2019ж. «Этнопедагогика» пәні бойынша ОҚУ Әдістемелік кешені


«Этнос» - шығу тегі бір халықтар; «Этнос»

Loading...


бет4/9
Дата25.03.2020
өлшемі1.48 Mb.
түріСеминар
1   2   3   4   5   6   7   8   9

«Этнос» - шығу тегі бір халықтар;

  • «Этнос» - тілдің бірлігіне негізделген мәдениеттің тууы;

  • «Этнос» - бір-біріне ұқсас адамдар тобы;

  • «Этнос» - сана-сезімдері бір адамдар тобы;

  • «Этнос» - белгілі бір коғамдық формациядағы адамдардың шартты түрде топтасқан тобы;

  • «Этнос» - табиғаттың сыйы, әлеуметтік категория.

    Сонымен, өзіне ғана тән тілі, мәдениеті, тарихы және географиялық аймағы арқылы ерекшеленетін адам топтары «этнос» болып табылады.

    2. Этнос, ұлт және халық.

    «Халық», «ұлт», «этнос» ұғымдарының арақатынасы

    Ру, тайпа, халық, ұлт, этнос – адамдар бірлестігінің формасы. Қазіргі кездегі анықтамаларына тоқталып өтетін болсақ:



    • ұлт- тіл мен территориясының, экономикалық өмірдің, ұлт мәдениеті мен психикалық қалыптың ортақ бірлігіне негізделген адамдардың үлкен тобы

    • халық – территориясы мен тіл бірлігі, ортақ мәдениеті мен экономикалық қатынастары бар үлкен этностық топ. Бір этнонимнің адамдарын екіншісінен айыру үшін, тұрғылықты этносқа жаңасы келіп қосылғанда «ұлттылық» термині қолданады, ертеректе «рулас», «аталас», «жамағайын» ұғымдарымен алмасқан;

    • ру – белгілі бір атадан тараған белгілі бір туыстық байланыстары бар адамдар бірлестігі;

    • тайпа – қандас, туыстас, тіл мен территория бірлігін сақтаған топтар;

    • этнос – белгілі бір территорияда тарихи қалыптасқан, тұрақты ұрпақ жалғасы бар адамдар бірлестігі (Ю.В. Бромлей).

    Жалпы бітістері ғана бар емес, сондай-ақ тұрақты мәдениет және психика ерекшеліктері бар саналары біртұтас және басқалардан өзіндік сана, өзіндік атаулары жағынан өзгешеліктері бар.

    Осы анықтамалардан этностың басты мінездемесі – оның мәдениеті болып табылып отыр.



    Негізгі әдебиеттер: 9, 10, 11,13,15,18,32

    Қосымша әдебиеттер: 1,2, 3,5,24
    4 дәріс тақырыбы Халықтық педагогикадағы жетілген тұлға идеалы.

    Жоспар


    1. «Тұлға», «даралық», «жеке адам» ұғымдарының арақатынасы

    2. Жетілген тұлға сапасының жалпы адамзаттық сипаты және оны тәрбиелеудің жолдары.

    1. «Тұлға», «даралық», «жеке адам» ұғымдарының арақатынасы

    «Жетілген тұлға» ұғымын анықтау мақсатында әлеуметтік ғылымдар саласындағы «тұлға», «даралық», «жеке адам» ұғымдарын зерттеу тарихына сүйенеміз.

    Жеке адам«адамзаттық топтың жеке бір өкілі, биологиялық тірліктің түрі» оның психологиялық үрдісі биологиялық деңгейде өтеді, тіршілік ету әрекеті болмысты дене арқылы сезінумен қабылдау, есту және көрумен шектелген. Оның негізгі қызметі – жалғастырушы ролін орындау және дәстүрді тарату.

    Жеке адамның басқадан айырмашылығын көрсететін белгілердің жиынтығы, сонымен қоса қабылдау негізінде алынған жобаның жиынтығы оның мәнін даралық ретінде анықтайтын ерекшелігін білдіреді. Cодан болар оның психо-физиологиялық қызметі өзінің адамзат популяциясына қатыстылығын, өзі туралы пікірін, табиғат құбылыстары жайлы көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.

    Егер философиялық категория әлеуметтік жүйеге бастапқы екеуінің мазмұнының анықтау қиын болмаса, онда екі негізгі философиялық категориялар тұлға және субъект мазмұнын анықтау әртүрлі пайымдаулары, сан-қырлы ағымы мен бағыты бар тұтас теорияны тудырады.

    Тұлға теориясының даму тарихында оның түсініктік аппаратының талданылуы тұлғаның құрылымы, тұлғаның қозғалмалылығы, тұлғаның іс-әрекеті сияқты түсініктерді ашып көрсетеді.

    Адам тұлғасының көп қырлылығы бәрінен бұрын адамның басқа биологиялық тірліктен негізгі айырмашылығы оның сана-сезімі мен ойлау қабілетінің бар болуымен ерекшеленеді. Санасы мен ойлау қабілеті тұлғаның әлеуметтік бастауын анықтайды. Дәл осы сәт Үлкен Кеңестік Энциклопедия тұлға түсінігін пайымдаудың кілті болып табылады: «Тұлға тек қана сана мен сана-сезімнің қалыптасуынан пайда болады».

    Философиядағы тұлға мәселесі – бұл біріншіден адам әлемде қандай орын алады, және де ол шын мәнісінде ме, бірақ, «... адам кім бола алады, яғни, адам өз өмірінің қожайыны бола ала ма немесе өзін өзі жасап және өз өмірін өзі құра ала ма».

    Педагогика үшін тұлғаның философиялық және әлеуметтік тұжырымдамасының маңызы өте зор, өйткені тұлға маңыздылығын айқындау үшін соңғы шыққан нүктесіне сәйкес өзі соған қатысты және сонда өз қызметі мен ролін орындайтын әлеуметтік жүйе болып табылады.

    Сөз жоқ, тұлғаның философиялық және әлеуметтік тұжырымдамасының маңыздылығы жеке адамның психикалық процесстерін біріктіре байланыстыратын психологиялық тұжырымдаманы ешқашан жоққа шығармайды.

    А. Н. Леонтьев «жеке адам» және «тұлға» ұғымдарына анықтама бере отырып, сол және басқа тұтастықта бейнеленген олардың қиылысу аясын айқындайды. «Жеке адам» үшін оны «генотиптің пайда болуымен», «тұлға» үшін әлеуметтік фактормен анықтаған жағдайда осы тұтастықты талдау негізінде бұл түсініктерді бір-бірінен ажыратып көрсетеді. Осыны негізге ала отырып ол мынадай түсінік береді: «Тұлға адамның қоғамдық-тарихи және генетикалық дамуының соңғы өнімі»

    2. Жетілген тұлға сапасының жалпы адамзаттық сипаты және оны тәрбиелеудің жолдары.

    Көне қазақ ойшылы Жүсіп Баласағұнидің тұлға туралы тәлімінің маңызы өте зор. Оның тұлға туралы тәлімінің маңыздылығы сонда, ол тұлғаның негізгі төрт құрылымдық компонентетрін бөліп көрсетеді:



    • Парасат (сөзбе-сөз сана, ақыл, ойлау қабілеті, даналық). Берілген компонент тұлғаның когнитивтік құбыласын тудыра отырып, оның танымдық, интеллектуалдық іс-әрекетімен сай келеді.

    • Қанағат (сөзбе-сөз қанағаттанарлық, алғыс, өзіңде бар азға да қанағат тұту, бірақ азға қанағат тұтып қалмай өз мақсатыңа жетуің керек, ол үшін біреудің ала жібін аттама). Ол тұлғаның рухани-адамгершілік құбыласын тудыра отырып, оның құндылық- бағыттылық іс-әрекетімен сай келеді.

    • Әділет (сөзбе-сөз әділеттілік, ақиқат: адамның әлеммен, табиғатпен, қоғаммен қарым-қатынасының ең жоғарғы деңгейі). Осы жерде Я. А. Коменскийдің әділеттілікті: біреудікін алма, басқаның затын ұрлама, біреудің көңілін қалдырма. Ол тұлғаның әлеуметтік-нормативтік құбыласын тудыра отырып, оны коммуникативті реттеу іс-әрекетімен сәйкестендіреді.

    • Дәулет (сөзбе-сөз молшылық, жетістік, материалды байлықты білдіреді,әрине бұл жерде бірінші және негізгі байлық психикалық және физиологиялық денсаулықты білдіреді). Бұл құрылымдық компонент тұлғаның психо-физиологиялық құбыласын тудыра отырып, оның эстетикалық, дене және тәжірибелік іс-әрекетімен сай келеді.

    Тұлғаның үйлесімді дамуы осы төрт құрылымдық компоненттің өзара бір-бірімен тепе-теңдігінен көрінеді – «төрт құбыласы бірдей тең» Осы төрт құбыланың біреуі бұзылған жағдайда немесе олардың дамуында тепе-теңдіктің болмауынан тұлға тұтастығының үйлесімділігі болмайды. Көне ойшыл Жүсіп Баласағұни тұлғаның осы қасиеттері ел басшылары мен халық батырларына, әмірлер мен падишахтарға тән болу керек деген. Оның тәлімі қазіргі күнде де өз маңызын жоймайды.

    Субьект – адам тұлғасы дамуының ең жоғарғы сатысы болғандықтан, оған мыналар тән: адам тұлғасының дамуы барысындағы оның әлеуметік және биологиялық табиғатының бірлігі; қайталанбас этноәлеуметтендірілген және психологиялық даралықтар жиынтығы; оның азаматтық позициясын анықтайтын дүниетанымының қалыптасқандығы; мақсатты қою іс-әрекеті мен мақсатты жүзеге асыру үрдісінің қалыптасқандығы; тұлға позициясын мәдениет пен тарих дамуының қайнар көзі ретінде қамтамасыз ететін ойлаудың шығармашылығы;

    Берілген субъект маңыздылығы туралы түсінік тұлға «этноәлеуметтендірілген және психологиялық даралықтар жиынтығы» ретінде деген түсінігімен байланысып, бұл терминнің мазмұнын анықтайды, яғни, этнос субъектісі – жоғары деңгейдегі іс-әрекеті қалыптасқан басқа мәдениетті сыйлайтын, этноәлеуметтік ролді меңгерген өз халқының дамушысы салт-дәстүрлерін өмірге белсенді жеткізуші, өз елінің мәдениеті мен тарихын құрметтейтін адам.

    Этнос субъектісі бұл - өзінің табиғатын және ата-баба тарихын жақсы таныған, ұлттық мәдениетті белсенді қайта құрып, өз этносының әлеуметтік тәжірибесін ана тілін сақтау мен байыту арқылы жас жеткіншекке жеткізуші адам.

    Негізгі әдебиеттер:1, 2, 3, 4, 6, 9, 10, 11.

    Қосымша әдебиеттер: 1, 2, 3, 5, 14.
    5 дәріс тақырыбы. Халықтық тәрбие құралдары және оның факторлары.

    Жоспар


    1. Этникалық тәрбиенің құралдары: дәстүрлер мен салттар, әдет-ғұрыптар, салт-жоралғылар

    2. Қазақ халқының ауызекі шығармашылығы: ертегілер мен жаңылтпаштар, бесік жыры, тұсау кесу жыры, батырлары жырлары, аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, санамақтар, айтыс өнері мен шешендік өнер, бата –тілек білдіру, ырым-тыйым сөздер, термелер

    3. Ұлттық ойындар, ұлттық спорттық ойындар мен жарыстар.

    1. Этникалық тәрбиенің құралдары: дәстүрлер мен салттар, әдет-ғұрыптар, салт-жоралғылар

    Тарихқа көз жүгіртсек, бала тағдырын – ұлт тағдыры деп қарап, келешек ұрпағының тексіз, түпсіз өсуіне жол бермеген, жетімдерін жылатпаған, жесірлерін жерге қаратпаған елдік дәстүрлер болған. Осыған орай, бүгінгі күннің жаңару бағыты бала тәрбиесінің арқауына ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді халықтың рухани игілігін пайдалану басты назарда болуы көзделініп отыр.

    Қазақ халық тәрбиесінде болмысқа мәдени танымдық көзқарасты, мәдени қарым-қатынасты қалыптастыру, жастар мен балаларды рухани-адамгершілік құндылық мәдениетіне тарту құралдары сан алуан. Халықтың ауызекі шығармашылығының түрлі жанрлары да (ертегілер, эпостық жырлар, мақал-мәтелдер, аңыз-әңгімелер, дастандар, жаңылтпаштар және т.б.), ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптары да, сәндік-қолданбалы өнері мен музыкалық өнері де, ұлттық ойындары да соның жарқын айғағы болып табылады.

    Халық педагогикасы мұраларының бірі – дәстүр. Дәстүр – бір ұрпақтан екінші ұрпаққа аусып отыратын қоғам өмірінің дамуына сәйкес өзгеріп, кейбіреулері жаңа мазмұн алып, әрмен қарай дамитын халықтың қоғамдық-тарихи өмірінде қалыптасқан құбылыс. Халық дәстүрінің танымдық-тәрбиелік мәні – ұлан-ғайыр дүние. Ол тұтастай алғанда жас ұрпақ үшін ғана, адам өмірінің рухани-адамгершілік қуатының қайнары. Оның ішінде тікелей бала тәрбиесіне бағытталған, баланың жан дүниесіне қалыптасуына, рухани марқаюына негіз болатын мүмкіндіктер көп-ақ. Ол – халықтың кәсібімен, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен, тілімен, тарихымен, адами ізгілік қасиет-сапаларымен сабақтасып, біте қайнасып, тарихи кезеңдер ерекшелігіне, қоғам тану сатыларына қарай жетіліп, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын қастерлі мұра. Қазақ халқының дәстүрлерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқаны оның өміршеңдігінде, тәлім-тәрбие ісінде кең таралғандығында. Адамның туған күнінен бастап барлық өмір жолын қамтитын әртүрлі рәсім, дәстүрлер бар. Ендігі мақсат – ата-баба дәстүрінің озығын жаңарту, оны жеке тұлғаны қалыптастыруда басты рөлге айналдыру, қазақтың ата салтын, қағидасын қазіргі өмір тынысына сай пайдалану, жаңарту басты мәселе. Дәстүр дегеніміз - әдет-ғұрыптың өмірдегі өсіп жетілген әр түрлі формасы.

    Қай халықтың болса да ұлттық үдерісі, ұлттық қасиеті, өзіндік әуені, тағылымды дәстүрі мәртебесін биікке көтеріп тастайтыны сөзсіз. Киелі, керемет дәстүрлері арқылы ғана әрбір ұлт өзінің ұлттық бояуы мен өзінің болашақ ұрпағының төл келбетін қалыптастырады. Салт – адам өмірінің күнделікті тіршілігінде (отбасынан бастап, қоғамдық өмірдегі қатынаста) жиі қолданылатын мінез-құлық, қарым-қатынас ережелері мен жол-жора, рәсім заңдар жиынтығы. Ол жеке тұлға өмірінде еңбек, іс-әрекет, адамгершілік, құқық, дін ережелерімен байланысты көрініс береді де біртіндеп ауыл-аймақ, ру, тайпаға ортақ рәсімге айналады. Игі әдеттердің өмір қолданысына айналуын әдет-ғұрып деп атаймыз. Ал, оның біржолата өмір заңдылығына айналуы салт-дәстүр деп аталады. Ұлттық рухымыздағы дәстүр тәрбиеленушілердің тұлғасын қалыптастыруда тиімді деп есептелінеді.

    Дәстүр – қоғамдық сананың барлық салаларымен байланыста дамыған, топтасқан қауымның қалыптасқан бірыңғай көзқарасын, әдет-заңын марапаттайтын рәсім. Дәстүрге ғасырлар бойы қалыптасып сұрыпталған әдет-ғұрыптар, жол-жоралар, көзқарас-түсініктер жатады. Ал жол-жоралғылар - әдет-ғұрыптың бөлшектері, сонан келіп салт пен дәстүр тоғысып, туындайды.



    Салт-дәстүрлер – ұлттың ұлт болып қалыптасуымен бірге туып, бірге дамып келе жатқан тарихи және көне процесс. Ол ұрпақ тәрбиесінен, мәдени тұрмысы мен шаруашылық тіршілігінен көрініс бере отырып, адамның дүниеге келуімен бірге өрбіп, о дүниеге аттаныпкеткенше құндақтайтын, тербететін алтын бесігі іспеттес. Ұлттық салт-дәстүрлер негізгі сипатына қарай ерекшеленеді: а) ұрпақтан ұрпаққа жалғасады; ә) өмірдің заңды ырғақты құбылыстарымен: уакыт, тарих көшіне сай қалыптасады; б) ұжымдык, символдық іс-қимыл, қоғамдық қарым-қатынастың құралы.

    Философия ғылымдарының докторы, профессор Н. Сәрсенбаев өзінің «Әдет-ғұрып, дәстүр және қоғамдық өмір» атты еңбегінде әдет ғұрып пен дәстүрдің қоғамдық өмірден алатын орнына, атқаратын қызметіне философиялық тұрғыдан талдау жасап: «Дәстүрге әдет-ғұрыптың өткен қоғамнан қалған озық түрлері мен тұрмыстық формалары, ырым-жоралары, рәсімдер жиынтығы кіреді», - дейді.

    Балалардың жас ерекшелігіне сай тұлғасын қалыптастыруда халықтың құнды мұраларының (ертегілер, жырлар, аңыздар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, санамақтар, мазақтамалар, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, этнографиялық, мәдени-тұрмыстық, ұлттық салттар мен дәстүрлері, рәсімдер, әдет-ғұрыптар, халықтық ойындар мен мерекелер, әлеуметтік тағылымдар мен тәжірбиелер, үлгі-өнегелер т.б.) педагогикалық іштей ашылмаған баға жетпес мүмкіндіктері бар.

    2. Қазақ халқының ауызекі шығармашылығы: ертегілер мен жаңылтпаштар, бесік жыры, тұсау кесу жыры, батырлары жырлары, аңыз әңгімелер, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, санамақтар, айтыс өнері мен шешендік өнер, бата –тілек білдіру, ырым-тыйым сөздер, термелер

    Халық ауыз әдебиеті үлгілері балалардың ақыл-ойын кеңейтеді, тілін ширатады, жеке тұлғалық адами ізгілік қасиеттері мен талғамын күшейтеді, ата-баба мұрасын құрметтеуге тәрбиелейді. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлiм-тәрбиенiң белгiлi жүйесiн жас буын жадына бiртiндеп сiңiрiп отыратын арнаулы жолдар, тиiмдi тәсiлдер болған. Сондықтан қазақ халқының ауызекі шығармашылығы - тәлiмдiк-тәрбиелiк ой пiкiрдiң бастауы, халықтың рухани мұрасы. Олардың қайсысының болсын педагогикалық мүмкіндіктері жоғары, өзіне тән мазмұны, ерекшеліктері бар танымдық, тәлімдік мәні зор, ұлан–ғайыр дүние.

    Осы жайлы Ш.Уәлиханов: «халықтың ақыл-ойын және қалың бұқараның сана-сезімі, өмірі мен алға басуы кезінде туған бұл шығармалар (қазақтың аңыз әңгімелері, ертегілері, мақал-мәтелдері, батырлар жыры) ауызша айтылу түрінде бірден-бірге, содан бүкіл халыққа жайылды. Онда халықтың мәдени рухы, көзқарасы, әдеті, мінез-құлқы, тұрмыс-тіршілігі суреттелген. Сондықтан бұл жырлардың әдебиеттік жағынан болсын, тарихи жағынан болсын маңызы зор» – деп ой түйіндеген.

    Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің ішінде ертегілер баланы қызықтырады, қиялын дамытады, сөзді тыңдай білуге үйретеді, оның адами ізгілік қасиеттерін тәрбиелейді, тілін ширатып, жан дүниесін, мінез-құлқын қалыптастырады, жеке тұлға ретінде қалыптасуға, жеке даралық дарын нышандарын дамытып, жетілдіреді. Қазақ ертегілері сан алуан, оларды: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер, батырлық ертегілер, күлдіргі, от басындағы ертегілер деп бірнеше топқа бөлуге болады. Ертегілер баланың қиялын шарықтатып, баланың болашағын елестетіп, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейді.

    Халық баланың тілін ширату үшін оған сөз үйретіп, дүниетанымын дамыту мақсатында жаңылтпаштар ойлап шығарған. Балбөбектің тілі шығып балдырған жасында сөздік қоры молайа басталған кезде кейбір дыбыстарды айта алмай немесе қинала айтады. Тілін мүкістендірмей, мүдірмей сөйлеу үшін, қиналып айтатын дыбыстары бар сөздерді бала неғұрлым жиі-жиі дыбыстап айтып, жаңылмай жаттықса, сөйлегенде мүдірмей, өз ойын толық жеткізетін болады. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ой-қиялы дамиды, тәлім алады.

    Жаңылтпаштар тек жас балалардың тілін ширату үшін ғана қолданылмайды, сонымени қатар жаңылтпаш айтысып, тіл ұстартуды үлкендерде салтқа айналдырағн болатын.

    Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің ішіндегі бесік жыры, тұсау кесу жыры - жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастырудың қуатты құралдары. Соның ішінде, тұрмыс-салт әуендерімен айтылатын бесік жырының мәні зор. Ал, батырлар жырлары жақсылық пен жамандықты, мейірімділік пен зұлымдықты көз алдына елестетіп, ой-өрісін дамытады, шығармадағы қызықты оқиғалар, отты сөздер, өнегелі іс-әрекеттер балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді жаман мінез-құлықтан жиренуге, жақсылыққа жетелейді. Батырлар жыры жас ұрпақты ерлікке, халықты сүюге, сүйіспеншілікке, достыққа тәрбиелейді, тұлғаның ұлттық мақтаныш сезімін тудырады. Аңыз әңгімелер жеке тұлғаны шыншылдыққа, бауырмалдыққа, елін сүйіп, еңбек етуге, зұлымдықпен күресе білуге үйретеді,келер ұрпақтың наным-сенімін, арман-қиялын арттырады. Онда көбінесе өмірде болған нақты оқиғалар алынады да, оған қызық-ғажайып сюжеттер қосылып, тыңдаушыны баурап алатындай әңгіме жүйесі ерекше әсерлі құралады.

    Қазақ халқы – сөз қадірін біліп, қасиетті сөзді қадірлеп, аузынан тастамай, өнеге ретінде данышпандығын өлең өрнектерімен көмкеріп келе жатқан халық. Сөз зергерлерінің аузынан шыққан мақал-мәтелдерді үлгі етіп, жеке тұлғаны тәрбиелеуде пайдалану дәстүрге айналған. Осы сарқылмас қазына ауыз әдебиеті үлгілерінің тағы бір түрі – мақал-мәтелдердің бала тұлғасын қалыптастыруда алатын орны ерекше. Осыған орай, тәрбиенің халықтық дәстүрмен тығыз байланысын тұңғыш қарастырушы К.Д.Ушинский «…балалар тәрбиесі саласындағы мақал-мәтелдер, сондай-ақ басқа да қанатты нақыл сөздер – сөздің інжу-маржандары, онда халықтың даналығы, байқампаздығы, оның бала тәрбиесіндегі үлкен өмірлік тәжірибесі, еңбекке деген көзқарасы, үміті мен арманы, мүддесі қалыптасып сақталған» - деп, тәрбиенің халықтық сипатына еңбектің тәрбиелік және психологиялық мәселелеріне көңіл бөле отырып, тәрбие көзі халықта деп тұжырымдаған. Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің ішінде баланың жеке тұлғасын қалыптастыруға жұмбақтың тәрбиелік мәні зор. Жұмбақ баланың ойын, қиялын шарықтатып, қисындық пайымдау қабілетін дамытады, оны тапқырлыққа баулиды. Оны Аристотель «...жан-жақты жымдасқан метафора» деп бекер айтпаған, себебі бала затты бейнелеп, баламалап сипаттау арқылы көлеміне зер салуға, танымдық ұғымдар мен түсініктерді ой-қиял елегінен өткізіп, тұжырым жасап, шешімге келуге дағдыланады. Жұмбақ туралы А.Байтұрсынов былай дейді: «Жұмбақ» деген аты жұмудан шыққан: яғни қолдың ішіне бір нәрсені жасырып, жұмып тығып, соны тап дегеннен шыққан. Жұмбақ нәрсені қолға тығып тұрып таптырмайды, ойда бүгіп, айтпай қойып, сол нәрсеге ұқсас нәрселерді сипаттап айтып, ұқсастығы бойынша таптырады. Жұмбақ зейінді ұстап тұруға пайдасы бар нәрсе. Жұмбақтың негізі тәріздеу, яғни нәрсенің сипатын тәріздеп айту». Жұмбақтың тақырыбы мен мазмұны өте ауқымды. Бұл жөнінде М.Ғабдуллин: «...жаратылыс дүниесі, табиғат жайы, еңбек құралдары, хайуанаттар мен өсімдіктер және оның өмірі, білім, техника т.б. жұмбақтардың басты тақырыбы», - деп мазмұнына қарай жұмбақтарды әр салалы тақырыптарға бөледі. Жұмбақ – ауыз әдебиетінде ертеден қалыптасқан, өзіндік ерекшелігі бар жанрдың бір түрі. Ол тәрбиеленушінің ойлау қабілетін, қиялын дамытып, тапқырлық қасиетін жетілдіреді.

    Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тағы бір түрі – санамақтар. Санамақтарды халық негізінен жас балаға сан үйрету үшін шығарған.

    Тәрбиеленушілердің тұлғасын қалыптастырып, тәрбиелеуде қазақ халқының айтыс өнерінің орны ерекше. «Айтыс» – қазақтың төл сөзі. Айтыс шешендік сөзбен де, өзара күй тартысу арқылы да, кезектесіп айтылған суырып салма өлең мен де болуы мүмкін. Мұның қай түрін алып қарасақ та, сезімтал тапқырлықпен, қиыннан қиыстыратын шеберлікпен қатар, халқымыздың ой-арманы, ар-намысын қастерлеген ақыл-өсиеті мен бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрі қамтылады. Айтыста жеке тұлғаға үлгі-өнеге болатын әсемдікті нақышына келтіріп бейнелейтін теңеулер, ұшқыр ойлар, шешендік нақыл сөздер жиі айтылады. Демек, осындай айтысты тыңдап, балалар айтысына қатысып өскен балалар адами ізгілік және (ар-ұят, сыпайылық, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, еңбекті қадірлеу, рақымды, ізетті, инабатты болу, Отанын, халқын сүю, құрдастарын, достарын құрметтеу т.б.) жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына, дүниетанымы мен мінез-құлық дағдыларын дұрыс қалыптастыруға, мәдениетінің дамуына, өз халқының ән-күйіне деген сүйіспеншілігін арттырады, эстетикалық талғамын, жан сезімін жетілдіре отырып жеке тұлға болып қалыптасуына ықпалын тигізеді.

    Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің ішінде шешендік сөздерді баланың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға пайдаланудың маңызы зор. Себебі, шешендік сөздер – ел құралып, халық қалыптаса бастағаннан бері халықтың өнеге тұтып, өмір тәжірбиесіне пайдаланып келе жатқан, билер мен хандардың, ақындар мен шешендердің ел ағасы болған данышпандардың жастайынан жалындап өскен өткір ойшылдарың аузынан шыққан дуалы, өнегелі, қисынды, қасиетті сөздер.

    Отбасында ата-ана бала тәрбиесіне үлгі етіп шешендік сөздермен мысал келтіріп, баланы әңгімеге тартып, ойын оятып отыруға міндетті, шешендік сөздерді таңдап отбасында оқуды әдетке айналдырып, әдеттен дағды, дағдыдан дәстүрді қалыптастыру ләзім.

    Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрінің бірі – бата-тілек білдіру. Мәселен «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ер көгереді», «Көп тілеуі – көл» деген ой-пікірді уағыздап, кейінгі ұрпағына ықылас білдірген, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Батаның тәрбиелік мәні туралы С.Кенжеахметов былай деген: «Бақ берсін, бас берсін, Өміріңе ұзақ жас берсін» – деген сөз адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Ендеше бата да сол ұлы қасиеттерге бастаушы, әрі тудырушы рухани мұра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, тақпақпен, шешендік тілмен, әсермен қол жайып айтылады. Батаны құрметті, елге өте сыйлы адамдар береді. Үлкен кісілер немесе кез келген адам біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қызметі үшін де бата береді. Батаның тәрбиелік мәні зор». Демек, бата-тілек жеке тұлғаға жақсылық ойлау, ізгі ниетін білдіру. Мәселен, дастарханға бата беру, ас қайыру, жеке адамға бата беру сияқты бата-тілектерді балаларға үйрету оларды бірлікке, ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелейді.

    Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, оның тәрбиесіне ықпал ететін салт-дәстүрдің тағы бір түрі – ырым-тыйым сөздер. Ырым-тыйым сөздер жеке тұлғаны жамандықтан сақтандырып, жақсылыққа жетелейді. Мәселен, «Ерніңді шығарма», «Бетіңді баспа», «Бас киімді теппе», «Үлкен кісімен сөйлескенде қолыңды қалтаға салма» - деген сияқты тыйым сөздерді балалардың тәрбиесіне жиі қолданып, үйрету олардың бойында адами ізгілік қасиеттер мен жақсы мінез-құлық дағдылардың қалыптасуына әсер етеді.

    Қазақтың халық педагогикасында ақыл ой-тәрбиесі термелер арқылы да іске асырылады.

    Жырдың үлгі өнеге, өсиет, насихат ретінде айтылатын түрі – терме деп аталынады. термеде жырау өмір тәжірибесінен алынған философиялық ой-шешімдерін айтады: адамгершілік қарым-қатынасты, өмірдің философиялық мәнін түсінуді адамгершілік пен әділетті, әсемдік пен әуезділікті уағыздайды. Терме жыраудың, жыршының өз әуенімен (сарынымен), мақалымен айтылады. Терме айтушы оның әуенін көбінесе домбыраға, гармонға қосып айтады.

    Термеші адамгершілік пен зұлымдылықты, әділеттілік пен әділетсіздікті, жаман мінез бен жақсы мінезді салыстыра жырлап, тыңдаушыны адамгершілікке, достыққа, бірлікке, еңбекке, өнерпаздыққа тәрбиелейді.

    Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына, оның тәрбиесіне ықпал ететін салт-дәстүрдің тағы бір түрі – ырым-тыйым сөздер. Ырым-тыйым сөздер жеке тұлғаны жамандықтан сақтандырып, жақсылыққа жетелейді. Мәселен, «Ерніңді шығарма»,«Нанды теппе», «Құстың ұясын бұзба», «Көкті жұлма», «Табалдырықта тұрма»; «Босаға керме»; «Беліңді таянба»; «Бетіңді баспа» «Бетіңді баспа», «Бас киімді теппе», «Үлкен кісімен сөйлескенде қолыңды қалтаға салма» - деген сияқты тыйым сөздерді бала тәрбиесіне жиі қолданып, үйрету олардың бойында адами ізгілік қасиеттер мен жақсы мінез-құлық дағдылардың қалыптасуына әсер етеді.




    Достарыңызбен бөлісу:
  • 1   2   3   4   5   6   7   8   9
    Loading...


    ©melimde.com 2019
    әкімшілігінің қараңыз

        Басты бет

    Loading...