтижелеріне шағым жасалған салықтық тексеруді жүргізген салық органына тапсырылмауға тиіс.

3. Тақырыптық тексеру осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімде жүргізіледі. Бұл ретте тақырыптық тексеру салық органы жоғары тұрған салық органының осындай тексеру жүргізу туралы құжатын алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.

4. Деректер жеткілікті айқын болмаған немесе толық болмаған, сондай-ақ бұрын тексерілген мән-жайлар мен құжаттарды тақырыптық тексерудің барысында жаңа мәселелер туындаған кезде жоғары тұрған салық органы қайта тексеруді тағайындауға құқылы.

5. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім тақырыптық тексерудің және (немесе) қайта тақырыптық тексерудің нәтижелері ескеріле отырып шығарылады. Бұл ретте жоғары тұрған салық органы осындай тексерулердің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, ол шағым бойынша шешім қабылдау кезінде оларды ескермеуге құқылы, алайда мұндай келіспеушілік дәлелді болуға тиіс.

 

 

94-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУШІНІҢ (САЛЫҚ АГЕНТІНІҢ) ШАҒЫМЫН ҚАРАУДЫҢ НӘТИЖЕЛЕРІ БОЙЫНША ШЕШІМДІ ҚАЙТА ҚАРАУ ТӘРТІБІ



 

676-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараудың нәтижелері бойынша шешімді қайта қарауды жүзеге асыратын орган

Осы Кодексте көзделген ережелерге сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қараудың нәтижелері бойынша шешімді қайта қарауды уәкілетті орган жүргізеді.

 

677-бап. Уәкілетті органға шағым берудің тәртібі



1. Уәкiлеттi органға шағым салық төлеушi (салық агенті) шағымды қарау нәтижелерi бойынша шешiмдi алған күннен кейінгі күннен бастап не салық қызметінің жоғары тұрған органының шешiмi болмаған кезде осы Кодекстің 670-бабының 1-тармағында көрсетілген мерзiм аяқталған соң отыз жұмыс күнi iшiнде берiледi.

Бұл ретте, салық төлеуші (салық агенті) шағымның көшірмесін салық төлеушінің шағымын қараған салық қызметінің жоғары тұрған органына жіберуге тиіс.

Шағымды қарау нәтижелері бойынша салық қызметінің жоғары тұрған органының шешімін салық төлеушіге (салық агентіне) қолын қойғызып тапсырған күн немесе тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберген кезде пошта немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына салық төлеушінің (салық агентінің) белгі қойған күні оны салық төлеуші (салық агенті) алған күн болып табылады.

Уәкілетті органға шағым беру күні оны беру тәсіліне қарай:

1) өзі келу тәртібімен - уәкілетті органның шағымды алған күні;

2) пошта арқылы - поштаның немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдау туралы белгісі қойылған күн болып табылады.

2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді дәлелді себеппен өткізіп алған жағдайда бұл мерзімді шағым беретін салық төлеушінің (салық агентінің) өтініші бойынша уәкілетті орган қалпына келтіруі мүмкін.

3. Уәкілетті орган шағым берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру мақсатында оған қатысты салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаның, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) басшысының және (немесе) бас бухгалтерінің (ол болған жағдайда) уақытша еңбекке жарамсыздығын дәлелді себеп деп таниды.

Осы тармақтың ережесі оған қатысты салықтық тексеру жүргізілетін жеке тұлғаларға, сондай-ақ ұйымдық құрылымы жоғарыда көрсетілген тұлғалар болмаған кезде олардың орнын ауыстыратын тұлғалардың болуын көздемейтін салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қолданылады.

Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) шағым берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішке осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңін растайтын құжатты және осындай салық төлеушінің (салық агентінің) ұйымдық құрылымын белгілейтін құжатты қоса беруге тиіс.

4. Шағым берудің өткізіп алған мерзімін уәкілетті органның қалпына келтіру туралы салық төлеушінің (салық агентінің) өтініші салық төлеуші (салық агенті) шағым мен өтінішті осы баптың 3-тармағында көрсетілген адамдардың уақытша еңбекке жарамсыздық кезеңі аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей берген жағдайда ғана қанағаттандырылады.

5. Уәкілетті органға шағым беру осы баптың ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 667-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

678-бап. Уәкілетті органға жіберілетін шағымның нысаны мен мазмұны



1. Уәкілетті органға жіберілетін шағым нысаны мен мазмұны бойынша осы Кодекстің 668-бабында белгіленген талаптарға жауап беруге тиіс.

2. Уәкілетті органға жіберілетін шағымға салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараған жоғары тұрған салық органы шешімінің көшірмесі қоса тіркелуге тиіс.

 

679-бап. Шағымды қараудан бас тарту



1. Уәкілетті органның шешімді қараудан бас тартуы, осы баптың ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 669-бабында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жүзеге асырылады.

2. Уәкiлеттi органның осы Кодекстiң 669-бабының 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда шешiмдi қараудан бас тартуы, егер салық төлеушi (салық агентi) жол берiлген бұзушылықтарды жойса, оны осы Кодекстiң 677-бабының 1-тармағында белгiленген мерзiм шегiнде қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды.

Осы Кодекстiң 669-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда салық төлеушi (салық агентi) уәкiлеттi органға қайтадан шағым беруге құқылы емес.

 

680-бап. Уәкілетті органға жіберілген шағымды қарау тәртібі



1. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен берілген, уәкілетті органға жіберілген шағымды уәкілетті орган - оның тіркелген күнінен бастап отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ал мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің шағымдарын, осы Кодекстің 672-бабына сәйкес шағымды қарау мерзімдерін ұзарту және тоқтата тұру жағдайларын қоспағанда, тіркелген күнінен бастап қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарайды.

2. Уәкілетті орган шағымды қарауды осы баптың ережелерін ескере отырып, осы Кодекстің 670-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырады.

3. Уәкілетті орган шағымды қарау бойынша өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде оның қызметіне араласуға және шағымды қарауға қатысатын лауазымды адамдарға қандай да бір ықпал етуге тыйым салынады.

 

681-бап. Уәкілетті органға жіберілген шағым бойынша шешім шығару



1. Уәкілетті орган шағымды мәнi бойынша қарау аяқталған соң жазбаша түрде дәлелдi шешiм шығарады және оны салық төлеушiге (салық агентіне) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жiбередi немесе қолын қойғызып тапсырады, ал көшiрмесiн салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараған салық органына жібередi.

2. Шағымды қарау қорытындысы бойынша уәкілетті орган:

1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыруға;

2) салық органының шағым жасалған шешімінің күшін жоюға;

3) шешімді өзгертуге немесе жаңа шешім шығаруға құқылы.

3. Осы Кодексте белгіленген негізде және тәртіппен шығарылған уәкілетті органның шешімі салық органдарының орындауы үшін міндетті.

 

682-бап. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру және (немесе) ұзарту



Уәкілетті органға жіберілген шағымды қарау мерзімі осы Кодекстің 672-бабында белгіленген жағдайларда және тәртіппен тоқтатыла тұрады және (немесе) ұзартылады.

 

683-бап. Уәкілетті орган шешімінің нысаны мен мазмұны



Уәкілетті органның шешімінде:

1) шешімнің қабылданған күні;

2) шағым берген салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) не толық атауы;

3) сәйкестендіру нөмірі;

4) жоғары тұрған салық органының шағым жасалып отырған шешімінің қысқаша мазмұны;

5) шағымның мәні;

6) Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сілтеме жасалған негіздеме мен қорытындылар көрсетілуге тиіс.

 

684-бап. Уәкілетті органға шағым берудің салдары



1. Уәкілетті органға шағым беру жазбаша шешім шығарылғанға дейін тексеру нәтижелері туралы хабарламаның орындалуын шағым жасалған бөлігінде тоқтата тұрады.

2. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаның күші жойылған жағдайда салықтық тексеру актісінің тексеру нәтижелері туралы хабарламаның шағым жасалған бөлігінде ғана күші жойылады.

 

685-бап. Тақырыптық тексеру тағайындау және жүргізу тәртібі



1. Уәкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде, қажет болған жағдайда тақырыптық тексеру тағайындауға құқылы.

2. Тақырыптық тексеруді тағайындау және жүргізу осы баптың ережелері ескеріле отырып, осы Кодекстің 675-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.



3. Уәкілетті орган нәтижелеріне шағым жасалған салықтық тексеруді жүргізген салық органына, сондай-ақ салық төлеушінің тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қараған салық органына тақырыптық тексеру жүргізуді тапсырмауға тиіс.

4. Уәкілетті органға жіберілген шағым бойынша шешім тақырыптық тексеру және (немесе) қайта тақырыптық тексеру нәтижелері ескеріле отырып шығарылады. Бұл ретте уәкілетті орган осындай тексерулердің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, ол шағым бойынша шешім қабылдау кезінде оларды ескермеуге құқылы, алайда мұндай келіспеушілік дәлелді болуға тиіс.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет