5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған


ДӘРІС Жаңғыру кезіндегі сын және осы жылдары жарық көрген зерттеу

Loading...


бет4/10
Дата31.05.2017
өлшемі1.56 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

8 ДӘРІС Жаңғыру кезіндегі сын және осы жылдары жарық көрген зерттеу

еңбектері

Дәрістің мақсаты:Ғалымдардың сыный еңбектерімен таныстыру

барысында,студенттерді сыни тұрғыда ойлауға баулу



Дәрістің жоспары:

1.1956-1966 жыл аралығындағы жарық көрген сыни еңбектерге тоқталу.

2.Зерттеулер жасауға қатысқан аға жазушылардың еңбектері жайлы.

3.Қазақ халқының ауыз әдебиетіне арналған жаңа зерттеулер.

4.Бұл дәуірдегі бірталай бағалы зерттеулер демократтық- ағартушылық әдебиетке арналғандығы.

5.Бұл дәуірде сын мақалалар жинақтарын жариялау жайлы.

6.Қазақ әдебиетінің тәуір туындыларының дүние жүзіне таныла түсуі.

Әдеби процесстің ұлғаюы, жаңа туындылардың көбеюі - оны зерттеп, ғылыми бағалап отыратын әдебиет сыны мен әдебиет туралы ғылымының баюына да мол материал беріп, оның дамуын тездетті. Бұл саладағы еңбектің өнімді болғанын таныту үшін 1956-1966 жыл аралығындағы он жылда жүз елуден астам сын және зерттеу кітапарының жарық көргенін айтудың өзі жеткілікті. Мұндай өнімділік бұрынғы әдебиет дамуы кезеңдерінің ешбірінде болған емес. Жеке зерттеулер мен әдебиетші ғалымдардың сыншылдық ойларын қорыту түрінде 6 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1960-1967) жасалды. Онда қазақ ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихы, Кеңестік дәуірдегі әдебиеттің даму жолы белгілі жүйеге түсіп, жинақталды. Орта және жоғары мектептерге арналған әдебиет оқулықтары, ауыз әдебиеті мен ақындар шығармаларының текстері көптеп басыла бастады.

Қазақ әдебиеті сыны мен әдебиеттану ғылымының осы дәуірде қарқынды дамуы, ең алдымен қоғамдық ой-пікірде еркіндік тууымен байланысты болды. КОКП XX съезінен кейін бір кезде жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған ақын-жазушылар мұрасы халыққа қайтарылды. С. Сейфуллин, Б.Майлин,

I. Жансүгіров ақталып, олардың кітаптары қайта басыла бастады. 1957 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап, пайдаланудың жайы және оны жақсарту шаралары туралы» қаулысы шықты. 1959 жылы қазақ халқының әдеби мұрасына арналған ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл қаулы мен конференция шешімдері әдеби мұраны пайдалану, мәселесін түбегейлі шешпегенмен, бұл саладағы іске бөгет болып келген көптеген жағдайлардың бетін ашып, ауыз әдебиеті мен әдебиет тарихына арналған жаңа зерттеулер жазуға мүмкіндік туғызды.

Бүгінгі әдеби процесс пен тарихи әдебиетке қатысты әр кезде пікір айтып, ақыл-кеңестерімен көмектескен, тіпті зерттеулер жасауға қатысқан аға жазушылардың еңбектері бұл саладағы іске мұрындық болды десек артық емес. М.Әуезовтің «Әр жылдар ойлары» (1959), «Уақыт және, әдебиет» (1962) атты мақалалары мен зерттеулері, С.Мұқановтың «Өсу жолдарымыз» (1960) атты мақалаларының жинағы мен «Жарқын жұлдыздар» (1964) деген Шоқан мен Абайға арналған зерттеуі жарық көрді Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетінің тірі куәсі және әдебиет, тарихының білгірлері боп танылған бұл екі жазушының ой-пікірлері кейінгі зерттеушілерге көп ой салды.

Қазақ халқының ауыз әдебиетіне арналған жаңа зерттеулер оны тұтас жинақтап көрсетуге де,ауыз әдебиетінің жанрларын талдауғада, жеке ақындардың шығармашылығын бағалауға да көңіл бөлді. М.Әуезовтің, X.Досмұхамедовтің, С.Сейфуллиннің 20-30-жылдары жазылған кітаптарының концепциясы мен мазмұнын толықтыра,қайта қарай отырып,бұл еңбектер фольклор жөніндегі ғылымның бүгінгі деңгейіне лайық жасалды.Бұлардың ішінде 6 томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томы(бірінші,екінші кітаптар), М.Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» (1959) атты жоғары мектепке арналған оқулығы, Е.Ысмайыловтың халық ақындарына арналған «Ақындар» (1956) атты монографиясы көрнекті орын алады. «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томының бірінші кітабында бүкіл ауыз әдебиетіне, оның жанрлық жүйелеріне кең талдау берілді, ал, екінші кітапта халық поэзиясының Кеңестік дәуірде дамуы ғылыми қорытылып,оны жырлаушылардың басты өкілдерінің шығармашылығы зерттелді.

Бұл тұста қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу ісімен Қажым Жұмалиев (1907-1968) тұрақты шұғылданды. Оның «Қазақ эпосы мен әдебиеті тарихының мәселелері» (1958), «Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі» (1960) атты екі томдық еңбегі ғалымның бұл саладағы зерттеулерін жинақтады. Бірінші кітапқа Қажым қазақ эпосы туралы ұзақ жылдар жүргізген зерттеулерін кіргізіп, XVIII-XIX ғасыр ақындары Бұхар жырау, Махамбет, Шернияз, Алмажан Азамат қызының ақындық жолына талдау берді. Ал, екінші кітап XIX ғасырдың екінші жартысындағы ағартушылық-демократтық әдебиетке арналды. Онда Шоқанның әдебиеттік еңбегі, Ыбырай Алтынсарин мен Абайдың шығармашылығы қарастырылды. Сонымен бірге оған «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» (1946 жылы докторлық диссертация есебінде қорғалып, 1948 ж. жеке кітап болып басылған) атты монографиясы кірді.

Қажым осы жылдары мектеп оқулықтары көлемінде алғаш Дулат, Шортанбай, Мұрат сияқты кезінде кертартпа саналған ақындар шығармашылығы жайлы жаңа еңбектер жазды. Олар орта мектептің 8-сынып оқулығына енді. Бұл ақындардың шығармашылық жолын зерттеу қажеттігі 1959 жылғы конференцияда да көтерілді. Бірақ жарияланған азын-аулақ еңбектерде олар жайлы ойлар жұқарып, там-тұмдап айтылды, негізінен оларға Қазақстанның Ресейге қосылуына қарсы болған кертартпа ақындар ретінде баға берілді.

Бұл дәуірдегі бірталай бағалы зерттеулер демократтық–ағартушылық әдебиетке арналды. С. Мұқановтың Шоқан туралы, Б. Сүлейменов пен

Ә. Дербісалиннің Ыбырай туралы еңбектері жарық көрді. Абай өмірі мен еңбегін зерттеуге көп ғалым-әдебиетшілер қатысты. М.Әуезовтің «Абай Құнанбаев» атты монографиясы («Әр жылдар ойлары» кітабында 1959),

Қ. Жұмалиевтің жоғарыда аталған еңбегі, М.С.Сильченконың «Творческая биография Абая»(1957),3.Ахметовтің «Лермонтов и Абай» (1954),

X. Сүйіншалиевтің «Абайдың қара сөздері»(1956), А.Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» (1966), Қ.Мұхамедхановтың «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» (1959) атты кітаптары мен көптеген мақалалар жарық көрді. Абайды зерттеу мәселесі, әсіресе, 1954 жылы аталып өткен ақынның қайтыс болуының 50 жылдығы тұсында кеңірек қойылды. Сол жылы "Абайдың өмірі мен творчествосы" атты мақалалар жинағы басылды. Абайдың қоғамдық-саяси, тағы басқа көзқарастарын қарастырып,оның ұлылығын дәлелдеген Т.Тәжібаевтың, Қ.Бейсембиевтің, М. Ақынжановтың, Ә.Жиреншиннің зерттеулері ақын жайлы еңбектерді толықтырды.

Ең соңында қазақ әдебиетінің тарихына байланысты еңбектерді қорытып, әдебиет тарихына жаңа баға беріп, оны жүйеге түсірген «Қазақ әдебиеті тарихының» екінші томын (бірінші кітабы –1961) атау орынды. Онда XVIII ғасырдан бергі әдебиет тарихы ғылыми жүйеге түсіп, Бұқар жырау, Дулат, Махамбет, Шернияз, Шортанбай, Алмажан, Сүйінбай, Біржан, Шоқан, Ыбырай, Абай, Ақан сері, Мағауия, Ақылбай, Шәңгерей, Әсет сияқты ақындар шығармашылығына талдау берілді. Бұл көлемдегі ақындар еңбегі бұрын зерттеуге іліккен емес еді. Томның екінші кітабы 1965 жылы жарық көріп, онда XX ғасырдың басында өмір сүрген Жаяу Мұса, Мұсабек Байзақов, Әріп Тәңірбергенов, Балуан Шолақ, Мұхамеджан Сералин, Ығылман Шөреков, Спандияр Көбеев, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Бекет Өтетілеуов, Сұлтанмахмұт, Бернияз Күлеев, Сәбит Дөнентаев тәрізді ақындар еңбегі кең талданды. Бұл ақындардың да көпшілігі бұрын мұндай ғылыми талдауға ілікпеген болатын. Осылармен қатар XX ғасыр басындағы әдебиет өкілдері жайлы жеке зерттеулер жасалды. Бұлардың ішінен Б. Кенжебаевтың «Журналист Мұхамеджан Сералин» (1957), «Сұлтанмахмұт Торайғыров» (1958), «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958), С.Қирабаевтың «Спандияр Көбеев» (1960), Т.Әбдірахмановтың «Орыс әдебиетін қазақ тіліне аудару дәстүрі және Бекет Өтетілеуов» (1960), Ә. Дербісалиннің «Қазақтың октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті» (1966) атты монографияларын атауға болады.

Бұл жылдардағы зерттеу еңбектердің, негізгі саласы Кеңестік дәуірдегі әдебиетке арналды.Партия әдебиет зерттеушілердің назарын осы дәуір әдебиетіне бұрып, солардың негізінде Кеңестік заманның артықшылығын, осы мезгілдегі әдебиет дамуының жетістіктерін баса айтуға бағыттады. Шындығында да жалпы әдеби істің ілгерілеуінде, әдебиет жанрларының тууы мен баюында, әдебиеттің қоғам ісіне батыл араласуында, ақын-жазушылар қатарының өсуі мен әдебиеттің тақырыптық арнасының кеңеюінде бұл дәуір әдебиеті аса үлкен орын алатын еді.Сондықтан күнделікті әдеби сыннан басқа бұл дәуір әдебиетіне келелі зерттеулер жасалды.

Кеңестік дәуірдегі әдебиет дамуын ғылыми қорытындылауға арналған тұңғыш еңбек – «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» 1949 жылы жарық көрген еді. Кезінде ол сол дәуірдің идеологиялық талабына жауап бермейді деген сылтаумен сыналды. Одан кейінгі талап осы аттас кітаптың жаңадан жасалған нұсқасы (1958). Очерк сол жылы орыс тілінде басылды. Мәскеуде 1960 жылы жарияланды. Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиеті туралы толық зерттеу кейін «Қазақ әдебиетінің тарихының» үшінші томы (бірінші, екінші кітаптар) күйінде жарық көрді (1967), оларға Қазақ Кеңес әдебиетінің даму кезеңдеріне арналған әдеби шолулар мен С.Сейфуллин, Б.Майлин, I.Жансүгіров, М.Әуезов, С. Мұқанов,

Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, А.Тоқмағамбетов, Т. Жароков, Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов, Қ.Аманжолов шығармашылығы жайлы монографиялық тараулар енді. Том өз кезінде дәуір әдебиетінің даму, жетілу кезеңдері мен жеке авторлардың әдебиетке қосқан үлесін айқындаған елеулі еңбек болды. Осы ұжымдық зерттеулерге қосымша әдебиет дамуының кезеңдері мен әдебиет процесінің ерекшеліктері жайлы шолу сипатты жеке авторлардың кітаптары (Б. Кенжебаевтың «20-жылдардағы қазақ совет әдебиеті», 1962, С. Сейтовтің «40 жылда», 1960) жарияланды.

Әдеби процесс жанрлық, тақырыптық даму тұрғысынан да, жеке ақын-жазушылардың шығармашылық жолын жинақтау, әдебиет тәжірибесін теориялық қорыту жағынан да зерттеле бастады. Ә. Тәжібаевтың «Өмір және поэзия» (1962), С. Ордалиевтің «Қазақ драматургиясының очеркі» (1964),

Б. Шалабаевтың «Қазақ романының тарихы» (1966), Ш. Ахметовтың «Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі» (1960), Ә. Сатыбалдиевтің «Рухани қазына», «Аударма проблемалары жайында» (1964) т.б. жанрлардың дамуына арналған еңбектерімен қоса, М. Базарбаевтың «Қазақ поэзиясындағы еңбек адамының образы» (1961), М.Хасеновтің «Ұнамды образ және типтендіру» (1966), Т.Кәкішевтің «Октябрь өркені» (1962), М. Дүйсеновтің «Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі» (1962) тәрізді проблемалық зерттеулер туды.



Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.1956-1966 жыл аралығында қандай сын еңбектер жарық көрді?

2.Зерттеулер жасауға қатысқан аға жазушылардың қандай жаңа зерттеу еңбектері бар екен?

3.Бұл дәуірде қандай жаңа зерттеу сын мақалалар жинақтары жарияланды?

4.Шығыс Еуропа халықтарының бірқатар тілдеріне кімдердің шығармалары аударылды?

Әдебиеттер:

1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998

2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977

3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968

4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975

5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б

6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994

7. Тоқсамбаева А.Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық;Семей,2011ж;«Интелл». –279б.

8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.

9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.

12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.

9 ДӘРІС Қазақ прозасының тарихи тақырыпты кең құлашпен игере

бастауы

Дәрістің мақсаты: Белгілі бір тарихи оқиғаға баиланысты туған

шығармалармен таныстыру.



Дәрістің жоспары:

1.60-70-жылдарда жарық көрген тарихи романдар.

2.Бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде тарихи романдардың халықтық жаңа сапаға ие бола

дамуы


3.Ғабит Мүсірепов «Оянған өлкенің» екінші кітабы «Жат қолынданың» жарық көруі.

4. Қазақ тарихының кейбір мәселелері көрініс тапқан Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің

жебесі» (1969),«Ұстаздың қайтып оралуы» романдары.

5.X. Есенжановтың «Ақ жайық»,Ғ.Слановтың «Асау арна» романдары.

Қазақ халқының ұлттық ой-санасының жүдеп бара жатқанын көрген зиялы азаматтар 60-70-жылдардан бастап, халық тарихының оқиғалары негізінде ұлттық сананы оятып тәрбиелеуге көркем әдебиетті пайдалану мақсатын қойған еді. Ол үшін М. Әуезов негізін салған тарихи роман дәстүрін жалғастыру қажет болды. Қазақ тарихының әрқилы беттері жаңаша бажайланып, көркем бейнелеуге ие болды. І.Есенберлиннің, Ә. Әлімжановтың, С.Сматаевтың, Г.Кекілбаевтың, М. Мағауинның, Ш. Мұртазаның, С.Жүнісовтің романдары жарық көрді. Мұндай ұлттық оянуды көптеген туысқан халықтар да басынан кешірді. М.С. Горбачевтың «Ұлтшылдық-реакциялдық» деп шошынуы осының әсері болатын.

Социализмнің қайшылықтарын жамап-жасқап, «қайта құруды» ұсынған

М. С. Горбачевтың съездегі пікірлерінде әдеби дамудың олқылықтарын орынды көрсеткен жерлері де бар. Ол Кеңес әдебиетінде шындықтың сыңаржақ алынып, өмірдің бірыңғай күнгей жағын суреттеу әдетке айналғанын көрсете отырып, «шындық - жалпылама емес, нақты түсінік. Ол халықтың жасампаз істері мен қоғам дамуының қайшылықтарында, еңбекпен өткен күндердің қаһармандылығы мен үйреншіктілігінде, жеңістер мен сәтсіздіктерде, яғни өмірдің өзінде, оның бүкіл алуан қырлылығында, драматизмі мен ұлылығында», - деді.

Бұл пікірдің біз үшін маңыздылығы – шындықты тек халықтың жасампаз істері мен үйреншікті тіршілігінен ғана емес, қоғам дамуының қайшылықтарынан, сәтсіздіктерден, өмірдің драматизмінен де іздеу қажеттігі туралы ойлары. Мұндай талаптар бұрын әдебиетке қойылмайтын, қайта әдебиетте қоғам дамуының қайшылықтарын айналып өту, одан жалтару әдетке айналған еді. Мұндай өмірді боямалап көрсету жұртты алдауға құрылғаны жалпыға мәлім болды.

Партия мұны көріп, бұлтара алмай қалды. Сондықтан ол осы съезде «бірқатар жылдар бойы объективтік факторлар ғана емес, сондай-ақ ең алдымен субъективтік себептерге байланысты партия мен мемлекет органдарының практикалық іс-қимылдары уақыттың, нақты өмірдің талаптарынан артта қалып келгенін, елдің дамуындағы проблемалардың шешілуінен гөрі тууы шапшаңырақ болғанын, басқару әдістерінің тоқырауын, бюрократизмнің үдеуін, жұмыс қарқынының төмендеуін» мойындауға мәжбүр болды. Сәл кейін КОКП-ның қаңтар (1987) пленумында М.С.Горбачев «Жазушылық творчествоға партиялық көзқарас қалыптастыруды әдеби процеске жөнсіз араласу арқылы, идеялық ықпал етуді әкімшілік шешімдермен алмастыру арқылы жүргізу» саясатын сынады. Мұның барлығы коммунистік партия билігінің әлсіреп, өмір құбылыстарының өктем күйін мойындай бастағанының белгісі болатын.

Бұл жағдайлардың біздің қаламгерлерімізге ой салғаны даусыз. Бұдан кейінгі дәуірде Кеңес қоғамының дамуы жолында қазақ халқы бастан кешкен қиыншылықтарға, аштық, халықтың қырылуы, жер аууы оқиғаларына көңіл аударыла бастады. Кеңестік бюрократтық жүйенің жұмыс әдістері сыналды. Адамдардың табиғатына осы жүйенің жетпіс жыл бойында күштеуі мен зорлауының қатты әсер еткені сөз болды. Мұндай сарындар Ә. Тәжібаевтың өлеңдерінде, С. Елубаевтың «Ақбоз үй», «Мінәжат» романдарында,

С. Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесінде, тағы басқа соңғы жылдары жазылған шығармалар да көрініс берді.

Қазақ прозасының бұл кезеңіндегі ірі табыстарын роман жанрынан көруге болады. Ол өзінің бұрынғы озық дәстүрін жалғастырды.

1984 жылы ұзақ үзілістен кейін Ғабит Мүсірепов «Оянған өлкенің» екінші кітабын «Жат қолында» деген атпен жариялады. Оның негізгі оқиғасы бұрынғыша Қарағанды жерінде, өндірістің шетел капиталының қолына өтуі оқиғаларына құрыла суреттелді. Кейіпкерлері де негізінен бұрынғы таныс адамдар, жаңа кейіпкерлер ішінен дараланып көрінген - Игілік бидің баласы Кенжеғара. Жазушы шетелдік алып сатарлардың байлыққа құмартқан пиғылын, амал-айласын көз алдымыздан өткізеді. Ескінің тозып, жаңаның өніп келе жатқанын бейнелейтін күреске Кенжеғара араласады. Жас жігіт әділет жолын іздейді, тарих тағылымынан кеш қалған елін алға сүйреуді мақсат етеді. Роман ескі өмірдің күйреуімен, шетелдіктердің Қарағандыны тастай қашуымен аяқталады. Халық алға үмітпен қарайды.

Осынша тарихты бастан кешіп, дүрбелеңге түскен даланың бейнесі – жазғы шапақты күні мен қысқы бораны, жайлауы мен жайлы шуақ түні үлкен суреткердің қолымен жарқын суреттеліп, романға өң берген.

Қазақ тарихының кейбір мәселелері Ә. Әлімжановтың романдарында да көрініс тапқан. «Махамбеттің жебесі» (1969), «Ұстаздың қайтып оралуы» (1978) романдарында ол халық тарихының бүгінгі адам санасына ой саларлық фактілерін іріктеп алуға тырысады. Сонымен қатар жазушы одан жалпы адам баласы тарихына ортақ үндестік табады. "Махамбеттің жебесі" романында Әнуар қазақтың өмір бойы арыла алмай келе жатқан алауыздықтың, рушылдық дертін талдайды. Махамбеттей ұлы күрескер ақынды да мерт еткен осы мінез екеніне назар аударады. Оқырман көңіліне ол, халық мүддесін жоғары қоюдың, бірлік пен ынтымақтастықтың маңызын ұялатуға ұмтылады. Ал Махамбетті ру мен ауыл көлемінен әлде қайда жоғары, шын халықтық дәрежеге көтерілген ақын ретінде бейнелейді, оның бойына халық даналығының көп сипаттарын жинақтайды. Ақынның ел тағдырына кең көзбен қарауы осыдан.

Ал, «Ұстаздың қайтып оралуы» - IX ғасырда қазақ жерінде туып, бүкіл шығысқа аты белгілі ғалым болған ұлы тұлға Әл-Фарабидің өміріне арналады. Онда ғалымның өмір жолының тәлімді жайларына, артына қалдырған рухани мол байлығына, еңбектегі қайраты мен табандылығына, адамгершілік сипаттарына көңіл аударылады. Ә.Әлімжановтың Әл-Фарабидің Отырардан білім қуып, Шам шаһарына аттануы, оқуы, Бағдат сапары, өмір қиыншылығының суреттері, ел сағынышы, Бәнуге деген сезімін суреттеуі – барлығы ұлы ғалымның тұтас тұлғасын көрсетуді мақсат етеді. Онда мансап пен әділдіктің арасындағы күрес, шығыс дәуірінің кертартпа жақтары дұрыс көрсетіледі. Ә. Әлімжанов романдарында кейде терең көркемдік бояуд жетпей, публицистиканың басып кететін жайлары да байқалады. Ол автордың журналистік дағдысынан туады. Соған қарамастан, Әнуардың қазақ тарихының бүгінгі өмірімізге сабақ болар жайларына көңіл аударуы біз үшін аса бағалы.

Бұл дәуірде негізінен тарихи роман өзгеше тездікпен дамыды. Ол басқа жанрлардың бәрінің алдына шықты. Халықтың өткен тарих пен оның негізгі оқиғалары, ел болу, дәстүрі, бостандық, азаттық идеяларының таралуы, сол бір тұстарда ел басқарған, ел намысын қорғаған азаматтар жайында білуге құмарлығы артты. Ұлттық сананың оянып, қазақтардың елдік салты жайында ойлана бастауы да коммунистік режимнің жібі босай бастағанының белгісі еді. Тарихи роман жанрындағы М. Әуезов дәстүрін жалғастыра отырып, қазақ романшылары осыған ұқсас әлемнің озық әдебиетінен сабақ алды. Тарих үлгісін өз дәстүріне сүйене отырып дамытты. Осы бір тұстағы тарихи роман жанрының жедел өсіп, ондағы қазақ халқы елдігін, арғы-бергі тарихын кең толғап, көркем талдауда І. Есенберлин, М. Мағауин, Ә.Кекілбаев, С. Мұқанов, Ә.Әлімжанов, С.Жүнісов, Д.Әбілев, С. Сматаев, Ш. Мұртаза, 3. Ақышев, Ж.Молдағалиев, Д. Досжанов, т. б. жазушылар белсенді еңбек етті. Қазақ тарихына жұрт назарын аударуда әдебиеттің жетекші рөл атқарып, қоғамдық ой-пікірдің басқа салаларына ықпал етуі осы авторлар еңбектерімен тікелей байланысты.

Бұл дәуірдің бірталай тәуір шығармалары қазақ халқы бастан кешкен тарихи кезеңдердің шындығын танытуға арналды. Халықтың азаттық жолындағы күресі. Жаңа өмір үшін талас бұл шығармалардың негізгі өзегі болып табылады. Бұл салада Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» (1957), «Көз көрген» (1963), С. Мұқанов «Есею жылдары» (1963), Х.Есенжановтың «Ақ жайық» (1957-1965), Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» (1961-1970),

Ғ. Слановтың «Асау арна» (1962) сияқты романдарының атап айтарлық

маңызы бар. Тарихи оқиғаларды терең талдап, олардың қоғамдық өмірдің өзгерістерін түсінудегі маңызын ашуға ұмтылыс бұл шығармаларды көп жағынан туыстырады. «Дауылдан кейін», «Көз көрген», «Есею жылдары» сияқты шығармалар жиырмасыншы жылдардағы қазақ жеріндегі сілкіністі рухани жаңаруға беталысты суреттейді. Оларда бейнеленген өмір сол дәуірдегі тап тартысының жағдайында өтеді. Негізінен жаңа өмір үшін күрестің күнгей жағын суреттеуге бейімделісімен, шығарма авторлары жаңа тұрмысқа көшу көшпелі қазақта оңайға түспегенін, олар көрген қиыншылықты көрсетеді. Алайда дәуір идеологиясының әсері байқалмай қалмайды. Халық басынан кешкен азайған зардаптары, күштеу, ашаршылық жайлары сөз болмай, тасада қалады.

X. Есенжановтың «Ақ жайық» атты үш томдық романы – қазақтың революцияшыл әдебиетіне өз жаңалығын ала келген шығарма. Сталиндік репрессияға ұшыраған автор ерте ойланған тақырыбын тек 50-жылдардың орта кезінен бастап жазуға мүмкіндік алды. Онда Қазақстанның батыс аймағында болған әлеуметтік тартыстардың тарихы суреттеліп, соған қатысқан адамдар тағдыры ашылады.

Роман кейіпкерлері өмірдің шытырман жолынан өтіп, шындықты біртіндеп таниды. Дәуір шындығын мол қамтыған жазушы характерлер тағдырын да оңайлатпайды. Онда сан қилы бейнелер (Хакім, Әйтиев, Дмитриев, Шолпан, Қаратаев) жасалған. Роман өзгеріс тудырған санадағы жаңалықтарды кең қамтиды. Онда қазақ ауылының жаңа жолға түсуге дейінгі өмірі де мол суреттеледі.



Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.60-70-жылдарда қандай тарихи романдар жарық көрген?

2. Бұл дәуірдегі қазақ әдебиетінде тарихи романдардың халықтық жаңа сапаға ие бола дамуы қандай дәрежеде болды?

3. Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкенің» екінші кітабы «Жат қолындасы» не жайлы?

4. Ә. Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», «Ұстаздың қайтып оралуы» романдары

кімдерге арналған?

5. X. Есенжановтың «Ақ жайық»,Ғ.Слановтың «Асау арна» романдарындарының сюжеттік

желісі не?



Әдебиеттер:

1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998

2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977

3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968

4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975

5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б

6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994

7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей, 2011ж; «Интеллект». –279 бет.

8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.

9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.

12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.
10 ДӘРІС 1960-2000 жылдар аралығында тарихи адамдар өмірінен

алынып жазылған шығармалар

Дәрістің мақсаты: Тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі

ұрпаққа қалдырған өнегесін,көркем шығармалардағы бейнеленген образдарын негізге ала

отырып дәріс барысында түсіндіру.

Дәрістің жоспары:

1.С.Мұқановтың, Ж..Молдағалиевтің, Д.Әбілевтің, С.Жүнісовтің, З.Ақышевтің әдебиет

тарихында елеулі мән-мағынаға ие болған туындылары жайлы.

2.Жеке қайраткерлерге арналған шығармалар Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау»

Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» , «Жұлдызды көпір» романдары.

3.1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Аманкелді Имановтың жастық шағына

арналған « Қоғабай» романына тоқталу.

4.Өнер адамының өмірін суреттеуге арналған шығармалар.

Қазақтың бұл тұстағы тарихи романында тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген ұлы тұлғалардың өмірі мен кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесін негізге ала суреттеу дәстүрі қалыптасты. Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлихановқа арналған «Аққан жұлдыз» (1967-1969), Ж. Молдағалиевтің Ыбырай Алтынсарин туралы «Алғашқы қоңырау» (1978), Д.Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» (1965-1971), С. Жүнісовтің «Ақан сері» (1971-1978), 3. Ақышевтің «Жаяу

Мұса» (1981) романдары әдебиет тарихында елеулі мән-мағынаға ие болған туындылар. Бұлардың бәрі де ғұмырнамалық мәліметтер негізінде жазылған. Қоғам өмірінде анық ізі қалған оқиғаларды іріктей отырып, нақты заман кейіпкерінің қыры мен сырын ашуға ұмтылады. Алайда көркемдік ізденістері жағынан олар бір келкі емес. Олардың ішінде ұзын сонар баяндауларға, тарихи оқиғаларды тізбелеуге құрылған, характерлік мінездеуден гөрі әңгімелеп түсіндіруге тырысқан туындылар да кездеседі. Дегенмен, тарих сырын тануға, қазақ халқының ұлы тұлғалары жайлы мәлімет алуға пайдалы еңбектер болғаны даусыз.

Сәбит Шоқан өмірі жайлы деректерді көп жинап, ол туралы пьеса да, ғылыми еңбек те жазған жазушы. Ал, романды ол үш том етіп, кең көлемде жоспарлаған. Онда Шоқанның ата-бабасы, ол дүниеге келмей тұрған кездегі қазақ тарихына қатысты мәліметтер де мол қамтылады. Оның балалық, жастық шағын, оқып, қоғамдық іске араласуын тәптіштеп ұзақ суреттейді. Шығармада қазақ-орыс қатынасының жиілеуіне байланысты оқиғалар, патшалық Ресейдің ел билеу жүйесіне кіруі, оған қатысты адамдар тағдыры жайлы мәліметтер де мол. Қазақтың ел билеуші жаңа қауымы Есеней, Шорман, Зілқара, Шыңғыстардың өзара байланысы, ортасы, орыс әкімдері Драгомиров, Сперанский, Курагин, Потанин, Госфорт, т. б. жайында да әңгімеленген. Шоқан осы ортадан білім алып өседі, оған ХІХ ғасырдағы орыстың демократтық ағымының әсері тиеді. Сонымен бірге жинақтаудың жетіспеуі, ұзақ-ұзақ баяндаулар романның елеулі олқылығы ретінде көзге түседі. Роман сүйегіне сіңіспей тұрған оқиғалар да баршылық.

Осындай үлгідегі ізденіс Жайсаңбек Молдағалиевтің Ыбырай Алтынсарин жайындағы романында да байқалады. Онда Ыбырайдың өмірі мен қызметі қазақ даласында жаңа типті мектеп ашу, осы жолдағы қиыншылдықтар, ел өміріндегі әділетсіздікке араласу, қазақ жеріне алғашқы қоныс аударушылардың келуі мәселелері төңірегінен көрінеді. Ыбырайдың жары Айғаныс, інісі Күдері, дала батырлары Аю мен Тұрсынбай, саудагер Исфахан, Сұлу Фатен, поп Иохим, дуан басы Яков Петрович сияқты адамдар жап-жақсы мінез-құлқымен көрінеді.

«Ақан сері» романы да қазақ әдебиетінің озық туындыларының қатарына кіреді. Мұнда да беймезгіл заманда өмір кешкен өнер адамының жан дүниесі жарқын бейнеленген. Ол үлкен өнер иесі есебінде әрқашан халық ішінде көрініп, оның өмір азабын жеңілдетуші, рухани демеуші боп көрінеді. Сұлулықты сүйе білген Ақанның әндері де, өлең-жыры да, ол кешкен серілік өмір де сол сұлулықтың нышаны. Қанша қысым, қастандық жасалса да, сұлулық, өнер өлмейді. Ақан да кейінгі ұрпаққа өлмейтін өмір қалдырды.

Сәкен романы бүкіл рухымен бізге осыны ұғындырады. Оның махаббатына, Құлагеріне, қыран құс, алғыр итіне дейін оған қатысты өмір шындығын бейнелеуге жазушы мол оқиғалар тізбегін пайдаланған. Негізгі тұлға Ақан романда көп жақсы қасиеттерімен есте қалады. Әнші, алғыр ақын, айтыс өнерінің тапқыры ол жамандық атаулыны тіліп айтатын сөз өнерімен де, достыққа, сыйластық-құрметке құмар үлкен жүректі парасатымен де көп ортасынан биік тұрады. Жазушы оның атақты әндерінің шығу жайларын, Ұрқиямен, Ақтоқтымен, Қадишамен махаббатын әсерлі суреттеген. Ақанның анасы Жаңыл, Әлібек батыр паң Нұрмағамбет, Батыраш, Саққұлақ, Сүлеймен сияқты сол дәуірдің білікті адамдарының бейнелері де есте қаларлықтай боп шыққан. Романның ажарлы тілі де сері туралы романға лайық көркем, бейнелі. туындылар

Осы қатарда өнер адамдарының өміріне арналған тағы бір топ деп – З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» О.Сәрсенбаевтың «Шамшырақ»,

А.Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» романдарын да атау орынды. Оларда Мұсаның, Нартай Бекежановтың, Базар жыраудың және басқа сыр сүлейлерінің өмірі мен еңбегі суреттеледі. Көркемдік ізденістері мен табыстары біркелкі болмаса да, олардан дәуір суреті мен өнер шындығы мол көрінеді. Қазақ халқының салт-дәстүрі, той өткізу, қонақ күту салты кең танылады.

Жеке қайраткерлерге арналған шығармалар легінде Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» (1979-1983) Ш.Мұртазаның «Қызыл жебе» (1978-1980), «Жұлдызды көпір» (1987) атты романдарының да көрнекті орны бар.

«Қоғабай» романы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Аманкелді Имановтың жастық шағы мен көтеріліске басшы болған кезін суреттеуге арналған. Роман оқиғасы қазақ жеріндегі қоғамдық-әлеуметтік күрестердің фонында дамиды. Аманкелді жас кезінде ел билеушілер тарапынан жәбір көріп өседі де, кейін төменгі тап мүддесі жолында күрескер боп шығады. Ал, Шерхан романдары Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға белсенді қатысқан революционер Тұрар Рысқұловтың өмірі мен еңбегін суреттеуге құрылған. Тұрар XX ғасырдың басындағы әлеуметтік өзгеріс дәуірінің үлкен қайраткері. Ол орнатысқан өкімет кейін күштеу мен зорлаудың билігіне айналып кеткенмен (өзі де сол өкімет қолынан қаза тапты ғой), оған тілектестер халықтың азаттығын, теңдігін идеал тұтқаны даусыз. Сондықтан Тұрардың, тағы сол сияқты социалистік революцияны қолдаған қайраткерлер еңбегі тарих алдында айрықша бағалауға тұратын, бірақ ақталмаған, ауыр еңбек. Тұрарлар жолы – кездейсоқ емес, әлеуметтік теңсіздіктің сырын терең түсініп, соны шешуге ұмтылған саналы күрескерлер жолы. Шерхан романда әуелде әкесі Рысқұлдың өз кезіндегі әділетсіздікке қарсы күресі арқылы Тұрарларға ой салған идеяның түп-төркінін ашады. Қоғамдық даму бағдарына қоса жас Тұрардың жүрегіне түскен жара оны үлкен қайраткерлікке дайындайды.

«Қызыл жебе» – тарихи оқиғалар легін эпикалық кеңдікпен суреттеуге құрылған шығарма. Онда суреттелетін өмір шындығы қатысушылардың дараланған характерін аша білу шеберлігімен ұласып, нанымды жолмен дамиды. Кеудесін ешкімге бастырғысы келмейтін Рысқұлдың Түлкібас, Жетісу жеріндегі өмірі, оның азаматтық ерлігін көрсетер негіз болса, Тұрар сахнаға шыққан кездің оқиғасы жас адамның саналы күрес жолында шыңдалуын дәлелді ашады. Оның революция тұсындағы, орнату, оны нығайту жолындағы еңбектері романда жан-жақты бейнеленген. Әсіресе, жазушы Тұрарды ұлт қайраткері ретінде жақсы көрсете білген. Оның революциялық оқиғалардың бәрінен қазақтың ұлттық мүддесіне, жалпы Түркістандағы мұсылман халықтары пайдасына қызмет етер ой-пікірлерді таңдауы, шовинистік, кертартпа отаршылдық көзқарастарға қарсы күресі осыны аңғартады. Оқырман осы саясаттың отаршылдық пиғылдан арылмаған өкіметке тиіп жатқанын, оның аяғы есепсіз кетпейтінін сезеді. Бұл романның үлкен табысы.

Бұл дәуірде тарихи адамдар өмірінен алынып жазылған шығармалар ішінде Д. Әбілевтің «Ақын арманы», «Арман жолында» (кейін «Сұлтанмахмұт» деген атпен трилогия болып басылған) атты романдарының көркемдік табыстары аз емес. Бұл романдарын автор XX ғасыр басындағы қазақ халқының ағартушы-демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен еңбегіне арнаған. Романның сюжеттік желісі Сұлтанмахмұттың жас кезінен бастап, басынан өткен тарихи кезеңнің негізгі суреттеріне құрылады. Онда сол тұстағы қазақ қоғамының даму қиыншылықтары мен қайшылықтары, ел өмірінің шындық әлеуметтік революциялар әсерімен ақынның демократтық көзқарасының қалыптасуы нанымды бейнеленген. Сондай ортада басты қаһарманның жанды бейнесі аталады. Қашанда шыншыл, әділет үшін күресуші, өктемдікке жаны қас, ел тағдырын жеке адам мүддесінен жоғары қоя білген Сұлтанмахұт бейнесі – романның айрықша атап айтар табысы.

Сұлтанмахмұт өміріне қатысты оқиғаларды іріктеп ала білуде де, оның заманының қайшылықты сырларын ашуда да, ақын шығармашылығына арқау болған әлеуметтік шындықты көркем бейнелеуде де Диқан шеберлігі ерекше танылады. Романда Сұлтанмахмұт шығармаларының туу жағдайлары, оның ой-сезімнің күрделі сыры сайрап жатыр. Ақынның ізденімпаздығын, сол жолда алған бетінен қайтпайтын қайсарлықты, өлеңдерінде «Оқып адам болу», «Жарық күнде сәуле қуу» идеясының тууын жазушы ақын өмірінің нақты деректеріне сүйене, оның шығармаларындағы ойларды көркем бейнелеу арқылы ашып берген. Сұлтанмахмұт өмір сүрген ортаның сырын, әділетсіздікке негізделген қоғамның ішкі мазмұнын автор Жарқынбай, Әбунүсіп, Майсор, Ақкірпік сияқты бейнелер арқылы көрсетеді. Олар қоғам дамуының әр кезеңінде туып, бірінің әрекетін бірі жалғастырған феодалдық тіршіліктің қорғаушылары. Жауынгер ақынның халықпен байланысы, әділет үшін күресі, көбінесе, осы типтермен қақтығыс үстінде суреттеледі.

«Сұлтанмахмұт» – ақын туралы роман. Сондықтан онда халықтық өнерге, махаббат, жастық сезім әсерлеріне көбірек көңіл бөлінеді. Акынның Мәликеге деген сезімі, биік мұратты махаббаты – шығарманың ең бір қызықты оқылатын беттері. Сұлтанмахмұт маңында жаңашыл жастар өсіп келе жатқаны да оқырманды оптимистік сенімге бөлейді. Романға М.Әуезовтің Абай туралы шығармасының әсері тиген. Ол өзінің реалистік байсалдылығымен, характерлерінің шыншылдығымен, Сұлтанмахмұт өмір сүрген ортаны аша білуімен, ақынның ағартушылық демократиялық көзқарасын таныта алуымен қазақ әдебиетіндегі өнер адамдары туралы романдар легінде елеулі орын алады.



Каталог: ebook -> umm
umm -> Тарау Пән бойынша глоссарий Тарау Лекциялардың қысқаша конспектісі Тарау соөЖ бойынша әдістемелік нұсқаулар Тарау СӨЖ бойынша әдістемелік нұсқаулар Тарау Бақылау – тексеру құралдары. Тарау Пән бойынша глоссарий
umm -> «Қазақ тілінің стилистикасы» ОҚу- әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар семей 2015 Мазмұны
umm -> Әбікенова Гүлнат Төкенқызы Когнитивті лингвистика
umm -> Глоссарий
umm -> Үш әулетті отбасы: ата-ана, бала, немере; Үш әулетті отбасы: ата-ана, бала, немере
umm -> ПОӘК 042-18 35/03-2015 №1 баспа 11. 06. 2015ж
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> 1 Менеджмент туралы түсінік Менеджмент ағылшын сөзі, оның түпкі түбірі гректің «Манус» сөзінен шығып
umm -> Мемлекеттік басқару проблемаларын жете түсіну үшін қазіргі менеджмент теориясының кейбір жайларын білу аса тиімді және қажет


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...