5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған


Өзін өзі тексеру сұрақтары

Loading...


жүктеу 1.56 Mb.
бет3/10
Дата31.05.2017
өлшемі1.56 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.1960-1970жылдары әдебиетке келген,лириканы жаңа сапаға көтерген жас ұрпақтар

кімдер еді?.

2. Осы кездегі қазақ поэзиясындағы лириктік жаңа беталысты кімнің жырларынан

танимыз?.

3. Осы жылдарда қандай поэмалар жазылды .



Әдебиеттер:

1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998

2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977

3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968

4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975

5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б

6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994

7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей, 2011ж; «Интеллект». –279 бет.

8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.

9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.

12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.

6 ДӘРІС Жаңғыру кезіндегі драматургияның дамуы.(60-70жж)

Дәрістің мақсаты: Осы кезеңдегі таңдаулы драмалық шығармалар, олардағы сөз бен

іс,тартыс сипатын меңгерту.



Дәрістің жоспары:

1.Қазақ халқы өмірінің әр кезеңін шығармаларына арқау етіп, жарқын тұлғалар жасаған

драматург Ш. Құсайынов.

2.Ә.Тәжібаевтің пьесалары.

3.М.Әуезовтің,3.Шашкиннің,Қ.Мұхамеджановтың, С.Адамбековтің комедиялары. 4.Драманың түрлері мен даму тарихы.

5.Драманың қазіргі жай-күйі, дәстүр мен жаңашылдық сипаты, өзекті мәселелері.

«Тартыссыздық теориясының» күйреуі, жеке адамға табыну кезінің таршылығынан босау драматургияның дамуына да қолайлы жағдайлар туғызды. Драматургия бүгінгі заман тақырыбын жырлауда, ондағы қоғамдық қайшылықтар мен адам тағдырының драмасын ашуда батыл қадамдар жасады. Бұл әсіресе, Ш. Құсайыновтың, Ә. Тәжібаевтың, Т. Ахтановтың, Қ. Мұхамеджановтың пьесаларында анық көрінді.

Қазақ халқы өмірінің әр кезеңін шығармаларына арқау етіп, жарқын тұлғалар жасаған драматургтің бірі – Шахмет Құсайынов (1906-1972) еді. Бұл кезеңде Шахмет «Рабиға», «Кеше мен бүгін», «Күн шуақта», «Көктем желі», «Есірткен Ерке», «Ертіс жағасында» сияқты пьесалар жазды. «Рабиғада» ескі қазақ ауылындағы әйелдердің бас бостандығы мәселесін автор сол кездің саясатына лайық әлеуметтік тартыс фонында көрсетуге ұмтылады. Тілепбай бай тоқалынан туған Рабиғаны қалың мал алып, ұзатпақ болады. Оған Рабиға көнбейді. Жасынан әкесінің жат мінезінен безінген ол өзіне тілектес адамдармен бірлесіп, бас бостандығы үшін күреседі. Бұл оқиға ауылды колхоздастыру науқанына ұласып, таптық күрестің шиеленісуіне орайласады. Осы тартыста Рабиға дұшпандары қолынан қаза табады. Пьесада Рабиғамен қоса, оның анасы Рәйіш, мұғалім Қоблан, артель бастығы Сүлеймен, ауылдың бас көтерер жігіті Жақан сияқты ұнамды бейнелер жасалған. Оларға Тілепбай мен оның сыбайластары Қақпан, Сағындықтар қарсы қойылады.

«Кеше мен бүгін» пьесасында Шахмет қазақ ішін жайлап, Кеңестік асыра сілтеу науқандары тұсында, бас көтерер адал адамдарды шырмған жалақорлыққа қарсы үн көтерді. Осындай бір жағдай көрнекті ғалым, үлкен жүректі азамат Марабайдың басынан өтеді. Есіркеп сияқты мансапқорлар мен оның Сабатай, Үдері тәрізді жағымпаздары өмірден жайлы орын табуға Марабай тарапынан кедергі боларын сезіп, оны жаламен қызметінен тайдырмақ болады. Адал Марабай ондай тайғанақ адамдармен жұмыс істесе алмайды. Марабай бейнесі кесек тұлғалы, қабілетті, өз басын ғана емес, қоғамдық үлкен мұратты қорғап алатын адамның сыпатын бойына жинақтай алған. Оның басына қауіп төнген кездегі психологиялық жай-күйі, күйініші мен сүйініші пьесада шынайы көркемдік бояумен суреттеледі. Биік интелектуальды, адал адамды қорғауды жазушы проблема етіп қояды.

Осындай бір ірі тұлғаны Шахмет «Күн шуақта» пьесасында жасады. Ол - колхоз бастығы Байсал. Екі қайтара Еңбек Ері атанған, көп жыл колхозды басқарған, соғыстан кейін жүдеген елді ұйымдастырған құрметті адам. Өзіне кең үй салдырып, күн шуақта өмір сүрген ол кенет ел арасына тараған әңгімелерден секем алады. Ол колхоз бастығының өз басын ойланқырап кеткені, ауылдың проблемасы әлі де шешіліп болмағаны, әсіресе малшылардың күйін жақсартуды қажет етіп отырғаны туралы естиді. Кенет ұяты оянған ол үйін балалар бақшасына өткізіп, бойына сіңе бастаған тоғышарлыққа қарсы күреседі, одан арылады. Осы жолдағы үй ішінің, өзін қоршай бастаған жағымпаздар мен қолын жылы суға малмақ болғандардың психологиясына тойтарыс береді. Шахмет пьесасы тартыстың кейбір жасанды жақтарына қарамастан, адамның биік мораль үшін күресін бейнелеуде едәуір маңыз алады.

«Есірткен Ерке», «Нұрлы тас» пьесаларымен ол балалар драматургиясын дамытуға үлес қосты.

Бұл жылдары Әбділда Тәжібаев (1909-1998) «Көңілдестер», «Жалғыз ағаш орман емес», «Майра», «Той боларда» сияқты пьесалар жазды. «Жалғыз ағаш орман емес» – «Гүлден дала» пьесасының жаңартылған, жетілдірілген нұсқасы еді. Ал, «Көңілдестер» - біздің бүгінгі өмірімізді құрт аурудай жайлаған көңілдестік, тамыр-таныстық, жағыну жолымен өсуді кездейтін мансапқорлықты әшкерлейтін психологиялық драма. Мұндағы тартыс қоғамның адал, ойлы, принципті мүшесі Мәлік пен оның күйеу баласы Дәурен және оның сыбайластары арасында өрбиді. Дәурен министр болуды армандайды, оның бұрын министр болып түсіп қалған досы Сапар соған сүйеніп қайта көтерілгісі келеді, осылармен байланысына арқа сүйеп, ғалымсымақ Келтек ғылым Академиясына мүше болып өтпек болады.

Мүдделері бірдей осы адамдардың характерлері бір-біріне ұқсамайды, әрқайсының өзіндік айла-амалы, тілі бар. Мәлік қоғамды жайлаған осы дертті көріп шошынады. Дәуренге әлі оның министр болуға дайын еместігін, шикілігін айтып, бетіне басады. Өз ойын тиісті орындарға жеткізеді. Бұдан көп бұрын (1963) жазылған пьеса бүгінгі біздің дәуіріміз үшін әлі де актуальды.

«Той боларда» — комедиялық пьеса. Сүйіскен екі жастың (Нартай мен Айбала) тағдырын ортаға ала отырып, автор олардың үйленуі тұсында өз құлқынын көздеген адамдардың пайдакүнемдігін, дүниеқорлығын, содан туындайтын пасық ой-пікір, іс-әрекетті күлкіге айналдырады. Олардың қатарында Айбаланың өгей анасы Ұрқия, сүймеген қызды малға, ақшаға сатып алғысы келетін қу Қалабай мен оның жылпос шешесі Қалима, нағашысы Айдар, т. б. ерекше көзге түседі. Қыз әкесі Байбол - әділ, таза адам. Ол қызының сүйгеніне баруын қалайды. Пьеса қазақ ортасының осындай бір ескілік салттан құтыла алмай отырғанына көңіл аудартып, оны жақтаушыларды әшкерелеуге арналады. Пьесаның шұрайлы, тапқыр тілі, ұтымды диалоггар оны көркейте түседі.

Әбділданың «Майра» пьесасы халқымыздың сүйікті әншісі Майра Уәлиқызының өміріне арналған. Ән еркесі болып, өмірі бостандықты аңсап, бас еркіндігін армандаған Майра төңкерістен кейін еріксіз барған, оның үстіне ән салуына, елмен араласуына тыйым салған күйеуінен босанып, құрбыларымен табысады. Намысы қорланған Тайман жаңа заман тәртібінен аса алмай, құр кіжінумен қалады. Бірақ Майраға өшігеді. Майраға мұсылманша оқыған, ескі көзқарасты Дүрбіт ғашық болып, тілегіне жете алмаған ол да кек алуды ойлайды. Майра кеме капитаны Мұратпен тіл табысады. Осы тартыстың легінде драматург Майраның бостандық сүйгіш, албырт көңілін, өнерлілігін ашады. Өзіне лайық жарды өзіндей азаттық үшін күресуші Мұраттан табады. Автор оқиғаны төңкеріс жылдарымен тұстас алып, басты кейіпкерлердің тағдырын бостандық идеясымен байланыстырады. Дүрбіт пен Тайманды Майраның ғана емес, осы жаңа идеяның жауы етіп көрсетеді. Оған белгілі дәрежеде сол кездің идеялогиясының әсері де тигені даусыз.

Осы дәуірде қоғамдық дамуға кірген өзгерістер драматургиядан да қалыптасқан жүйені бұзып, өмір шындығын әрқилы жағынан батыл бейнелеуді талап етті. Тахауи пьесасы өмірдегі осындай стереотипті сынауға құрылды. Мұндай ізденіс М. Әуезовтің «Дос-бедел дос», 3.Шашкиннің «Заман осылай басталды», «Ақын жүрегі», Қ.Мұхамеджановтың, САдамбековтің комедия-ларынан да табылады.

Шашкиннің алғашқы пьесасы Тоқаш Бокин өміріне байланысты жаңа заманның тууы кезінің оқиғаларына құрылған. Онда жазушының осы тақырыптағы романының ізі сақталған. Ал, «Ақын жүрегі» пьесасы кешегі жаппай қуғын-сүргін оқиғаларын еске алып, соған қатысқан адамдардың әрқилы тағдырын бейнелеуге арналған. Жұмат ақын мен Есен дәрігер - сол қуғынның азабын көрген адамдар, бірақ жаны таза жандар. Жұматтың ақын жанды аңқылдақ бейнесі, Есеннің ақкөңіл, жарқын тұлғасы пьесада жақсы көрінеді. Оларға қара ниет Нәби қарсы қойылады. Әлі де тағынан түспей бас дәрігер болып жүргеніне қарамастан ол досқа опасыз, мансапқор болып суреттелген. Пьеса өз заманының қиындығын ашуда елеулі туынды.

Жастар әмірін суреттеген А.Шамкеновтің «Адасқан қаз» пьесасы да көтерген мәселесінің өткірлігімен және драмалық сапасымен жақсы бағаға ие болған. Онда мектеп бітіріп сүйгені Айдармен бірге болашаққа ұмтылған көңіл күймен көрінген Шәрбаннің ойда жоқта бақытсыздыққа ұрынып, сүймеген адамға кетуі суреттеледі. Автор Шәрбанді бақытсыздық бұзып, дөкір еткен бейне етіп көрсетеді. Кейін оның ескі достарымен кездесуі, Шәрбанды ойландырады.

Қ.Мұхамеджанов пьесалары адам мінезінің, іс-әрекетінің күлкілі жақтарын алып суреттеуге құрылады. Күлкінің ар жағында ойдан құбылысты әшкерелеу сарыны жатады. «Бөлтірік бөрік астынданың» бас кейіпкері Сапар – жылпос, опасыз, өмірді алдау мен арбауға құрып үйренген адам. Ол ауылда әйелі бола тұрып, қалада үйленеді. Автор осыны әшкерелейді. Оны «Бөрік астындағы бөлтірік» деген. Қала қыздарының қазақ тілін білмеуін күлкі етеді. Ал, «Құдағи келіпті» пьесасында ағылшын отбасындағы тіршілігін суреттеп отырып, қаланың тоғышар, сәнқұмар әйелдеріне еліктеген сауатсыз ауыл әйелі Айжанның қызын күйеуінен айырып алмақ болған ісі мен қылығын күлкі етеді. «Қуырдақ дайын» пьесасында Ережеп, Жақан сияқты өмірде өз орны жоқ, әркімге сүйеніп күн көрген мүсәпір адамдардың майысқақ жұрттың бәріне жақсы көрінуге тырысқан қылықтарын суреттеуді көздеген. Бәрі де күлкіге арқау боларлық дүниелер. Автордың үш пьесасы да кезінде театр сахналарынан көрсетілді. Алайда драмалық тартыстың әлсіздігінен, үлкен қоғамдық мәні бар қақтығыс тудыра алмаған пьесалар сюжеті ұсақ-түйекті әңгімелеу сатысында қалып қояды. Сапар - күн көрістің ғана адамы. Ол қасқыр болатындай зұлым сияқты емес. Бірақ ол қасқыр болуға дайындалып келе жатқан бөлтірік деп суреттеледі. Бірақ бөлтіріктерді тудырып жатқан құбылыстың табиғатын іздеу, табу, әшкерелеу көрінбейді. Соңғы екі пьесада да жеңіл күлкімен қанағаттанып сол күлкіні, ұнамсыздықты тудырып жатқан жағдайды тану, әшкерелеу жайы ашылмай қалады. Мұндай кемшіліктер Қ. Сатыбалдин, С.Адамбеков комедияларына да тән. «Махаббат машақатында» ол тентек баланың қылығын көрсетіп оның кінәсін анасына артады. «Қабаған итте» саудагерлікті сынайды. Алайда осы қоғамдық ұнамсыз құбылыстардың түп төркінін тану жетіспейді.

«Беу, қыздар-ай!» - бұлардай өмірдегі сорақылықтарды суреттеу мақсатында емес, жастар арасындағы жылы қарым-қатынасты сыпайы әзілмен көмкеріп, жылы, жеңіл күлкі тудыруға құрылған. Онда классикалық шығармаларда көп кездесетін жаңсақтық қылықтар күлкі тудыруға себепші болады. Газетте басылған Айсұлудың суретін көріп, бірі өлең жазбақ боп, бірі суретін салмақ болып, үшіншісі тіпті таныспақ болып келген ақын, суретші, ғалым - үшеуі Айсұлудың өзін көрмей, апалары Күнсұлу, Нұрсұлу, Жансұлумен танысады және оларды Айсұлу деп ойлаған. Қоғамдық еңбек атқарып жүрген қыздар жігітгерге еріп кетпей, оларды ауылда алып қалмақ болады. Еңбек адамдарының көңілді ойнақылығы, нәзік сезім иелері екені көрінеді. Сонымен қатар пьесада, комедияға тән жылы юмор, жеңіл күлкі, әзіл, жүйрік ақындық тіл бар.



Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1.Ш.Құсайынов шығармаларына қандай тақырыпты арқау етті?.

2.Ә.Тәжібаевтің қандай пьесалары бар?

3.Драманың қандай түрлері бар?.

4.Драманың қазіргі жай-күйі қандай?.

Әдебиеттер:

1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998

2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977

3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968

4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975

5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б

6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994

7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей, 2011ж; «Интеллект». –279 бет.

8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.

9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

7ДӘРІС Әдеби сын мен әдебиеттану тарихы және қазіргі әдеби үрдістің жаңашылдық

қырлары

Дәрістің мақсаты: Әдеби сын мен әдебиеттану тарихының, қазіргі әдеби үрдістің жаңашылдық қырларын таныту.

Дәрістің жоспары:1. Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи

белестерінің кезеңдері.

2. Қазақ әдебиетінің даму жолдарын саралау.

3. Ұлттық әдеби сынның тарихын жасауға жарық көрген

еңбектер.

4. Қазіргі әдеби сынның жаңашылдық қырлары.

Қазақ әдебиеттануы нақты мәселелерді зерттеуде әдебиеттің ішкі даму заңдылықтарын, жанрлардың ерекшеліктері мен туу, қалыптасу жолдарын анықтауға батыл қадам жасап отыр. Әдебиетімізде зерттеліп жүрген проза, поэзия, драматургия жанрлары сияқты әдебиет сынының да тарихы мен қалыптасу процестері, өзіне тән шығармашылық ғылыми мәселелері арнайы зерттеуді талап етеді.

Бұл мәселе тек ғылымдық тұрғыдан ғана емес, практикалық тұрғыдан айрықша қажеттілікке айналып отыр. Сондықтан әдебиеттің басқа жанрларының ішкі түрі, нақыштары тарамдала зерттеліп жатқан уақытта сол игі істі жүзеге асырып отырған сын жанрының өзі тасада қалып қоюы орынсыз болар еді. Оның да басқа жанрлар сияқты өзіне тән творчестволық, ғылыми проблемалары, тарихы бар.

Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінен үш кезеңді анық байқаймыз. Бірінші кезең – қазақ әдебиеті сынының туу дәуірі. Екінші кезең - қазақ әдебиет сынының жанр ретінде қалыптасу және әдебиеттану ғылымының туу дәуірі. Үшінші кезең - қазақ әдебиет сынының өсіп -өркендеу дәуірі .

Қазіргі қазақ әдебиеті сыны мен әдебиетану ғылымы дүниеге келген әр бір көркем туындының идеясын, айтар ойын, эстетикалық өреге қол созғанын, қандай әлеуметтік мәселені көтергенін, нені насихаттайтынын саралап алуға міндетті. Әдеби сынның туу, қалыптасу проблемалары тек творчестволық қана емес, саяси әлеуметтік мәселелермен де байланысты болғандықтан әдебиет сыны тарихында оны орағытып өту мүмкін емес. Сынның эстетикалық дәрежесі көркем әдебиеттің шыққан биігіне тәуелді.

Әдебиет сыны көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келді. Көркемдік даму мен эстетикалық талап – талғамның өркендеу процесі уақыт жағынан бір - бірінің ілгері- кейінділігіне қарамастан өзара байланысты. Көркем әдебиетпен үзеңгілес дүниеге келген сынның дәрежесі қандай болмақ деген мәселеге келген де, екі себеп бар. Атап айтқанда, субъективтік және объективтік себептерге тоқталып өткен жөн.

Түптеп келгенде, сынның эстетикалық дәрежесі көркем әдебиеттің шыққан биігімен өлшенеді. Сынның кейде әлеуметтік, кейде эстетикалық таңдауларға ден қоюының өзі де әдебиеттің қамтыған өмір шындығына белгілі дәрежеде тәуелді болатын кезін естен шығармау қажет.

Субъективті себепті сөз еткендер , ең алдымен сыншының білім деңгейі мен эстетикалық талғамының мол – аздығын еске алу қажет. Қай кез болмасын, әдебиеттің өрлеу кезінде де, оның кейде көркемдік жағынан да, қоғамдық пікірді ұйымдастыру жағынан да биік деңгейден табылмай қалатын шағында да сыншының білім – парасаты мен эстетикалық талғамы санаттан шығып қалған емес. Мұның өзі сын дәрежесін аңғаруға қажетті субъективтік себеп.

Екінші, объективтік себеп – көбіне әдебиеттің жалпы дәрежесіне тәуелді. Егер көркем шығармалар өзінің қоғамдық мәні жағынан көркем бейнелер жасау, типтік жағдайларды көрініспен суреттеу, тіл байлығын игеру, оқырманды ілгері ұмтылдыратын эстетикалық идеяларды белгілеу жағынан биік деңгейден табылып жатса, онда сынның өресі биік болғаны. Сыншы әрқашан көркемдік дамудың кезеңді асуларында ойын өрбітуге қажетті дәлеледерді әдебиеттің күнделікті шындығынан ала отырып, келешекте шығар биіктерді бағдарлайды, әдебиеттің өркендер арнасын анықтайды .

Қазақ әдебиетінің даму жолдарын саралауда әдеби сынның рөлі айрықша. Қазақтың әдеби сыны кемелденіп келеді. Көркем творчествоның қандай келелі мәселелері мен нәзік құбылыстары болмасын, қазіргі әдеби сынымыз тексеруге де, тұжырымды түрде қорытуғы да әзір. Дегенмен, әдеби сынның шешілмей жатқан түйіндері баршылық. Сын мәселелерін мерзімді және ғылыми басыламдар көтермей жүр десек, шындықты аттап кеткендік болар еді. Керісінше, жарияланып жатқан материалдар баршылық. Оларда, көбіне, әдеби сынның алдында тұрған міндеттер мен кемшіліктер төңірегінде ғана әңгімеленіп жүр де, оның өзіндік ерекшеліктері, методологиялық және ішкі құрылымдық жақтарына тереңдей алмай келеді.

Ұлттық әдеби сынның тарихын жасауға талпынып жатқан елеулі еңбектер жарық көріп жатыр. Бұлардың ішінде , қазақ әдебиеті сынының тарихын көп жылдардан бері үзбей зерттеп келе жатқан белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің еңбегін атаған жөн. Зерттеуші «Сын сапары», «Оңаша сапар», «Қазақ әдебиеті сынынң тарихы», «Дәуір дидары» сияқты сынға қатысты еңбектерін жариялады. Т. Кәкішевтің зерттеу еңбектерінде қазақ әдеби сынының ғылыми тарихын жасаудың алғашқы сүрлеуі салынып, негізгі қиын мәселелер қарастырылды. Сынға қатысты «Уақыт және қаламгер» атты сын еңбектер жинағы жыл сайын шығап тұрып, сынның дәрежесін көтеруге зор үлес қосты. Сондай – ақ , Р.Бердібаевтың «Замана сазы», «Дәстүр тағылымы», «Ғасырлар толғауы», З.Қабдоловтың «Жебе », «Арна» , Ш. Елеукеновтің «Замандас парасаты», М. Қаратаевтың «Әдебиет және эстетика», «Ізденіс іздері», С.Қирабаевтың «Шындық және шебердік», «Талантқа құрмет», Н.Ғабдуллиннің «Уақыт сыры», Қ. Нұрмахановтың «Дәстүрлі достық»,

Ә. Жәмішевтің «Кезең кестелері», «Биік мәртебе», Б.Дәрімбетов «Тазару»,

С.Әшімов «Сын мұраты», «Парасатқа құштарлық», С. Досанов «Қазына»,

Т. Шапаевтің «Ой түбінде жатқан сөз» тағы басқа сын кітаптары сынның дамуын тездетті. Бұларда қазақ әдебиетінің әр жанрының дамуы, әдеби бағыттар, жеке жазушылардың шығармашылығы, жалпы әдебиеттің негізгі мәселелері сөз болды .

Әдеби сынның тарихына көз жібергенде, оның пайда болу, даму жолдары әдебиеттің өсіп- өркендеу бағытымен сәйкес келіп отырады. Қазақ әдебиетінде Абайдың,Шәкәрімнің,Сұлтанмахмұттың, Ахметтің, Мағжанның, Жүсіпбектің, Міржақыптың тағы басқалардың шығармаларының жарық көруі сын мен ой –пікірлердің жаңаша қарқынмен дамуына түрткі болды. Сынсыз әдеби даму процесті бағдарлау қиын. Онсыз әдебиет жүйесіз әдеби фактілерге айналар еді. Көркемдік қуаты әлсірер еді. Сын әдебиетпен бірге пайда болып, бірге дамып, шығармашылық еңбекпен біте қайнасып жатыр.

Әдебиеттің негізгі объектісі – өмір. Ал әдеби сынның негізгі мақсаты – бүгінгі күн әдебиетінде, әдеби процесте болып жатқан жаңалықтарды, ондағы жетістіктер мен кемшілктерді уақтылы ашып көрсетіп отыру. Сыншы бұл міндеттерді орындау үшін аналитикалық талдау әдістерін қолдануы тиіс. «Жазушы сұлу сөздер арқылы көркем образдар жасайды, ал сыншы болса, жазушы шығармасын ғылыми ұғымдар тұрғысынан талдап баға береді. Оның идеялық мәнін, көркемдік қуаты мен қоғамдық маңызын айқындайды ».

Көркем әдебиетте көркем бейне жасау басты міндет болса, сыни еңбектер логикалық талдауға құрылады. Сын мақалалары үшін белгілі бір мәселе төңірегінде ой айту, пікір білдіру, баға беру негізгі орында. Ал сыншы болса, қоғамдық өмір туралы көзқарастарын әдебиетті сөз ете отырып қана айта алады. Әдебиет бар жерде сында бар. Сынның әр кезеңде де әдебиетті танып отыру үшін өзіндік маңызы бар. Көркем әдебиеттің негізгі бір бөлігі болып келген әдеби сын әлеуметтік, эстетикалық ой- пікірлердің жан-жақты дамуының нәтижесінде әдебиеттің ауқымынан шығып, қоғамдық саланың басқа да түрлерімен байланысы күшейіп, жаңа сипатқа ие болады.

Ғылым мен сынның байланыстылығы әдебиет ғылым да, сыны да көркем әдебиетті бірге зерттейді, талдайды, пікір айтып, бағалайды. Сын әдебиет ғылымына жол салып отырады, материалдар жинап оның дамуына алғы шарттар жасайды. Сын мен ғылымның шығу мерзімі жағынан сын алғашқы. Әдебиет ғылымының сынсыз даму қандай қиын болса, сынның да ғылымсыз күні жоқ. Өйткені, сын өз пікірін көбіне ғылымға негіздей отырып айтады. Әдеби сын нақтылы бір туынды немесе көркемдік процесс хақында пікір білдіргенде әдебиетану ғылымының зерттеу әдістерін, терминдерін, ұғымдарын, заңдылықтарын пайдаланады. Сыншы мен ғалымның зерттеушілік дәрежесі әр деңгейде. Зерттеуші алған объектісі жайлы жан – жақты терең мағлұматтар берсе, сыншы сол мағлұматтар арқылы шығармаға баға береді. Әдебиет сыны мен ғылымының ұқсастық жақтары олардың зерттеу объектілерінің бірлігінен оқырманға бағышталатындығынан, зерттеу әдістерінің ортақтығынан, ойлау ерекшелігі, жазылу мәнері жағынан да көрінеді. Әдеби сынның ғылыми сипаты оның әдебиеттану ғылымымен байланыстылығынан ғана емес, бүкіл қоғамдық ғылымдармен қатыстылығынан да көрінеді.

Әдеби сынның ғылыми сипаты айқын. Ол - өз қызметінде әдебиеттану ғылымының ғана емес бүкіл қоғамдық ғылымдардың жетістіктеріне сүйене отырып қана объективті пікір айта алады.

Сын тек әдебиетті ғана зерттеп қоймай, баспасөз арқылы әлеуметтік мәселелерге де араласып отырады. Әдеби сын кқркемдік дамуда ғана емес, жалпы қоғамдық ой– пікірдің өрістеуінде де маңызды рөл атқарады. Сынның дәрежесі сол кездегі әдебиеттің, мәдениеттің, баспасөздің деңгейімен бірге әлеуметтік жағдайларға, ой – пікірлерге де тікелей байланысты. Сын – сан сипатты аса күрделі сала. Сын көркем туынды жайлы пікір білдіргенде әдебиеттану ғылымына сүйену керек, бұл оның ғылыми сипатын көрсетеді. Сынның көркем жазылуын көркемдік сипаты айқындайды. Сыншы шығармада әлеуметтік мәселелер қалайша көрініс тапты, соған баға беруі тиіс, бұл оның идеологиялық сипатын белгілейді. Әдеби сын баспасөз арқылы ғана жемісті дами алады, бұл оған публицистикалық сипат береді. Жалпы, әдеби сын дегеніміз, әдебиеттану ғылымы мен қоғамдық ғылымдардың тоғысқан түйінінен пайда болып, күнделікті әдеби процесті зертейтін, оған баға беріп, оқырманның рухани әлемі аясында қызмет атқаратыгн әлеуметтік саланың сан қырлы саласы. Әдеби сынның басты мақсаты – әдеби процесте болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде бағалау. Оның негізгі мазмұны – қазіргі әдебиеттің зәру мәселелері.

Сынды тек қана сынау құралы деп түсіну қателік. Сынның ең әуелгі және негізгі міндеті–әдемілікті, сұлулықты, жарастықты, парасаттылықты, көркемдікті қастерлеу, жақсыға қуанып, жаманға қамығу, гүлденер өнерге қолқабысын тигізу, теріс жолдан сақтандырып, оңға бастау, бағдар сілтеу.



Өзін өзі тексеру сұрақтары:

1. Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының тарихи белестерінің қандай кезеңдері бар?

2. Қазақ әдебиетінің даму жолдарын қалай саралаймыз?

3. Ұлттық әдеби сынның тарихын жасауда қандай еңбектер жарық көрді?

4.Қазіргі әдеби сынның жаңашылдық қырлары туралы не айта аласыз?

Әдебиеттер:

1. Қирабаев С. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті Оқу құралы. – А: Білім, 1998

2. Қирабаев С. Революция және әдебиет.-А.,1977

3. Қирабаев С. Октябрь және қазақ әдебиеті.-А.,1968

4. Кәкішев Т.Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Оқулық. – А: Санат, 1975

5. Кенжебаев Б. Әдебиет белестері.-Алматы,1986.-396б

6. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы Оқулық. Алматы: Санат, 1994

7. Тоқсамбаева А. Қазіргі қазақ әдебиеті(1960-2000).Оқулық; Семей, 2011ж; «Интеллект». –279 бет.

8. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2-кітап. А., 2001ж.

9. Дәдебаев Ж.Д. Қазіргі қазақ әдебиеті. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

10.Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. Оқу құралы. – А: Қазақ универ, 2002

11. Бердібаев Р. Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы. А., 1971 ж.

12. Бердібаев Р. Қазақ тарихи романы. А., 1979 ж.


: ebook -> umm
umm -> Тарау Пән бойынша глоссарий Тарау Лекциялардың қысқаша конспектісі Тарау соөЖ бойынша әдістемелік нұсқаулар Тарау СӨЖ бойынша әдістемелік нұсқаулар Тарау Бақылау – тексеру құралдары. Тарау Пән бойынша глоссарий
umm -> «Қазақ тілінің стилистикасы» ОҚу- әдістемелік кешені оқУ-Әдістемелік материалдар семей 2015 Мазмұны
umm -> Әбікенова Гүлнат Төкенқызы Когнитивті лингвистика
umm -> Глоссарий
umm -> Үш әулетті отбасы: ата-ана, бала, немере; Үш әулетті отбасы: ата-ана, бала, немере
umm -> ПОӘК 042-18 35/03-2015 №1 баспа 11. 06. 2015ж
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> 1 Менеджмент туралы түсінік Менеджмент ағылшын сөзі, оның түпкі түбірі гректің «Манус» сөзінен шығып
umm -> Мемлекеттік басқару проблемаларын жете түсіну үшін қазіргі менеджмент теориясының кейбір жайларын білу аса тиімді және қажет


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Loading...


©melimde.com 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет

Loading...