5-сыныпта «Қазақстан тарихынан әҢгімелер» курсын оқытуда «ҚазақТЫҢ Ұлт зиялылары» тақырыбын оқып үйрену әдістемесі әбдіғұлова Бағлан Қапарқызы



жүктеу 134.96 Kb.
Дата19.03.2017
өлшемі134.96 Kb.
5-СЫНЫПТА «ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНАН ӘҢГІМЕЛЕР» КУРСЫН ОҚЫТУДА «ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТ ЗИЯЛЫЛАРЫ» ТАҚЫРЫБЫН ОҚЫП ҮЙРЕНУ ӘДІСТЕМЕСІ
Әбдіғұлова Бағлан Қапарқызы, Даулбаев Тимур Файзиұлы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универсиетіні «Тарих және қоғамдық пәндерді оқыту әдістемесі» кафедрасының профессоры және аға оқытушысы
Қазіргі кездегі қоғамның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы осы заманғы білім беруге қойылатын талаптарды да өзгертті. Өркениетті елдердің көпшілігінде білім берудің мақсаты, мазмұны мен технологиялары оның нәтижесіне қарап бағаланады. Бүгінгі таңда еліміздегі білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды құралдардың бірі. Осы ретте орта білім берудің мақсаты – жылдам өзгеріп отырған қоғам жағдайында алынған терең білімнің, дағдының негізінде оқушыны еркін бағдарлана білуге, өзін-өзі жүзеге асыруға, өзін-өзі дамытуға және өздігінен дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдайтын жеке тұлға етіп қалыптастыру.

XXI ғасырда білімге деген жаңа көзқарас тұрғысынан оның сапасы да жаңаша сипатталуда. Білімнің – құндылық, жүйе, үрдіс, нәтиже ретінде төрт жақты сипаты біртұтас қарастырылады. Әлемдік білім беру кеңістігінде, өркениетті елдерде білім беру ісі нәтижеге бағытталған білім (НББ) үлгісі болып табылады.

Біздің елімізде білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті жаңа сапалық сипатқа ие болу жолындағы үлкен бетбұрыс алдында тұр. Кеңестік дәуірде білім беру жүйесінің соңғы нәтижесі жеке пәндер бойынша алынатын білім, білік, дағды (ББД) болып саналды. Бүгінгі таңдағы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселе – білім, білік, дағдыны меңгеруге бағытталудан біліктілік алуға көшу.

Нәтижеге бағытталған білім оқушылардың жеке жетістіктері шеңберінде белгілі бір нәтижелерге жету үшін бағытталған білім беру үрдісін сипаттайды. Оқушылар қандай маңызды мәселелерді түсінуі қажет, олар не істей білуі тиіс және қандай қасиеттерін дамытуы керектігін анықтау қажет. Осыдан кейін ғана оқушылардың қабілеттері мен қасиеттерін дамытуға қол жеткізуге бағытталған құрылым мен оқу жоспары дайындалады. Сөйтіп, НББ оқушылар оқу соңында қандай нәтижелер көрсетуі тиіс екендігін негіздейді. Осы тұрғыдан мұнда білім беру «Не үшін оқытамыз?» деген сауалға жауап алудан басталады. Осы сұраққа жауап ретінде алынатын соңғы нәтижелер нақты жеке пәндер бойынша меңгерген білім, білік, дағдылары емес, өмірлік дағдыларға байланысты іске асырылады. Содан кейін барып «Оқушыны оқуға қалай үйретеміз?» деген мәселені шешуге байла-нысты болады. Егер бұрын мұғалімнің басты мақсаты оқушыға жүйеленіп, өңделген дайын материал-ды, ақпаратты жеткізу болса, қазіргі уақытта мұғалімнің де, оқушының да рөлі өзгерді. Бүгінгі мақсат оқушыға дайын ақпарат беру ғана емес, оқушылардың өздігінен оқып-үйренуі, өздігінен ізденуі, өзіне қажетті білімді табуы және ұтымды пайдалануы. Мұғалім мұнда оқушылардың пәнді өздігінен меңгеруіндегі сарапшы ретінде, оқу үрдісіне және оқушының жаңа материалды қабылдауына мүмкіндік жасауға көмектеседі. Оқушылар өздігінен оқып-үйрену дағдыларын пайдалануға үйренеді. [1, 3-б]

Оқушылар өздігінен оқып-үйрену, оқу материалын қабылдау дағдыларын дамыту арқылы «қалай оқуы керектігін үйренеді». Осындай оқытудың нәтижеге бағытталуы нәтижесінде оқушылар өмірге қажетті кең ауқымды дағдыларды, біліктіліктерді меңгеруге мүмкіндік алады.

5-сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» курсының мазмұны мен құрылымының өзіндік ерекшеліктерінетоқталайық.

Курс мазмұнын оқып-үйренуге бағдарлама бойынша 34 сағат бөлінген.

5-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы курсының мазмұны бес бөлімнен тұрады, қорытып-қайталауға сағат берілген.

5-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы курсының мазмұны жағынан да, оны оқыту әдістемесі жағынан да басқа тарих курстарынан ерекшеліктері бар.

Тарихты дербес пән ретінде оқып-үйрену 5-сыныптан, «Қазақстан тарихы» деп аталатын алғашқы курстан басталады. Бұл курсты оқып-үйрену барысында оқушылар тарихтан белгілі бір көлемде, тұжырымдалған бастапқы білім алады. 5-сыныпта Қазақстан тарихының сонау көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі оқиғалары қамтылады. Еліміздің тарихында болған аса маңызды оқиғалар мен құбылыстар хронологиялық реттілігімен баяндалады.

Бұл курстың басты ерекшелігі – ондағы материалдар көлемі жағынан шағын әрі әңгіме түрінде берілуі. Еліміздің әртүрлі кезеңдеріндегі өмірі, тұрмысы және тіршілігінің тарихи бейнесі сурет-теледі.

Жүйелі курста ұзақ әрі күрделі үрдіс ретінде оқылатын құбылыстар 5-сыныпта суреттеу, баяндау, нақты образын тартымды да әсерлі әңгімелеу арқылы ашып көрсетіледі. Мұнда күрделі үрдістер мен ұғымдар жүйесін барынша толық әрі терең ашып көрсетуден гөрі, аса маңызды тарихи құбылыстың негізгі кезеңдері, айтарлықтай белестері туралы алғашқы түсініктер беріледі. Мұның өзі оқушы-лардың келесі сыныптарда өтілетін тарих пәнінің күрделі де жүйелі курстарын жетік меңгеруіне көмектеседі.

Оқулық пен бағдарламада 10-11 жастағы оқушылардың психологиялық ерекшеліктері де ескерілген. Психолог ғалымдардың пікіріне қарағанда, бұл жастағы шәкірттер мінез-құлығының дамып, қалыптасуы жағынан қиын, өтпелі кезеңдегі «кіші жеткіншектер» деп танылған. Осы ретте қазіргі заманғы білім беруші мұғалімнің ғылыми-теориялық білімі жан-жақты, терең болуы, оқыту әдістемесін жетік білуі талап етіледі.

Бұл курстың жетекші идеясы – оқушыларды қазақстандық патриотизмге, төзімділікке, биік мәдениетке тәрбиелеуге септігін тигізу. Осы мақсатта оқулықта курстың жетекші идеясын аз-аздап, бірте-бірте ашуға, бұл үрдістің аса маңызды жақтарын мүмкіндігіне қарай толық көрсетуге септігін тигізетін факторлар іріктеліп алынған. Сонау ерте заманда Қазақстан аумағында мекендеген сақ, ғұн, түрік тайпалары, олардың өмірі мен тұрмысы, тәуелсіздік жолындағы ерлік күрестері оқушылардың жадында тек жақсы сақталып қана қоймай, олардың сезіміне әсер ететіндей баяндау қарастырылады. Сондықтан Тұмар патшайым, Зарина, Шырақтың ерлігі, Еділ-Аттила, Мөде, Бумын қаған, Қайырхан туралы материалдар оқушылардың көкейіне қонымды жеткізіліп, олардың бойында отаншылдық сезімдерді қалыптастыруға көмектесуі тиіс.

Бесінші сынып оқушылары еліміздің тәуелсіздігі мен азаттығы жолында күрескен, аттары аңызға айналған Тұмардан бастау алған ержүрек жауынгерлер, қазақ билері мен батырлары, хандары мен халықтың ерлігі, бүгінгі күндегі ғарышқа самғаған қазақ елінің мақтаныштары Т. Әубәкіров пен Т. Мұсабаевқа дейінгі тарихи қайраткерлер легімен, еліміздің тарихының қаһармандық беттерімен танысады, тарихымызда болған елеулі оқиғалар, құбылыстар мен тарихи қайраткерлер туралы оқып біледі. Сонымен қатар олар мүлде жаңа, тың оқиғалармен және тарихта аты қалған адамдардың өмірі және қызметімен танысуға мүмкіндік алады. Олар, мәселен, Ұлы Отан соғысы туралы бірқатар мәселелерді бастауыш сынып материалдарынан, сыныптан тыс ата-аналарынан естуінен, балаларға арналған көркем әдебиеттерді оқудан, фильмдер мен спектакльдерден біледі. Бірақ оқушылардың бұл түсініктері үзік-үзік әрі жүйесіз болып келеді. Сондықтан мұғалім, оқушылардың сабақта және сабақтан тыс алған білімдерін пайдалана отырып, оларға осы мәселелер бойынша алғашқы жүйелі білім және түсініктер алуға көмектесуі тиіс. Алайда бұл идея тек қызықты фактілерді жүйесіз әңгімелеп берумен ашылмайды. Сабақта қайсыбір тарихи оқиға не құбылыстың басты кезеңдерін көрсететін материал сұрыпталып алынуы қажет. Сондықтан қазіргі сабақта оқушыларға материалды не ақпаратты дайын күйінде ұсынбай, оқушыны өз бетімен жұмыс істеуге үйрету, өзіне қажетті білімді іздестіруге, табуға, өз өмір тәжірибесінде пайдалануға көңіл аударғанымыз жөн. Оқушылар өздігінен «қалай оқу керектігіне үйренеді». Осы ретте сабақта түрлі көрнекіліктер: карта, кесте, бейне және аудиофильмдерден, электронды оқулықтан үзінді пайдаланылады, қосымша әдебиеттермен танысады, мұғалім дәстүрлі және интерактивті әдістерді қолданады. Тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалану сабақта оқушылардың белсенділігін арттыруға жағдай туғызады. Оқушылар өздігінен жауап іздеп, талдайды, қорытындылайды, өз пікірін еркін білдіруге, оны күнделікті өмірінде қолдануға ұмтылады. Міне, осындай оқытудың нәтижесінде оқушыларға өмірге қажетті дағдылар мен біліктіліктерді меңгеруге мүмкіндік беріледі.[1, 4-б ]

Оқулықта жоғарыда атап көрсеткендей тарихи қайраткерлердің өмірі мен қызметі, ерлік істері баяндалады. Іріктеп алынған материалдардың мазмұны оқушылардың танымын кеңейтіп, тарихтағы адамның рөлін түсінуге көмектеседі. Ежелгі дәуірден бастап қазіргі кезеңге дейінгі тарихи оқиғалар туралы түсініктерін нақтылай түседі.

5-сыныптағы оқу материалының мазмұны онда берілген ұғымдардың белгілі бір жүйесі арқылы ашып көрсетіледі. Бұл сыныпта арнаулы терминдердің, тарихи ұғымдардың ғылыми толық анықтамасы айтылмайтыны белгілі. Мысалы, «тарих», «тарихи деректер», «қазақ» атауы, «тәуел-сіздік» және басқа ұғымдар 10-11 жастағы оқушылардың көкейіне қонымды түрде жеткізіледі. Сонымен қатар ғылыми негіздегі мәтіннің түсінуге қажетті белгілері ғана ашылады. Бұлар сол ұғымды басқа бір жеке не қарама-қарсы ұғымдармен салыстыру арқылы тарихи құбылыстың анағұрлым нақты, айқын жағын ашып көрсетуге көмектеседі.

Курстың мазмұны бастауыш білім беру сатыларында «Дүниетану», «Ана тілі» пәндерінен алған білімдерін пайдаланып, тарих сабағында оқушылардың білімін одан әрі тереңдете түсуге жағдай жасалған.

«ХХ ғасырдағы Қазақстан» атты төртінші бөлім мен «Тәуелсіз Қазақстан» атты бесінші бөлімді оқытып-үйретуге 9 сағат бөлінген. Бұл бөлімде Кеңес өкіметінің орнауы,қазақтың ұлт зиялылары, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан, мәдениеті мен ғылымының дамуы, Қазақстанның тәуелсіздік алуы, мемлекеттік рәміздері, Қазақстанның жаңа Астанасы туралы мәселелер оқушылардың жасына сай, жеткілікті ғылыми дәрежеде толық әрі терең түсіндірілуі қарастырылған. «Қазақтың ұлт зиялылары» тақырыбын оқыту әдістемесіне қысқаша тоқталайық.



Қазақтың ұлт зиялылары

Сабақтың мақсаты: оқушыларды Алаш қозғалысының өкілдері, қазақ зиялыларының қызметі-мен таныстыру. Зиялы қауымның жазалануы туралы мәселелерді оқушылар жасына сай түсіндіру. Ұлт зиялыларына деген құрметтеушілік сезімін тәрбиелеуге септігін тигізу. Тарихи қайраткерлерге сипаттама беру біліктерін дамыту.

Пайдаланылатын көрнекі құралдар: карта, электронды оқулық, бейнефильмнен «Алаш қозғалысы» атты үзінді.

Өткен материалды қайталау. Оқып-үйренген материалды қайталау оқулықтағы сұрақтар мен тапсырмалар бойынша жүргізіледі.

Жаңа материалды оқып-үйрену жоспары:

1. Қазақтың ұлт зиялылары

2. Ә. Бөкейханұлының өмірі мен қызметі.

3. А. Байтұрсынұлы.

4. М. Дулатұлы.

Жаңа материалды оқып-үйрену мұғалімнің түсіндірмелі әңгімесіне, оқушылардың оқулық мәтінін іріктеп оқуға, «Алаш қозғалысы» бейнефильмінен, электронды оқулықтан үзіндіге және картамен жұмыс жасауға ұштастырылады.



Қосымша материал:

«Әлихан Бөкейханұлы (1866-1937) – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы.

Ә. Бөкейханұлы және қазақ зиялылары халықтың сана-сезімін ояту мақсатындағы саяси ұстанымдары мен жұмыстары үшін тұтқынға алынып, Семей қаласында түрмеге қамалды, кейінірек Самар қаласына жер аударылады.

Әлихан Бөкейханұлы 1916 жылы жер аудару мерзімі аяқталған соң, Самарадан Орынбор қаласына келді. Онда ол қоғамдық және саяси өмірге белсене қатысады. Оның «Дала уәлаяты» газеті, «Айқап» журналы және «Қазақ» газетіне 200-ге жуық мақалалары мен аудармалары жарияланды. Ә. Бөкейханұлы қазақ тарихында тұңғыш саяси ұйым – Алаш партиясын ұйымдастырушы көсемі болды. Қазақ Автономиялық Республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланды.

1926-1927 жылдары Ә. Бөкейханұлы ескі достары – академик А. Ферсман, профессорлар С.  Швецов, В. Бонч-Бруевич, Л. Чермактардың көмегімен Ресей Ғылым академиясына қызметке шақырылып, ғылыми жұмыспен айналысады.[1, 6-б ]

Көп ұзамай большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға ұшыратты. Ә. Бөкейханұлы Мәскеуге жер аударылып, он жыл үй қамауында болды. 1927 жылдың 1 қазанынан бастап ол Мәскеуде ОГПУ органдарының бақылауында болады. Ендігі жерде Мәскеуде одан әрі қызмет ету мүмкін болмағандықтан, Қазақстанға қайта оралады. 1928 жылы Ә. Бөкейханұлы Алматыда ҚазМУ-де студент жастарға сабақ береді. Ол 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынады. Содан кейін жылдың аяғына қарай оған «1921 жылы Орынборда контрреволюциялық ұйым құрды, ортаазиялық пантүрікшіл ұйымның басшысы Валидовпен байланыста болды, 1927 жылы қазақ даласында қарулы көтеріліс даярлау әрекетіне қатысты» деген кінә тағылып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2,4 және 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесіледі.

Дегенмен, қазақ ұлты зиялыларының көсемі Ә. Бөкейханұлы сияқты ірі тұлғаны өлтіруден қорқып, өлім жазасы абақтыда өтеуіне ауыстырылды. Одан зиялы қауымның наразылық білдіруіне байланысты түрмеден босатылды. Ә. Бөкейханұлы 1937 жылдың тамызында қайтадан тұтқындалып, Бутырка абақтысына жөнелтіледі, тергеуге түсті. Бүкіл ғұмырын қазақ халқының еркіндігі мен бостандығы мақсатына жұмсаған. Ә. Бөкейханұлының өмірі мен қызметі жас ұрпаққа үлгі. Ол Ресейдің бірінші мемлекеттік Думасының, Мұсылман халықтары съезінің депутаты. Думаның мұсылмандар фракциясының мүшесі.

«Алаштың Әлиханы» атанған, азаттығымыздың басында тұрған, халқымыздың тарихында өшпес із қалдырған ірі тұлға.

Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1937) – аса ірі әдебиет зерттеушісі, ғұлама түрколог, қазіргі қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, дарынды ақын әрі аудармашы, публицист, қоғам және мемлекет қайраткері.

Ғұлама ұстаз халыққа білім беру ісін қолға алып, жетілдіруді алдына мақсат етіп қойды. Ахмет Байтұрсынұлы араб алфавиті негізінде 29 әріптен тұратын қазақ алфавитін жасап, тезірек хат танудың төте жолын салды. Ғалым «төте оқу» қазақ балаларына жеңіл болатынын дәлелдеді. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының ұлттық жазуын (араб емлесін) қалыптастырды. «Тілашар», «Тіл құралы» атты кітаптарында грамматиканың негізін жасады.

Ахмет Байтұрсынұлын «Қазақтың Чернышевскийі» деп атаған. Ол ұлттық мектеп ашты, қазақ мектептері үшін оқулық жазды, қазақ терминдері мен мақалдарын, аңыздарын жинақтады.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ өнерін, тарихын, тұрмысы мен салт-дәстүрін жан-жақты зерттеді. Өзі ән шығарып, күй тартып, бірқатар қазақ әндерін нотаға түсіру үшін «Қазақтың 1000 әнін» жинаған А. В. Затаевичке көмек көрсетті.

Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы қамауға алынып, атылған. Бүгінгі күні Ұлттық Ғылым академиясының Тіл білімі институтына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген.

Міржақып Дулатұлы (1885-1935) – ақын, публицист, аудармашы, қоғам қайраткері, жазушы, журналист.

Міржақыптың «Оян, қазақ!» атты тұңғыш жыр жинағы 1909 жылы жарық көрді. М. Дулатұлының «Оян, қазақ!» өлеңіндегі:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап,

Хал харам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты, –

деген сөздері халықтың еркіндікке жету ұраны болды. Осы еңбегі үшін қуғынға ұшырап, бір жыл Семей түрмесіне қамалады.

Оның «Бақытсыз Жамал», «Азамат», «Терме», «Қазақтар мен қырғыздардың шығу тарихы» деп аталатын еңбектерінде халық мүддесін, елін, жерін сүю туралы сөз болады. Ф. Шиллер, А. Пушкин, М. Лермонтов өлеңдерін қазақшаға аударды.

1913 жылдан бастап Орынбордан шыға бастаған «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсынұлымен бірге жұмыс істеді, оның мақсаттас серігі болды.

М. Дулатұлы «Алаш» партиясы бағдарламасының авторларының бірі. Қазан төңкерісінен кейін «Алашорда» үкіметі жетекшілерінің бірі, Әскери Кеңесінің мүшесі болды, «Қазақ» газетін басқарды.

1919 жылы ол Кеңес өкіметі жағына шығады. 20–30 жылдар аралығында М. Дулатұлы «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттерінде, «Қызыл Қазақстан» журналында еңбек етіп, аудармашылықпен де айналысты.

Қазақ зиялыларын қуғындау басталғанда Міржақып тұтқындалып, 1930 жылы ату жазасына кесілді, кейін ол жаза 10 жыл түрмеге отырумен ауыстырылды. М. Дулатұлы Соловецк лагерінде 1935 жылы қайтыс болды. Ол тек 1988 жылы қараша айында ақталды.

Алаш қозғалысының қайраткерлері өз халқының теңдігі мен бостандығы үшін аянбай еңбек етті. Олар азаттық жолындағы күрестің көшбасшылары болды».

Оқушылардың Ә. Бөкейханұлы, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы туралы дайындап келген хабарламалары тыңдалады.

Содан кейін оқушылар «Алаш зиялыларының қызметі» деген кестені оқулық мәтіні негізінде өздігінше толтырады.


Кесте 1. - Алаш зиялыларының қызметі


Р/с

Алаш зиялылары

ның мақсаты қан-дай болды?



Алаш зиялылары қандай қоғамдық өмірге белсене ара-ласты?

«Алаш» партиясының өкілдері мақ-саттарына жете алды ма?

1










2










Жұмыс дәптерімен жұмыс жүргізіледі.

Мұғалім сабақты қорытындылай келе төмендегідей тұжырым жасайды. Қазақ халқының қоғам қайраткері, белгілі экономист Ә.Бөкейханов өз еңбек жолын 1903 жылы жарыққа шыққан «Ресей біздің отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдық еңбектің 4-5 тарауларын жазудан бастады. Ол қазақ тілін терең зерттеп, оқулықтар, ғылыми еңбектер жазды. Ә.Бөкейханов «Жағырафия», қазақтың тұңғыш әдіскерлерінің бірі М.Дулатов «Қазақ тарихы», Х.Досмұхамедов «Жаратылыстану», С. Сейфулин мен Ж. Аймауытов «Хрестоматия», т.б. кітаптар мен оқулықтар жазды. Олар жоғары оқу орындарында студенттерге дәріс оқыды.

А. Байтұрсынов қазақ балаларын ана тілінде оқыту ісіне арнап тұңғыш оқулықтар жазды. Олардың қатарында: «Оқу құралы», «Әліпби», «Жаңа әліппе», «Мәдениет тарихы» және «Баяншы» деп ата-латын әдістемелік оқу құралдары жастарды оқытуда, тәрбиелеуде маңызды рөл атқарды. Ғалымның «Оқыту жайынан», «Мектеп керектері» атты мақалаларында: «Бұл күнде қазақша оқуда кемшілік көп. Әуелі, оқу құралы – кітаптар жоқ». «Мұғалімнен соңғы сайлы болуға тиісті нәрсе – оқу құралдары. Оқуға керек қалам, қағаз, қара сия, сауыт, отыруға керек нәрселер – пұлға табылатын заттар. Қазірде пұлға табылмайтын – қазақ мектептерінде қазақ тілінде оқуға керек кітаптар» деп оқулықтың маңыздылығын ерекше атап көрсетті.

Х. Досмұхамедұлы тарихтан білім берудің маңызды міндеттерін: «Ең негізінен бастап әр пәндерден түсінікті қылып жалпы білім беру; бұрынғы өткен халықтармен, олардың мәдениетімен, салтымен таныстыру, бұрынғыдан қалған тамтықтарды қалай іздеу жайында, қалай пайдалану туралы баяндама беру; қай жұртта қандай шаруа бар, қандай заң бар, қандай тұрмыс-тіршілік бар – сонымен таныстыру; жер жүзіндегі елдермен, жерлермен таныстыру; санақ туралы баяндама беру, жер жүзіндегі елдердің туысының, өлімінің, оқуының, сауатсыздығының, түрлі қажетіне жұмсайтын бұйымдарының санағын беру; [1, 7-б ]

...Өз еліміздің өткен-кеткені туралы, басынан кеткен дәуірлері туралы бұрынғы, осы күнгі мекендері туралы қолдан келгенше толық мағлұмат беру, ата-бабаларымыздың істерімен танысып, өткен жаңылыстарына күйініп, жақсылықтарына сүйініп, ғибрат алмақ – адамға сана береді» - деп жазды.



Алаш қозғалысының қайраткерлері халық-ағарту ісінің қайта құрылуын және тәрбиенің мақсаты ұлттық тұрғыда сипат алу мәселелерін жаңа көзқарас тұрғысынан шеше білді. Жазған оқулықтары мен оқу құралдары сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы тәжірибелерге сүйеніп, педагогикалық-дидак-тикалық принциптерді, ұлттық психологиялық жас ерекшеліктерді ескере отырып, қазақ мектебінің даму келешегінің бағыт-бағдарын анықтап беруімен құнды.

Үйге тапсырма: §25. «Қазақтың ұлт зиялылары» әңгімесі және оқулықтағы сұрақтар мен тапсырмаларға дайындалып келу тапсырылады.

1 Қазақстан тарихынан әңгімелер. Әдістемелік құрал. Жалпы білім беретін 11 жылдық мектептің 5-сынып мұғалімдеріне арналған. – Алматы: Алматы кітап баспасы, 2015. – 120 б.

Достарыңызбен бөлісу:


©melimde.com 2017
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет